Хиуа

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

88

Хиуа - adebiportal.kz

Қамыс тамаша биге түскендей, үлпілдек құлақтары үгіліп барып, жиекке құлады. Алып шыңның іңір түскенде қызыл доптай ұзақтан бұлдырап көрінген төбесіне қайранмын. Іңір өзімдей оянып, тамсанып тұр-ақ! Өрістегі жылқының ұйлыққан жалын көл-көсір етіп өсірген жігіттің жылқы жалды бұйра шашы желге тербеліп кетті... Қас-қағым сәтте орнаған тыныштықтың өзі сағымға ұласатын уақыттың қысқалығын аңғартатындай. Ауылға аяқ басқан-ақ қойшының ұсақ малы мен ірі қарасы ауыл іргесін шаңдатып барады. Күні бойы мазасы қашқан қойшының ащы суды аяусыз ішкендіктен бе, дәу мұрны қызарып, бөртіп, қышып, тастай қатты екі қолы мұрнын қопарып алуға әзер-ақ тұр! Өзі шыдамсыз жанға қиын болғаны — бүлдіргеннің иісі мен таудың таза ауасы кеңсірігінің ішін иелеп алды.

Кең дала мен тау-тасты қаптай біткен бүлдіргендер-ау!... Бүлдіргеннің жағымды, тәтті иісі даланы кезіп жүр екен. Бүлдіргенді құшақтай құлаған қойшының көзінен еріксіз сағыныш жасы домалай төгіліп жатты… Таяғы тозып, сіңірі шыққан қойшының сүлдір-суық, жансыз бейнесі адам шошынарлық, бір қарасаң. Жайылған бірнеше жылқы қойшының көзіне қандай жұмбақпен жапсарланып көрінді екен? Қатып қалған қара аттардың қою кешке жапсырылған сүгіретіндей ме? Атырапта өлі тыныштық үкім сүргелі біраз болды-ау! Мүлгіген тыныштықтан жұлдыздар сіресіп, өшіп бара жатқан әрбір үйдің шамдары сияқты ма, қалай?! Қойшының өзі іштегі үрейін жеңе алмай, таяғына сүйеніп тұрып, меңіреу қою қараңғылыққа ұрлана қарап, жоғалтқан малын іздейтіндей. Бұл кім? Кім өзі? Қойшы нені түгендемекші? Қайтпек керек? Әуелден Бұхара мен Үргеніш қой ұрысының жайлы мекені атанған. Тоналмаған керуен өтпеген шаһарлар емес пе?! Ашық аспан мен алтын күннің өзі талай қылмыстың куәгері болған екен. Қою түннің жұмбағын содан бері кім шешеді?! Тірі адамның өзін кірпіш орнына көзін бақырайтып қойып, салынып жатқан қорғандардың қабырғасына қалап жіберген адамдардан адамдық қалай күтерсің? Осы қалада салынған тамдардың тарихында бұл бар. Ал енді, эх, түн қатқанда қолды болған бір отар малдың қазылығын кім айтар..?  Қабағында кірбің бар. Көптен көңілі күпті, жүрегі қобалжып, таң атқалы қозғалмастан отыр. Күн көтеріліп, төңірекке түскен жарық жапырақты алтынға малындырып, көз бен қастың арасында жерді күйдіріп барады. Қара топырақтың қызуы өртеп, жалаңаяқ баланың табаны қызыл шоққа күйгендей, әтшөңкектеп жүгіре алмай, қиындығы қиын жұмысты тындырғандай уһілеп қояды. Тұрлыбай шал қиналып орнынан әрең қозғалып, Бақыт тауына жалтақ-жалтақ қарай берді сонда. Шерлі төбеден әке мен шеше көз қиығын тастап, қонысқа қарап тұрғандай. Көзінің жасы кеппей, дарқан кәрі таудың құшағына сыймай, тоймай, қаңғып-тентіреп барады емес пе? Аңшылық пен серілік құрған, сайран салған, қорасы малға толған құтты мекені осы емес пе? Қаражон руының бар ажары болған қас сұлудың шолпысының сыңғыры қандай! Сол қас сұлудың қолынан ұстап, отау тіккен төбесі емес пе? Көп түйесі маңыраған көл сияқты қарайып көрінгенде, жұрт таңданып, таңдайын қаққан күндері-ай! Бар байлығын құшағына алған құтты жері емес пе? 

Осы Тұрлыбай шым қара, жауырыны қақпақтай, кезінде ақ дегені алғыс, қара дегені қарғыс болған адам. Саудаға ерте араласып, Орынбор мен Хиуаның жолында керуен құрған. Еңгезердей бес ұлын саудаға жастай үйретіп, кәсіпке ертелеу салды. Сарт пен татардың арасында көбірек жүргендіктен бе, баланы оқытуды, кәсіп үйретуді мақсат етті. Жалғыз өзі ауылда сырға таққан. Күміс және алтын сырға жасатқан арнайы зергерге барып, оны сол құлағына ғана тағатын. Мырзаның бір қызық әдеті осы еді. Сырға тағатын, сәнқой болғандықтан, жеңгелері «Сырғалы» дейтұғын. Күніне бірнеше рет жуынып, шайына беретін әдетіне қарап, Сәуле жеңгесінің «Ақ пері» деп қойған аты да бар. Оның үйінде орынсыз жатқан, шашылған нәрсе, артық зат болмайды. Ынтымақ қонған, мұнтаздай таза, қатықтай ұйып отырған үлкен шаңырақ. Кәсіпкер, өнерлі, алтынның асығындай адамнан туған тұлғасы тау көшкендей, ақырған арыстандай айбарлы, көздеріне жалын ұялаған Боршалы руының бес ұлы ерте көзге түсті. Ақ қақпалы Орынбордың әр тасын санап жүріп, жұдырықтай-ақ шақпақ қантты түйеге тиеп, Хиуа базарында бір айдай жатып сауда жасап, қайтарда түйеге жібектің түр-түрін таңдап алатын олар. Сартпен сарт-сұрт сауда жасағанда, Хиуа адамдарының таңдайы кеуіп, таңданысы езуінде қалады. Тау қозғалғандай жүрісінен: «Ләшкер басы келіп қалды ма?» дегендей, айнала дүр сілкініп қалатын. Сұрқай жүзі адамның мысын басып, сарт саудагердің саусақтары қалтырап, тиыны қолда тұрмай, судағы балықтай саусақ арасынан еріксіз жылжып түскенде, тиынға көзі тоймаған сарттың көзі шарасынан шыға жаздап, ойнақшып түседі. Бесеуі оны да қызықтайды. Бесеу ұзақ жолға түскенде, суық демін алып, өлі шаһар билер бегін шығарып салғандай жұтынып, күрсініп, тынымсыз тірлігіне түсіп кетеді. Сол сәтте қайнап тұрған күннің сәулесі табанды тіліп, сәулеті жарасқан үйлер мен өнерлі елдің тынымсыз тірлігіне ұласып жатады.
Билер бегі демекші, Қаражон руының биі Хиуа ханына қарасты қырыққа жуық бидің билер бегі болып тағайындалды деп, бесеуі сырттай мақтанғанымен, оның алдына бармайды. Әңгімеге сараң, сөзін сататын адамдай, көбіне үндемей-ақ істі тындырып жүретін ол билер бегіне қарап, бұлар: «Қара суды сатқан сарттан, сөзін сатқан қыр қазағын сөйлету қиынырақ», – деп тәмсілдейтін. Э-эх, Хиуада кімдер билік құрмады?! Би мен билер бегінің біразы Хиуаны шеңгелдеген қараша қазақ болғанын бүгінгінің қазағы біле ме екен? Хиуа – жұмбақ қала. Ұнамаған ханды бір-ақ күнде тақтан тайдырған билері бар. Содан болар, хан тағында бір жұма ғана отырғандары қаншама. Биік мұнара төңірегінен қанның иісі кеппей, жасы құрғамаған қатал қала осы екен. Бесеудің болмысы саудагерден гөрі жауынгерге көбірек ұқсайтын. Алып бесеудің сөзге сараңдығы – өз-өзіне жасаған алынбас қамалы еді. Тұрлыбай қай ұлы үшін болса да әлдебіреудің қызын сұрап барғанда:

– Тұрекеңнің баласы қатал ғой, – деп кібіртіктеп, – қызым әлі бала, – деп жуытпай қоятын. Діңкесі құрып, салы суға кетіп, ашуын іркіп, үнсіз қалатын.
Төңіректі қоршап жатқан, хиуалықтар қадірлейтін Бақыт тауы анау. Бақыт тауы қозғалғандай түнеріп, қарайып, құдалықтан қайтқан Тұрлыбай өз-өзіне сыймай келеді. 

– «Қызым әлі баласы» несі, атаңның... Алжыған кәрі шалдың сөзін-ай! Дымы жоқ, қу тізесін құшақтап отырған біреу жұлып кетсе, көрер ем. Керілгенін-ай, боқтың... «Ұлдарың үдемейді. Қарасының өзінен денең түршігіп, айтар сөзің жұтылып, кібіртіктеп қаласың», – деген сөздер есіне түскенде, қу томарды тепкілеп, өшін содан алды. Тұрекең ашуланбай қайтсін?! Орынбор мен Хиуаның базарының қақпасы күндіз де, түнде де бұларға ашық. Бес баласы – жалмауыз, жұтамын деп тұр. Тұрекеңнің құттай, ақ қағаздай аппақ әйелі – Қаражон руының қызы. Қаражонмен құдандалы болуға кімнің көңілі аумады дейсің?! Киік сауып, тау-тасты емін-еркін кезген пысық жұрт. Хиуаның біраз биі мен билер бегі – қаражондар. Бірі ханның тілін тапқан, бірі базардың төрінде саудасы қайнаған. Көк аспанмен тірескендей болып құда болады-ау деп барған қаражоны иілмей тұр ғой. Бақыт тауына қарап отыр. Таудың үсті – көп қорым. Тұзы таусылып, таудың төбесінде жатқандар жүрегін жұмсартты ма, тәубесіне келді ме, маңдайындағы жиырылған төрт сызық жазылып, сұрланған жүзі қайтадан қалыпты кейпіне түсе бастады. Дөңнің үстінде біраз отырды.

– Аллаға шүкір, ұлым аман болса, қыз табылар.
Әкесі Жоламан Қаражонның бір ажарлы, пысық қызын Тұрлыбайға алып берген. Содан болар, «келінім де Қаражоннан болсын» деп, Қаражонға дәмелі болып барғаны. Үлкені Абатты үйлендіріп, бесеуін де аяқтандырып, малды бөліп, әрқайсысын жеке отау етіп шығару керек. Заман түлкідей құбылып, өзгеріп тұр. Тұрлыбай бірсыпыра қисса-дастанды, көнеден келе жатқан әңгімелерді жатқа білетін. Әкесі Жоламан оны Хиуаға оқуға апарып оқытқан. Сондықтан Хиуаның әрбір тасы мен көшесі оның есінде. Тұрлыбай әкесінен де озып, ұлын да, қызын да оқусыз қалдырмады. Балаларының ішінде білімге сонша құштары – Бақыт пен Уақыт. Құранды жатқа білетін алғыр қызы – Айша.
Үлкені Айша ақботадай ажарлы, ботакөз, көйлегі көк, бұла болып өсті.
Татар зергері Махмұтқа алты ай жиған ақшасын апарып, қызы Айшаға алтын мен күмістен сырға, шолпы, жүзік – бәрін жасатты. Айшаны алтын мен күміске малындырып қойды. Жалғыз Айшаны жанына алып, әңгімесін тыңдайды. Оқыған кітабы көп Айша ұзақ әңгімені аяқтауға асықпай, емін-еркін отыратын. Әжейге бұл отырыстары жақпайтын. Айшаны ұзату керегін айта алмай, баласының райына қарап, басын шайқап қоятын. Айша, иә, бұла болып өскенімен, таңертең ақ шелегі мен иінағашын алып, суға шығатын.
— Мына қыздың үстінде бір табын мал бар. Осы қыздың ізінде жүр, – деп, бала-шаға Айшаның соңынан жүгіріп жүретін. Айша суға барады, үйдің бар баласы қарауылдап жүреді. Айдар деген жігіттің аңдығаны – Айша болды. Ботадай көзі мен алыстан көзге түсетін, елде жоқ жақұт көзді салбыраған сырғасы ма Айдардың көзіне түскені? Тіл қата алмай, құдықтың басында отырады. Бастапқыда Айша оны «Мылқау шығар?» деп те ойлады. Айдардың әкесін көрген еді, ол да үндемейтін. Соған ұқсатты.
— Не қылған адамсың? Тілің жоқ па? – дегені сол еді, Айдардың басы айналып, құлап бара жатты. Айша сұлу: «Ауру, дымқыс жан болды-ау», – деп, су шашып, есін жидырып, аяушылық білдірді.
Үндемейтін жан жалғыз әкесі емес пе еді? Айдардың басын изеп не басын шайқап қана ыммен жауап бергені ұнайтын. Сөзшең адамды мүлде ұнатпайтын еді Айша. Айдарды іздеп, кейде ол жоқта құдық басында іркіліп қалатынды шығарды. Айдар Айшаға ғашық қой. Айшаның көңілін тапқан соң, үндемес бала атты қамшылай отырып, ауылға, әкесіне қарай құдалыққа жіберу үшін тайып тұрды. Он шақты адам таң қылаң беріп, төңірек құлпыра бастаған тұста ауылға жетті. Айшаны сұрап келіпті. Әулие шешей атанған әжесі қуанып жүр.

— Аллаға сансыз шүкірлік! – деп, түкіріп қояды.
Неге әулие шешей атанған? Тұрлыбай көріпкелдігі бар, қасиет қонған адам болатын. Ол сыртта жүргенде, қобызы түн қатқанда сарнап қоя берсе: «Балам қиындық көріп, жолы ауыр болған екен», – деп, шешесі жорамалдап, ықтырмаға бала-шағаны қуып, үйге адам кіргізбей тұмшалап, бір қарыс болған денесімен есіктің алдын қарауылдап отыратын.
Ал Тұрлыбай үйде отырып, ала киіздің үстіне домбырасын қолға алып, жыр төксе, не айтар екен деп, ұсақ малдың біреуін немерелеріне сойдырып, қазан көтеріп, сөзін аңдып, жырғап қарап отыратын қолдаушы әжесі – әулие шешей болған. Тоқсанды алқымдап барып қайтты. Айшаны айттырып келген шалдың жанындағы ағасы үнсіз отыр. Екі үндемес шал малдас құрып, есіктің сыртындағы құмға қарай береді. 

— Тұрлыбай, менің қызым шымқара жиырмаға қарап барады, – деді немере ағасы Асылхан. – Оны қайтеміз?

— Үндеме, – деді Тұрлыбай сұқ саусағын аузының алдына апарып, Қарамолда атанып кеткен ағасына қарап. – Мына үндеместерге қыздың қайсысы барса да, не айырмасы бар? Айшаның апасы кетеді.
Екі шал бір-бірін үнсіз ұқты. Сөз бітті. Айдарға Айшаның апасы жолындағы шымқара атанған Жұма қызды ұзатып салды. Той күні кешкісін Айдар ұрыс шығарды.
— Бұл қыз емес қой. Менің қалыңдығым – Айша.
Ақ түйіншекке құмалақты шашқан Тұрлыбай Жұма қызды Айдарға байлау үшін түні бойы дұға оқыды. Ертеңінде Айдар Жұма қыздың жанынан бір елі қалмай, тіртектесіп жүрді. Ел іші тынышталып, той тойлады.
Айшаның жанын ойлаған бір кісі болмады. Қараусыз қалғандай күңіреніп, тастай оранып, түйе көрпеге жатып алды. Ақыры, ызаланып, ауылнай баламен аз күн сөйлесіп, қашып кетті. Тұрлыбай алғаш рет қатты өкінді. Жүрек тұсын өткір сәуле шымшып алды. Балаларының медресеге барып оқығаны – кеудеге сыймаған мақтаныш еді. Енді міне, басқаша: қорқыныш пен күдік ішті кеміріп жатыр. Балалардың медресе есігін ашқаны – жанып тұрған отты өшіретіндей, қыршын жасты ұрлап, жұлып алардай, дінге қарсы келген, малды талауға салған жаңа үкіметтің ауыр кезеңіне тап келгені.
Оның осындай кездегі асығыс жүрісі – қатпарлы майлы шелпектей уақталып-уақталып жатқан, нанның қалың ұсағындай болған малы мен жиған-тергені көзінің алдында үйіліп тұр. Балаларды бұл заманнан қалай қорғайды? Малды қайтпек керек? Жалмаңдап тұрған жаңа үкімет «жұтамын» дегендей ысқырып тұр. Үміт өшіп барады. Айшаны ұзатқан соң, үлкен ұлы Абат – Әлімнің ішіндегі әл-қуатты Қарсақбайдың Мүлкаш атты қызын алды. Оқуға ынталы Бақыт Қаражонның сұлуы Шарқат атты қызға үйленді. Білімге ынтық Уақыт болса, Адайдың тентек қызы Айнаға үйленді. Соншама жанталасып, бір қыста бесеуін де үйлі етті. Алты ай қонған қыстың еркесі болған азынаған желін менсінбей, Тұрлыбай үлкен істі бітірді. Үйленген ұлдарын ретімен шақырып, ірі қараны жетектеп: 

— Еншіңді ал, қыстың түрі жаман. Құтыла берейін, – деп, малдың санын азайтуға көшті. Ел іші Тұрлыбайдың пысықтығын сөз етіп жатқанда, Тұрлыбай Уақытты көк мұхитқа қарай – Аралдың аузындағы Мойнаққа көшірді. Абатты Орынборға, Бақытты Қоңыратқа жіберді.
— Иә, балаларын қыр мен ойға, мұхитқа асырды. Малын құртты ғой. Алжыды ма? Бұ несі-ай? — деп оны алдында ғана мақтаған жұрт енді таңырқап, өсектей бастады.

Қыстың мұзы еріп, күн жылынды. Асығыс жүріс көбейді. Тұрлыбайды түсінетін кім бар? Ондай жан жоқтың қасы. Тіпті ақша мен тиынды таң ағарып атқанша санайтын бесеуді айтпағанда, күні-түні бір қалың кітабын құшақтаған Оқыш молданың өзі қиналып қояды. Тұрлыбайға мал бітті деп ойлайды былайғы жұрт. Оның бар байлығы — көзінің қарашығындай сақтаған әкесі Жоламанның қара домбырасы, аса таяғы және көненің көзі болған қалың Құран кітабы. Сандықтың үстіндегі осы заттарға өзі мен ұлы Уақыттан басқа ешкім қол ұшын тигізбеген. Ерте тұрып, шаңын сүртіп, көзінің қарасындай күтіп қараған. Өзі ұзақ жолға кетерінде ескертіп айтып қояды. Бала-шаға, келін-бала бірде-бірі сары сандық үстіндегі заттарға тек көз жүгіртіп қана қарайтын. Өзінің сүйектен ойып, өрнек салған қобызы бар. Көшіп бір қиналған тұсында: «Аштан өлсем де, сақтаймын», — деп серт берген екен. 

Өмір бойы сәнді киініп өткен Тұрлыбай қызына жасатқан сәукеленің сырғасын бір қарыс қылып салбыратып, күмістен соқтырды. Тек қана сәукеленің сырғасын келіні Жамила кемпір 250 сомға бағалатып, музейге тапсырған. Ол заманда 250 сом екі айлық жоғары зейнетақыға тең. Тұрлыбай шаңырағындағы басқа құнды дүниелер әлі күнге дейін сақтаулы.
Қаралы қыстың қымқырылып, сәуір желінің сылаңдап тұрған тұсы.
Ысқырған боранды күн болып, сүйектен ою түскен үлкен сандықтың үстінде әкесі Жоламанның бір ғасырлық қасиетті қалың кітабы жатты. Қаңғып жүрген қара құйын киіз үйді бір көтеріп алып, кітапты құйынның ішінде алып кетіп барады.

— Кітап ұшты. Кітап ұшты. Тұрлыбайдың қалтыраған қолдары екі жағасында, аңырып біраз тұрды да: — Алла, өзің сақтай гөр. Мың жылқы қырылып қалса да, әкемнің ұстаған кітабы бөлек. Кітаптың жел түте-түте қылған беттерін теріңдер, — деді де, күйген құмның үстіне тізесі қалтырап, үн жоқ, аяқта жан жоқ, сары құмға жабысып қатты да қалды.
Бала-шаға, қатын-қалаш құйын тарақтап жұлған кітаптың беттерін теріп әлек.Қасиетті кітап кісінің қолына түспей, құйынның қойнында кетіп барады. Құйын сырттағы қазан-ошақты, қора-қопсыны да қопарып тастады. Әп-сәтте тыныш жатқан дала жыларман күйге түскендей болып: «Әй, қақпас шал, көшпесең, кітап парақтарындай теріңді сыпырамын!» — дегендей ме? Қас-қағым сәтте болған дүрсілден жүректері шайлығып, елдің әбігері шығып, үлкендердің екі қолы жағасында қалды. Тіл мен жақ байланып, сәлден кейін төңіректі меңіреу тыныштық басты. Сілтідей тынған тыныштық. Әр тұста орнынан қозғала алмай отырған адамдардың жансыз кейіптегі көздері топыраққа толып, құмнан шыққан күйсіз, реңсіз, жыламсырап соғыстан қайтқан әскердей көрінді. Кешке қарай қарашаңырақта бес ұлын жанына алып, Тұрлыбай молда досымен бірге кітаптың беттерін жылап отырып желімдеп, түгендеп отыр. Білтелі шамның жарығымен қалың кітаптың жұлынған беттері қайтадан жапсырылып жатты. Кітап беттері түгел құрастырылды. Білтелі шам сөнді. Дөңгелек үстел төңірегіне жетеуі қисая жата кетті. Таң бозарып атып келеді. Жалғыз Тұрлыбай ғана кірпігін қақпай, ұйқысыз жатыр. Алтауының амандығын сұрады. Таң ағарып атты. Кеудеде әлі де үміт бар.

«Ахмет бала дұрыс айтты. Жарықтық-ай, балам-ай! Айтқаныңның кемі болсайшы. Сені тыңдамай жүрген кәрі шалды қой. Қимайтын төбем жатыр, қайтейін. Балам аман болсын. Ахметім ақылды өзі. Бізді іздеп табар...»
Тұрлыбай Ахмет шеберге бір түйіншек ақшаны беріп: — Күмістен сырға жасайсың, — деді. Ахмет шебер күлімсіреп қала берді. Ахмет шебер жетім қыз Сәнімге үйленіп, Қаражонның Әжім тармағына сіңіп кеткен. Балаларының бәрі өнерлі. Жетім бала Ахметті қаладан алып келген Тұрлыбай еді.
— Көке, айтсаңыз болды ғой, — деп иіліп тұрды. — Көкем кездеспегенде, базарда бұратылып аштан өліп қалар ма едім? — деп, көзіне жас алды.
Көкесі есіне түссе:

— Әжімнің баласымын, — деп мәз болады.
Арадан бір жұма уақыт өтіп, Ахмет шебер көкесіне келді.

— Ахметім мықты-ақ қой, — деп Тұрлыбай ақ түйіншекті ашып, жайып, көзді қарықтырып тұрған әшекейлерге мақтанып отыр. Жазылған түйіншекте сырға, білезік, шашбау, белбеу, сақина, жүзік — бәрі де көздің жауын алып жатыр. Тұрлыбай түйіншекті алып, іргеге қойды.
— Келмей кеттің ғой. Сыбағаң бар. Ахмет шебер қалаға жиі барып, ел ішіндегі әңгімеге құлақ түріп жүреді. Тұрлыбай Ахметпен ұзақ әңгімелесті. Қабағы қалыңдап, үнсіз қалды.

— Көш, көке, көш, — деп қайта-қайта айта берді. — Ірі қараны азайтып, бөліп бергеніңіз жөн болды. Молда атыңыз бар, көке, — деді Ахмет. — Балаларыңыз да молда. Сіздер үкіметтің тырнағынан аман қалмайсыздар.
Ахмет кеткелі бері Тұрлыбай Бақыт тауының төбесінде жатқан әкесі Жоламанмен тілдескендей болып, дөңнің үстінде ұзақ отыратын болды.
Осының алдында ғана Оқыш пен Дінашқанды шақырып:
— Орынборға барасыңдар, — деген еді Тұрлыбай шал.
Ана екеуі тіл қатпастан Хожеліге қарай малды айдап кетті. Әкенің шаруасы бітті. Малды барынша азайтып, етек-жеңін жиғанын есіне алды.
Ұрпақты сақтау керек. Балаларды «молдасың» деп қолын қайырып, Сібірге — Итжеккенге жіберсе, қалай шыдайды? Ел ішінде Оқыштың «Қара бала», «Қара молда» деген де аты бар. Демек, екеуіне де қауіп төніп тұр. Айша да оқуын тауысқан. Ойбуй, енді қайтпек? Меньшевигің де, бәлшебегің де оңдыратын түрі жоқ.

Ел ауып, жер өзгерткенде қай ағайын құшақ жайып тұр? Иттің күнін көрмейтініңе кім кепіл болады? Жаңа үкімет Хиуаға жетемін дегенше, малды азайтып, көптің бірі болып, жан сақтап қалу керек қой, қалайда. Қырда сен — Тұрлыбайсың. Сарттың ішіне барып, белгісіз біреу болып, балалардың амандығын сақтау қажет.

— Үніңді шығарма. Дайын бол. Бір түнде көшеміз. Жаратқан Алла қолдасын!
— Ойбуй, не дейсің? — деп селк етті зайыбы. — Аз ғана мал-жан қалды. Бізге қартайғанда кім тиер? Кедейлердің үкіметі малы көпке тимей ме?
— Оттама. Балаңның бәрі молда, саудагер. Балаларды ойламайсың ба? «Жасырғаныңды, тыққаныңды тап!» десе, не дейсің? Бізді айнала қоршап жатқан Бақыт тауы енді бізге бұйырмас. Көңілім сезеді. Болжамым сол. Бақыт тауымен қоштасып та алғайсың. Табаныңдағы жер шөбереңе бұйырады. Бір күндері керіліп көпір салынады. Сол көпір арқылы бізден тараған ұрпақ қайта оралады. Бірақ сен де, мен де оны көрмейміз.
Екеуінің көзінде мөлпілдеген жас ойнап, не түспей, не тамбай қатып тұр.
«Ал, ертең көшеміз», — деп ұйғарған күні түйіншектегі қымбат тастар мен кенже қыз Мұхит жоғалды.

— Мұхитты тап! — деп, бес ұлын қамшының астына алып, үйден қуып шықты. — Қырсық болмағай, бұл не болды, Мұхит?.. — деп, түйіншекті жайып, құмалақ ашты. (— Қымбат түйіншегің Мұхиттың қолында, — деді кемпіріне қарап. — Ұры қызымыз Мұхит Адайдың бір жалаңаяқ баласымен кетіп барады. Балалар ұзай қоймады, ұлдарды шақырып алыңдар. Мұхит жаңа үкімет құратын адамымен қалсын. Алды — базар, арты — шаһар болсын. Әумин.

Түйіншектің үстіндегі құмалақты ашып болған соң, орнынан баяу қозғалып барып, әрең тұрды.

— Ойбуй, жалынайын, көкесі, қарғамаңыз. Райыңыздан қайтыңыз. Сүйген кенжекейіңіз ғой, еркелетіп өсірген. Қайтыңыз, бір ашуыңызды қиыңыз.
Кемпірі аяғына жығылып, ағыл-тегіл жылады. Шал кемпірін қамшымен бір-екі рет жауырын тұсынан осып-осып жіберді. Шалдың көзінен оты ұшып, жас тамып кетті. Бақыт тауын қимай бара жатқан бәйбішеге қамшының тигені де білінбеді. 

Көш алдында келе жатқан алтауы да, тау көшкендей, іштей Құран сүрелерін күбірлеп, екі иығы бүлкілдеп келеді. Күндіз демалып, түнде жолға шығып, жұлдызға қарап жол кесіп жүріп, теңізге де жетті. Шулаған теңіз бен бұлқан-талқан болған жынды дәрияның суын ішіп, ақыры осы жерге қоныс тепті.
Әр баласына: — Ауданнан шалғай жатқан шеткерірек ауылға барыңдар, — деп тапсырды. Мұхит қызды ұмытып, әр үй тіршілік қамымен әуре-сарсаңға түсті. 

Бақыт деген ұлы кейде «Қара бала», көбіне «Жырау бала» атанып, той мен мерекенің ішінде жүрді. Тіл мен жаққа сүйенген, қолы алтын Бақыт Өгізжаптың сағасында қалды. Ағаштан түрлі бұйым жасайтын шеберлігі өз алдына. Жалғыз қызы Зәурені көз қуанышы, бар байлығы етеді.
Абат болса бағбан. Таң атқаннан күн батқанша қолынан күрек түспейді. Жемістің неше түрін, ағаштың да талайын отырғызып, айналасын жасыл желекке орады. Абаттың еңбегі осындай. Жалғыз арманы — перзент көру.
Қасындағы Мүлкаш — ақылды жар. Ел ішінде сыйлы, көрікті, айбыны бар. Өзі төре. Көз тоймай қарай бересің. Ұзын терек, ақ қайың деп ауыл келіндері еркелетеді. Дінашқан деген ұлы аңшы да, саудагер де болды. Сыртта көп жүреді. Сұлу келіншегі бар. Тау-тасты кезіп, қасқыр мен түлкіні, қырғауылды алып, олжалы келеді. Дінашқанның бар-жоғын білмейсің. «Мені ұмытып кетпедіңдер ме?» дегендей, құйрықты жұлдыздай бір жарқ етеді. Бастапқыда сұлу келіншек түнеріп жүр еді. Жеңгесі:

— Қабағыңды шытпа. Қасқырды атқандай, желкеңді қиып тастар, — деп жұбата күлген. Алып аюдың терісі мен жиналған кітаптарға қарап, үні өшті.
— Маңдайыма жазылған дәу қара ғой, — деп күліп қояды.
Қай күні кетеді, қай уақытта келеді — оны бір Алла біледі. Кейде ең ұзақ дегенде алты айлап жоғалып кетеді. Бір күні одан да ұзақ уақытқа жоғалып кетті.
— Құдайдан бала сұрап, тілегіңді тіле. Айт келді, — дейді енесі.
— Балаң айтта кетіп еді. Әлі түзде жүр, — деді келісті енесінің құлағына сыбырлап.
— Ойбай-ау, көтек, не дейді?

— Тірі ме екен өзі, ене?

Үн жоқ. Баланың ішіндегі ерекше жақсы көретіні сол еді, қайтсін енді.

— Қап, осыдан келсін өзі.

Оқыш Ашхабадқа барып, оқуға түсті. Дәрігерлік оқуды бітірген алғашқы алтаудың бірі. Көріпкелдігі де болған. Ерекше бала. Оқыш түн демей, күн демей кітап жейтін бәле өзі. Дәрі шөп теріп кететіні де бар. Жазуы тасқа басқандай көркем. Өзі Құранның аяттары мен сүрелерін көшіріп, кітап жасайды. Кітаптың сыртына салған безендіруі қандай! Домбыра ұстасы да өзі. Соған қоса, он шақты аспапта ойнайтынына тамсанбаған жан жоқ.
Ауылға келіп, құс өсіріп, көтеріліп, шалқып жүрді. Жас келіншегі талма ауруына ұшырағандықтан, әйелінің жанынан шықпайтын болды. Қанша ем-дом жасағанымен, япырым-ай, жас келін сөніп бара жатты. Әлсіз жапырақтай қалбақтап, инеліктей ғана салмағы қалды. Арқасына қолы тигенде, қабырғасын санап алардай, бір шөкім ет қалмапты. Жарының көңілін жібіту үшін ән салады. Құттай-құттай балапандарының біреуі жығылып, біреуі тәй-тәй басып келеді. Әйел — сырқат, бала — жас. Әйтсе де жалтырап, тілмен жалап қойғандай таза еденді көргенде, өлмелі келіншектің пысықтығына ел таң қалатын. Қарасы ұзақтан көлдей көрінетін келеден үш-төрт түйе қалды. Бұрын бақпаған сиырды кейін малданып, қазір қолда екі қоңыр, бір көк сиыр бар. Жылқының санын білмейтін Тұрлыбайдың жалғыз түйір сәйгүлігі — Күреңбай атты жүйрігі бар. Күреңбай атты көргенде, қыр үстіндегі жылқылары көзге елес болып көрініп, өкініш өзекті өртейді.
Ұжымшарға мүше болды. «Бай» аты айтылмайды. Тұрлыбай бай дегендегі «бай» аты жоқ болды. Көпшілік Кәке деп жүр. Жан сауғалап келіп, жынды судың жағасын пана еткен өмірі осы. Үнемі ақ түсті матадан көйлек-шалбар киетін үлкен шалды діні қатты түрікпен мен өзбек, қарақалпақтар құрмет тұтты. Қара халықтың құрметінің өзі сүйсіндіреді.
Одан кейінгі жылдарда аштық жалаңдап өтті, қарындары бір тоймай.
Енді көз ашып, енді «уһілеген қорқыныш кетті» дегенде, соғыс басталды.
— Үкімет жерімді алды. Балалар үшін көшіп ем, әскерге бесеудің біреуін де бермеймін.
— Құдай-ай, олай демеңіз, отағасы.

Тұрлыбай күнде ақ түйіншекті жайып, құмалақ ашады. Қатер келетін күнін көріп отырады — әскерге бала жинайтын күнді.

— Балам тауға отынға кетті, — дейді аппақ киімді үлкен ата.
— Жақсы, ата, — дейді әскерге адам жинаушы бас киімін мыжырып...
Не керек, бір жыл әскерге бала алынса, бір жыл әскерге бала алынбай қалып жүрді. Бір күні:

— Арнайы пойыз Ташауыздың үстінен өтеді, — деді почталион.
Түнімен рельс бойлай жүріп отырып, станцияға сегіз сағатта әрең жетті.
— Өгізжаптың екі баласы бар. Айтыңдар, бабай келіп тұр, — деді пойызға асылып тұрған жас әскерге. Бірінен соң бірі шулап жеткізіп жатыр. Екі балаға хабар жетті.

— Жүр, үлкен ата келіпті, — деді Серікбай Омарға.

— Әй, сол жаман шал үйінде отыра бермей... Бармаймын.

— Жүр, батасыналайық, — депжұлқылады. Орнынанқозғалмадыол, қырсығыұстап. Жүрмейтінінбілгенсоң, қолынбірсілтеп, пойыздантүсіп, атаныңжанынакеліпқолыналды.

— Жаныңдағықайда? — дедігүреткендауыс.

— Ұйықтап...

Өтірігідеұқсамайқалды. Серікбайқорқыптұр.

— Жайалақаныңды. Басың аман болсын. Аман келесің. Ана бала оралмайды.
Серікбай қорқып кетті. Бұл кезде пойыз ысқырды.

— Бар, құлдық, бар, — деді Тұрлыбай шал.

Көзі жәудіреп, кетіп барады. Пойыздың қарасы өшкен соң, жаяулап ауылға қайтты. Атаның қарасынан көпшілік қорқатын. Үнемі қолынан кітап түспейтін. Бақыт та, Уақыт та әкелерінше аппақ киім киетін. Тік жағалы ақ киім.
Сұры кезең де өтті. Әкелерінің рұқсатынсыз қашып кеткен Айша да, Мұхит та өмірден көп соққы көрді. Айша мен Мұхит сұлу қыздар еді ғой.
Мұхит қойшымен қашып кеткен соң, Тұрлыбай қара жерді шұқып отырып алды. Көп ұзамай Боршалы руының ауылы Тұрлыбайдың бастауымен үдере көшті. Мұхитты әкеткен қойшы жігіт ауылнай болды. Мұхитты іздеп, жоқтаған адам болмады. Айшаны алып қашқан Ғазиз көп ұзамай қайтыс болып, Айша жалғыз баланы құшақтап қалды. Өмір бақи әкесі Тұрлыбайға реніші қара қазандай болып өтті. Ағаларының бірде-бір мерекесіне келмей, маңдайы күнге күйіп өтті. Тұрлыбай қайтқан соң, көп ұзамай елге арбалы грузин келіп, күміс жинады. Азын-аулақ ақша беріп, жұртты түрлі-түсті көшпелі дүкенімен қызықтырды. Киімге тоймайтын сәнқой Жәмила келін сандықты ашып, сәукелені алды. Шебер Ахметтің қолынан шыққан бір қарыс сырғаны сатып, көйлекке мата сатып алып, мәз болды.
Бір жұма өткен соң, оның ұлы сазан балық алып келіп, үлкен қазанда көп майда сазан қуырылып жатты. Бір тілімін аузына салғаны сол еді, тамағына қылқан тұрып қалып, Жәмила кемпір қызарып кетті. Жедел жәрдем келгенше қиналып кетті. Көз алдына мата сату орны мен сәукеленің күміс сырғасы көрінді. Ақтық демінің келіп жеткенін Жәмила кемпір сезіп, Тұрлыбайдың қызға арнап жасатқан бұйымын сатқанына қатты өкінді.

— Ата, — деді де, дауысы құмығып, сөніп бара жатты.

— Соңғы тәуір көрген асы екен-ау, — деп бал ашып, үш кемпір сөйлесіп бара жатты. Қайтыс болғанына бір-екі жыл болса да, сол сырғаны айтқысы келмей, олар да іштен тынды. Қандай керемет туынды еді. Қай қыздың қолына түссе де, көз тоймай қарап қалатын. 

***

Абаттың үйіндегі жарық Мүлкәштан тарайтындай. Алтынмен апталған ақсарының әдемісі. Ақылды кісі өзі. «Үш қарыс сары шешей» атанған осы сары кісінің бойы қысқа болғанымен, жарығы ұзаққа түсетін. Жарқылдап тұрған найзағай. Бауырмал, мейірімі — көлдей. Сол үшін де Мүлкәштің үйі суық күндері жылы, жылы күндері жанға жайлы жылылыққа ие еді.
Тау мүсінді Абаттың бойы — екі аршын. Тау қозғалып, саған қарай сәлем беріп тұрғандай күйге түсесің. Шаруаны тастап, той-томалаққа бармайтын, жанып тұрған еңбектің адамы. Абаттың жанындағы Мүлкәшқа Жаратушы тонналап ақыл бергенімен, есесіне бой бермеген. Аласармай да, көңілді сындырмай да келе жатқан үлкен келінді түйеге екі қайнысы арқалап мінгізетін.Екі бай құда болып, Мүлкәш келгелі небір соғыс пен атыстан әулеттің аман келе жатқаны осы келіннің аяғынан болды да, Мүлкәшқа ықыласы бөлек үлкендердің. Кішкентай адамда үлкен жүрек бар еді. Тек айыбы — бала сүймеді. Адамдары кіл қара болған соң Қараборша атанған Шөмішті Табынның бүкіл Ажымынан тарайтын Қожамқұлы Жаратқаннан екеуінің тілегін тіледі. Ойылды бетке алып, алтын-күмісі сыңғырлап, нардың жүрісі төселіп, сәні келісіп-ақ жолға шыққалы Мүлкәш бір күн өтіп, енесіне сәлем беріп, жанына жайғасып, күрең шайын кештің бірге ішті. Енесі Мүлкәштің келуін көптен күткендей, таусыла қарай беріпті ол келгенге дейін.
Таң алакеуім. Көпшілік тыныш ұйқыда. Таң несібесі шашылып, таза ауа жанға жайлы тыныштықтан үлестіргендей. Сәуірдің ақ нөсері естен кетпес, сірә! Жусан да, сексеуіл де, жыңғыл да қызпейілденіп құлпырып тұр. Жусанының иісін-ай! Екеуі суға қарай біраз жүрді таң алакеуімде. Мүлгіген тыныштықта үнсіз ұғысатын екеу. Абатқа тік қарап сөйлемеген Мүлкәш көзқарасын ұққандай шешенің... Су жағасына келіп, енесі жайғасып отырып:
— Айналайын, ботам, — деді келінге емірене қарап. — Менің айтқанымды алмай, мені жетектеп келесің. «Ойдалы» атанған ойдағы сарттың сөзі бар: «Екеуден-екеу үй болмас» деген. Келін, әлі біраз жол бар екен. Тап осы тұстан үйге тартайық. Жеті ағайынға сөзім өтеді, балам. Ағайынның есігіндегі бір домалақ қарасын Абатқа алып беріп, етегіңе салайын. Осы шаруаны қой, балам. Екеуіңнің бір-біріңе ықыластарың бөлек. Татулық бұзылмасын. Сендерге қараған менің де, ағайынның да көңілі тоқ.
Осыны айтып, үлкен тостағандай көздері мөлтек жасқа толып, келінге үзіліп-үзіліп қарай берді ана.

— Жетім екі қыз жеңгенің есігінде жүр, тойып ішер тамағы жоқ. Солай барайық. 
Барған екеудің көңілі күпті. Қызғалдақ құлпырып-ақ тұр. Жетім қыздың үлкені — Қалимаш. Пысық, тұр ғой жанып. Бірден көзге түсті. Бір көңіл, шіркін, қимайды-ақ екенсің. Шал теңі ме қызғалдақтың? «Шалға береміз» депті. «Абатым» деп ұзақ жолды еңсерген, Абатқа, түскен жерге адал Мүлкәш «Абатым сәби сүйсе ғой!» деп бір байламға келген, тас-түйін.
Адалдығы ғой. Ұрпақ қамын, өз сүйгенін ойлап, көптен бергі ойы — осы үйге алып келгені. Қалимаш — пысық. Аға-жеңгенің үйі іннен тар. Қайтсін? Екі-үш киімі — бір дорба. Иығына жайлап тастап, қадам басып үй алдына шығып, артқа бұрылмастан, атқа мініп, күлім қақты. Он төртінде — толған ай дерсің. «Қыз мұраты — кету» деген қуаныш па, түсініксіздеу. Мүлкәш бұл әулетке ұзатылып келгенде, алтынға апталып, күміске қапталып келген. Қолындағы зілдей дорбада қисық Мұқыш зергердің көз майы таусылып, қолынан шыққан бұйымдары. Қымбат жәдігер бұған дейін көптен сандықтың түбінде жатқан.
Сандықтан аларда алтын ұрпақ тілеген әкесін ойлап, көз жасы сел болып, бір қуанып, бір толассыз жас төгіліп...Міне, отағасының тоқалы Қалимашты сәндеп, келістіріп алып, қолтығын қуанып демеп, жүрек жайлы...
Мүлкәш осы үшін құлпырды. Абаттың ұрпағы жалғасар. «Қалимаш — пері ғой, пері!» дейді алқынып, жүрек отымен. Ұл мен қыз әкелер, Қараборшаның шырағы жылтырап жанар. Мүлкәш өзі жасандырған сәнді Қалимашты енесіне көрсетіп:

— Көрімдік? — дегенде, ене байғұс: — Ойбай... — деп бұрылып, көзіндегі тұзсыз тәтті жасты сығып алды.

***

Айша үйде жүрген кезінде бауыры Уақыт қиын тентек еді ғой.
— Тентек қайда жүр өзі? Мереке-жиын болғанда бүлдіретін әдеті бар. Қиыр шетке апарыңдар. Тентек Уақытты үлкен шешейдің үйіне апарыңдар, не Теңіздегі Сары кемпірдің үйіне қарай алып кетіңдер. Айша қайда жүр? А-а-айша! Әй, Айша апарсын! Күн сәскеде бір өртеніп, бір күйеді. Құлқын сәріде Айша бауыры Уақытты ертіп, алыстағы Сары әжесінің үйіне қарай төте жолға түсіп, адымын жеңілдетті.

— Бар да, мына бәле тентекті тастап, аяқ-қолың жерге тимей ұш! — деді қатал шеше. Барады-ау, бірақ Уақытты тастап шығудың өзі қиын болатындай. Апасы асығыс жүрген сайын сылдырлаған күміс шашбауын тентегі әрі-бері тартқылап, кейде бұрымымен қоса тартып, апасына азапты беріп-ақ қисалаңдап жүріп, екеуі Сары кемпірдің үйіне де жетті.
Ыстық бауырсақ қара қазанда ақ маймен шүйіркелесіп жатқандай, топиып-топиып дөңгеленіп, Сары кемпірдің болмысындай кең керсен тостағанға түсіп жатты. Тентек Уақытты алдарқатуды Сары кемпірдің келіні жақсы біледі. Көптің тілін тапқан пысық келін өзі. Жыңғылдың жіңішкелеу бұтағын сындырып алып, майлы қолымен бұтақты бір сүртіп ап, жіңішке бұтаққа моншақтай бауырсақтарды түйреп, маңдайынан мейірлене иіскеп:
— Ақылды тентек өзі, — деп, кең құшағына қарай тартып, бауырына басты.
Ұзақ жол екеуді біраз әбігерге салғаны бар. Бауырсаққа мәз болып, Уақыт та қуанып қалды. Айша тұр жеңгесін аяп. «Екі-үш күнге жетпей үйге қуасыңдар-ау», — деген ой көңілінде кілкіп қала берді. «Жеңгеммен сөз таластырмайын, әдепсіздік болар», — деп үндемей қалды.
Сары кемпірдің келіні картопты жұқалап турап, тоңазытқышта сақталған қуырылған еттен екі шөміш қосып, жуасын салып, тамақ пен шайды ақ дастарқанға қатар әкелді. Бәрі дөңгелек үстелді айнала жайғасты. Пысық Сандуғаш келіннің дайындаған тағамының иісі тәбетті ашып, тамақты буындырып барады. Сары кемпірдің үйін бір боқтап алып, лып етіп Уақыт үйден шығып кеткен еді. Зерек бала апасынан бұрын адаспай жолда келеді. Сары кемпір де, Тұрлыбай да Уақытты іздеп әлек болмады. 
Таң күндегіден ертелеу төбеге көтерілгендей ме? Бар аймақ бота-тұяғымен көшіп келгендей ме? Намазға жиналған жұрт қарасы көп-ақ. Нарлар бүгін Жоламанды соңғы сапарға шығарып салып, үлкен үй сүйекшілерді күтіп отыр. Сайтанның сапалағындай сап ете қалып арсалаңдаған, ымырт қараңғысында келіп, сеспей ұйықтаған Уақыт күтпеген жерден шыға келді. Уақытты көрген тастан қатты шешесі Ақілгек: — Ойбай, мына бәлекет қайдан шықты? Жұрттың алды кетіп жатыр. Не қылар дейсің жүре берсін,-деп сөйлей ішке кіре бергені сол, Уақыттың бәле тиіп ойбайлаған даусы жер-көкті басына көтерді. "Тұрлыбайға бірдеме болды ма екен?" деп,  кеткен аттылар қаралы үн естігендей болып атының басын кері бұрып жатты.
Үш күн қайтыс болған шал Жоламанның жатқан үйінің айналасын тазалап әлі үлгермеген еді. Сәл нәрсеге еліктегіш көргісі, білгісі келіп тұратын, "тәйт әрі"-ны мүлде ұқпайтын, есер Уақыт өлінің топырағы мен суына тайып жығылып, аяғы тобықтан былай айналып кетіп, көзден жас тыйылмай, жаны қиналып, біресе ойбайға басып, біресе талып жатыр еді. Екі кеудесіне екі алып мінгескендей Тұрлыбайдың шегір көзі шарасынан шыға жаздап үлкен қызы Айшаға қарап, басын шайқады. — Өлім қырсықсыз болғай,— деп, бастарын шайқап аттылар келген ізімен тарап жатты.
Жоламан шал қайтыс болғаннан кейін, оның төсек тартып жатқан кемпірі түнімен талықсып жатқан немересі үшін зар етіп жылап, құбылаға қарай жайнамазын төсеп, таң атқанша жалбарынып, Жаратқаннан көмек сұрады.
— Тоқсанды көрдім. Жас Уақытқа бердім қалған жасымды. Мені ал да, Уақытты қоя бер, Аллам. Таң атуға жарты сағат қалғанда кемпірдің демі үзіліп, елге хабар жеткенімен, күні кеше әкесі, бүгін шешесі кетіп, баласының аяғы оратылып молдадан-молда қалдырмай жүрген жалғыз Тұрлыбайға хабар бермеді. Кемпір десе қандай кемпір еді. Оншақты баланың бәрі теңселіп тұр. Оншақты қыздан тарағандар бір бөлек аймақ болған. Кешегі кеткен аттылар үйіне жетпей жарты жолдан кері қайтты. Медресе бітіріп, Құранды жатқа білген ауылдағы жалғыз оқымысты апа осы кісі болған. Мыңдаған адам жаназаға жиналды.

— Нұрғаным шеше оқымысты, көзі ашық, ілімді адам. 17 құрсақ көтерген, үрім-бұтақты кәрі ағаштай мықты. Құдай берген адам. Құрсақ көтермей жүрген келін бар болса, табыттың алдынан кесіп өтуге рұқсат берейік. Нұрғаным шешедей  көбейсін. Нұрғаным шешедей ана болсын,— молда Төлемістің айтқандарын жиналған қара қорым ел мақұлдап бас иіп келісім берді. Көздерінде моншақтай-моншақтай жасы бар он шақты келіншек тартынып, қымсынып топ алдына шыға берді. Топ ішінен:
— Мен, мен қалып барамын,— деген жан айғайы шықты сары келіншектің. "Шыға алмай қаламын-ау топ ішінен" дегендей байбаламға басты. 
—  Жолды аш! Өткізіңдер. Келінді өткіз,— тұс-тұстан шыққан дауыстар. Жол қақ айырылып, сары келіншек те топ алдына шығып, Нұрғаным шешенің табытын алдын кес-кестей өтуге асықты. Нұрғаным шешені көтергендер аяқтарын жай басып келеді. Көздегі жасы моншақтаған келіндер шешенің жолын сұрап екі-үш рет кесіп өтіп жатты.
Арадан бір жарым айдай уақыт өтіп, қырқына дайындалып Қожамқұлдай нарлар жиналып ,кеңес беріп жатты. Бір аяғы тобықтан аударылып қалған шойнақ Уақытты алып, Тұрлыбай да ауылға келді. — Уақыт, Уақыт қайда? — үйдегі қырық адамның бәрінің қайғысы Уақыт болды. 

***

Арадан он жыл өтіп, Уақытты Хиуадағы медресеге оқуға беріп, Қожамқұлдар тынышталды.
— Уақыт ақыл-есі тоқтап, оқуды бітіріп болып бір-ақ келеді. Хиуаға сауда-саттықпен барып, хабарын өзім біліп отырамын. Үйде жақ ашқан адам болмады. Бір қуанған адам бар болса, Айша қуанды. Тұрлыбай балаларының бәрін өзі аяқтандырды. Жалғыз Уақыт әкесінің айтқанына көнбей, Айғанымды алып келіп, үйдің заңын бұзған. — Уақыттың жолы ауыр болмаса игі еді. Өзі аяғын сылтып басады. Алған қызы аурушаң, панасыз қыз. Мен кеткен соң, менің жиған-тергенім де кетеді. Бұл екеуі де, балалары да таршылық көреді-ау осы. Тұрлыбайдың айтқаны айна-қатесіз келіп жатты. Айғанымның бала күнінен талма ауруы бар еді. Төрт баладан соң Айғаным қайтып, шаңырақта кіл жас балалар қалды. — Әке, оқу оқимын. Ашхабадтадәрігердайындайтыноқубар,— дедіУақыт.— Дәрігерболамын. Сіздерқазірқарулысыздарғой. Балаларға, үйгеқарайсыздар
Таңалдындажолғашығыпкетті. Әкеқуанды: "Үлкенқаладантеңінтапсын. Жалғызжүрмейдіғой!" деп, немерелерінбауырынабасыпқалды. Кеңесүкіметініңқитұрқысаясатынанқорықты. Дәрігероқуынбітіріпкелсе, аманқалар. Әкеніңалдағыкүндіболжауыосыеді. Құбылыптұрғанкүндер-ай. Бесжылдакөздіашып-жұмғаншаөтіпжатты.
Тұрлыбайауылықалыңтүрікпенжұртынақонысаударған.
Уақытдәрігертүрікпенжерінекелгенсоң, солардыңтіліменВахитатанды
Кешбатты. Көршітүрікпенәйелдалақтапжүгіріпкеліп, Вахиттіалыпкетті. Шаудырбайдегентүрікпенқатынын «үйдеотырмайжұмысқашықтың» депөлімшіетіпсабаптастапты. Қатынныңсау-тамтықжеріқалмаған. Төсек, кілем, алашабәрі — қан. — Қатынымдыалыпкетпе. Көршімізғой. Шай-суынберейін. Қатынғаендітимеймін,— депөлердегісөзінайтып, аяғынажығылды. Дардай адам қатыны мен келген адамдардың бәрінің аяғына басын тигізіп, шырылдап жүр. Вахит мұндайды бірінші рет көріп, іштей жиіркеніп, кірпідей жиырылып қалғанымен, көз алдында сеспей қатып тұр. "Елден қуылдық, бас иіп күн көрейік. Тұқым қырылып қалмасын" дейтін әкенің сөзі көкте жаңғырып тұр. Әйтпесе, мына махлұқтың жанын шығарар ма еді?
— Ене, сіз не дейсіз? — деп, көкала қойдай болған қатынға қарайды.
Күйеуінің аяғына жығылғанын көрген әйел:

— Күйеуімайттығой. Қалайын.

Екіойлыкүйде, мұндайдаауыркүнболарма, Вахитүйгекеліп, шай- тамағынішпей, қисайыпұйықтапкетті. Түсіме, өңіме, білмейді. Адасты. Кәріәжесіменманағытүркпенқатынжүр.

— Адасқанекен, тауыпалдыммынақатынды. Түрікпен демесең жақсы бала сияқты. Саған алып берейін. Тастап кетейін десем, итқорлықты көрейін деп тұрсың-ау, Уақыт. Шошып оянды. Манағы түрікпен қатын мұның әжесімен бірге не қып жүр осы?

Көліктің даусы шыққаны, бәленің келгені. Қара көлік Тұрлыбайдың есігінің алдына келіп тоқтады. Әдеттегідей Тұрлыбай шал таңғы төртте ояу болатын.
Көліктен түскен түсі суық, шинельді адамдар Вахитті сұрады. Вахиттың қолын қайырып, төмпештеп көлікке отырғызды. Қас пен көздің арасында Вахит істі болып, үстінен қылмыстық іс қозғалып, түрмеге түсті.
Кешегі аяғына жығылған түрікпен "елді шақырдың" деп қатынын балталап тастапты. Сот түрікпенді соттайын десе, ол Иранға қашып кетіпті. «Қорланған әйелдің жағдайына немқұрайлы болдың. Ауыр жағдайда тұрғанда алып кетпедің. Өліміне себепкердің бірісің» өз жайындағы Уақыттың Ташауыз аймағындағы бас дәрігерлік жұмысына балта шауып, суырылып шыққан жалғыз қазақ, діни адам деген аты да бар, оған қастандық жасап 7 жыл кесті. Төрт жетім еңіреп қалды.

— Соттың үкімі — 7 жыл.

Екіншісі мүлде ауыр соққы болып тиді: «Дәрігер болып жұмыс істемейсің!». Үкім оқылды. Өз жұртынан қуылып келгендер жат жұртта аман жүргеніне қуанатын. Түрмеде 7 жылдың жартысын өтеп бостандыққа шығып, түрікпеннің ішінен кетіп Уақыт Абат екі ай тұрып келген Орынборға барып, сауда-саттықпен айналысты. Кісі қолында жүріп, оқуын жалғастырды.
— Бірнеше әйел алдым, қатынға жарымадым,— дегенде кейінгі жылдардағы жеңгелері жағасын ұстайтын.

— Сенің теңің жоқ, туылмады,— деп әзілдеп күлетін сары кемпірдің келіні Сандуғаш. Сандуғаштан басқасы сөйлеуге қорқатын. Алған қатындарының бәрі өзі сияқты оқу оқыған әйелдер болса да, Уақытты тіпті әкесі Тұрлыбай мен шешесі Ақілгек те түсінбей-ақ өмірден өткен еді.
Өмірінің соңында төрт баласымен ескі үйде жалғыз отырып, кітап ашатын. Бала емдейтін. Ағаш ұсташылығы бар. Бірақ, тек өзіне ғана сүйектен жонып, күміспен көркемдеп домбыра жасайтынын жақын-жуығынан басқа жан білмейтін. Ағасы Бақытжанға арнаған домбыраны екі айда бітіріп, жақсы ән салып, жыр төгіп елдің ықыласын алған жанға сыйға тартқан көпшіл еді. Бақытжан мен Уақыт ағалы-інілі болғанымен, екеуінің арасы жер мен көктей. Бар малын Орынборға апарып сатып, ұлын да, қызын да Тұрлыбай әке ескіше оқытып еді. "Баламның көзі ашық болсын, кеудесі нұрға толсын" дейтін Тұрлыбай. Бақытжан жыр орындайтын, ел ішінде "қара бала", "жырау бала" атанды. Ал Уақыт болса, емшілік, көріпкелдігі бар.  Өмірінің кей кезеңдерінде адамнан қашып, жалғыз өмір сүрген тұстары көп. Жұмбақ кісі еді.
Балалары үнемі Тұрлыбай мен Ақілгектің қолында өскендіктен, аға дейтін. Ағаның мінезіне алған қатындары әрең шыдайтын. 
— Бір кесені он жуады. Күніге он рет жуынады. Сүлгіні он рет тазалап. Неткен бағымы күшті адам. Пері ғой, пері. Адам емес бұл,— деп башқұрт әжесі отауын бөлек тіккізіп, өзі Вахитты үйлендірген еді. 
— Баламның бойы өзіммен теңескенде, қалай Орынборға кетемін. 
Башқұрт ана отауын тоғайға жақын жерден тіккізіп, саз балшықтан 4 бөлмелі үй салғызып, оқшау етіп жасады. Уақыттың кеткеніне көпшілік қуанғанымен, жалғыз Ақілгек "ене, балам тағы жалғыз қалды-ау!" деп қиналған екен. Башқұрт әже — Жоламанның кіші тоқалы. Тұрлыбай одан тумағанымен, оның балаларын өз немересі санайтын. Арыстанбек деген баласы өзіне аға болып кеткен әкесінің айтқанын тыңдамай өсті. Армияға барып, ауылға келген соң, ащы суға тойып келетінді шығарды.
«Молда шалдың қарғысын алар» деп жақын-жуық қорқатын.
— «Қой!»-ды ұқпадың, меңіреу махлұқ. Оқусыз, көкірегі тас керең.
Әке ашуға мінді. Баяғы тентектігі қайда қалды, қырда қалды. Арыстанбек әкеге мысқылдай қарап тұр еді. Әкені қандай күш көтерді, жан адам білмейді. Уақыт 3~4 метрдей жоғары көтеріліп ап, құстай ұшып, баласы Арыстанбекті жуан томармен жоғарыдан сабайды. Ауыл қорқыққанынан үйді-үйге зытып тығылып жатты. Уақыт пері болып аспанда ұшып жүр. Құс деп те айта алмайсың. Адам деп те айта білмейсің. «Арыстанбектің үйде тек сүйегі отыр» дейтін. Ал енді өзі өле алмай, үйден сыртқа шыға алмай қалды. Беттегі, денедегі жарақаты біткенше үйде жатып алды. "Өз-өзіне келгенде, әкесі қолына құжатын ұстатып, шығарып салыпты" дейді былайғы жұрт. Арыстанбек әкенің күшін көріп, ұялғаннан бас көтеріп жүре алмай, Торғай жаққа барып, із-түссіз жоғалып кетті. Уақыттың қарғысын алған — жалғыз Арыстанбек еді. 

Лақап аты: Ақ-Кеңгір

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan