(үш әңгіме)
1-ші әңгіме
Үй мен қора-қопсының бітпейтін бәкүн-шүкін шаруаларынан жалыққанда, Айдарбек деген ағам «жылқы қараймын» деген сылтаумен Шөлге кететін. Шөл деген шартты атау. Біздің ауылдан 100 шақырымдай жердегі жылқышылар қосын тігетін жер.
Махоркасын орап, пештің түбінде күрк-күрк жөтеліп отырып, ағам шалдың қас-қабағын былай бағатын еді.
- Ана үйір деймін де... Боранды түндері Балқаш жаққа ығып кетіп, екі аяқты қасқыр мен түз тағыларына жем болмады ма екен деп ойлап қоям... - дейтін. Шал онысын естімегенсіп, кітабын оқи беретін. Ағам, бірінші снаряды сәтсіз ұшқанын байқайды да:
- Әнеукүні, Түсіпханның екі тайын қасқыр тартып кетіп, шығынға батты. Айғыры нашар болды ма, қасқыр көп болып, шамасы жетпеді ме, обал қылыпты, әкең...
Шал міз бақпайды. Тек көзілдірігінің үстінен бір қарап қояды да кітабына үңіледі. Атам ағамның дала безер екенін біледі. Білмегенде, өз баласы ғой! Ағамның жылқы ауылға барып, мына жалғаннан кірлеген жанын ақ қар және ақ арақпен тазартқысы келіп отырғанын ол шалекең білетін, білетін... Жылқы малына деген аса үлкен «алаңдаушылық» пиғылдағы тағы бір әрекетіне шал шыдамай:
- Әй, барғың келсе, барсайшы, құлақ етімді жемей. Атыңды сайла да, әйда кет! Таңертең гараждан екі жарты арағыңды берем. Ана Төкішке апарып бер. Жылқыға қарайлай жүрсін. Болды, басымды қатырмай, тыныш отыр! Ой, далабезер, көксау неме! – деп қолындағы кітабын тарс жауып, жатын бөлмесіне кететін.
Ағам, бақыттан басы айналып, рахаттана-құмарлана шылымын тартады да, сыртқа шығарған көк түтіннің арасында күлімсіреп отыра беретін. Қыс келсе, осы. Қыс келсе, атын ерттеп, бағыты – айдала, кетіп бара жататын. Жай емес, әндетіп кетіп бара жататын-ей!
Маған осы ағамның жылқы ауылына баратын сапарлары сұмдық сиқырлы, ғаламат қызық көрінетін. Ол жақта басқа бір өмір бардай, ол жақтағы адамдар мүлде басқа болатындай. Ертегідегідей!
Жаңағы әңгіме болған кезінде, мен 10 оқимын. Ат жалын тартып мінетін жасқа келгем. Дегенмен, сол Шамбаладай көрінетін Шөл деген мекенге әлі барып көрмеппін. Ағама жақындадым.
- Аға, мен де барайыншы... - Сен бе? - үстімді тінти қарады. - Иә, мен. Былтыр, өскенде барасың деп едіңіз ғой. Міне, өстім. - Уахахахаааахаха! Бір жылда өсіп кеттім дейсің бе? - Е, несі бар, өстім! Келер жылы мектеп бітірем ғой! Барайыншы, аға. - Боғыңмен қатасың! Аулақ жүр, пәлеңнен аулақ. - Қатпаймын! Қатсам, қатқан жерімде тастап кете беріңіз – дедім қайсарланып. - Атаң жібермейді ғой, боқмұрын-ау! - Жібермесе, қашып кетейік - дедім, ағамды қылмысқа итермелеп. - Ой, қой, есің дұрыс па! Бар, сабағыңды оқы. - Ертең жаңа жыл ғой, қайдағы сабақ! Каникул бізде. - Ммм...білмеймін.
Атама бардым. Атама бардым да, таң қалдым. Саққұлақ шал бәрін біліп, естіп жатқан екен. Әй, сабазым-ай!
- Барғың келсе бар. Ана қара құнанды ерттеп, мін. Мынандай қыста дала кезіп келген бала – жігіт боп оралады. Бар, ағаңнан қалма! Ағаң әккі ғой, өлтірмейді – деген соңғы сөйлемін қаттырақ, дауысын бұйрық ретінде шығарып айтты. Ағам, жөтелгенін тия қойып, құлағын түріп отыр екен. Ана бөлмеден келген маған құрметпен қарай бастаған секілді. - Мәләдес!
Таң атпай оянып алдым. Ағам тастап кете ме деген қорқыныш ұйықтатпай қойды. Аттарымызды ерттеп, жолға шықтық.
Арқаның аязы қатты. – 40. Демімізден малақайларымыз қырау-қырау боп келеміз. Бірақ, өкініп келе жатқанымыз жоқ. Мен әсіресе. Алдымда көз тоятын кеңістік ашылып келеді. Ішімде еркіндікке мас боп келе жатқан мәз біреу бар. Айқайлағысы келеді! Қиқулағысы келеді оның!
Ауылдағы жылы пештің қасындағы балаларға қарағанда менің мына жүрісім әлдеқайда ғой, әлдеқайда! Санам да кеңейіп, денем де шымырлана бастағандай.
Күйкентай деген тау бар. Тегінде Күйгентау болу керек. Ежелгі жанартаудың орны. Сол желге келіп жеттік.
- Аттардың белі шаршады, демалдырайық – деді ағам. Аяздан қауқиып қалған мен, аттан сырғып түстім. Шалбарым қатып қалған, жүргізбейді. - Отын жина, от жағып, шай ішеміз - деді ағам. - Қайдағы шай? - Қазір көресің.
Маңайда отын дейтін отын жоқ. Тобылғыны сырт-сырт сындырып, от тұтаттық. Ағам, бір үңгірге кіріп, кәдімгі шәугім алып келді. Іші толған су. Мен аң-таңмын.
- Мына үңгірде өмірі қатпайтын әулие су бар. Жылқы қарайтын ағайын осы шәугіммен шай ішіп, ішін тазалап, қайтадан үңгірге тығып кетеді – деді. - Қызық екен...
Ағам, қанжығаға байланған дорбадан ет алып шықты да, кәдімгі қардың үстіне жапырақтап тұрай бастады. Қарным ашқаны енді сезілді. Бір кезде, төс қалтасынан сарымсақ (пияз, жуа) алып шықты да, екіге бөлді. Бір бөлігін маған ұсынды. Мен тыжырынып, «жемеймін» дедім.
- Сарымсақ жемесең, қосқа жете алмайсың, мына аязда – деді ағам, Деді де, екі жапырақ етке тұз септі де ауызына салды. Артынша дәу сарымсақтың бір бөлігін қарш еткізіп, тістеді. Көзінен жас шыққанша шайнады дерсің.
Мен де сөйттім. Біршама уақыттан соң, денем жіпсіп, қыза бастады. Міне, қызық. Бұрын тұмауратып, иттей бұралып жатушы едім. Сарымсақтың пайдасын сол кезден бастап, біле бастадым. Әлі күнге дейін қыс бойы жеп шығам. Жас бала емеспін, көрінгенмен сүйісіп жүретін)) Есесіне, қыстың күнінде сап-сау жүресің. Алла денсаулық берсін!
Жылқы ауылға да жеттік. Ол енді басқа хиқая.
Атам айтқандай, сол сапардан кейін мен еркек болудың қандай екенін сезіп-білдім.
Түзде жүрген еркектің тыныс алуы да, қимыл-әрекеті де бөлек болады.
Жылауық, боркемік күй кешетін еркек - еркек емес. Нағыз еркектің қандай болуы керектігін маған сол сапар түсіндірген еді.
Нағыз ер - Даланың қорғаушысы! Дала мен үйдің иесі – әуелі Жаратушы болса, аманат қылып ұстайтын Ер Азамат.
Нағыз ер - табиғаттың кез келген стихиясына төтеп беріп қана қоймай, оны игеріп алатынына менің көзім сол кезде жеткен болатын.
Ал, жалпы өмірде нағыз ердің алдында алынбайтын асу, қолы жетпейтін белес болмайды, жігіттер!
2-ші әңгіме
Біздің үйде Шарик деген ит болды. Адам көрсе абалай беретін қабаған еді. Жеңгелерім қолыма шылапшын ұстатып: «итке құйып кел» деп жұмсағанда, мен Шариктің алдындағы итаяғын таяқпен түрткілеп тартып, жұғындыны құя салып кері итере салатынмын.
Ол мені баласынып, арс ететін де, жұғындыны сұғына, сақылдата ішетін. Мен кері секіріп, кейде шалқамнан түсіп, амалсыздан көздеріне қарайтынмын.
Кәрі иттің көздері шүңірейген, анау ең түкпірінде күшік кезінен бері жазылмаған жара мен аса бір қуатты ыза тұратын-ды. Түсі ақ болатын. Ақ емес ау, бұрыл ма дерсің. Өмірі байланып тұрғандықтан мойыны қатып қалған еді. Аяқтары да қысқа болатын. Күнұзақ сырттағы есікке өшпелі жанарымен біреуді күтіп, тесірейіп жататын.
Бір күні Шарик босанып кетті. Біздің үйдегілер шоктың шоғына быжғырылып, бірі қораға, бірі үйге жүгірді. Бірін гараждың төбесінен байқап қалғаным есімде.
Шарик шатырдағыны да, қорадағыны да елемей, шарбақтың қуысынан сып берді де, өзенге қарай тартты. Өзен біздің қораның әнеееу жерінде жылтырап ағып жататын. Шөптердің арасында арқасы қылаңдап сол жылтырға кетіп бара жатыр.
Әр жердегі блиндаждарынан шыққан жұрт үйге жиналды. Бірі: енді келмейді деді. Бірі: кәрі ғой, жақсы ит өлгенін көрсетпейді деді. Бірі: қайтып келеді әлі, ит тойған жеріне деген бар деп соқты.
Мен сыртқа шығып Шарикті іздеуге кеттім. Алыстан сұлбасын көзбен тауып алдым да аңдуға көштім. Өзенге түсіп жатыр екен, байғұс жануар. Рахаттан көздері жұмылып-жұмылып кетеді, бейшараның. Сосын жағаға шығып ап, пырылдап тұрып сілкінді. Керілді. Сосын жатты. Маңайды шола қарап, маңғаздана жатты. Есінеді. Енді оны ешкім ұстай алмайды. Оны Шарик те, біз де білеміз. Шарик өзінің қабаған ит деген атағына сенетін. Біз де ол шатағынан сескенетін ек.
Шарик бір тәулік еркіндікте жүр. Мен қораның төбесінен атамның дүрбісін салып, күнұзақ оның бар іс-қимылын бақылаймын: суға түсті, құмға аунады ма, секірді ме, тышқан аулады ма, әбден еркінсіді. Тағдырына налып ұлыды. Әлі тірі екендігіне, еркіндігіне жеткеніне қуанып үрді де.
Ертесінде ауылдың ту сыртында төрт итін ерткен бір кісі келе жатты. Иттері жараған, семіз, өңкей қуатты екен. Бір пәлені ішім сезіп, жүрегім ауызыма тығылды. Минөт санап, әлгі жолаушы мен оның иттері Шарик шал жатқан жерге тақап келеді. Ара қашықтық өте тез, қатты жылдам қысқарып келеді.
Міне, әлгінің иттері Шарикті көрді. Көрді де тура ұмтылды. Мен қолыма ілінген айырды ала сала өзенге жанұшыра безілдедім. Алыстан шаң көріп келем. Айқайлап келем. Көзімнің алды жас парлап, ойбайлап келем. Аяғым жүре қойсайшы, мұндайда!
Алапай-талапай боп жатыр. Әлгі кісі: әй, қайт, үй, қайт деп иттерін қамшысымен сабап жүр екен. Әбден құтырған әлгі әумесер иттер қоймайды, құмарланып алған. Шарикті армансыз талап, аяусыз керіп жатыр. Жылап келем. Жете алмай келем ғой ит болып!!! Шариктің үрейлене қыңсылыған дауысын аңдап келем. Жалмауыз иттерді қарғап келем.
Үлгірмедім. Әлгі кісі иттерін алып кетті. Мен оған бірдеңе деп айқайлағаным есімде. Әлгі кісінің екі қолын жайғаны есімде. Сосын... Сосын шалажансар Шарик жадымда. Ол ештеңе түсінбей жатыр. Ол түсінбеді ештеңе. Түсініп те үлгірген жоқ. Ауызын ашты да...
...Ол еркіндікке үйренбеген еді.
3-ші әңгіме
Күз кезі болатын. Жасым 6-да еді. Анам екінші рет тұрмыс құрып, басқа үйге көшіп кеткен, ағам қайтыс болған уақыт. Жалғыз апайым – Маржан Талдықорғанда училищеде оқып жүрген. Мен Үржардағы нағашы әжемнің қолында тұрамын.
Көңілсіз бір кездер еді. Өмірдегі ең жақын адамдарымның барлығы алыста. Бірі – о дүниеде, екеуі мен бара алмайтын аймақта.
Сол бір күн әлі есімнен кетпейді. Бір күні Талдықорғаннан апайым келді. Мереке күндері болу керек, демалысқа келген екен. Әкейден қалған екеуміз ғана, көрісіп, көзайым боп, мәре-сәре болдық та қалдық.
Мен апайымның жанынан қалмаймын. Қайда барса да, еріп алам. Құшағына тығылам, айтқан әр сөзіне құнығып, тоймаймын. Бұл қанды қойсайшы! Жібермейді екен ғой. Әр қимылын жіті бақылап, түріне де құмарым қанар емес. Жалғыз қорғаным да осы апайым еді, қайтейін.
Сол күндері уақыт дариғаның ұшқыр болғаны-ай! Апайыммен өткен әрбір зуылдақ сәт - мені тағы да жалғыздықпен бетпе-бет қалатын болашаққа қатыгездікпен сүйреп, жақындатып алып келе жатыр еді.
Жалғыз туысыңмен сағынысып қауышқан тәтті мезеттер келмеске кетті. Көзде жастың алғашқы ащы дымқылы мен иекте кемсеңнің алғашқы дірілі пайда бола бастайтын уақыт та жетіп келді.
Мен ол кезде мықты психолог болып алғам. Үлкендердің мені қалай алдағысы келіп тұрғанын, нені менен жасырғысы келетінін, не ойлап, не қойғанын беске біліп, көкейім сайрап тұратын ғой!
Қысқасы, апайым мен ұйықтап жатқан кезде, таңғы автобуспен оқуына тартып кетпек болды. Тапқан екен, алданып қала салатын баланы! Оның өзі сары бала болса)))
Түні бойы ұйықтамадым. Апайымның бауырына тығыла түсіп, қимастықпен құшақтап шықтым.
Таңертең апайым тез-тез жиналып, үйден шығып кетті. Бәрін айдан анық біліп жатырмын. Амалым жоқ. Үлкендерге не деп айтасың? Олардың өз шаруалары бар. Сенің сағынышың, сенің балалық қажеттіліктерін оларға керек пе еді?! Сен еріккен баласың, ал, оларды үлкен шаруалар күтіп тұр!
Есік ақырын жабылды. Аулада күбірлескен біреу (нағашы ағам болу керек) Маржанды шығарып салып тұрды. Кетті.
Мен көрпенің астында алғашқы жасымды төгіп алдым. Сосын...
Сосын мен Құдайға жалбарындым. Мәтіні әлі есімде. Дұғам: «Құдай, егер мені естіп тұрсаңыз, апайымды үйге қайтадан алып келіңізші! Ол кетсе, мен жылаймын. Маған Маржансыз өте жаман!» - деген сөздерден тұрған болатын.
Үш сағаттан соң апайым мінген автобус жол ортада бұзылып, Құдайдан тілеп алған Маржаным үйге қайтып келді. Сөйтіп, тағы бір күн қасымда болды.
Сол күннен бастап мен Құдайдың мейіріміне, Жаратқанның пендесінің дұғасын қабыл ететініне көзім де жүрегім де анық жеткен еді. Содан бері мен анама да, апайыма да үміт артып, оларды тосуды доғарған едім.
Сол күннен бастап менің жалғыз қорғаным, жалғыз панам – тек жаратқан Аллам болды. Осы күнге дейін. Ертең де солай болары хақ! Мен сол күннен бастап, кез келген пенде құдыреті шексіз, мейірімі шексіз Жаратушының назарында болатынын ұғынғам едім.
***
Бұл оқиға 1986 жылы болған еді. Арада 26 жыл өткен. Апайым Маржанның туған күнінде үйінде жиналдық. Анам бар. Маржанның қызы бар. Жездем бар. Және олардың келіндері бар.
Содан әркім тілек айтып жатыр дегендей. Кезек маған келгенде, мен Маржаннан сұрадым:
- Маржан, сен 86 жылы Үржарға күзде демалысқа келгенің есіңде ме – дедім.
- Білмеймін, шала-пұла бірдеңе есімде бар – деп жауап берді.
- Нақтырақ есіңе түсіру үшін былай сұрайын: сол келгеніңде, Талдықорғанға қайтып бара жатқанда автобус сынып, үйге оралып едің ғой. Тағы бір күн болып, қайттың. Солай ма?
- А, иә, иә! Тура солай болған!
- Мхм...
- Үйбай, ол сенің есіңде қалай сақталып қап жүр! - деп апайым аң-таң болды
- Қалай есімде сақталмасын, сені Талдықорғанға оқу жібермеген мен болатынмын...
- Қалай?
- Құдайдан тіледім.
Сосын жоғарыдағы әңгімені айтып бердім. Солқылдап жылаған Маржанды сол күні әрең жұбатып алған едік...
P.S.
Кішкентай «лирикалық» шегініс жасап кетпесем, болмайын деп тұр, кешіресіздер...
Өлеңнің астарын түсінбейтін кейбір білгіштер менің «Мама» атты жырымдағы:
Әкем – Тәңір, өзің – Ұмайсың, мама,
Ал, мен – Құдайдың баласымын.
Сен бәрібір маған ұнайсың, мама,
Көзімдегі қарашығым..! - деген жолдарыма өлердей шүйлігеді.
Тіпті «Ол өзін Иса Мәсіх!» - деп айтып жүр деп соғатынын айтсайшы! О, тоба!
«Құдайдан адам қалай туады, оның баласы бола ма! Пәтшағар неме!» - деп дінге апарып бірақ тірейді.
Құдайдан басқа панаң болмаса, кімге барып жүгінесің. Айтуға бәрі оңай.
Кейде кейбір дүниелер соншалық қарапайым һәм соншалық күрделі болады.
Оны енді кімге барып, қолыңды сермеп, түсінідіріп жатасың?..
Егер әр өлеңнің қандай жағдайда, қандай атмосферада жазылғанын түсіндіріп отырса, ақынның басқа шаруаға уақыты қалмас еді ғой.
Жә, реті келген соң, айтып қалып жатқанымыз ғой.
Шын тілегенге Алланың жәрдемі тез келеді. Бәрімізге Алланың қамқорлығында ғұмыр кешуге жазсын, ағайын!
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.