Құймақ иісі

Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.

25

Құймақ иісі - adebiportal.kz

Орташа кеңдіктегі бөлме. Бөлмеде ұзыннан қатар төселген көрпеде ұйықтап жатқан отбасы. Таң атып, күн көкжиектен көтерілгеніне біршама уақыт болған. Оятқыш 6:58-ді көрсетіп тұр. Күннің сәулесі перденің тап ортасындағы сәл ғана ашық қалып қойған жерден шақырайып, дәл анасының бетіне түскенін қарашы! Тамыз айының аяғы жақындап қалған шақ. Аспан ашық, күндіз жылы болғанымен, түн салқын. Жаздың таза ауасы кірсін деп ашып қоятын терезеден едәуір салқын самал жел соғады. 

Қап-ай, өзі түнімен аунап, жұқа жамылғыларын ашып тастай беретін балаларын қымтап, түні бойы бірнеше мәрте оянып, енді ғана тәтті әрі қатты ұйқыға кеткен мезеті еді. Онсыз да мәні болмай жүрген ұйқыны бұзған мына пердені ауыстырып тастасам ба деп басталған үй тірлігі жайлы ойы, кейін «Таңғы асқа не пісіремін?» дегенге ауып кетті. «Қой, балалар оянғанша ұйықтап алайын» дегені сол еді, кішкентайы оңға бір, солға бір аунап, кішкене қолдарымен көзін тырмалап ашып, анасын іздей бастады. Бірер сәтте үлкендері де оянып, кішкентай марғауларға ұқсап анасының бүйіріне жата кетті. Осы күйде олар бірнеше минут жатты. 

Анасы төсегінен әзер көтеріліп тұрды да, бірден ас үйге, пешті қосуға бет алды. Тоңазытқышты ашса, жұмыртқа таусылып қалыпты. Қырсығын-ай... Тез-тез жұмыртқа қуырып жіберіп, жата тұрайын деп еді, болмай қалды. Келіп тұрған ашуын салқын сумен жуып жіберді де, сұлы ботқасын дайындауға кірісті. Ол сұлыдан ботқаны ерекше дәмді етіп әзірлейтін. Әсіресе, балалары кешегі кешкі асты дұрыс жемеген болса, міндетті түрде дайындайтын. Құнарлы да дәмді ботқаны балалары бүгін де дым қалдырмай, сүйсініп жеп қойды. Кейін балалар теледидар көріп, өз беттерімен ойнап кетті. Ара-тұра шаруа арасында жантайып жатқан анасының жанына жата қалып, құдды бір рәсім секілді кезекпен-кезек иіскеп-иіскеп алып, қайта жүгіріп ойнап кетеді. 

Сөйтіп жүргенде түскі ас уақыты келіп, одан бірден кешкі ас жақындағанда күннің қысқарып бара жатқаны қатты байқалатын. Күн ұясына беттегенде әкесі мен шешесі балаларын алып, кешкі серуенге шығатын. Анасы шаршап тұрса да, балаларын орталыққа, әдемі жерлерге ойнауға алып барғанды жақсы көрді. Тек ол бітпейтін тірліктен емес, міне, осылай біріне-бірі ұқсас болып өте беретін күндерден шаршаған еді. 

Әрине, үнемі бұлай болған емес. Бойдақ кезінде жұмыс істеп, өз ақшасын өзі тауып үйреніп қалған ол алғашқы декретте-ақ: «Не нәрсемен айналыссам екен? Қандай жұмыс жасап, баламен үйде де табыс табуға болады?» деген ойлармен ауыра бастайды. Оның бұл ойына желідегі «коучтар» мен «бизнес-ледилердің» сөздері де әсер етпей қоймады. Осылайша ойлана келе, саудамен айналыспақшы болып, Түркиядан балалар киімін алдырады. Бастапқыда саудасына туыс, дос, жақындары арасынан тұтынушы табылғанымен, олар да үнемі ала бермейді ғой. Сауданы дөңгелетіп әкету үшін де шыдам керек. Содан не керек, саудаға салған қаражаттың орнын толтырып, айналымға жіберемін дегенше Түркиядағы серіктесі елге оралып қойды. Басқа сенімді адам табу қиын болған соң, бұл іске нүкте қойылды. Әрине, кейін ермек үшін ананы-мынаны сатып көреді. Мүмкін, шындап жасағысы келмеді ме екен, кейін ол да қалды. 

Күз. Күндердің бір күні қыздарын ертіп, құрбысының үйіне қонаққа барады. Отырыс аяқталар шақта құрбысы: «Алғаш келулерің ғой», – деп қыздарына тапсырыспен тігілген қысқа жейде сыйлайды. Үйге келіп, қыздарына кигізіп көріп, матасы мен тігісіне қарап отырып: «Мен де осындай тіге аламын ба екен?» деген оймен желідегі тігін сабақтарын қарай бастайды. «Ой, оңай сияқты ғой. Шалбардың балағынан бастап көрейінші», – дейді де, жолдасынан тігін машинасын алып беруді өтінеді. Әлбетте, жолдасы да ләм-мим деместен сұрағанын алып берді. 

Балаларының әкесі, сүйікті жан-жары оны өте қатты жақсы көретін. Ер адамдары үй тірлігіне араласпайтын отбасыдан шыққан ол еті үйренбеген болса да, балаларының анасына жәрдемдесуге тырысып, артық бір ауыз сөз айтып, көңілін түсірмеуді ойлайтын. Әйелі өзінің марқұм әжесіне ұқсаған қаттылау, кейде суық мінезін басуға тырысатын. Себебі күйеуі де ол үшін қолынан келген бар жақсыны жасайтын. Әрине, қиын кезеңдер мен түсініспеушілікті бастан кешірмеген отбасы жоқ. Дегенмен, ондай сәттерде екеуі де сабырға келіп, бұл өмірде кіршіксіз әрі қателеспейтін адам жоқ екенін түсініп, бір-бірінің ұнатпайтын тұстарын қабылдауға әрекет ететін. 

Жолдасынан осындай қолдау көретін әйел, әрине, барлығын жасап көруден қорықпайды. Мейлі, бұл жолы да бастамасы аяқсыз калса да. Есесіне, ол енді кез келген уақытта өзі-ақ жолдасының шалбарларын қысқарта алады. Міне, «әр істің артында қайыр бар» деген осы. 

Наурыз айының басы. Анамыздың басына тағы бір бизнес ой келді. Бұл жолы 22 наурыз мейрамы қарсаңында, жалпы наурыз айында сұранысқа ие болатын қазақы нақыштағы шекеліктер мен басқа да бұйымдар еді. Құдай оңдағанда, жолдасы Алматыға баратын болып, сәті түсіп, сол жақтың көтерме базарларынан керекті бұйымдары мен жабдықтары табыла кетті. Жолдасы да үлкен әрі шулы базар ішінен тапсырған нәрселерін тауып алып келді. 

Ал қалай ойлайсыз, бұл бизнес жалғасын тапты ма? Жоқ! Тіпті өзін ақтаған да жоқ! Неге екен? Оның бұйымдары ерекше көз тартатын, әдемі болатын. Баламен отырып әрбір майда бөлшекпен жұмыс істеудің өзі оңай емес еді. Бәлкім, бұл да сауданың бір түрі болғандықтан болар. Себебі сауда ұзақ уақытты, шыдамдылықты талап етеді. Ал бұл кісіде ондай шыдамдылық болмаған шығар. Мейлі, не де болса бұл іс те жабылды. 

Қыс мезгілінің желтоқсан айы бастау алған кез. Қар әлі жаумаған. Жауса да, еріп кетіп жатты. Сәйкесінше, қара суық. Жаңа жыл қарсаңы. Дүкен, базарлардың маңындағы жылтыраған жаңбыршалар, шырша әшекейлері, жаңажылдық киімдер көздің жауын алады. Мандариннің иісін айтпасам да, мұрныңызға келіп тұрған шығар. Осы мерекелік көңіл-күй идеяларға толы анамыздың миына қалай әсер етпесін?! Осы аралықта да «Менің қолымнан не келеді?» деген ойлар келіп-кетіп жүргенде, бұрыннан құрбылары «осымен айналыссаңшы» деп айтып жүрген іске бел буады. 

Студент кезінен боянуды ұнататын әрі шебер түрде жасайтын. Бәлкім, бала кезінде сурет салуды жақсы көргендіктен болар. Осы жолы жолдасына ауырлық салмай, өзі жасап жүрген жұмысының айлығынан визажист сабағына жазылып, сертификат алып, жұмысын білікті маман ретінде бастап кетпекші болды. Уақыт тығыз болған соң, бірден курска жазылып алды. Тығыз болған себебі: Жаңа жыл қарсаңында болатын корпоративтерге баратын қыз-келіншектерге міндетті түрде бояну қажет еді. Міне, сол кезде көп тұтынушы тауып, жақсы табыс табамын деген ойда болды. 

Бірақ... Әдеттегідей бәрі біз ойлағандай бола бермейді. Әр адамның өзінің сенімді әрі тұрақты баратын шебері бар. Енді ғана бастап жатқан ісі болғандықтан, ауқымды жарнама жасауға өзі де батпады. Сәйкесінше, қалада жаңа, арзан бағадағы визажист бар екенін бірі білсе, біразы білмеді. Иә, бастапқыда жұмысын төмен бағамен ұсынуды жөн көрді. Тек бұл бағаға «балға үйір болған арадай» тұтынушы табыла қоймады. Келген адамдар бұрынғыдай өзінің жақындары мен таныстары арасынан табылса болды. Көбіне жасаған жұмыстарын ел көріп, тұтынушы жиналсын деген мақсатта модельдерді бояп, Instagram желісіне салатын. Әрі ең жақсысы – осылайша шеберлігін шыңдап, қолын жаттықтырды. 

Кейіннен ол бұл бастаманың сауда-саттыққа ұқсамайтынын түсінді. Бұл жұмыс – өзі жақсы көретін, шығармашылыққа жақын бағыт. Тұрмыс құрғанға дейін жасаған жұмысы да шығармашылық еді. Ол актриса болып жұмыс істейтін. Корей киноларынан басталған, киноға түсу деген арманы оны өнерге жетеледі. Бастапқыда 11-сыныпты бітіріп, бірден жоғары оқу орнына түспекші болғанымен, әулетіндегі өнер жолындағы апасының нұсқауымен 9-сыныптан кейін жергілікті колледжге тапсырды. Әнге де, биге де жақын ол бірден оқуға қабылданды. 

Ойындағы оқуға түспегендіктен бе, оқудан күткен үміті ақталмағандықтан ба, кейінгі курстарда оқуға, өнерге деген қызығушылығы төмендей бастады. Тіпті қалмады деуге де болады. Оқу бітіре сала үлкен қалаға, жоғары оқу орнына түспекші болған еді. Алайда ол жаққа орта арнаулы оқу орнынан кейін барғандарды қабылдамайды деген әңгімелерді ести бастайды. Кейін ата-анасының, бауырларының жанынан алысқа кеткісі келмей, ауылында қалады. Үйдің кенжесі, еркесі. Махаббат пен жылулыққа тойып өскен ол ата-анасы жасаған сол жақсылықтың бәрін қайтара алмаса да, қалған өмірінде жандарында еркелеп, қолғабыс болып жүруді ойлайтын. 

Кейін жергілікті театрға жұмысқа орналасып, бірден басты рөлдерді сомдап, өмірінің жаңа кезеңін бастап кетті. Бірден мұндай жауапты жұмысқа араласып кету оңай болмаса да, ол оны ынтамен істейтін. Себебі бұл – өзіне жақын өнер. Тұрақты жұмысы бар, айлығы жүріп жатыр. Қалағанындай, ата-анасы жақсы көретін тәттілері мен әдемі сыйлықтарын алып бере алады. Осыдан артық ештеңе керек еместей, барлығы орнында тұрғандай еді. Тіпті, арасында жұмыстағы туғанындай жақсы көріп кеткен гример апайдың жанында көмектесіп жүріп, грим жасауды да үйреніп алған болатын. Тағдырдың жазғанымен кейіннен ол өзінің негізгі жұмысымен қатар сол кісінің де орнын басып, ісін жалғастырып кетті. Балалы болғаннан кейін сахнаға қайта оралғысы келмей, тек грим жасаумен айналысып жүрді. Тек бір ғана өкініші – ел көріп, жер көріп, дүниені араламағанында еді. Алайда, бұйырса, бар өмірі алда, жолдасымен бірге ел де, жер де көруге ниеттенді. 

Жақсы көңіл-күй мен икемділікті қажет ететін бұл жұмыста ол өзінің ісін тапқандай сезімде болды. Әрине, алғашында қорқыныш сезімімен күресу оңай болған жоқ: «Қандай адам келеді?», «Жұмысым көңілінен шыға ма?», «Жайсыздық тудырып жатқан жоқпын ба?», «Қабағын қатты тартып қалған жоқпын ба?», «Ұзақ болып кетті ме?», «Уақытылы жасап үлгеремін бе?» деген сияқты түрлі ойлар мазалап, маңдайынан тер бұрқ ете қалатын сәттерде бәрін тастап қашып кеткісі келетін. Келушілердің басым көпшілігі жақсы, жайлы адамдар болғанымен, көңіл-күйді бұзып, екі аяқты бір етікке тығатындары да жоқ емес-ті. 

Соған дәлел ретінде бір оқиғаны айта кетейін. Бірде шілденің кезекті бір ыстық күнінде боянуға орта жастағы келіншек келеді. Арықша келген, шашы иығынан жоғары қиылған, көздері үлкен әрі домаланған, орта бойлы кісі. Көңіл-күйін біреу бұзды ма екен, әлде мінезі сондай ма, отырғаннан әр нәрсеге шүйлігіп, бетін қайта-қайта ұстап, тіпті сағыз шайнап отырды. Ал сағыз шайнау – оның жұмысына кедергі келтіретін еді. Себебі адамның беті мольберт секілді болуы қажет. Барынша қозғалыссыз болған жағдайда ғана жұмыс таза әрі әдемі шығады. Мүмкін, уақыт өте келе қол әбден жаттыққанда осындай тұтынушылармен де жұмыс істеу оңай болатын шығар. Бірақ ол жолы оған моральдық тұрғыдан да, физикалық тұрғыдан да оңай соқпады. 

Дегенмен, бұл жолы ол шыдамдылық танытып, жұмысын махаббатпен, жауапкершілікпен жасауға барын салды. Ал жолдасы әдеттегідей қолдауы мен көмегін аямады. Келіншегі қарсы болса да, жұмысына қажет бояуларына, жабдықтарына, керек-жарақтың бәріне өзі ақша беріп отыратын. 

Арада жарты жылдай уақыт өтті. Ананың қолы әбден жаттығып, жұмыс алдындағы қорқынышы сейілгендей болды. Аз да болса, тұрақты тұтынушылары пайда болған. Қайта, аз болғаны өзіне де жайлы еді. Себебі басында болған ісіне деген ынтасы басыла бастаған болатын. Сонда да жұмысын қалыпты түрде, жауапкершілікпен жасай берді. Ынтасы болмағанымен, ол бұл істі тастап кеткісі келмейтін. Неге олай болды екен? Өкінішке орай, оны өзі де түсінбейді. Бітпейтін үй тірлігін төзгісіз ететін, біріне-бірі ұқсап қайталанып жатқан күндер қайта басталып кеткендей еді. 

Кезекті жаздың таңы. Балалардың таңғы асына қорытылған таза қолдың майына жұмыртқа қуырып беріп, қарындары тойғанына көз жеткізді, міндетті түрде суларын құйып берді де, тамақтың орнын жинастыруға кірісті. Бірден жинастырмаса көңілі көншімей, жайбарақат жата алмайтын. Суды адамға қажетті басты құнар деп есептейтін және балаларына барынша су беруге тырысатын. Кейде төркініндегі жаз бойы егін егіп, сол егіннен алған тәтті жемістерін қыздарына да беріп жіберетін шешесінің сыйлаған жемістерінен шырын қайнатып беретін. Бастапқыда дүкеннің шырындарын ала беретін, кейіннен пайдасы жоқ, тек зияны бар екенін түсініп, мүлде алмайтын болды. 

Жақсы көретін суын ішіп алып, таңғы асқа тәбеті тартпаған ол бірден төсекті жинауға кірісті. Төрге, терезенің астына жасауымен келген әдемі жасыл қойкөрпесін төсеп жіберіп, жантая кетті. Студент кезінен ағылшын жазушысы Сара Джионың шығармаларын жақсы көретін. Оқып болған кітаптарын таратып жіберетін, алайда бір кітабы өзінде қалыпты. Жақсы болғаны: бұл шығарма анасын жоғалтқан кішкентай балақай мен баласын жоғалтып, құса болған бейшара ананың тағдыры туралы еді. Бұл шығарманы алғаш оқығанда өзі баланың кейпінде болса, енді ананың кейпінде оқымақшы. Бірінші бетін әрең тауысып, екінші бетке көше алмай, кітапты бетіне жаба қойды. Жинақталып алып, қайта оқымақшы болып, ештеңе ойламай демалып жатқанда, қызы жүгіріп келіп: «Анашым, пицца пісіріп берші», – деді. 

Жатқан орнында таспен басып қойғандай ауырлық сезінсе де, тұра алмай жата берді. Қызына қарап: «Жаным, қызым, әкең жұмыстан шыққанда дүкеннен заттарын алып келсін деп айтайын. Пиццаны ертең пісіреміз, жарай ма?» – деді. Қызы ертеңге дейін күткісі келмей, сәл жыламсырағанда, анасы маңдайынан сүйіп: «Жаным менің, ақылдысың ғой», – деді. Кішкентай жүрек ақылды екенін дәлелдегісі келгендей басын изеп: «Пиццаны ертең жейміз!» – деп, ойындарын тоқтатып қойып, жауап күтіп отырған бауырларына хабарлауға жүгіре кетті. 

Бұл жолы оның еңсесін басып тұрған – темір жетіспеушілігі емес. Темірін өткен жазда дәрумендермен көтеріп алғанына бір үлкен іс тындырғандай риза болған еді. Ендеше не? Өзінен-өзі шаршаған, өзін-өзі түсінбеуден шаршаған. Артық ештеңе ойлағысы келмей, қолына ұялы телефонын алды. Желі алгоритмі негізінде кезекті бояну үлгілері, тәтті тоқаш, пицца, бәліш, түрлі тағамдардың рецепттері, баланың миын дамытатын үй жағдайындағы ойындар, дорамалар мен фильмдер, коучтар шыға бастады. Кейінгі кезде коучтарды қарамай өткізіп жіберетін болған. Боянудан да миына күш түспесін деп өткізіп тастап жүр. Тек тағамдар мен тәттілерден балаларға ұнайды-ау дегендеріне лүпіл басып немесе сақтап қояды. 

Солай ұялы телефонының экранын сипалап жатқанда, алдынан психологтың таргетке жіберген видеосы шыға келді. Видеоның мәтіні өзінің мәселесіне ұқсас па екен деп, дауысын шығарып, зейін салып тыңдай бастады. Видеоны басында егде жастағы, ақ диванда үсті-басы ұқыпты, жинақы отырған әйел былай деп бастады: 

«Неліктен көбіне өзіңіздің өміріңізді сүріп жатпағандай сезімде боласыз? Неге күнделікті өміріңіз сұр түске боялып, тек өзгерістер кезінде немесе маңызды жұмыс бітіріп жүргенде өміріңіз түрлі түске енеді? Ал шаруаңыз бітіп, өзгерістер қалыпты бола бастағанда қайтадан сұрлана кететіні несі? Неге алда келе жатқан той немесе қыдырыс сияқты дүниелерге дейін күн санайсыз? Оның жауабын мен болжап көрейін: себебі сіз бүгінгі күнмен өмір сүрмейсіз! Күнделікті өміріңіздің мәнін, тіпті өзіңізді жоғалтып алған болуыңыз мүмкін. Алдағы емес, басты мақсатыңыз қандай? Кімге не бере аласыз? Ең бастысы, өзіңізге не бере аласыз? Бұл сұрақтардың жауабын табуға сізге мен көмектесе аламын. Алматы қаласынан болсаңыз, менің бір күндік оффлайн консультацияма жазылыңыз. Ал басқа қаладан болсаңыз, онлайн...» 

деген жерінен телефонның экранын өшіре салды да, төбедегі жылтыраған аспашамның үлкен тасына қарап қатып қалды. Біраз уақыт миын тазартқандай ештеңе ойламай жатып, бір мезетте ұйықтап кетті. Қозғалмастан, бір қалыпта 5 минут қана ұйықтап тұрғандай күйде, алайда ұйқысы қанғандай сезіммен оянды. Үлкен бөлмеде балаларының «ана-бала» ойнап жүрген дауыстары естілді. Есікке кілт салынғандай дыбыс шықты. Көз жеткізейін деп басын көтеріп еді, жолдасы кіріп келе жатыр екен. Жұмысын уақытынан бұрын бітіріп, ерте шыққан көрінеді. 

Таңертең шығарып қойған тауықтың төс етінен тездетіп паста дайындап жіберуге бет алды. Тамақ піскенше әкесі балаларын ойнатып, балақайлар да бөлмені төңкеріп үлгерді. Бәрі бірге отырып түскі астарын ішіп болған соң, қызы әкесінен пиццаның заттарын алып келуді өтінді. Әкесі анасына түсінбеген кейіппен қарап еді, кейін жағдайды ұға қойып, қызына сәлден соң бәрі бірге шығып, алып келетіндерін айтты. Бірге үстел үстін жинастырып болғаннан соң, бүтін отбасы шулап киініп алды да, далаға шығып кетті. 

Дүкеннен алатын заттарға жеміс-жидектер қосып алып, қайтып бара жатқан жолда жолдасы: «Төркінге де соғып кетейікші», – деді де, рульді сол бағытқа бұра жөнелді. Төркініне бармағалы біраз болған әйелдің бірден көңілі көтеріліп сала берді. Жолдасы оны ата-анасына апармайды емес, тек жұмыстан босауы қиын болған соң, осылай жол түскенде сирек баратын. 

Жап-жасыл болып жайқалып тұрған ағаштарға толы, ұзыннан созылған кең көше. Бұл ауданның ауасы таза, жаз күндері де қоңыржай, салқын болып тұрады. Бала кезінде бұл көшеде асфальт жол жоқ еді. Күзде жаңбыр жауған күндері, көктемде қар еріген уақытта жер саз-балшық болып былжырап жататын. Мектепке барарда көшеден қырға шығып кеткенше аяқ киімінің сыртынан судыр қап киіп алып, ауласының алдына тас төселген үйлердің маңымен жүріп өтетін. Мектептен келе сала әпкесі екеуі жанталаса киімдерін ауыстырып, дарбаза алдында күтіп тұрған құрбыларымен бірге қуыршақтарына саз-балшықтан төсек, жиһаз жасап ойнайтын. Кейін резеңке секіріп, көшенің барлық баласы жиналғанда доппен «ортаға түсу», «жәмилә» сияқты ойындарды шулап жүріп, кеш батқанша ойнайтын. Сол көше енді оны ұмытып та қалғандай, бөтенсіп тұрғандай... 

Бақытты балалық шағының естеліктерінен жымия, көзіне жас алып, көлікте дүкен аралап шаршап ұйықтап қалған балаларына қарады. Іштей: «Сендердің де балалық шақтарың осындай жарқын болса екен. Қазір заман басқа, адам да басқа, өмірлік жолдарыңда тек жақсы адамдар кездессінші», – деп тіледі. 

Көлік жасыл түсті дарбазаның алдында шамамен 40 жылдан бері бой көтеріп тұрған алма ағашының көлеңкесіне келіп тоқтады. Жемісі дарбазаның сыртына дейін ағыл-тегіл төгіліп тұрған кәрі тал үй иелерінің кеңпейілділігінен хабар беріп тұрғандай. Үйдің ауласына кіре бергені сол еді, сарайдың алдында шынжырда тұрған алып төбет арсылдай жөнелді. 

– Ақтабан! Жат! – деді анасы өзін танымаған итке ашулы кейіппен. Төбет те айыбын сезініп, құлақтарын жымита басқан күйі күркесіне бет алды. 

Ауланың қақ ортасында салынған бір қабатты жер үй. Бұл үйді әкесінің айлығына ай сайын әр затын алып, әкесінен бастап кенжесіне дейін бүкіл отбасы жұмыла салған еді. Үй салынғанға дейін жаңағы алдында ит байланған кішкентай сарайда тұратын. Кішкентай болса да туысқандар жиі келіп, балаларын оқуға жібергенде де бірге тұратын. «Көңіл сыйса, бәрі сыйады» деп бәрі улап-шулап жүруші еді. Сол кездерде әкесі: «Әр қонақ өзінің несібесімен келеді», – деп айтатын. 

Ол уақыттарда бір қызығы: әкесінің айлығы 50 теңгелік тиындармен берілетін. Судыр қаптың жартысына да толмайтын тиындарды балалар қызық көріп санай беретін. Ол кезде қазіргідей емес, теңгенің де құны бар еді. Солай салынған үйдің тұрғанына да 30 жылдан аса уақыт болыпты. 

Үй іші қоңыржай, тамаша болып тұр екен. Кіре берісте үйдің кішкентайлары алдарынан жүгіріп шығып, улап-шулап, әбден сағынып қалған жиендерін сүйрей үйге ала кетті. Алдарынан әке-шешесі шығып, немерелерінің маңдайынан иіскей жөнелді. Шешесі: «Мақтап жүреді екенсіңдер, келіңдер, тамаққа», – деді. Сөйтсе сүрленген күздіктен ет асып, нанын енді түсіріп жатқан екен. Үстелге отырып, арқа-жарқа болып, бұйырған астан ауқаттанып алған соң, ер кісілер теледидардан жаңалық қарап, әдеттегідей күйеу бала қайын атасының саясат туралы пікірін тыңдап отыра берді. Ағасы жұмыста екен, жеңгесіне тамақтың орнын жинасып, шай жасалғанша шүйіркелесіп, әңгімелесіп отырды. 

Сол аралықта шешесі ерке қызының сүйіп жейтін тәтті құймақтарын пісіруге кірісті. Бала кезде демалыс күндері шешесі жиі пісіретін құймақтың иісін ұмытып та қалған екен. Құймақтың иісі шыға бергені сол еді, балалық шақтың естеліктеріне еліктіріп алып кетті... 

9 жасар кезі. Мектептен шығып, үйге қарай бет алған. Қара бұлт торлаған аспаннан нөсерлеп жаңбыр құйып жіберді. Онсыз да мазасы болмай келе жатқан кішкентай қызға бұл жаңбыр жығылғанға жұдырық болды. Бірер минут бұрын апайы сабақ үстінде барлық баланың көзінше ұрысқан еді. Себебі жай ғана ақ бантиктің орнына, әкесі кеше орталық базардан алып берген жылтырақ, күлгін түсті бантикті тағып келгені еді. Мектептің ережесіне қайшы дейтіндей, ол кезде ережелер қатты сақтала да қоймайтын. Тіпті бантик тақпай келетін оқушылар да болатын. Бәлкім, апайының тап бүгін бір шаруасы дұрыс болмады ма екен?! Кім білсін. Дегенмен, бұл жағдай оның күні бойғы жай-күйін бұзып, үйге қайтуға асықтырған еді. 

Малмаңдай болып, үйге жылап жүгіріп кірген оған шешесі бірден киімдерін ауыстыруға көмектесті де, жұмсақ көрпешемен орай құшағына басып отырды. Қызынан неге жылап келгенін сұрап, мән-жайды естігеннен кейін оны жұбатып, апайына жолығатынын айтты. Өзін шешесінің жылы қанатының астында, қауіпсіздікте сезінген ол көзін ауырлық басып, ұйықтап кетті. 

Ұйқысынан шешесінің тәтті құймақтарының иісі оятты. Ас үйге кірсе, анасы ыстық шайын дайындап, тәтті құймағын пісіріп жатыр екен. Мәз болып шаттанған күйде шешесінің желкесінен асыла кетті. Сол сәтте бауырлары да келе қалып, бәрі үстелге отырып, әңгіме-дүкен құра отырып тәтті құймақтан жей бастады. Шешесіне бар махаббатымен қарап отырып: «Мен де өскенде анам сияқты боламын», – деп шешті. 

Бұл естелік оның іздеп жүрген сұрағының жауабы болды. Ес білгелі «Өскенде кім боласың?» деген сұраққа оның жауабы «Анам сияқты боламын» болатын. Бойжетіп, жұмыс істеп жүргенде де құрбыларына: «Тезірек тұрмыс құрып, балалы болғым келеді», – деп айтатын. Бойына көпке беріле бермейтін талант дарыған, өнерде де, өмірде де жарқырап жүрген, жұлдызының жарқырауынан үлкен үміт күттірген қыздың осының бәрін тәрк етуінің де, әрбір істі дөңгелетіп әкете ала тұра жасағысы келмейтін себебі де осында екен. 

Оның басты мақсаты – ауырғанда түн ұйқысын төрт бөлетін, көңіл-күйі болмағанда жұбатып, сүйікті тәттісін пісіріп беретін, балалық шағын қуанышпен еске алатындай етіп қорғайтын, қанатының астында жылытатын, өмірден хабары жоқ кішкентай балаларына қамқор бола білу еді. Сөйте тұра өзін де ұмытпайтын, психикасы мен дені сау, қалаған ісімен айналысып, қаламаса қоя алатын, білімі мен парасаты қатар жүретін, баласына берері мол «Ана болу!» 

Үйге қайтарда ол шешесінің мойнына біраз асылып тұрды да, үйіне, қызына иісі мұрын жаратын пиццасын пісіріп, балаларына өзінің шешесі жасағандай бақытты балалық шақ сыйлауға жөнелді

Лақап аты: Үміт

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan