Сәуле Досжан: «Мен қазақ әйелдерінің роман жаза алатынын көрсеткім келді».

«Кейде ойлаймын, өткен өмірімдегі бірдеңелер есіме түседі. Егер Дүкенбай Досжановқа күйеуге шықпағанда, жазушы болмас едім. Тіпті Сәуле Досжан болмайтын едім ғой. Сәуле Досжан қайдан болады, сол үшін фамилиямды ауыстырған жоқпын. Дүкеңнің менің өмірімдегі орны өзгеше. Қыздарымның әкесі. Қыздарым қандай жақсы адам болып қалыптасты. Анадай адамның баласы болғасын...» С.Д. 

Сәуле Досжан: «Мен қазақ әйелдерінің  роман жаза алатынын көрсеткім келді». - adebiportal.kz

Жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының, «Барыс» орденінің иегері, 2024 жылғы Mecenat.kz – «Замануи Қазақстан туралы үздік роман» сыйлығының иегері Сәуле Досжанның шығармашылық жолынан  әйелдің роман жаза алатынын дәлелдеуді ғана емес, әйел жазушының үлкен тақырыптарды көтеруге, ұлттық қасіретті, адам тағдырын, қоғамның өзекті мәселелерін көркем шығармаға айналдыруға қабілетті екенін көрсетуді мақсат еткен қалам иесі екенін де көруге болады. «Қасірет пен тағдыр» арқылы Семей қасіретін, «Өмір бәйтерегі» арқылы қоғам  мен адам тағдырын баяндауынан, сондай-ақ балаларға арналған шығармаларынн  тақырып ауқымының кеңдігін көреміз. Шығармашылық ұстанымы  табандылықпен және өз жолына деген сеніммен сабақтас қаламгер өзінен кейінгі қалам ұстаған қыздарға «жазыңдар, жазғаныңды қазақ оқысын,  әлем оқысын» дейді. Осы тұрғыдан алғанда, алты-жеті роман жазған, шығармалары әлемнің 12 тіліне аударылған қаламгердің әдебиеттегі еңбегі әйел қаламгерлердің әдебиеттегі орнын кеңейтуге ұмтылған табанды ізденісінің де көрінісі деуге болады. 

Жұмыс болғасын қаншама қаламгермен сұхбат құрасың, пікірлесесің, бірақ, осы кісімен әңгімелесудің сәті түспепті. Осы жолы білгіміз келгені – жуырда жарияланған ауқымды роман байқауына жазушы апай қатыса ма екен, қандай жаңалығы бар екен, одан бөлек алдағы шығармашылық жоспары қандай… Апай ашық-жарқын адам екен,  ой-пікірін ірікпейді, эмоциясы да ашық (қазақ әйелдерінің апта сайын қатыгездіктің құрбаны болып, ажал құшып жатқанын айтып отырып жылап қалды).  Әңгімесінен аңғарғанымыз – жазушы үшін жазу белгілі бір уақытпен шектелетін кәсіп емес, ішкі қажеттілік, өмір сүру тәсілі. 

 

«Қасірет пен тағдыр» Чикагода аударылып жатыр

Сәуле апай, күн жақсы болсын! Шығармашылық жаңалығыңыз болса, оқырманға жеткізсек дедік. Қазіргі уақытта не жазып жатырсыз?

– Ең негізгі жаңалық – менің «Қасірет пен тағдырымды» Америка – Чикагодағы үлкен баспада аударып жатыр. Үлкен академиктер Семейге келіп, Семейді, полигонды көріп кетті. Бұйыртса, роман 2027 жылы Чикагодағы үлкен университет баспасынан шығады. «Бала шақтан болашаққа» деген балаларға арналған повесімді Қырғызстанда, Еуропада, Черногорияда шығарайын деп жатыр. Осындай жақсы жаңалығым бар. Жазып жатқаныма келсем, мен өмір бойы жазып келе жатқан адаммын, жазу – менің миссиям. Біреулер сұрайды: «Осы сен Досжановқа тұрмысқа шықтың, Тоқпақбаевқа тұрмысқа шықтың, өйткенше неге өзіңмен өзің жүре бермейсің, жағдайың бар ғой?» – дейді. Мен Досжановтан өте көп үйрендім, жазушы ретінде екеуміз тіл табыстық, одан үш қызым бар, тағдырға рахмет, отыз жыл бірге тұрдым. Ал Тоқпақбаевқа тәуелсіздікке құрметім ретінде тұрмысқа шықтым. Әкім ағадан бірде: «Сізге тәуелсіздік не берді?» дегенде, «Тәуелсіздік маған Розаны берді», – деген екен. Мен сол кісіні түсінем. Тоқпақбаевқа мені берді, ол кісі жасы 77-ге келіп, «қайда барам, қарттар үйіне барам ба?» – деп жүргенде, мен ол кісіні аядым. «Біздің қазақтың көк туын көтеріп жүрген азамат, құқық қорғау органдарын құрған адам еді ғой, қалай ол қарттар үйіне кетеді, мен бірге болайын, (ол кезде әлі халық қаһарманын алмаған), халықтың бір ұлы еді ғой, шайын қояйын», – деп шықтым. Әйтпесе, мен жас адамға шыққан жоқпын, күйеу керек болды дейтіндей. Мен Тәуелсіздігіме құрмет үшін, азаматымды халықтан шет қалдырмау үшін шықтым, сөздің шыны сол. Бірақ менің жазуыма ол кісі жағдай, мүмкіндік жасады. Мен ол кісіге бірден айттым: «Сәке, менде екі шарт болады», – дедім. «Біреуі – мен үздіксіз жазу жазатын адаммын, күні-түні емізулі баласы бар сияқты адаммын, жазу жазамын, бірақ сізге қарауға жағдайым келеді», – дедім. «Екінші, фамилиям өзгермейді. Сол екеуіне келіссеңіз, мен сізбен тұруға келісем», – дедім. Ол кісі әскери адам ғой, сөзінде тұратын, келісті. «Саған біреу: “Сен Досжановтың әйелін, соның фамилиясымен жүрген әйелді алдың”, – десе, намыстанбайсың ба?» – деп едім, «Біріншіден, маған ешкім өйтіп айта алмайды», – деді, «және ол намыстанатын нәрсе емес, ол қазақ қызына құрмет», – деді. «Ол отбасын сақтап отыр, балаларына, ұзақ жыл бірге тұрған жарына құрмет жасап жатыр, мен де оған құрмет жасаймын», – деді. Мен таңғалдым, мына кісі шынымен айта ма деп. Міне, он жыл болды, тұрып жатырмыз, сол құрметінен өзгерген жоқ. Мен үлкен шығармаларымды осы кісінің қамқорлығында, жанында жүріп жазып жатырмын.

Оралда Сұлушаш есімді бұрынғы ЖОО мұғаліміміз бар, кітапты көп оқиды, сіздің шығармаларыңызды іздеп жүріп оқитын оқырманыңыз, осыдан 2-3 жыл бұрын облыстық кітапханаға арнайы барып, «Қасірет пен тағдыр» романы неге келмеген?» – деп мәселе көтеріп, тапсырыс бергізіп, одан кейін сол романды оқығанын, әсерленгенін айтқан еді. Сіздің өзіңізге хабарласатын оқырмандарыңыз көп пе?

– Өте көп рақмет, менің оқырмандарым көп шынында. Мені қатты қадірлейтін менің оқырмандарым! Мені осындай дәрежеге жеткізген менің оқырмандарым! Әйтпесе, бізде, білесіңдер, қазақ қаламгер қыздарын басқа елдердегідей қазақтың жазушы әйелдері деп, болмаса романист жазушы әйелдер деп олай құрметтемейді. Мүмкіндігінше шеттетіп отырады. Егер мен жазған 7 романды ер адам жазса, мен сияқты 11-12 шет тіліне ер адам аударылған болса, біздің қазақ әдебиетінде оны шулап, айқайлап, айтып сөйлейтін еді, бізде ондай жоқ қой. Маған айтады: «Ой, сіз «Барыс» алдыңыз, «Парасат» алдыңыз, «Еңбек сіңірген қайраткерлікт» алдыңыз», – дейді, оның бәрін мен саяси қызметтеріме алдым, қоғамдық жұмысыма алдым. Мен Жазушылар одағынан «Алаш» сыйлығының өзін осы былтыр алдым. Одақтың өзіне 57 жасымда, алты кітап шығарғанда өткен адаммын. Көп кітап шығардым. Әрине, жаңағы жеті роман, пәленбай повесть-әңгімелер, балалар әдебиетіне жазғандарым қанша рет қайта басылып жатыр, оны ешкім ескеріп жатқан жоқ. Мен сізге айтайын, биылғы жыл қорытындысында былтыр менің «Меценат kz» байқауынан үлкен сыйлық алған, 5000 адам дауыс берген романымды «бізде Сәуле Досжанның «Өмір бәйтерегі» деген романы шықты» деп бір ауыз ғана айтып өтті. Неге соны талдауға болмады? Неге қазақтың жазушы қыздарының ішінен осындай роман жазатын адам бар, біздің қатарымызға қосылып келе жатыр демейді? Жеті романымның жетеуін де жұрт керемет жақсы қарсы алды. Әр романымның орны ерекше. Ең алғашқы «Үлкен үйдегі үрейден» бастап оқыды. Ең алдымен халыққа ризамын! Халық болмаса, ешкім мені бүйтіп алақанға салмас еді. Ана жылы мемлекеттік сыйлыққа түскенде «Ол жазушы емес» деп айтыпты бір ағамыз. Қалай мен жазушы болмаймын, бүкіл халық оқыса!? Иә, мен Әуезовтер сияқты, Мағауин сияқты, Оралхан ағам сияқты көркемдей алмайтын шығармын, бірақ мен өз стилі бар адаммын. Соның бәрін көрсетіп отырған оқырмандарым. Біздің фан-клубымыз бар «Сәулелі Сәт» (Сәт-Сәуле) деген, оқырмандарым барда өзімді бақытты сезінемін.

Жазушының өз шығармаларының ішінен «мынау менің шығармашылығымдағы ерекше белес» деп бағалайтын кітабы болады ғой. Сіз үшін сондай шығармаңыз қайсысы?

– Романдарымның ішінде ерекшесі, әрине, «Қасірет пен тағдыр». Ол ұлтыма арналған шығарма. Онда Семей жұртының Кеңес Одағы кезінде көрген қасіреті жазылған, төбеден у жауып, жердің астынан, үстінен, ауадан жайылып жатқан уға шыдап, ұрпақтарын өсіріп, еш жерге көшіп кетпей ұрпақ өсірген Семейдің халқы бар. Мұндай атажұртқа берілген халық бізде ғана бар, ол Семей топырағында деп жазғам кітаптың соңында.

Неше рет қайта басылғанын ұмытып қалдым, ешқашан мемлекеттік тапсырыспен шыққан емес. Баспагерлерге рақмет, өздері шығарып, таратып жатыр, халық сатып алып жатыр. Жақсылық Үшкемпіровке арналған «Біртуар» деген шығарма жаздым, оны мектептер, колледждер оқыды. «Ауылдан шыққан миллионерді» де оқыды, бұл менің ұлы арманымның нәтижесі. «Бердібектің «Қожасы» соғыстан кейінгі балалар туралы шығарма, ал біздің қазіргі тәуелсіз замандағы балалар туралы шығарманы мен жазсам екен, болса екен» деп күні-түні армандап жүргенде, пандемия кезіне келді. Сол кезде мектепке бармаған балаларға бір ай бойы ертегілерімді оқыдым, әрі осы повесті жазып бердім. Бұл повесть менің атымды көптеген елге таратты, ең аяғы якут тіліне аударылды. Оншақты тілге аударылды.

«Жалғыздың жарасы», «Біртуар», «Көрдемшенің қасіреті», «Өгей жүрек» деген романдар жаздыңыз, осының ішінде өзіңіз айтып отырған «Қасірет пен тағдыр» көп оқылыпты деп естідік. Сол 700 беттік дилогияны оқып, баға берген сыншылардың пікірінің тап басқаны бар ма?

– Сыншыларға рақмет, баға берді. Жүсіпбек Қорғасбек «ерлер еңсере алмаған тақырыпты әйел жазушы еңсерді» деп айқайлатып тұрып «Егемен Қазақстанға» берген. Үлкен ғалым-докторлар Айгүл Ісмақова, Гүлжаһан Орда, белгілі жазушы Дидар Амантайлар жазды, Ресейдің «Клаузира» деген баспасының сайтында 40 мың адам оқығаны жайлы хабар болды. Баяғыда «Үлкен үйдегі үрейге» фильм түсірсек деп Ақан Сатаевтар шыққан маған кезінде. «Өгей жүректе» ең алғаш Орта Азиядағы жүрек алмастыру операциясы туралы жазылған, сол операцияға қатысып, Пямен бірге жазып, сол кезде Пя мырза «Еңбек Ері» атағын алғанда, маған да «Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері» деген атағын берген. Әр шығармамның өзінің жолы бар. Мақтанды демесін. Қазақ әдебиетіндегі әйел жазушылардың бір үлкен ізін салсам екен, Сара Мыңжасарова, Шәрбану Құмарова деген апаларымыз болды ғой, солар аталмай кетті. Әйелдерді ескермейтін заман болды ғой. Мен қазақ әйелдері роман жаза алады дегенді көрсеткім келді. Тағдырыма солай жазылды. Раушан Құрманғалиева сияқты мектеп мұғалімдерінің өзі романға сондай жақсы пікір білдірді.

 

Не болды біздің азаматтарға?

  – Сіз көбіне қоғамдағы қандай құбылыстарға бей-жай қарай алмайсыз?

– Шынымды айтсам, білесің бе, сөйлеп отырып жылағым келіп кетеді. Қазір әйелдерді көп өлтіріп жатыр ғой. Не болды біздің азаматтарға? Кеше бір пирәндік жеп қойғаны үшін бір әйелді өлтірді. Бишімбаевты айтса, менің жүрегім қан жылайды тура. Талдықорғанға бір әйелді атқа сүйреп өлтірді, не болды? Біздің азаматтар ондай емес еді ғой! Шыдай алмаймын, айтуға дәтім бармайды. Шынымды айтсам, қазір жүрегімде «Әйелдің қырық шырағы» деген роман жүр, айтпайын деп едім. Әйел деген қырық шырақты дейді ғой, қырық шырағымның біреуін Дүкенбай жақса, біреуін Сәт жақты. Бірақ қандай жақсы азаматтар. Екеуі де менің жазуыма барлық мүмкіндікті жасады. Дүкең енді қара сөзбен жазуға қарсы болды, өлеңіңді жазып жүре берші дейтін. Үш поэзия кітабым бар, өлеңдерім талай бәйгелерден келді. Ол өлең деген қасиетті нәрсе ғой, жаза қалайын деп ойлап жүріп жазбайсың, проза 24 сағат бойы жүрегімде жүреді. Дүкенбай проза жазуыма қарсы болды, неге қарсы болдыңыз десем, «Еее, айналайын-ай, бұның азабы көп қой, мен көрген азапты көрмеші», – дейтін. Әйтпесе, ол маған жамандық ойлағаннан емес. Оның бүкіл қара жұмысын мен істеуші едім ғой, машинкамен теретінмін, корректурасын, редактурасын жасайтынмын, былайша айтқанда, жазу сырын түсіндім деуге болады, жасым да ұлғайып, өмір бойы мемлекеттік қызметте болған адаммын. Парламенттен зейнетке шыққаннан кейін Сәт Бесімбайұлымен өте жақсы түсініскеннен кейін жазуымды жалғастырып кеттім ғой. Сондықтан қазіргі жағдайларды құбылыс деуге болмайды, еркектердің әйелдерді қорлап жатқанын, бұл деген сұмдық болды. Соған мен қарсымын. Әке тәрбиесі дегенді жөндеу керек сияқты. Балалар туралы жазып жүрмін ғой, президентті жазайын, жағынайын дегенді ойлаған жоқпын, президенттің әке-шешесі, отбасының бала тәрбиесі ұнады. Қалай осындай тұлға тәрбиелеуге болады, қазіргі біздің жастар қалай тәрбиелейді деп, жастарға үлгі болсын деп жаздым ол кісінің ата-анасын. Ол кісіні жазған жоқпын. Кемел аға мен Тұрар тәтe туралы, олардың көрген қиыншылығы, аспаннан түспегені, Кемелұлының алтын жөргекке оралып туылмағанын, соны жаздым. Жігіттерге соны көрсеткім келеді. Тұлғаны өсіретін әкелер туралы көп айтқым келеді.

«Меценат» байқауының жүлдегері атандырған «Өмір бәйтерегі» басқа тілдерге аударылды ма?

– Иә, «Өмір бәйтерегін» жұртшылық өте жақсы қарсы алды. Егер жұрт қарсы алмаса, «Меценатты» алмас еді, өйткені оның жолы өте ауыр. Маған 5025 адам дауыс берді, дереу түріктер аударды «Өмір дарағы» деп. Мені арнайы шақырды. «Мазмұндама» баспасына Шыңғыс Мұқанға рақмет, олар әдемі қылып шығарды, сырты да әдемі, сапасы да әдемі. Редакторы да мықты екен, ең сапалы шыққан кітабым. Соны жастар оқыса екен деймін.

 

Менің Ақтамым Мұқағалидың Қарасазы сияқты болса екен деп армандаймын

Сіздің туған жеріңіз Ақтамдағы оқушыларға демеуші екеніңізді, жыл сайын бірнеше балаға қаржылай стипендия беретініңізді, студенттерге де стипендия тағайындағаныңызды білеміз. «Мен туған жерімнен сол ауылдың атын шығаратын балалар көп шықса екен» дейсіз дедіңіз бірде.

– «Меценат kz» байқауынан алғанымды жыл бойы жиып қоямын да, ақшасын ауылдағы мектебімдегі балаларға беремін. Биыл қырық шақты балаға стипендия бердім. Жыл сайын оның көлемі өсіп отырады, республикадан жүлде алғандарға (өте жоғары көлемде), облыстан бәйге алғандарға, ауданнан алғандарға беремін. Ең басында алты баламен бастап едім, қазір қырық баланың үстіне шықты. «Балбұлақ» журналына жаздырып берем, мектебіне көмек жасаймын, ҚазМҰУ-да ата-анасы жоқ, ақылы оқитын студенттерім бар, соларға стипендия берем. ҚазМҰУ-да Дүкенбай Досжанға арнап зал аштым. Сол жерде барлық затын жасап, кабинетін жүргізетін қыздар бар. Біз үшін ҚазМҰУ – қара шаңырақ. Солардың бәріне көмектескім келіп тұрады. Менің Ақтамым Мұқағалидың Қарасазы сияқты болса екен деп армандаймын. «Ақтамым менің» деген ән шығарғам. Сол ауылдың гимні. Менің ауылым Алатаудың етегінде. Табиғаты ғажайып жерде. Біздің ауылдан мықты, өнерлі адамдар көп шықты, Шынар Жапысбекова, Сафуан Шәймерден, Бекболат Шалдыбеков… Қызымыз Райгүл Досжан да мен оқыған мектепте оқып, қазір Америкада докторлық қорғады, профессор.

Қазақ радиосынан сіз жайлы хабарды тыңдаған едім, сонда бала шағыңызды айтасыз, соның өзі бір шығарма секілді екен. Қарапайым үйден шыққан, қарапайым адамдардың баласы қаншама өмір соқпағын жүріп өтіп, танымал жазушыға айналады. Өзіңіздің өміріңізден шығарма жазатын ойыңыз болған жоқ па? Өмірде бастан өткерген кейбір оқиғалар кейін шығармаға айналып кеткен кездер болды ма?

– Менің өмірімнің өзі өте қызық қой, менің дүниеге келуімнің өзі ерекше. Содан да өзімді жазуға жаралған адаммын деп ойлаймын. Мен дүниеге келерде анам ылғи да түсінде үш басы бар айдаһар көреді екен. Мен туған кезде сыртымдағы қабығыммен туғанмын ғой. Шешемді босандырып жатып, бұрын ондайды көрмеген әйелдер шыңғырып, шешемнің өзі талып қалыпты, «ойбай, мен жылан туған шығармын» деп ойлапты талып бара жатып. Одан кейін бүкіл өмірімде неше түрлі оқиға болды. Ақтам деген кішкентай ауылдың ар жағында Шалкөденің басында Дарбазатас деген жерде туған адаммын ғой, сондай жерде шыққан адам қазақтың қабырғалы жазушысы Дүкенбай Досжанның жары болады, одан перзенттер сүйеді, қан араласады деп кім ойлаған! Ол аздай халық қаһарманы, генерал-полковник, Қазақстан Тәуелсіздігін құрған азаматтың жары болады деп кім ойлаған! Мен өзім денсаулығы шамалы, мүгедектеу адамдардың балалары болғам. Сондай адамдардың тәрбиелеп өсірген баласымын. Мен әке-шешемді өте мақтан етемін. Олар өздері сауатсыз болды, бірақ менің оқуыма өте мүдделі болды. Әкем өмірден өткенше «сен оқы, сен оқы, біз жетпегенге жет» деп кетті, ертерек кетті. «Ауылдан шыққан миллионерді» ойласам, жылағым келеді, ол менің өз өмірім, тек кейіпкері еркек бала ғой. Ғасырлар бойы еркек бала тілеген халықпыз ғой, кім біледі, менің шын ниетіммен жазғанымнан шығар, «Ауылдан шыққан миллионерді» бүкіл халық жақсы көріп оқыды ғой. Анам денсаулығы болмады, бірақ анам бала емдейтін. ҚазГУ-ге түсуімнің өзі қиын болды, төрт жыл дегенде әрең түстім, өмірімнің бәрі қиындық демеймін, сатыдан саты өрлеу, өрлеу… Құдайға рақмет айтамын, өміріме ризамын.

Сізді кезінде «Үлкен үйдегі үрей» арқылы таныдық. Бұл өзінің атмосферасымен алады. Кейін «Жатқа туған бала», «Үшінші есіктің құпиясын» оқыдым. Соңғы жылдары романға біржола ден қойған сияқтысыз, роман жазудың ләззаты неде?

– Ол ана шығарманы жазудан, мынаны жазудан рахат деуге болмайды, сенің маңдайыңа не жазылды, жеті қат көктен не келді, соны жазасың. Мен роман жазып жүргенде тек роман жазып отыра бермеймін, ол менің жүрегімде тербеліп жатып, қаныммен бірге айналып жүре береді, арасында повесть, әңгіме жазамын. Қоғамдық жұмыстарым бар. Біраз жыл Құрылтай мүшесі болдым, біздерден басталды ғой алғашқы Құрылтай, жұмыс барысында жүрген-тұрғанымның бәрін жазып жүрдім. Сондағы еңбегім үшін былтыр маған Президент «Барыс» орденін берді. Роман жазып жүргенде сонымен өмір сүресің. Кейіпкерлеріңмен сол ғасырға барып келесің. Мен тіпті олардың атын да ойламаймын. Романымның алғашқы он бетін, кейде жүз бетін жай қаламсаппен жазам. Бір уақытта компьютерге өтіп кетемін. Әттең-ай, біздің қазақтың ер жазушылары неге қазақ жазушы әйелдерін мойындамайды екен деймін. Мағира Қожахметова, Шәрбану Бейсенова, Роза Мұқанова, Ділдәр Мамырбаева, Айгүл Кемелбаева, детектив романдар жазатын Зияш Телеуова, Жанар Әбдішева бар, құдай-ай, Заря Жұманова қалай жазады, соңымыздан келе жатқан Самал Шәймерденова қалай, Мадина Омар, Сағадат Ордаш, Бақытгүл Сәрмекова, Зәуре Төрехан, Айгүл Жұбаныш, Сафина Ақтай, Жәудір Нартай... солар үлкен романдар жазар еді, «қыздар, жазыңдар, әлем оқысын» демейді ғой бізде, шеттетіп отырады. Мен шынымды айтсам, бой бермей кеткенім мінезімнің барлығынан әрі ұзақ жыл заң саласында жұмыс істегендіктен өзімнің құқығымды талап еткенімнен жетіп жүрмін.

 

«Егер мен жазбасам, ауру боламын» дедім

– Өзіңіз бап талғамай жатпай, ой келсе, жазу келсе жаза береді екенсіз, сонда сіздің жұмыс күніңіздегі жұмыс сағатыңыз неше сағатқа созылады? Әйел жазушы әрі ана, әрі жар, әрі қаламгер ретінде бірнеше жауапкершілікті қатар алып жүреді. Бұл сіздің шығармашылығыңызға кедергі болды ма, әлде керісінше, тақырыптарыңызға әсер етті ме?

– Менің жазуым бап талғамайды деуге болмайды, мен жазумен өмір сүремін. Мен Сәт Бесімбайұлына айтқам: «Мені жазудан басқа ештеңе қызықтырмайды, әйел ретінде әдемі киімдер, шетелге, бір жаққа шығу дегенге қызықпаймын, егер мен жазбасам, ауру боламын», – деп. «Айналайын, жаза бер, аман болсаң болды қасымда», – деді. Содан аман болып, қол ұстасып жүрміз. Бірақ менің қатал тәртібім бар. Таңертең тұрғаннан кейін әдемілеп Сәкеңнің шайын берем, содан кейін түскі тамаққа дейін өз жұмысыммен болам. Түскі тамақта әңгімелесеміз. Өмір бойғы мүмкіндігімнің болғаны – Дүкенбайдың кезінен үй қызметкерін ұстаймыз, енем болды, балалар болды. Мен келсем, Сәт Бесімбайұлы жалғыз қалған ғой, әйелі қайтыс болған, балалар өздерімен өздері кеткен, жалғыз өзі болғаннан кейін үй қызметкерін ұстайды екен, әлі келе жатырмыз, Сәкең екеуміз тамақ ішіп алғасын кітап оқимын. Жазу үшін көп оқу керек. Мен ел құсап саған ананы оқыдым, мынаны оқыдым, Чехов, Мопассан демеймін… Елдің бәрі сондайларын айтады ғой, «Улиссті оқымаған адам жазушы емес» деп жатады еркектер, олай емес, сен үндемей оқисың ғой, не керек ол айқайлап, сенің қандай деңгейің бар екенін ел сенің жазғаныңнан біледі, оқыған бойда түсінеді, сондықтан оны айта беру міндет емес. Әбіш аға айтқан, «бір роман жазу үшін елу кітап оқимын» деп, сол айтпақшы елу кітап оқымасам да оншақты кітап оқимын, содан кейін үздіксіз Facebook оқимын. Ол менің ойымша халық, халықтың үні бар, халықпен байланысып отырасыз, халық өзінің ойын айтады, ортақ пікірін айтады, таласады. Мен үздіксіз оқимын, уақыт бөлем, біреулер Facebook жабылып қалсын деп жатады ғой, жоқ, жабылмасын. Мен TikTok көрмеймін. Әйтпесе, мен қалай білем халқымның қиналып жатқанын, қазақ қыздарының басында қандай жағдай болып жатқанын, мен солай халықпен тілдесіп отырамын. Пікірімді айтып отырамын. Ана, жар ретіндегі міндеттер жазуға әсер етпеді ме дедің, оның бәрі Дүкеңмен болды ғой. Апам тұрды қолымызда, шешесі Жәмила Жанұзаққызы, өте жақсы адам болды, ол кісіден көп үйрендім. Ең аяғында Құранның сүрелеріне дейін үйретті. Анам Айша Мағазбекқызы мені жақсы көрді, тәрбиеледі деймін, бірақ керемет нәрсенің бәрін енемнен үйрендім. Дүкеңнің өзінен үйрендім. Дүкең мені ешқашан ренжіткен емес. Көңіліміз суыған емес. Сәт тіпті алақанына салады. Мен ана ретінде балаларыма қарадым, білім алуларына назар аудардым. Үш қызым да ғылым докторы, экономика, медицина, бизнес саласында. Олар Жапония, Англия, Түркияда оқыды, үлкен қызым әлі Америкада оқып жатыр. Бала тәрбиесіне ерекше назар аудардым. Өткенде біреу жазыпты, баласы бар әйелдердің тұрмысқа шыққанын қаламаймын деп. Мен Бесімбайұлына тұрмысқа шыққанда, балаларымның бәрі өскен. Олар әкелерінің барында тұрмысқа шықты. Менде ондай мәселе болмады.

 

Менің азаматтарым жақсы адамдар

Дүкенбай Досжанның «Арыстанды Қарабастың желі» есімізде ғой. Ал енді «Қымыз» дегені ғажап әңгіме….

– Дүкенбай ағаңның «Арыстанды Қарабастың желі» дегеннен есіме түсіп кетті. Мен кішкене мінезді адаммын. Мінезім болмаса, мына Халық қаһарманы болатын адаммен тұра алмаймын ғой. Сәтке күйеуге шығарда маған: «Ойбай, ол арыстан ғой, сен оның аузына басыңды тығып жатқаның не, ана кісімен қалай тұрасың?» – деген. Маған Дүкенбайға шығарда да солай деп айтқан. Оның да әйелі қайтыс болған ғой, мына кісінің де әйелі қайтыс болған. Мен ешкімнің семьясын бұзған емеспін. Арым таза. «Ойбай, ол қиын адам, әйелі қайтыс болған соң 3-4 рет үйленді, дұрыс болмады» деп. Бірақ менімен Дүкенбай да жайлы тұрды, Сәт те жайлы тұрды. Кейде мінезім болады, анда-санда көтерілсем, Дүкең айтатын: «Ойбай, қыздарым, Албанның қара құйыны келе жатыр, ол ана Арыстанды Қарабастың желінен де жаман, кеттік, ойбай, кеттік», – деп далаға қашып, балмұздақ жеп қайтып келетін, содан кейін қыздарының біреуінің бантигін мойнына байлап алатын да «Ребята, давайте жить дружно» деп есіктен кіріп тұратын. Қалай ренжисің ондай адамға. Менің азаматтарым жақсы болды, екеуі де жақсы адамдар.

Иә, «Айқынға» берген сұхбатыңызда «Дүкең менің қаламға жақындағанымды онша құптамады» дегендей айтасыз, бұл жазудың жауапкершілігі, жазу міндетінің қиындығын ескерткені шығар…

– Қаламға емес, прозаға жақындағанымды қаламады. «Мына азапты көресің ғой, мен көріп жатқан, дұшпандар сені жүндей түтіп жейді ғой», – дейтін. Жауапкершілігі жоғары ғой деді. Әйел адамға көзқарас сондай еді ғой. Білмеймін, қазір мені талап жатқан ешкім жоқ, жазуымды жазып жүрмін. Курстасым Есенғали «әйелден ақын шықпайды» деген. Неге шықпайды? Қандай жақсы ақын қыздар бар бізде. Бізде тек қана әйел байғұсты бағалау жоқ.

– Кейіпкерлеріңіздің ішінде мінезі немесе тағдыры арқылы жаныңызға жақын болып кеткен кейіпкер бар ма?

– Менің кейіпкерлерім – менің сүйіктілерім ғой. Оларды мен жақсы көріп, кейбіреуіне ғашық болып, сөйтіп жүріп жазам. Адам қандай болса, сондай шығарма жазады деп ойладым. Былтыр Хан Ган Нобель алды ғой, сондағы кейіпкер әйел қандай жаман, бейәдеп кеткен, жалаңаш жүреді, кей қасиеті біздің ұлтқа келмейді, сондай болған соң ұнатпай қалдым. Адам өзі қандай болса, сондай адамды жазады. Менің кейіпкерлерім мейірімді. «Қасірет пен тағдырда» басты кейіпкерім қылып Шағанкүл Жанаеваны жазғам. Басты кейіпкер Сырғаш деген мұғалима, жігіттің өте жақсы жеңгесі, ол Аяулымға көп нәрсені үйретеді, ал Аяулым менің жас кезіме келеді, жас кезімдегі өз өмірімнің үзінділері бар. Семейге барып, осы кітап бойынша ізденіп жүргенде сол Шағангүл Алдамжарқызымен танысып, кейіпкерім ретінде сол кісіге қатты ғашық болғам, сол менің сүйікті кейіпкерім. Содан кейін менің жақсы көретінім, әрине, Жомарт. «Ауылдан шыққан миллионердегі». Ол менің өзімнің ұлым сияқты.

– Кітапты таныстыру, оқырманға жақындату бағытында әңгіме болса, әдеби агент жайлы айтылады, әдеби агент жайлы айтқанда сізді мысалға келтіреді, бұл тұрғыда сізді жұмысы жолға қойылған агенттігі бар жазушы деп айтуға бола ма?

– Бұл енді керек әңгіме. Әдеби агент болмаса, шетел тұрмақ, өзімізде де насихаттала алмайсың. Мен, мысалы, жазам, өзімді насихаттауға уақытым жоқ қой. Оның үстіне, өзіңді өзің насихаттаған ұят. Ал әдеби агент жолын табады. Анар Қабдуллина деген қызды кездестірді, жеті жыл бірге жұмыс істедік. Қазір жұмыс істеп жүрген жоқпыз соңғы жылдары. Өте жақсы қыз, шығарманы насихаттаудың бағытын, жолын көрсетіп, жақсы жұмыс істеді, ағылшын тілін де біледі, орыс тілін де өте таза сөйлейді, Ресейге, ТМД көлеміне өте жақсы таныстырды. Саят Қамшыгер де мені жақсы таныстырды, якут тіліне, әзірбайжан т.б. тілдерге аударып жүрген сол. Еуропаға өте жақсы таныстырған Үмітхан Мұналбаева – академик, мықты кісі. ҚазМҰУ-да Гүлмария, сондай жақсы әдеби агенттерім бар. Олар өздері редакциялайды, шығарады, таратумен айналысады. Өз еңбектерін, жолдарын алады. Бұл қызметтері маған көп мүмкіндік береді. Мен ондай шаруаға алаңдамаймын, жазушының жұмысы тек жазу. Орхан Памук айтады екен, «менің жұмысым жазу, басқаны білмеймін» деп, мен де сондаймын.

 

Дәл қазіргі Жазушылар одағына ризамын.

Бүгінгі қазақ әдебиетінде сізді қуантатын қандай үрдіс бар?

– Бүгінгі әдебиетімізде мені қуантатын үрдіс бар. Дәл қазіргі Жазушылар одағына ризамын. Мереке Құлкенов бекер обалы қане, «қайтсем Жазушылар одағының абыройын көтерем, қайтсем мына жастардың жағдайын жасаймын» деп жанталасып жүр ғой. Өткенде Нобельге байланысты елдер оған ренжиді, құдай-ау, оған неге біз ренжиміз, Мереке ағайға ренжитін түк жоқ, қайтсем қазақ жазушыларын Нобельге ұсынамыз деп жүр ғой. Әлде дұрыс ұсынбай қалды ма, кішкентай повесті ұсынғаны дұрыс болмады ма, бізде мықты-мықты романистер бар ғой. Өткенде Бигелді Ғабдуллин Нобель алудың жолын өте жақсы жазды. Мен де парақшама ащылау жаздым, «иектерің қышымай-ақ қойсын» дедім. Дәл қазір біз Нобель алатындай уақыт келген жоқ. Ресей де, бұрынғы ТМД елдерінен әлі ешкім алған жоқ. Бірақ осындай ұмтылулардан болады ғой. Қазір Мереке ағай осыған ниеттеніп жатыр. Әлемнің алты тіліне аударылып жатыр, сол алты тілді 125 мемлекет оқитын болыпты деп оқыдым. Сондай үрдістер ұнайды. Мәселе тек қана біздің шетелдерге аударылып, Нобель алуымызда емес, әуелі өз ұлтымыз сол жазылғанды оқуы керек. Егер мені халқым оқымаса, халқым сүймесе, ол не керек, шетелде оны кім оқиды, жазушыны алдымен өз ұлты оқу керек. Мо Ян айтты ғой, «мені қытайлар оқиды алдымен, қытайдың оқығаны жетеді» деп. Енді олар көп болған соң сөйтеді. Мен де қазағым оқып жатқанына ризамын. Менде бала оқырман да, дана оқырман да бар. Халқымнан айналайын! Халқым оқымаса, мен кімге керекпін? Бізде басты нәрсе сол – халыққа оқыту керек. «Бізге пәтер берсе, ақша берсе, жазар едік» деп айта беретіндер бар, біздің алдымызда Мұқағали ағалар, Мағзом Сүндетовтер бар, бәрі де қиындық көріп жүріп жазды. Егер сенің маңдайыңа жазу жазылған болса, ол сенің жағдайың бар ма, жоқ па, қарамайды. «Жүз жетінші көктем» деген кітабы бар Ғалымбек Елубайдың жазғандарын оқығанда таңғалдым. Оған тағдырдың жазғаны. Кеше Бекжан кетті. Оларға жазу жазылған.

– Қазір оқырманның талғамы өзгерді деп ойлайсыз ба? Бұрынғы оқырман мен бүгінгі оқырманның айырмашылығы қандай? Қазір оқырман шоғырын қалыптастыру үшін жазушының өзіне қандай жауапкершілік жүктеледі?

– Бір адам оқырман қалыптастыра алмайды, мемлекет қалыптастырады. Қазір бізде жақсы үрдістер болып жатыр, Зерделі ұлт қалыптастыру, қайтсек кітап оқытамыз деген. Біз осылай бірте-бірте кітап оқитын мемлекет болып кетеміз. Президентіміз бар, министрлік бар, бәріміз жабылып, қайтсек ұлтты оқитын мемлекет қыламыз деп жатыр ғой. Осы үрдісті жақсы көремін. Мемлекет басшысының «Зерделі ұлт» қалыптастыру жөніндегі Жарлығын жүзеге асыру мақсатында 1 қыркүйекте республикалық «Кітап оқитын ұлт» жобасы басталады. Жоба 1 миллионнан астам азаматты қамтуды көздейді. Жазушының міндеті – жақсы жазу. Жазғаныңды қайта-қайта қара. Бір жерге шығарамын деп жүгіре жөнелмеу керек, менің, мысалы, сайттарға көп ештеңем шықпайды, үлкен шығармаларды жазам. Кейде қоймай сұрағанда беретінім бар. Алып ұшатын болсам, апта сайын «Қазақ әдебиетіне», «Жұлдызға» баруыма тура келеді.

 

Егер Дүкенбай Досжановқа күйеуге шықпағанда, жазушы болмас едім

Өміріңізде «осы оқиға болмағанда, мен қазіргі Сәуле Досжан болмас едім» деп ойлайтын бір кезең бар ма?

– Кейде ойлаймын, өткен өмірімдегі бірдеңелер есіме түседі. Егер Дүкенбай Досжановқа күйеуге шықпағанда, жазушы болмас едім. Тіпті Сәуле Досжан болмайтын едім ғой. Сәуле Досжан қайдан болады, сол үшін фамилиямды ауыстырған жоқпын. Дүкеңнің менің өмірімдегі орны өзгеше. Қыздарымның әкесі. Қыздарым қандай жақсы адам болып қалыптасты. Анадай адамның баласы болғасын. Тек дейді ғой, соның жанында жүргесін жазушы болдым ғой. Жазушы болмас едім, мүмкін журфакты әйтеуір әрең дегенде түскем, әрең дегенде бітірермін, тіпті жұмысқа алмайтын ғой біздің кезімізде. Мен жұмысқа тұра алмай қанша жүрдім…

Жазып жүрген, қызу жұмыс үстіндегі жазушының да мұраты болады. Арманы болады. Сізде «жазуым керек» деп ішіңізде жүрген тақырып бар ма? Алдағы уақытта қандай тақырыпта, қандай бағытта жазуды армандайсыз?

– Менде өмір дегеннің өзі жазу дегенмен мағыналас. Менің ішімде бірнеше тақырып жүреді. 2-3 роман жүреді, соның желілері жүреді. Көшеде келе жатырмын да, бір-екі адамды көріп қаламын. Менің романдағы кейіпкерім келе жатады. Сол кезде жүрегім тоқтап қала жаздайды. Машинамды тоқтатып…

Айтпақшы, сізді машинақұмар деп естігем…

– Ия, мен сұмдық машинақұмармын, уақытымның көбі соған кетеді.

Әңгімеңізді бөліп жібердім, айып етпеңіз, содан, айта беріңіз… Мәшинеңізді тоқтатып…

– Мәшинемді тоқтата салып, жаңағы жерде сол кісінің артынан еріп жүремін ғой. Ол әйел не еркек болуы да, бала болуы да мүмкін, соның артынан қызықтап. Әсіресе балаларға жазу үшін бала сияқты таза болуың керек. Неге балаларға жазу қиын? Себебі өзің бала сияқты болуың керек. Мен өзімді ғажайып періштемін демеймін, бірақ менің ішімде шашы шолтаң-шолтаң еткен, мына әлемді жақсы көретін, арманшыл қыз жүреді. Жазылу керек деген тақырып көп. Арман былай болды, үш роман жазғаннан кейін, «шіркін, мен қазақ әдебиетіне стиль салсам, ерекше жол болса, жастар менен үйренсе» дедім. Берді ғой маған. Үлкен прозада стиль салып жүрмін демеймін, балаларға арналған шығармаларда өз стилім бар. «Ауылдан шыққан миллионер», «Біртуарда» сол бар. Содан ғой Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылар кезде біреу «ол балаларға жазарын да білмейді, үлкенге жазарын да білмейді» деп сөз қылыпты. Сол ағайдың атын айтты. Өзі Назарбаевтың жүрген-тұрғанын жазып жүрген журналист еді. Қолыңнан келсе, жаз балаларға!

Сұхбатымыздың нүктесін қояр сұрақ болсын, апай. Романға бұрын-соңды болмаған үлкен бәйге тігіліп, байқауы жарияланып жатқанда, сіз парақшаңызға «жаңа роман бастадым» деп жаздыңыз, сіз байқауға түсіп жатырсыз ба, әлде бұл жай ғана сәйкестік пе?

– Ешкімнің тапсырмасымен, бәйге деп жазбаймын. «Меценаттан» алған бәйгеге келсем, ол кезде қала туралы жазамын деген ой болмады, өзімнің жазып жүрген романым, тақырыбым еді. Сөйтіп жазып жүргем. Бұрынғы «Көрдемшенің қасіреті» деген повесімді елдің бәрі жалғасын сұрай беретін болған соң, соны жалғастырып жазып, «Өмір бәйтерегі» болып шығып, соны салып жібергенімде, сол бәйгеден өтіп кетті. Мынау да кім біледі, дұрыс болып жатса, көреміз.

– Әңгімеңізге рақмет.

(Фотосуреттер жазушының жеке архивінен алынған).

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan