Атам еккен үш ағаш
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
Ауылымды сағынамын. Бірақ, барғым келмейді...
Жоқ, барғым келеді, зиратқа соғып, құран бағыштап, атам мен апама сәлем беру үшін. Ішімдегіні ақтару үшін...
Құлпытасты ұстаған кезде қолым маңдайына тигендей болады. Атам қайтқан кезде, көңілім суысын деп үлкендер маңдайын сипатып еді. Сұп-суық болған. Тас та сондай. Мұздай. Қарып жібергендей болады. Қысы-жазы. Зират басынан бұрылып, ауылдан шығып кеткім келеді.
Өйткені... Өйткені, өзіміздің үйдің жұртын көрген сайын көңілім құлазиды. Атамның өз қолымен құйған іргетасы ағарып көрініп тұр. Мынау ауыз үй, тура өтсең паровой, пеш тұрғасын солай атайтын. Мынау ортаңғы бөлме. Телевизор тұратын, мына жерде үстел. Оң жақтағы бөлмеде атам, апам үшеуіміз жататынбыз. Оң жақта, ескі шифоньердің жанында атамның төсегі, сол жақта, пештің түбінде апамның темір кереуеті тұратын. Менікі төрде, әйнектің астында. Бірақ, атаммен жатушы едім. Бөлек жатқым келмейтін. Ал, бұл төр үй. Бұл бөлмеге күннің көзі тек көше жақтағы терезеден ғана түсетін. Көрші үйге қарайтын екі әйнектің алдында 3 терек өсіп тұрушы еді. Атамның өзі еккен. Жазды күні кәдімгідей көлеңкелеп, үйдің іші салқын тартып тұратын. Сол ағаштардың түбіне көрпе жайып, кітап оқып жатушы едім. Тура үстіңнен түспесе, іздеп таба алмайды. Жайқалып өскен үш бәйтерек еді. Қазір біреуі ғана қалыпты. Кімнің дәті барып отағанын білмеймін.
Сол теректің бірінен сындырып алып, топырағы кеуіп үлгермеген зиратыңа қадаған бір тал шыбық бүгінде жайқалып өсіп тұр. Өзің еккен теректің бір баласы сенің молаңның үстінде бүршік жарып тұр. Мен де... Мен де өзің еккен бір тал шыбық едім...
Мен бір мың тоғыз жүз сексенінші жылдың төртінші қазанында, Сергеевка қаласындағы «роддомда» дүиеге келіппін. Таң ата туыппын. Дәл сол күні тұман қалың түсіпті. Әкем қолына бір құшақ раушан гүлін ұстап алып, перзентханаға келіпті.
– Кім?
– Ұл!
– Тұманбай қоямын атын - дейді. Жиырма екіге қараған шағы. Жастық жалыны бар, өмірге, өлең-жырға құштар романтик әкем Тұманбайдың өлеңдерін оқып, «Тұманбайдың туғанын жуып» кете барған ғой. Әкесінің алдына барады:
– Бапа, Тұманбай деп қоямын есімін, –дейді ғой.
Атам марқұм атаңның басы қоясың, - депті.
– Сағындық деп қоямын!
Сөйтіп, мен атамның 64 жасында туған ТҰҢҒЫШ немересімін. Немереден де, баладан да, жиеннен де тұңғышпын. «Нөмір бірдің» қандай болатынын өздеріңіз де жақсы білесіздер! Атам, өз бауырына басып, қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай өсірген баласымын. «Аһ дегенде аузынан түсіп қалған»!
Қатты еркелетті. Жақсы көрді. Кепкен киімнің өзін умаждап отырады екен, жұмсартып. Қатты болып, денесіне батады деп. Онысын тағы қойнына тығып, жылытып қана кигізеді екен. Тамақты да өзі береді екен. Столдың жанында ағаш қорап тұрады екен, қалың қылып көрпе салады, бір жерімді ауыртып алмас үшін. Печеньенің өзін аузына салып, шайнап, езіп бірақ береді екен. Шешесі жем әкелгенде аузын ашып, ұмтылған ұядағы балапан құсап мен тұрады екенмін. Міне, осылайша атамның төл баласы болып ер жеттім. Атам менің он үшке қараған шағымда дүниеден өтті.
Сағындым, ата, исіңді…
Ерте тұрушы едің. Қарт адамда қайбір ұйқы дейсің...
Қарағайдан қиып салған даңғарадай бес бөлмелі үйде үш адам тұрамыз. Атам, апам, мен... Ағам мен көкем басқа ауылға көшіп кеткен. Ағам – управләйіш, көкем запқұлұп. Апам айтады. Әйөк пен Еронды алып кеткен. Мені атам алып қалды. Өзім де барғым келген жоқ. Атам бәсіре деп атаған қара құлын барда, құлын екеуіміз жарыса еметін көкбие барда қайда кетем. Атам болмаса ұйықтай да алмаймын.
Көз байланып, мал түгенделгесін апам баптап құйған күрең шайға қанып ішіп, қабырғаға арқаңды салып отырушы едің. Менің тамаққа қарауға да шамам болмай, тізеңе басымды салып сүйкеніп тұрамын.
– Құлынымның ұйқысы кепті, шорт- деп еміреніп, айналып-толғанып төсекке жатушы едің. «Тайдан-тайдан, құлынтайдан айналдым, кішкентайым, сүйенішім, сағынышым». Күнделікті кемі мың рет айтатыны.
– Ойдағы-қырдағы туысқандарды аман қыла көр, қауіп-қатерден, аты жоқ кеселден сақтай көр, Алла!... Таудай талап бергенше, бармақтай бақ бере көр...
Аяғымды екі санының ортасына тығып ап, сұқсаусағыммен атамның емшегін қытықтап, айтқанын қайталап жатып, ұйықтап кетемін. Түс көремін. Түсімде көк биенің маған бәсіре атаған қара құлыны тай болыпты, Амангелді ағам әкеліп бірген ақ қайыстан жасалған жүгенді кигізіп, Сафуан ағамның қып-қызыл былғары ер-тоқымын салып мініп жүремін.
– Шорт, байқа, ауып қалма, –дейсің. Мен алқаға қарай шаба жөнелемін, қарасуға жеткен бойда кері бұрылып, қайта ағызам. Қамыс арасындағы екі жыраның екеуінен де қара тайым орғып өтеді. Басқарманың қарагерінен де биік қарғиды. Жайылып жүрген жылқыдан да, бөтен көргенде қуа жөнелетін Ақтанау айғырдан да ықпайды. Батыр мінетін жылқы деймін іштей... Мен батыр боламын өскенде. Жоқ, мен қазір батырмын. Асауға мінуге қорыққан жоқпын ғой, өйткені. Басыма дулыға кие бергенде оянып кеттім...
– Тайдан-тайдан, құлынтайдан, тұра ғой құлыным, шөпке барайық. Жігіт емессің бе, қанекей. Азаматым менің!
Апамның шайы мен пештен енді шыққан таба нанына сары майды жағып жеп, далаға шығушы едік. Көк биені арбаға әкелгенде, мықшыңдап қамыт-сайманды тасып мен жүретінмін. Аса ауыр болмаса да қиналған кейіп танытып, ухілеп жүрем. Өзімше, «көрдің бе, саған көмектесіп жүрмін» – деген қулығым ғой. Айналып- толғанып жүріп биені жегіп алғасын, құлынды жетекке байлап, ауылдан шығушы едік. Ауылдың ортасымен емес, сыртымен жүріп, алқаға бет алғанбыз. Асан бұлағынан өте бере, аяңжелісін іркіп, ұзын мойнын соза тастай судан қарпып өтті. Әдеті сондай, атам үйде қанша суарса да, бір ұрттап өтеді. Біріншінің зираты мен Акстың моласы ортасында тоқтап, күбірлеп аят оқып, бет сипап өту сенің әдетің. Аяулы анаң, екі бірдей ағаң жатыр осы жерде. Менің ағамды бауырына салып, аялап өсірген Мұсатай әжем, немістің пленін, кеңестің лагерін көрген Нұрахмет атам, жеңісті Венада тойлаған Ғалымжан атам. Әкең Мауғиза мен атаң Елеудің зираты Есілдің ар жағында. Көз салып қарасаң Өрнек пен Мектептің арасында шағын орман қарауытып көрінер еді. Біздің зират сол жерде деп айтушы едің. Апарғың келетін, айтқансың да, бірақ әлі бара алмай жүрміз. Өліге иман, тіріге қанағат бере көр деуші едің ылғи. Аштықты да, соғысты да көрген, бала күннен бейнет пен жетімдіктің зардабын тартқан адамның тәубесінен жаңылмайтынын бала түйсікпен сезетінмін... Зираттан асып, алқаға түсе бере жол да бұдырлана түсетін. Бозторғайдың шырылы мен өріске шыққан отар қойдың жамырағаны ғана естіліп тұрады. Секеңдеген торғай мен маң-маң басқан жылқышы құс осы бір таңғы пейзажға ерекше көрік беріп тұратын.
Ылдиға түскенде алдыңнан жарқырап Қарасудың айдыны шыға келеді. Ұзындығы 2-3 шақырымға созылып, бірнеше құлақтан тұратын көл. Ені айтарлықтай ұзын болмағанымен, ортасында аралы бар. Ауыл балаларының ермегі мен қызығы осы жерде, таңның атысынан қызыл іңірге дейін қараборбайларды осы жерден табасың. Балықшылардың құрған ауына тиісуге дәті бармаса да, үйден алып келген пердемен жағадағы шабақты сүзіп, қаймаққа қуырып жеу әр баланың сүйікті ісі. Қарасуды жағалай жылжып айналып өткесін, Қарбасқанға апаратын тура жолға түсеміз. Көкбиенің митың желісіне елтіген күйде арқаңнан қапсыра құшақтап мен тұрамын. Даңғырлаған жолдың шаңын әжептәуір көтеріп, Айылмойыл тоғайына тура тартар едік. Трактор мен арбаның ізінен тасқа айналған қара жолда ағаш доңғалақтың дыңғыры құлақты қытықтайды. Аузымды ашып өзімше ыңылдап ән айтпақ боламын. Сол күйде тер мен күн иісі аңқыған шляпаңа мұрным тығып искей беремін. Ол иіс ең бір асыл адамның, асқар тауымның жұпары екенін сол кезде білмеппін. Сағынамын сол иісті...
Есілдің құлама жарын бойлай отырып, шабындыққа келіп кіреміз. Айылмойыл тоғайы. Айналасы атшаптырым, бір жағында еркелей аққан Есіл, екінші жағында Железін көлі. Екеуі де жарды бойлай өскен қарағаш пен мойыл, терекпен көмкерілген.
Тоғайға кіргесін, биені ағытып, арбаға байлап суытып алу үйреншікті жағдай. Атам да шалғысын қолына алып, қайрағын ары-бері бір бір жүгірткесін, «Бісміллә» деп ісіке кіріседі. Шалғының шөпті орып түскен дыбысы, көкектің дауысы, сауысқанның шықылықтағаны мен көкбиенің көк шөпті бырт-бырт үзгені ғана естіліп, осы бір керемет көріністі ауыл романтикасына толтырып тұрады. Сүт пісірім уақыттан соң атамнан биені суарып кел деген пәрмен түсіп, Кеңтоғайға қарай аяңдаймын. Көкбие шылбырға жармасқан қаршадай баланы дедекте жөнеледі, қара құлын орағыта шауып ылдиға қарай орғи шабады. Бұл жерде жар жоқ, Есілдің құмдақ жағасы. Жануардың суды ағысқа қарсы жүріп сіміре ішуі де ерекше еді. Керіле аққан ерке өзенге аяғын малып ап үрке қашып ойнақтаған қара құлын да жанды тебірентер керемет әсер сыйлайды. Жұмысымды тындырып, атамның жанына оралғасын Железіннің жарына қарай жылжимын. Сыңсыған қарағаш пен мойылдың арасынан өтіп, жарқабақтан 10-15 метр төмендегі айдынға сұқтана қарау сүйікті ермегім. Көл бетінде әбігерлене жүзіп жүрген қаз-үйрек, қалықтай ұшып, құлдырай құлаған шағала. Сол екіпінімен айдында шоршыған бір балықты іліп алып, қайта шарықтай жөнеледі. Қалың қамыстан сыбдыр шыққан кезде еркін жүрген қаз-үйрек сырғи жүзіп жоғала береді. Көл бетінде жеңіл толқын қуалатып аққудың қара тұмсығы көрінеді алдымен. Ұзын мойнын қайта-қайта созып қарап алғасын өзі де сырғанайды. Айдынға сән берген қос аққуға ілесіп 2-3 көгілдірі де соңынан ере шығады.
Осынау бір, қанша қарасаң да көз тоймайтын көрініске елтіп, есіл-дертім кетіп тұрған шақта «Сағындық, құлынтай» деп шақырған даусың естілуші еді. Күркіреген зор даусыңнан шошып, бұтаға қонған торғайлар пыр етіп ұша жөнеледі. Тіпті, айдын көлдің еркесі аққу да су бетінде тұра қалатын. «Қазір, ата», деп мен де тоғайға зып беремін. Алмас қылыштай лыпып тұрған шалғы қарулы қолға кез болса, шыдата ма? Құлаштап сілтегенде түскен кіренің өзі бір құшаққа әрең сияды. «Өлең шөп құнарлы, бұны жеген мал да семіз болады» дейтінің әлі есімде. Шалғыны жерге қадап, маңдайдың терін сүрткесін сусынға қол созасың. Термосқа құйып әкелген түнемел қымыздың бір кесесін бірақ көтересің. Сүр қартаны кертіп салған бал қымыздың таңдайды қытықтайтын дәміне мен де құмар едім. Сенен соң мен де кесемдегіні тауыспай тоқтамаймын. Өзің айтқандай «жігітше» ішетінмін. Күн тас төбеге шыққанша жұмысты өндіртіп алу ежелгі әдетің. Оған дейін мен де көк биені екі-үш рет суарып үлгеремін. Алғашқы орақтан көк шөп ауыр болады деп арбаны толтырмай артушы едік. Тек, ертеңіне дегдігесін ғана арбаға мол қылып артамыз. Кісі бойынан асқасын, арбаның үстіне мен шығамын. Сен әперген шөпті жайып, басу міндетім. Нығарлап үйіп, төбесін шошайтпауым керек. Қайың сырғауылдан жасалған бастырықты әперіп, қатты тартқасын ғана биені жегіп, өзің де мінесің. Арбаның үстінен қарағанда биенің арқасы ғана көрінеді. Сыралғы болған биенің де күші өзіңе мәлім. Келген жолымызбен кері қайтқанда, ыңылдап әндетіп отыратынсың.
Бүгінде, ауылға барған сайын Есілдің ар жағындағы зиратқа қарап бет сипаймын. Өзім көрмеген ұлы атама деген тағзым мен парызымды солай өтеген боламын.
Айылмойылға да бардым. Алқымына тоқтап, көзімді тарс жұмып едім, көк шалғынды орып түскен шалғыңның дауысын естідім. Қарауытқан сұлбаңды көрдім. Еңсеңді тік ұстаған қалпыңда құлашыңды жаза сермеп алыстап бара жатырсың. Айғайлай алмадым. Дауысым шықпады. Өңіп кеткен сұр шляпаңның иісі келді мұрныма. Тер мен күннің иісі. Менің балалық шағымның жұпары.
Сағындым, ата, исіңді...
Қара қамзол
Апам туралы ойласам, көз алдыма алдымен мол пішілген, тізесіне түсіп тұратын, екі жерден қызыл тасы бар күміс қапсырма ілген қара бүліш қамзолы келеді. Қысы-жазы үстінен тастамайтын. Басында ақ орамал, аяғында қонышты қара етік. Көзі мойылдай қара, жанары шоқтай жанып тұратын. Ән айтқанды жақсы көретін. Жүн түтіп, жіп иіріп отырғанда айтатын әндері бар еді, ақырын ыңылдап бастап, біраздан соң дауысы көтеріле беретін. Ондай кездері мен де оқып жатқан кітабымды немесе ойынымды тастай салып, әнге құлақ түремін. Әннің мағынасын түсінетін жаста емеспін, бірақ апамның бұлақтың суындай таза дауысы менің жан-дүниемді баурап, ерекше сезімге бөлейтін.
Апамның дүниеден өткенін сыртта жүріп естідім. Топырақ сала алмағаныма әлі күнге өкінемін. Оған да он сегіз жыл болған екен. Ара-тұра ауылға барғанда алдымен зиратқа соғып, атам екеуіне Құран оқимын. Бала күнгідей ойымды айтып, мұңымды шағамын. Екеуінен жақын ешкімім жоқ еді, әлі күнге дейін орындары үңірейіп тұр. Қуансам, титтей бір жетістікке қолым жетсе «атам мен апам қалай қабылдар еді» деп ойлаймын, бірнәрсені дұрыс істемесем екеуі көріп тұрғандай «мұным жарамады» деп қуыстанатынмын. Кішкентай күнімнен бауырына басқаннан шығар, екеуін әкем мен шешемдей көретінмін. Тіпті жеті-сегіз жасыма дейін «атамның аузынан түсіп қалғанмын» деп жүрдім. Апам сырт көз үшін ұрысқаны болмаса, мені қатты жақсы көретін. Күні-түні қасындамын, кішкентай кезімнен жұмысқа араласып, қолын ұзарттым кемпір-шалдың. Қарт адамға соның өзі медеу емес пе, қолқанатым деп, мен дегенде шығарға жаны қалмаушы еді екеуінің де.
«Бастан ұшқан заманда елдің бағы,
Шемен етіп қу тағдыр шеріңді әрі.
Белді бекем буындың жиырма бесте,
«Көппен көрген ұлы той» – дедің дағы». Ақын Дәулеткерей Кәпұлының осы өлеңін оқығанда апам келеді көз алдыма. Байдың қызы деп қуғын-сүргінді көп көрген, әулетімен ішке (Ресей) өтіп кетіп, аман қалған. Кейін заман түзелген шақта елге оралған. Бірақ жиырмасыншы ғасырдың басында туған ұрпақтың басына түскен сынақ сұрапыл еді. 41-де соғыс басталып, ер-азаматтар майданға аттанды. Елдегі бар қара жұмыс шал-кемпір, әйелдер мен балалаларға қалды. Соқаға өгіз жегіп, жер жыртты, астық үшін арпалысты, аш-жалаңаш жүрді. Мойымаған, қатыгез тағдырдың тауқыметіне қайсарлықпен қарсы тұрған ұрпақ еді олар.
Апам шошаладағы қара кебежені «үйімнің құты» деп толғанып отыратын. Таңғалатынмын, апамның мұнысы несі, қайдағы бір қара жәшікті кие тұтып. Оны жылына бір шығарып, күнге кептіреді. Қаңсып кетеді деп, шамалы дегдітіп алады да, қайта кіргізеді. Төрт қатар тақтай, бұрыштарына қаңылтыр ұстатқан, сырты ыс пен майдан әбден қарайған кәдімгі қорап. Ойнап кетпейтіндей қылып шақтап істеген қақпағы, 3-4 елідей төрт сирағы бар. Екі бүйіріне темірден иіп құлақ жасатқан. Үйге сыйлы қонақ келсе, кебежесін ашып, ұнның арасынан омыртқа, жая, қазысы бар, бір асым етін алып шыға қояды. Ауыл арасындағы қыдырмалар болса, сөреде ілулі тұрғандарынан асады. Қазының шыныдай сарғайған майын айтсаңшы. Табаққа түскендегі аңқыған иісінен бөлек, жылт-жылт еткен түрінің өзі тәбетіңді ашып жібереді.
«Әдейі сақтаған сыбағаң еді, алып отыр», – деп қонақтың алдына үйе береді. Атам да білегін түріп тастап, мүйізсап бәкісімен жапырақтап турап, «жеженің» астына алады. Сүрдің майы жүрекке тимейді.
Сол қара кебежедегі ұннан пісірілген бауырсақты айтсаңшы. Сүрдің иісі мен дәмі сіңген. Оны жесең, ет жегендей боласың. Тіпті суығанын да тоспай шырпыға шаншып алып, добалдай бауырсақты тістеп қалғанда таңдайыңа жабысып, көзден ыстық жас ыршып шығатын. Оған да қарамай жей бересің, жей бересің... «Менің берекемді кіргізіп, отбасын асырап отырған осы кебеже, одан айырылсам үйімнен құтым қашады», – дейтін әжем. Қазір атам да, апам да келместің кемесіне мініп кеткен, қара кебеже де жоқ.
Қайран, апам-ай! Маған біреудің тиіскенін, ренжіткенін естісе, жаны шығардың аз-ақ алдында қалушы еді. Ал мен біреуді ренжітсем «менің құлыным ешкімге тимейді, өзі соқтыққан ғой» деп үстімнен құс ұшырмайтын. Оны мұғалімдер де біліп алған, сөйтіп, менің еркеліктерім мен тентектігім көбіне жазасыз қалатын. Бар тәтті-дәмдісін маған тосушы еді. Әсіресе, қонақтан келген кезде алдынан жүгіріп шығып, мойнына асыла кететінмін. Қамзолының терең қалтасына қолымды сұққан кезде қолтығыма дейін кіретін. Ал ол қалтада не жоқ дейсіз? Кәмпит, құрт, печенье сияқты жейтіннен бөлек, оймақ, бор, тіпті сабынға (іс тіккен кезде бордың орнына матаға белгі салу үшін пайдаланатын) дейін шығатын. Құрт екен деп қомағайланып сабынды да, борды да талай ауызға салып жіберген кездерім болды.
Он екідегі кезім. Атамның дүниеден озғанына ай да толған жоқ. Мектептен келсем, апам ұршық иіріп отыр екен. Үстінде қара бүліш қамзолы. Әдеттегідей ыңылдап ән айтып отыр. Сай-сүйегіңді сырқырататын мұңды әуен. Портфелімді атып ұрып, ту сыртынан келіп, қапсыра құшақтай алдым. Түтіннің, тердің, кәмпиттің, сабынның иісі мұрнымды жарып барады. Қара қамзолдың, апамның иісі. Жұпар иіс!
Үзіктер
Жаз. Төрт-бестегі кезім. Мал қайтатын уақыт. Ағам ауылда қой бағады. Көк аты болатын. Көкем екеуі бір жаққа кетті. Есік алдындамыз. Атам мен апам үйдің іргесіндегі орындыққа жайғасқан. Қастарында ойнап жүрмін. Шошаланың алдына тауыққа жем шашып тастаған. Көк ат қорадан шығып жемді жей бастады. Атамның айқайын пысқырған да жоқ. Жүгіріп барып шылбырсыз ноқтасына жармастым. Менің тартқаныма көнген жоқ. Артынан шығып үркітпек болдым. Аяғын сермеп қалғанда ішіме тиіп, шалқамнан түстім. Қатты ауырған жоқ. Баласынды ма, жай жасқады. Атам көтеріп әкетті. Үйге кіргізіп апам екеуі ұшықтап төсекке жатқызды. Осыған дейін бауырынан өткенде де мыңқ етпейтін көк атқа өкпелеп ұзақ жыладым. Өзімнен бір-екі жас үлкендігі бар Ұлан келіп алдаурсыратып отырғаны есімде. Жылап жатып ұйықтап кеттім.
***
Алты-жетілердегі кезім. Күз. Үстімде қалың куртка. Ағам техникумда студент. Орақтан кейінгі демалысқа келген. Аманай ағам екеуі сыртта мал күтіп отыр. Атқа мінемін дедім. Оттап тұрған қызыл атқа ауыздығын да салмастан отырғыза салды. Тізгін қолымда. Бұған дейін да қызыл атқа мініп аяңдап жүре беретінмін. Алқадан келе жатқан табынға қарай бұрдым. Томарды айнала бергенде қасымыздан шауып өткен бір баланың үркіткеніне еліріп қызыл ат желе жөнелді. Тізгінді тартам, ауыздықсыз болғасын қарусыз қолға бой бермеді. Жалға жабысып алғам. Бақташының қарсы шапқан итінен қорқып, жалт бергенде ауып қалдым.
***
Келесі жылы. Шілденің ішіне еркін кірген жаз кезі. Ағам екеуіміз қызыл атты жегіп Шоқтеректен жаппаның төбесіне тал мен сырғауыл кесуге шықтық. Ескі баздан өткесін алқаға түсетін құлама ой бар. Аттың делбесін тартып, тартыншақтап түсіп келеміз. Мол ғып салған шөпке жатып алғам. Ағаш доңғалақтың дыңғыры құлақты қытықтайды. Оң жақта Қарасу, сол жақта шабындық. Есілдің суы қайтқасын бұл жерге жуа теруге келетінбіз. Трактористер құлағының жанындағы көпірден өткенен кейін Есілге қарай тура тарттық. Сол жақта екпе шөп. Жемге деп бұршақ егеді. Оң жақта тура қасына бармайынша көрінбейтін «Иса батқан» көлі. Қарбасқанға кірмей, Железінді жағалай отырып Шоқтерекке жеттік. Есілдің ескі арнасынан өтіп тоғай ішіне кірдік. Атты ағытып, термостағы ыстық шайға қанып алғасын ағам іске кірісті. Сырғаталдан таңдап жүріп кесті. Жаппаға керек сырғауылды да дайындады. Менің жұмысым айбалтамен сырғауыл бұтау. Аяғыңды шауып алма деп қайта-қайта ескертеді. Жетекке деп қап-қара мойылдың екеуін таңдап алды. Бәрін арбаға тиеп алғасын, атты жегіп тоғайдан шықтық. Ағамның қасында отырмын. Бауырына басып, құшақтап қояды. Арбамен бірге ырғалып мен де жабысып қоямын. Атам бар жерде аса жақындай қоймайтын әкем, ешкім көрмейтін жерде әкелік мейрімін үнсіз төгіп келеді.
Алқаның табиғаты ерекше көркем. Тоғайдың ішіндегі дымқыл ауадан кейін жазықтың иісі де жұпардай болып сезіледі. Жан сарайың ашылады... Шегірткенің шырылы, сауысқанның шықылықтағаны ғана естіледі. Әудем жерден әупілдек ұша жөнелді. Кей жерде тараққұйрық інінен шығып жылтиып қарайды. Сасық күзен де жолды кесіп өтіп, шақырусыз келген бізге сұқтанып қарап қойып, өз жөнімен бүлкектей жөнеледі. Көз тоймас осы кереметті көріп, сезінудің өзі ғанибет.
Ойпаңнан көтеріле бергенде қызыл ат арындап, жетекті сындырды. Атты ағытып, салт міндік те Қарасудың бойында отырған қойшының қосына бардық. Ағаммен бірге қой баққан Мейрам ағаның отары екен. Сол жерде қаймаққа қуырылған картопке тойып алдық. Қойшының қара қосында тұңғыш тамақ ішуім. Астан соң қызыл атты Мейрам ағаның арбасына жектік те өз жүгімізге келдік. Арбаны арбаға тіркеп үйге келдік.
***
Екі-үш жылдан соң тал шабуға Шоқтерекке тағы келдім. Бұл жолы атаммен. Арындауық қызыл ат жоқ. Көк биені жегіп, қара төбел құлынды жетекке байлап алғанбыз, әйтпесе ойға-қырға шауып мазаны алады. Тоғайдан сырғауыл мен тал кесіп арбаға тиеп алдық. Көк биеге деп ойпаңдағы өлеңнен де шауып, арбаны үйеме ғып толтырып алғанбыз. Железінді жағалап келе жатырмыз. Қарайғанның бәріне арсылдап шаба жөнелетін Ақтөс сап-сары сасық күзеннің соңына түсті. Шақар неме өзінен он есе ірі итке бой бермей шақылдап, атылып жүр. Қайтатын түрі де көрінбейді. Манадан бері босқа далақтап еріккен ит те иттігіне салып, қояр емес. Жақындай бере атам биенің басын тартып, арбадан түсті де басындағы өңіп кеткен көнетоз шляпасымен күзенді жасқап қууға кірісті. Өліспей беріспеймін деді ме қайсар мақұлық адам мен итке кезек секіреді. Бір жағынан қызық көріп, екінші жағынан атамды зақымдай ма деп қорыққан мен, күзеннің ту сыртынан шығып айырмен жалпағынан ұрып құлаттым. Аузы-мұрнынан қан кеткен сүп-сүйкімді, бірақ қайтпас жырқышты атам айырмен іліп алып жолдан әрмен апарып тастады.
Маған қарап бар айтқаны:
- Несіне тидің, обал қылдың ғой, құлыным?.
- Өзі шапты ғой, сендерге болыстым емес пе?
- Ол шапса өзін қорғағаны, мен итті емес, оны аяғаннан арашалап едім. Есіңде болсын, ешбір адамға, ешбір мақұлыққа қиянат жасауға болмайды. Обалы жібермейді.
Екеуіміз арбаға міндік те ауылға тарттық. Бұл жолы әдеттегідей, делбеге жармасқан жоқпын.
Обалдың мағынасын алғаш осылай ұқтырып еді, атам...
***
Жеті-сегіздердегі кезім. Не күз емес, не қыс емес, қар түспеген шақ. Малдың ізіне қатқақ тұрған. Қара суық, қыстың ызғары сезіледі. Қажы өткелі жақтан қысы - жазы гулеп тұратын жел де өңменіңнен өтеді. Жазда малынған жасыл қамзолынан айырылып жетім күйге түскен ағаш та желдің екіпініне шыдай алмай шайқалып тұр. Алғашқы суық болғасын ауыл адамдары пешке де отынды молынан салып, мұржалардан қошқыл түтін будақтап жатыр. Қайың түтінінің иісі де керемет қой, саф ауамен бірге жан сарайыңды ашады. Малды қораға қамаған кез, көшеде бейсауат жүрген адам да жоқ. Бірақ, жылы киініп алған маған бәрібір, далаға шыққанға мәзбін. Әр мезгілдің өз ойыны болады ғой. Біздің ауылда қыста хоккей, сырғанақ тебу,тай үйрету, көктемде «Банка», «Городки», «Клюк» сияқты ойындар болады, жазда «Футбол», «тығылмақ» сияқты дегендей. Бірақ, дәл осы күздің басында белгілі бір ойын болмайтын. Не істерімізді білмей, көрінгенді ермек қылып жүреміз. Дәл сол күні көшеге шықсам, Тоқсары атамның мен құралпы немересі Айдар жүр екен. Бізге қарсыда тұратын Нұрғисса атамның үйінің жанында тұрғанбыз, ересектеу бір бала келді де күресіңдер деді. Жасымыз да құралпы, пошымымыз да бір. Бұған дейін де талай төбелескенбіз. Жай да ермек таппай жүрген біз ұстаса кеттік. Қап- қалың киініп алған, қорбаңдап біраз алыстық. Шалып та көреміз, жамбасқа да салып көреміз, итжығыс түсе береміз. Ана бала, ит қосқандай екеуімізді кезек айтақтап қояды намысымызды жанып. Менің айлам асты ма, әлде ол сүрінді ме, білмеймін, әйтеуір жерге етпетінен құлаттым. Бақырып атып тұрды, мұрнынан қан атқылап жатыр, пальтосының өңірін жауып кеткен. «Апама айтам»- деп ол кетті үйіне, бәлені сезіп мен де зыттым. Үйге кірсем, көкем дүкеннен келген екен, - Мә- деп қолыма коржик ұстатты. Қаужаңдап отырмын, Айдарды ұмытып та кеткем. Кигізбен қаптап қойған сықырлауық есік ашылды да:
-Жайрағыр Сағындық қайда-деген Айдардың тәтесі Самардың даусы шықты. Қолында қызыл қанға боялған пальто.
- Е, не боп қалды?- бұл маған басқа түгіл өз әке-шешеме де ұрыстырмайтын апамның жауабы.
- Айдарды ұрып, мұрнын қанатыпты. Келші бері- деп мені шақырды. Оған барсам жағымның отын шығаратыны анық, апам отырған үлкен кереуеттің астына бірақ ытқыдым. Үйреншікті орным.
-Бала болғасын төбелеспей тұрмайды, не көрінді соншама. Қазіргі жастарда ұят жоқ, үлкен отыр-ау деп қарамайды, өзіңе дікіңдейді бұлар - деп, апам мені ұруға келген Самардың өзін кінәлі ғып шығарды. Амалы құрығасын, есікті тарс жауып ол кетті.
Көкем жүр бұрқылдап,» - бала болып ойнай алмайды бұл, жүрген жерінде біреуді қан қақсатып кетеді - дейді. Кереуеттің астынан шығып үстіне мініп алғам, апамның артында отырмын.
Атам кірді үйге. Енесіне батпаса да, атасына сөзін өткізетін көкем бар оқиғаны баяндап берді. Атам өзіміздің адам, маған -«баланы жасытасың»- деп, ұрыспайтынын білемін. Бастысы, шешемнің қолына түсіп қалмасам болды, көзді ала беріп мытып-мытып жіберуі мүмкін.
Шайға отырдық. Атам мен апамның ортасындамын. Көкем ала көзімен атып-атып қояды. Одан ығып отырған мен жоқ. Атам ас қайырып, дастарханнан тұрғасын күндегі әдетімен төсегіне қисайды. Мен де артына кеп жата кеттім.
- Құлыным- деді.
- Әу, ата!
- Қол бата тиеді, бата тимесе қата тиеді дейді. Айдардың көзі шықса, мұрны сынса, басы жарылса қайтер еді? Соны ойладың ба? Ешкімге тиіспе, обал болады! Әне көрдің бе, Далаудың баласы тентек десе, жақсы ма? Ондай атақ ертпе, ұят болады! Алысып жүріп өзің бір жеріңді майып қылсаң қайтер едің, ешкіммен жұлыспа, арты жаман болады!
Айт
Төрт-бестердегі кезім. Жаз уақыты. Оянсам, күн көтеріліп қалыпты. Қораның ішінде атам, тағы екі-үш ересек адам жүр. Қастарына бардым. Ақбас қойды енді ғана бауыздапты, легеннің ішінде қаны көбіктеніп жатыр. Атам сол қолымен өзіне тартты да, оң қолын қанға батырып, маңдайыма жағып берді. Жып-жылы екен, денем тітіркеніп кетті. Ерні күбірлдеп, бірдеңе айтты. Толық есімде жоқ, «мен құрбандық» дегені ғана жадымда қалыпты. Далаға шыққасын қан кеуіп, маңдайым тырыса бастады. Жуып тастадым.
Біздің ауылда айт төрт күнге созылатын. Бірінші күнін «Ішек» дейтін. Өткен айттан бері туыстары қайтқан адамдар осы күні мал шалып, ауылды шақырып, құран оқытады. Қалған үш күнде кезектесіп жүреді-үйді-үйге. Балалар далада күтіп жүреміз, ата-апалардың алдынан жүгіріп шығып «Айттық» дейміз. Көбісі кәмпит береді. Тиын ұстастатандары бар. Ақшамызды алып дүкенге тартамыз. Мен прәндік(пряники) жақсы көретінмін, әлі күнге солай. Бірде беслепетіме мініп, нағашымдардан келе жатсам ауылдың молласы өтіп бара жатыр екен. Атам шамалас адам. «Айттық» дедім. Мені көрмеген, естімеген кейіп танытты. Қырсығым ұстап қалды. Екі жағынан кезек-кезек шығып «айттықтап», ол мені елемей біраз жерге дейін жүрдік. Соқыр тиын да ұстатқан жоқ. Ол да қырсығып қалған шығар...
Сегіз-тоғыздардағы кезім болса керек. Ағам(әкем) қорада қой сойып жатыр екен. Атам мен апам айтшылап кеткен. Ақырын қасына бардым. Терісін іреп жатыр екен, қарап тұрмын.
– Қой союды кім үйретті?- дедім.
– Өмір үйретті!
– Әндрей ме?
Ағам мырс етті. Көрші тұратын Өмір ағамызды бүкіл ауыл Әндрей дейтін.
Бала кезімдегі айттан осы үш оқиға есімде қалыпты.
Шошала
Мен ес білгенде ауылдағы барлық үйде бірдей шошала болған жоқ. Әсіресе жастар жағы оны құнттамайтын. Біздікі алты қанат, алты бұрыш еді, төбесін үшкірлете ағаштан қиып жапқан, үстіне шым ойып салған. Дәл ортасында шаңырақ секілді тесігі бар, оны қыста қар түспесін деп жауып тастайды. Шағын әйнегі болды. Жарығы шамалы, бірақ көз үйренгесін қажетіңді тауып алуға жетіп жатыр. Ішінде төрт жерден ашаны тіреу қылып қойған. Оны ерекше еске алып отырғаным, қараңғыда талай соғылғаным бар. Қабырғасы талдан өріп жасалғанын да көрдім, біздікі тақтайдан еді, сырты ақ балшықпен сыланған. Апам марқұм жыл сайын әктеп отыратын.
Ішінде не жоқ дейсіз ғой, ашып қалғанда дәл ортада ыстауға қойған ет ілініп тұрады – жылқының, қойдың, ешкінің. Үрленген қарын да сонда. Оң жақ апамдікі болатын. Қазан, леген, шелектеріне арналған сөре бар. Ұзындығы бір метрден асатын қара астау да сонда. Оған апам соғымның қазыларын тұздаушы еді. Жанында кебеже тұрады. Ана бір жерде ойық бар, оған сүт, қаймағын қоятын. Сол қабырға атама тиесілі. Бірінші шегеге жіптер ілінеді, екіншісіне сым. «Ақ сым, қара сым» дейді өзі, ол да керек дүние. Одан кейінгілерге жүген, ноқта, қамшы, қамыт, доға, сейдолқа (ершікті солай атайтын), божы (делбе), айыл секілді ат әбзелдері тұрады. Төрге қарай атамның қастерлі қара шалғысы ілінген. Қайрағы мен төстігі жанында. Жоғарырақ, қол жететін жерге талдан аспа жасап, кенептен тігілген центнерлік қанарларын іледі. Тышқан теспес үшін әдейі биігірек қойғаны. Қобдиларда шегенің небір түрі бар. Түзуі де, майысқаны да, жолдан тауып алғаны да сонда.
Шошаланың алдында дөңбек тұратын. Талайды көрген. Әкемнің балалығын да көрген болуы мүмкін. Сол дөңбекте атам отырушы еді. Қасында ұршығын иіріп апам жайғасады. Осының бәрі әлі күнге дейін көз алдымда. Атам қайтып, ет асып жатқан кезде шошаланың төбесіне ұшқын түсіп, өртеніп кетті. Қайтып ешкім жөндеген жоқ.
Құрт
Бала күнімде апамның құрт қайнатқанын ерекше күтетінмін. Іркіт толы ыдысты қазанға қотарады. Қалада өскен баланың жүрегі айнып кетуі де мүмкін көрініс, негізі. Быршыған, сасыған, сарысуы аралас қоймалжың ғой енді. Бірақ, бір қайнағасын түсі өзгеріп сала беруші еді. Иісі де мұрынды қытықтай жөнеледі. Қышқыл дәмі ше.... Былғап отырған оқтауына жармасып , жалааап-жалааап аласың. (Осы жерде сілекейіңізді бір жұтып қойыңыз.) Дәл қазір дәмі аузыма келіп кетті, бар ғой))) Оны әбден қайнатады, түбі күйіп кетпес үшін былғап отырады. Күйді ме, бітті, құрт емес деген сөз. Итке төге берсе де болады. Пештің мұржасынан қара түтін будақтайды, көмейінен шыққан ыстық лептің өзі жай да ыстық күнде өзіңді іркіттен бетер быршытып жібереді. Соның өзінде ктпейсің ғой кетпейсің. Кете алмайсың. Қайнап болғасын, суытып алады да кенеп қапқа лақ еткізеді. Қапты шошаланың ішіне асып қояды, суы сорғысын деп. Оны күтетін шама жоқ, қаптың бір шетін емізік құсап еміп тұрасың. (Осы жерде тағы бір рет сілекейіңізді жұтып қойыңыз.) Керемет қой керемет. Содан әбден суы шыққасын, апам үлкен шараға қотарып, құрт бөлуге кіріседі. Кішкентай сықпа болса тәтті құрт деген сөз. Егер, домалақ қылып, бөле бастаса ащы құрт дей беріңіз. Маған соңғысы ұнайды. Қасында отырғанымды түсінген шығарсыз. Жай отырмайтыным белгілі, қолым қыбырлап, аузым жыбырлап дегендей... (Бұл жерде сілекей автоматом жұтылуы тиіс.) Содан кейін темір сетканың үстіне жаяды. Комбайнның бидай елеуіші ғой, соны біздің жақта құрт жаятын ши орнына пайдаланатын. Сосын, шошаланың алдына шығарып, жаяды. Шыбын-шіркейді үркітіп қойып, ұршығын иіріп қойып әндетуге кіріседі. Бір дегдіткесін, үйдің шатырына(чердакқа) шығарады. Сонда тұруы тиіс. Екі – үш күннен кейін ол құрттың жартысы ғана қалады. (Сілекей ағып бара жатқанын сездіңіздер ме?))) Сатыны алып тастаса да шатырға мінудің әдісін меңгеріп алғанмын ғой. Сондай деймін де, құрт ұрлағасын, міндетті түрде жаңбыр жауатын, не байланысы бар екенін.
Шыжық
Көктем. Қар еріп жатыр. Бастауышта оқып жүрген кезім болу керек, даладан қарным ашып келді. Апам ауыз үйде қара тушаны жатқызып қойып түбітін тарап отыр. Ескі алашаны жайған, ешкінің үш сирағын байлап тастапты. Бір аяғымен мойнынан басып отыр, бишараның көзі алақ-жұлақ етеді. Қой қырқатын машинканың темір қайшысына шүберек орап, тарақ қылып алған. Аямай жұлады. Қара ешкі бақырып-бақырып алады, дауысы сай-сүйегіңді сырқыратады. Апамнан тамақ сұрап едім, үстелдің үстін көрсетті. Жұмысын бітірмей маған қарамайтынын білемін, әрі ойнап жүріп, шақырғанда келмеген өзім кінәлімін. Жылғаға қайық ағызудың қызығына батып, уақыттың қалай өткенін де білмеппін. Тамақты жапқан ақ орамалды жұлып алдым. Дастарқаннан үзілмейтін добалдай-добалдай қызыл бауырсақ, сары май бар екен. Шәй кеседе шыжық. Кәдімгі шыжғырылған май. Қойдың іш майын ұсақтап турап, қазанға салып шырылдатып, түтінін будақтатып қуыратын. Майын бөлек, шыжығын бөлек алады.
Шәйнектен кесеге су құйып алдым. Бауырсаққа май жағып алып жеп отырмын. Шыжықтың иісі мұрнымды қытықтай бастады. Бұрын тыжырынып жемейтінмін, қарным ашқасын ба аңсарым ауды да кетті. Қасықпен біреуін іліп алып, аузыма салдым. Тістелеп көріп едім, қызыл иекке жабысатыны болмаса дәмді екен. О, құдайым, бұрын неге жемегеніме өзім таңғалып отырмын. Астың төресі екен ғой деп қоямын. Содан бері шыжық – менің сүйікті асым.
Күпі
Біздің ауылдың үлкендері бұрын күпі киетін. Ауылда өскендер біледі ғой, дегенмен бертінгілер таңырқауы да мүмкін. Өйткені олардың көргені күпәйке киген қазақ қой. Күпі деген – қойдың жабағы жүнін бөлмей қырқып, сырып тігілген қалың киім. Сыртын қалың матамен қаптап, далитып қаусырма жаға тігеді. Тоннан әлдеқайда жеңіл, мол қылып тігілгендіктен, шаруаға киюге өте ыңғайлы. Сондай күпі атамда да, апамда да болды. Атамдікі қоңыр мақпалмен тысталған, жағасы қара болатын. Сыртынан белбеу тартып алады. Баста қара құлақшын, аяқта галош кигізілген пима. Қасы қалың, мұртты кісі еді, аязды күндері қырау түгілі мұз тұратын. Оны киімнің жоқтығынан емес, ыңғайлы болғасын киеді екен ғой.
Осыны жазып отырған кезде мына көрініс көз алдыма келе қалғаны. 8-9 жастағы кезім, атам мен апам көрші Өрнек ауылындағы Марс ағамызға қонаққа жиналды. Бұрын ілулі тұратын біркиерін үстіне іліп шығыпты. Аяқта саптама етік, қара тонның үстінен үш адам сиятын тұлыпты желбегей жамыла салып, шанаға отырғанының өзі бір керім. Апамның үстінде пүлішпен қапталған түлкі ішік, аяқта қолдан басылған биязы қара пима, баста түбіт шәлі. Делбені қағып қалып, төрт білем ұзын қамшыны сілтеп, апам екеуі аттанып кетті. Шыңылтыр аязда көк биенің қатқақ жолды қарш-қарш басқаны мен шананың сықыры музыкалық сүйемелдеу сияқты осы көрініске.
Күпіні көрген соңғы буын менің замандастарым шығар. Қазір ешкім тікпейді ғой. Сол күпі киген шалдармен бірге ауылдың қасиеті де бірге кеткен секілді көрінеді.
Текемет
Бала күнімде, еміс-еміс есімде, біздің үй текемет басты. Әйелдер жиналып, шошаланың ішінде, будың ортасында қаз-қатар тұрып тепкілеп, одан отыра қалып білектеп ұрып, у-шу қылған. Бізге қызық, сығалап қарап жүрміз. Мені жолатпады маңына. Соңы жиналған апа-әжелер мен келіндердің шәйімен аяқталған. Одан, сегізінші бітірген жылы алаша тоқитын болды. Апам екі-үш жыл қол ұршықпен, аяқ ұршықпен иірген жібін қазандағы бояуға салып қайнатып, жайып қойды. Кепкесін 4 жерге шыбық қадап, кішкентай балаларды жүгіртті. Әрқайсысына бір түсті жіпті ұстатып қоя береді. Біреуінде сары, екіншісінде қоңыр, көк, жасыл, көп, әйтеуір. Ол біткенше шыр айналып жүреді, төрт әйел төрт бұрышта, біреуі ортада, станоктың жібін лектіріп, қалғандары араласып кетпеуін қарап отырады. Жіп таусылғасын, көлеңке жерге құрады. Үш аяқты таған, арасынан жіп өткізіп, тарақпен тартып, қылышпен ұрып отыра бересің. Рахат! Басында, жиналған әйелдер ырымын жасап, бір-екі құлашын тоқыды. Одан соң апамның шәйін ішіп, етін жеп үйлеріне тарап кетті. – Ал, балам отыр деді - маған. – Менің әлім жетпейді, сенің қолың қарулы, сартылдатып ұра бер, тек бос қылма - деді де, мені отырғызып, өзі қайтадан жіп иіруге кірісті. Басында, мамам бар, қарындасым бар, көмектесіп жүрді. Бірақ, көпке созылған жоқ, он- он бес минуттан кейін өзімді отырғызып қояды.
Анау қылышты соққылау деген, құдай басқа салмасын, миыңды, өкпеңді, бүйрегіңді, асқазаныңды бәрін солқылдататын сияқты. Сырт-сырт, тарс-тұрс, әбден мезі боласың, кейде жіп үзіліп қалады, оны тартып, жымын білдірмей байлау керек. Ақырын ұрсаң, жұп-жұмсақ болып, селдіреп, көрініп тұрады. Апам ренжиді. Кешке тұрғанда, белің де, қолың да, басың да, бәрі ауырады. Қолды қажап, күлдіреп қалғасын орап та алдым. Кейде жаңбыр жауып кетеді, ондай кезде, құдайдың бергені, демаламын. Сөйтіп, екі аптаның көлемінде бітірдім-ау. Қазір, мен тоқыған алаша бар ма екен деп ойлаймын, әлде қалды ма екен бір жерде? Кім білсін, менсінбейтін болдық қой, ескі-құсқы деп...
Қасапшылық та өнер...
Біздің үйде күздік соғым соймайтын. Қазанның аяғына таман күн суытқасын жүні үрпиген жылқыны ауылға жақын бағады. Соғымға деген тайды ұстап әкеліп сұлыға байлайды атам. Оған мінгізбейді, табу. Қолтығын сөгесің деп ұрсады. Сосын соғымға дейін жеуге, әрі қаладағы туыстарға жіберуге деп, қаз соямыз. Бір сойғанда екеу-үшеуін бірақ құлатамыз. Жылда ата қазды ауыстырып отырады. Көбіне еркектерін соямыз да келесі жылға деп ұрғашылардың бесеу-алтауын қалдырады. Сонда шамамен он-он бес қазды капут қыламыз. Он-он бірге келгенде атамның жанары суалып, көзі көрмей қалды. Сосын амалсыздан қазды мен бауыздайтын болдым. Басында қорқатынмын, соңында үйреніп алдым. Ұстап алып келіп, құбылаға қаратып жатқызасың, қос қанатын аяғыңмен басып мойнын созамын да «бісміллә, сенде жазық жоқ, бізде азық жоқ деп»,- атамның түлкі сап бәкісімен орып жіберемін. Қан фонтан болады. Кейде жұлқынып шығып кетеді де, қанатымен сабалап айдайды шеңбер жасап, аппақ қардың беті қызыл ала қан болады. Қарап тұрсаң жаның түршігеді, басы терісіне ғана ілегіп, жалп-жұлп етіп жүреді. Апам ұрсады, «қолы жеңіл осының», деп. Сосын жаны шыққасын қораға кіргізіп, жүнін жұлады да, маған үйткізеді. Паяльная лампаны алып шығып алдымен бензин құясың. Сосын, жүг-жүг-жүг еткізіп кәшиттисің. Ауа толғанын бір-екі қолданғаннан кейін қолмен сезетін боласың. Сосын, сабына байлаулы тұратын жіңішке сыммен, оны көбіне тростан алатынбыз, шұқылап-шұқылап бензин ағатын тесігін тазалайсың. Сосын шамалы ашып қалсаң бензин атқылай бастайды. Сол кезде сіреңкені шақ еткізіп, аузына от бере қоясың. Анау бензин аққан орын біраз жанады, қар жанып жатыр деп оған да біраз есің шығады. Паяльникпен алдымен қызыл жалын шығады, сосын сарғая бастайды. Басында түтіні будақтап жатады. Сол кезде дөңбекке қарата қоясың тезірек қызу үшін. Біраз гүрілдегеннен кейін лампаның жалыны мүлдем көрінбейтін болады. Тек сағым құсап бұлдырап тұрады. Паяльник дайын. Дөңбектің үстіне жүні жұлынып тыриып жатқан қазды қоясың да, паяльникті тағы бір-екі кәшиттеп жіберіп, үйтуге кірісесің. Бір айналдырып алғаннан кейін, қораның есігінің маңдайшасына қыстырулы тұратын ескі пышақты алып келесің де қырып-қырып жібересің. Екінші айналдырғанда майы шыға бастайды сарғайып, енді абай болу керек деген сөз. Кейде бытыр-бытыр етіп, терісі жарылып кетеді. Шабы мен қолтықтың астына да жалыннан періп-періп жібересің. Все, қиын түгі де жоқ. Ара-арасында паяльникті жүг-жүг еткізіп кәшәйттәп тұру керек. Заматта жаңа ғана қаңқылдап жүрген қаз тамақ болып шыға келеді. Исін айтсайшы, исін.
Түтін исі
Жаздыкүні мал қайтқасын ауылдың үстін көк түтін басып кетеді десем сенесіздер ме? Сіздерді білмеймін, маған солай көрінетін. Күні бойы жұмыста болған аға-әкелеріміз де қас қарайғасын қайтатын. Сол кезде ауылда жаппай тамақ пісіру жүріп жатады. Пештен бөлек басқа да түтін будақтап жатушы еді. Ол, сиыр сауған кезде қоятын түтін. Кәдімгі сиырдың кепкен жапасын ескі ыдысқа салып, не құр жерге тастап өртеп маса үркітетінбіз. Әйтпесе, сиыр жарықтық орнында тұрмай, тебініп, құйрығымен сабап сауып отқан адамның берекесін кетіреді.
Мені атам мен апам қанша жақсы көріп, еркелетсе де жұмысқа ерте салды. «Істегенің маған жақсы, үйрегенің өзіңе жақсы» деген принцип. Он-он бір жасымда өзім мал жайлап, астын шығара беретінмін. Қыстың күні сүңгіні шөптен шығара алмай мықшыңдағаным, боқ салатын шананы сүйреуге күшім жетпей сүмелектегенім, қатып қалған құдықтан су шығара алмай итіңдегенім бөлек әңгіме. Сиырды да өзім сауатынмын. Апам марқұмның белі шойырылып қалып, қызыл сиырдың желініне алғаш қол тигізгенім де есімде. Мені бөтенсініп иімей қойғасын, апам «әукім-әукімдеп» қасымда тұрған. Екі-үш рет сауғасын кәдімгідей машықтанып алдым. Күмпілдеткен кезде шелектің жартысы көбікке толатын. Түтін тақырыбынан ауытқып кеттім ғой, қата оралайын. Жазда сиыр сауу мен сепаратордан өткізу де менің міндетім еді. Оны бітірмей жібермейді. Көз байланғанша тығылмақ ойнау үшін жұмысыңды тап-тұйнақтай қылып қойуың керек. Шелегің мен жылы су құйылған шәугімді алып барасың. Ала сиыр көзі шатынап бір қарап алады. Мені баласына ма білмеймін, бір орында тұрмағасын байлап қоятынмын. Орындыққа отырып ап, түтінді жақындатып қойып саууға кірісесің. Аяғын аңдып отырмасаң сілтеп қалғанда шелегіңді ұшырып жібереді, не малып алады. Еңбегің зая кетті деген сөз. Оң қолыңды ыңғайлап, дайын отырасың. Талай төгілді ғой, байлап қойып сабағаныма қарамастан мойындамай кетті мені. Қызыл сиыр жуас еді. Бірақ нас болатын. Былғанады да жүреді. Құйрығы сауыс-сауыс боқ болады. Оның желінімен қоса құйрығын да жуып алатынмын. Әйтпесе масалап құйрығын бұлғаңдатқан кезде бет-аузыңды лаңқа қылады. Болғаннан кейін желініне вазелин бе солидол ма, әйтеуір бірдеңе жағатыным есімде. Сиырды сауып, сүтті өткізіп болғасын ойынға кірісесің. Жаңа ғана ересек адамның жұмысын істеген баланың балалығы оянып, армансыз ойынға беріледі. Шаршап, шалдығып келіп жығыласың. Қанша жуынсаң да қолыңнан желіннің иісі кетпейді. Оған сіңіп кеткен түтіннің иісін қосыңыз. Сол иісті әлі ұмытқан жоқпын. Ауылдың, балалық шағымның жұпары ғой...
«Күнтай»
