Поэзия гладиаторы
Қызылордада ақын Шаһизада Әбдікәрімовтің 70 жылдық мерейтойына арналған «Поэзия гладиаторы» атты шығармашылық кеш өтті.
Мерейтой кешінде ақынның шығармашылық жолы мен телевизия саласындағы қызметі туралы бейнеролик көрсетіліп, «Жасампаз», «Жүрекжарды» кітаптары таныстырылды.
Облыс әкімі Мұрат Ергешбаев мерейтой иесін құттықтап, оның әдебиет пен мәдениетке, журналистика мен телевизия саласына сіңірген еңбегін атап өтті.
– Шаһизада Өтетілеуұлы қай кезеңде де қоғамшыл бағытынан айнымайтын ақын ретінде туған жерінің рухын асқақтатып, халқына қалтқысыз қызмет етіп келеді. Сізді адамзат ғұмырының жемісті шағы – 70 жасқа толған мерейтойыңызбен барша Сыр жұртшылығының атынан шын жүректен құттықтаймын! Әрі қарай да еліміздің рухани дамуына өз үлесіңізді қосып, отаншыл жүрегіңізден отты жырлар туа берсін, – деді облыс әкімі.
Мерейтой иесіне Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Машбекұлы Нәлібаевтың арнайы құттықтауы табысталды. Шаһизада Әбдікәрімов Қызылорда облысының Құрмет грамотасымен марапатталып, «Қызылорда облысының дамуына қосқан үлесі үшін» медаліне ие болды. Сонымен бірге Сыр жұртшылығы атынан шапан жабылып, темір тұлпардың кілті табысталды.
Кеште ардагер Сәби Аңсат, ақын әрі аудармашы Байбота Серікбай, ақын, мемлекет қайраткері Қазыбек Иса, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбай, Қырғыз Республикасының мәдениет қайраткері Қарбалас Бакиров, ақын Бүркіт Базарбаев және аудармашы Махаббат Молдалиева сөз сөйлеп, мерейтой иесіне ізгі тілектерін білдірді.
Шаһизада Әбдікәрімов сахнаға шығып, әр жылдары жазылған өлеңдерін оқыды. Сондай-ақ ақынның сөзіне жазылған әндер орындалып, Сырдың жас ақындары өз шығармаларын оқыды.
