Мінезі ерек, мұңы бөлек ақын
Қазақ кеңістігіне жай отындай жарқ етіп Маралтай Райымбекұлы шыға келгенде, тағдыр толғауы мүлде басқа сипат алып, шетсіз-шексіз кеңістікте қара түсті жалған күйі күңірене шертіліп тұрды. Сол бір заманда көше кезіп қаңғыбас атанған, өзегі күйгенше шарап ішкен, Алматының бұрыш-бұрышы мен Кеңсайды мекен еткен ақын бір қарағанда өз басының мұңын жырға қосқандай әсер етер еді. Бірақ, түрлі қиындықтар арқылы тоқсаныншы жылдардағы тағдырлы кезең Маралтай ақынды мінсіз етіп емес, мінезді етіп қалыптастырды. Мінез болғанда сынбайтын, қайтпайтын, өлең үшін өмірін бәске тіге алатын күрескерлік мінез еді. Ол өзін айтып отырып, қоғамның дертін жеткізді. Сол күрделі кезең ақын болмысы арқылы көрінді. Талай шым-шытырық кезеңнен өтсе де, өлеңін өлтіріп алған жоқ.
Тағдырды ешкім де қолдан жаза алмайды. Оның жалғыз иесі Құдай болған соң, оған пенденің шамасы келе де қоймас. Әр адамның өзінің тағдыры бар. Әсіресе, шын ақындар тағдырлы болады деп жатады. Бірақ, шайырдың өз жанымен өзі арпалысып, жалғанның жанарынан мөлт етіп түскен сезімін аялап, бірақ сол жалғанның жүрегіне сыймай жүруінің өзі тағдыр ғой. Шын ақындардың соңынан аңыз ереді. Алыптар туралы аңыз көп. Халық өзі жақсы көрген адамын өзі аңызға айналдырып жібереді. Бұрын ақындар өлімді, тағдырды жиі жырлайтындай көрінетін. Басқа да жақсы өлеңдер бар әрине, бірақ өлім туралы өлеңдері арқылы ақындар ғана жалғанның жалғандығын жетесіне жеткізе жырлайтын секілді сезілетін. Мағжан ақынның «Мені де өлім, әлдиле», Мұқағалидың «Қалғып кетсем болғаны төсегімде, қырықтың бесеуінде» деген сияқты өлім аңқып қоя беретін жырлары санаға сіңген соң ба, әйтеуір солай еді.
Қазақ кеңістігіне жай отындай жарқ етіп Маралтай Райымбекұлы шыға келгенде, тағдыр толғауы мүлде басқа сипат алып, шетсіз-шексіз кеңістікте қара түсті жалған күйі күңірене шертіліп тұрды. Сол бір заманда көше кезіп қаңғыбас атанған, өзегі күйгенше шарап ішкен, Алматының бұрыш-бұрышы мен Кеңсайды мекен еткен ақын бір қарағанда өз басының мұңын жырға қосқандай әсер етер еді. Бірақ, түрлі қиындықтар арқылы тоқсаныншы жылдардағы тағдырлы кезең Маралтай ақынды мінсіз етіп емес, мінезді етіп қалыптастырды. Мінез болғанда сынбайтын, қайтпайтын, өлең үшін өмірін бәске тіге алатын күрескерлік мінез еді. Ол өзін айтып отырып, қоғамның дертін жеткізді. Сол күрделі кезең ақын болмысы арқылы көрінді. Талай шым-шытырық кезеңнен өтсе де, өлеңін өлтіріп алған жоқ.
Біздің буынға Маралтай ақынның бұрынғы бастан кешкендері ертегі сияқты көрінеді. Көзбен көрмеген соң солай болатыны анық қой. Бірақ, оның өлеңдеріндегі қайғының қалың қатпары, мұңның ауыр батпаны ешкімді де
бей-жай қалдырмаса керек. Енді Маралтай сияқты жазу, Маралтай сияқты жүру деген құбылыстар басталды бір кезде. Қара түс қара өлеңнің бір бөлшегі сияқты бола бастады. Анығын айтқанда, өлең деген қара түсті, мұңды, ауыр болуы керек екен деген ой. Мұндай ойды қалыптастырған ақын өлеңдері еді. Маралтай сияқты ішу керек екен, сол сияқты тағдыр кешу керек екен деп жүріп... талайдың тоз-тозы шығып кете жаздап барып әрең ес жиғанын көргенбіз. «Менің жаным аппақ емес, қап-қара, қапияда от тигендей мақтаға» немесе «Әдилә» өлеңіндегі «Қара түсті қалампырды құшақтап, құлпытастан күліп қарап тұрған қыз», әйтпесе «Құдайдың суретін салып қара қабырғаға» деген қара бояуы қалың өлеңдері осындай қара түсті әлемге жетелей беретін. Әйгілі Мұстафа Өзтүріктің «Маралтай – поэзияның қара белбеуі» дегені тегін емес екеніне сондайда көзің жетеді.
Маралтай ақынның мінезі туралы көп айтылады. Бірақ, ұр да жық емес, өр, асау мінез. Ілгеріде Жазушылар Одағының бір жиынында әлденеге ренжіп, үлкен залдың есігін тарс жауып шығып кетіпті. Кейін журналистер ақыннан сұхбат алып отырып, осы жайтты сұрайды ғой. Жауабы: «Ол есікті Мұқағали талай рет тепкен». Бұл қарашаңыраққа құрметсіздік немесе Мұқағалиды қайталау емес, бұл да мінез. Мұндай мінез ұлы ақындардың талайында болған. Бір анық нәрсе, егер ол біреуді қайталаса бүгінгі Маралтай бола алмас еді. Өзінің де жастарға ешкімді қайталамау керектігі жайлы жиі айтатыны, басынан өтпеген тағдырды жазбау керектігі туралы ескертетіні сол. Бұл ақынның өмірдегі мінезі болса, өлеңдегі мінезі осы күнге дейін жазған өлеңдерінде тұнып тұр. Оқырман қауымға белгілі, «Ай-Нұр» өлеңдер жинағынан басталған жыр сапары бірнеше толымды кітаптарға жалғасты. Ақынның «Ақ батпырауық» атты жаңа жыр кітабы жарық көрді. Бұл кітапта өмір философиясын өзегіне сіңірген, Құдайды таныған (діни мағынада емес, ақындық шынайы көзқараста), тағдырды өзінше тәпсірлеген, жалғанның жарқ еткен құбылыстарынан гөрі сол жалғанның тереңіне бойлаған алапат ақын бар. Жалпы, өлең дегеннің өзі шексіз сағыныш, түпсіз ой ғой. Ақынның жанына маза бермеген осы бір ойлар өлең боп төгіліп, қазақ поэзиясындағы тағы бір рухани құбылысқа айналды.
Көзімді тарс жұмсам – тұрады бір бала,
Тұрады бір бала тұнжырап мұңдана.
Шет қалған жасынан ойынға, сауыққа,
Арманын байлаған ақ батпырауыққа... («Ақ батпырауық»).
Ақ батпырауыққа байланған арман ақынды алысқа жетеледі. Тағдыр түрлі соқпақтарға салса да сынбай, мұңын мінезімен ұштастырып өзінің болмысын қалыптастырды. Ештеңемен ісі жоқ сол кездегі бала мінез кейін дара мінезге айналды. Сол арманшыл бір бала жылдар өте сағым ішінде қол бұлғап қалғанымен, сондай тазалық, ақиқат ақын өлеңдерінде сол күйі сақталып қалды.
Ақынның өлім мен өмір туралы ойлары тосын. Пайғамбарлар мен әулиелер айтып кеткен жалғанның жалғандығы ақын өлеңдерінен өзгеше көрініс табады. Абайдың «Өлсе өлер табиғат, адам өлмес» деген мәңгілік байламы «Мәңгі өмір» өлеңінде өзінше сипатталады.
Жан да сонда мәңгілік...
Жан сұрағы мәңгілік!
Өлім деген – жан жолдас,
Өмір деген – таңғы үміт...
Өлім – адамзаттың жанында мәңгі болатын тірілерге түсініксіз тылсым күй. Оны адам кезегі келгенде сезінгенімен, ешкімге түсіндіріп бере алмайды. Өлімнің тереңіне бойлау – өмірдің өзін түсіну, бұл жалғаннан баз кешу емес, керісінше жаратылыс табиғатын түсіну дер едік.
Қиюға қанатымды келіскен кім?!
Қанатын қайтарыңдар періштемнің!
Алдында жүзім жарық Жаратқанның,
Шайтаннан дәтім жұмсақ, мен үстеммін!
Түсермін күні келсе көрге мен де,
Шығармын қай ұшпаққа өлмегенде!!
Қанатым қырқылғанша өлген артық,
Қанатсыз қалай жүрем жерде мүлде?!
Адамзаттың табиғи болмысы өзінен алыстап бара жатыр. Кеңістіктегі әртүрлі жағдайлар адамдарды өзгертуде. «Періште» өлеңінде ақын қазақы түсініктен тамыр тартып, ғаламдық ескертуге дейін алып барады. Өз болмысынан айырылған адам енді қалай, кім болып өмір сүреді, бағыты қандай болмақ, ақын осындай сауалдарға жауап іздейді.
Мінезді адам қай кезде де өзін жеңеді. Бұл – жеңістің ең ұлысы болса керек. Сондай-ақ, өз-өзімен бетпе-бет келіп, барлығын саралай білу де мінез. Ақын «Жекпе-жек» өлеңінде ажалмен беттесу арқылы өзінің мінезін көрсетеді. Мұнда ақындық асқақтық та бар, бірақ, ой басым. Бәрімізді ойландырса да кейде ойдан шығып кете беретін бұл тақырып әрқашан өзекті.
Айтшы, ажал, қайдасың, мені күтіп тұрсың ба,
Қандай жауап берермін, қалай жауап, бұл сынға?
Айтшы, ажал, қайдасың, маған келе жатсың ба,
Қандай сенің түр-түсің, қарасың ба, ақсың ба?..
Ажал қорқынышты тақырып болғанымен, адамзаттың ажырамас ақиқаты. Ол ақиқатты пенде ерте ме, кеш пе, бәрібір түсінеді.
Ақынға мұң тән. Шайырдың жүрегі шындықты көксеген күні, оны түсінген күні мұң да оның жанын тербете бастайды. «Ақ батпырауық» кітабындағы Маралтай Райымбекұлының мұңы да өзгеше түрленіп, басқаша сипат ала бастайды. Шығыстың ұлы шайырларынан бастап, Махамбет, Абай, Мағжан, Мұқағали сияқты ұлт тұлғаларының жүрегін тербеген мұң көрінеді.
Мен де Жүніс Әміредей еңіредім ерте-кеш,
Менің дертім жүректегі дүниенің дерті емес!.. – дегенінде де ақиқат жатыр. Ақынды толғандырған ой мен мұң күйкі тірліктен асып, Құдайдың ұлы дәргейіне көтерілген кезде ғана ақын ақиқаттың аппақ аспанында еркін қалықтайды.
«Гедель теоремасы» өлеңінде:
Қайда барам?..
Құдай менің жолымды байламаған...
Менің ішім – жұлдызды байтақ әлем,
Өзім қарап тұрамын айдаладан.
Адамның өзге түгілі өзін толық түсінуі мүмкін емес. Сол сияқты, адамның өзін өзі болып бақылауы да қиын. Данышпандардың өзіне өмірі көңілі толмай өткенінің себебі сол – өзін-өзі білгендігінде, танығандығында. Ақын өз жанының арпалысын, дертін тап басқан күні өз жанын көре алады. Мұнда ақынның өз жанын түсінсе де түсінгісі келмеген күйі емес, түсінген күйі, бәлкім шері бар.
Менің жұмбақ есігім жабық мәңгі,
Жұмбағымды жалғанда жан ұқпады.
Періште боп келіп ем бұл өмірге,
Тағдырымнан шошимын тамұқтағы...
Адамның тұтас ғұмыры, тағдыры жатқан жоқ па?!. Адамның өмір мен өлім арасындағы көзге көрінбейтін жолы осы өлеңде көрінеді.
Болсам – болам, бордай тозам – болмасам,
Қалсам – қалам, Құдай, өзің қолдасаң.
Өлсем – өлем, әгәрәки, сорласам!.. «Гамлет».
Ерек мінез, бөлек мұң. Өлермендік сипат емес, өміршеңдік рух бар. Шын ақынның мінезі де, ұстанымы да осы болса керек-ті. «Ақ батпырауық» кітабы – философиялық астары терең, тақырып аясы кең, мәңгілік сауалдарға жауап іздеген, адам жанының тылсым жұмбағын тануға арналған жыр жинағы. Биыл бұл жаңа кітап Қазақстан Республикасының Мемлекеттік сыйлығына ұсынылып отыр. Бұл кітап мазмұны жағынан да, мәні жағынан да мәртебелі сыйлыққа әбден лайық! Әр екі жыл сайын әдеби ұлы аламанның аты жер жарып жатады. Кімдер қатысыпты, кімдер алады екен деген түрлі әңгімелердің шығатыны да бар. Шешім шыққан соң алған қаламгерлер осы үлкен сыйлыққа лайық па, жоқ па деген пікірлердің талқыға түсіп жататыны тағы бар. Әрине, биыл да Мемлекеттік сыйлықты кімдер алады дегенге төрелік айта алмаймыз, бірақ «Ақ батпырауық» сияқты жыр жинағының жеңісті болуына тілектеспіз!
Хамит ЕСАМАН, ақын
«Айбоз» ұлттық сыйлығының иегері.
