Андерс Олссон: Көркем шығарма – адамзаттық құндылық
«Егемен Қазақстан» газетінің тілшісі Дүйсенәлі Әлімақынның Нобель комитетінің төрағасы Андерс Олссон болған сұхбатын оқырман назарына ұсынып отырмыз. «Стокгольмге жасаған сапарымыз барысында Нобель комитетінің төрағасы Андерс Олссон мырзаға электронды хат жолдадым. Көп ұзамай ол хатымa жауап беріп, кофе үстінде әңгімелесуге шақырған екен. Сапарда жүріп оның жазғанын дер кезінде көре алмай, кездесудің сәті түспеді», – дейді Дүйсенәлі Әлімақын. Алайда кейін Андерс Олссон мырзамен электронды пошта арқылы сұхбаттасқан екен.
Андерс Олссон белгілі шведтік әдебиеттанушы, ақын, сыншы һәм Стокгольм университетінің профессоры. Сонымен бірге әдебиет саласы бойынша Нобель сыйлығының лауреаттарын таңдауға қатысатын Швеция академиясының аса ықпалды мүшелерінің бірі.
– Әдебиет саласындағы Нобель сыйлығы – әлемдегі ең ықпалды әдеби марапаттардың бірі. Сіздің ойыңызша, қандай көркем шығарма халықаралық деңгейде мойындалуға лайық? Оның көркемдік деңгейі ме, жалпыадамзаттық тақырыпты қозғауы ма, қоғамға ой тастау мүмкіндігі ме, әлде басқа да ерекшелігі бар ма?
– Нобель комитетінің басты мақсаты – көркемдік тұрғыдан кемел, сонымен қатар бүкіл әлемдегі адамзатқа ортақ ой айта алатын шығарманы табу. Сондықтан бұл марапаттың өзі де жалпыға бірдей құндылыққа ие болу талабын білдіреді.
– Әлемде мыңдаған тіл мен сан алуан әдеби дәстүр бар. Алайда олардың аз ғана бөлігі халықаралық деңгейде кеңінен таныла алды. Сіздіңше, қазіргі әлемдік әдеби кеңістік дүниежүзі әдебиетінің алуан түрлілігін толық көрсете алып отыр ма?
– Бұл – үнемі назарда ұстауды қажет ететін мәселе. Біз жеткілікті дәрежеде танымал бола қоймаған тілдер мен әдебиеттерге де айрықша көңіл бөлуіміз керек. Екінші жағынан, аударма және аударылу мүмкіндігі белгілі бір мағынада Нобель сыйлығын алудың қажетті талаптарының бірі саналады. Шығарма оқуға қолайлы әрі әртүрлі халықтарға таратуға мүмкіндік беретіндей болуы қажет.
– Нобель комитеті әлемде кең таралмаған тілдерде жазылған әдеби шығармаларды қалай қарастырады? Шағын әдеби орталардан шыққан қаламгерлердің халықаралық деңгейде танылуына қандай мүмкіндік бар?
– Нобель комитеті ретінде бізге әлемнің аз зерттелген аймақтарындағы сапалы әдебиетті анықтау әрдайым қиындық туғызады. Дегенмен бұл бағытта да ілгерілеу бар. Кейінгі кездері Нобель комитеті өзіміз жеткілікті білмейтін әдебиеттер бойынша 5–10 сарапшыны іріктеу үдерісіне қатысуға шақыра бастады. Олар үміткерлер аясын кеңейтуге көмектеседі.
– Жазушының халықаралық деңгейде танылуына аударманың ықпалы қаншалықты?
– Нобель сыйлығын алу үшін аударма қажет. Алайда бұл талаптың да салыстырмалы сипатта екенін атап өткен жөн. Өйткені шығарманың аударылу мүмкіндігі тұрақты әрі өзгермейтін өлшем емес. Жылдар өте келе белгілі бір шығарманы аударуға деген мүмкіндік те, ықылас та өзгеріп отыратынына таңғалуыңыз мүмкін.
– Бізде Абай Құнанбайұлы, Ілияс Жансүгіров, Мұхтар Әуезов, Мұқағали Мақатаев сынды көрнекті қаламгерлер қалыптастырған бай әдеби дәстүр бар. Қазіргі қазақ әдебиетінде де талантты жазушылар аз емес. Орталық Азия әдебиеті әлемдік әдеби кеңістікте қалай танылып, өз орнын таба алады?
– Бұл қаламгерлердің Нобель сыйлығына үміткер ретінде ұсынылғанын жақын арада көреміз деп үміттенемін. Жыл сайын әлемнің түкпір-түкпіріндегі 4–5 мың адамға Нобель сыйлығына жаңа үміткерлер ұсыну жөнінде шақырту жібереміз. Бұл жазушылардың шығармалары белгілі бір деңгейде аударылған немесе аударуға қолжетімді болса, олар да үміткерлерді іріктеу үдерісіне қатыса алады.
– Жақында Стокгольмге сапарымда қазақ қаламгерлерінің 15 кітабын Нобель кітапханасына табыстадым. Сіздіңше, осындай бастамалар швед және халықаралық әдебиеттанушылардың қазақ әдебиетіне қызығушылығын оятып, қазақ қаламгерлерінің әлемге танылуына ықпал ете ала ма?
– Әрине, ықпал ете алады. Сіздің бұл бастамаларыңыз үшін шын жүректен алғыс айтамыз.
– Әлемдік оқырманға танылғысы келетін қазақ қаламгерлеріне Нобель комитетінің төрағасы, сарапшысы ретінде қандай кеңес берер едіңіз? Олар шығармаларында жалпыадамзаттық құндылықтарды арқау етуге басымдық беруі керек пе, әлде ұлттық мәдениеттің ерекшелігін сақтауы қажет пе?
– Бұл сұрақтарға біржақты жауап беру мүмкін емес. Ұлы өнер белгілі бір ережелерге немесе сапа туралы жалпыға ортақ қағидаларға бағына бермейді. Көбіне маңыздысы – әлем әдебиетінде болып жатқан жаңалықтарға ашық болу, сонымен бірге өзіңнің төл мәдени тамырыңнан ажырамау. Егер жазған шығармаңыз көркемдік тұрғыдан қуатты болса, ол жалпыадамзаттық құндылыққа ие болады.
– Сіздің ойыңызша, Орталық Азия халықтарының әдеби мұрасы, әсіресе қазақтың ауыз әдебиеті, жыраулық дәстүрі, поэзиясы мен көшпелі дүниетанымы қазіргі әлем әдебиетіне қандай да бір тың мазмұн, өзіндік ерекшелік қоса ала ма?
– Бұл сұрағыңызға неғұрлым нақты жауап беру үшін алдымен қазақ әдебиеті туралы көбірек оқып-білгім келеді. Дегенмен жыл сайын Нобель сыйлығына үміткерлер ұсынуға ниетті әдеби мекемелеріңіз бен ұйымдарыңызға біздің жұмысымызға септігін тигізетін жан-жақты ұсыныстар жолдап отырсаңыздар деген ұсыныс айтқым келеді.
– Қазіргі әлем соғыс, саяси шиеленіс, технологиялық өзгерістер мен мәдени жіктелу кезеңін бастан өткеріп жатыр. Осындай жағдайда әдебиет халықтар арасындағы түсіністікті нығайтып, адамдарды бір-біріне жақындастыруда қандай рөл атқара алады?
– Біз өмір сүріп отырған әлем өте агрессивті әрі бейберекет күйге түсті. Мұндай жағдайда әдебиеттің әлемді жақсартудағы ықпалына шектен тыс оптимизммен қарамауымыз керек деп ойлаймын. Әдебиеттің адамзатқа қажет екені сөзсіз. Оның үстіне қалам ұстаған адам шығарма жазуын ешқашан тоқтатпайды. Белгілі бір дәрежеде әдебиет бізді ақылдырақ етіп, өзгелерді жақсырақ түсінуге, шекараның арғы жағындағы жандарға түсіністікпен әрі ашық көзқараспен қарауға үйретуі мүмкін. Егер әдебиет осындай нәтижеге қол жеткізе алса, соның өзі – біз үшін үлкен қуаныш.
Әңгімелескен Дүйсенәлі ӘЛІМАҚЫН,
