Ақ Жайықтан ақ сәлем!»
Кеше Ғ. Құрманғалиев атындағы БҚО академиялық филармониясы Астанадағы өнер күндерін Еркеғали Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармония залында «Ақ Жайықтан ақ сәлем!» атты концертімен бастады.

«Алмас қылышын ат үстінде алмастырған Исатай мен Махамбеттің елінен, көсемдік пен шешендікке салғанда аузына 18 мың ғалам сыйып, қызыл тілі көмекейін түйреген Сырым Датұлының жерінен, саз бесігінде күй анасы Динаны, күй атасы Құрманғазыны тербеткен Батыс өлкесінен, жанға жайлы, майлы қиян Жайықтың бойынан ыстық дұғай сәлем ала келдік. Сайын даланың сахара төсінен самал желі нешеме ұйытқып өтті, жүйткіп соқты, сол дауылды, жауынды кезеңнен күні бүгінге баға жетпес байлық болып жеткен Батыс дәстүрлі мектебі болса, сол дәстүрлі ән өнерінің алтын ғасыры Мұхит бабамыз екені даусыз. Сол Мұхитқа кіндігімен байланған Ғарифолла Құрманғалиев есімі тарихта мәңгіге жазылған. Сол Ғарекеңнің есімін иеленген Батыс Қазақстан облыстық академиялық филармониясы күні кеше ғана әннің әулиесі, сол қасиетті қара шал мәңгі тыныс тапқан Алматыдан бастау алып, өнердің көшін осы Астанаға бұрып келді», – деп Ғ. Құрманғалиев атындағы Батыс Қазақстан облыстық филармониясы мен «Атамекен» өнер ордасының директоры, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері Халиолла Бауыржан Ергенұлы жұртшылыққа елдің сәлемін жеткізді.

Құрылғанына 60 жыл толып отырған өнер ұжымының төрт күнге созылатын өнер мерекесі Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптары оркестрінің жеке концертімен ашылды.
Ғафу Қайырбеков сөзіне жазылған Ғарифолла Құрманғалиевтің әні «Сәлем, Қазақстан» әнін «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Дастан Есентеміров шырқағаннан кейін, оркестр Динаның 165 жылдығына орай «Мауысқы» күйін орындады. ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, әнші-композитор Донеділ Қажымовтың «Ақжайық – ару мекенім» әніне бүкіл зал қосылды. Бір ерекшелігі – облыс өнеріне еңбегі сіңген, бүгінде марқұм болған адамдардың аты аталып, олардың шығармалары орындалды. Мысалы, белгілі қобызшы, музыка педагогикасының шебері, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры болған, Қазақ КСР Еңбек сіңірген әртісі, Батыс Қазақстанның тумасы Меруерт Кәленбаеваның есіміне құрмет ретінде Ахмет Жұбановтың «Ариясы» орындалды. Композитор, Қазақстанның халық әртісі Тұяқберді Шәміловтың туғанына 75 жыл екен. Қазақ халық аспаптар оркестрінің құрылуы мен қалыптасуына саналы ғұмырын арнаған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, композитор, оркестр негізін қалаушы Қырымгерей Қажымовтың туғанына 80 жыл екен. оның Қадырдың сөзіне жазылған «Ауылды аңсау» әнімен «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, дәстүрлі ән өнерінде жаһандық рекордты жаңартушы Хатимолла Бердіғалиев сахнаға шықты. Осылайша өнер ұжымы марқұм болған өнер майталмандарының шығармаларын қайта жаңғырту арқылы олардың рухына тағзым етіп қана қоймай, өнердің ешқашан өлмейтінін, шынайы таланттың халық жадында мәңгі жасайтынын көрсетті.

ҚР Мәдениет саласының үздігі Фархад Оразов орындаған «Адыра қалған нарынның» термесіне жұртшылық бір серпіліп қалды. Е. Рахмадиев атындағы Мемлекеттік академиялық филармониясы Қазақ оркестрінің бас дирижері, Қазақстанның Халық әртісі Айтқали Жайымов дирижерлік еткен күйлерден де рухтанып, әдемі әсер алды. Оркестрге ұзақ қол соғып, құрмет көрсетті. расында өнер – ұлттың рухани жадын жаңғыртып, өткенін бүгінмен жалғайтын алтын көпір. Өнерпазға құрмет – оның орындаған әні мен күйіне ғана емес, сол өнерді аманат етіп жеткізген ұлт рухына деген құрмет. Ал өнер ордасының тарихын ұлықтау – мәңгілік құндылықтарды ұлықтау. Ақ Жайықтан жеткен ақ сәлемнің астарында да осындай терең тағылым жатыр.




Ал енді Батыс Қазақстан облыстық филармониясы жайында аз-кем дерек бере кетсек, өнер ұжымы осыдан алпыс жыл бұрын, Орал қаласында 1966 жылы 25 қаңтарда ашылған. Филармония ғимараты 1989 жылдан бері Оралдағы сән-салтанаты келіскен тарихи ескерткіш болып есептелетін Александр Карев үйінде болды. 1996 жылы филармонияға Қазақстанның халық әртісі, әнші Ғарифолла Құрманғалиевтің есімі берілген. Бүгінде Батыс дәстүрлі ән мектебінің басында тұрған Ғарифолла Құрманғалиев есімін абыроймен алып жүрген өнер ұжымының жетістігі көпшілікке мәлім. 2024 жылдың тамыз айында оңтайландыру жобасы аясында филармония мен «Атамекен» өнер ордасы қосылып, 2021 жылы қолданысқа берілген «Атамекен» ғимаратына көшті.

Қазіргі таңда оңтайландыру жобасы арқылы біріктіріліп, қайтадан жасақталған іргелі Дәулеткерей атындағы қазақ халық аспаптар оркестрі, Ш. Қажығалиев атындағы эстрадалық-симфониялық оркестрі, «Атамекен» халық биі, фольклорлық, классикалық-камералық, вокалды-камералық ансамбльдері өз шеберліктерін ұштап келеді. Ерекше атап өтер жайт, «Атамекен» ерлер би ансамблі республикада тұңғыш рет Батыс Қазақстан облысында ашылды. Бірыңғай дәстүрлі әншілер бөлімі де тек осы филармонияда құрылған. Ұжымда ұзын-ырғасы 320 адам жұмыс жасайды.
Ертең, 4 қарашада, дәстүрлі ән орындаудағы жаһандық рекордтық көрсеткішті жаңартқан «Парасат» орденінің иегері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Хатимолла Бердіғалиев пен «Құрмет» орденінің иегері, ҚР Мәдениет саласының үздігі Қайрат Кәкімовтің қатысуымен өтетін «Мұхит мұрагерлері» атты концерт болатынын еске саламыз.
Фотосуреттер филармонияның жеке қорынан алынды
