Тұңғыш жеке кітабы шыққан қазақ қызы

«Қазақ тарихында Шолпаннан бұрын жеке кітап болып өлеңі басылған бірде-бір қазақ қызы болған емес. Шолпан Иманбаева 1904 жылы 18 қыркүйекте Ақмола облысында дүниеге келген. Он төрт жасында өзінен әлдеқайда үлкен Бөкей есімді азаматқа еркінен тыс тұрмысқа шығады. Жас өмірі қорлықпен өткен Шолпан 1921 жылы Сәкен Сейфуллин көмегінің арқасында бостандыққа қолы жетеді». Бұл Қазақстанның халық жазушысы Мәриям Хәкімжановнаның Шолпан Иманбаеваға арнап, 1975 жылы жарық көрген «Жыр-Шолпан» атты өлеңдер мен поэмалар жинағынан алынған естелік сөздері еді.

Тұңғыш жеке кітабы шыққан қазақ қызы - adebiportal.kz

Шолпан Иманбаева – төл әдебиетіміздегі қазақтан шыққан тұңғыш жазба ақын қыздардың бірі. Шолпанды «қазақ әйелдерінен шыққан бірінші ақын» деген Сәкен Сейфулиннің сөзі де бұған дәлел болмақ. Балалық шағы жоқшылықтың көлеңкесінде өткен өрімдей қыздың тағдырын әкесі Иманбай  сол заманның ескі түсінігіне байлап, жағдайы бар байдың үшінші әйелі ретінде тоқалдыққа береді. Осылайша, әлі балалық өмірдің қызығын толық сезініп үлгермеген жас қыздың тағдыры өз еркінен тыс шешіледі. Кедейліктің қыспағы мен қиындығында өткен жеңіл емес өмірі енді бүршік атып келе жатқанда, 1918 жылы тағдыры тас-талқан болады. Іштей өзіне жасалған мұндай әділетсіздікке қарсы шыққан өр рухты жас қыз, араға 3 жыл салып, жаңа заман талаптары мен заңдарына сәйкес, еркінен тыс күйеуге шыққан тұрмысы жайлы басшыларға шағымданады. Солай ол 1921 жылы қазақтың жалынды жазушысы Сәкен Сейфуллиннің көмегімен өз басын тұрмыстық озбырлықпен әділетсіздіктен арашалап алады. Бұл ақын қыздың өз тағдыры үшін қабылдаған жеңісті шешімінің бірі еді. 

Шолпан Иманбаева ең алғашқы өлеңдерін де, дәл осы 1921 жылы шығара бастаған. Ең алғаш әйел бостандығы жайлы жазған – өксік пен мұң араласқан «Қоңыр қаз» өлеңі еді.

«Аралға қонды суы жоқ,

Мезгілсіз ұшқан қоңыр қаз.

Бауырын төсеп жатуға,

Жапырағы жоқ, жері саз.

Ұялап өскен жеріне,

Қайтайын десе қаңқылдап,

Болар ма екен оған жаз?» - деп басталатын өлең жолдары өзі сияқты өзге де қыз-келіншектердің ауыр тағдырынан сыр шерткендей. 

Ақын жайлы Нәзипа Құлжанова 1927 жылы «Әйел теңдігі» журналының 8-санында басылған «Ақын Шолпан» атты мақаласында: «Шолпанның көзге түспей қоймайтын бір басқалығы бар еді. Үйреншікті қалыпқа сыймай, шып-шып шығып тұрған екпін көрінетін... Шолпан ақын еді. Көбіне әйел мұңын жырлайды, ойына алған сөзді еркін жазатын түрі бар еді. Еңбекші азамат, Шолпан сияқты еңбекші елдің игілігіне туған асылдарымызды ерте бастан ардақтап, көзіміздің қырынан кетірмей, қызығын да, шыжығын да бағалайық дегім келеді. Қош, бауырым, Шолпан! Орынбасар сіңлілерің тез келіп, артыңда қалған жаңа шыққан жас тілектің белгісі өлең кітабың соларға ақындық «Шолпаны» болуына тілектеспіз» деген жылы лебізі еді. 

1923 жылдан бастап ақындық жолға ерекше екпінмен кірген Шолпан аз ғұмыр кешсе де, рухы асқақ өлеңдер мен шығармаларын соңынан қалдырып кетті. Оның «Қоңыр қаз», «Жеттік міне!», «Жолаушы мен жұмыскер»,  «Естірту», «Арыз», «Октябрь күні», «Біздің сәуле» сынды көптеген өлең-жырлары өзі дүниеден өткен соң, кітап болып жинақталып, басылып шықты. Шолпанның ақындық өміріне көп көмегі тиген ағартушы, журналист қазақ қыздарының бірі – Нәзипа Құлжанова еді. Ол сүйіп қосылмаған күйеуінен ажырасып, Ақмолаға жол іздеп келген Шолпанды бірден қалалық алты айлық сауат ашу курсына жібереді. Курста оқып жүріп, Шолпан сол жердегі балалалар коммунасында тәрбиешілік қызмет те атқарады. Одан кейін Алма Оразбаеваның жолдамасының септігімен, 1924 жылы ақын Орынбордағы әйелдер курсында білім алады. Курсқа оқуға келген отыз шақты келіншек арасында Шолпан Иманбаева білімі бойынша оқ бойы озық шығады. Білім ала жүріп, талантты жазушы курс жанындағы қабырға газетінің редакторы, көркем-өнер үйірмесінде жетекші болып еңбек еткен. 

Оқуын аяқтаған соң, 1925 жылы өкпесі қабынып, денсаулығына байланысты туған жеріне жол тартады. Ауылда әркімнің есігінде жүрген жетім бауырларының басын қосып, өз алдына бөлек үй болады. Ақын жайлы артында қалған естеліктерді оқып отырып, 1926 жылы ауру бойын меңдесе де, қаламгер өлең жазуын еш тоқтатпағанын байқауға болады. Тіпті төсек тартып жатып жазған өлеңдерін, қалаға поштамен газет редакцияларына жібертіп отырған екен. Қыршын ғұмыр небәрі 22 жасында, денсаулығындағы ауыр сырқатты жеңе алмастан үзіледі.

Шолпан Иманбаева өлең жазумен ерекше шұғылданған үш жыл ішінде 60-қа жуық жыр шумақтарын жазып, қалдырып кеткен. Алайда олардың біразы ақынның көзі тірісінде жарық көріп үлгермегендіктен, 1927 жылы сол уақыттағы «Әйел теңдігі» журналының редакторы болып қызмет істеген Сара Есова Шолпан ақынның еңбектерін жинақтап, алғы сөз жазып, Нәзипа Құлжановамен бірлесе келе, артында қалған өлеңдерін топтастырып кітап етіп шығарады. Кітап «Таңдамалы өлеңдер» деген атаумен Қызылорда қаласында басылып,  жарыққа шыққан. Ақынның алғаш жарық көрген кітабына Сәкен Сейфуллин «Таныстыру» деп аталатын шағын ғана беташар мақала жазған екен. Ол мақаласында: 

«Үзілген қызғалдақ, 

Қиылған көк шыбық 

Қалды көміліп,

Топырақ астында, 

Өзі өлсе де Шолпанның 

сөзі қалды артында», - деп өлең жолдарымен ақын ғұмыры келте болса да, халқына қалдырған сөзі қалғанын жеткізеді. 

Кейіннен ақынның дәл осы кітабы 1950 жылы «Алматы» баспасынан өзге де жарияланбаған өлеңдерімен толықтырыла келе, екінші рет басылады. Бұл кітаптың алғы сөзін белгілі қазақ ақыны, әдебиет зерттеушісі Қайнекей Жармағамбетов жазған. Араға уақыт салып, 1971 жылы академик Серік Қирабаевтың зерттеп, жинақтауымен кітап «Жазушы» баспасынан жаңартылып, қайта өмірге келеді.

Бүгінде қазақ әйелдерінен шыққан алғашқы өр рухты ақын қыз атында елордамыз Астана қаласында көше де бар. Бұл қазіргі Байқоңыр ауданында орналасқан 1962 жылы бұрынғы Советская деп аталған көше еді. Дәл осы Советская көшесін Шолпан Иманбаеваның атына берудегі негізгі себеп – ақынның кезінде қалаға білім іздеп келіп, алты айлық курс оқығанда, оқумен қатар тәрбиеші болып еңбек еткен алғашқы жұмыс орны, балалар коммунасының орналасуы еді. Өкінішке орай, ғимараттың қаңқасы бүгінгі күнге дейін жетпесе де, дәл сол ғимаратта қызмет еткен ақын есіміне көше атауы берілгені қуантарлық жағдай. 

Қысқа ғұмыры қас-қағымдай болғанымен, Шолпанның жыры сол бір дәуірдің мұңын арқалап, уақыттың үнсіз көшінде өшпес із болып қала бермек.  

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan