Чеховтың шенеунік кейіпкерлері қазір жоқ па?
Мақалада автор А.Чехов кейіпкерлеріне тоқталады. Сонымен бірге жазушы Төлен Әбдіктің «Қайырсыз жұма» (бұрынғы аты «Министрдің өлімі») әңгімесі жайлы айтылады.
Бізде жаңа заманғы шенеуніктердің бейнесі жасалмай жатыр. Ол біздің жазушыларға қызық емес пе, әлде қолдан келмей ме?.. Бұл тақырыпқа келгенде бірден Чехов еске түсетіні қызық. Шындап келгенде, оның өзі шенеуніктерді әжуалайын деген жоқ, шенге, беделге, қызметке, ресми тәртіпке тәуелді болып қалған адамның біртіндеп өзінің адамдық өлшемін жоғалтуын зерттеді ғой. Тек Чеховтық деңгейдегі образ жасау үшін «мынау жаман шенеунік» деп көрсету аз, оның неге сондай болғанын, жүйе оны қалай қалыптастырғанын, оның өзі өзінің қандай адам екенін түсінбей қалай өмір сүретінін көрсету керек. Ол оңай емес. Өйткені бүгінгі адамның ішінде бірнеше рөл қатар жүреді: халық алдында белсенді тұлға, жоғарыға есеп беруші, орындаушы, әлеуметтік желідегі имидж жасаушы, көрдіңіз бе, қазіргі шенеунік бұрынғыдан әлдеқайда күрделірек. Баяғыдай өзінен шені үлкен бастықтан қорқатын ұсақ шенеунік типін қайталасаң, образды шығара алмайсың. Чеховта шенеунік көбіне шенге тәуелді болса, қзіргі шенеунік ақпаратқа, имиджге, байланысқа, бақылауға тәуелді. Бүгінгінің шенеунігінде: «Бұл ақпарат әлеуметтік желіге шығып кетсе, не болады?» деген бір ғана қорқыныш бар. Сол үшін де білдей бір облыстың әкімі жазылушысы көп блогерді қабылдағанын да көргенбіз. Иә, Чеховтың шенеуніктерінің декорациясы өзгерді: олар халыққа жақындай түсті: таңертең «барлық мәселе шешілді» деп видео түсіреді, түсте жоғарыға «мәселе бақылауда» деп есеп жібереді, кешке үйіне барып, өзінің де сол жүйенің ішінде шарасыз екенін түсінеді.
Чехов дедік қой, бұл кісі 500-ге жуық шығарма жазған адам. Баспагерлер де әбжіл-ақ, жазушының біраз әңгімелерін жинап-теріп алып, «Юмористические рассказы» деп бөлек шығарыпты. Осы кітапты сапырып, неше қайтара оқи беремін. Шынын айтсам, юмор емес, нағыз иронияны көремін. Шіркін-ай, жазады ғой жазушың! Оқыған-тоқығаны да, айбары да бар зор шенеунік деп отырғаның көз алдыңда балалар жақсы көретін «киндер-жұмыртқаның» ішіндегідей кішкентай адам сияқты болып көрінетіні қызық.

Генералдың басына түшкірем деп...
«Шенеуніктің өліміндегі» театрға барғанда алдыңғы орында отырған генерал Бризжаловтың жылтыр басына түшкіріп қойғаны үшін зәресі ұшып, генерал оған мән бермеді дегенге сене алмай, соншама ақталып, өзін қатты кінәлі сезініп, аяғына жығылып кешірім сұрап, тіпті қоймастан қайта-қайта кешірім сұрап генералды ығыр қылып, ашуын келтіріп, ақырында үйіне келіп өліп қалатын Червяковті білесіз ғой. Байғұс генералдың алдында өзін соншалықты төмен қояды, ақырында өзін-өзі жер қылады. Көрдіңіз бе, Бризжалов оны алғашында тіпті кінәлі санамайды. Бұл жерде адамды түсіріп тұрған жоғарыдағы адам емес, адамның өз ішінде орнаған бағыныштылық сезімі. Шынында, өмірде кез келген нәрсеге соншама мән беретін, тіпті ұсақ-түйекке қатты тіреліп қалатын адамдарға қиын ғой. Ол кейде рухани бостықтан, адамның өзіне жете алмауынан да шығады. Оқып отырып, «жалпы өмірде бұндай бола ма, болмай ма?» дегенді ойлайсың. Асыра сілтеп жібергендей ме. Бір жағынан, бұл Чеховтың ертеректе жазған әңгімесі. Қатал реализм мен шарттылық қатар келгенде, бәрі үйлесімді. Әңгімені жеп-жеңіл жазғаны сондай, тіпті оқиғадағы адам қатты уайымнан өліп қалса да, соған біртүрлі күлкің келеді. «Червяк» деген құрт, автор оның фамилиясын да мінезіне сай тауып қойған. Құрт деген бір түскен жерінен оңайлықпен арылмайтын, жылбысқы жәндік. Осы қоғам тұра берсе, осы түсінік, осы жүйе тұра берсе, олар әлі жүре береді.

Орденжарыс
«Орден» де тура біздің бүгінгі әңгіме. Колледж регистраторы шеніндегі Лев Пустяков басқа біреуге тиесілі Станислав орденін тағып, біреудікіне түскі асқа барады. Ондағы ойы үй иесі жылтыраққұмар болғандықтан, соған жағынып әрі таңғалдырмақ болады. Сөйтсе, өзі сияқты тағы біреу келген екен, ол да «Анна» орденін тағып алыпты. Мұны көріп, біздің кейіпкер: «Қап, «Владимир» орденін тағып келмеген екенмін!» деп қатты өкініп қалады. Пустяков деген фамилиясын айтшайшы! «Ұсақ-түйек», «болмашы нәрсе», «бос нәрсе» деген ғой, Пустяковтың бүкіл әрекеті осы фамилиямен үндеседі. Ол өзінің адамдық қадіріннен гөрі, кеудесіне тағып алған орденді маңызды көріп, біреу одан жоғары орден тағып келгенін көргенде, өзінің беделі түсіп қалғандай сезінеді. Адамның өзін орден арқылы бағалауы күлкілі әрі аянышты.
«Арық пен семіз»
Ол екеуі баяғыда бірге оқығандар еді. Арада қанша жыл өткенде қайта кездеседі. Бір-бірі жайлы әлі ештеңе білмеген кезде, бәрі баяғыдай сияқты. Ал хал-жағдай сұрасып, «сен қайдасың, не істеп жүрсің?» дегенге келгенде, жаңағы достық кездесу бірі жоғары, бірі төмен тұрған екі шенеуніктің кездесуіне айналады. Арықтың қорланатын жөні бар, себебі семізі оның тікелей бастығы болып шығады. Бұл жерде Семіздің адамгершілігі бар екен, «шен салыстырудың не керегі бар?» деп мұрнын тыржитады ғой. Ал бірақ Арық қояр емес. Оған ешкім «менен қорық» деген жоқ, бірақ ол өзін бұрынғы досының алдында дереу кішірейтеді. Ешкім сұрамаса да, талап етпесе де. Чехов мұны рухани ауру деп отыр. Шынымен қорқынышты ғой, ондай адам адамнан дос көрмейді, тек қана шен көреді. «Двое в одном», «Маскада» да осындай әңгімелер.Осы мазмұндас әңгімелеріне қарасаң, Чехов бағынышты адамның қанын зерттеуге алып, оны сараптамадан өткізіп, қан құрамын зерттеген дәрігер секілді.
Жеңімпаздың мейманасы
«Торжество победителя» (1883 ж.) деген әңгімеде шен алған Козулиннің бұрынғы бастығы Курицынға жасаған қарым-қатынасынан Чехов адамның қолы билікке жеткенде қалай өзгеретінін көрсетеді. Козулин өзі бастан кешкен бағыныштылық тәжірибесін енді төмендегілерге қайталайды. Енді қараңыз, өзі қорланған адам билікке жеткенде не болады, әлбетте өзі де өзгелерді қорлайды, жаңа бағыныштылар, жағымпаздар пайда болады. Егер Козулин канцелярияның емес, концлагерьдің бастығы болса, түгел қырып-жойып жіберер еді. Чехов ертерек ескертті де. Кейін репрессия кезінде адамдардың өміріне үкім шығарған солар еді ғой. Көп шенеуніктің «лауазым маған артық құқық береді» деп ойлауының өзі қаншама бассыздыққа, жүгенсіздікке апарады деңізші. Чеховта қарапайым шенеунік генералдың жылтыр басынан қорқатын болса, біз шенеунікті ерегестіруден қорқамыз, өйткені оның қолында билік бар, байланыстар бар...
Бастық болып өлгені жақсы болды
Шенге табыну, лауазым алдында өзін кішірейту, бастықтың көңілін табуға тырысу, адамның өзін қызметімен өлшеуі, қызметтен айырылғанда өзінің де құны жоғалғандай сезіну, форманы мазмұннан жоғары қою сияқты құбылыстар әр қоғамда әртүрлі формада кездесуі мүмкін. Қызмет адамның өмірінің бір бөлігі болудан қалып, адамның өзін анықтайтын негізгі өлшемге айналады. Мысалы, Төлен Әбдіктің «Қайырсыз жұма» деген әңгімесі жұмыстан кететінін ауыр қабылдап, қайтыс болған министр туралы. Сондағы оның әйелінің айтқаны шошытады. Ол күйеуінің қызметте жүріп қайтыс болғанына шүкіршілік етеді. «- Дәм-тұз таусылып тұрса, оған кім араша бола алады?- деді әйел тағдырдың бұйрығына келіскен бір үнмен. - Кешеден бері бұған да үйрендік. Шүкірлік еттік. Әйтеуір мынандай қызметте жүріп кеткенінің өзі жұбаныш секілді. Әйтпесе, осынша үлкен құрмет болар ма еді... - Әйел тағы да көзіне жас алды». Сонда, егер қызметі болмаса, ол адам түкке тұрғысыз болып тұр ғой. Ал марқұм өзінің зейнетке шыққанын әйеліне айтып үлгермеген, өйткені қорыққан. Бұдан бұрын бір рет қызметтен төмендеп қалғанда, соны әйелінің қалай ауыр қабылдағаны, қызметінсіз өзінің ешкімге қадірсіз болып қалғаны оның есінде еді.Әңгіме былай аяқталады. «Қабырғада қара лентамен көмкерген Әбеннің суреті тұр. Сәл жымиып түсіпті. Кешеден бергі оқиғаның осылай болып аяқталғанына өзі риза болып тұрған секілді».

Арсыз ұйқы
Чеховта «Сонный одурь» деген әңгіме бар. Оны «Қалың ұйқы басқанда» да, «Мең-зең» деп те аударуға болар еді. Бір қарасаң, күнделікті көріп жүрген, үйреншікті жағдай. Әдеттегі сот отырысы. Хатшы жалықтыратын дауыспен айыптау актісін оқып жатыр. Онысы шыбынның ызыңдағаны сияқты. Егер сот отырыстарына қатысып көрген болсаңыз, мұның қалай өтетінін жақсы елестете аласыз. Мұндай актіні оқу көбіне жай ғана ресми түрде, тез-тез айтып шығумен шектеледі. Қатысушылардың бәрі мұның жай ғана формальды екенін жақсы түсінеді, бірақ оны орындау міндетті. Акті, әдетте, өте ұзақ және егжей-тегжейлі болады, сондықтан оқушы парақты параққа жалғап, тездетіп оқып шығуға тырысады. «Ол нүкте, үтір дегенді білмейді, тоқтамай бірқалыпты оқығаны араның ызыңына ұқсайды. Мұндай оқу үстінде қиялдап, өткенді еске алып, ұйықтап алса керемет болар еді... Чеховтың адваокаты осы бір ұйқы шақыратын күбір-күбірдің астында бар күшін салып, ұйықтап кетпеуге тырысады. Бірақ, «хатшының ызыңының әсерінен оның ойлары жүйесінен жаңылып, әр саққа жүреді». Сізде де мұндай бір рет болсын болған шығар, менің өзімде де лекцияларда мұғалім ешқандай тыныс белгісіз, бір сарынмен сөйлегенде осындай жиі болатын. Чеховтың адвокаты сияқты ойыңмен басқа жаққа кетіп қаласың.
Ол дәл қазір үйінде не болып жатқанын ойлайды. Әкелері жұмыста жүргенде, балалардың кабинетте білгендерін істеп жүргені елестейді. «…сиясауытты көрсе болды, саусағын батыру керек; егер үстел тартпасы құлыпталмаған болса, бұл оның ішін ақтару керек». Үйіндегілердің қазір түскі ас ішіп отырғаны, осының бәрін ойлауға уақыт бар.
Чехов оның отбасылық тұрмысын егжей-тегжейлі сипаттағаны соншалық, біз дәл қазір оларды сырттан бағып тұрғандай боламыз. Жүзінен мәнсіз бір жанашырлығы мен паңдығы қатар көрінген енесін, жүдеу, бірақ баяғысынша тартымды, аппақ келіншегі Надяны, оның біреу зорлықпен отырғызып қойәғандай отырысын елестетеді. «Әрине! Оның мойнында балалар, ас үй, күйеуінің киімдерін әзірлеу, ішіктерді күйе түсіп кетуден сақтау, қонақ күту, пианинода ойнау сияқты қаншама міндет бар, ал істелетін жұмыс қаншалықты аз! Надя мен анасы мүлдем ештеңе істемейді. Егер іштері пысқанда гүлдерге су құйса немесе аспазшы әйелмен ұрсысып қалса, екі күн бойы шаршағанына шағымданып, бейнеттен көз ашпадық деп айтады…» Чеховтағы лаконизм деген сол, кішкентай әңгімеге бір отбасының өткенін, бүгінін және болашағын сыйғызып жіберген!
«Енем мен әйелім үнемі французша сөйлеседі, бірақ әңгіме мен туралы болғанда, енем орысша сөйлей бастайды, өйткені мен сияқты сезімсіз, тасбауыр, ұятсыз, дөрекі адам туралы құлаққа жағымды француз тілінде айтуға болмайды, лайық емес...
«Байғұс Мишельдің қарны ашқан шығар, дейді әйелі. Таңертең нансыз бір стақан шай ішіп, сотқа қарай жүгірді...» «Уайымдама, айналайын! - деп мысқылдайды енесі. Мұндай адамның қарны ашпайды! Ол тіпті буфетке бес рет жүгіріп үлгерген шығар. Соттың ішінен буфет ашып алып, әр бес минут сайын төрағадан үзіліс жасауды сұрайтыны анық».
«Қайда екенін сайтаны білсін, қаланың бір шетінде ме, бөлек кабинада, диванда шалқайып отырғанда ма, азиалықтар ән салады, шулайды, сонда тартымды да асау сыған қызы Глашаның дауысы бүкіл жаныңды елжіреткенін сезесің… Глаша! Сүйкімді, тамаша, ғажайып Глаша! Не деген тістер, көздер… арқасы-ай!»
Адвокаттың қиялға берілгені сол еді, түс көре бастайды, түсінде ол сот залында емес, жасыл шалғында жүргендей, құстардың сайрағанын, табиғаттың әдемілігін сезінеді. Түсі сондай тәтті еді. Кенет оны бір қатты, қаталдау шыққан дауыс оятып жібереді. «Қорғаушы мырза, сізге сөз беріледі, қорғау сөзіңізді бастаңыз», деп жатыр екен судья. Адвокат ұйқылы-ояу орнынан тұрады. Әлі есін жия алмай тұрғандықтан, не туралы айту керек екенін мүлдем ұмытып қалады. Ол айыпталушыны қорғаудың орнына, мүлдем басқа, логикаға сыймайтын, мағынасыз бірдеңелерді айта бастайды. Оның көзіне әлі де Глаша елестеп тұрған еді. Чехов сол замандағы мемлекеттік мекемелер мен сот жүйесінің енжарлығын, бюрократияның адамды қалай жалықтыратынын және маңызды тағдырлар шешілетін жердегі жауапсыздықты осылай әжуалайды. Адамның тағдыры шешіліп жатқан сотта адвокаттың ойы далада, тіпті түс көретіні... өйткені ресми процедураның өзі оның санасында мағынасын жоғалтқан. Ең маңызды нәрсе ең мағынасыз формаға айналып кеткен. Біздің халық «өтінішім қаралмай жатыр», «ұзақ кешікті» деп жатады. Шамасы, олардың өтініштері осындай арсыз ұйқы басқан, енжар шенеуніктің қолына түскен шығар.
Қазіргі қоғамның өзін мең-зең ұйқы басып тұр ғой…
