Тоңазытқыштағы өлең

Ізденімпаз әдебиеттанушы Тізімбек Анашұлы «Тоңазытқыштағы өлең» атты талдау мақаласында ақын Сандуғаш Серікқызының өлеңдері туралы өзіндік соны ой қорытады.

113

Тоңазытқыштағы өлең - adebiportal.kz

Адам баласының ішінде ұйықтап қалған ақынды, өлеңді ояту – машақат. Қазақтың жыраулар жырына есін берген, бағзы, жауынгерлік эпостарына жан дүниесін теліген, жиырманшы ғасырдағы сырлы, мұңды, қасиетті поэзиясына сүйінген, күйінген «Эпостан шыққан ұл» (Олжас Сүлейменов), қанша жерден мықты болса да, бір күні тұрмыстың күйбеңіне жегіледі. Өмір бірсарынды, сылбыр жүрісіне кешегі көзінен от шашқан өжет баланы үйретеді. Қазақтың бірер сөзге ешуақытта сыймайтын, көп қырлы, ғарыш-көкте жалғыз тұрған жарық жұлдыздай, шұғыласын «оң мен солға, биіктік пен тереңге» (Тыныштықбек) – жан-жағына түгел, бірдей шашып тұрған қуатты сөзі, баяғыда Қазтуған, Шалкиіз, Доспанбет болып жырласа, таңғажайып эпостар тудырған бабаларымыз болып шым-шытырық сөйлеп берсе, кеше Жұмекен, Мұқағали болып мұңданса, Төлеген болып төгілсе, Мағжан болып өртенсе, ертең оның қай қырынан келетінін болжап білмейсің. Әр уақыттың өз үні, киелі сөзі таңдап қонған арқалы ұзаны болады екен. Менің бейбіт, қақ-соқсыз, ауаша, бәріне мақұлбай бықсыған бөлмемнің есігінен Сандуғаш баурым кіргенге дейін, жаңағы аталарды, ағаларды анда-санда түсімде көретін бірсыдырғы күндерім өтіп жатқан болатын. Ол заманауи, постмодерн сыпатына, алдағы ағаларға мұлдем бөтен сөз саптасына қарамай, жаныңды арғы замандарға бір нәзік тіркестермен іліндіре кетеді. Сірә, рухани уақытта аралық, жік болмайды, қолға ұсталмас, көзге көрінбес бояулармен жалғасып тұрады. Сен – Махамбетсің, сен – Абайсың, Тәттімбетсің, ешкім өлмеген, төбемізде қарап тұр, тек біз ұйқыдамыз. Қорқыт та, Ықылас та өлмеген, Сырдың суында жыртық сырмақтың үстінде қобыздан туған мәңгі сарынды күңірентіп әлі отыр Сүгір болып, Сыматай болып, Сәрсенғали болып! 

Ал, Сандуғаш күтпеген жерден келеді. Даңғазасыз, шусыз, жаңағы аталардың алапат даңқынсыз. Солардың қасынан келгендей тым таныс һәм тым бөтен. Біріміз – Алтайда, біріміз – Қызылордада туғанға қарамайды екен. Миымызға шырма-шату тамыр жайған бабалардың түсінігі бізді баяғыдан туыс қып қойған, қарға тамырлы қазақты бір-бірінен жат қылмай, бір жұмбақ кеңістікте хикметпен түйістіреді екен. Ол холодильникті (тоңазытқыш) ашсаң, холодильниктен, морозильникті (мұздатқыш) ашсаң, морозильниктен (орысша атауына қарамай) шыға келеді:

«Түн ортасы,

үй ұйқыға кеткен,

Маған ғана – тоңазытқыш есігін ашу 

әдетке айналып кеткен.

 

Бетіме суық ұрды:

- қатқан нан 

- саусақ ізі қалған иогурт

- күріш екі күнгі

 

Сөре тола.

Бірін жей қояйын деп мен

ашсам,

Жарамдылық мерзімі – өткен.

 

Кейбір армандарым сияқты.

 

Қатқан нан 

Қақиған кеуделерге ұқсайды,

қолмен сынбайды,

көпке жұқпайды.

 

Бұрышта – ірімшік көгерген.

иісінен танып – 

іші тар пейілдерді көрем мен.

 

Екінші сөреде – лимонад,

«таза» деп жазыпты сыртына.

құрамын оқысам – 

100% қиянат. 

 

Астыңғы жәшікте – 

Бұршақтап жауған мұз кесектері.

Тас боп алқымды, сосын кеудені

суытқан –

көптің өсектері...

 

Тоңазытқыш – бұл жай құрылғы емес,

естеліктердің мұрағаты.

Оның жалғыз кінәраты: 

 

Сақталып тұрған осында

махаббат та қатып қалады,

кейде... ашу да.

 

Біздің өміріміз сияқты…

Сырты аппақ, іші – сасық шындық,

Мұздап қалған көңілдер – пәленбай жылдық,

сонда да күніне жүз рет ашып тұрдық...

 

тойымсыздықтан ба?»

 

Бұл өлеңдер үнемі тоңазытқыштың ішінде жатпайды. Шындығанда, сыртында да жатпайды. Оның өлеңінде пеш түбіндегідей жылы, жайлы мысықтыкіндей мекен жоқ. Ол кез келген жерден тамыр тартып өсетін күйсіз өсімдіктей жапырақ жәйіп, өлең болып жайқала қалады. Кейде стиральканың (кір жуғыш) маңынан шыға келеді:

Кір себет

Кір себетке бүгін тағы 

бір күндік шаршауымды салдым:

 

баланың күн жеген киімі,

жұбайымның кірлеген жейдесі,

ал менің кимеген көйлегім.

 

Кей киімге – ас суын төккем,

Кейбірінде – көз жасы кепкен.

 

Кір себетім 

күнде толып тұрады.

Ішінен иіс емес – реніш шығады.

 

Кірді жуу қандай оңай?

Көңілді тазарту қандай қиын?

 

Кір себетке бүгін тағы бір күнімді салдым,

Ішіне еңкейіп кешегі күнді іздедім...

Бармын.

Бармын.

Міне, осылай, ойламаған жерден шыға келеді. Далада, қалада, үйде, түзде, тіпті, шаштаразда да кезігіп қалуың мүмкін. Гөте марқұмның Эккерманға өлеңді ұлы, тылсым дүниеден іздемеуді, ол күнделікті, қарапайым нәрседен, табаныңның астынан өне салатынын айтатыны еске түседі. Расында, алыстан іздегенің тым жақында, маңыңда бой жасырып жататыны бар. Қазақтың «Бір жол бар, алыс та болса – жақын, жақын да болса – алыс» дейтіні – сол. Оны күтуге, шабытты, алманың басқа түскенін тосып жүруге болмайды. Өлең үйге оралғаныңда, балаңа қарап отырып та, сондай оңайлықпен, қамкөңілден туындай салады екен:

Қызым

Көйлегіңе күннің иісі сіңген,

көңіліңе – менің.

Жатырымды тепкілеген күннен,

үмітім едің.

 

Өмірің – жаңа жазылған хат,

Мен – мөрін басқан саусақ:

Оқырсың,

Жыларсың,

Кешірерсің,

Ұғарсың.

 

Сен – менің болашағым емессің.

Мен – сенің өткенің емеспін.

Біз –

уақыттың екі шетінде

қол ұстасып барамыз.

Басқа жоқ ешкім:

 

сен – алға,

мен – артқа.

 

Сен үйреніп жүрсің –

мен ұмытып келем.

Сен бастаған сайын –

мен қоштаса берем...

 

Сен – көктемсің,

Мен – күзбін.

Бірақ тербелген 

жапырағымыз бір –

біздің.

 

Менен қалған – осы ойлар әр,

бұйырса, қызым,

Сенің қызыңның да көзіне 

айналар.

 

Сол кезде де күлші,

түсінбей ғана...

Себебі,

махаббат –

түсіндіруді қажет етпейтін

ана мен бала.

Әрине, айтқанға оңай, жазғанға қиын. Сонда да, бұзып-жарып, өз тілінде әр сезім былдырлай жөнелмек. «Әр қаланың өз жаны бар» дейді ғой, әрбір ұлы өлең өз тілін тауып өмірге келмек. Ол өлең болып санаға құйылған сәтте, тіл біте кетпек. Алыстан іздеп, әуреге түспеген жөн екен. 

Адамның жас күнінде, өлең – тылсымға жуық, Жаратушыға жақын. Енді оянып, ашылып келе жатқан түйсіктер бірден Тәңіріге – дүлей жастық қуат құдіретке арқа сүйеуге, тиянағын өте асқақ, сакралдық мәндерге артуға әуес болса керек. Бұл – артықшылық та, кемшілік те емес. Жастық шаққа ғана тәуелді мәртебелі сый. Гөтенің өзі сондай асқақ уақытында өте биік атаққа жетеді. Үлкен таланттың белгісі де осы ма екен? Көп оқу-тоқуы жоқ, шалдуар, сөзсоқты жас ақын бір уақыттарда сойқан өлеңдер жазуға, үнемі ірі сөздермен өз күйін, жаңағы мастық халін өлең етуге құмар болатын сияқты. Кейін сол шағын аңсап: «Өлең қонып еді, ұстай алмадық», - деп отыратындар болады. Айналып келгенде, әр адамның туада ақын тектен екені рас. Кім қаншалық деңгейде ұстап қалады, ол – басқа әңгіме. Біреулер тағы да асқақ өлең жазғысы келеді. Ол уақытта бойды ақыл жеңіп қояды. Сөз басқаша сыпат алуы тиіс еді. Биік сезім – өлеңнің әрі екені күмәнсіз, бірақ, кісі үнемі ірі сөйлеп отырмайды. Өлеңде шегелеп қойғандай қалып жоқ. «Оңнан, солдан, биік, тереңге» – жан-жаққа кереге жая беруі, керек болса, бұдан да басқа бағыттардан жол ашуы қажет. Сіз күтпеген жерден өзінің нағыз өлең екенін көрсетіп жарқ ете қалуы керек. Қорта келгенде, бұ да – бос сөз. Өлең кім екенін, не екенін өзі айтып тұрады.

Миғраж

Кірпігін қақса қара түндерім,

Жалғыздығыңа – тығылам.

Жанымды түйіп 

баратын жерім,

Алатын демім – 

құбылам...

 

Бұрылған сайын – Өзіңе денем,

Рухыма дауа табылды.

Күн сайын өліп, 

тіріле берем,

Тазарту үшін – 

жанымды!

 

Өмірім үшін күйбеңдегенде,

Өлім де жақын.

Білерім:

Маңдайым төмен – тигенде жерге,

Қарайды көкке – жүрегім!

 

Бүгілсе белім – тәнімнің хәлі,

сұлумын осы күйде ең!

Дұға да, күнә – 

ағылды бәәәрі,

Қос қолын жайған бейнеден. 

 

Иілсе жаным, 

қаусап алдыңда...

Тік тұрар жалғыз иманым!

Сездірдің...

бұрған Саусақтарым да

Көңілдің кірін жуғанын.

 

Құлатқан сайын менмендігімді,

Ұлықтай бердім!

Бас ұрдым!

Күніне бес рет көргендігімді,

Пендеге айтпай, жасырдым...

 

Ұмыт боп кейде, 

қалса да бір күн...

Кешірім – ұлы Есімің!

Мың терезесі болса жанымның,

Бәрінің аштың – есігін.

 

Сырым жасырын Басқаларына!

Сөзімнің Сенсің – 

бөлшегі.

Нені көрсетсең, 

қос жанарыма...

бәрінен көрдім – мен Сені!

 

Осы ма екен, шын берілудің өлшемі?!

Шын ақын жастық асқақ қалыбы мен байсал тартқан, бой суыған шағының арасынан бір жол тауып, өзі туралы жазуымен көптің көңліне дауа ізгі сезімдерді айтудың құпиясына да жетеді. Жас күнінде де сондайлық сыйқырлы сөзбен дуаланады. Сайып келгенде, жақсы өлең – шыншыл өлең. Оның сиқырын қашан да жалған сезімдер, әлдеқайдан әкелген жапсырма тіркестер бұзады. Сандуғаш қайбіреудің жылына, асына арнап салақұлаш толғау жазбайтын сияқты. Тапсырыспен де жазбайды. Жайшылықта атеист Борхестің өлеңнің сырттан берілетінін мойындайтыны бар. Ол өлеңнің берілетініне сексеннен асқан шағында да сенген. Мен де сенемін. Бірақ, әлдекімнің аяқ астынан әулие болып кетіп, құлағына періштелер сыбырлағанына, аян қабылдайтынына төзе де алмаймын, көре де алмаймын. Берілетіні – рас. Айтсын, мақтансын деп емес, жазсын деп беретін болса керек.

Мен бұл қуатты ақынның енді қайда баратынын түсінбеймін. Бұдан ары бал аша алмаймын. Аман болса екен. Осындай өлеңге оқырман болғанымды мақтан тұтам. Тәңірім тура жолдан тайдырмасын, бізді!

Тізімбек Анашұлы

07.09.2026.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan