Самал болып өбейін ақ жүзіңді
Нұржол Жұманәлі 2000 жылғы Шығыс Түркістан өңірінде дүниеге келген. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің журналистика факультетін тәмамдаған.
ЖАПЫРАҒЫМ
Жапырағым,
Жаман екен сұрғылт түнде жасығаның.
Қайғы емес, құс жастықта күтші мені,
Таңнан таңға сыңсытып ғасыр әнін.
Бал бұтағым,
Бұл сенің жауқазындай сәнді шағың.
Самал болып өбейін ақ жүзіді,
Құшағымда бұлықсысын таңғы тәнің.
Құралайым,
Сыналсам, мен сенімен сыналайын.
Сенің балғын денеңді көріп ал деп,
Туғызыпты оңымнан Құдай айын.
Періштеім,
У ішелік, махаббаттың ел ішкен.
Кең төсіңді аймалап боп өлермін,
Өмір емес, құр қалсам да кеніштен.
Көгілдірім,
Бірге шертейік ғашықтардың егіз жырын.
Уайымсыз, қайғысыз, арам ойсыз,
Неткен әппақ, шіркін-ай, еміздігің!
Ұланым-ау,
Бізге де бақыт құсы таяу мынау.
Анамның жаулығындай ақ кеудеңе,
Ешқашан түсірмеші қаяу мұң-ау.
Аяулым-ау.
***
Меңіреу күн...
Өзегімде өзеуреп сенің өртің.
Неге сонша тастадың зар еңіретіп,
Ұялаған мақпалдай көзіңе түн.
Жеңілер күн...
Жақындады екеумізге егілер күн.
Жанарыңнан тамшы жас қиясың ба,
Бәлкім, ол да бұйырмас сенің еркің.
Егілер кім...
Енді бізге бұйырмас кездер бүгін.
Бұғауда өскен бұлбұлдай құлазымай,
Өзіне бер, қозым-ау, сезім еркін.
Қас-қабағың...
Бұрын-соңды жүзіңді баспаған мұң.
Былығы көп бұлаңдат тағдырма,
Араласам деп арыңды ластамағын.
***
Арам өмір арбады арманды әптен,
Арманымның қап кеттім шаңында әттең.
Құнанында жаратқан қара кердің
Шоқтығында тұмар боп тағылмап пе ем.
Жын ұрамын еске алып шағымды өткен,
Арпалысып тағдырмен қабынды өкпем.
Кете салғым келгенмен, керуен тартып,
Тағы ойладым: барар жер — қабірді өктем.
Бұл күнде жанар сөніп, қаным кепкен,
Ақ көңілге әділетсіз Тәңір неткен?!
Бар өкпемді құшақтап өле салар,
Менің кеудем — тау ұлы, Табыл деп пе ең?!
***
Ғұмыр кеміп барады, ғұмыр кеміп,
Жүйке жүдеп барады, жұлын кеуіп.
Ақ сағымдап атқанмен, бозарып таң,
Жастық шағым барады түнімде өліп.
Жыным келіп тұрғандай, жыным келіп,
Баратқан соң, қу жүрек іріңденіп.
Тіршілік-ай, тынысың үшін бүгін
Неге бәрі барады күңің болып?
Қуған арман кездер-ай, қуған арман,
Қыранның қанатындай шыңда қалған.
Кеш, кеше гөр, жастығым, мені тағы,
Қылыш күнім тұншығып қында қалған.
Ит ғұмыр мазамды алып, абалап тым,
Онсыз да жолда қалған сағанатпын.
Несіне қызығасың астымдағы,
Үзеңгісі жер сүйген жаман аттың?!
Ал, алыңдар, талаңдаршы, бәрін кештім,
Тәңір берген тар кеуде тәнін кештім.
Сағым ойнап, сар белде қала берем,
Сындырған жоқ, сындырмас сағымды ешкім!
***
Алматым-ай, Алатау шыңы биік,
Жатқанын-ай, кеудемнің күні күйіп.
Кебін сатқан керуендей өлім іздеп,
Тәнін сатқан қызыңның көзі күйік.
Табандаған тар көше, тар бөлмесін,
Білсем дағы, сан залым ар бермесін.
Жабағы жеп, жүрегім жүнін жұтып,
Сүйрелеп жүр адасқан ал кеудесін.
Жылтырайды бір үміт тағы да алдан,
Тірі жан бар соңғы үйдей шамы қалған.
Бәлкім, жарық алдап тұр мені тағы,
Адамдардай ақша үшін ары жанған.
Бір өкініш кеудемде жанады өктем,
Күнім құрсын дәл мына қалада өткен.
Шуылында шетінеп, қайран жүрек,
Сезімді де бұл қала талақ еткен.
Бұл қалада қара күз, қара көктем,
Жыртық аспан, көк түтін жамау еткен.
Қатыгездеу болғанмен, бәрі шындық,
Әз басыңа Алладан адам өктем.
