Эссе
Сонау тоқсан бірінші жылдың күзіне салым біреу кіріп, біреу шығып жататын, ешнәрсеге таңғалмайтын Баспасөз үйін дүр сілкіндірген бір тосын жаңалық жетті. Ұзынқұлақтан естіген сол хабар көп ұзамай расқа айналды. «Парасат» журналының проза бөлімінің меңгерушісі болып, барша қауым ХХ ғасырдың данышпаны атап кеткен Асқар Сүлейменовтің өзі келді. Бұл бұрын-соңды талай-талай мықтыны көрген үй ғой. Алайда олардың бірде-бірі Асекең сияқты жұртты толқыта қоймаған. Ал бұл жолы бәрі басқаша.
Ең алдымен біз жұмыс істейтін 9-қабатта өз-өзінен бір жинақылық пайда бола бастаған сияқты. Бұл аз десеңіз, осы Баспасөз үйіне жұмысы болсын, болмасын бір соғып кетуді әдетіне айналдырған, (ол кезде осы баспасөз үйінен басқа есігі кімге болса да ашық тұратын руханият орны да санаулы еді) буырқанып, келіп-кетіп жүретін қыдырымпаз ақын-жазушылар, басқа да өнер адамдарының қатары да бірте-бірте сирей бастады. Ал қаңғалақтап келе қалған қайсыбірі тап бір Асекеңді арнайы іздеп келгендей «Өзі қайда отырады?» «Дәл қазір орнында ма?» деп бізден сұрайтынын қайтерсің.
- Міне, ол кісінің кабинеті. Дәл қазір өзінде отыр, -- дейміз біз.
- Рахмет. Асекеңе сәлем берейін деп келгенім ғой, - дегенімен, әлгі кісілер кабинетке кіруге асықпайды. Біздің көзіміз таса болысымен, есікті ашуға батылы бармай, кері қайтып жататын.
Кірген-шыққан адамдардың Асекең жайлы бізден сұрайтын себебі -- ол кісінің кабинетімен біздің есігіміз қарама-қарсы еді. Әрине, оның көрші болып келуінің біздің жігіттерге де оң әсері болды. Ең алдымен олар іштей жинақтала бастағандай. Бұрынғыдай келген авторлармен ұзынсонар әңгіме айту да бірте-бірте азая бастады. Үстел үстінде қобырап жататын хаттар, газет-журналдар да өз орнын тауып, кабинеттің әрі кіріп қалғандай. Бір қызығы - қысы-жазы шалқасынан түсіп, ашық жататын есігімізді үнемі жауып жүретін болдық. Әрине, бұл өзгерісті Асекең ешкімнен талап еткен жоқ. Ендеше, неге олай болды десеңіз, бұл сұраққа ешкім де дәл жауап бере алмасы анық. Кім біледі, бәлкім Асекең сынды суреткердің мысы басты ма, болмаса талант иесіне деген жұрттың құрметі ме, әйтеуір оның жаңа ортаға бір әдемі әбігер әкелгені анық.
Бұл орта қанша әбігерге түскенімен Асекең көпке дейін ешкімді іздей қоймады. Таудың басынан бәрін көріп, бәрін бақылап тұратын, бірақ өзі ешкімнің көзіне түскісі келмейтін қар барысы құсап, ізін білдірмей өзімен өзі жүреді, кабинетіне қалай кіріп, қалай шыққанын есіктес көршісі біз кейде байқамай да қаламыз. Дегенмен күндердің күнінде Асекең де жалғыз жүруден жалықса керек. Олай дейтінім, ойламаған жерден ол біздің бөлменің есігін ашты да ешқайсымызға көз тоқтатып қарамастан «Сен бала бері келіп кетші» деді де өзі әрі қарай кете барды.
Бөлмеде жұрт әдеттегідей толып отырған. Өзімізден басқа ара-тұра келіп, сапырып әңгіме айтуды әдетіне айналдырған екі-үш қонағымыз да бар. Енді міне, бәріміз дал боп отырмыз. Асекең әлгі сөзді кімге қаратып айтты? Біздің әрқайсымыз ат-тонымызды ала қашқанымызбен, ол кісінің нақты біреуімізді өзіне шақырғаны анық қой. Бірақ ол кім? Сені шақырды, жоқ оны шақырды деген талас еш нәтиже бермеді. Қонақтарымыздың да уәжі дайын боп шықты. «Жо-жоқ, ол кісінің бізді шақыруы мүмкін емес, Өйткені, атын естігенімізбен, бетпе-бет ешқашан ұшырасып көрмеппіз» - деді олар. Әрі-бері тартыстан ештеңе өнбеген соң, олардың бәрі енді маған жабысты.
-Жұмеке, еш дау жоқ, ағамыз сізді шақырды. Қыздар шаруаға икемдірек болады ғой. Шамасы, сізбен бір шаруаның жайын ақылдасайын дегені шығар –деп алды-артымды орап, көнбесіме қоймады.
Сол кездегі журналистердің әдеті ғой, бастықтың алдына кірсе де, біреуден сұхбат алса да блокноты мен қаламын қолынан тастамайды. Бұл жолы да Асекеңнің алдына сол қаруымды ұстай кірдім. Жайдан-жай шақырмаған шығар, қажет боп қалар деген ойым ғой. Ішке кіргенім сол, Асекең мүлдем таңғалған жоқ, алдындағы қағаздан басын көтерді де «Кел, жоғары шық» деп мені төрге шақырды. Ал, өзі қолға әзер ілінетін ыдысқа кофе құйып, оны маған ұсынды.
- Мына 9-қабатта жалғыз ақтаңдақ өзің екенсің- деді ол маған назар салып қарамастан.
-Сіз шақырған соң...Бір көмегім қажет пе деп... - дедім мен сасқалақтап.
- Кофе ішсін дегенім ғой.
-А-а-а, мен ол кісінің әлденендей шаруа тапсырмағанына іштей қуанып қалдым.
-Сен туабітті газетчиксің ғой. Бұл журналға қалай келіп жүрсің? - деді ол арада орнаған үнсіздікті бұзып.
Мен ол кісіге құдды бір мектеп оқушысы сияқты нақпа-нақ жауап беріп отырмын. Бір кезде сұрағы да таусылды-ау деймін, ол бір сәт үнсіз қалды. Осы мезетті пайдаланған мен қайтуға ыңғай таныттым.
-Кофе ішуге келіп тұр. Айтпақшы, енді блокнотсыз-ақ келе бер, - деді ол күліп.
Күндер жылжып өтіп жатты. Ең жақын, есікпе-есік көршіміз ғой, ол кісіге ең алдымен осылайша біздің бойымыз үйрене бастағандай. Күн сайын түс қайта бәріміз бас қосып, буын бұрқыратып, шай ішетін әдетіміз бар еді. Енді ара-тұра Асекеңді де осындай бас қосуға шақыратын болдық.
Алайда ол кісінің алдында бәріміз ұстаз алдындағы шәкірттей боп, тып-тыныш отырамыз. Әрі оның аузын бағып, артық-ауыс сөйлеуді де қойдық. Асекең не айтса да соны ден қойып тыңдаймыз.
-Сендер ылғи да осындай әпендесіңдер ме? – деді бірде ол.
- Жоқ!
Бәріміз жамырай жауап берген екенбіз, Асекең рахаттана күліп алды да «Мұны өз болмысыңа оралу дейді» деді. Міне, осыдан кейін біздің бойымызда да бір еркіндік пайда болған сияқты. Бұрынғыдай сіресіп қалмай, әр нәрсені айтып, күліп-ойнап отыратын болдық. Бара-бара мұндай басқосулар Асекеңсіз өтпейтін болды.
Әлі есімде, бірде дастарханға тағы да Асекеңді шақырғанбыз. Бұл жолы түс қайта емес, түскі астың кезі еді.
-Жұмеке, ағай бір жаққа кетіп қалмай тұрғанда ол кісіні шақырып қойыңыз. Бізге бір сылтау айтып, келмей қалуы мүмкін, - деп Бейсебай Кірісбаев та маған қайта-қайта ескертіп қояды. Бейсекеңнің күдігі расқа шықты, Асекең киініп, сыртқа шығуға беттеген екен, дер кезінде үлгердік-ау әйтеуір.
-Ау, шай ішетін кезге дейін әлі талай уақыт бар ғой, - деді ол таңданып.
- Бүгін сәл басқашалау болып тұр, -дедім мен. Расы да сол, бұл күні жігіттердің бірінің туған күні ме әлде басқадай бір қуанышты атап өтпек болдық па, дастарханымыз жайнап кеткен. Шайға қажетті ішіп-жемі де, үйме табақ еті де бар. Тіпті көрсе көз сүрінгендей. Асекең де пәлсініп, сылтау айтып жатпастан өзінің төрдегі орнына жайғасты. Әйел затынан сол арада бір өзім болғандықтан, шайдың қамы әдеттегідей менің мойныма жүктелген.
Сұғынып ас ішуге жоқ Асекеңнің алдында әшейінде тәбеттері тәп-тәуір жігіттер де сызыла қалыпты. Бір табақ ет сол мұрты бұзылмаған қалпы қалып барады. Асекең де соны көріп отыр ғой «Ау, жігіттер, бұларың не? Түс кезі ғой» деді де өзі бас болып табақтан асықты жілікті алды да, шай қамымен жүрген мені қасына шақырды.
- Бала, бері кел, - деген ол енді дастархан басындағыларға қарата. -Ал бәрің бері қараңдар. Бұл менің біраздан бері ойымда жүрген нәрсе еді. Соның ыңғайы бүгін келіп тұрған сияқты деп бір түйді де, сөзін жалғады. - Қазақтың салт-дәстүрі бойынша бала асырап алған ата-ана оның қолына асықты жілікті ұстатқан екен. Мен де мына баланың қолына асықты жілікті ұстатып, сол жоралғыны жаңғыртсам деймін, -деді де маған қарады.
-Бала, дәл бүгінге дейін менің Жұлдызай деген жалғыз қарындасым ғана бар еді. Ал бүгіннен бастап сенімен екеу болады. Жамбыл бабаңды жақындары тәте деген ғой. Сен де мені енді тәте де.
Асықты жілікті қолыма ұстаған күйі не істерімді білмей, мен абдырап тұрмын. Асекеңнің шыны ма, жоқ әлде қалжыңы ма, осы арасын айыра алмай, жан-жағыма жапақ-жапақ қараймын. Байқаймын, жігіттер жағы бұл көріністі әзілге балап тұрған жоқ. Сұлтан Қалиев, Бейсебай Кірісбаев және қыдырыстап жүріп, осы дастарханның үстінен түскен Көпен Әмірбек «О, қарындас құтты болсын, Асеке! Біздің Жұмаш қадір білетін қыз. Сіздей азаматтың қарындасы болуға әбден лайық» деп қауқылдасып жатыр. Сөйтіп, мен аяқ астынан Асқар Сүлейменовтің екі қарындасының бірі болып шыға келдім.
* * *
Ойламаған жерден ағалы болудың да өз қиындығы бар екен. Олай дейтінім, осыдан кейін мен Асекеңнің кабинетіне бұрынғыдай емін-еркін кіріп, жарқылдап сөйлей алмай, бір түрлі бүгежектеп қалған сияқтымын. Кешегі әңгіме жай қалжыңым ғой десе қайтемін деймін бе, өз-өзімнен қысылып, біраз уақытқа дейін ол кісінің көзіне түспеуге тырысып жүрдім. Жоқ, тәтем мені қайтер екен деп сынамаған сияқты. Бірер күн көзіне көрінбей қалсам, көрші кабинетке өзі іздеп келеді, болмаса телефон соғып, тауып алатын болды.
-Туыс адамдар араны суытпай, бірін-бірі іздеп жүруі керек, - дейтін ол мұндайда.
Ашып айтпағаныммен, өзімнің жаңа статусыма үйрене алмай жүргенімді тәтем аңғармай қойсын ба. Сол ағалық ықыласынан, қамқорлығынан танбады.
- Мынау өзі тәуір кофе екен. Саған сақтап қойдым, - дейтін ол түрлі танымдық әдебиеттерді әкеліп қана қоймай, оны қызықтыра әңгімелеп беретін еді. Осыншама жүрек жылуы маған да әсер ете бастады. Өзімнің аяулы азаматқа қарындас болғаныма бірте-бірте сене бастадым. Рас, кей-кездері бұл кісінің құты түсіп, туған бауыры санайтындай менің соншама не жақсылығым өтті екен деп те ойлайтын едім. Бірақ қанша ойласам да өз бойымнан, міне, осы ғой маған риза болатыны дейтіндей қасиетті көре алмай-ақ қойдым. Рас қазақы ізетті білетін, ауылдың тәрбиесін көрген адамбыз ғой, елдің бәрімен бірсыдырғы сыйластықты дұрыс көретін мен Асекеңе де ерекше ықылас көрсетіп, жік-жапар болып, ол кісіні ешқашан ығыр еткен емеспін. Тіпті ағамыздың шығармашылығы хақында да өзімнің жүрекжарды ойымды іште тұншықтыруға тырысатын едім. Әрине, кеңінен жазылып айтқым-ақ келетін. Бірақ «Асқар айтқан сөзің ұнамаса, ешкімнің көңіліне қарамайды. Содан да онымен емен-жарқын араласудан жұрт тартынып жүреді екен» деп еститінбіз. Осындай қаңқу сөздің әсері шығар, қой, қарап жүріп сөз естіп қалмайын деген оймен мен де арада тек үнсіз сыйластық болғанын жөн көретін едім. Әрине, тәтемнің «туған қарындасым болдың» деп дүйім жұрттың алдында айтуы мен үшін зор құрмет екенін жақсы білемін ғой. Тек сол құрметтің үдесінен шыға алмай, көңілін қалдырып алудан қорқатын сияқтымын. Менің басыма мұндай қилы-қилы ойлар қонақтап тұратынын тәтем де жазбай таниды білем, кейде еркелете сөйлеп «Бала, сені маған қарындас етіп берген анау Жоғарғы Канцелярия ғой» - деп қолын көкке қарай шошайтып қоятын. Мұндайда мен де бәрі де Алланың әмірімен болып жатқандай осы сөзге риясыз сеніп, ағаға деген ақ жалаулы сезім көңіліме бірте-бірте орныға берді. Орныққаны ғой, бірде мен кабинетіне келсем, үстелінің үстінде шағын кітапша жатыр екен. Ол кісінің өзі жоқ. Өзі жоқ болса да өзімсінгенім шығар, әлгі кітапшаны қолыма алып қарай бастадым. Көз жүгіртіп өткеннен-ақ бұл бір зерттеу еңбек екенін байқадым. Міне, Мұхамед Пайғамбар жайлы деректер, әйелдері, олардың аты-жөндері, шыққан тектері, Пайғамбардан тараған ұрпақ, олардың тағдыр-талайы жайлы қысқаша жазбалар тәтемнің әлдеқандай үлкен бір жобаға әзірленіп жүргенін байқатты. Бір кезде оның өзі кірді. Мен сасып, кітапшаны рұқсатсыз алғаныма кешірім сұраудың орнына «Тәте, бір дүние жазуға іштей дайындалып жүрген сияқтысыз ғой» - деп қойып қалғанымды өзім де аңғармай қалыппын.
- Сондай бір ой болған, - деген ол енді маған қарады. - Мұхаммед пайғамбардың 12 әйелі (ұмытпасам, осылай деді-ау деймін) болған. Және ол әйелдердің бәрі тұрмысқа шықпаған, біреудің оң жақта отырған жас қыздары емес, қарасатын адамы жоқ, жесір келіншектер екен. Тіпті, мұның өзінен де Пайғамбардың жетім-жесірге қамқор болғаны аңғарылып тұрған жоқ па, - деген ол осымен әңгіме бітті дегендей қалып танытты.
Уақыт өткен сайын тәтемнің жүрек жылуы мол, мейірбан адам екенін мен айқын сезіне бастадым.
- Сен бір әңгімеңді маған әкеліп берсеңші. Мына «Парасат» журналының келесі санына ұсынайын, - деді бірде ол маған. Алайда мен ол кісіге ұнамай қала ма деп жүрексіндім бе, дайын тұрған әңгімемді қолына бере алмадым. Жалпы, тәтем «сенің мынадай дүниеңді оқыдым» деп маған ешқашан айтқан емес. Алайда жаңадан үйренісе бастаған кезде, шай үстінде ол кісінің жігіттердің жуырда ғана жарық көрген менің бір туындым туралы әңгімесіне араласып «Жұмагүлдің өзі түгіл, жазуынан да имандылықтың лебі есіп тұрады» дегені бар. Әрине, іштей қуансам да, сол сәтте сыртқа сыр бермеуге тырыстым. Тіпті әлгі сөзді естімеген рай танытқаным есімде. Асекең де сөзді одан әрі өрбітпеді. Алайда ол кісіні шығарып салғаннан кейін дастархандас болған жұрт «Асекеңнен осындай керемет сөз естісек, сол күні біз ішіп кетер ме едік, ал сіз тіпті былқ етпедіңіз ғой. Шамасы жу деп айта ма деп қашқақтап тұрсыз ба» деп мені ортаға алғаны бар.
- Ой, қойыңдар. Ол жәй, шай үстіндегі әңгіме ғой, - дедім мен қызарақтап.
-Жоқ, ол ағамыз жайдан-жай біреуді мақтай салатын адам емес. Сөз қадірін ол кісіден артық кім біледі, -деді олар.
- Ал не деді соншама?- деймін мен де дес бермей. Әрине, Асекеңнің не айтқаны жүрегіме жазылып қалғаны анық. Алайда сол сөздің салмағын бойыма сіңіре алмай, дәл осындай ыңғайы келіп тұрған сәтте жігіттердің аузынан қайталай естіп, көңілімде нықтап алғым келіп тұрғандай.
-Бұл өзі білген адамға бір қаралық сөз, - деген Сұлтан (Қалиев) ағамыз одан әрі Асекеңнің сөзін айна қатесіз бір қайталап өтті. Сұлтекең өте сыпайы әрі шыншыл адам болатын. Оның ешқашан біреудің көңілі үшін өтірік сөйлемейтінін бәріміз де жақсы білеміз ғой. Оның мына пікірінен кейін Асекеңнің осы бір ауыз сөзінің жылуы менің бойыма шым-шым тарай бастады. Әрине, осы сөзден кейін, дастархан да жайылды, жігіттердің көкейін тескен сұйық дәмге де орын табылды. Асекеңнің арқасында бір жасап қалдық қой, деп сол күні бәрі де мәз болған еді.
Асекеңмен сөйлескенде көпке дейін өзге елдің елшісі құсап, әр сөзіне қысқа да нұсқа жауап беретін едім. Бәлкім, бұл бір жерден білместік жіберіп алам ба деген қорқыныштан шығар. Оны тәтемнің өзі де аңғаратын сияқты.
- Сенің емін-еркін өскен адам екеніңді бүкіл болмысың айтып тұр ғой. Еркін сөйле, еркін күл –деді тәтем бірде.
- Ой, аға, сізді сыйлағаны ғой. Әйтпесе біздің жанымызды шығарады, –деді жігіттер жағы.
-Менің қарындасыма солай болу жарасады,- деген ол маған кенеттен:
- Әсмә деген есім қалай? Саған ұнай ма? –деді.
Шынымды айтсам, бұрын-соңды мұндай есімді ешқашан естімеген екенмін. Мен осы ойымды айттым. Тәтем бұл сөзіме еш таң қалмады.
- Бұл - Пайғамбардың замандасы болған ақын қыздың есімі, - деді де әңгімені одан әрі өрбітпей, жылы жауып қоя салды. Сөйтсем, бұл сөзді жайдан-жай айтпаған екен. Көп ұзамай, келіншегі Әлия Бөпежанова босанып, дүниеге келген сәбиіне тәтем осы есімді берді.
* * *
Арада біраз уақыт өткенде ойламаған жерден маған бір ұсыныс түскен. Анықтап айтсам, «Ара» журналының бас редакторы болып қызмет атқаратын Қалтай аға Мұхамеджанов Түркия мен Қазақстан арасын жалғап тұратын «Заман Қазақстан» атты еларалық газет ашқан еді. Бұл басылымның ашылуы журналистер қауымы үшін зор жаңалық болды. Өйткені, бұл еліміздегі тұңғыш еларалық газет еді. Сондықтан да қолына қалам ұстаған қауым үшін осы басылымда жұмыс істеу қол жетпес арман болды десем де болады. Соны білетін Қалағаң да әр қызметкерді өзі таңдаған екен. Айтары жоқ, олардың бәрі сайдың тасындай мықты жігіттер еді. Қалтай ағамыз осы тұста маған да телефон соғып жұмысқа шақырған.
- Қалқам, арамызда жарқырап, бір қыз жүрсін деп шешкенбіз. Өзара ақылдаса келе таңдау өзіңе түсіп отыр, -деді ол.
Ертесіне осы жайтты тәтеме айтпақ едім, бұл жаңалықты ол менен бұрын естіп алыпты.
-Еш ойланудың қажеті жоқ. Бару керек,- деп кесіп айтқан ол сол сәтте-ақ Қалағаңа қоңырау соқты.
- Қалаға, сізде әлі де адамгершілік жұқанасы қалған екен, - деп бастап еді, аржағынан бірдеңе десе керек, тәтем төтесінен кетті.
-Оу, сөз тыңдаңыз. Сізге жайдан-жай риза боп отырған жоқпын. Жұмагүлді танығаныңыз үшін өзімнің атымнан, бүкіл зәу-затымның атынан рахмет айтқалы отырмын –дегенін естіп, одан әрі әңгімені тыңдауға дәтім жетпей, мен сыртқа шығып кеттім.
Тәтем одан әрі алды-артыма қаратпай, сол газетке баруыма белсене кірісті.
-Қалағаң бастаған шалдар білген адамға бір-бір университет. Ондағы жігіттердің де осалы жоқ. Жақсы орта деген осы, -деп ақылын да айтып жатты.
Асекеңді жақынырақ таныған сайын ол туралы желдей есіп тұратын алыпқашпа сөздердің оның болмысымен мүлдем үйлеспейтінін аңғардым. Өйткені, өз басым Асекеңдей жүрегі жылы, қамқор адамды көрген емеспін.
Әлі есімде, бірде тәтем сырқаттанып, ауруханаға түсіп қалды. Әрине, ести сала мен де жеттім. Барсам, бір өзі бір бөлмеде жатыр екен. Мені көрген бетте орнынан тұрды.
-Алып бара жатқан ауру жоқ. Біраз ем алған соң шығамын ғой, - деді ол жайбарақат үнмен. Түрінен де жанына батып жатқан аурудың ізі жоқ сияқты. Енді ойласам, соның бәрі тәтемнің ішкі мәдениетінен туған ұстамдылық екен-ау. Иә, айтқан әңгімесі де ширақ еді. Менен жаңа орта жайлы сұраған ол «Айтпақшы, саған біреу бірнәрсе десе, ұялма, маған айт» деп, ара-арасында қалжыңдап та қояды. Мен өзіне мына сөзден кейін таңдана қарағанымды аңғарып, «Бастықтардың жұмысы ұрсу ғой. Сені өкпелетіп алмасын дегенім» -деді ол тағы да.
Біраз уақыт қасында болып, қайтуға жиналдым. Есікке дейін ұзатып салуға шыққан тәтем кенет маған «Абай жолын» тағы да оқып шық» -деді. Оны неге айтты? Бұл кітапты мектепте оқып жүргенде де, кейіннен де оқыған едім ғой деп мен едәуір ой арқалаған күйі кете бардым. Ұзай бергенімде Асекең мені дауыстап қайтадан қасына шақырды. Не айтасыз дегендей бетіне сұраулы жүзбен қарап едім, ол қолымдағы бөкебайды үнсіз алды да, оны өз қолымен мойныма қымтап тұрып орап берді. «Дала бүгін тым суық. Тамағың ауырып қалмасын» - деді бәсең үнмен. Ерекше жұмсақ әрі қамқорлығы басым осы үннен кейін неге екенін, көзіме мөлтілдеп жас тұнды. Осы үнді қайтып естімей қалуым әбден мүмкін-ау деген әлдеқандай ой бойымды кеулей бастады. Осы бір қоңылтақ көңіл күйімді өзім де түсіне алмай, бұрыла бергенімде әлгінде ғана көз шарамда көлкілдеп тұрған жас өз-өзінен ағытылып, бетімді жуып кетті. Мен оны қолыммен сүртпедім. Өйткені, ту сыртымнан тәтем қарап тұрғанын білдім.
Енді ойласам, мен бекерден-бекер жыламаған екенмін. Сол жолы Жаратқан Ием маған білдірген екен-ау. Иә, көп ұзамай тәтем қайтыс болды.
Сөйтіп, ойламаған жерден тәтемді жақсы көретін шәкірттері, ізбасарлары оны бағалайтын барша халайық аңырап қалды. Өйткені, бұл тек қазақ халқының руханиятына, өнеріне, әдебиетіне ғана емес, ой тынысын тамыршыдай бағып отыратын, өздері де ойлануға қабілетті, таланттың қадыр-қасиетін білетін барша адамзат баласы үшін орны толмас ауыр қаза болды. Жазмыштан озмыш жоқ, деген осы. Ажал айтысатын дау емес, алысатын жау емес. Адам істеген зорлық емес. Алланың ісі қорлық емес. Алла пұлсыз жаратады, құнсыз алады. Ал біз болсақ дүниеге қайта айналып келмейтін біртуар тұлғамен дәмдес-тұздас болу, қатар жүру бақытын бұйыртқаны үшін Аллаға ризамыз.
Жұмагүл Солтиева,
ҚР еңбек сіңірген қайраткері,
халықаралық «Алаш»
сыйлығының иегері
«Қазақ әдебиеті», 15 мамыр, 2026.
