Астанадағы Ұлттық академиялық кітапханада ақын-жазушы, аудармашы, филология ғылымдарының кандидаты, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Маржан Ершудің шығармашылығына арналған «Уақыт пен қаламгер» атты сырласу кеші өтті.
Кеш аясында автордың «Жалғыз қол» және «Маржан Ершудің суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты кітаптары таныстырылды.
Автордың «Жалғыз қол» кітабы 2025 жылы «Жұмысшы мамандықтары жылы» аясында жарық көріп, соғыс және еңбек ардагері, Қазақ КСР-нің ауыл шаруашылығына еңбегі сіңірген қызметкер Тұрдығали Мәмбетовтің 100 жылдық мерейтойына арналған. Шығармада басты кейіпкердің майдан даласындағы ерлігі мен бейбіт өмірдегі тынымсыз еңбегі, қарапайымдылығы мен кісілік келбеті көркем тілмен өрнектелген.
Еңбек адамының ерен тұлғасы жырлануы керек деп ойладым. Мен кейіпкер іздедім. Кейіпкерімді өз топырағымнан таптым. Осы поэманы жазу барысында туған ауылым Ақкиізтоғайдың тарихымен, жер жағдайымен танысып, адамдардың өмірін зерттеп шықтым. Менің кейіпкерім – Тұрдығали Мәмбетов директор болған тұста біздің ауыл нағыз миллионер совхоз болған екен. Мал шаруашылығы өте жақсы дамыған. Тіпті Социалистік Еңбек Ері, атақты шопан Әбді Дүйсенбековтың озат тәжірибе мектебі ұйымдастырылып, іс-тәжірибесі бойынша облыста мектеп ашылған. Әбді ақсақал мал өсіру тәжірибесінен дәріс берген екен. Еңбек өнімділігін арттыру үшін осындай әдісті де ойлап тапқан Тұрдығали ағамыз көрінеді. Тұрдығали Мәмбетов – Ақкиізтоғай ауылының жұлдызын жаққан басшы болған. Қазақ мұндай кісіні елдің бағына туған адам деп айтады. Кейіпкерім мықты адам болғандықтан, поэмам шынайы шықты деп ойлаймын, - дейді ақын.
Маржан Ершудің «Жалғыз қол» кітабы туралы жазушы-сыншы Айгүл Кемелбаева жақсы пікір білдіріп, бұл поэмасы туралы арнайы мақала жазғанын да айтты.
Маржан Ершудің «Жалғыз қол» атты поэмасы адал еңбектің кеніші және ел мен жер құты – шынайы еңбек адамын құрметтеу сияқты қасиетті танымды қайта жаңғырту мақсатында жазылған. Поэма Президент Қ.Тоқаевтың Жарлығымен 2025 жыл «Жұмысшы мамандықтары жылы» деп жариялануына өзіндік үлес қосу және ел мен жер тарихында кісілік ізгі атымен танылған деректі тұлғаның аруағын асыру болатын. Соғыс және еңбек ардагері Тұрдығали Мәмбетовтың өмір жолы мен қайраткерлігін Маржан Ершу ақындық шабытпен суреттейді.
Жылыойдың тарихынан сыр іздесең,
Көрінер баба қарттың нар тұлғасы.
Ақын аты аңызға айналған ардақты азаматты өз көзімен көрмесе де, ел жадында сақталған тұлғалық болмысын дәстүрлі стильде бастайды, мұнда шежірелік деректер, елге елеулі кісі аттары, өткен заманнан тарихи деректер айқын берілген. Мәмбет шалдың бір ұлы Оңдас Жылыойға мұнай іздеп келген ағылшынның ат айдаушысы болып істегені Қазан төңкерісіне дейінгі Каспий жағалауында болған оқиға. 1928 жылы «Қызыл Жем» балық шаруашылығы құрылып, оны коммунист Оңдас Мәмбетов басқарған екен. Елде Совет үкіметі орнады. Ал Оңдастың баласы Тұрдығали Мәмбетовтың өмір жолының негізгі белестері қазақ жерінде жаңа қоғам орнауымен тікелей байланысты. Ол 1941 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, 1943 жылы әйгілі Курск доғасында қанды шайқастарға қатысқан. Днепрден совет солдаттары қайықпен жүзіп өтерде дұшпан самолеттен оқ жаудырған. Жүз қаралы солдаттан аман қалған жалғыз қазақ баласының оң қолын иығынан кесіп тастаған. «Жаралы солдат мекені енді / Кім біледі: өр ме, көр ме?». Өмір үшін күрес күн райы бұзылса сүйек сырқырататын жазылмас дертті елемей, азапқа төзе білуді үйретеді, үмітін өлтірмей, күш-жігерін арттыруға бастайды.
1944 жылы елге оралған 21 жасар жас жігіт, соғыс мүгедегі Тұрдығали колхоз жұмысына белсене кірісті, адал сүт емген Үмітжан қызға үйленді. Саратов, Гурьевте оқып техникум бітірді, қарапайым есепшіден директорлыққа өсті, үнемі ел ырзығын арттыру мақсатында шаруашылықтың басы-қасында жүрді. Еңбек Ері Тұрдығали ағаға қол астындағы жұртқа бұйрық беріп, жан ауыртпай жалғанды жалпағынан басатын менмендік, жемқорлық мүлде жат болғаны поэманың өн бойынан білінді. Күн қуырған тақыр жерде су тапшылығын жою үшін Тұрдығали Мәмбетов «Ырғызбай», «Қасқасу» су бөгеттерін салдырған.
Балалары балдай тәтті қылықты,
Жары әркез үнсіз сүйеп тұрыпты.
Отбасында бағы жанған бұл адам
Бақыт деген адалдық деп ұғыпты.
Тұрдығали Мәмбетовтың жалғыз қолмен Еңбек Еріне айналуының шын сыры осында жатыр, алғаны жақсы ер жігіт ел игілігі жолында небір ауыр бейнеттен қашпайды. Отан үшін, отбасы үшін беріле жұмыс істейді.
Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты, Атырау облысы «Жылыой» ауданының құрметті азаматы, ақын, аудармашы, драматург, сыншы-сатирик Маржан Ершу есімін ел сүйген деректі тұлғалардың шығармашылық портретін үзбей жасап келе жатыр. Керемет дауыс иесі Ерік Құрманғалиев, күйші Дина, Қыпшақ нәсілінен шыққан Қоңыр Иштван Мандоки туралы туындыларының қатарына міне, ерен еңбегімен көгерген ел азаматы, 2024 жылы туғанына 100 толған Тұрдығали Мәмбетов қосылды. Бұл ана аманатымен, Тұрдығали ағаның сүйікті қосағы Үмітжан апаның қалауымен жазылған «Жұлдызды ғұмыр» естеліктер кітабының жалғасындай кітап екені де көңілге биік ой салары анық. Бүгінгі ұрпаққа осындай сом кейіпкерлер ауадай қажет, - деді Айгүл Кемелбаева.
Ал «Маржан Ершудің суреткерлік эстетикасы: шығармашылық психологиясындағы иірімдер мен көркемдік өлшемдер» атты кітаптың мазмұны мүлде бөлек. Бұл кітапта оқырмандар мен қаламгерлер автордың шығармашылық лабораториясына терең үңіліп, оның көркемдік танымы мен әдеби ізденістерін жүйелі түрде талдаған. Қаламгердің шығармаларын оқырман қауымға таныстыра отырып, оның шығармашылық өсу жолдарын, әдеби портретін Тәуелсіздік идеялары мен мұраттары тұрғысынан жаңаша көзқараспен өрнектеуге ұмтылған.
Атыраудан «Сарайшық» атты республикалық әдеби-танымдық журнал жарық көреді. Журналдың жеке сайты да бар. Бас редакторы – белгілі ақын, журналист, әдебиеттанушы-сыншы, Халықаралық «Алаш» сыйлығының лауреаты Гүлзада Ниетқалиева. Жыл сайын Атырау университетінің журналистика бөлімінің студенттері «Сарайшық» журналында практикадан өтеді екен. Осы сайтта менің де жазғандарым жиі жарияланып тұрады. Студенттер кейде Гүлзада ханымнан: «Маржан Ершу қазір жазбай кетті ме? Өлеңдері көрінбей жүр ғой», – деп сұрайды екен. Сонда Гүлзада студенттеріне: «Ол жаза бере ме? Сендер неге оның шығармалары туралы жазбайсыңдар? Неге талдау мақалалар жазбайсыңдар? Жазсаңдар, мен бағыт-бағдар берер едім. Жазуды тек жазу арқылы үйренеді», деп студенттерге ой салыпты. Бір күнінде Гүлзада ханым маған хабарласып: «Осылай да осылай, сен туралы кітап жазып жатырмыз. Студенттер сенің поэмаларыңды талдап жатыр», деді. Мен бұған қатты таңғалдым. Кейін қарасам, әжептәуір көлемді, мазмұнды дүние болып шығыпты, - деді ақын Маржан Ершу.
