Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Айнаш Қасым. Сиыр алма жеген күн...

18.09.2023 1894

Айнаш Қасым. Сиыр алма жеген күн 12+

Айнаш Қасым. Сиыр алма жеген күн - adebiportal.kz

Әңгіме

Бақтың қалтарыстау жерінде байланып тұрған сиырдың не жеп тұрғанын көргенде өз көзіне өзі сенбеді. Міне, қызық... Қоңыр сиыр бұған көзін алайта қарап, қайтер екенсің дегендей, басын шұлғып-шұлғып қойып, ескі тегене толы сары алманы сілекейін шұбыртып, жеп тұр. Ауылда жайып қойған кірді жейтін сиырды талай көрген. Киімді немесе ақ жаймаларды іске жарағысыз етіп, шайнап тастайтын. Тіпті, картоп жесе бір сәрі-ау. Бірақ, сиырдың алдындағы мынадай аста-төк дүниені, алманы ысырап етуін көруі алғаш рет. Сол сәт басына: «Обал-ай, үй иелері байқамай қалды-ау... Әйтпегенде, әттең, сиыр тұрмақ, өзіміз жеуге қимайтын алтын алма ғой мынау» деген ой келді. Әудем жерде тұрған жездесіне: «Аға, сиыр алмаларды жеп жатыр» деп еді, ол кісі жайбарақат күйде: «Е, жей берсін. Жесін деп алдына қойған ғой...» демесін бе. Немқұрайды түрде айтқаны сондай, тіпті Күршімде өзі бір күнде алма жеп жүрген кісі сияқты... я болмаса, ол жақта алма құдды аяқтың астында шашылып жататын сынды...

Алматыға келгені бүгін ғана. Пойыздан түсе салысымен жол бастаушысының «Талғардың автобусына отырамыз» деген сөзі құлағына тосаңдау естілгенімен, көмейіне келген «Алматы деп келгенде Талғары несі? Ол қай жерде? Алыс па?» деген сауалдарды іркіп қалды. Алматыға алыстан жолсоқты боп жетіп, тағы жол жүргісі келмегені рас. Оқуға түсем деп алыстан ат арытып келген. Анасы «Жалғыз жібермеймін. Барсаң жездең апарады, бармасаң, осы жердің оқуын оқыған ешкім көштен қалып жатқан жоқ» деп кесіп айтқан соң, бұл да өз айтқанынан қайтпай: «Кім апарса да, тек жетсем болды» деп Алматыға келген. 

Сол кісі келген бетте қалада аялдатпай, Талғардағы туыстарының үйіне бастап барды. Қабылдау емтиханына дейін енді осында болады.

Алмаға ішінің ашуы тегін емес. Жаңа жыл қарсаңында ауылдың мектебінде мерекені қарсы алу үшін шырша безендіру, залды әшекейлеу, бәрінен бұрын оқушыларға сыйлыққа берілетін кәмпиттерді сұрыптап, әсіресе, алмаларды қораптарға салу жұмыстары басталып, оқушылар да, ата-аналар мен мұғалімдер де қарбаласқа түсетін.

Ол заман – дүниенің қат кезі. Кәмпит деген қасқалдақтың қанындай тапшы, ауылдағы дүкенге ілуде бір түсетін. Түскен күннің өзінде жылдам таусылып қалатын. Ауылдың дүкеніне кәмпит түсіпті деген хабарды сабақта жүргенде еститінбіз. Өйткені, мектеп пен дүкен кішкентай ауылдағы жалғыз орталық көшеде орналасқан. Аралары таяқ тастам жер. Тек тезірек үйге барып, дүкенге кәмпит түскенін айту керек. Егер кәмпит кешке түссе, ертең таң ата салысымен кезек алмаса болмайды. Жетпей қалуы мүмкін. Кейде сабақтан қайтып бара жатып, азық-түлік дүкенінің алды бал арасы сынды құжынаған адамға толы екенін көрсек, кәмпит түскенін түсінетінбіз. Ондайда аяғымызды жылдамырақ басып, үйге қарай асығамыз. Есіл-дертіміз анамызды хабардар етіп, кәмпиттің кезегіне жіберу. Кезек жетіп, кәмпит сатып алған күннің өзінде сатып әкелген күні ғана кәмпиттің түр-түрінен тойып жейміз. Бірақ, таңертең әлгі кәмпиттер көзден ұшты-күйлі ғайып болады. Жоқ, кеше болған, енді жоқ... Ертегідегі сияқты. Бірақ бір кеште таусылып қалмағанын ішіміз сезеді. Осы үйде, үйдің бір жерінде жақсылап жасырулы. Бірақ қайда? Ойлана бастайсың. Ауызүйдегі сандықта болуы әбден мүмкін. Оның аузы кілтпен жабылған. Болмаса, дәліздің жанындағы кішкентай дүңгіршекте. Ол жерге көп кірмейміз. Іші үнемі қараңғы, қоңыр салқын болып тұрады. Қабырғаға қағылған шегеде ішіне пияз салынған ұзын капрон дорба ілулі тұратын. Біздің жақтан көкөніс пен жидек табылатын, бірақ жеміс деген қысты айтпағанда, жаз бен күзде де көп болмайтын. 

Сонымен, кәмпит дүңгіршекте болуы әбден ықтимал. Алайда тапқан күннің өзінде батырып алуға батылымыз жетпей, бір-бірден аламыз. Қонақ келгенде, соғымбас бергенде дастарханның сәнін келтіреді деп сақтап қойған анамның кәмпиттерін біз – «үйдегі жетеу» бір-бірлеп тауысатынбыз. «Ұры» болғандықтан, ұрлығымыз ашылғанға дейін қуыстанып, біліп қойса қайтеміз деп қысылып жүретінбіз. Соғым сойылып, соғымбас беретін күн таяғанда анамыз дорбаның тесілгенін, кәмпиттің түгесілгенін байқайтын. Сәл кейігені болмаса, қатты ұрыспайтын. Бала көңіл «Ұрыспайтыны бар, анамыз соны бізден несіне жасырады екен?» дейтін едік.

Алма демекші, ауылда алманың құны қыстың күні алтынмен пара-пар болатын. Біздің жақтың ауа-райының қытымырлығына байланысты жеміс те біз үшін кәмпиттей таңсық еді. Қазір қайдам, әлде сол кезде біздің ауылдың адамдары жалқау болды ма екен? Жеміс ағаштарын егіп, оны күтуге мойындары жар бермеген бе? Алайда кейбір некен-саяқ ауылдастарымыздың немесе көршілес орыс ауылдарының бау-бақшаларында аздап болсын жүзім мен алма ағаштарының өсетінін, жеміс беретінін білетінбіз. Соған қарағанда кінә ауа-райының қолайсыздығында емес, өзімізде болғаны-ау. Сонымен не керек, бірді-екілі үйді айтпағанда біздің ауылда алма болмайтын. Кейде ұсақ, көк алма өсетін көршілес орыс ауылының бағына жол тартатынбыз. Ол ауылда тек бірыңғай орыс қана емес, қазақтар мен немістер де тұратын. Ауылдағы жалғыз мектеп орыс тілді болғандықтан, тұрғындарының бәрі – орысы мен қазағы, немісі де орысша сөйлейтін. Тіпті, өзіміздің ауылдың кейбір қаратаяқтары да балаларын сол ауылдағы орыс мектебінде оқытатын. Оларды мектепке рейсті автобус емес, колхоздың жеке автобусы таситын. 

Біздің ауыл мен көршілес орыс ауылының арасы бес-алты шақырым. Алма бағы екі ауылдың ортасында, орыс ауылына жетер жетпес жолдың бойында орналасқан еді. Ол кезде кішкентай біз үшін бес-алты шақырым көп көрінетін. Аудан орталығы көзімізге үлкен шаһардай көрінген соң не сұрайсыз?

Екі ауылдың арасында автобус жиі қатынағанымен, біз баққа жаяу-жалпылай, кейде белсебетпен барғанды жөн көретінбіз. Алма бақты сол ауылдың колхозына тиесілі дейтін. Алайда оны қорып жүрген күзетшіні ешқашан байқаған емеспіз. Сондықтан баққа емін-еркін еніп, қышқылтым алманың сөлін құшырлана сорып, жегенімізше жеп, қалғанын дорбамызға салып, риза кейіппен үйге қайтатынбыз. 

Біздің жаңа жылдық сыйлықтың қорабына кәмпиттен басқа көптен күткен ең маңызды «сыйлық» – алма салынатын. Сыйлықтың қорабын ашпай тұрып-ақ, ішінде алма бар екенін ойлағанда кеудемізді шаттық кернейтін. Терезеге қарасаң – аппақ қарға оранған, уілдеп боран соғып тұрған дала, үйде – жаз әлде күз бе екен. Жасыл шырша құрылған бөлмедегі жаңа жылдық алма жұпар иісі мен көздің жауын алатын қып-қызыл түсімен ғана үйдің ішіне керемет кеңістік сыйлайтын. Жоқ, жаңылдым, бір алма емес, үйде неше оқушы бар, соның барлығы шүпірлеп, қораптарынан бір-бір алмадан алып шыққан кезде үйдің іші алма бағына айналып кеткендей көрінетін. Алманы бірден жей қоймайтынбыз. Алдымен иісінен көңіл хошымыз кіріп, түріне қарап, көз тойдыратынбыз. Кейін кімдікі үлкенірек деп салыстыруға көшетінбіз. Шыдамсыздарымыз бойда жүрсін деп сол кеште-ақ жеп қойсақ, арамыздан ертеңге дейін жемей, сақтап қоятын мықтылар да табылатын. 

Кейін Алматыға оқуға түсіп, студент атанып, ауылшаруашылық жұмыстарына барғанда алма бақтан самсап өсіп тұрған алманы өз қолымызбен де тердік, басқаның сыйлап берген алмасын да жедік. Бірақ солардың ешқайсының иісі мен дәмі ауылдағы жаңа жылдық алмаға жеткен емес.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар