Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
СӨЗ ДАУЫСЫ
Айтыстың алғашқы басылымы...

18.04.2019 5213

Айтыстың алғашқы басылымы

Айтыстың алғашқы басылымы - adebiportal.kz

Айтыс – ауыз әдебиетінде ежелден қалыптасқан топ алдында қолма-қол суырып салып айтылатын поэтикалық сөз сайысы, жыр жарысы, синкреттік жанр. Тұрмыс-салт жырларынан бастау алып, келе-келе ақындар айтысына ұласқан. Осы бір поэзиялық жанрдың алғашқы нұсқасын жинап, баспаға берген Ілияс Жансүгіров пен Фатима Ғабитова. Ол және тұңғыш рет көркем және ғылыми басылымдарға шығумен қатар, 1935 жылы Қызылордадағы «Қазақстан көркем әдебиет баспасынан» қазақ тілінде, латын графикасымен жарық көрген. Кітапқа Сүйімбай ақынның өмірдеректерінен бастап, 23 айтысы енген. Жауапты редакторы: Ф. Ғабитова, техникалық редакторы: А. Черкаский, жауапты корректоры: А. Мустафин, тираж саны 5200.

ОҚИ ОТЫРЫҢЫЗ: Арман Шеризат. Қазақ мақал-мәтелдеріндегі ерлер бейнесі.

Өздеріңізге сол кітаптағы алғысөзді қаз-қалпында ұсынып отырмыз.

Сүйімбай ақын

Сүйімбай ақын 1827 жылы туып 1895 жыл дүниеден қайтқан. Туған жері осы күнгі Алматы облысы, Қастек ауданы. Тумысы ұлы жүздің Шапырашты атты руынан, Екей деген ел. Сүйімбайдың әкесінің аты Арон, оның әкесі Шөп. Сүйімбайдың түбі «Шапырашты емес, Дулат еді, Талай бойындағы Шымыр ұруынан, бірақ осында келіп Қастек еліндегі (қара қыстақты мекендеген) Шапыраштыға сінген еді» деушілер бар. Бірақ өз елдерінде көбінесе Шапырашты ұруының адамы болып сөйлейді. Сүйімбайдың ұрпағы осы күнде Қастек ауылында. Сүйімбайдың өлеңнен басқа өнері болмаған, оқымаған сауатсыз адам болған.

Сүйімбай ХІХ ғасырдағы қазақтың ел ақыны. Өскен елі ұлы жүз – үйсін, Шапырашты, Сүйімбай ақынның артына қалдырған сөзінің ұзын ырғасы ұру жұртшылығының пікірі, ол өз ұруын мақтайды, өзі мен айтысқан ақынның ұруын жамандайды. Бұл жағынан алғанда Сүйімбайдай қазақтың бұрынғы ұру тілі болған ақындарының біреуі. Бірақ Сүйімбайдың елдерінің керекті жағы – ақын ұру тілі болғанда – қандай ұрулардың ақыны болып айтты, ол ұрулардың сол тарихи заманда жүрген жері, әлеумет қатынасы күн көріс түрі, тағы басқа керекті жақтары қандай еді? – Ұрудың тілі, күлігі болған ел ақыны Сүйімбайдың сөздеріне де сол заманға айналарлық, сол заманның, қоғамның бетін ашуға кілт боларлық қандай жұрнақтар, нұсқалар бар – міне ескі ақындардың қалған сөз мұрасынан біздің тепшілейтініміз осы сыйақтылар.

Бұл жинаққа кірген Сүйімбай сөздерінің ішінде – Сүйімбайдың Тезек төреге айтқаны, Қырғыз ақыны Қатаған мен айтысқаны. Дулат ақыны Қаңтар бай мен, Сыйқым ұруынан Батырбек датқаның ақыны Майлы қожа мен айтысқаны. Тағы басқа сөздер бар. Сүйімбай сөздерінің өресін осы жағынан алып қоғамдық жағынан қакрастырғанда – айтысқан адамдарының шығысы өте керекті болып табылады. Айталық: Қатаған қырғыз ақыны, Сүйімбай қазақ ақыны болып – жарысқа түседі; бірін-бірі жамандайды. Мұнда ұрудан ұлт арасының айтысына шығады. Егер қазақ ішіне келіп Қаңтарбайлар мен қағысқанда толысқа Шапырашты, Дулат, Сыйқым сыйақты ұрулардың мақтауы, боқтауы болады. Егер ақын Тезекті тілегенде Төре мен қараның қағысы болып шығады. Міне Сүйімбай ақынның сөздерін тексергенде керекті кілт болатын осы жағынан алу керек болады.

Сүйімбайдың өлең айтып жүрген кезі Жеті суды патша үкіметі жаулап алған, орныққан – ХІХ ғасырдың екінші жарымы. Бұл кезде ұлы жүзді патша үкіметі жаулап алуына мұрындық болған Әділ төренің немересі, Нұралы баласы Тезек төре. Бұл төрені қазақ лақабы «қан Тезек» дейді. Тезек, Ұлы жүз Албан ішінде болған. Шоқан Уалиқаныптың қайын атасы, мекені Іле өзенінің оң жағындағы Алтын–Емел тауында (Шоқанның бейіті де сонда).тезек орыс ұрлығына арқа тайап, әкесі Әділден бері патша үкіметінің ат байлар ауылы; оның үстіне өзі жігіт ұстап ұрлық қылдыратын, елге зорлық істейтін жуан болған.

Оның алдына адам шықпаған, ауылына рұқсатсыз ат пен адам баспаған ірі пеодал болған. Сүйімбай осы Тезектен тілін тартпай мінеп салады. Тезектің ұрлық, зорлығын айтады. Соны мен тұрмай Сүйімбай Тезектен төрені мақтайды да.

Тезек Сүйімбайды апарып қырғыз ақыны Қатаған мен шайнастырады. Сүйтіп Сүйімбай бірде қараның тілі болса, бірде төренің тілі болады. Айналып келгенде кім ат берсе, ас берсе сол үшін мақтап өз тамағының құлы болады: Абай айтқан:

«Қобыз бен домбыра алып топта сарнап,

Алыпты мақтау өлең әр кімге арнап.

Әр елден өлеңі қайыр тілеп

Кетірген сөз кәдірін жұртты шарлап,» –

деген ел ақындарының бірі Сүйімбай

Сүйімбайдың Жеті суда шарламаған елі жоқ. Сүйімбайды Жеті Судың Қазақ, Қырғызы біледі. Әсіресе оның Қатаған мен айтысы жалпақ елге тым көп жайылған өлеңі. Мұны әр ақын әр түрлі қылып айтады. Қазақ ақыны айтса Сүйімбайға жеңдіреді, қырғыз ыршысы айтса Арыстанбайға (Қатаған) жеңдіреді, Қазақ айтса – Сүйімбай өлеңі ажарлы. Қырғыз айтса Қатаған (Арыстанбай) сөзі өтірік. Бұлай болу табиғый. Әр ел өз ақынын көтеріп, өз бүйірін қыздырады. Бұл 1873-жылдағы Орман манаптың асындағы айтыста

Сүйімбай өлеңді кәсіп еткен, ұлы дүбірде жарысқа түскен, өлеңді ойдан желсе соқтыра беретін жез таңдай ақын. Ел әуезесінше атасақ «Дарыған» ақын. Мұның өлеңінің өзгешелігі – көбінесе жыр мен соққаны. Бұл Жеті судағы қазақ-қырғыз ақындарының өлең үлгісінің бір-біріне түр жағынан сабақтастығы. Сүйімбай шұбыртып жырласа төгіп жібереді, сыйпалап кетеді. Егер Сүйімбай он бір буынды әнді өлең түріне түскенде өлең өлшеуіне сыймай не артылып, не кеміліп қалады. Кейде қалай болса-солай сөзді собалақтай салады. Бұл ел ақындарының көбінде, әсіресе айтыс өлеңдерде көп кездеседі. Бұлай болуы түсінікті. Ақындар айтысып, өлеңді тулақша сабап отырғанда өлеңнің ән-үн жағынан көрі – сөзге зорлайды. Бұл Сүйімбайдың әнді өлеңдеріне кездеседі. Біз мұндай жерлерін әдейі өзінше қалдырдық.

Жинаушылар.

Мөлдір
БАЙМАХАНБЕТОВА
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасы
«Кітап» мұражайының меңгерушісі

Иллюстрация: Айбек Бегалин "Айтыс"


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар