«Astana Eurasian Book Fair - 2026» IX Халықаралық кітап көрме-жәрмеңкесінде жазушы-драматург Өтен Ахмет қаламынан туған «Адасқан ғасыр» романының таныстырылымы өтті. «Фолиант» баспасынан шыққан бұл туынды уақыт, тағдыр және қоғам туралы терең ой қозғайтын, оқырманды толғанысқа жетелейтін дүние деген бағаны естідік.
Таныстырылым барысында автормен жүздесу және еркін сұхбат болды.

Жазушының романның жазылу тарихы мен идеясы жайлы айтқан сөзін диктофоннан алып келтірсек:
«Бұл шығармада сөз болғанның бәрі басымыздан кешкен дүние ғой, мысалға мен бір сендерге түсінікті болу үшін бір мысал айтайын, мен университетке 1958 жылы түстім, Мұхтар Әуезовтен лекция тыңдаған адаммын. Бізге ол кісі екі жыл лекция оқыды. Рымғали Нұрғалиев деген академик менімен бірге оқыған, курстасымыз болған, марқұм болып кетті. Академик дәрежесіне жетті. Бізді ол заманда күзде бір ай жұмысқа апарады, көбіне мына тың игеріліп жатқан облыстарға, осы Ақмолаға, Көкшетауға, Павлодарға, Қостанайға апарады астық жинауға. Сонда күні бойы астық жинап, кешкісін күн батар кезде бір уақыт демаламыз. Төбенің басына шығып әңгімелесеміз, сонда біздің ойымыз - біз осылай тұншығып өмір сүреміз бе, біздің өміріміз осылай тұншығумен өте ме, өз қолымыз өз аузымызға жетпей осылай өмірден өкінішпен өтіп кетеміз бе, мына Совет Одағы құлай ма, құламай ма деген әңгімені қозғайтынбыз. Сонда өте оқымысты болатын, бекерден бекер академик болған жоқ, Рымғали Нұрғалиев «ешбір империя мәңгі тұрмайды, міндетті түрде құлайды» дейтін. Сол сөзге біреу сенді, біреу сенбеді, империя құлады. Енді біз, құдайға шүкір, 1957-1959 жылғы санақ бойынша Қазақстандағы қазақтардың проценттік, яғни бүгінгі тілмен айтқанда пайыздық құрамы жиырма жеті ғана процент болды, яғни жүз адамның жиырма жетісі ғана қазақ болды, қалғандарының бәрі басқа ұлттың өкілдері болды, қараңызшы, біз оқыған жылдары қазақ мектептерінің бәрі жабылып қалды. Қазіргі біз көріп жатқан қиындықтарымыздың көбі сол кездердің, сол заманның кесірі, өйткені 1958 жылдардан бастап осы тоқсаныншы жылдарға шейін бүкіл қазақ баласы орысша оқыды, сол орысша оқыған балалардың бәрі билікке келді, билік неге қазақша сөйлемейді деген сұрақ осыдан туып отыр. Ешнәрсе жайдан жай болмайды ғой, ал енді қазір құдайға шүкір, жағдай өзгерді, қазақ мектептерінің саны көбейді, қазақ балаларының саны көбейді, қазір адам саны миллионға жетпейтін мемлекеттер бар, сондықтан біз өте ірі мемлекетпіз, балалар. Бізге қазір бүкіл дүниежүзі көз тігіп отыр, ертең мықты болатынымызға көзі жетіп отыр. Біздің жастарымыз қазір бүкіл әлемдік аренада қай жағынан болмасын мықты жағынан көрініп жатыр ғой, ана Димаштың өзі не тұрады!»
Мен өзімнің ғасырымды, өзімнің жастық шағым өткен ғасырымды адасқан ғасыр дедім, өйткені мен ғана емес, менің замандастарым көбі алданды, мұраттарына жетпеді, армандарына жетпеді, сондықтан оны адастырған өмір сүрген заманы болды, ол адасқан ғасыр болды менің замандастарым үшін. Ал енді бірінші ғасыр бұл күрделі ғасыр болып тұр. Жалпы уақыттың қай кезеңі болмасын, қоғам үшін де, мемлекет үшін де, сол қоғамдағы әрбір адам үшін де оңай болмайды, әлемде болып жатқан қазіргі қиын жағдайларға қарамастан Қазақстан үшін жаман ғасыр емес. Біз қазір қиындықтарды көп айтамыз, ал біздің көрген қиындығымызбен салыстырғанда қазіргі қиындық - жақсы, мен жаманды бағалауды, ащы мен тұщыны бағалауды ұмыта бастадық. Тек тұщы болса екен, тәтті болса екен дейміз, бәрі жақсы болса екен дейміз, олай болмайды ғой, өмірде де ала-құла, бір жері жақсы болғанмен бір жері қисайып тұрады, мәселе сол қисайған жерден жаңағы жақсы жерді теңестіру керек. Қоғамның, мемлекеттің, ұрпақтың міндеті - өзінің өмірін сол өзінің алдындағыдан, өзінің артындағыдан жақсы ету, әлдеқайда түрлендіру, сол тұрғыдан алғанда қазіргі заман жақсы.
Шынында да кез келген жазушы өзінің қолына бір дүниені алып, соны аяқтағанда, осы мен осы дүниемен айтқым келгенін айта алдым ба деген өзіне өзі сұрақ қою керек, осы дүниені оқу арқылы жастар ойлансын, салыстырсын, өткенді бүгінгімен салыстырсын, өткен ағаларының жастық шағын өзінің жастық шағымен салыстырсын, қолда қандай мүмкіндігі бар, соны бағаласын деген ой болды».
