“Провинциялық режиссердің жазбалары” сериясынан
Қадірлі інілерім – Дәурен Қуат және Талғат Ешенұлына арнаймын
Досымбек пешті тұтатты. Көкшіл отын тостақтың ернеуіндей болып дөңгелене жанып, ызылдап қоя берді. Қыстың аязды күндері гүр еткізіп тарта жөнелетін қазандықтың отынындай әкетіп бара жатқан қарқыны болмаса да, булығып тұрып-тұрып тиегін ағытқанда тызақтай жанған бұғаулы, ызылы, оттың айналасына көңілді әуен таратып, бөлмені көмкерген көңілсіздеу тыныштықтың көбесі сөгіліп қоя берді. Досымбек жайпақ шойын табақты отқа қойып, май құйды. Табаны сабынан алып, болар-болмас қана шайқады да, пышақпен қыра-қыра әбден тырналған көнелеу табаның бұжыр-бұжыр түбінде жөңки жайылған күнбағыс майының шашақталған іздерін қызықтады. Қарыны ашып тұрса да, бұл жолы табақтың түбінен қандай сурет пайда боларын күтті. Бұл оның тамақ пісірер алдында әдетке айналдырған ермегі еді. Желге бетін тосқан қыздың желбіреген шашына ұқсас еміс-еміс нобай байқалды. Қыз... Қыздар енді табақтың түбінен де шыға келетін болды ма? Досымбек мырс етті де табақты отқа кері қойды. Майдың қызуын сәл күтті де жұмыртқаларды жарып, мұқияттап табаққа ағызды. Көздің ағындай болып жайылған жұмыртқаның ортасында тәбетті қытықтап томпая қалған үш сары уызға қарап еріксіз жұтынды. Қуырыла бастаған жұмыртқаның май аралас иісі танауын қытықтады. Түс кезінде түскен палау жұмырына жұқ болмаған, екінді кіргеннен бері тоят тілеп, асқазан әлсін-әлсін қыжылдап барып басылған еді. Ә-ә, бір-екі бәліш болған, қара қазанда қайнай-қайнай нәрінен айырылған күнбағыс майына қуырған болар, кілкіп, жүректі алды. Кешкі астың уақыты өткелі қашан. Тамақты түйсініп, көзеген құдықтың қабырғасынан тершіп аққан судай боп сөл жинала бастады, шамасы. Күні бойы неше мәрте исінген сөл асқазанның бүрін жей бастайды... Төртінші жұмыртқаны да жармақ болып ұмсынды да, қолын тартып алды. Жетеді. Оны таңертең... пісіріп жейді. Қабығын аршып, аздап тұз себеді де, аппақ жұмыртқаны ауызына тұтасымен ыстықтай сала салады. Өзіне жұмытқаны осылай жеген ұнайды. Күні бойы бел шешпей «дорогу, дорогу...» деп айғай сап, емпеңдеп жүгіріп жүріп, қаптаған асханаға бас сұғып шығуға да кейде уақыт таппайды. Үй маңындағы дүкендерге кіруге зауқы соқпады – аш жатса да ойы тек, төсекке тезірек құлау болатын. Алақандарына тұз тиіп кетіп еді, удай ашып, тыз ете қалды. Клиенті тауар алып жатқанда, алақанындағы көп сүйелдің бірін шұқылап тұрып мүйізденген қабығын алып тастаған, сол енді тәшкенің сабы қажап әбден бәле болды. Тұз салынған құтыны терезенің алдына қоя беріп кідіріп қалды. Қарсы үйдегі қыз сол орынында әлі тұр. Зәулім үйдің үшінші қабатының француз терезесі алдындағы қыз талшыбықтай екен. Орта бойлы. Өзі кеше ғана пайда болды. Үш қатарлы зәулім үйдің кіреберісінде тізілген мәрмәр колонналар көтеріп тұрған әдемі балконның терезесінің алдында тұрады. Бұрын байқамайтын. Ту сыртынан құйылған шам жарығы денесінің нәзіктігін паш етеді. Мойынын әнтек бұрып бұған қарап тұр. Қозғалмайды. Қиялшыл, арманшыл қыздардың ғашық болғанда тұрысы осындай болады дегенді бір кітаптан оқығаны бар еді. Бұның тамақ пісіргенін қызықтап тұр-ау шамасы. Дұрыс... ер адамның қолынан бәрі де келуі тиіс. Өзі бір, ақылды қыз болды-ау. Әрі сұлу, әрі ақылды. Досымбек кенеттен өз-өзіне риза болып кетті. Бір бұрышта жатқан гір тастарына, қолының бұлшық еттеріне қарады. Талмай жаттыға бергенім дұрыс деп ойлады. Тоқта! Ол қыз өзін қайдан таниды? Бөлмеде жүрген-тұрғанын өмірі перде ілінбеген терезесінен көріп жүр ме екен? Екі орта біршама жер, бет-жүзін анық көру мүмкін емес. Мүмкін, көзі өте өткір шығар? Ол қыздың көз жетпейтін алыстан өзіне ғашық болуы қалай деп қылт ете қалған күмәнді ой, дір-дір еткен көбелек қанат үркек үмітін шошытып жібере ме деп қорқып кеткен Досымбек «Е, жарайды!» – деп, қолын бір сілтеді. Қалай болса да ғашық болды, басқа әңгіме не керек! Терезесінің алдында ескерткіштей тапжылмай тұрып бұның терезесінен көз алмайды! Мүмкін, Досымбекті көшеде көріп қалған болар. Өзі сымбатты, ер пішінді жігіт. Әскерде бүкіл полк алдында беделді болды. Базарда қамшы, домбыра, ер-тоқым сияқты заттар сататын ата – «Біздің Досымбектің кісіге сәлем беруі бөлек, нағыз жігіттің төресі ғой, тек асырауы келіспей жүр... Нағыз ару құшатын жігіттер осындай болады» – деп бұны көрген сайын айналасына мақтап отырады. Ата ары қарай, жігіттің сырттаны қандай болуы керек екенін суреттеп, тұлпардың сынын жырлаған білгір ат бапкеріндей тізіп ала жоғалады. Оны тыңдап тұруға уақыт қайда, Досымбек тәшкесін зырылдатып қасынан өте шығады. Атаның «жігіттің төресі... ару құшатын...» дегені құлағына жағады-ақ, ал «асырауы келіспей жүр» дегенін түсінбей-ақ қойды. Адамды асырай ма?.. Базарда бұның қабағын бағатын талай қыз барын сезіп жүр, сөз салса бүгін жетіп келмек. Ал, өзінің көңілі қалаған қыздар қуықтай бөлмесінің табалдырығын аттамасын тағы біледі... Бөлменің іші түтінге толып кетіпті. Жалғыз терезені ашып, орамалмен бұрыш-бұрышты сабалап, түтінді сыртқа қуған болды. Терезеден бу боп ұрған салқынға кеудесін тосып, мұздай ауа жұтты. Маңайды қараңғылық басыпты. Қыздың үйі ұйқыға кеткенге ұқсайды – терезелердің жарығы сөніпті, тек ауладағы биік бағандарға орнатылған әдемі шамдар ғана айналасына жарық төгіп тұр. Досымбек күйген жұмыртқаның иісі шықпасын деп полиэтилен қалташаға салды да, ауызын жақсылап түйіп, қоқыс шелекке тастай салды. Терезе алдындағы қыз ұйықтамай, бұның терезесінің жарығына қарап, қараңғыға шомып әлі тұрғандай болып көрінді. Орта бойлы, нәзік, бетінің ұштары алқызыл, үлбіреген аппақ сұлу қыз болуы керек. Терезенің алдында қозғалмай неге тұрады екен? Әкесі қатал адам ба екен... Қызын өзі сүймейтін бір байдың баласына бермекші... Досымбек қызды құтқарғысы келіп қиялданып біраз жатты. Құтқарудын неше түрлі жолдарын ойластырды. Кинодағыдай, ниндзяларша киініп, беліне арқан байлап жұрт ұйқыға жатқанда салбырап шатырдан түссе. Терезені айқыра ашып, қызды қыпша белінен құшақтап, суағар тұрбамен сырғанап келіп, қарға секіреді... Қыздың үйінің жанына барғысы кеп кетті. Дала аяз. Киіну керек. Жылы төсекті қимай ерініп біраз жатты да, жамылғы көрпесін теуіп тастап атып тұрды. Тез киініп, қоқыс шелекті алып сыртқа шықты. Аяз күшейіпті. Жып-жылы денені суық бірден қапты. Досымбек жұқа пальтосының жағасын көтеріп, құнысып кіреберіс алдында біраз тұрды. Қоңылтаяқ кие салған етігінің қиылған жерінен сумаңдап суық кіре бастады. Әлдебір күш қыз үйіне тарта берді. Досымбек қарды сақыр-сұқыр басып зәулім үйдің қарауытқан дуалына жақындады. Екі құлаштай биік етіп соққан дуал қараңғыда дүңкиіп, тіпті биіктей түсті. Ауладан екі жерден ит үрді. Арпылдаған зор дауыстар тез жақындап, Досымбектің тұсына келіп, қабырғаның түбінен естілді. Кірпішті тырналап, қабырғаға шапшығаны білініп тұрды. Күзетшінің бір бөлмелі үйінің терезесінің жарығы жанды. Досымбек жүгіре басып, қоқыс жәшіктері жаққа бет алды. Қақпаның есігі ашылып, айналаны фонарик жарығы тінте бастады. Досымбек дорбашаны қоқыс жәшігіне лақтырды да үйіне қарай беттеді.
Қабырғаға жапсырылған ағаш кереуетін түсірді. Еденге қыз баланың шашқа тағатын резеңкесі түсті. Шешініп төсегіне жатты. Кәмшат та да қызық – келген сайын бір затын тастап кетеді. Түнде қорылдайтыны, тістерін шықырлататыны ұнамайды. Аюдың қонжығындай бар денесі тұтаса бітсе де, сүйкімділіктен де кенде емес. Мөлдіреген қап-қара көздерін төмен салып, аппақ бетінің ұшы қызарып, қымсынған сәтте сұлуланып кетеді. Араларында көзге көрінбес қылдай нәзік байланыс барын сезеді, ол үзіліп кетсе Кәмшат қайғырар, ал өзінің қайғырмайтынын да біледі. Кәмшат көрінбесе іздемейді, келсе кет демейді. Ат шаптырым базардың бір шетінде ойыншық сататын ол да, қалтқысына телмірген балықшыдай шұбырған жұртқа көз сатудан шаршайтын шығар. Ал, тамақ пісіруге келгенде Кәмшаттай әйел баласы табылмас. Бармағынан бал тамады-ау, бал тамады. Лағманды қалай созады! Етжеңді ақ білегін сипап жабысқан ұнды сүртіп тұрып «Білесің бе, сен жақсы жігітсің, Досымбек!» дейді. Сырттай кекірейгенмен мақтау ұнап қалған бұл елеусіздеу ғып – «Оны кім айтты...» дейді. – «Қабағыңды өтірік түймей-ақ қой, мақтау жағып барады, ә? Мына лағманның қамыры бір-біріне жабыспай жақсы созылып жатыр, жақсы адамға ауқат дайындағанда осылай болады, ал кесір біреу болса желімше жабысып ығырыңды шығарады» деп беттерінің ұшы албырап бұған асқан бір сүйіспеншілікпен үзіле қарайды. Асқан еті қандай дәмді. Сен үшін ауылдан әкелдім деп, самбырлап жүріп, қолдың сүтін салып, құйған шәйінің дәмі көпке дейін таңдайда қалады. Қарны шұрқырап жатып, тамақты ойлай бергеніне ызасы келген Досымбек, аударылып түсті де, көрпесін тас бүркеніп алды. Терезе алдындағы қызды неге ойлай береді?! Көңілін алаңдатқысы келіп, басқа нәрселерді ойлауға тырысты. Алайда, көз алдына кинодағыдай махаббат, үлде мен бүлдеге оранған сұлулар келе берді. Ол сұлулар қанша ынтықтырса да күні бойғы тынымсыз жұмыс әбден шаршатқан екен – ұйқы басқан көздері жұмыла берді. Кірпіктері ілініп бара жатып та терезе алдындағы сүйкімді қызды ойлады. Хан қызындай арудың көңілі өзіне кеткеніне сенер-сенбесін білмей-ақ қойды. Сенбейін десе, бұның терезесіне телміріп, қозғалмай тұрар ма еді. Ғашық отына күйген жан ғана осылай сүйе алады, ондай қыздар жігітінің кедейлігіне де қарамайды. Тіпті, әке-шешесі қарсы болса сүйгенінің қолынан ұстап қашып кетеді. Өзін ханның қызы ғашық болатын ертегінің батырындай сезініп, жүрегін қуаныш түрткіледі. Алдағы тәтті өмірдің тезірек келуін құдайдан тіледі. Құдайдан тілек тілеудің дұрыс жолын да білмейді екен, ертең мешітке барып, молдадан сұрап алған дұрыс болар деп ойлады. Көпшігін басымен сүзгілеп ыңғайлап алып, шалқасынан жатты. Бүкіл денесін балбыратып, тыныштық әлеміне алып бара жатқан ұйқының еркіне беріліп, мұрнының еріне пышылдағанын еміс-еміс естіп жатып ұйықтап кетті. Орындықтағы күлсалғышта шала сөнген темекі бықсып жатты. Ирелеңдеп ауаға баяу көтерілген жіңішке ақ құрттар ұштары ширатылып, бұйраланып барып, жойылып кетуде.
Ертемен жұмысқа бара жатып, қыздың терезесіне көз салды. Перделері жабық екен. Аумағы атшаптырым ауланың қақпасы алдында тұрған еңгезердей жас күзетші жігіт, маяға жібермей қойған түйе сияқты теңселіп, зәулім үйге қарай қайта-қайта мойынын созып, ентелеген бұған суық жүзбен қарады. Кеше қақпа торыған осы екенін сезіп тұрған сияқты. Қақпаны анда-санда ашып-жапқаннан басқа жұмысы жоқ, күні бойы ерігіп бос отыратын нойыс бәленің қастары түйіліп кетіпті – қолының қышуын басып алайын деп, бассалып сабаудан да жүзжанбас. Досымбек жүзін төмен салып, қарды қашырлатып, аяғын тездете басты. Алыстау жерге барып, бұның ту сыртынан қадалып, қозғалмай тұрған күзетшіге қарап кекесінмен мырс ете түсті. Ертең-ақ қайжағынан шығып қалам деп жалпақтап, аяғың аяғыңа жұқпай бізге есік ашып, мына шойын қақпаны құйрығың ойнап итергіштеп зыр жүгірерсің әлі... Сәл күте тұр жігітім...
Досымбек бұл күні ерекше көңілді жүрді. «Дорогу, дорогу...» деп айғайлап, «Урал» мотоциклінің дөңгелегін салған қол арбаны зырылдатып, адам құжынаған алып базардың ішінде әрлі-берлі жүйткумен болды. Сандықтай, сандықтай ауыр қапшықтарды құшақтап алып жүгіріп, заттың иесінің айтпағын емеурінінен ұғып, тиісті орнына қаладай етіп жиып беруден шаршамады. Терезе алдындағы қыз бұның тәшке итеріп жүргенін көрсе не дер еді?.. Түс кезінде сәбилердің ескі төсек-арбасына салып, тамақ таситын толық қыздан лағыман сатып алып жатып, «Нұрсұлу, осы базардағы ең сұлу қыз сенсің...» деп салды. Нұрсұлу силиконсыз-ақ дүрдиіп тұратын етті еріндері жиырылып, маржандай тістері көрінді де «тағы салайын, ақшасы керек емес» деді. – «Кәмшат бүгін жұмысқа шықпады ғой, ауырып қалған жоқ па?». Өзінше сыр тартқаны, екеуі келіспей қалған жоқ па екен деген үмітін жасыра алмай қабағының астынан ұрланып қарап қояды.
– Кәмшатты бағып жүр ғой деймісің, көрмегелі қашан.
Кәмшат, адамдар әрлі-берлі соғылысқан базарда алда-жалда алдынан Досымбек шыға қалса, ерінін болар-болмас жыбыр еткізеді де, көзін төмен салып өте шығады. Мына қуың тымпиып алып, Кәмшат екеуінің құпиясын білетін болып шықты ғой.
– Нұрсұлу, мұртыңды баспайсың ба?
Досымбек қолдарын шалбарына сүйкеп жіберді де, саусақтарымен қастарын қосып қабағын түйді. Нұрсұлудың қап-қара болып түксиіп, қосылып кеткен қалың қастарын мұрт деп келемеждейтін. Басқа жігіттерді арқадан қайқайта бір салатын Нұрсұлу Досымбекке еш ренжімейді. Бұл жолы да үзіліп кетердей болып елжіреп бір қарады да қойды.
– Нұрсұлу, мен бір сұлу қызбен таныстым ғой.
– Ал мен ше, мені не, тастайсың ба?
Нұрсұлу Досымбектің қарсы алдына билей басып келіп, үндінің қыздарынша көздерін ойнатып, мол бөксесін барынша дірілдетті.
– Ту-у сен де бір... Мен бұған жан сырымды айтып отырсам.
Досымбек, анадайдағы картон жәшікке пластик тәрелкені лақтырып дәл түсірді де, тәшкесіне бет алды. Тәрелкелерін реттеген болып, ту сыртынан Нұрсұлудың қадалып тұрғанын сезіп барады. Жәй тұрмай, Досымбек дәл бір тау басындағы арқарды атып құлатқандай таңданып, жұртты елеңдете, ішін тартты. Бүйтіп жақсы көргенің бар болсын. Дөңгелегінің шығыры шиқылдағалы көп болды. Құрсауы қажала-қажала, темір моншақтары шашыла бастағанын көргелі, тиын-тебенін үнемдеп, ақша жинай бастады. Пішпегін ауыстырғанмен ұзаққа шаппайды, тұтас дөңгелек сатып алу керек. Бір күні дөңгелек қисайып қалса, клиенттерден айырылып қалады. Иіліп-бүгіліп қызмет етіп жүріп азар дегенде жинаған клиенттерінен айырылуды ойлаудың өзі қорқынышты. Бос тәшкесін қаңғырлатып, аңшылық құралдарын сататын қатардан өтіп бара жатып сөреде қатар-қатар тұрған бинокльдерге көзі түсті. Ең үлкенін алып, көзіне тақап айналаны мерледі. Жыпырлаған зат сататын қатарларды кезіп келіп, шалқайып аспанға қарады. Қаланың теріскей жағын тұтас жапқан бұлттың арасынан нән ұшақ шыға келді. Бүйіріндегі жазулары, кіп-кішкентай терезелері, ап-анық көз алдына тұра қалды. Құйрығындағы қызыл шамдары жыпылықтаған күміс ұшақ бұлтқа кіріп ғайып болғанша бинокльді алмады. Көзін сүртті де, сыр иісі аңқыған суық бинокльді көздеріне қайта тақады. Жас балаша елігіп базардың ішін кері кезді. Өзі түгел танитын сатушыларға қарап ырсыйып, тілін шығарды. Ұстап алғысы келгендей бос қолын созып, ауа қармайды. Олардың бұнда шаруасы жоқ, әрлі-берлі өткен адамдарға телміріп әлек. Бинокль жолды да осылай жақындатса ғой шіркін, тауарларды зу еткізіп тасып тастар едім деп армандап тұрып, шеттеу тұрған темір контейнердің алдындағы Нұрсұлудың тамақ таситын төсек-арбасын көрді. Сәбидің ескі төсек-арбасы бір жағына қисайып, біреуден жәбір көріп, жабырқап тұрғандай көрінді. Айналаны тінтіп шықты. Сол маңда жүрген сатушылар да жүрістері кібіртіктеп, темір контейнер жаққа қарауға қорқып, іштеріне үрейлі сыр бүгіп, сол жерден тезірек өтіп кетуге тырысып бара жатқандай болды. Кенет, төсек-орын сататын темір контейнердің есігі шалқасынан ашылды да, базардың Терминатор деген лақап аты бар күзетшісінің бұжыр-бұжыр беті көрінді. Терминатор қайрылған есікті жауып алды. Бір қолымен тыпырлатып, біреуді ұстап тұрғаны байқалып қалды. Досымбек бинокльді тастай салып контейнерге жүгірді. Есікті жұлқып ашып кіріп келсе, Терминатор есіктей арқасы дүңкиіп Нұрсұлудың үстіне қонып алыпты. Аяқтары тырбаңдаған Нұрсұлу ырс-ырс демалып алысып жатыр. Капрон шұлығы жыртылыпты – тізелері жылт-жылт етеді. Әлі келмегеніне ызаланып, булығып жылап та жатқан сияқты – ауыр салмаққа жаншылып қыстыққан үні жайсыз естіледі. Досымбек бар пәрменімен Терминаторды құлақшекеден жұдырықпен бір қойды. Өңкиіп сол жағына жығылған Терминатор атып тұрып боқтап жіберді де, Досымбекке ұмтылды. Оның қолындағы кеспелтек темірді көріп Нұрсұлуды шашынан сүйреп тұрғызып, алдына тоса қойды. Темірді сілтей берген Досымбек тайқып кетті. Қарсыласының бүгілген сәтін пайдаланып Терминатор қас пен көздің арасында іштен бір тепті. Асқазан тұсы түйіліп, жаны көзіне көрінген Досымбек дем ала алмай екі бүктетіліп қалды. Терминатор тіземен беттен соқты. Көзінің оты жарқ етіп, кеңсірігі сілті құйғандай ашып кеткен Досымбек есінен айырылып құлап түсті.
Досымбек үш-төрт күн жұмысқа шыға алмады. Дәрігер шақыртып еді, мұрыны сынған екен. Тайып құладым дегеніне жасы елулерден асып кеткен дәрігер онша сенбеген сияқты, бұның күмпиіп кеткен бет-ауызына, кілкілдеп, жыртиып қалған көздеріне, ісіктен киіктің тұмсығындай қоңқайған мұрнына қарап ашулы түрде бұрқ етіп бірдеңе деді де, фельдшер қыз дайындап тұрған собалақталған мақтаны мұрынына нығарлап тыға бастады. Жанына батқанын білдірмеуге тырысып тістеніп алған Досымбекке риза көзбен жалт етіп бір қараған фельдшер қыз дауысын ақырын ғана шығарып «қызыңызды қорғап па едіңіз?» деп сұрады. «Қызды тұмсықпен емес, жұдырықпен қорғау керек». Дәрігер бөріктісінің намысын жыртысудың орынына жарасына тұз сеуіп жіберді. Досымбек бұл дәрігерге неге жақпай қалғанын түсінбей отыр. «Біздің Терминатормен бір кездессе ғой... Ине салатын құйрықтарыңнан жаңыларсың...» Қартамыс дәрігердің сол білегіндегі инемен шабақтаған көкшіл әріптерге қарап отырып Нұрсұлуды ойлады. Ұяты бар қыз, қорланып, базарға жоламай кетпесе болды. «Менің шаруам қанша, кетсе кетеді де...». Мектеп оқушысындай жасартып тұратын албыраған беті, үзген қамырдай болып шошайып-шошайып қалған еріндері, мұрыны көз алдына келді. Сол бір үзім еріндерімен сүйгенде... Екі-үш күн аязға шығуға болмайды деп ескерткен дәрігер қоштаспастан шығып кетті. Фельдшер қыз есікті жаба берген Досымбекке «сауығып кетіңіз» деп қастары дір етіп, жұмбақ жымиды да, әлдене деп күңкілдеп бара жатқан дәрігердің артынан, тақасы тақылдап жүгіре жөнелді. Аяқтары түп-түзу екен.
Есікті жаба бергені сол еді – дәліз аяқ дыбысына толып кетті, бір топ адам топырлап келіп есігінің алдына тоқтады. Қоңырау шыр ете бергенде есікті ашты. Тон сататын Қапия апай бастап базардың біраз адамы келіп тұр. Кіре-беріске кептеліп тұрып аяқ киімдерін шеше бастады. Нұрсұлу ерекше жайраңдап жүр. Көздері жалт-жұлт етіп Досымбекке қарай береді. Көстеңдеп бірден ас үйге озды. Кілем сататын Мәмед томардай қолдарымен иығынан қағып, үнсіз құшақтады. Бәрі Досымбекке риза көзбен қарап қояды. Тойға келгендей іштерінде бір қуаныш бар. Жұрттың соңын ала Кәмшат көрінді. Аяз сорған бетін ысқылап тұрып, имене күбірлеп, амандасқан болды. Қабырғаға сүйеніп, еңкейген күйі, қонышын тоқ балтыры керіп тұрған етігін сызыла шешіп, бір бұрышқа қойды. Келгендерді Досымбек тосырқаңқырап қалды. Кәмшаттан басқасымен аралас-құраласы жоқ. Бұның үйін қайдан тапты екен?.. Әйелдер бірден тамақ жасауға кірісті. Столдың үстіне жеміс-жидек, тәттілерді толтырып тастапты. Ішіне күмпитіп қамыр үріп пісірген өкпеге көзі түсті. Сәпиямның қолынан шыққан болуы керек – ұйғырлардың қадырлі қонағына қоятын тамағы. – «Бұл үйдің тұз, бұрышы қайда екен?» Нұрсұлу көз алдындағы жалғыз сөредегі бір-бірінен үріккендей селкеу жайғасқан ыдыстарды қозғамастан, әдейі сұрап тұр. Кәмшат ұн салынған қағаз дорбашаның тасасынан тұз, бұрыш салынған кішкене тостақтарды алып шықты да қып-қызыл болып кетті. Нұрсұлу Досымбектің ашуы бұрқ еткенін байқап қалып, шойын табақты сүрткен болып бұрылып кетті. Бәрі отырып шәй ішті.
– «Досымбек, ты поступил как настоящий мужчина, как герой...». Сампылдап бір әңгіме бастап келе жатқан Наташаны Қапия апай қара санынан шымшып алды.
«Я чо? А чо?» – Наташа алақандай көздері бақырайып жан-жағына қарады. Қапия апай өзінің асықпай сөйлейтін әдетімен шәйін ұрттап қойып, бипаздап отырып, қамшы, домбыра, ер-тұрман сияқты заттар сататын атаның сәлемін жеткізді. «Айтпадым ба, жігіттің төресі деп. Бүгінде ондай жігіттер жоқтың қасы. Досымбек сияқты жігіттердің орыны базар саудасы емес қой... Әттең-ай...» – деп іліп қойған қамшының бірін ала салып, жерді тартып, тартып жіберген екен. Нұрсұлу Досымбектің көзіне тайсалмай қарады. Қызулап ауырған адамдай, әнтек ашылған шошайған еріндері шөлдеп, кезеріп тұр. Стол үстіндегі үйілген кәмпит, әртүрлі тәттілерге қарап отырып Досымбек жылы жымиды. Оны өзінше түсінген Нұрсұлу басын кекшитіп Кәмшатқа қарады. Досымбектің есіне атасының өзін сүндеттегені түсті. Онда да кәмпит, тәттілер осылай үйіліп қалған еді. Қоржын үйдің екі бөлмесі де адамдарға лық толы болатын. «Біздің Досымбек батыр, нағыз батыр! Әпшуін кескенде қыңқ еткен жоқ! Өскенде Алпамыстай отқа салса күймейтін, суға салса батпайтын батыр болады!» – деп бәрі қойын-қоныштарын толтырып алып келген тәттілерін Досымбектің қасына төгіп кетіп жатты. Атасы Досымбекті жұрт мақтаған сайын мәз болып қалады. Тәттіге тойды. Алайда, бір күн өтпей-ақ іші пыса бастады. Күні ұзаққа жата берген де жалықтырады екен. Апасы жұмсай бергенде ауырып қалсам деп ойлайтын, емін-еркін жататын. Көшеден балалардың айқайы естілгенде ақырындап, орнынынан тұрып терезенің алдына келеді. Олардың бұнда ісі жоқ, көшенің шаңын бұрқыратып шауып өте шығады. Тек, досы Сансызбай ғана жүгіріп бара жатып Досымбектің үйі жаққа бір қарап кетеді. Апайының көйлегімен сөлпиіп көшеге шығатыны, әпшуіне тиіп кетпесін деп көйлегін саусақтарымен шымши көтеріп, арттарынан талтаңдап жүгіретіні есіне түсіп Досымбек езу тартты. Ағаштың тасасына тығылып тұрып, көйлегінің етегін көтереді – енді ғана қарақотырлана бастаған әпшуінің шым-шымдап қансырағанын көріп қыстығып жылап жібереді. Досымбектің бетінде күлкі жүгірген сайын Нұрсұлу дастархандағы тамақтарды Досымбектің алдына қарай ысырып-ысырып қояды. Дастархан басындағылардың дауыстары бәсеңсіп қалыпты. Наташаның жақында базар жабылады деген хабар естідім дегенін шулап жоққа шығарғандарымен де қабақтары түсіп кетіпті, бәрі тамақты көңілсіздеу алып отырды. Бір кезде үнсіздік орнады. «Ангел пролетел...» деді Наташа. «Бұл үйде қайдағы ангел.» Досымбектің көзі қатты жел соқса опырылып ішке құлағалы тұрған терезенің жақтауына түсті. Кенет шиқ, шиқ еткен жіңішкелеу дыбыс шықты. Мұрынын қос қолдап жауып алып, тышқанның шиқылындай етіп түшкіріп отырған Сәпиям екен. Бәрі ду күлді. Әншейінде күлмес пе еді? Осы күлкі базардың жабылмайтынына сенім орнатқандай болып, көңілдердегі кірбеңді шайып кеткендей еді. Досымбек, кейде дөрекілеу, кейде көршісінің саудасы жүргенін қызғанып, артық сөйлеп те қоятын, әйтсе де ар жақтарында еш зіл жоқ, осы бір қарапайым адамдарды жақсы көріп кетті. Жұмысқа тезірек шықсам деп ойлады. Базар жабылса жабылсын, қалада базар жетеді, тәшкісі аман болса жұмыс табылар. Тек дұрыстап оңдап алу керек. Базарластарын бір шолып өткен Досымбек оларға үйреніп қалғанын ойлады. Қимайтын шығар. Әй, базар жабылмас. Қаңқу сөз шығар. Осы жерде терезе алдындағы ғашығы отырса деп ойлады. Мына ортаға үйренісіп кетер ме еді? Әй, қанша мінезі жақсы болса да, үйренісе алмайды-ау... Базардағылардың дөрекілеу әзіл-оспақтары, жылынайық деп екі әйел отырып бір бөтелке ақ арақты төңкеріп тастайтындары... Үлде мен бүлдеге бөленіп, үлбіреп отырып, тамақты пышақпен турап, шанышқымен шаншып жеп өскен қызға қиындау соғатын шығар. Жұрт жинала бастады. Кәмшат алдымен киініп, дәлізге шығып алыпты. Дәліздің жарығын бір жағып, бір өшіріп тұр екен. Бұған жалт етіп бір көз тастады. Жай оғындай жарқ ете қалған көзқарас. Анау-мынау қыздың жай оғы өте қоймайтын Досымбек таңданып қалды. Бұл қарас – тереңнен тепкен ынтызарлық та, қыз қорғаған ерлікке мақтаныш та, ол ерліктің себепшісі Нұрсұлудан қызғану да... және... әйел баласының ер адамға ешқашан құпиясын аштырмас, құрдымына тартып әкетер сыр мен сезім арпалысы шарпысып жатқан өте қауіпті тұңғиық, тұнжыр көзқарас еді. Мұндайы да бар екен ғой... Келгелі бір қарай алмай, дымы құрып отырғанын Досымбек байқаған. Кәмшат қоштаспастан төмен қарай жүгіре жөнелді. Досымбек ішке кірсе – Нұрсұлу ыдыс-аяқ жуған болып айналшықтап әлі жүр екен. Досымбектің түйілген қабағын көріп, әрі жұрттың алдында амалы құрып, тез киінді де көппен бірге шыға жөнелді.
Кеш бата терезенің алдына келді. Қарсы үйдің қызы орынында екен. Досымбектің терезесіне қараған күйі тырп етпейді. Досымбектің ауызынан Ләйлім деген сөз шығып кетті. Иә, Ләйлі! Қандай ғажап есім! Бұл – Мәжүнін. Ләйлім бұның таяқ жесе де қызды қорғап қалғанын білсе риза болар еді-ау! Бүкіл базар қорқатын Терминатордан Нұрсұлуды арашалап қалғанына мақтанышын жасыра алмай, еркелей күліп жүгіріп келіп бұның мойнына асылып, бетінен сүйіп-сүйіп алар еді. Құрбыларына «менің Досымбегім батыр!» – деп мақтанышпен жар салады! Басқа қызды қорғадың деп қызғанып, ренжіп қалмас па екен? Жоқ. Жо-жоқ! Ләйлі ондай емес. Ләйлі ақылды қыз! Досымбек тезірек бинокль сатып алғысы келді. Аласапыран дауылда, таудай толқындарды жара жүзген кеменің тұмсығында тұрып алып, алысты шолған, үсті-басы малмандай су теңіз капитанындай бинокльді көзіне тақап Ләйлісіне қарар еді. Ләйлісінің күлімдеген көздерін, алқызыл еріндерін жап-жақыннан көрер еді. Қолымен ымдап сөйлесер де еді. Бинокльге ақша жинау керек. Шәйдан босаған қаңылтыр қобдишаны терезенің алдына қойды. Патшайым мінген алтын күйменің суреті бар сырлы қобдиша уайым-қайғыдан ада, алтын-күміске малынып, ойын-сауықпен өмір өткізетін рахат бір әлемге шақырғандай. Досымбектің кеудесінде уылжыған сағыныш бүлк етті. Белін тас қылып таңып тастаған, еріндері шиедей патшайым қаздиып отырған күйі бұған қарап жымиғандай болды. Үлде мен бүлдеге оранған, толықсыған патшайымға ұзақ телмірген Досымбек қобдишаның қақпағын аялай ашып, ішіне қалтасындағы ұсақтарын тастады. Күніне мың теңгеден салып отырса, бір айдың о жақ, бұ жағында алуға болады. Пәтердің коммуналдық төлемдері тағы бар... Аяқ астынан үйде отырып қалғаны да дұрыс болмады. Бинокль сатып алуы үш-төрт күнге кешігетін болды. Тамағына кеткен дәріні ашырқанып, ваннаға кіріп, шайып тастады. Бөлмесіне кірсе, Ләйлімнің терезесінің шамы сөніпті. Кетіп қалды деп бұған ренжіп қалған жоқ па екен... Досымбек тоңазытқыштың үстіндегі кішкентай ғана теледидарды қосты. Қазақтардың ет жегенді жақсы көретінін айта келіп, асқан етті жаңаша қалай деп атаймыз деп айтысқандардан тез жалықты да, сөндіріп тастады. Көзі сылағы қопсып тұрған, газ пештің тұсындағы төбенің бұрышына түсті. Қайнаған тамақтың буынан қопсыған сылақтан көз айырмай қарап жатып шауып келе жатқан аттың суретіне ұқсатты. Иә, иә, кәдімгі Батырлар жыры кітабындағы Тайбурылдың суреті! Қалмақтың қамалынан қарғып бара жатқан сәті! Досымбек көңілденіп кетті. Осы үйдің кіреберісінің терезесінде де тамып кеткен сырдан пайда болған әйелдің бейнесін байқап жүретін. Тап бір шебер суретшінің қолынан шыққандай мінсіз сурет. Бұрымы өкшесіне түскен, белі қылдай, қаз мойын, аршын төс сымбатты мүсін. Бірде автобусқа мінгенде артқы салонның қапталдағы кең терезесінен көрген суреті есінен кетпейді. Сәуір айы болатын, жолдың лайы терезеге шашырапты да, бүркіп өткен лайдан басы түбіттенген бақ-бақтардың суреті пайда болыпты. Ең ғажабы, терезенің орта шеніне дейін тұтаса өскен сол бақ-бақтың арасынан бір қарыстай сорайып түйеқұстың мойыны көрінеді – тұмсығы, жүні үрпиген басы, шедірейген көзі бәрі, бәрі аумайды. Досымбек табиғатта көзге көрінбейтін әлдебір әзілқой суретшінің барына сене бастаған еді. Ол суретші кім екен? Шашыраған лайды бір тамшысын рәсуа қылмай жүріп бара жатқан автобустың терезесіне көзді ашып жұмған сәтте сурет қылып қондыра салу, тамған сырды бір сілтеп, сымбатты әйелдің мүсінін тудыра қою, қопсыған сылақтың шетін шебер сызып отырып тұлпардың бейнесін қапысыз бедерлеу... Күйкі тірлік желкелеген адамдар бір сәтке дамылдап, өнер әлемі туралы ойлансын дей ме екен, ол суретші... Кенет, есіктің қоңырауы шар-шар ете қалды. Біреу үсті-үстіне басады. Іздей қоятын ешкімі жоқ. Кім болды екен? Ләйлі емес пе екен?! Досымбектің жағдайын естіп, халін білмекке келіп тұрған болар?.. Үлбіреген нәзік жан мына күннің аязында, тастай қараңғы түн ішінде жүгіріп жетті-ау... Тосын келген ойдан Досымбек сасқалақтап, аядай бөлменің ішінде әрлі-берлі жүгірді. Келіп тұрған Ләйлі екендігіне өзі бірден сеніп қалды. Дұрыстау киімін іле салып есік алдына келді. Саусақтары дірілдеп, қапелімде кілтті бұрай алмай есі кетті. Ақыры есік те ашылды-ау! Алдында – ай сайын ыстық, суық судың есебін алатын қыз тұрды. Жұрттың жұмыстан келгенін тосып, түнделетіп жүретін әдеті. Табалдырықтай аттай бере, қолы жабысып қалғандай есіктің тұтқасынан айырылмай, қақшиып қалған Досымбектің бетіне таңдана көз жүгіртіп өтті. Жалғыз бөлменің қол жуғышының астына қойылған жәшіктің қаусырмалы есігін ашып жіберіп, бүк түсіп отыра қалды да, иір-иір тұрбаларға орнатылған есептегіш құралға ұялы телефонынан жарық түсіріп, блокнотына әлденені жаза бастады. Тар қуыстағы тостағандай ғана су есептегішке үңілген жас қыздың құнысқан арқасына қарап отырып Досымбек «Үнемі түнде жалғыз жүреді, күйеуі жоқ па екен...» – деп ойлады. Өзі томпиған, сүп-сүйкімді қыз. Бет-ауызын сипалап, аузымен демалып отырып, қыздың бұның бетіне біртүрлілеу қараған себебін түсінді. Мұрыны ісіп, қос тесігінен собалақтанып мақта шошайып тұрған жігітке қыз, әрине қарайды. Қыз кеткен соң, газ пешті жағып тамағын жылытуға қойды. Мұрын бітеулі тұрғанда тамақ ішудің өзі азап екен. Қайраңдағы балық сияқты ауызын ашып-жұмып отырып ет қосқан күрішті шұқылап жеген болды, сыздықтатып шәйін ішті. Жалғыз тұратын адамның бұл ермегінен де іші пысты. Ыдыс-аяғын жуып, төсегіне жатты. Сылағы қопарылып, сұрғылт бетоны көрінген есіктің маңдайшасына көзі түсті. Бір күні Кәмшатты шақырып, екеулеп сылап тастау керек. Ертең Ләйліні қайда әкелетінін ойлады. Құда түспейді. Құдаларын көріп Ләйлінің әке-шешесі қыздарын бермей жіберуі мүмкін. Мүмкін емес... бермейді. Алып қашады. Басқа қалаға барып тығыла тұрады. Бір жылдан кейін балаларын алып кешірім сұрап келеді. Сүп-сүйкімді немерелерін көргенде ол кісілер әрине кешіреді. Содан соң рахат өмір басталады! Қыздың әкесі үлкен үй салып береді. Ұлдары жоқ болар!? Бай, патшалар жалғыз қыздан басқа бала көрмей, ұлға зар болады емес пе? Ұл орынына ұл қылып алар. Қой, ұят шығар... Таныстары не дейді? Досымбек бір байдың қызының қолына кіріп алыпты демей ме? Тоңазытқышты ашып бір бөтелке мұздай сыраны ішіп алды да, екі қолын бұтының арасына тығып, басы салбырап керуеттің шетінде біраз отырды. Е, жарайды... Қазір ұятың кімге дәрі... Шолп-шолп еткен үн естілді. Қолжуғыштағы жуылмай қалған ыдыстарға қарады. Кәстрөлдің үстіндегі тайпақ шойын табаққа су шүпілдеп толып қалыпты. Көз алмай қарап отырды – шүмектен бір тамшы су үзіліп түсті. Сақина-сақина толқындар шойын табақтың ернеуіне барып жолғалып жатты. Досымбек осы бір мағынасыз көрініске ұзақ қарады. Шалқалап төсегіне құлай кетті. Темекіні аңсады. Тұруға ерінді. Кенет есіктің қоңырауы шар ете қалды. Жиырма бестен асқанша көріп келе жатқан қиындығы ұмытылып, алдында күтіп тұрған ертегідегідей өмірге күп беріп, рахатқа шомылатынын ойлап қиялға берілген Досымбек қоңырау дауысын бірден естімеді. Есіктің ар жағындағы да қадалған жерінен қан алатын біреу екен – қоңырауды үзбей шарылдатып тұрып алды. Досымбек көзін ашып, төсектің шетіне отырды. Бөлменің ортасындағы стөлді, газ пешті, қол жуғышты шолып шықты. Аяғына тәпішкесін іліп есікке беттеді. Бұл жолы Ләйлі шығар деп ойлағысы келмесе де, су есептегіш қызға алданған жетім үміт қайта бас көтеріп «есікті ашып қалғанда Ләйлі келіп тұрса ғой, шіркін» деп жел өтіндегі шырақтай қыпылықтады. Досымбек өзін қанша сабырлы ұстағысы келгенмен, жүрегі дүрсілдеп кетті. Есіктің кілтін ұстап сәл кідірді. Іште адам барын естіген сырттағы:
– «Ей, Досымбек, ашсайшы!» – деп шыдамсыздана дауыстады. Таныс дауыс... Алтынбек екен. Әскерде бірге болған досы. Қазір ол да базарда, әйелдердің іш киімін сатады. Еңгезердей денесіне қарамай жып-жып етіп тез қозғалатын Алтынбек аяғын шешер-шешпестен бөлмеден бір шықты. Тез сөйлейтін әдетімен Досымбектің ауызын ашқызбай десантшыларды жинап Териминаторға барғанын, оның тығылып қалғанын, бәрібір тауып алып, сындыратындарын айтты. Алтынбектің бірбеткей мінезін жақсы білетін Досымбек қарсы ештеңе айтқан жоқ. Алтынбек сыра алып келген екен, екеуі отырып кепкен балықпен сыра ішті. Алтынбек дауысы жетпеген жерлерде күшеніп қойып, дарылдап әскердегі әндерін салды. Алтынбек қонып қалды. Досын өз төсегіне жатқызды да, өзі көрпе салып, еденге жата салды.
Таңертең терезеге қарай берді. Төсектен басын көтерместен сыраға тойып алған Алтынбекке байдың қызы туралы, оның өзін қатты жақсы көретіні туралы айтқысы келіп қайта-қайта оқталса да, адамның көңіліне қарау дегенді білмейтін досы оқыс бірдеңе айтып қалама деп іштен тынды. Ақыры шыдай алмады. Дос қой. Түсінер, сыр бөлісер. Терезе алдындағы қызды көрген сәтте-ақ Алтынбек:
– «Ё-о-о моё, вот это фигура!» деп дауыстап жіберді.
Досымбек ренжіп қалды.
– «Олай деп айтпа!».
Алтынбек түсінген жоқ.
– «Вот это баба! Қалай таныстың ей?». Бұл досының қолындағы бөтелкені жұлып алды.
– Олай деп айтпа дедім ғой!
Дүрдік еріндері салпиып қалған Алтынбек абайсызда ауызынан емшек шығып кеткен сәбидей тамсанып бөтелкеге қарады.
– Қалай деп?
– «Ё моё» деп.
– Неге?
– Ондай қыздарға олай деп айтпайды!
– Е, қойшы. Сен де бір... Қайдағы бір қыз үшін досыңа сөйлеп.
Алтынбек бәтеңкесінің сірісін басқан күйі шығып кетті. Досымбек тұрған орынан қозғалған жоқ.
Қаланың күншығыс шалғайындағы көр-жер сататын жайма базарды аралап тәшкесіне екі дөңгелек сатып алды. Автобустан автобусқа мініп жүріп, алып шаһарды кесіп өтіп өз базарына да жетті. Шынжырлап кеткен тәшкесін орынынан таба алмады. Терминатордан келген іс болды-ау деп жұдырығын түйіп алып, базар күзетшісі отыратын контейнерге қарай адымдады. Қапия апай тон сататын қатармен келе жатып, жолында тұрған үлкен қорапты көрді. Қызыл лентамен гүлдеп байлап қойыпты. Тар жолды кептеп тастаған қорап пен сөренің арасынан қыстырылып өте бергенде шу ете қалған дауыс естілді. Қапия апай, қамшы, домбыра, ер-тұрман сияқты заттар сататын ата, Сәпиям, Наташа, Мәмед, Нұрсұлу, Кәмшаттар бар бір топ базар сатушысы жердің астынан шыққандай пайда бола кетті. Мәмед қораптың лентасын шешті. Картон қораптың жәй ғана қабыстырып қойған төрт қабырғасы құлап түсті. Ортада сыры жалтыраған, екі дөңгелекті су жаңа тәшке тұрды. Қоршап тұрғандар бүкіл базарды бастарына көтере айғайлап, дуылдата қол соқты. Нұрсұлу пысықсынып, жұрттан бұрын ұмтылып, тәшкенің қорабындағы шампанды ашты.
Кешке сілесі қатып оралды. Автобус келіп болмай, аялдамада көп тұрып қалды. Бөлмесіне кіре сала етігін пешке қойды. Табаққа ыстық су толтырып, орындыққа отырып, аяқтарын салды. Әбден суық алған аяқтары ыстықты сезбеді. Қып-қызыл болған аяқтарына қарап, ыстық суды үстемелеп құйып отырды. Табаннан өткен суық тамақты қауыпты. Жұтынса ауырсынады. Көрпе жамылып алып, пора-пора терлеп, таңқураймен шәй ішті. Бойына қан жүгіріп, денесі дел-сал болып отырып көзі терезеге түсті. Терезені қалың қырау басыпты. Ләйлісі ренжіп қалмады ма екен... Досымбектің терезесінің жарығы жанғанын көрді. Ал бұл болса... Тырнап көріп еді, айғыздалғаны болмаса, қалың қырау беріспеді. Шыдамсызданып, оттықты тұтатып терезеге жақындатты. Оймақтай болып еріген қырау көзі тез ұлғайып, әйнек көрінді. Бір кезде жалаң қабат әйнек тырс ете қалды. Жарық у жыланша қайқаңдап, сумаң етіп шетке қашты. От тілі тиген жері ойылып түсті. Досым ойықтан қарсы үйге қарады. Қыз терезе алдында тұр екен! Бәрін көріп тұр-ау!? Досымның өзін бір көру үшін терезесін сындырып алғанын да көрді. Сұлу жүзі албырап, жымиып тұрған шығар. Ничего, терезе не жалко. Досым қыз алдында тап бір үлкен ерлік жасағандай қомпаңдап қалды. Мана тәшкесіне дөңгелек сатып алуға барғанда бір сыған әйел көздері жанып бұның артынан қалмады. «Ақшаң жоғын білемін, бал ашайын, тегін» деп қатарласа жүгірген соң бір жағынан жұрттан қысылып, бір жағынан Ләйлісі туралы айтар ма екен деп келісе қойып еді. Сыған әйел басын бір сілкіп, қобыраған көмірдей қара шаштарын арқасына лақтырды да бұның алақанын уқалап ұзақ отырды. Бір кезде қарлығыңқы әдемі майда қоңыр дауыспен «Ой ты мой дорогой, ой ты мой красавчик...» деп әндетіп-әндетіп алды да Досымбектің жер-жебіріне жеткізе отша жанған көздерімен қадала қарап отырып сыйқырлы мақамға салып сөйлей жөнелді. Сыған әйелдің алтын сақина салған саусақтарына қарап тұрған Досымбек оның шаштарын жалпылдатып, басын сілкіп-сілкіп жіберіп «Ай, ты зря... ай ты зря...» деп тағы бір нәрсені төндіріп келе жатқан көрді де қолын жұлып алып, дөңгелектерін қолтығына қысты да жөнеле берді.
Досымбек қарсы үйдің терезесі алдында тұрған Ләйлісіне қарап тұрып қалтасында ақшасы болмағанына өкінді. Сол жерде бір бума ақшаны сыған әйелге ұстата салғанда ғой. Ақша қай жерде де керек қой. Ақша алса сыған әйел бұның бақытын қол-аяғын буып үйіне алып келетіндей көрген Досымбек біршама қоңырайып қалды. Бірақ, артынан қалмай бар ынты-шынтысымен бал ашқан өзі, демек бұйырып тұр-дағы.
Жұмысқа ертерек келіп, қатар-қатар сөрелердің арасымен әндете өтті. Досымбектің жарқылдай амандасқанына, бал-бұл жанған жүзіне қарап, сауда қамымен қабақтары түйілген адамдарының беттеріне жылылық жүгіріп өтті. Сол көңілді бетімен қойған жерінен тәшкесін алып бір-екі аттағаны сол еді – дөңгелектері ескі арбаның темір доңғалағындай тарсылдай бастады. Жүрегі су ете түсті, жарылғанын көзі көріп тұрса да қолымен сипалап және қарады – екі дөңгелегін де біреу пәршалап кесіп кетіпті. Кімнің ісі екенін бірден түсінді. Ескі тәшкесіне алған дөңгелектерін сатып жібермегені қандай оң болған, бір сәтте ауыстырып алды. Алайда, екі күннен кейін бұл қастандық тағы қайталанды. Сақтауға қойылған тәшкелерге қарайтын жас бала көздерін алып қашып, мұрынының астынан міңгірлегеннен басқа жарытып ештеңе айтпады. Терминаторға барып дау шығарғанмен дәлел, айғағы жоқ, ол бетіңе рахаттанып қарап, шойын құлағын қасып қойып, сығыр көздері одан сайын жымсиып, қорлай күліп отыра берер.
Досымбек Алтынбекке тартты. Түтігіп жетіп келген Досымбекті көргенде Алтынбек түйіліп қалды. Қораптардағы тауарын реттеген болып басын көтере алмай, теріс айналып бүгежектей берді. Досымбек досына тесіле қарап үнсіз ұзақ тұрды. Қазір бірдеңе айтса қатты кетерін біледі. Бәрібір шыдай алмады: «Достығыңның бәсі Терминатордың бір саунасы болды ма?!» Ақырын әрі зілді айтылған мына сөзден кейін Алтынбектің қазанның табанындай қара беті күлгін тартты. Қап-қалың еріндері салпиып кетіпті. Сыртына колготкиді жарнамалап тұрған мүсіні мінсіз әйелдердің суреттері жапсырылған шағын жылтыр қорапшаларды ала қапшықтан мағынасыз күйде бір алып, бір сала бастады. Бір кезде жер астынан шыққандай үнмен: «Кім... кім айтты?» – деп бұның бетіне қарады. Түрі әлемтапырық еді. Ауызы ыржиып темір тістері ақсияды. Кешірім тілеген түрі аянышты болса да бетіне қарауға дәті барғанын көрген Досымбектің бойын жиіркеніш буды. Тістері шықырлап қалш-қалш етті: «Бүкіл базар шулап жүр емес пе?..».
– «А-а? А-а-а?». Алтынбек аяқ астынан ауыр қасіретке тап болған жанша күйреп түсті.
– «Дос... менен бір қателік кетті, менен бір қателік кетті...». Алтынбек зор денесі шөгіп, ақырын ғана қайталай берді. Оның араққа сылқия тойып алып ес-түсін білмей жатқан маскүнемдей ыбылжыған түрін көргенде Досымбектің жүрегі шым ете түсті. «Біз барғанда Терминатор аяғымызға жығылды, шын жылап кешірім сұрады... Сосын... саунаға апарды... Құрғырды бекер аяған екенмін... бекер аяған екенмін...». Алтынбек еріндері дірілдеп, танауы қусырылып «Дос... кешірші... Дос...» деді. Үні біртүрлі үмітсіз шықты. Досымбек ашуы қайта бастағанын сезді. «Жарайды, ұмыталық» дегісі келіп тұрғанда ауызынан мүлде басқа сөз шықты:
– «Еркек басыңмен қатын-қалаштың дамбалын бекер сатпайды екенсің ғой...». Және де нығарлап тұрып: – «Дессантурра!» деді. Мылжиып отырған Алтынбек селк ете түскендей болды. Досымбек теріс айнала бере досының әлсіз ғана күбірлегенін естіп бара жатты: «Бұдан да өлтіріп кеткенің жақсы еді ғой... өлтіріп кеткенің жақсы еді ғой...». Екі базарды қақ жарып жатқан жолдағы ығы-жығы болған машиналар мен адамдардың арасынан өтіп келе жатқанда, көкірегін ауыр салмақ жаншып, алқымына өксік тығылып, көзіне жас толды.
Ашуын баса алмаған бойда бинокль сататын Даниярға келіп «бір аптада ақшасын тауып беремін» деп төлқұжатын қалдырды да бинокльді алып такси ұстап үйіне келді. Не болса да тезірек болса екен деп тіледі. Ләйлісін бүгін қайткенде де көруі керек. Арманшыл, пәк ғашығына мына ит өмірден көрген қорлығын айтады. Досының сатқындығын айтады. Сосын Ләйлісімен қол ұстасып жаңа өмір бастайды. Жоқ! Ләйлісіне мұң-зарын шекпейді! Ғашығына тек ғашықтар ғана айтатын сөздерді айтады. Бүгіннен бастап бәрі ұмытылады. Алда ғажап өмір күтіп тұр! Ләйлі де сағыныштан әбден сарғайған шығар. Енді кешіксе құса ауыруына шалдығуы мүмкін. Нартәуекел! Ер-азамат емес пе?! Ғашығын сарғайтып қойып қашанғы жүреді... Қолына биноклін ұстап терезенің алдына он рет келіп он рет кері кеткен шығар. Бүлк-бүлк соққан нәрестенің еңбегіне қол тигізгендей жансыз темірді абайлап қана сипап та қойды. Ақыры биік жартастан теңізге сүңгитін адамша кеудесін кере ауа жұтып қобалжығанын басты да бинокльді көзіне тақады. Бинокльдің суық темірін сезген кезде, жүрексініп сәл тұрды да тарс жұмып алған көздерін ашып қалды. Бинокль тура Ләйлісіне қарап тұр екен. Жоқ... мынау... қой... Ләйлісі емес қой... Ләйлісі қайда?.. Бинокль ғашығы тұратын балконды шарлап шықты. Бинокльді былай қойып көз салып еді – Ләйлісі сол орнынан тапжылмапты. Бинокльді көзіне тақаса ғашығы ғайып болады... Бинокльсіз қараса орнынан табылады. Кенет Досымбек тұла бойының мұздап бара жатқанын сезді. Өте бір сұмдық ақиқатты түсіне бастағандай. Бинокльдің әйнегі буланыпты... көздері жасқа шыланған-ау... Жейдесінің етегімен бинокльдің әйнегін сүртіп жіберді де тағы қарады – ғашығы – Ләйлісінің орынында адам бойындай өсімдік тұрды. Әлдебіреу балконға қойылған жасыл өсімдіктерді шебер қырқып отырып қанаттарын жазып жіберіп әлде қонуға, әлде жерден көтерілуге бет алған аққулардың бейнесін айнытпай пішіндепті де кісі бойындай өсімдіктен талшыбықтай қызды мүсіндепті. «Сұлу және аққулар» композициясы. Бар болғаны сол... Ләйлі түгіл мыстан кемпір де жоқ. Шөп-шалам...
Досымбек қолындағы бинокльді төбеге жіберіп қалды. Бинокль қопсыған сылаққа тиді де газ пеште тұрған қазанға түсті. Орта қазан кеспе жан-жаққа шашылды. Төбедегі Тайбурылдың бейнесі ғайып болыпты, орынында опырайып қара дақ қалды.
Досымбек төсегінде төбеге қарап бақырайған күйі қозғалмастан екі күн жатты. Екінші күні кешке Кәмшат келді. Есікті бір-екі тықылдатты да өз кілтімен ашып, екі сөмке тамақты тоңазытқышқа, буфетке жайғастырды. «Мынау төлқұжатың, Данияр беріп жіберді» деп төлқұжатты столдың суырмасына сала салды. Досымбектен неге жатырсың, жұмысқа неге келмедің деп сұраған жоқ. Әкелген мәнтіні жылытты. Шәй қойып әдемілеп дастархан жасады. Досымбекті дастарханға шақырды. Досымбек орындыққа отыра бере тап-таза болып жуылып, терезенің алдына қойылған бинокльді көрді. Орынынан атып тұрды да бинокльді қайыс бауынан алып бар пәрменімен тас еденге ұрды. Шошып кеткен Кәмшат бинокльді атасының өші бардай қайта-қайта жерге ұрғылап жатқан Досымбекке көздері шарасынан шыға қарап бұрышқа тығылды. Досымбек әйнегі күлпарша болып сынып, үңірейіп екі ұңғысы қалған бинокльге тесірейе қарап тұрды да, лақтырып тастап, әлі құрып төсегіне отыра кетті. Кәмшат қорқасоқтап жақын келді де жанына отырды. Басы төмен салбырап отырған Досымбек кенет жалт бұрылып Кәмшатқа шалықтаған адамдай біртүрлі бөтен көзбен қарады. Бірдеңе айтқалы оқтала берген Кәмшатты үркітіп аламын ба дегендей қолын ақырын ғана созып ауызын жапты. Бір кезде іште булыққан өрт-жалын сыртқа ұрғандай беті ду етіп, нарттанып өзгере бастады. Қызда кегі кеткендей, мөлдір көздеріне әлдебір ызамен тесіле қарап отырып-отырып, бас салып құшақтады да, мол омырауына бетін көміп жылап жіберді. Қыстығып, өксіп-өксіп ұзақ жылады. Досымбектің қайратты қап-қара шаштарынан сипап отырған Кәмшат өксігі басылған кезде «Дос, а, Дос, біздің базарды кім өртеді екен... тоқтан кеткен дейді... мен сенбеймін... енді қайда барамыз...» деді. Бір кезде барып жарықты өшіріп келді. Киімдерін судырлатып шешінді де қасына жата беріп құлағын демімен күйдіріп: – «Дос... а-а, Дос... мен қалайын ба...» деп сыбырлады. Зіңгіттей жігіт шешесін сағынып қалған сәбидей қыздың бауырына үнсіз тығыла түсті.
Бұрыш-бұрышына қаракөлеңке ұялап, көңілсіздік шақырып тұратын қуықтай бөлме шаруаға пысық әйел баласының қолы тиген сайын жаңғырып, жайнай бастады. Досымбек Кәмшат екеуі бинокль сататын Даниярды іздей-іздей табандарынан таусылып, ақыры табудан күдер үзген еді. Әйтседе, кейде ақшадан тарығып қалса да бинокльдің ақшасына тиген емес. Базар өртеніп кеткелі шілдің боғындай жан-жаққа шашылған адамдардың арасындағы байланыс сол өртенген базармен бірге жанып кеткендей еді. Кімнен сұраса да Даниярдың қайда жүргенін жан баласы білмейтін болып шықты. Досымбек Кәмшат екеуі қаланың ортасында жаңадан ашылған супермаркетке орналасты. Жұмыс аяқталған кезде Досымбек күндегі әдетімен Кәмшатты есіктің алдынан күтіп алып, сөмкесін көтерісіп қолтықтасып шыға бере әйнек қабырғадан ішке үңіліп тұрған жігітті байқады. «Дүкен жабылды, ертең келерсіз» деген бұған қараған жігітті танып қалып тұра жүгірді. Әуелі тосырқап қалған ол да құшағын жая қарсы ұмтылды. Досымбек пен Кәмшат Даниярды үйге шақырды. Ол шақырулары қатарласа айтылып, жамырай шыққанына өздері күліп жіберді. Жолай бинокльдің ақшасын берді. Данияр ақшаны қалтасына салып жатып үнсіз жымиып, риза күйде басын шайқады. Есіктен кірмей жатып, тамақ қамымен жүгіріп жүрген Кәмшаттың томпиып қалған ішін байқаған Данияр тап бір бала көтере алмай жүрген өз әйелі жүкті болғандай қуанып «ұлың мықты жігіт болсын!» деді. Даниярдың етсіз алақаны арқасына қамшымен осып жібергендей тиген Досымбек өзінің әке боларын ойлап күлімсіреді. «Ұл боларын қайдан білесің?» деген сұрағын көзінен оқыған Данияр «Сендей жігіт ұл таптырмағанда кім ұл таптырады, а, айтшы Кәмшат» деп нан илеп жатқан Кәмшаттың қасына жетіп барды. Екі беті ду ете түскен Кәмшат қымсынған жүзін жасырып «Даник, үстіңе ұн жұқтырасың» деп күбірледі. Өзінен аумайтын ұлының былдырлап сөйлеп, мына аядай ғана бөлменің астан-кестеңін шығарып жүргені көз алдынан жүгіріп өткен Досымбектің есіне келіншегінің «Дос, ау, Дос, саған ұл тауып берем» дейтіні түсті. Неге екені белгісіз терезеге барды. Көптен бері көз салмап еді – сәнді сарайдағы «Ләйлісі» әлі орынында екен. Елес шөп-аруға ғашық болған күндерін ойлап жүрегі шым ете түсті. Ұлы да әкесі сияқты «байдың» қызына ғашық болар ма екен... Базардағы сыған әйелдің: – «Красавчик ты мой, алдыңда үлкен қуаныш күтіп тұр, сен оны бағаламай жүрсің... жаныңда жүр ол қуаныш...» дегені ойына келе берді...
ЕСКІ НӘСКИ
Бұл оқиғаны маған таныс режиссер жігіт айтып беріп еді. Біздің қалаға келіп, басынан кешкен хикаятты пьесаға өзек етіп, сахналамақ та ойы бар екен. Екеуіміз өзен жағасында, осыдан екі жыл бұрын күз айларының бірінде таныстық. Сол күні тосын көріністер көп болды. Кенеттен көпірдің астынан қайық шыға келді. Қайық жастарға толы екен. Денелі дөрбіл жігіттер, қызылды-жасылды күртеше киген қыздар әлденеге шалқалай күліп, қатты ағыс дедектеткен қайық үстінде алыстай берді. Көпірдің шойын жақтауынан ұстап, көзден ғайып болғанша қарап тұрдым. Мені таң қалдырғаны қайықтың ескексіз екендігі және тұмсығына қадаған адам бойындай ағаш қуыршақ мүсін еді. Жастардың бірі кигізе салған болуы керек – етек-жеңін жел кеулеген көйлегі желбіреп, алға қарай сәл ұмсынған қуыршақ су бетімен ұшып келе жатқан сияқты еді. Енді сәлден соң, қайық та әуеге көтерілетіндей болып көрінеді екен. Одан кейін, бу қазаны қайнап, биік мұржасынан қара түтін оқтын-оқтын бұрқ-бұрқ етіп, дөңгелек қалақтарымен су сапырып шағын кеме өтті. Моторлы ұшқыр катерлер заманында қайдан шыққаны белгісіз, пайда бола кеткен кеменің ішінде жан баласы жоқ еді. Тағы да бір таңқаларлық нәрсе – бу кемесінің алдында бір үйір өлі балық жүзіп бара жатты. Иә, иә, өлі балықтар.
Ол жігіт балық аулауды кәсіп еткен адамға ұқсамайды, қармағымен әуре боп, құнжыңдап жүретіндерден бөлектеу болып көрінді. Үлкендерге көп үйір емес, қайта, жағадағы ірілі-ұсақты балалармен әңгімесі жарасып жүреді. Қармағын сары сазан қауып, тулап жатса да, жырылып түскен олжасы құйрықты шылп еткізіп бір соғып, тереңге сүңгіп ғайып болса да өзгермейді – өзінің ішкі әлеміндегі әлдебір құпия сандықтың кілтін қайда қойғанын есіне түсіре алмағандай... өзгешелеу күй кешеді. Толқынданып жатқан өзенге қарап кей кезде ұзақ үнсіз тұрады. Сол кезде маған, ол кісіні жер бетіндегіден гөрі, дарияның табанында не жатқаны қызықтыратындай әсер береді.
Кейде жұма намазында бас шұлғып, сәлемдесіп қаламыз. Жұмбақтау көрінетін жанмен тілдесудің ретін таппай жүрдім. Әрине, жоқты-барды сылтау етіп, күн райын сөз қылып, әр балықтың мінез-құлқын тілге тиек етіп сөзге шақыруға болар еді, оным бұл кісі үшін баланы алдарқатқандай болып шығар деп тартындым. Бірде, жаныма өзі келді. Жылыұшырап қарағанда көкейімдегі барымды оқып қойғандай болды. Қысқа амандық-саулықтан соң, баяғыдан сыралғы жанша ақтарыла әңгіме айтып, араласып кетті. Өзімді кәдімгідей адам танимын деп жүрген мен тосылып қалдым. Тұйық па деп жүрген адамым ғажап әңгімешіл болып шықты. Бір күні, қармағына құрт шаншып, суға лақтырды да, таңатқалы бері жауғысы келіп түнеріп тұрған аспанға бір қарап алып әңгімесін бастады.
Музыка үні кенеттен шықты. Тастай қараңғыда бір үйір перілер сақ-сақ күліп, қанаттары сусылдап, бір-біріне соғылардай болып ойқастай ұшып келе жатқандай жайсыз әуен көңілді қырнап, түйсікті тітіркендіріп кетті. А. әуелі, әуен көрші пәтерден шығып жатыр деп ойлады. Ұйқысы ашылғаннан кейін, өз ұялы телефонынан шығып жатқанын білді. «Полет Валькирий» А-ның сирек тыңдайтын музыкаларының бірі еді. Телефонына бұл әуен қайдан келген? Осы телефонды сатып алғалы «Сарыарқа» ғана ойнайтын. А. мына жұмбаққа түсіне алмай жатты да неде болса, әуенді ауыстыру керек екен деп ойлады. А. көзін ашып, кереуеттің бас жағындағы тумбаға қолын созды. Телефонның тетігін баса бергенде, жылтыр телефон қолынан сусып кетті. Күні бойы сабылтатын қыруар жұмысты ойлап, сәл жатты да, басын көтерді. Еденде шашылып қалған телефонын жинады. Тәпішкесін аяғына іліп ваннаға беттеді. Жуынып келіп төсектің шетіне отырды да нәскиін қолына алды. Нәски әбден ескіріпті – өкшесі жұқарып селдіреп тұр, енді бір-екі кисе үлкен башпайы да тесіп шықпақ. А. ескі нәскиін қоқыс шелекке тастады да комодтан жаңасын алды. Фабриканың жапсырған қағазын жыртып, аяғына кие бергені сол еді «Киме оны!» деген ащы дауыс шаңқ етті. А. аң-таң болып жан-жағына қарады. Үйде жалғыз тұрады. Қағыс естіген шығармын деп ойлады да оң аяғын нәскиге сұқты. «Киме деймін, оны!» деген дауыс тағы да шаңқ ете түсті. А. үйге бөтен біреу кіріп кеткен болды-ау деп дәлізге шықты. Ұзын дәліз бос. Ешкім жоқ. Үлкен жақтың есігін ашты – онда да ешкім жоқ. Иә, болуы мүмкін емес. Креслоға отырып, қолына ұстап жүрген нәскиін кие бастады. «Киме деймін! Киме деген соң киме!». А. дауыс шыққан жаққа қарап қозғалмай қалды. Булығып әлдене деп сөйлеп жатқан ызалы дауысты анық естіді. Дәретханадан шығып жатыр. Ақырындап дәретхананың есігін ашты. Жаңағы өзі тастаған ескі нәскиі қоқыс шелегінен түсе алмай әуре боп жатыр екен. Төбесінен қарап тұрған А-ны көріп айғайға басты: «Мені қоқысқа неге тастайсың? Қандай қақың бар? А?! Шығар мені мына шелектен, шығар!». Әбіржіп қалған А. еңкейді де саусағының ұшымен, ескі нәскиін шелектен алып, еденге қойды. Ескі нәски ашық тұрған есіктен дәлізге зып берді. Өзі бұрқылдап сөйлеп жүр: «Қара бұны! Сен мені кім деп жүрсің!? Сотқа берем! Тұтынушылар қоғамына үстіңнен арыз жазам! Пайдаланып-пайдаланып алып, енді қоқысқа лақтырып тастамақшы! Көрсетейін мен саған!». Аң-таң болған А. бірдеңе айтпақшы болып ауызын аша беріп еді – ескі нәски шаңқ ете қалды: «Жап ауызыңды! Оңбаған! Кілең жаңа нәски кимекші ғой сонда! Көрсетермін мен саған!». Ісініп-кебініп қатты долданғаннан селдіреп тұрған өкшесінің бір-екі тіні үзіліп те кетті. Оны көріп жынданардай болған ескі нәски өз айқайына өзі тұтығып, жөтеле бастады. Осы сәтті пайдаланған А. ақырын ғана тіл қатты: «Кешіріңіз, мен енді... ескі, жыртық нәскимен жүре алмаймын ғой. Ол... ол ұят емес пе? Жұрт не дейді?». Қиқылдап-шиқылдап жөтел буған ескі нәски дүрсе қоя берді: «Жамап ал! Не, жамау нәски кисең тағыңнан түсіп қаласың ба?!». Мынандай сұмдықты көрмеген А. тездетіп ұйықтайтын бөлмеге барды да, есікті жауып алды. Ескі нәски артынан қуып келіп есікті тоқпақтай бастады. Ауызынан ақ ит кіріп, көк ит шығып айғайлап тұр. А. жаңа нәскиін киді де, есікті ашып ескі нәскиді қоқыс шелекке тастап, дәретхананың есігін жауып қойды. Ескі нәски айғайлай бастады: «Мен қазір суға батып өлем! Унитазға түсем де үстімнен суды жібере салам. Жай кетпеймін! Сен сотталасың!». Шаңқылдаған ащы айғайдан екі шекесі солқылдаған А. асығып-үсігіп төплиін кие бастады. Сыртқы есікті кілттеді де жүгіріп, лифтке кірді. Ескі нәски бүкіл үйді жаңғыртып ойбайлап жатты.
А. жұмысқа келіп кабинетіне кірді де, жұмсақ креслоға отыра кетті. Басын шалқайтып, көзін жұмып ұзақ отырды. Шырылдап қоя берген жұмыс үстеліндегі сұр телефонға қарап сәл отырды да, құлағын көтерді. Ар жақтан бір әйел адамның асығып-үсігіп бірдеңе айтып жатқаны естіліп тұрды. Телефон құлағын кері қоя салды. Шкаф сөресінде, әйнектің ар жағында тізіліп тұрған қуыршақтарға көзі түсті. Жылдық репертуардың кейіпкерлері. Осы бір, сәбидей пәк, қулық-сұмдығы жоқ, аңғал адамдарға ұқсайтын өңшең жансыз бейнелерге театрға келген күннен үйреніп кетті. Актерлар қолдарына киіп алып, перденің үстінен әрлі-берлі жүргізіп, сөйлете жөнелгенде, көз алдында көлбеңдеген шүбірек қуыршақтар екенін ұмытып, шын, тірі адамдар әлеміне еніп кеткендей болады. Біреу есік қақты. Көмекшісі екен. Ұжым жиналып, күтіп отырғандарын айтты. А. төменге түсіп, әр айдың сейсенбісіне белгіленген жиналысты ашып, тоқсанды қорытындылап, үздік деп танылған актерларға сый-сияпат көрсете бастады.
Бір кезде есік тарс етіп ашылды да, ішке ескі нәски кіріп келді. Әй-шәй жоқ жұрттың алдына шықты да айғайға басты (ескі нәски сақау болатын): Өздейіңіз білешіждей, мен мынаған, (қызылға бояған тырнағы сояудай сұқ саусағын безеп, А.-ның көзін шұқып алардай төніп-төніп қояды.) қыйық жыл қыжмет еттім. Ал, бұл мені бүгін тәңейтең қоқышқа лақтыйып таштады. Мен әлі де қыйық жыл қыжмет ете алам! Бұл не шұмдық?! Айтыңыждайшы?!
Жаңа ғана сыйлық алып, бір-бірін құттықтап, көңілдері көтерілген адамдар не айтарларын білмей, қуаныштары су сепкендей басылып, жабырқасып қалды. Олардың үндемегенін өзін қолдағандары деп ойлаған ескі нәски осы сәтті ұтымды пайдаланып қалуға тырысты. Мен, мен... актийша болуды аймандап жүйуші едім! Өжіме шахналық лақап ешім де тауып қойып едім – Анюта. Қандай әдемі ешім! Анюта! Шахнаға шығып былай, былай билешем, монологтай оқышам! Алпамыш жыйындағы Бадамша, Мапиа деген шақау қатындайдың шөждейін жаттап алғам, мен өте қумын ғой, (жұртқа қарап бір көзін қысып қойды) шақау қатындайдың монологын оқышам өжімнің шақаулығым білінбей кетеді емес пе. Міне тыңдаңдар:
Шен де шаптың бәйгеге,
Мен де шаптым, жай-жай,
Келішпедің бетіңнен
Иттей қаптым, жай-жай.
Шашбау түгіл дамбайым
Бауы жібек, диуана,
Неғылады тішіңмен,
Тіштеп шешші, жай-жай...
Өзіне Анюта деген лақап есім таңдаған ескі нәски А.-ны айнала ән салып, билей бастады: – «Мен шен шияқты он беш башшының көжін құйтқанмын.
Үштіңнен айыж жашып жібейем, бітті, шошын!»
Залдағы адамдар өте мәдениетті жандар болатын. Орындарынан тұрып, шығып кеткілері келсе де, тәрбиелері жібермеді. Бір жағынан, тарақанның мұртын жыбырлатқанына дейін қалт жібермеуге дағдыланып қалған кәсіби құштарлық қыстап, ескі нәскидің ерсі қылығын қызықтай бастады. Бір кезде үш жерден шапалақ естілді. Ескі нәскиге шапалақ соққандар да әбден ескірген, иелері аяғаннан ғана тастамай киіп жүрген қырық жамау ескі нәскилер болатын. Солардың біреуі жұрттың алдына шықты. Ол ескі нәскидің алдына келіп басын иді. – Неткен ғажап! Неткен талант! Сахналық лақап есімің қандай тамаша! Анюта! Ол кенет мырсылдап жылай бастады. Мені де мынау, буындарын тұз алып, шор-шор болып қисайып қалған саусағын шошайтып А.-ны нұсқады: қоқысқа лақтырып тастады. Фабрикадан шыққалы түк бітірген жоқсың дейді. Неге түк бітірген жоқпын?! Кеңес заманында бірнеше мәрте ескі нәскилердің көрмесіне қатыстым. Алған мадақ қағаздарым бір сандық. Менің де арманым таусылған жоқ. Мен... мен суретші болуды армандап едім. Сурет студиясын ашып, қыздарды сәнге үйретсем дейтінмін. Оған әлі де кеш емес, мен қартайғанмен өнер қартаймайды емес пе? Қызық емес пе, қазақтың қыздары шетелдерге шығып, небір капиталистердің алдында подиумда ойқастап олай да жүреді, былай да жүреді. Шетелдік бір қалталы алпауыт ұнатып қалса тіпті керемет! Бұл жағынан арабтар ғажап қой, төрт-бес әйелден ала береді. Мен де мына Анюта сияқты өзіме өнердегі лақап есімімді ойлап қойдым – Гүл-інжу! Қараңыздаршы, үстімдегі мына ою, өрнектерді өзім сызып, өзім кестеледім. Қазір, әрине, бояулары оңып кеткен, әр жері тесіліп қалыпты, ештеңе етпес, ештеңе етпес... Өзіне Гүл-інжу деген лақап есім ұнайтын ескі нәски жыртықтарын көріп қорсылдап жылай бастады. Кенет, «Сен жауыз, ескі нәскилерді қор қылдың, мен сенің түбіңе жетем, жеті күнде жоқ қылам! Көр де тұр, жеті күнде жоқ боласың!» – деп ант-су ішіп тағы бір ескі нәски жұлқынып ортаға шыға келді. Бұл өзі, бір замандарда резеңке аралас тоқылған, өте арзан әрі шұрқ тесік нәски болатын. Осы тұста танысым су бетінде шошаңдай бастаған қалтқысына көз тастады да «осы арада ол ескі нәски өзінің сөздік қоры айтуға адамның ауызы бармайтын сөздерге мол екенін көрсетті... кешіріңіз...» деп жымиды да, қармағын тарта бастады. Қалтқыны шым батырып жібергеніне қарағанда ірі балық болды-ау деп ойладым. Танысым тулаған гәу бас сары сазанды жағаға лақтырлы да, қармағына жем шаншып, кері тастап, әңгімесін жалғастырды.
Ескі нәскилер А.-ға жан-жақтан тап берді. Көптің ортасынан қадірменді бір ақсақал шығып басу айтып көріп еді. Ескі нәскилер оның бетіне түкірді. А. креслода отырған күйі аяқтарын көтеріп алды да, жұмысын жалғастыра берді. Еденнен бір елі ғана жоғары секіріп, тыштаңдасқан ескі нәскилер А.-ның төплиінің табанына соғылып құлап түсіп жатты. Құлап жатып та айғайларын үдете түсті: «Біздің жоғарыда таныс нәскилеріміз бар! Олар өте мықты синтетикалық жіптерден тоқылған. Олардың одан да жоғарда таныстары отыр. Ал, олардың таныстарының таныстарының өте жоғарыда таныстары бар. Сені құртпай тынбаймыз!». Бір кезде есік ашылып, қолына шелек, сыпырғыш ұстаған еден жуушы көрінді. Ол кісі жұмысқа үнемі кешігіп келетін, алайда өз ісіне аса мұқият еді. Бір жағынан, жалғызілікті әрі тас керең адам болғандықтан А. ол әйелге ештеңе демейтін. Еден жуушы әйел орындықта отырған А.-ға бас иіп амандасты да ескі нәскилерді сыпырып, шелекке салды. Олардың бажылдаған тарғыл үндерін естіген де жоқ. Тек, бет-ауыздары жыбыр-жыбыр етіп, еріндері сүйреңдеген түрлеріне таңдана қарап, басын шайқап, таңдайын тақылдатты да қойды. Шелекті ғимараттың жанындағы қоқыс жәшікке төкті де жәшіктің қақпағын жаба салды. Қоқыс жәшігінің түбінде отырып ұзақ ақылдасқан ескі нәскилер (олар, бұралқы иттер тіміскіленіп жүріп, ашық қалған қоқыс жәшігінен сүйреп тастаған қапшыққа жабысып сыртқа шығып алған болатын) қулық ойлап тапты – өзіне Анюта деген сахналық лақап есім ұнайтын ескі нәски жоғалып кетеді. Я, үш-төрт күн жоғалып кетеді. Бір дорба ішімдік алып, шеткейлеу бір үйдің жертөлесін паналай тұрады. Бұл кезде, басқа ескі нәскилер араға құқық қорғау органдарындағы таныстарын салып айғай-ұйғай, дүрбелең туғызады. Бүкіл қаланы шулатады! Тіпті, А.-ны қылмыскер етіп көрсетіп, жауапқа тартуға әрекет жасау керек! А. Анютаны өлім жағдайына жеткізген статья бойынша сотталып кеткенше Анюта жұрт көзіне көрінбейді!
Ескі нәскилер жоспарларын шебер жүзеге асырды. (Олар бұл жөнінен талант болатын! Оны мойындау керек.) Өзіне Анюта деген сахналық лақап есім ұнайтын ескі нәски сол күні жоғалып кетті. Оның әдейі жоғалғанын білмегендер жандары ашып іздестіру жолдарын ойлай бастады. Жұртты дүрбелең қылғандарына мәз болған ескі нәкилер артық қылам деп жүріп тыртық қылып та алды – жоғалған ескі нәскидің түрлі-түсті фотоларын қаланың көрнекті жерлеріне, автобус аялдамаларына жыпырлатып жапсырып тастады. Ол суреттерге қарап саусақтарын шошайтқан бүкіл қала халқы бұл арзан комедияға сілелері қатқанша күліп, ескі нәскидің әбден масқарасын шығарды.
Бұл кезде өзін көріпкел санайтын резеңке аралас тоқылған өте ескі нәски базар-базарды аралап: «Менің көріпкелдігім бар, бәрін көріп тұрмын, түнімен шырақ жағып қарадым! Анюта тірі, ол тірі!» деп даурығып жүрді. (Өлді деген Анюта бір күні дін аман шыға келгенде жұрт «мынаның көріпкелдігі шынымен де ғаламат екен» деп таң қалады да, бұның көріпкелдігіне сенетін клиенттер қаптап, қып-қызыл пайдаға кенелмей ме?..)
Осы кезде жаңбыр құйып берді. Дария бетінде мыңсан шабақ шоршығандай болып төгілген тамшыларды сол мезетте толқын легі жаба қояды. Құтырынған шабақтар қайта шоршиды. Жиналып жатып, ескі нәскилер оқиғасы қалай аяқталғанын сұрағанымда А. иығын бір көтерді де қойды. Оның ескі нәскилер оқиғасына онша мән бермейтінін, су бетін бұрқ-бұрқ қайнатқан тамшымен толқынның арпалысына қарап мүлде басқа күй кешкен түрінен ұқтым. Ал менің естуімше, төрт ескі нәски қол ұстасып, өзеннен өтіп арыздануға кетті деседі. Еңселі ақ ғимаратқа кіріп бара жатқандарын көргендер де бар болып шықты. Енді біреулер, олар, құлақтары естімейтін ескі нәскилер, сақау Анютаның айтқанын өздерінше түсініп, терең өзенге секіріп кетті деседі. Тағы бір білгіш, жоқ, олар өзенге өздері секірген жоқ, көне арқанға ілінген ағаш көпірдің шіріп тұрған тақтайлары сынып түсіп, бәрі мұздай суық тұңғиыққа батып кетті деп таласады. «Жоқ, олар жағаға жақындаған кезде көпірдің астынан кенеттен бу қазаны қайнап, биік мұржасынан қара түтін оқтын-оқтын бұрқ-бұрқ етіп, дөңгелек қалақтарымен су сапырып шағын кеме шыға келді. Кеменің алдында бір үйір өлі балық жүзіп бара жатты. Ескі нәскилер, ішінде адам баласы жоқ сол кемеге отырып, көзден ғайып болды» деп жағадағы қармақ салушылардан сұрап алатын балығын сатып күн көріп жүрген бір қаңғыбас ант-су ішіпті. Қалай болғанда да, бүкіл қаланы бастарына көтеріп айғайлап бара жатқан ескі нәскилерге аңтарыла қараған қала тұрғындары тегін цирк көргендей таң-тамаша болысты. Шындығында, ескі нәскилердің бұдан арғы тағдыры ешкімді толғандырмайтын. Аз ғана күн ермек қылған провинциялық қала халқы бұл оқиғаны тез ұмытып та кетті. Менің білетінім, А. ол қаладан үн-түнсіз көшіп кетті. Осы оқиғадан соң аяқ киімін қоңылтаяқ киюді әдетке айналдырыпты. Қасында жақын жүргендер «ескі нәскилердің иісінен жиіркеніп кетіп қалды» деседі. Бұл сөз шын да болуы мүмкін, өйткені А.-ның көргенсіздікке аллергиясы барын жақсы білетін едім.
Ескі нәскилер әңгімесі осымен тәмәм болды, құрметті оқырман. Режиссер жігіт әңгімесінде мен үшін үлкен ғибрат бар сияқты көрінеді.
А-а, айтпақшы, А. маған басқа қаладан хабарласты. Бұл жолы, ескі нәскилер табынып жүрген жоғардағы нәскилердің хикаятын әңгімелеп берді. Оны жуық арада еститін боласыздар. Ол әңгіменің ерекшелігі – жоғарыдағы нәскилердің ескі, жаңа болып бөлінбейтіндігінде болмақшы. Қош, сау болыңыздар. Уақыттарыңызды алғаныма кешірім өтінем.
"Жұлдыз" журналы
Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)
Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.