I
Еңсеп ол күні бұл зымыранға енді қайтып түспейтінін білген жоқ. Шай ішіп шықты да ыстық қайта, құдықтың басына келді. Серіктері шайланып болғанша айналада шашырап жатқан шеген тастарды көрді. Ернек шың бұл арадан үш қонып төртінші түнемелікке әзер жететін жерде. Одан беріде тас баласы табылмайды. Жылмиған қара сұр жазық.
Байсал бай жайлауға көшкенде қиялама ат жолдан шығады. Ернек асқан соң, екі түнемелікте суат бар да, үшінші түнемелік, құламаның құла түзі, малды да, көшті де әбден болдыртып тастайды. Нағыз қоңыр бұйра кең өріс суат жоқтықтан қысырап жатыр. Өткен жазда қырқым өте Байсал бай Еңсепке құдық қазып бер деп қолқа салған-ды.
Ол шыңырауды дәл осы арадан, ала қырдың үстінде оқшау қылауытқан тастақ жүлгенің терістігінен қазатын болды. Бір-екі ақсақал тастақ жыраның құбыла бет құйрығын қолай көріп еді, оған Еңсеп өзі ыңғай берген жоқ. Сонша қыңыр тартуында бір мән бар. Бірақ оны әзір жан баласына тісінен шығармақшы емес. Шет жағасын ертең Байсал байға шыңырау біткен той үстінде айтпақ.
Шеген тастардың бірсыпырасы түсіпті. Әрқайсысы алып тоқаш сияқты; қалыңдығы қарыс жарым да, биіктігі кез жарым. Бұндай тасты сонау үш күндік жердегі құлама ернектен тасып әкелудің өзі күш. Ол үшін белді-белді нарды кәтептеп, ауыттап қомдайды да, екі жағына бір-бір шеген тас сыйып кететін екі үлкен кебеже теңдейді. Оған нардың нары ғана шыдайды, анада зауза айында, жабағы жүнді ернектің астында қырыққан Байсал бай Жем бойына көшіп өткен-ді. Жол жөнекей бұның қосының қасына бір күн қонды. Сонда Еңсеп Байсал байдың келе-келе түйелерін аралап жүріп, тас тасытуға осы шыдайды-ау деген он бес нарды өзі таңдап алып қалып еді. Қазір соны жеті-жетіден кезек аттандырып тұр.
Жылмиған үстірт айнала ақ шың ернекке тіреліп таусылады. Сол ернектің бір ұшпа аңғарында інісі Теңсел тас кесіп жатыр. Таудан арамен кесіліп алынған сандық тастар ернектің үстіне шығарылады. Кескенге жұмсақ болғанымен, жел мен суға берік сар кемік тастың ортасын ойып, шыр айнала қырнап, тоқаштан аударып алғысыз тығырық кейіпке келтіреді. Ернектен алыстаған сайын жердің топырағы қалыңдап, астындағы көл-көсір таудың көк тас қабаты тереңдей түседі. Осы жолы бұл көк тасқа он кісі бойы жер қазып зорға жетті. Мұнша жерді шегендеу үшін қыруар тас керек. Сегіз нарды енді бір мәртебе жіберіп алса, жетіп қалар түрі бар.
Еңсеп тастарды көріп шыққан соң, құдықтың түбінен алынған көк қиыршықтың үстіне құйрығын басып жүрелеп отырды. Мойнына күміс шынжырлап тағып қойған ақ мүйіз шақшасын алып, бас бармағының басына насыбай үйді. Сосын екі танауына кезек-кезек тосып еді, ащы көк бұйра кеңсірігін дуылдатып, таңқ-таңқ түшкіріп жіберді. Күшті насыбайдан көзіне ыршып шыққан жасты жалаңаш білегімен сүйкеп тастады да, астындағы көк қиыршақтың бір уысын көсіп алып, алақанына жазып қарады. Құдық түбінен бұдан бір шай ішім бұрын шыққан, көк қиыршақ тас мынандай шыжып тұрған талма түсте түгел кеуіп үлгермепті, әлі дымқыл. Су я бүгін, я ертең түске дейін шығып қалар түрі бар. Жалаңаш иығын күн шағып барады. Құдықтан екі аттам жердегі киіз үйден гу-гу дыбыс шығады. Жігіттердің шамалыда шайланып шыға қоятын түрлері көрінбейді. «Ау, болсаңдаршы», - деп айқайлап қойды.
Шай ішіп бусанып шыққан жігіттер қасына кеп насыбай атысты. Соңыра салқын түсе, ел қыстауға қайтып келе жатқанда, Байсал бай құдық байғазы тойын қай жерде өткізетінін айтып таласты. Атақты байдың тойында жүлдеге түсетін жүйріктер мен палуандарды санасты. Байсал байдың бәйгеге не тігетініне сырттай тон пішті. Үстірттің үстіндегі ең терең, ең өрісі мол шыңырау осы болмақ. Шығыр тартқанда қара атан қазірдің өзінде екі жүз қадамнан асып қайтып жүр. Кешеден бері құдықтан шыққан топырақтың қиыршығы азайып, жентек-жентек саз ұшыраса бастады. Суының тұщы болуы да ғажап емес. Енді Еңсеп сол туырлық сазды түгел ойып біткенде, ар жағынан балдай тәтті тұщы су тесіп шықса, Байсал бай ханға сәлем берер ме. Аман болса, бүкіл ала қырдың үстіндегі жалпақ ел бұл шыңырауға көзін сүзіп өтеді. Байсал бай дәулетін осы жолы төкпегенде қайда төгеді. Айдыны асқан жерде аямай сілтеп қалатын шығар!
Еңсеп жігіттердің кеу-кеу әңгімесіне араласқан жоқ. Балағын түріп, тізесінің үстіне шығыршықтап түйіп алды. Сосын құдықшыларға тігілген екі үйге қарады. Қырдағы кәсіпқордың қанша мал тапса да, үзігі бозармайтын құрым шатпасы. Азын-аулақ тұяқ пен бала-шаға ауыз судың басында. Оларды көрмегеніне де біраз болып барады. Бір жылдан бері осы бір қызыл төмпектің маңынан шықпады. Тек сонау суық көктемде, мал төлдеп жатқанда, азғантай шаруасының күйін өз көзімен бір көріп шыққалы қатын-баласына барып қайтқан.
Мынау екі үйде өңшең еркек. Ас пісіріп беретін, үйге ие болатын екі бала жігіт бұлар құдық қазып жатқанда ауыз суға кетеді. Қазір күн ауа екі атанды қомдап, метейлерді теңдеп, таңдайларына қойдың көкше құртын басып, күн өтіп кетпесін деп, бастарына шекпен бүркеніп жолға шығады да, күн ыси қайтып оралады. Осындай көші-қонды күйкі тірлікте жүретін құдықшы ауылда не сән, не салтанат болсын.
Ала қырдан су іздеп, құдық қазуды ата кәсіп қылып алатын Қараш әулеті бесіктен белі шықпай жатып еститіні мазақ: «Қараш, тіккені күрке, асқаны бақыраш, иті үрегеш, қызы күлегеш, ақ боз үйге кіре алмас, шоңқайма етік кие алмас, шөккен түйеге міне алмас!..»
Қараш пақырға әйтеуір тамақ іше алмас демегендеріне де шүкірлік. Бірақ Байсал байдың ернекте жайлайтын ерке інісі. Өтеске: «Күн ысып кетті, сауынға бір-екі түйе берсін», - деп кісі жіберсе: «Қараштың қарнына қара көжеден басқа ас тұрушы ма еді», - деп келеке қып қайтарыпты.
Әдетте, етікші мен ұстаның байқатпай шаптан тістейтін шақпа тілі болады. Құдықшыда о да жоқ. Болғанда да жеті қат жердің астындағы оның сөзін кім естиді?
Еңсеп шырт түкіріп қойды. Оның әлденеге томсырайып отырғанын көрген жігіттер кеу-кеу әңгімеден тыйылып, тоқырасып қалыпты. Ол орнынан тұрды. Сосын анадай жерде шөгерулі жатқан шығыр тартып жүрген қара атанды меңзеді.
- Ана бейшара да шөп үзсін, тұсап жібере тұрыңдаршы!
Жігіттердің біреуі қара атанның шығыр арқанын шешіп, тұрғызып, тұсап қоя берді. Еңсеп беліне қыл арқан байлап құдыққа беттеді. Төрт-бес жігіт қатарласып, қыл арқаннан ұстады.
Құдықтың ішіне үңілсең, басың айналады - саңылауы жоқ қара түнек. Еңсеп ыссыдан өңін жоғалтып алған күлгін аспанға қарады; сосын құдықтың ішіне аяғын салбыратып сыз қабырғадан тесіп жасаған теппеге башпайын тіреді. Манадан бері күн қыздырып тастаған бақайы мұздап қоя берді. Кеңірдегін созып қарап еді, құдықтан шыққан сұрғылт төмпешіктердің ар жағында екі құрым күрке қарауытты. Арқаннан ұстап, құдыққа төніп-төніп тұрған жігіттердің әбден күнге шыжғырылған қап-қара сирақтарын көрді.
Жаңа ғана айнала сағым шалып жатқан көл-көсір көкжиек енді қара сирақтардың ара-арасынан қылт-қылт жылтырайды. Қыл арқаннан шірене тартып тағы бір теппе төмен түсті. Жігіттердің қайыс қара жүзінде моншақтап тер шығыпты. Бәрі де түу сонау зымыранға түсіп бара жатқан бұған телміре қарайды. Шалқар дария кең аспан шара табақтай боп құдықтың аузына төңкеріле қалды. Сыз құдықтың салқын лебі енді шындап сезілді. Тершіп тұрған жауырыны оқыс мұздап, тұла бойы түршігіп кеткендей болды. Тағы да төмендей берді. Құдықтың ішіне кесе-көлденең түскен күн сәулесі түу сонау төбеде. Маңайының бәрі бозғыл, бұлыңғыр тартты. Жарықтың бәрі жоғарыға серпіліп, дәл құдықтың аузына мұнардай ұйысып тұрып алыпты.
Сыз лебі манағыдай емес, күшейе түсті. Төмендеген сайын бақайы қарылып, қатырып барады. Әдетте, жоғары шыққанда бір теппе биіктеген сайын көңілің өсіп сала береді.
Көзін құдықта ашса да, жер астына әр түскен сайын бір жас қартайғандай болады. Аяғының астында, сонау көзге түртсе көрінбес қара түнекте, ол өмірі көрмеген бір дүлей аранын ашып, тісін сақ-сақ қайрап тұрғандай ту сыртына мұздай тер шығады. Қашан аяғы жерге тірелгенше төменге бір қарамайды, көзі көкте болып, жаңа ғана артында қалған жарық әлемнің сонау бір алақандай жұрнағына телмірумен болады. О да барған сайын кішірейе түседі. Құдықтың аузындағы жігіттер шыңыраудың түбіне бір тал шаштай боп, сымша тартылып созыла түскен жіп-жіңішке қыл арқанның ұшына жармасып тырбаң-тырбаң етеді.
Топырақ таусылып көк тасқа жетті. Төңірегіндегі жаңағы бір қара көлеңке бұлыңғыр жарық та сарқылды. Қара да емес, қоңыр да емес, жым-жылас тас түнек. Бұл сырттан түскендіктен, әлі көз үйренбегендіктен. Әйтпесе қазір-ақ айналасын айқын көре алмағанмен түксиген тас қабырғаларды еміс-еміс ажыратуға болады. Құдықтың ауыз жағы қылдырықтанып жіңішкере түсті. Ауыздағы адамдардың жобасы жоғалып, әлдеқандай қара ноқаттар қылауытады. Екі жүз қадам жердің асты...
Күнде-күнде шығып-түсіп, теппелер әбден жатталып қалған. Осы тұс-ау деп аяғын тіреген жері теппе боп шығады. Ишекке-ай... Табанынан өткен суық шекесін тесіп барады. Қыс болса, сыртта қара өкпек соғып, қар суырып тұрғанда мына шұңқырдың ішінде буы бұрқырап, денесі жайылып отырар еді.
Қазір сыртта шыжыған шілде тамыз. Мынау көрдің іші үскіріп тұрған ақ боран.
Шиыршық атқан қыл арқан емшек тұсына, екі бұғанасына қыз-қыз батып күйдіріп барады.
...Міне, жетті-ау ақыры!
Еңсеп көзін тарс жұмып ұзақ тұрып қалды. Біраздан соң қайта ашты. Жан-жағынан түксиген қара сұр қабырғалар қарауытады. Жалма-жан беліндегі арқанды шешті. Сосын арқанды қағып жоғарыдағыларға белгі берді. Қыл арқан қайтадан көкке көтерілді. Шелтеңдеген ұшы көкірек тұсынан сипап өтіп еді, тікендей тиді. Әлгінде ғана екі жүз құлаштан астам түксиген сұр қара тас, мелшиген меңіреу қара жердің астындағы оны еріктерімен, жер үстіндегі жарқыраған тірлікпен, мұп-мұздай сұп-сұр қабырғаларды шыжыған шаңқай түстегі күннің оттай ыстық нұрымен байланыстырып тұрған қыл арқан енді жеті қабат жердің астына жаңғыз тастап, өзі сонау иненің жасуындай сығырайма тесікке, жарық дүниеге қарай жаныға өрмелеп барады.
Кенет көз ұшында сығырая жылтыраған жаңғыз саңылау да бітеліп қалды. Алыстан болса да атой беріп, емексітіп тұрған жарық дүние жым-жылас ғайып болды.
Еңсеп жан-жағынан анталап тұрған сыз қабырғаларды бәрібір көріп отыр. Қатпар-қатпарға тығылған үрейлі көлеңкелер қазір тұтаса ұйысып, меңіреу қараңғыға айналыпты. Табанын қарыған суық шекесінен өтіп барады. Башпайларының да быртиып-быртиып ісіп кеткен түрі бар.
Көп ұзамай ту жоғарыдағы ұйлыққан тұтас қою түнек қайта жыртылды. Қол басындай қап-қара бірдеңе төмен зулап келеді. Жарқ ете қалған жабағы нұр шашырай сынып, зулап келе жатқан жұдырықтай қараның жан-жағынан жапатармағай шарпып жатыр. Бұл - құдықтың ауыз жағындағы жарық. Ол мына тұңғиыққа жете алмай орта жолда өлеусіреп жоғалады.
Еңсеп құдықтың аузын қара көлеңке көмген сайын қорқып қалады: ол қазынды топырақты сыртқа шығаратын емен күбішелек пе, әлде сырттан домалап кеткен кесек пе, жоқ жер астында зарығып жалғыз отырған құдықшының онсыз да ойнақшумен болатын үркек жүрегін тас төбесіне шығаратын тағы бір көлденең кесепат па, қашан қасына жетіп, қолымен ұстағанша сенбей, көктен көзін алмайды.
Сөйтсе, әлгі қараңдап түсіп келе жатқан сыртқа топырақ шығаратын, қос құлақты емен күбі болып шықты. Ішіне мұның жылы көкірекшесін, құлынның жарғағынан қонышы қара санына жеткізіп тігілген саптама етігін салыпты. Құдықтың ішіне түсерде қиын болады деп, киімін бөлек жібереді.
Дірдектеп тұрған денесіне жылы киім майдай жақты. Жан-жағынан аш қасқырдай анталаған үрей де кейін серпілгендей болды. Қолына шапқысын ұстап, түксиген сыз қабырғаны сипады. Шып-шып тершіп, су шығып тұрған ештеңесі жоқ. Бірақ қиыршақ тастар тіптен былбырап кетіпті. Жентек саз таусылыпты. Ащы ма екен, тұщы ма екен? Сыз қабыршақты ерніне тигізе-тигізе дәмін ажыратудан да қалып барады.
Оның қолы қырық қайтара істеп әбден дағдыланып қалған үйреншікті жұмысқа кірісуі мұң екен, көңіліне қырық қайтара ойлап, қырық қайтара есіне алған, бірақ ойлаған сайын тереңдей түсетін тұңғиық ойлар қайта оралады.
Құдықшының қыран-топан қызыққа белшеден батқан берекелі өмірі жоқ. Түксиген сыз қабырғалар мен су қиыршық топырақтан басқа, екі иінінен аждаһадай айқара басқан көр-қараңғыдан басқа көргені де шамалы. Бірақ оның осы қара көр қуыс пен бір шөкім сұрқай өмірінен бөгде ойлайтын да ештеңесі жоқ еді.
Тыным тауып отыра алмайтын күс-күс қолы сыз қабыршақтарды үңгіп, жер астының қатпар-қатпарынан су іздеуге кіріскенде, мынау мимырт жұмыстан зерігіп кеткен көңілі өз өмірінің азын-аулақ қалқа-қалтарыстарын тінткілей жөнеледі.
II
Тағы да сонау жер бетіндегі жарық дүниеде алшаң басып жүрген күндері, мынандай қара көр жер астынан атымен бейхабар кездегі аз ғана қызықты дәурені еске түседі. Неге екенін білмейді, жасы ұлғайған сайын сол бір қас қағым келте дәурен есіне тым жиі оралып, көз алдына дәл осы қазір көріп отырғандай бәрі сайрап, ап-айқын елестейтін болып жүр. Әсіресе әлденеге алаң боп, жүрегі ойнақшыған сәттерде өткен-кеткен жадына оралғанда, шиыршық атып шамырыққан жүйкесі бір түрлі өз-өзінен жұмсарып сала беретіндей көрінеді.
Ал бүгін кеп көксеп отырған сол аз ғана қызық дәуренінде, тап осы күндерім ертең арман болар деп тіпті де ойлаған емес-ті.
Табаны жарық-жарық қара бала әуелі ортасына үңгіп қорғасын құйған құлжаның сақасы қолыма түссе деп армандады. Құлжа қолына түскенмен о да өткінші өмірдің өзге қызықтарындай көп тұрақтамады. Ол хан талапай ойнап, қағанағы қарқ, сағанағы сарқ боп жүргенде осы бүгін ұтсаң, ертең ұтылатын ит жығыс ойын тек асықпен тынбай, бүкіл ғұмырына кететінін білген жоқ-ты. Ышқырын толтырып асық ұтып әкелген күндері көңілі жер-көкке сыймай күпсіп жүретін-ді. Нелер тәтті қиялдар мен армандар да тап сондай күндері есіне түсетін.
Ол ең әуелі осы өңірдегі ең өктем адам Бигелді болыстай болғысы келді. Астында көк жона тоқым, күміс бас ер, көк мойнақ арғымақ; қолында — өзегіне күміс құйған, сабына алтын әшекей жүгірткен шашақты төрт өрме қамшы; артында - әр ауылдың пысықайлары. Байға қонып, мырзаға түстеніп, ел аралайды. Ел үсті жүрістен жалыққанда қасына қарулы екі-үш жігіт ертіп, аң аулайды. Айдалада сайранды сала-сала құмарынан шыққанда, серіктерін ауылға қайтарады да, жол-жөнекей шаруа көріп қайтатын боп, теліген қайныларына бармай, болыстың панасынан дәметіп, жалғыз тұратын жесір келіншек, керме қас Жаңылдың үйіне түседі; сұлу әйел шынашағын шошайтып құйған қан күрең шайды ішіп, құс төсекте қарнын сипап, рақаттанып жатады. Еңсеп ол кезде өзі ер жеткенше керме қас Жаңылдың қартайып кететінін білмейтін еді.
Еңсеп келе-келе Бигелдінің де соңына сөз еріп, түсіп қалғанын көрді. Оны болыстықтан құлатқан көзі тұздай, жирен сақал Шоңмұрын би еді. Ақ көйлегінің жайдақ жағасын ашып салып, ылғи быршып терлейді де жүреді. Шүңірек көк көзінің шалғайына саулаған ащы терді шынашағымен қағып жіберіп, қайқақ төсіне төгіле құлаған жирен сақалды бір сипап қойып, есіліп сөйлеп отырады. Оның соңында да - айғыр топ қошаметші. Оның да еститіні - тек қолпаш. Қара бала қайта осы Шоңмұрындай болсам тіптен қатып кетер ме еді деп те ойлайды.
Әйтеуір ол әркімдер әлімжеттік жасай беретін тілік табан, жалақ бет қара бала күйінде қалып қойғысы келмейді. Ал енді ауылдың шетіне оқшау қонып ап, артқы үзігін ескі жабумен жамап, алдыңғы үзігіне алаша сырыған қырық құрау құрым үйдің оң жағына көрік құрып, шыжыған шілдеде сексеуілдің шоғына шыжғырылып отыратын әкесі Құлжандай болудан ат-тонын ала қашады. Құлжанды қазанының түбі тесілген, шәйнегінің шүмегі ұшқан көрші әйелдер «қайнағалағанмен» қалған жұрт сыртынан ылғи кекеп, мошқап жүреді. «Қырсық Құлжан» атанған әкесінің ел көзіне неге сонша сүйелдей қадалатынына қара бала еш түсінбейді. Әкесінің өзінен сұрауға батылы бармайды.
Мойны ішіне кірген ала көз әкесі лып-лып жанған сексеуілдің шоғына темір ұстап, бір қолымен көрікті басып, күні бойы ұсталық құрады. Үй ішінде ешкімге жақ ашпайды. Анасына айтатыны да: «Шайың қайнады ма?», «Ананы алып берші!» сияқты келте сауалдар мен келте бұйрықтар. Еңсеп әкесінің біреумен кер-мәр сөйлесіп жатқанын әлі көрген емес, бірақ пәленшекеңді, түгеншекең сөзден жығып кетіпті дегенді талай естіген. «Қырсық Құлжан» аталуы да сол жөн сөйлемей, қасақана бұра тартып отыратын қырыс мінезінен болса керек. Қалған Қараштың бәрі құдық қазып жүргенде жаңғыз өзі темір соғып ұста боп кетуі де сол қырсықтығы шығар.
Ешкімге жылы шырай, оң қабағы жоқ Құлжаннан балалары қатты айбынады. Ол ләм-мим тіл де қатпайды, ақыл да айтпайды, ешқайда, ештеңеге жұмсамайды да, тек көзінің астымен сынап-мінеп қарап отырады. Содан ба, балалары анасының айтқанын қалт етпей, лыпып тұрады.
Еңсеп он беске енді іліккенде әкесі қыл тамақ болып, бір жыл бойы қақ төрде қара ала алашаның үстінде жатты да қойды. Ем-дом жасамақшы болып келген бақсы-балгерді: «Жәрмеңкеге барып, сатып алған жаным жоқ, мырзасып берген құдай сараңдығы ұстаса қайтып-ақ алсын» деп қасарысып, маңына жуытпайды.
Бір күні пәлен айдан бері нәр татпаған әкесі үй ішінің де тамағынан ас жүргізбей, аңқа-саңқа сүйегін сылдыратып, жата беруден әбден жалығып, ызаға мінді. Анасына төрде ілулі тұрған бес өрме қамшыны алып бер деді; сосын оң жақта жүктің астындағы қобдидан пышағын таптырып алды. Өзегіне қорғасын құйып өрген қамшының күлте шашағын типылдап қырқып тастады. Жылмаңдатып майлады. Үй іші оның не істейін деп отырғанын біле алмай аң-таң, ешбірінде үн жоқ. Әкесі қамшыны майлаған соң қымыз сұрады. Сары тостағанға құйылған ащы қымызға қамшыны малып біраз уақыт отырды. Ерні жыбырлап, әлденені күбірледі. Селдір шоқша сақалын көкке көтеріп, әнтек шалқайды. «Біссіміллә»... Қапелімде қалтырап кеткен қолын күшпен басып, қымыздың ішіндегі қамшыны суырып ап көмейіне тықты. Өне бойы май-май, талай аттың ащы тері сіңген қара қамшы оқ жыландай жылжып көмейіне кіріп барады. Есінен айрылып, сылдырап қалған арық қол тастай қатып жабысып алыпты, қалш-қалш етіп, итере түседі. Қамшы бірте-бірте қысқара түсті. Арық қол сонда да итере берді. Терісі қалталанып, шілмиген арық мойыннан безіне шыққан жұдырықтай өндіршек бүлк-бүлк етеді.
Қамшының сағағындағы темір сақина тіске тиіп сарт ете қалды. Әкесінің әбден әрінен айрылған қу шөлмектей аппақ бетіне жаны қарқараға кеп қысылғанда да қан жүгірмеді, бір түрлі күлгін көгіс тартты. Бір қолымен қамшының сабынан ұстап тұрды да, екінші қолымен көкірегін басты. Аузындағы қамшыны қыршып жіберердей, тістеніп алды. Көгіс маңдайынан бұршақ- бұршақ аппақ тер көрінді. Сосын қамшыны кері суырды, омырауын қан жуып кетті. Манадан бері дымдары ішінде боп, әкесінен көз алмай тұрған балалар тап осы арада шыдай алмай, өкіріп-өкіріп есіктен ата жөнелді. Анасы даусын шығаруға зекіп тастай ма деп сескеніп, көзінен ыршып кеткен жасты жаулығының ұшымен жасқап, қанға батып жатқан күйеуіне шылапшын тосты.
Әкесі содан қайтып оңалмады. Аттың ащы теріне әбден піскен қамшымен жарса да, тамағынан ас өтпеді. Ми қайнатқан ыстық басталды. Дені сау адамның өзі жанын қоярға жер таппады. Әкесін шөл шыдатпады, шыжыған шілденің қақ ортасында көз жұмды.
Өлерінде әйелін, балаларын қасына шақырды. Әлсіреген солғын дауыс еміс-еміс естіледі.
— Ал, балаларым, кетіп барам. Артына дәулет қалдырмады деп, әкелеріңе өкпелемессіңдер. Қара жер орнында тұрса, тышқан мен Қараш аштан өлмес, тіпті болмаса жер шұқырсыңдар.
Дүниеде құдықшы дейтін кәсіп барын Еңсеп сонда білді. Әр ауылда жаңғыз-жаңғыз үй кірме болып отыратын Қараштың азын-аулақ азаматы жиылып, әкесін көмді. Қабырдан қайтқан соң садақаға жиылған төрт-бес шал Құлжан балаларының бас көтерері Еңсепті оңаша шақырып алды.
-Шырағым, әкеден айрылдың. Құлжан пақыр қасарыспа болғанмен ер жігіт еді. Есіл қайраты далаға кетті. Сүйегін орарға қара ала алаша зорға табылды. Шалқар дәулетке кенелтпесе де бала-шағаның қарнын ашыртпаған ата кәсіптен қол үзгеннен опа тапқан ол жоқ. Сен де әкеңшілеп, ата-баба ырзығын аяққа баспа. Қаршадай бауырларың мен анаң қалды. Дәржан ағаң үйлеріңді көшіріп әкетпек. Соған еріп, жолын ұста, -деп ақыл айтып, қолдарын жайып, бата қылды.
Дәржан ағасындай емес, денелі, бұлшық еті ойнақтап, ылғи жалаңаш жүреді.
Қаба қара сақалды қалай болса солай қағусыз бетімен жіберген. Үлкен басына тым құрдым көрінетін шұнақ құлағы уда-дуда самай жүнінен атымен көрінбей қалады. Таңқақ танаудан шыққан дем шиыршық атқан бұйра мұртқа малтығып жатқандай. Әр талы сояудай қатты сақал жұдырықтай-жұдырықтай екі емшектің ортасын тырнай құлаған. Осынша қалың қара жыныстың үстінде қақ төбесіне дейін ай қасқа дөң маңдай жылтырайды. Қос иығы қанталаған алақан көз айналасына алақ-жұлақ қарағанмен, ештеңеге тоқтамайды; ылғи айдалаға лағып жүреді.
Сөз дегенді атымен білмейді. Үйінің ішінде де, сырт жұртқа да не тәтті, не қатты тілі жоқ. Қатарларынан біреу-міреу көңілінен шықпаса: «Көріңді ұрайын!» деп бір дүңк еткізеді де, сосын қайтып жақ ашпайды.
Жұрт: «Қырсық Құлжан мен қорбаң Дәржан бір енеден туған деуге адам нанғысыз», - деп аңыз қылады.
Құдықтың ішінен тұла бойы балшық-балшық, жүн-жүн Дәржан шығып келе жатқанда, көрмеген-білмеген кісі, қапелімде, жер астынан жік шықты деген осы екен деп қалардай.
Әйелі Ханым қол-аяғы балғадай, бойлы-сойлы, өңді кісі. Дөңгелек отты көзінің нұры жұмсақ. Ағайын-жекжатқа да араласымы мол. Дәржан қанша бауыр тартса да, көшпелі ауылға ұста боп кеткен қырсық Құлжан, қанаты сынған қарғадай, әр бұтаның түбінде бүгежекпен қала беретін құдықшы ауыл тірлігін місе тұтпай, өзі илікпей қойған-ды.
Иесі өлген жетім үйді Ханым жылы шыраймен қарсы алды. Абысынын қой сойып, қол қусырып қонақ етті; бетін сүйектеп, сыңғырама құлып салған әшекейлі сандықтан мата алып көйлек тікті, басына жарқыратып жаулық тартты.
Құлжанның үйі көшіп келген соң, пәлен күн бойы Ханымның қолынан оймақ түскен жоқ. Үсті-басы ебіл-себіл балалардың иіні жаңарды. Құлжанның өмір бойы бозармай кеткен қара құрым үзігі өлген соң ағарды.
Ханым етегі қанамаған кісі. Онсыз да өңді әйел қасына қайнағасының үйі қонып, есігінен бала-шаға кіріп-шығып жатқан соң тіпті құлпырып кетті. Кішкене Теңселге сүт пісірсе қаймақ жалатып, нан илесе шетінен тоқаш ұстатып, әбден асты-үстіне түсіп жүр.
Дәржан үйіне шаршап келсе де, балаларды көргенде екі езуін жия алмай, ырсыңдап күліп, мәз-мейрам боп қалады. Құлжанның суық қабағынан ықтап өскен балалар әуелі Дәржанға да дәттері бармай, жуымай қойды. Бірақ көп ұзамай өне бойы уда-дуда еңгезердей үндемес кісінің бет алдының жұмсақтығын іштері сезсе керек, шай ішуге келгенде Еңсептен басқалары бірі тізесіне мініп, бірі мойнына асылып тапалайды да жатады. Қыңқ дейтін Дәржан жоқ, қолындағы шайын үстіне төгіп-шашып, ыржиып отыра береді.
Еңсеп сонау жетім көкірек бала кезіндегі жүрегіне қона қалған осы бір ыстық ықылас пен жылы мейірімді ойлағанда әлі күнге ет бауыры елжіреп, жидіп кеткендей болады. Қанша шаршап-шалдығып, қанша кісіден көңілі қалып, беті қайтса да сол бір жылы қабақ, жұмсақ алақанды ұмыта алмайды. Нелер тағаты таусылып, сабыры сарқылған, у ішкендей боп, көкірегі өт татып, жарық жалғаннан түгел түңіліп, сырттап кете жаздап тұрған кездерде сол бір шұғылалы шуақ есіне сап ете қалады. Асылы, адам көңілі өмірдің көп өткіншісі шұбырып жататын айдау қара жолының үстіндегі қайыршының кетік тостағаны сияқты; өткіншілердің біреуі у тамызады, біреуі бал тамызады; өңшең у болса, әлдеқашан жер қабар едің, аз болса да, анда-санда бір тамса да, жер үсті тіршіліктің тәттілігін сездіріп, таңдайыңды татытып кететін балы бар ғой тағы да. Адамның есінен қанша танғанымен, есірік дәмеден қол үзбей, ылғи әлденеге тырмысып, арам тер болып жүретіні де сондықтан шығар.
Дәржан қапелімде Еңсепті, «кел, көр, үйреніп ал» деп құдыққа сүйреген жоқ. Маңдайына бала бітіп көрмеген кісі жер шұқып, топырақ қазғанды өзі сияқты қу сіңірлер де зорға шыдайтын тауқымет санап, бала жігіттің етін жыртып, көңілін сындыруға әлі ерте көріп, аяп, құдық маңына жуытпады. Еңсеп ағасының үйінің қасына келген соң тағы екі жыл балалық дәурен құрды. Ашаң қара торы жүзі жылтылдап, көзінің оты оянып, ер жетіп келе жатқан қайнысын ақылды Ханым атқа өзі мінгізді. Дәржан, шүкір, ол кезде табысты еді. Бірақ қонағы келсе пышағы әзір, көңілдесі келсе аты әзір Дәржанның іргесінің көңі қалыңдамады. Дегенмен ағасы мен өз үйін ішер ас, киер киімге кенде қылмайтындай, қазанының түбі қаңсымас күйі бар-ды. Дәржанға біткен жылқының ішінен маңдайында бармақтай ақ жұлдыз меңі бар құндыз торы дөненді жеңгесі Еңсепке мінгізді, ер-тұрманын да өзі түзеді. Сосын бір жылы жазғытұрым Дәржан екеуі төркініне көрісе барғанда қастарына оны да ертіп кетті.
Ханымның төркіні тек мал жиғанына мәз сасық байлар емес-ті. Дәулетке сай сәулет те түзеп, көшін де, дастарқанын да, төсек орнын да салтанатпен ұстайтын сәңқой ауыл-ды. Алпыс үй ақ төс Арын атанған ауылдың жігіттері ылғи сән түзеп, ауыл қыдырып, ат үстінде жүрер еді. Шетінен Орынбордың қара мандаласынан тіктіріп, қынама бешпет киетін-ді; омырауларын ашық тастап, ақ шәйі көйлектері анадайдан жарқырап келе жатар-ды. Олар не торы, не қара, өңшең сүлік сұлу ат мініп, төстері жарқырап жал басына шыға келгенде, қапелімде қай-қай ауыл да сасып қалар-ды. Қыз-келіншек дереу үй-ішін жөндеп, самауыр қойып, сар қарын әйелдер мен кемпірлер жалма-жан ыдыс-аяқ тазалай бастайды. Арын аулының жігіттері аттарынан да сәнмен түседі, тізелерін бүкпейді, тізгіндерін ұстап, қолтықтарынан демейтін - ауыл иелері. Қашан аттанып кеткенше көліктің жайын сұрамайды. Мамық төсектің астында сынық арпа жатса, бірден біле қояды. Шетінен сайқымазақ; жұрт ел ішіне жайып кетеді деп, көбіне-көп Арын жігіттерінің қуақы тілінен қорқады. Еңсепті Ханым жеңгесі сол еркебұлан жігіттердің тобына қосты.
Бай ауылдың ерке-шораларына Еңсеп тез сіңісті. Сері жігіттер бұны кірме көрген жоқ. Ашаң, қара торының әдемісі, аттың құлағында ойнайды; шырқау биік болмағанмен майда қоңыр даусы бар, әнді нәшіне келтіріп, тыңдаушысының құлағын кесіп алардай қып, қылқылдатып, ерекше бір назбен салады. Дала жасының бір басына бұл аз өнер емес. Әр жалдың басында жан-жаққа шашырай жайылған қой мен жылқыны торып, іштері пысып отырған ауылдың делебесін бір қоздырып, мәз-мейрам ғып кетуге, жігіттердің құлақ құрышын қандырып, бір серпілтіп, ал ата-анасының не жеңгесінің қасында көзін төмен салып, бетке қан ойнап, ұялып отыратын уыз бойжеткендер мен шай құйғанда шыны аяғыңды беріп жатып, ақ сүйрік саусақтарымен абайсыз жанасып, ұшқынды көздерінен ықылас шашып бағатын жас келіншектердің көңілін қобалжытуға, әйтеуір, түскен үйінің берген шайы мен сойған малын қысылмай ішіп-жеуге молынан жетіп жатыр.
Еңсеп жиын-тойда ортаға шығып, қолына домбыра ап ән шырқағанда, не хиссалардан терме соққанда, тас маңдайларын талай қыстың ызғары жалап, көкіректің өздері өткізген көп жылдың бұлар әлі біле қоймаған көп тікендері тырнап тастаған кәрі жағы көздеріне жас алады. Тумай жатып өздерін желдің өтінде санайтын ер жүрек жігіттер көздеріне мұнар, көңілдеріне мұң жүгіріп, томсара қалады. Қақ ортада қара домбыраны сабалап, сілтеп отырған қаршығадай қара жігітке көздерінің астынан ұрлана қарап, беттері балбұл жанып, сонау ақ шайы көйлектің астындағы көгершін төске не бір сұғанақ көздер болмаса, қапелімде қалған жұрт байқай бермейтін болар-болмас діріл жүгіріп, көңілдеріне әлі өздеріне де анық емес, әйтеуір бет дуылдатып, қан толқытып, жүрек қобалжытып, көмей құрғататын тым жұмбақ, тым нәзік, тым діңке құртып елітіп бара жатқан елжірек ынтық, ыстық ықылас оянып, қуана, сүйсіне тыңдайтын тек әлі беттеріне шаң, еттеріне дақ тимеген уыз көңіл бойжеткендер ғана. Думаншы топтың ішінде әнші балаға оқтын-оқтын шүйіліп-шүйіліп өтетін қырғи көз сақа келіншектер де аз емес. Қаршығадай қара бала қай-қайдағыны айтып көсілткенмен, айтып отырғанына өзі мән беріп жатпайды; сынапша сусылдатып, лекітіп төге беретін тақ-тақ әуенге басып, көбіне-көп көмейінен шығып жатқан сөздерден гөрі төңірегіндегі көздерге баса зер салады; жанарының қиығына ақша жүздер іліксе, айдындана, арқалана түседі. Осындай от-жалын өжеттік тек ән салып отырғанда ғана бой көрсетіп, ән біткесін жым-жылас жоғалып кетеді. Жан-жағынан жапа-тармағай қараған көп жанар мен жамырай айтылған көп қошаметтен бір түрлі қысылып, екі беті дуылдап ала жөнеледі. Ондайда қаралай өліп-өшіп, шығарға жаны басқа болып отырған ынтық қыздар іштей шыбын-шіркей боп аяса, қырғи келіншектер осынша нәресте бозбалаға бұрынғыдан бетер сұқтана түседі. Әйтеуір солар отырған жақ беті өртеніп бара жатады.
Бірақ не керек, дала жасының дәурені қырдың бір сәскелік келте көктеміндей тым шолақ. Қыз байғұсты бетінің қызылы енді-енді көрініп келе жатқанда ұзатып жібереді, жігіттің иегі түбіттенбей жатып басына ноқта түседі. Еңсептің де жастық дәурені алыс жолда ай батқанша жүріп-жүріп кеп, тек таң алдында ғана бел шешпей сұлай кетіп, көз шырымын алған суыт жүргіншінің таң ұйқысындай тым тәтті, тым қысқа болды.
Сол күндері еске түскенде Еңсептің егде тартқан жүрегін әлі күнге бір жұмсақ мұң шарпиды; жер қазып, тас қашап ширатылып қалған бұлшық еті бір түрлі балғын тартқандай, балбырап сала береді. Бұл үйлі-баранды егде адамның көңілін қайдағы жоқ иектеп енді қолға көп түсе бермейтін жігіттікті көксегені емес-ті; сонау келмеске кеткен жас дәурені еске түскенде кісі өмір бақи армандап, өлерінде де көріп өлдім бе, көрмей өлдім бе деп күмәнмен кететін жаңғыз аңсары -бақыттың шын дидарын көрсе тек жас шағында ғана көре алатынын, бірақ бақытты жастық бақыттылығы сонша, тіпті басындағы бақыттың өзін тұсында байқай алмай қалатынын ойлағаны еді. Адам асылы, өмір бойы көңіл деген көтерем тұғырды бас-көзге төпеп бақыт қуған сайын, одан солғұрлым алшақтай түсетін сияқты; бақыт қуған адамның тапқан бақытынан жоғалтқан бақыты көп болса керек. Бақыт... Адам байғұстың қиялы жеткен жердегі жақсы мен тәттіні бір бойына сыйғызған осы бір сөз қашан кісінің көңіліне шемен боп байланған сәтінен бастап, бастапқы мән-мағынасының бәрінен түгел айрылып, онсыз да кем қанағат, онсыз да өлермен пендені онан сайын жан алқымға түсіретін қайыс қамшыға айналатын көрінеді. Ондай қайыс қамшының саныңнан қан саулатып сабылтып жеткізетін жері — бақ шығар, дәулет шығар, даңқ шығар, әйтеуір, бақыт емес.
...Алдындағы емен күбіге салған топырағы сырғанап тұрмады. Әлдеқашан толып кетті. Арқанды қағып, жоғарыдағыларға белгі берді. Шүпілдеп толған емен күбі сусып жоғары көтерілді. Еңсеп қап-қара үңгірдің ішінде тағы да сонау жарық дүниемен байланысы үзіліп жалғыз қалды. Тас төбесіне найзадай төнген қара үңгірде тек арқанның дір-дір дыбысынан басқа үн жоқ.
Емен күбіні жоғары тартып әкеткенде, Еңсептің ойы қашанда үзіледі. Дағдарып отырып қалды. Сосын тағы да сыз қабырғаларды үңгуге кірісті. Бірақ жаңа-жаңа бойы сергіп келе жатқан кісіге маңдайы енді жіпси бастағанда қайтадан тер қатқандай, ал-сал тартып қоя берді. Бірдеңесін ұмытқандай ойы он-сан бөлініп, жаңа ғана жайылма судай жан-жағынан ентелеп келе жатқан ескі елестер мен тап осы қазір табан астында туып отырған ойлардың бәрі бір жаққа безіп кеткен. Шықшыты бүлкілдеп, әлдебір ашу көтерілгендей... Кеңсірігі қаңсып, басы мең-зең тартты. Еңсеп омырауындағы шақшаны қолына алды. Көкбұйра насыбай танауын жыбырлатып, түшкіріп жіберді. Бір емес, әлденеше рет үсті-үстіне түшкірді. Көкірегін қышап тұрған зіл түгел сыртқа атып ксткендей, дені жайылып сала берді. Дағдарып қалған көңілінде қайтадан ой оянды.
III
Еңсеп құдалардың аулында дырду-думанның соңында қанша жыл жүрем десе де «қой, бала, жетер енді» дейтін Дәржанның түрі көрінбейді. Қайта анасы байғұс шыжбалақтап, өз-өзінен қысылып, мұның бос селтең жүрісін қойып, ағасына қолғабыс жасайтын уақыты әлдеқашан жеткенін құлақ қағыс қылды. Еңсеп те анасының көмейін түсініп, өзінің шыннан да шаруаға қырсызданып бара жатқанын байқады. Жұлдыз меңді торы атын жылқыға қосты. Бұған енді ағасының ауыл арасына мінетін буырыл тұғыры ерттелді. Ол кезде Дәржанға Төкен бай құдық қаздыртып жатқан-ды. Ағасы Еңсепті әлі де аяп, «әуелі көрсін, үйренсін» деп қиынға сала қойған жоқ. Құдықшыларға шай қайнатып, тамақ пісіреді.
Көктем шығып, көк көріне бастаған кез. Баурай-баурындағы індігеш екеш індігештерге дейін шиқ-шиқ үнге бөгіп, табиғаттың қағанағы қарқ шағы. Мұндайда қазақ іргесі күбір сасып, отыра алмай, қыстаудан біржола көтеріледі; жал-жалдың басына самсап, ақ жұмыртқа ауылдар қонады.
Еңсеп те күн бата бере буырыл тұғырды ерттеп ап, құдықшылар қосынан безіп отырады. Ауылдардың біріне түсіп, шалдардың шаруа жайы мен жыл сыңайын айтқан кеу-кеу әңгімесіне құлақ тосады, қой сауып, қозы айырғандардың ызы-қиқы, у-дуын құныға тыңдайды. Заржақ қатындардың қозысын алмаған саулықты иітпек боп: «Түбай-түбайлаған» көйгөйі құлағына күйдей жағады.
Еңсеп әкесінің елмен бірге көшіп, бірге қонып жүретін ұсталыққа құмар боп, құдықшылықтан неге қашқақтап өткеніне енді түсінді.
Буырыл ат қой маңырап, ит үріп ызы-қызы болып жатқан ауыл жаққа қарай ентелей басады да, ертесіне қосқа қайтқанда мойны салбырап, митың-митың мандымай қояды.
Жан-жануар түгілі қара жердің де дені жайылғандай. Самиян дала кеудесіндегі ол қызық пен ұлан-асыр сән-көрікті, енді өрбіп өркендей бастаған балауса тірлікті үркітіп, шошытып алмайын дегендей шуаққа омырауын тосып, маужырай, керіліп жатыр.
Кең дүние түп-түгел серпіліп, сергіп шыға келіпті. Тек Еңсептің ғана назары сынық. Мынау қарсы алдына шығып ап, бет-аузын аймалап келе жатқан майда самал да, өн бойы шырынға толып, жұпар аңқи бастаған көк шөп иісі де бұны өз-өзінен елегіздіріп, жеңінен тартқылап, әлдеқайда, ту-ту алысқа «жүрші-жүршілеп» азғырғандай.
Ондайда албырт көңіл ауаланып, көрдің аузындай індігешке телміріп отырған құдықшылар қосынан атымен безіп, мынау маң даланың әлдебір тұсына маңып кеткісі келеді.
Сілті ішкендей, ішек-бауыры түгел жидіп, мимырт буырылға қамшы ұруға да дәрмені жетпей, дел-сал келе жатады. Тізгінінен тартып, басын басқа жаққа бұрған ешкім болмаған соң, буырыл ат үйреншікті сүрлеуге түсіп ап, құдықшылар қосының іргесінен кеп бір-ақ тоқтайды.
Жаз шықты. Шөп пісті. Қозы-лақ аяғынан тік тұрып, айдауға көнетіндей боп, буындары бекіді. Ауылдар қырқымға кірісті. Жабағы жүнінен айрылып тұлдыр жалаңаш қалған қойларды көргенде Еңсеп өз-өзінен жүдеп сала береді.
Бір күні Арын аулы жайлауға көшеміз, қоштасып қалсын деп қызы мен күйеуін шақыртыпты. Ханым қайнысын да ерте жүрді.
Бай ауыл мәре-сәре. Еркек жағы ат ұстап, түйе матап, әйел жағы жүкті буып-түйіп абыр-сабыр. Тізгінге әлі жететін балалар ертең көш-жөнекей мінетін тайларын жуасытып табандарынан таусылып жүр. Ақсақалдар қайта-қайта иіріліп, жол бағыты мен жолай суаттар жайын мәслихаттасады.
Ертең көшеміз деген күні шаңырақ сайын бір-бір бозқасқаның басы қырқылды. Шалдар дастарқан басында ұзақ мақамдап жолдың сәті мен өрістің оңына бата бағыштады. Еңсеп ол күні елегізіп жата алмады. Қайда бес кісінің басы қосылса - соны жағалайды. Көз таса оңашада оң қабақ құдашаларымен қалжыңдасты, ойын-шыны аралас назын айтты. Біреу-міреу үстімізден шығып қала ма деп сыртқа елеңдей құлақ тосқан бойжеткендер, жігіттің үзіле айтқан сиқырлы сөздерінің буына балқып, үнсіз күлімдеседі. Қоштасарда қыр қызының тілсіз, тылсым пейілінің куәсіндей жан-жағына моншақ төгіп кестелеген жібек орамал ұсынады.
Ертеңіне ауыл таң бозарар-бозармаста ұйқыдан оянды. Әдетте әрі-бері аунақшып, төсектен тұрып болмайтын балаларға дейін бүгін елден бұрын атып-атып тұрып, байлаулы тұрған тайларына жүгірді. Жаулығы қарқарадай кәрі әжелер таяқтарына сүйеніп ап, үй жығып жатқан қыз-келінге анадайдан жөн-жосық айтып қояды. Жас келіндердің де жүгіріп бағатыны осы түс. Кімнің көшінің бұрын жөнелгені, ең алдымен, соларға сын. Енелердің шыдамсыздау қазымыр жағы қайта-қайта таяқтарын шошаңдатып зіркілдеп ала жөнеледі де, ал сабырлылары жас әйелдердің әр қимылын қалт жібермей үнсіз бағулы.
Түйелер қомдалды. Жүк артылды. Әжелер мен жас балалар мінетін түйелерге шырқ айнала текемет қоршалды. Қаруы қайта қоймаған сары қарын бәйбішелер жаулығы қарқарадай боп, алдыңғы түйеге мініп көш бастайды.
— Иә, пірім!
— Е, біссіміллә!
Жүк артқан түйелер орындарынан тұра бастады. Көштің алды жөнге шықты. Қос қапталда қаз-қатар тізіліп, сәукелелері сылдырап, үкілері бұлғаңдап қыз-келіншектер барады. Еркектер жағы әлі аттарына мінген жоқ. Құтты қоныс болған ескі жұртқа құран оқып аттанбақ. Алақан жайылды, бет сипалды. Қонышқа тығулы қамшылар қайтадан қолға алынды. Бірінің тізесіне бірі таянып ақсақалар орнынан тұрды. Оларға ілесе басқа еркектер де дүр көтеріліп, аттарына беттеді.
Жасы үлкендер жағы жол сілтейміз, өріс, суат барлаймыз деп желе-жортып ілгері озып кетті. Жастар көш қапталындағы қыз-келіншектер тобына келіп қосылды. Біреулері қарқ-қарқ күліп, қалжың айтса, біреулері түйе үстіндегі егде әйелдердің көзін ала беріп, келіншектердің омырауына жармасып, аш белдеріне қол жүгіртеді. Бір-біріне көздерінің астымен қарап, үнсіз сұқбаттасып келе жатқан бойжеткендер мен бозбалалар да бар. Жігіттердің желөкпелеу жағы ұйқыашар болсын, ат жарыстырамыз, орамал бер, - деп тұстас жеңгелерін тақымдап, тізгіндеріне жармасады. Орамал сұрағанды сылтауратып енді келіншектердің омырауын мытып, мықындарын шымшып, ауызбен айта алмай жүрген аңсарларын қолмен білдіріп жатқандар да көп. Жас жігіттердің тегеуріңді қолының тентек қимылдарынан тәндеріне бір сиқыр от дарып, рақат енген кейбір қу келіншектер жандарына майдай жағып бара жатқан осынау озбыр шеңгелден тез айрылып қалғысы келмей ұзақ тайталасады. Бөгде көзге сыр алдыртпай үнсіз жымияды. Қалың кірпіктің астынан сүзіле қарап, омырауын көлкештеген болып, жігіт қолынан қашқақтағансып, жұп-жұмыр білектерін көлденең тосып, ат жалына оңды-солды сылқ-сылқ құлап, онсыз да сабыры сарқылып келе жатқан албырт жасты одан сайын үздіктіріп, әбден арбап бағады. Қашан өзінің де дәрмені таусылып, ашқарақ жас тән тағаттан айрылып, өн бойына әлсіздік буы жүгірген кезде барып, қалтасынан орамал суырып, жігітке береді.
Жігіт келіншек берген орамалды төбесінде тудай көтеріп, көштің ық жақ бетін алып, дүркіретіп шаба жөнеледі. Таң атқалы тұяқтары қызып келе жатқан өзге аттар соңынан қуып береді.
Көк ала жонға көтерілгенде, жан-жақтан шұбырып шығып жатқан өзге ауылдардың да көштері көрінеді. Тай мінген балалар жағы енді соларды қызықтамақ боп, құйғытып ала жөнеледі. Үлкендер де: «Е, мынау пәленшекем аулы ғой, барып көштеріне құтты болсын айтайық», - деп аттарына қамшы басады.
Көш басында жайлы сары атанға текемет қоршап, кілем жауып жайғасқан кәрі әже жол-жөнекей амандасқалы келген сәлемші жастарға қоржыннан жілік-жілігімен ет үлестіріп, балалар жағына бауырсақ ұстатып қолынан дәм таттырады.
- Әй, әжеке, иманды бол! - деп, жел аяқ жастар тағы бір ауылдың үлкенінен дәм татып қалмаққа аттарына қайтадан қамшы басады.
Қыс қоныстан жаз жайлауға қарай шүбатыла көшкен тізбек-тізбек көштердің аралары осылай ерсілі-қарсылы ала шабуыл.
Құдалар аулын аға-жеңгесімен бірге қозы көш жерге ұзатып салған. Еңсеп жастайынан жадында жат боп қалған осы көріністердің бәрін жаңа көріп тұрғандай тамсана қарады.
Әдеттегі манаурап жататын қыр бүгін дүбірге толы. Кеудесінде жаны бардың бәріне желік біткен. Бәрі де бір жерде тағат таба алмай, әлдеқайда асығып, тыпыршып түр. Маң-маң түйелердің де аяқтарына көз ілеспейді; ентелей басады.
Ақ текемет қоршаудың арасынан шақырайып көрінетін әжелердің шаңқай жаулықтары әлдеқайда ұша жөнелгелі қанатын қомдап отырған аққулардан аумайды.
Көш - қимыл-қыбыры аз дала тірлігінің әбден асып-тасқан мерекесі. Жақсы өріске, жаңа қонысқа, жаңа әсер, жайсаң ләззатқа ынтыққан сергек көңілдің шаттығы.
Ол күні көптен қозғалмай, шау тартып, буын-буындарын сарысу алған сырқау аяқ-қолдың өзі ойламаған жерден тыңайып сала береді.
Күйбең тірліктің бірлі-ұсақты көп уайымы қажап-қажап қаяу тартқан көңілдер көбелек қанаттанып, елегізіп шыға келеді.
Көл-көсір далиып жатқан жазғы даланың самиян самалы көп тұрып, көнетоз тартқан мүліктен қыс бойы тұралаңқырап қалған қыр тірлігінің барша шаң-тозаңын сілкіп қағып, түу-түу алысқа аластап, бездіріп жатқандай.
Еңсеп қыр асып бара жатқан ұзын шұбақ көштің соңына көзі боталап көп қарады. Сонау маң-маң басқан тізбек-тізбек түйелер осы өңірден күні кеше жал-жалдың басында тізіліп-тізіліп отырған ақ жұмыртқа ғана емес, ың-жың үнді, ду-ду күлкіні, абыр-сабыр қимыл-қыбырды, күлкі тіршілікті жым-жылас көшіріп әкеткендей.
Көк майсаның ортасында түйме жараның орнындай боп ақтаңдақ-ақтаңдақ көне жұрттар жатыр.
Сол ақ таңдақ жұрттар құдықшы ауылда екі-үш егде еркектің қасында, жалғыз қалған Еңсептің көзіне көпке дейін шоқтай басылды да жүрді.
Құдықшы ауылда ебіл-себіл тіршілік. Алақандай шұқырдың айналасындағы күн сайын бөксесі бұлтиып көтеріле түскен көр төмпектен басқа көз қуаныш та жоқ. Көлдеу ойдың ортасындағы құрым күркелер көл-көсір даладан да таса қалыпты. Еңсеп осы ауылдың шайын ағартып отырған өрістен қайтып келе жатқан қараша інгенге қызыға қарайды. Мынау жер шұқыған екі аяқты пенделерден о да жақсы. Күн ұзаққа ала қырды аяғы жеткенше шарлап қайтады. Бір кезде бұл төңіректе де ду-ду өмір болғанын сездіретін көктемгі құмалақтар әбден күн жеп қурады. Еңсеп пен бурыл аттың екі ауылдың арасында сенделген соқпақ сүрлеулерінің сұлбасы жоғалды.
Еңсеп қолына күрек алды. Балауса бұлшық еті тастың астына түсіп жанышталып қалғандай; ал-сал қары салдырап белі талғанда, күңірсік иісті, қыр шөбінің кермек дәмі таңдайына татымай енесінің жып-жылы бауырына, бал татыған саумал сүтіне аңсары ауып, көзі қарауытып, зарлана боздайтын қараша інгеннің жаңа суалтқан ботасындай Еңсептің де есіне күні кешегі бостан шағы түсіп, басы мең-зең тартып, көзінің алдын қоймалжың буалдыр көлкештейді.
Енесінің бал емшегінен торыққан қараша бота боздай-боздай сүлдері құрып, өзегін тызылдата жалаған аштықтың аранын қайтармақ боп, ұлпа тұмсығын шаяндай шағып жолатпайтын жексұрын жантаққа амалсыз бас қояды.
Жалғыз қараша бота емес, індігештен-індігешке шөп-шөңге сүйреткен құмырсқадан бастап барша тіршілік иесі, қай сиқырдың құдіреті екенін кім білсін, әуелде де өзі тіленіп келмеген жарық жалғаннан өздігімен кете алмай, ішінен ештеңе өтпесе, шоқ түскендей жалап шыдатпайтын қу өңештің күйтін күйттеп тырбынып бағады.
Еңсеп енді әр нәрсеге алаңғасарланбай, сол күллі тіршілік иесінің бәрі секілді өз қамын өзі жейтін жасқа жетті.
Сонда өмір сүру деген енесіне жамырап кетпесін деп, күні бойы темір қазықты шырқ айналып шыға алмайтын арқандаулы қараша ботадай не қорлықты көрсең де, не сұмдықты бастан кешсең де, жан-жүйеңді жадыратқан тәтті қиял, аңсар арманның бәрінен адыра қалып, маңдайыңды тауға ұрып, тасқа соқсаң да өзінің тіленіп келмеген, келгесін еш тілегіңді қабыл қылмайтын кер тағдырдың тастақ тар қойнауына қызыл өңешіңнен қылғына байлану ма?..
Осы бір зұлматтың сұр жебесіндей оқыс сауал Еңсеп алғаш рет індігештің түбіне түсіп, топырақ аршып, мамықтай майса алақаны күлбіреп ісіп, тыз-тыз ашытып, күрек ұстатпай тұңғыш рет түңіліп, күрсіне күйзелген күні ойына оралған да, балғын көкіректің барша балаусасын жапыра жайпап, жермен-жексен қып кеткен-ді. Сонда Еңсеп шұқырдың түбінде күрегіне сүйеніп ұзақ толғанған-ды. Бірақ жауап таба алмаған-ды. Көңілдің бір қалтарысынан сымп етіп шыға келген сол бір сұмпайы ойдан қатты шошынған-ды.
Енді, міне, жер ортасына келді. Бала Еңсептің басын қатырған шытырман сауалға әлі жауап тапқан жоқ. Әлде өмір сүру дегеннің өзі де әлгі бір әзәзіл сауалға жауап таба алмай бас қатыру ма? Не де болса, осы бір сұрақты түбегейлі толғап, түбіне жетуге әлі күнге мұршасы болмай келеді.
Қолындағы күректің шолақ сабы маңдайына қатты батты. Жалма-жан басын көтеріп алды. Мана келіп түскен емен күбінің әлі толмағанын көрді. Сусып құлаған қиыршық тасты күреп сала бастады. Емен күбі толды. Қыл арқанды жұлқылап жоғарыға белгі берді. Шүмпілдеп толған емен күбі түу сонау төбедегі иненің жасуындай саңылауға қарай сырғанай жөнелді.
Еңсеп күрегіне маңдайын тіреп, қайтадан ойға шомды.
IV
Әуелі қолға мүйіз бітеді. Сосын күні кеше ал-сал боп алдыртпай жүрген балғын бұлшық ет, қатындар керегенің көзінен қазыққа орап тартып ширатқан қыл арқандай боп шиыршық атады. Қатайып, қатыгез тартқан бұлшық етпен бірге көңіл де бекиді. Алдымен арманның аяғына тұсау түседі.
Еңсеп құдық қазуда әжептәуір жөн біліп қалды. Бастапқы кезде топырақ шығаруға көмектесіп еді, енді құдыққа түсіруге де жарады.
Әркімнің аяғына жығылып, құлағынан сипағанға құйрығын бұлғаңдатып мәз-мейрам болатын бала күшік, қораға байланған соң ырылдап айбат көрсеткенінен, абайсыз сирақтарға азуы тигенінен ләззат алмай ма?
Еңсеп бұрын қашақтап жүрген өнеріне кем-кемдеп дәм татқан сайын құныға түсті. Үлкендер: «Ананы өзің істей ғой, мынаны өзің істей ғой», - деген сайын бір масаттанып қалады.
Адам алдана білмесе, кеп-келте ғұмырында басынан кешіретін сан-сапат тауқымет пен азапқа бір күн де төзе алмас еді. Көңілдің қорғанышы - алданыш. Адам армандаймын деп жүріп алданумен болады, алданып жүріп-ақ талайды бітіреді.
Еңсеп емен күбіні бір өзі тартып шығара алған күні төбесі көкке жетті. Екі қары талып, бұлшық еті созылған сайын кеше көзіне жас келсе, бүгін көңіліне жел бітетін болыпты.
Көр аузындай кішкене шұқырдың айналасындағы қызыл төмпешік бірте-бірте қоңырайды, сосын сұрғайды, күлгін тартты, ақырында емен күбі жер астынан қиыр топырақ, жентек саз емес, қоймалжың лай алып қайтты. Күбі түбіндегі лай сұйыла түсті. Топырақ шығарып тұрғандар емен күбіні қайта тастағанда шұқырдың ернеуіне жата қалып, тың тыңдайды. Емен күбі барып жеткенде, түу сонау зымыран түбі емескі шылп ете қалады.
Кенет қыл арқан дір-дір етті. Топырақ шығарып тұрғандар құдықтың аузына жеткенше барлық лай түбіне шөгіп, бет жағына мөлдіреп су тұнған емен күбіні төге салды да, былай алып қойды. Жалма-жан қосшы баланы жұмсап, анадайда жайылып жүрген сары атанды алдырып, шығырға жекті. Құдыққа ұшын тұзақтап шығыр арқан тасталды. Сары атан бық етіп орнынан тұрып, күндегі үйреншікті сүрлеуіне түсіп, тарта жөнелді. Ортасы кез ағаш доңғалақты сықырлатып қыл арқан жыландай жылжып келеді. Ақыры өне бойы балшық-балшық құдықшының өзі де көрінді. Құдықтың аузында тұрғандар оны екі қарынан демеп, шығарып алды.
Құдықшы шұқырдан аулаққа, құрғағырақ жерге барып жүрелеп отырды. Шақшасынан бармағының басына насыбай үйді.
Жігіттер құдық түбіне қайтадан күбі салды. Ол бұл жолы орта бөксе боп қайтты. Өңі әлі көгістеу. Лай суға жапа-тармағай қолдарын салып, алақандарымен іліп алып, ауыз шайып көрісті. Әлі де топырақ татып тұр. Ащы-тұщысын ешкім жыға айыра алған жоқ.
Кешкі салқынға еті шімірігіп, қалтырап кеткен құдықшы орнынан тұрып, қосқа беттеді. Былайғы жігіттер де соңынан ілесті.
Табадағы қызыл шоққа бөксесін тығып, ызыңдай әндеткен шұнақ шүмек жез шәйнектің күрең шайы күні бойы дамыл көрмеген құдықшының денін жайып барады. Шыны аяқтың бетінде шашырап жүрген қуырған бидайды ернімен бір-бірлеп қуалап отырып сораптаған талқы шай тер шығарады, термен бірге өне бойын жерге сіңіріп бара жатқан зіл де тарайды.
Дастарқан жиналады. Қалжыраған құдықшылардың аузы әңгімеге енді қиысады. Жер түбінен қозғалған әңгіме сірә жоқ. Енді не істеу керек екенін қамдаған шаруа жайы.
Ертеңіне бәрі тағы да құдық басына жиналды. Емен күбіні жалма-жан құдыққа салды. Күндегідей қатты жерге тиіп тық ете қалған жоқ, күмп ете түсті. Суы әбден тұнған. Құдықшы емен күбіні қос қолдап ап, бас қойып еді, суы тұщы. Енді жігіттер бірінің қолынан бірі жұлып алып ішіп жатыр.
Ерні кезерген ала тағанақ қырдың тағы бір жерінен су шықты. Оған ең әуелі құрым күркелі құдықшы ауыл қуанды. Су шыққасын құдықшылардың қимылы тіптен тездеп кетті. Құдықтың төңірегінде шашылып жатқан тоқаш сияқты тығырық тастарды бірінің үстіне бірін өріп қалап, сонау көк тас қабатқа жеткенше шегендеп тастады. Сосын тебін су қайта құйылмасын, мал-мұл түсіп кетпесін деп, шырқ айналдыра әйкел салды. Сар кемік тастың ортасын ойып астау орнатты.
Жаңа құдықтың суын ең әуелі қараша інген мен қараша бота келіп ішті.
Сәске шамасында маңайдағы елдің өріске шыққан сауын түйелері, құдықшылар қосы отырған шұқыр сайдың ернегіне шыға келіп, күнде құрым күрке ғана тұратын тепсеңге едірейе қарасты. Тас астаудағы мөлдіреп жатқан суды көріп, көздеріне сенер-сенбестерін білмей аңырайып тұрды да, не де болса барып білейік дегендей бүлкілдей жөнелді. Тас астауға мойындарын салып, сырп-сырп сораптап ұзақ тұрысты. Сосын екі бүйірін қампитып, теңселе басып, өріске тартты.
Күнде тас төбеден қиқу салып өте шығатын бір топ бұлдырық астау басындағы қара-құраның азайғанын тосып, тепсеңнің төбесінен шырқ үйіріліп шықпай жүр.
Түс ауа алыс суатқа суыт жол тартқан бір үйір қарақұйрық ернектің басына шыға келді де, аң-таң тұрып қалды. Сосын қыбыр-қыбыр қимылдап жүрген адамдарды, құрым күркені, есік алдында мосыдағы қара шәйнектің астында лапылдай жанып жатқан отты көріп, дүркірей қаша жөнелді.
Ертеңіне таңертең құдықтың айналасында түн қараңғыны пайдаланып келіп, астаудан су жалаған күзен, қарсақ, қоянның ізі толып кетіпті.
Күні кеше ала қырдағы не бас көтертпес оты, не бас сауғалайтын көлеңкесі жоқ тап осы бір тайпақ тепсеңге мойын бұрмай айналып өтетін барша тіршілік иесі оған аңсарлары ауып, жер түбінен әдейі іздеп келетінді шығарды.
Жылмағай дөңдегі ұры тепсең талай санаға мықтап орнап, талай көзге жер түбінен мен мұндалап тұратын нысанаға айналады. Белгі бедері аз тұлдыр қоңыр дөнде жан-жақтан соған шұбырған тарам-тарам сүрлеу-соқпақ түсті.
Ала қырдан бір ұрттам су тата алмай аласұрып, әбден қаталаған тіршілік иелері көзі қарауытып, миы зеңіп келіп бас қоятын сұлама дөңде жаңғыз бұлтиған осы бір әйкелді құдық ажал аузында сұлқ жатқан шала-жансар дененің төсіндегі әлі суала қоймаған сыңар емшек сияқты.
Еңсептің қуанышы қойнына сыймай жүр. Ертелі-кеш құдық басынан шықпайды. Астаудың ернеуіне қонып, тамағының асты бүлк-бүлк етіп, су іше бастаған торғайларды қызықтайды.
Төкен бай үш күн өткен соң келді. Қасында айғыр топ адам. Мойындарын созып құдықтың түбіне үңіліп, шеген тастардың қалай өрілгенін көрді. Шығыр тартқан атанның жалғыз аяқ сүрлеуінің қанша қадам екенін өлшеді. Бір түнге қанша астау су өнетінін сұрады. Қауғамен су тартқызып алдырып, дәмін татып көрді, беті-қолдарын жуды.
Төкен байдың атқосшылары жаңа құдықты жабыла мақтады. Құдды осы құдықты сол қазып шығарғандай ауыздары жалпылдап барлық қошамет-қолпашты Төкенге айтып жатыр.
Көңілі өскен бай ертесіне Дәржанның алдына құдық ақы малын салып берді. Сол күні түс қайта құдықшылар қосын екі түйеге артып ауылдарына, бала-шағаларына қайтты.
Еңсеп шұңқыр ойдың ортасында қалып бара жатқан кешеден бері «Төкен қаздырған» атанған жаңа құдыққа қия алмай көп қарады.
Ол Дәржан ағасының қасында үш жыл жүрді.
Еңсеп өзі алғаш рет құдықты Бөкен байға қазды. Қараш аулына жиендігі бар жас мырза әкесіне ас бермекші екен. Атақты байдың асын бұрыннан белгілі суаттардың қасында бермей, тусырап жатқан соны жерде өткізіп, сол маңайды «пәленшекеңнің асы өткен жер» атандырмақ ойы бар боп шықты. Соған әдейі құдық қаздырмақ боп, нағашыларына қонаққа келді.
Қараштың үлкенді-кішісі жиылып: «Кәсібін енді бастайтын бала еді, сіздің тұқымдай ырзықты болар ма екен, бұл құдықты Еңсепжанға қаздырсақ қайтеді» деп қолқа салды.
Бөкен бай әкесіне асты әрі тұяқ тимеген соны, әрі ат шаптыруға лайық жазық, әрі тұщы су шығатын топырағы асыл жерде өткізбекші.
Бұл шаруаға Қараш әулетінің ақсақал-қарасақалы түгел жұмылды. Ірге бағып қалған құр сүлдер шалдар да орындарынан тұрып атақты байдың асы өтуге лайық жер қарады.
Дәржанның үйі күні-түні мәжіліс. Ақыры бәрі өңшең тұщы су шығатын «қырық астау» атанған ордалы құдықтың үстімен өтетін тайпақ қолаттың күнбатыс құйрығын қолай көрді. Ордалы құдықтан екі көштік жер.
Жылмиған жазық кенет сәл еңіс тартады да, қайтадан тақтайдай тегіс боп қайқайып кетеді. Сырт көзге қапелімде байқалар-байқалмас ойпаң жүлгенің бойын Қараштың бас көтергендері бес күн бойы армансыз шарлап шықты. Ана жерге барып та, мына жерге барып та топырағын қарайды, шөптің тамырын қазады, иісін иіскейді. Ең соңында, Бөкен байдың үйір-үйір жылқысын алдырып, біресе текіректетіп айдап өтіп, біресе шаптырып көрді. Қалың жылқы тасыр-тұсыр шаба жөнелгенде, ақсақал шалдар жата-жата қалып, жерге құлақтарын тосып, тың тыңдайды.
-Кеуек жоқ. Кеуек болса дүсірге жаңғырығып, дүңкілдеп кетер еді.
Сазы алыс білем, тұяқтың үні тұншығып шығады екен.
«Қырық астаумен» екі ортада не сор, не кебір жоқ, қара жон.
Шөбіне қарасайшы, шілденің ортасында да балауса татиды. Астында сор болса, ендігі тамыры күйіп кетер еді ғой.
Еңсеп ақсақалдардың кеу-кеу әңгімесін еліге тыңдағанмен, көбіне ештеңе түсіне қойған жоқ.
Үлкендер кеңесе-кеңесе кеп ақыры ала бөтен ұйлығып өскен қалың жантақтың арасына қазық қақты.
Бөкен бай қазықтың үстіне үй тікті. Қасына тағы да бір-екі қараша үй қондырды.
Сосын екі ауылдың шалдары қазықты шырқ айнала тізіліп отырып, құран оқып, Бөкен бай мен Еңсепке баталарын берді.
Қоңыр марқаның басын мүжіген соң, ақсақалдар ауыл-аулына тарады. Қасында төрт-бес жігіт қолғабысшымен Еңсептің өзі қалды. Ауық-ауық Дәржан соғып, хал-жағдайды сұрап, ақыл айтып кетеді.
Еңсеп бес қанат боз үйдің қақ ортасында қазық тұрған жерден құдық қаза бастады. Қашан төбесінен күн түспейтін тереңдікке жеткенше, киіз үй тігулі тұрды. Бай ауыл ет пен қымызға кенде қылған жоқ. Барынша сақи атануға тырысатын Бөкеннің өзі де ат құрғатқан емес, Қараштың ақсақалдары біраздан соң қайтадан келгіштеуді көбейтті. Құдық түбінен шығып жатқан топырақты алақандарына жазып қарайды. Келген сайын бай ауылдың бал қымызын сіміріп ішіп, бастарын изеп, бағыт жақсы деп кетеді.
Дәл үш айда, күзем жүн енді қырқылып біткенде Еңсеп құдықты қазып бітірді. Түбіне жақындағанда туырлық көк саз көбейіп кетіп бір қорқытып еді, біраздан соң қалың саз таусылып, қайтадан қайыр шықты. Қайыр қиыршықты қайта-қайта ерніне тигізіп көреді, тұщы сияқты.
Әлі де қаза түсті. Сусыма қиыршық қалыңдап кетіп, құлап тұрмай ма деп күдік алып еді, шықылдаған қатты тасқа айналды. Көк тасты қырнап ойып келе жатқан-ды;. бір күні оң жақ шынтағының тұсы мұздап қоя берді. Жалма-жан сүйменді тастай беріп, сипалап көрді, әлгі жер бір түрлі тершіп тұр.
Су жақын. Осы маңайдан тесіп шығуы мүмкін. Ол құдықтың сыз қабырғаларын шыр айнала сипап шықты. Дымқылдың қай жерде мол екенінен судың ұлы жобасын білді. Су атып кетеді-ау деген күдігі аз қабырғаны бойлап, қаза түспекші. Көзді сосын барып ашады. Сонда су құдықтың түбіне мол жиналады; жоғарыдан түскен тас, кесек көзді бітеп тастай алмайды.
Еңсеп әлі де бір құлаштай қазып еді, тағы да бір тұстан су тамшылады. Екі иығына, омырауына мұп-мұздай қорғасын тамшылары тамып-тамып кетеді. Еңсеп судың жобасы білінген тұстың тасын көп қозғамай, қашқақтап, тереңдеп қаза берді. Кенет сүймен жап-жазық тақтай тасқа тиіп, шақ-шақ ете қалды. Жан-жақтан жаңбыр себелегендей тамшы көбейді. Еңсеп бұдан әрі тереңдей берсе, судың астында қалар түрі бар. Осы жер судың көзі-ау деп жобалаған жерлердің тасын қозғап, шұқып-шұқып көрді. Бір жерден манадан бері жолындағы қара тасты тесіп өте алмай, жақпар-жақпардан тырс-тырс тамып тұрған мұздай су сау ете түсті. Бір көз табылды.
Ол енді екінші шынтағын мұздатып тұрған тұсты аршып еді, о жерден де су тесіп шықты.
Екі көзден аққан су құдықтың табанындағы тақтай тасқа шалп-шалп құйылып жатыр.
Сол бір шалп-шалп дыбыс, бұл қашан құдықтың аузына жеткенше құлағынан кеткен жоқ. Жүрегінің дүрсілі де сол дыбыспен бірге шығып тұрғандай. Мынау меңіреу қара жердің қойнында қамалып тұрған жерінен бұл босатып жіберген мыңдаған тамшы, тұңғиық түбіне жамыраса ағып, жарыса құйылуда. Тақтай тасты дүсірлете жөнелген қос түтек ағын жеті қат жер астынан тіршілік дабылын қағып жатқандай.
Асқа алты күн қалды дегенде жаңа құдық шегенделіп бітті.
Ойдағы-қырдағыны тегіс дүрліктірген ас өтті. Көптен бері құдықшының құрым қосынан көп алысқа ұзап шықпаған Еңсеп те бір желпініп қалды.
Адам пақыр талай нәрсеге үйреніскенмен, тап қара жердің астына үйренісе алмақшы емес. Ол азды-көпті зейнетінің қасында, ел-жұртының ортасында құдайдың жарық күнін көріп, жұпар ауасын жұтып жүргенде қай-қайдағыны ойлап уайымға батады. Сондай кем тағат, кем қанағат жанды жарық дүниеге жаратылған жұмыр басты пенденің қай-қайсысы да, аяғының астынан шаянша шағып жатқан сыз топырақ та жеті қат жердің астына, меңіреу тұңғиыққа күн сайын тірілей түсіріп қойған соң не жорық!
Құдықшының жалғыз серігі - үрей. Оны жан-жағынан анталап тұрған сыз қабырғалар да, түу төбеде жылтырап, екі көзін төрт қылып, өзіне телміртіп қойған болмашы саңылау да, аяғының астынан шаянша шағып жатқан сыз топырақ та қорқытады. Осынша азаптанып қазғанда жөнді-су шықса жақсы, ал судың кіндігі бір көш бұру қалуы да мүмкін ғой. Шықса да, ащы боп шыға ма, тұщы боп шыға ма?
Құдықшы сан-сапат жер шұқып, сан рет су шығарса да, өмір бойы әлденеге сезіктенумен, өзіне-өзі сенбеумен өтеді. Қазбас бұрын әбден тәптештеп, тап осы араның күманы жоқ деп қазық шаншығанмен, жер астына кісі бойы түсуі-ақ мұң, қалың күдік қайтадан қамап алады. Енді сол күдігі жер астына бір елі тереңдеген сайын өсе береді. Екі шұқып, бір қараған мимырт жұмыс қандай жүйкені де жүнжітіп, қандай жүректі де қаралай күпті қылып бітетін болса керек. Маңынан тірі жанның не көзін көрмей, не сөзін естімей, бір өзі тырбаңдай беретін жалғыздық пен ештеңені анық көре алмай пұшайман болатын су қараңғылық жігерін ұстарамен қырнағандай, күн санап титықтата түсетін түрі бар. Құдықшы неғұрлым көпті көріп, жер ортасына жақындаған сайын солғұрлым күдікшіл, неғұрлым құдықтың түбіне жақындаған сайын солғұрлым үрейшіл болыңқырайтын секілді. Ал енді су әне шығады, міне шығады дейтін күндері ол тұңғыш рет толғақ қысқан анадай, бұдан бір ай бұрын, бір апта бұрын, тіпті күні кеше қуанғанын атымен ұмытып, өмір бойы өлім аузында жүрген кісідей өң-сұры қалмай, қорқыныш құшағына біржола беріледі. Бір жыл ғана бұрын көкірегі алып ұшып, небір тәтті қиялдарға бөктірген қуанышы енді кеп табан астынан құрдымға құлататындай, шошына уайымдайды. Баяғы тәтті арманның бәрін ерсі көріп, өзін есірік санайды. Әу баста осынша қауіп-қатердің барын көрмеген-білмеген желбуаздығына өлердей ызаланады. Тек осы жолы ісі оңға басып, ойлағанындай болып шықса, ендігәрі мұндай істің маңынан жүрмеуге іштей ант-су ішеді.
Еңсеп те өзі қайлалап тескен тас құрсаудың ортасына түскен сайын иманын үйіріп түсіп, жарық дүниеге әр шыққан сайын тәуба айтып шығатын-ды. Бірақ құдықты қазып бітіргенде өн-бойындағы күш-қуаты түгел сарқылғандай боп, жер астына енді беттеместей тауы шағылып шықса да, арада бес-алты ай өтер-өтпесте тағы да құрым күрке тігіп, тағы да жер шұқып жатады.
Күні кеше жігерін құм қылған қараңғы шұңқырға қайтадан жетелеп алып келген әзәзіл күштің аты не екенін ол кезде Еңсептің өзі де білмейтін. Келе-келе түсінді. Бірін-бірі жақсы мен жаманға бөліп, жағаластырып қойған мына дүниеде бөтеннің аузынан шыққан жылы сөз, қошамет-қолпаш әлі арыны қайта қоймаған арғымақ атқа қатты тебінген үзеңгімен бірдей екен. Ал ол кезде адам пақырды тауға ұрып, тасқа соқтыратын аяр алданыштың әлі арыны мұқалмаған арғымақ кезі еді.
Қошамет-қолпаш атты аяр Еңсепті қара жердің астына талай рет тірілей түсірді. Ол әуелі құдық қазылып біткенде естіген ел-жұрт түгел қуанады екен деп ойлайтын-ды. Бірте-бірте ол ойының қате екеніне көзі жетті.
Әр шынырау біткен сайын алдына мал түссе, артына сөз еретінді шығарды.
Құдық біткен күні жанына кеп:
Апырай, мына байда иман жоқ екен, жетпіс құлаш шыңырауға бар болғаны жетпіс тоқты айдатыпты-ау, -деп сыбырлап қалатындар араға айлар салып өзі келеді.
Еңсепжан, біз анау пәленше бай емеспіз. Ақыңды жемейміз. Ернектің үстінен шыңырау қазып берсең, жүз тоқтыны алдыңа саламыз, - деп қолқалайды.
Еңсеп енді кез келген қолқашыға қолқ ете қалуды қойды. Алдына келген кісінің шапанына, ер-тұрманына, дәулетіне қарайтынды шығарды.
Көп ұзамай Дәржан ағасы: «Шақырлаған ақ тауды тесіп су шығара беруге тайыз ойдағы елге барам», - деп үстіртті тастап көшіп кетті. Сол жақта бес жылдай ауыз суға құдық қазып жүрді де, ақырында бір құмның етегінде құдық қазып жатқанда, жұмсақ топырақ үстіне жапырылып құлап дүние салды.
Еңсеп шың үстінде шыңырау қазып қала берді. Әр құдық біткен сайын құдық ақы малдың саны өсе түсті. Бірақ оның есесіне қолқашының саны біртіндеп азайып барады. Дәулеті асқандар ғана атын шығару үшін Еңсепке ат шаптырады.
Үйінің іргесі саябыр тартты. Бір өкпелеп аттанғандар енді көрместей боп түңіліп кетті. Барып басқа құдықшы іздеді.
Дәл сол шамада Хорезмнен Қалпақ деген біреу көшіп келді. Әуелі Қалпақ ер шабады, жона тігеді деуші еді. Енді құдық қазады деген атағы шықты. Еңсепке қолқасы жүрмегендер соған үймеледі. Кейбіреулері қыр көрсеткендей, тұп-тура бұның аулының көк желкесіне жете беріп, бір сәскелік бұру отыратын Қалпақтың аулына қарай тізгін түзейді.
Бастапқы кезде Еңсеп ондай-ондай қоқан-лоқыға миығынан күлді. Біраздан соң аулының үстінен аттап өткендер шамына тие бастады. Түрулі іргеден Қалпақтың аулына қанша атты өткенін санап, олардың қай-қай ауылдың адамдары екендерін аңдитынды шығарды. Аталы-аталы үлкен ауылдардан әзір олай қарай ат ізі түсе қойған жоқ.
Еңсепке келген қолқашылар да әңгіме арасында әдейі Қалпақтың атын қыстырып қалатын болды. Ол ондай-ондайға мән бермеген қалып байқатты. Кейінірек: «Хорезм жақтың жері біздей ақар-шақар шың көк ала тас емес, саздауыт келеді. Саз ойып қалған адам таяз, таңқы құдықтар болмаса, тас қашап, шыңырау қазуға көндіге алар дейсің бе?» - деп апшымаған нығыз рай танытты.
Сөйтіп жүргенде, Еңсептің алдынан сағы сынып қайтқан Сағынай бай Қалпаққа Үстірттің үстіне көш шығаратын ақ жолдың тап ұшар басынан құдық қаздырды. Ел ішінде Сағынай үйіне қонақ барғанда, қазанға ас саларда, сыртта ойнап жүрген немерелерінің біреуін шақырып алып:
— Әй, құлыным-ай, күні бойы тыным көрмей шапқылайсың да жүресің. Мына қарашы, сүйек-сүйегіңнің бәрі ырсиып кетіпті. Қабырғаңды қолмен санағандай. Кәні, кәні... біреу, екеу, үшеу, төртеу, бесеу... Түу, түу... Омыртқаң одан да жаман. Біреу, екеу, үшеу... Сидиған қарыңа қарап, жұрт сені шыр жұқпаған үйдің баласы екен дейді ғой. Тұра тұр! Ойбай-ау, жауырыныңа шодырайып шығып келе жатқан мынау не жара! - десе, кемпірі қазанға жауырын, қары жілік, бес тал қабырға, үш тал омыртқа салады екен дейтін әңгіме бар-ды.
Сол сақалын қазанға малып, асты өзі санап салатын Сағынай сараң Еңсепке тісін қатты басса керек. Жұрт ол Қалпаққа ернектегі шыңырауды қазған ақысына түйеге бастатып жүз елу тұяқ атапты деп соғады.
Бір күні: «Ойбай, әлгі Қалпақ қазып жатқан шыңырау Үстірттің үстіндегі ең терең шыңырау болатын түрі бар. Қазірдің өзінде жүз қадамнан асыпты» деген хабар дүңк ете қалды. Содан былай ауыл-ауылдың арасына қатысқан бірен-саран адамның хабары сол Қалпақ қазып жатқан құдықтың төңірегінен шыр айналып шықпай қойды. Күн өткен сайын дабырық ұлғая түсті. Бүгін: «Жүз жиырма қадам болыпты» десе, ертеңіне: «Жүз отыз қадамға жетіпті» деп шығады.
Қойшы-қолаңның әңгімесін былай қойғанда инабатты ақсақалдардың өзі Қалпақ қазып жатқан шыңыраудың жайын айтып, қызыл кеңірдек бола бастады. Біреулер: «Қалпақтың бабасы әулие кісі болған екен. Содан киелі темір қазық қалыпты. Сол қазықпен жер барласа, су шығатын жерге келгенде алақаны тартып белгі береді екен. Қалпақ судың көзін солай табады екен», — деп дақпыртты.
Гу-гу әңгіме өрши берді. Бір-екі кісі: «Өз көзімізбен барып көрдік, шыңырау жүз қырық құлаштан асыпты», -деп келді. Енді жұрт жан-жақтан Қалпақ қазып жатқан құдықты іздеп барып көре бастады. Тіпті Еңсептің қоңсылары да ерінбей-жалықпай ат сабылтып барып қайтты.
Әзірге қылп етпеген жаңғыз Еңсеп. Бұрын Қалпақтың жайын айтуға жұрт бұдан қысылатын болса, енді жұрттан бұл қысылатын болды.
Үй-үйдің көлеңке бетінде Қалпақтың құдығын айтып гуілдескен жұрт, Еңсеп қайтер екен деп әдейі айтып отырғандай боп көрініп те кетеді.
Сыртынан сынап отыратын мінші көздерден Еңсеп қатты қаймықты. Бір күні не де болса, барып өз көзімен көріп қайтуға бекініп атына мінді.
Қалпақ орақ мұрын, шегір көз сары кісі екен. Жасы жер ортасына таяған адам болса да, Еңсепті көргенде қалбалақтап қалды. Жалма-жан таңдайының астындағы насыбайын тілінің ұшымен жерге бір-ақ ытқытып, сиректеу жидіп біткен жирен мұртын жеңімен сүртіп, ауыл-аймақтың амандығын сұрай бастады. Иегінде тұқыл жоқ, көк жарғақ көсе. Маңдайы мен желкесінің арасы қарысқа жетпейтін қалақ басын әуелде не қара, не көк болғаны белгісіз күлгін орамалмен таңыпты да, бір ұшын құлағын бастыра салбыратып қойыпты.
Әншейінде көзі кісінің жүзіне көп тоқтамайтын Еңсеп Қалпақтың тұла бойынан түк қалдырмай түгел тінтіп шықты.
Қалпақ әйкелге түсірген тығырық тастың үстінде отыр. Құдықтың ішінен жаңа шықса керек. Тізесінен асыра қайырып қойған балағы су-су. Қара ала шекпенді жалаңаш иініне жамылыпты. Не тоңып отырғаны, не күліп отырғаны белгісіз, - сирек сарғыш шоқша тістері ақсиып тұр.
Қалпақтың сауалдарына сыпайы жауап қайтарған Еңсеп енді өзі жай сұрай бастады. Мал-жанның амандығына Қалпақтай қадала тоқталмай, шыңыраудың жай-жапсарына көбірек шұқшиды. Құбыла беттегі ақсиып жатқан шығыр тартқан түйенің жалғыз аяқ соқпағына қарап, көзімен мөлшерлеп, үнсіз тұрып қалды. Жұрттың айтып жүргені рас екен. Жүз елу қадамға жетіп қалған түрі бар. Манадан бергі сыпайы өңі күрт түтігіп кетті.
Өзі-өзінен жиырыла қалған маңдайын күшпен жазып, ерні әзер қиысып:
- Оң болсын, - деді.
- Айтқаның келсін, - деді Қалпақ.
- Еңсептің құлағына оның даусы оқыс саңқ ете қалғандай ерсі естілді.
- Жалт қарады да, қатулы жүзін жадыратқысы кеп, езуін жиырып:
- Судың қашан шығатын сыңайы бар? - деп сұрады.
- Ертеңдері шығып қалар.
- Еңсеп атына беттеді. Қалпақ дәмге шақырып еді, аузына алдымен оралған бір сылтауды айтып, аяғын үзеңгіге салды. Қалпақ қолтығынан демеді.
Ол атына мініп, Қалпақтың жүзіне бір бұрылып қарап, қоштасты да жүріп кетті. Оған Қалпақ соңынан мүсіркей қарап тұрғандай боп көрінді. Әлгі бір қолтығынан демегені де аяушылық жасағаны сияқты. Соны ойлағанда, біреу қолтығының астынан шымшып алғандай тұла бойы түршігіп сала берді.
Атының сауырына қамшысының қалай барып қалғанын да байқаған жоқ, шоқыта жөнелді. Бұл шыңырау, шынында да, Үстірттің үстіндегі ең терең құдық болғалы тұр екен. Оны жұрт қазірдің өзінде «Қалпақ қазған» атап кетті.
Еңсеп «Қалпақ қазғаннан» еңсесі түсіп қайтты. Айна таз ала қырдан талай су шығарған Дәржан ағасы «пәленше қаздырған», «түгенше қаздырған» деп талай байдың атын шығарды да, өзі ақыры апанның астында қалып өлді. Атан түйені алып ұрардай қайратынан ат жалынан тартып мінгелі өле-өлгенше тырбынып өткен еңбегінен, кенезесі кепкен талайды суға қандырып алған алғысынан не көрді? Қара дөңнің басындағы қалың қауымның шет жағасындағы қызыл төмпек көнереді, қасына басқа төмпектер қосылады. Сосын жел типылдап, қазып тастаған көне шұңқырдың астында кім жатқанын кім біледі? Сонда Дәржан өмір бақи қара жерді үңгіп өткенде не көрді? Иттің итақайы ішіп-киіп жатқан аз күндік азық пен үстегі лыпа ма?
Өзгенің табан астында тасы өрге домалаған тосын бағы Еңсепке өткінші өмірдің ұйытқыма опасыздығын ұқтырды.
Енді іргесі тіпті босап қалды. Бұрынғы күдер үздіріп барып бір соғатын сирек қолқашы там-тұмдап біржола құрыды. Алыста атты біреу қарауытса, өзіне келе жатыр деп ойлап қалған Еңсеп әлі де көкжиектен қарайған көрінсе, қашан ауылға жеткенше қырық тыпыршып тағаты таусылады. Бірақ біраздан бері бұл ауылға соғатын азын-аулақ қара-құраң өңшең бір мал жоғалтып жүргендер боп шығады.
Еңсептің құдық қазып жиып алған азғантай дәулетінің жыл өткен сайын етек-жеңі дөңгеленіп барады.
Ол енді әлденесі ұмыт қалғандай қараптан-қарап отырып көңілі құлазып, бойы сергімей-ақ қойды. Үйреншікті әдетімен сары ала таңнан тұрады, әйелін асықтырып, шай қайнаттырады. Оны апыл-құпыл ішеді. Сосын бір кіріп, бір шығып күйбеңдеп жүреді-жүреді де, төр алдына сылқ шөгіп тоқырап отырып қалады. Бұрын сыз құдықтың ішінде жер шұқып отырғанда күнді ұзақ көруші еді, енді жердің бетінде, жарық дүниеде, салқын ірге, салулы төсекте ұзақ күнді кеш қыла алмай, тағаты таусылады.
Ақыры сабыры сарқылды. Атына мінді. Қырдың үстінде қара құйрық, киік жайлайтын көлдеу ойларға, олардың суатқа баратын жымдарына, арқары бар сай-салаға қақпан құрып, аңшылықты ермек етіп көріп еді, одан да пәтуа табылмады. Айдалада келе жатып аң барлаудың орнына жер барлайды. Қырқа-қырқаның, жүлге-жүлгенің қалай тоғысқанын қадағалайды. Шөптің бітісіне зер салады. Алымы жоқ, берімі жоқ атынан түсе қалып, қамшысының сабымен топырақ қазып, алақанына жазып көреді.
Арқар қарап, қия-қия шатқалдарға тап болса, ара салуға, тасымалға оңтайлы тасы бар жер шолады.
Аң ұстап қарық қылып жатқаны шамалы. Әйтеуір, қатын-баланың кірген-шыққанын аңдып жатқаннан жақсы ғой деп лағып-лағып қайтады.
Жапан түзде өзі құсап аң қуалағандар ұшырасса, төңіректің хабар-ошарын сұрайды.
Сағынай рулы елі боп, Қалпақты қолдарынан шығармауға бекініпті. Ол «Қалпақ қазғанның» тұсынан ешкімді өткізбеймін, суатымды сарқып, өрісімді тоздырасың деп көшке ұрынатынды шығарыпты. Байсал байдың екі қойшысын құдығымнан неге мал суарасың деп астауға таңып қойып сабапты. Содан бері екі бай ит пен мысықтай көрінеді.
Бір күні Еңееп қақпан қарап қайтып келе жатып, іргесінде байлаулы тұрған бөтен атты көрді. Қапелімде өз көзіне өзі сенбеді. «Бұл кім болды екен?» деп ентелей басты. Ауылға жақындаған сайын жүрегі ойнақшып, өне бойын әлсіздік меңдеп барады. Бөтен аттың ер-тұрманына қарағанда үйіне бір күйлі адам келіп түскен сыңайы бар.
Атын тұсап жатып, түрулі іргеден Байсал байдың майлы желкесін көрді.
Ай қасқа маңдай, шоқша сақал Байсал есіктен кірген Еңсепке жадырай амандасты. Келген шаруасына бірден кіріспей, ауыл-аймақтың хабарын айтып, әңгімемен отырды. Көптен қонақ көрмей құр болып қалған Еңсеп тоқты сойғызып, құрақ ұшып жүр.
Аттанарында Байсал:
- Еңсеп, мені әне бір қырға дейін шығарып салмайсың ба? - деді.
- Болсын.
- Ауылдан былайырақ ұзай бере бай сөз бастады.
Байсал әңгімесін кенет тыйып, Еңсептің бет-жүзіне барлай қарады да, біраздан соң қайта жалғастырды.
Пәтуа байласылды. Байсал бай қоштасып жүріп кетті. Көшелі сары ат күзгі сар барқын даладан еміс-еміс қылаңытып, тайпалта жорғалап барады. Еңсеп жаңа ғана өзімен қоштасып, көзді ашып-жұмғанша анадай жерге ұзап кеткен Байсалдың соңынан қызыр көргендей қарап қалыпты.
Бір уақытта есін жиып, атының басын аулына қарай бұрды. Сол-ақ екен, алыстан біреу бұның атын атап, айқайлағандай болды. Көк желкесі мұздап қоя берді. Байсал жол-жөнекей жаңағы уәдесінен айнып, қайтып келе жатқан жоқ па екен деп, артына бұрылып еді, бай көкжиектегі қара дөңнің үстіне көтеріліпті.
Біраздан соң тағы да бұрылып қарады. Байсал бұл жолы көкжиектен әрі асып тасаға түсіп кеткен екен.
V
Байсалды шығарып салған соң Еңсеп қатты толқыды. Қолқашылардың осы келмей кеткені кеткен шығар деп торығып қалған жүрегін енді көптен бері: «Әй, қайтадан құдық қазар болсам, бүйтер едім» деп жан баласына тісінен шығырмай көмейіне бұқтырып келген бір арманына жете алам ба, жоқ па деген тымырсық күдік тызылдата бастады. Пәлен күн бойы атынан түспеді. Байсал бай меңзеген жонды бұта қалдырмай түгел шарлады. Ол деңгейдегі жыра-жүлге, қырқа-қыраң суат атаулыны тегіс сүзіп шықты. Үйінде де ешкімге жақ ашпайды, өзімен-өзі. Кейде дастарқан басында қолындағы шыны аяғын жерге қоя салып, оң тізесін таянып, сұлқ отырып қалады да, біраздан соң ұйқысынан оянғандай суып қалған шайына қайтадан қол созады.
Ұзақ толғанып жүріп ақыры осы араға тоқтады. Кеңескен рет жасап аталас бір-екі ақсақалдың алдынан өтті, бірақ ақылдасты деген атағы болмаса олардың еш сөзіне мән берген жоқ.
Байсал Еңсеп қазық қаққан жерге үй тіктірді. Қолғабысқа төрт жігіт қосты. Еңсептің құдық қазуға кірісетін күні түні бойы кірпігі ілінбеді.
Біраздан бері қолына күрек ұстамағандықтан ба, жүрегі қайтып қалыпты. Темір қазыққа телміріп ұзақ тұрды. Қанша қажыса да құдық басына қайтадан жетелеп алып келетін баяғы ду-ду қошамет-қолпаштың үні өшкелі көп болды. Ол кездегі «не болса да көріп алдым» - деп қойып кететін тәуекелдің арғымағы бүгінде арыны қайтып, қанша қамшыласаң да басын кекшитіп, баспай тұрып алатын жауыр тұғырға айналыпты.
Бірақ бұл жолы оны өзге күш жер астына желкелеп түсірмек... «Қалпақ қазғанды» барып көргелі бір бүйіріне шаншу боп қадалған, кейбір ұйқысыз түндерде өкпесін сығып, ара-тұра ақылынан тандырып кете жаздап, талма аурудай жабысып алған сол бір беймәлім дерттің атын атауға әлі күнге аузы бармайды. Күніне әлденеше рет тіршіліктің талай-талай жым-жымын шарлап қайтатын қаңғыма ойы сол жанын жегі құрттай жеп жатқан дерттің түрін түстеп, атын атауға келгенде тайқып шыға келеді. Не де болса сол жегі мұның жігері тұралап қалған тұғыр болмақ түгілі орға құлап, мертіккен асқақ есек болса да, сауырына темірдей қадалып, шаптырмай қояр түрі жоқ.
Міне, одан бері де бір жылдың жүзі ауыпты. Мелшиген меңіреу жерді тыным таппай үңгіп келеді. Екі-ақ рет жұмысы тоқтады. Екеуінде де атына мініп, тастақ жыраның құлау құйрығын бетке алып, қыр асып кетіп қалды да, бес-алты күннен соң қайтып оралды. Соңғы рет осыдан екі күн бұрын барып қайтты. Қайда барды, неге барды? Ешкімге айтқан емес, Шыңырау ойындағыдай боп шықса, той үстінде Байсал байдың өзіне айтпақ.
Онда Еңсептің еңсесін ешкім түсіре алмайды. Содан кейін құдық қазбақ түгілі маңынан жүрмейді. Аз ғана дәулетін кіш-кіштеп шаруа күйттеп өмір сүреді.
Ал енді ол ойлағанындай болмаған күннің өзінде бұл осы ала қырдың үстіндегі ең терең шыңырау атанады. Ақ шың ернектен ұзаған сайын жылмиған үстірт аласарып, ойпаң тартпайды, қайта анда-санда бір соғып отыратын бүкір жал, көлденең қыраңдардан асқан сайын, сонау ұлы құмдарға ұласқанша саты-сатылап биіктей түседі. Бұл білетін терең құдықтардың бәрі бұл деңгейден төменде, ернек жақта; ол араның суы бұдан әлдеқайда таяздан шығады. Ендеше, бұл шыңыраудың суы кемі екі жүз қадамнан бері белгі бере қоймас.
Еңсеп бұл араға өткен жолы осындай іш есеппен қазық шанышқан-ды.
Анда шығыр тартып жүрген қара атан екі жүз қадамнан қайтқанда қатты қуанған-ды. Содан бері көңілі орнықты жүр еді, кешелі бері су қиыршық көбейіп қайтадан қабағы түсіп кетті. Су қиыршықтың мұнша көбейіп кетуі, әрине, тегіннен-тегін емес. Егер су бұл нысаналаған жерге жетпей, беріден шықса, онда ол атын екі рет босқа сабылтқан болды.
Еңсеп ауық-ауық төңірегіне құлақ тігіп, тың тыңдайды. Қолындағы сүйменнің сыз қабырғаға тиген сырп-сырп дыбысынан басқа дыбыс естілмейді.
Дымқыл қиыршық көп күш салмай-ақ өзінен-өзі үгітіліп құлап жатыр. Емен күбі теп-тез толып қалады. Соған қарағанда судың көзі жақын тәрізді. Тіпті осы маңайдан тесіп шығуы да мүмкін. Қай жақ қабырға әлі қатты екен деп сипалап көріп еді, көк тас кезікпеді.
Егер мұның ойлап жүргеніндей болғанда, ендігі шақылдаған көк тас ұшырасса керек еді. Айналасының оп-оңай ылжырап кеткеніне түсінбей отыр.
Еңсеп сүйменді сыз қабырғаға сүйеп қойды да, ойланып қалды. Екі шықшыты дуылдап қышып қоя берді. Саз балшық қолымен қашыр-қашыр қасыды. Миына біреу құм құйып қойғандай басы зіп-зілдей, ойына ештеңе түспеді.
Сүйменді қайта ұстады. Сыз қабырғаны дүк-дүк ұра бастады. Кенет тасқа тиіп, шық ете түсті. Еңсеп өтірік пе, шын ба дегендей, антарылып тұрып қалды. Сосын жаңағы сүйменіне қатты тиген жерді бойлап қаза түсті. Әлгі күрт-күрт дыбыс жоғалды. Сүйменнің тиген жері шақ-шұқ тас. Сыз қабыршақ таусылыпты. Аяғының асты су жиылып, шылпылдап қалыпты. Таң атқалы қазғаны үлкен көз емес екен; үлкен көз болғанда ендігі су атып кететін мезгіл болып еді. Ол үлкен арнадан қашып шыққан ұры ағындар босатып тастаған қайыр қабат сияқты. Нағыз арна алда болса керек. Ол мынау тақ-тұқ жаңғырып жатқан тас қабаттың астында. Соны ойса, ар жағы су...
Анада алғашқы кетіп қалғанында інісі Теңселдің үйін шеген тас кессін деп, қиялама ақ шың ернекке апарып қондырып қайтқан-ды. Күні бойы көшіп-қондымен жүріп, үй тіккен бойда талықсып ұйықтап кетіп еді. Түн ортасы ауа көзін ашса, құлағына бір суыл келгендей болды. Әрі-бері тыңдап жатты-жатты да, сыртқа шықты. Шілдедегі иін тірескен көп жұлдыз жымың-жымың етеді. Қараңғы түнде пышақтың жүзіндей боп табаныңның астына кеп тіреліп жататын қап-қара көкжиек - шың ернек. Оның астында - теңіз. Жым-жырт түнде о да дыбыссыз. Тек сәлден кейін қармай алып, бойын шіміріктіре бастаған дымқыл ауа ғана жақын маңайда ұлан-асыр көп су жатқанын сездіргендей. Еңсеп салқын самалдан омырауын көлегейлеп, иығындағы шекпенін айқара қымтап, үйге қайта кірді.
Жастығына басы тиісімен манағы суыл құлағына тағы да оралады. Еңсеп енді ұйықтай алмады. Бір ауық құз шыңдарда болатын үлкен-үлкен үңгірлерден күңірене шығатын желдің ызыңы дейін десе, күн тымық. Қиялы қырық саққа жүгіріп басы қатты, бірақ ұйқысы шайдай ашылып, кірпігі ілінбей-ақ қойды. Тезірек таң атқанын асыға күтті.
Таңертеңгі шайын іше сала, өрнекті бойлап қыдырып кетті. Сеңгір-сеңгір ақ құздар көк теңізден біресе шалқая қашып, біресе сұғына төнеді. Кей тұста аппақ бір шыңдар ақ айран дарияның ортасына белуардан еніп кеткен. Сондай бір ақ тұмсықтың үстіне шыға беріп еді, құлағы тағы да елең ете қалды. Түні бойы ұйқысын қашырған суыл сол төңіректің бір жерінен шығып жатқандай. Құздың ернегінен үңіле қарады. Теңіз бүгін де тыныш. Көк атлас көйлектің қатарма етегіндей біріне-бірі ілескен қабат-қабат бұйра толқындар ақ шыңның аяғына жығылғанда, ауық-ауық шылп-шылп сүйіп қояды. Қарын жарып жатқан ақ түтек айдын емес. Ендеше мынау ненің суылы. Желді күнгі теңіздің айбарлы өксігіне де ұқсаңқырамайды. Құлағын тоса түсті. Сарқыраған ағын судың дыбысы сияқты. Бірақ мынау ақ тағанақ ала қырда теңізге құятындай өзен атымен жоқ. Бір-екі жердегі сордан бас алып сорға құятын ащы ағар жүлгелер теңізден алты көш алыста құрып бітеді.
Еңсеп өз құлағына өзі сенбей аң-таң. Теңізге өңмендей төнген ақ тұмсықтың қайтадан айдынды орағытып, кейін шегінетін ернегін бойлап жүріп кетті. Азу-азу ақ шыңдардың арасына кіріп кеткен үшкіл шағын шығанақты айнала бергенде қарсы беттегі құздың табанында қарауытып жатқан үңгірді көзі шалды. Көк теңіздің шылп-шылп толқыны қара үңгірдің ішіне кіріп-шығып жүр. Әлгі сарыл сол үңгірден шығып жатқан төрізді. Сол маңайдағы ақ шың ортан беліне дейін сарғыш тартыпты.
Еңсеп солай қарай асыға аяңдайды. Үңгірдің өкпе тұсына жеткенде әлгі сарыл күшейе түсті. Ыңырана соғатын теңіз толқынының шылпылы емес, суыт ағынның сарылы. Қара үңгірден көк теңізге жер астынан ағын құяды екен. Кенет көңіліне осындай ой қашты.
Еңсеп қара үңгірдің көк желкесінен оба үйді де, соны нысана қылып жолға шықты. Сөйтсе, сол ақ тұмсықтан осы өзі құдық қазып жатқан тастақ жыраға дейінгі екі орта оқтын-оқтын тілім-тілім тастақ ұшырасып отыратын ойпаң жүлге екен. Қырдың үстіндегі шыңыраудың көбі сол деңгейді бойлап қазылыпты. Еш жерден төбешік не қыраң соқпайды.
Еңсеп сонда құдықтардың бәрі сонау тұңғиық тереңде теңізге құлап жатқан үлкен арнаға су құятын бергі - жер бетіне жақындау майда тарамдардың кіндігінен шыққан сулар деп болжаған-ды. Сонау ащы теңізге су құятын сарқырама арнаға жеткен ешқайсысы жоқ.
Сол ойы есіне қайта оралған Еңсеп табанының астынан шыққан тақтай тасты төкпектете ұрғыштады. Екі құлағы шыңылдап кетті. Құлақтағы шуыл, сүйменнің дүсірі таң атқалы жым-жырт қара үңгірдің ішін үнге толтырып жібергендей.
Бір уақыт манадан бері сыз жерде тұрған темір сүймен алақанын қарыған соң, қолғабын киейін деп кідіріп еді, бір суыл шыққандай болды.
Ол құлағын тігіп тұрып қалды. Шөл далада, қапелімде сай-салада ұшырасып қалатын азын-аулақ жиде ағаштың түбінде жатсаң тап осындай суыл еститінсің. Бұл не суыл? Әлде осы арада жер үстіндегі кеуектермен жалғасатын жарық бар ма екен?
Қабырғаларды шырқ айналдыра сипап көріп еді, еш жерден қолы сүрінбеді. Қайта тыңдады. Суылдың ар жағында бірдеңе сылдырайтын сияқты. Тағы қазды. Тағы тоқтады. Тағы тыңдап көрді. Сол баяғы түсініксіз суыл.
Еңсеп тақтай тасты ұрғылап жатып, ауық-ауық тоқтай қалып әлгі суылға құлағын тосады. Сылдыраған дыбыс күшейе түскендей.
Кенет қуанып кетті. Мынау судың сылдыры. Еңсеп құлағын тосқан сайын күшейіп барады. Мынау кәдімгі күркіреп ағып жатқан сарқырама ағын ғой. Мелшиген сыз қабырғалар да жер астынан шыққан беймәлім дыбысқа құлақ түргендей телміріп тұр. Зымыран қара үңгірдің іші сол бір сарқыраған дыбысқа тегіс жаңғырыққандай.
Еңсеп тақтай тасты дүрс-дүрс түйгіштей жөнелді. Енді әлгі жер астындағы сарынды сүйменнің дүңк-дүңк дүсірі де жеңе алмады.
Еңсеп ештеңеге алаңдамады. Тақтай тасты төкпектете соққылады. Үскірік жер астында тұрғанына қарамастан, әуелі маңдайына, сосын омырауына шып-шып тер шықты. Тақтай тас сарт-сұрт сынып жатыр. Осылай қазыңқырай түссе, ұлы арнаға да жетеді. Жүрегін қуаныш кернеп, өне бойынан әл кетіп бара жатқандай. Темір сүймен қолынан шығып кетпей шаққа тұр. Шеңгелін сыға түсті. Кенет дәл қасынан дүрс-дүрс дыбыс естілді. Қараңғы үңгірдің ішінде бұдан басқа тағы біреу тақтай тасты тарс-тарс төмпештеп жатқандай. Бұл ауық-ауық тоқтап, тың тыңдайды. Бұл тоқтағанмен әлгі дүрсіл тоқтамайды. Әлдекім мынау тақтай тасты бұдан бұрын оям, ұлы арнаға бұрын жетем деп жаныға қимылдағандай. Еңсеп сүйменіне қайта жабысты. Біраз шапқан соң тағы кідірді. Әлгі бір жұмбақ дүрсіл құлағын жарып барады. Тағы да бұл тоқтағанмен, ол тоқтаған жоқ. Еңсеп қайтадан екілене ұрғылады. Әбден өкпесі алқынып, жүрегі қысылғандай болған соң, бірауық дем алайын деп еді, бұның көзіне көрінбей дәл қасында көк тасты дүңк-дүңк тоқпақтап жатқан өзге дүрсіл бұрынғыдан да күшейте түсті.
Ол орнынан тағы тұрды. Темір сүймен тақтай тасты тағы да төбелей жөнелді. Еңсептің өне бойын қара тер жуды. Көзіне құйылған ащы терді білегімен жасқауға да мұршасы болмай, үсті-үстіне ұра берді...
Кенет сүйменнен әлдекім шап беріп ұстай алды да, жібермей қалды. Еңсеп көзі қарауытып отыра кетті. Қара үңгірдің іші су қараңғы тас түнекке айналды. Оның көз алдынан Қалпақтың көк орамалы желпіп өткен сияқты болды. Қалпақ мошқап күліп тұрғаны, я аяп тұрғаны белгісіз, бұның қарсы алдында тісі ақсиып, талтайып тұрып алды. Кенет бұған қарай қолын созды да, сүйменіне жабысты. Еңсеп қолындағы сүйменін алып кетеді екен деп, жандәрмен шірене тартып еді, тастың жігіне түсіп, тесік ұстап қалған сүймен жылмаң етіп суырылып шыға келді.
Еңсеп есін енді жинады. Табанының астынан өкпек жел ескендей болды. Сарқыраған судың шуылы анық естілді. Еңсеп шуылға құлағын тосып біраз отырды. Оның құлағы судың сылдырынан бөгде бір дыбысты байқады. Таң атқалы бұның құлағынан кетпей қойған алқына соққан өз жүрегінің дүрсілі екен.
Езуіне күлкі жүгірді. Енді ішіне жарты астау су сиятын тай терісінен жасалған үлкен қауға қиналмай сиятындай қып, мынау тақтай тасты оюы керек. Талтайып тұрып тақтай тасты тағы ұрғылады. Біраз шапты. Тесіктің көлемін білгісі кеп, қолындағы сүйменімен барлап көріп еді, әлі шағындау тәрізді. Қайтадан төмпештей жөнелді. Сүймені әр тиген сайын тақтай тас күрт-күрт омырылады. Біраздан бері жұртқа есесі кетіп, көңілін ыза жайлаған Еңсеп дегеніме жеттім бе дегендей екілене ұрғылайды. Тұңғиыққа тасыр-тұсыр домалап, біраздан соң барып шылп-шылп құлайтын тас дүсіріне құлағы әбден үйреніп алған. Ештеңеден еті шімірікпейді. Жаңа ғана жан-жағынан сығып тұрған тас құрсауға да, қалтарыс-қалтарыстан қарақшыдай аңдып тұрған көлеңкеге де, құдықтың аузындағы саңылау жарықтың бірте-бірте өлеусіреп бара жатқанына да, сыртта топырақ шығарып тұрған жігіттердің үсті-үстіне арқанды жұлқылағандарына да - ештеңеге де елең еткен жоқ.
Қайқайып тұрып тақтай тасты сарт-сарт сабалайды. Кенет сүймені тасқа тимей, тесіктің өзіне түсіп, екпетінен құлап түсті. Маңдайы тасқа соғылып, басы зеңіп кетті. Біреудің аялы қолдары қос алақанын жайып, қағып алғандай. Басқа жеріне зақым тимеді. Қақа маңдайынан бастап жып-жылы жұмсақ алақан сипап өтіп еді, көмейіне қоймалжың бірдеңе құйылғандай болды. Мұны қағып алған бейтаныс адамның да омырауы терге малшынып қалыпты, жамбас тұсы, жауырыны мұздап қоя берді. Біреу жүзіне телміре төнгендей. Қарауытып кеткен жанары бұның бетіне мүсіркей үңіліп тұрған Қалпақтың көк сұр жарғақ жүзін шолып қалғандай.
Еңсеп зіп-зілдей кірпіктерін әзер көтеріп, көзін ашып алып еді, жан-жағынан ақ түтек боп сарқырап жатқан ағын су әлдеқайда алды да қайқайды. Жан-дәрмен бір бақыруға ғана мұршасы келді. Бірақ оны өзінен басқа ешкім естіген жоқ.
Топырақ шығарып тұрған төрт жігіт қыл арқанды әрі жұлқыды, бері жұлқыды. Күн екіндіге таянғанда қайта тартып еді, ішінде ештеңе жоқ, бос күбі шелектің өзі шықты. Төрт жігіт енді қара атанды шығырға жегіп, қыл арқанның ұшын тұзақтап шыңырауға салды. Шығыр арқан да бос қайтты.
Есі шыққан жігіттер төртеуі төрт жақтан құдықтың аузына жата қалып:
- Еңсеп! Еңсеп! - деп айқайлайды.
Төменнен ләм-мим дыбыс жоқ. Жігіттердің құлағына сонау жер түбінен еміс-еміс суыл естілді. Беттерін жер астынан бір түрлі суық леп жалап өткендей болды. Жалма-жан бастарын көтеріп алды...
Содан бірнеше жыл бойы қанды құдықтың маңына ел жоламады. Біреулер құдықтың перісі бар екен, Еңсепті ұстап қалыпты десті, енді біреулер о жердің астында айдаһар бар екен, бірде құдықтың аузынан басын шығарып тұрғанын өз көзімізбен көрдік деп соқты.
Арада әлденеше жыл өтті. Жер астынан шыққан айдаһар көрінбеді. Бір-екі жүрегіне жүн байлаған жігіттер барып, қауға салып еді, мөп-мөлдір тұщы су шықты.
Ақсақалдар әрі ақылдасып, бері ақылдасып, молда апарып, кітап ашқызып, дұға оқытып, құдықты жын-періден аластады. Шегендеді. Әйкел орнатты. Тусырап жатқан өңір суға қарық болды да қалды. Жаңбырсыз жылдары қанша шыңыраудағы су тартылғанмен, ол лықылдайды да жатады.
Біреулер қауға түсіріп алса, артынан сонау көк теңіздің жағасындағы ақ тұмсықтың астынан табылыпты. Енді жұрт бұл құдықтың суы сонау ұлы теңізге барып құяды екен десті.
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.