Тәуекел
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
(әңгіме)
Соңғы күндері Ғазымбек үй ішінің тыныштығына бойы үйренбей, үнемі бірдеме жетпей тұрғандай күй кешетін. Қабырға сағатының сыбдыры да құлағына естілмей қалған. Сара кеткеннен кейін бұл үй – үй емес, бос қабықтай. Төрде үнсіз ілулі тұрған суреттегі әйел – тірліктің өзі болған Сара – енді мұңды елестей ғана қалғандай. Ғазымбек қай уақыттан бастап бұл әлемде жалғыз екенін анық айта алмайды. Бірақ Сара көз жұмғалы бері жалғыздық деген тас қараңғы үңгірге түскендей күй кешіп келеді.
Көзілдірігін оңдап киіп, сарғайып кеткен қалың күнделікті қайта ақтара бастағаны да осы кез. Бір кездері жүрегінің соғысын, көкейінің шындығын арқау еткен жазбалары енді мұң мен сағыныштың ескі жаңғырығына айналыпты. Әр парағы – Сараның күлкісіндей жылы, әр жолы – сағыныштың шоқтай жанған табындай.
Сараның дүниеден өткені кеше ғана секілді. Бірақ күндердің сырғығанын денесінің өзі аңғартады. Жақында қолы қалтырап, тізесі сыр беріп, аяғының ақсаңдай бастағанын сезген. Мұның бәрі – жанның жарасымен келген тәннің шаршауы шығар. Ақиқатында Ғазымбек бұл дүниеде бұрыннан жалғыз еді, тек Сара барда ол жалғыздығын сезбейтін. Ата-анасынан ерте айырылған шақта жалғыздығы меңіреу даладай көрінсе, Сара – сол даланың төсінде өскен жалғыз бәйтерек болатын.
Ойы сан-саққа жүгіріп, жүрегі өткен шақтың үнін тыңдай бастайды. Оны кім деп ойлайтын? Қарапайым ғана студент, ауылдан келген ұяң бозбала еді. Қаланың қым-қуыт тіршілігіне алғаш келгенде, бәрі таңсық көрінетін. Ал Сара... Ол басқа әлемнің қызы секілді болатын. Университеттің ең көріктісі, ақылы мен парасаты қатар өрілген, бай-шонжардың ерке қызы. Ә дегенде-ақ Ғазымбектің жүрегін селт еткізген. Бірақ ол өз ойына өзі күлді – мұндай аруға қол жетеді деп кім ойлаған? Дегенмен өмір кейде түс көргендей тосын сый ұсынады екен. Сара – оның тағдырына жазылған ең көркем жазу, өмірінің ең шуақты кезеңі болды. Бастапқыда бұл махаббатқа сену де қиын еді. Сараның бір жымиғаны – Ғазымбектің бар уайымын ұмыттырып жіберетін. Ол жымиғанда, бүкіл әлем тоқтап, Ғазымбектің жүрегі ғана соғып тұратындай көрінетін. Ол оның тіршілігінің шырағы, жүрегінің лүпілі, армандарының бейнесі еді.
Енді, міне, сол шырақ сөнді. Қалғаны – сарғайған беттер мен сол беттерге төгілген естеліктер ғана. Ол естеліктерден Ғазымбек тіршіліктің мәнін іздеп, өткен күндерге қайта-қайта оралып жүр. Өмірінің ең жарқын мезеттерін қайта тірілткендей сезінеді. Бірақ сол күндердің бәрі енді – үнсіздік. Ғазымбек кейде Сараның дауысын естіп қалғандай болады. Кейде бөлме ішіне оның иісі тарап кеткендей сезіледі. Бірақ бәрі – елес. Сағыныштың елесі. Сарасыз бұл дүние – түссіз сурет, үнсіз әуен. Бірақ ол күнделігін жауып, көзін жұмғанда, жүрегімен сезеді. Сара – оның жанында. Себебі махаббат өліммен үзілмейді. Ол – мәңгілік.
***
Тау асып, тас басып, қияннан қиыр асып, Ғазымбек ата жұртқа бет алған кезде, жасы небәрі жиырмаға енді ғана толған бозбала еді. Ол Ауғанстан жерінде дүние есігін ашқан. Бірақ бұл мекен оған ешқашан жылы құшағын аша қойған жоқ. Туған топырағында тастанды тағдыр кешкен ол, ата-анасының көрегендігі мен жүрек жұтқан батылдығы арқасында тарихи Отанына, қазақ еліне жасырын түрде жол тартты. Әкесі Сүнетулла терең ойлы, көреген кісі болатын. Ол жергілікті бір дөкей байдың қырына ілініп, отбасына күн бермей, тыныштығын бұза бастаған еді. Осындай қысым мен қауіптен балапанын аман сақтауды көздеген Сүнетулла, жалғыз ұлы Ғазымбекті Өзбекстан арқылы қазақ жеріне аман жеткізуді мақсат тұтты. Көпке сөз байлап, алысты болжаған әке ұлына пана болар даланы аманат етіп, туған топырақтан көз жасымен шығарып салды.
Ғазымбек атамекенге алғаш аяқ басқанда жанында туған-туыс, жақын-жуық болмады. Тек алыс ағайынының жүк көлігіне ілесіп, тауармен бірге шекара асқан еді. Сол сәт, Ғазымбектің ата-анасымен соңғы рет қоштасып, жүрегіне мәңгілік таңба басылған шақ болатын. Әкесі мен анасы Сүнетулла мен Ұлжалғас бейнелері әлі күнге дейін санасын тіліп өтеді. Қазір жетпістен асқан шағында да сол бір қоштасудың елесі, жүрегіндегі жара болып сыздайды.
Уақыт зулап, Ғазымбек тарих факультетіне оқуға түсіп, Алматының көшелерімен еркін жүре бастағанда да, өткеннің көлеңкесі ешқашан бойын тастаған емес. Университет қабырғасында жүрген кезінде профессор Омарғалиев есімді ұстазы оған қалың мұқабалы дәптерді сыйға тартып, «Сен жай ғана студент емессің, сен тағдыры бар жансың. Бұл дәптер, сенің естелік-замана кітабың. Жаз, ұлым, жаза бер, әр күніңді, әр сәтіңді, әр жан сырыңды...», - деген еді. Содан бері сол күнделік Ғазымбектің ішкі әлемінің куәсі, жүрек шерінің сырласы болды.
Күні кеше ғана, марқұм жары Сараның жылдық асы берілерде, Ғазымбек жалғыз ұлы Тәуекелге өзінің денсаулығы сыр беріп жүргенін жайлап қана айтып еді. Бірақ шет жерде, алыстағы Америкада оқып, қызмет істеп жүрген баласы әкесінің сырқатына онша мән бере қоймады. Анасы өмірден өткенін естігенде елге асығып жетіп, жаназаға әрең үлгерген.
Ғазымбектің Тәуекелі жастық шақтың, кеш көрген қуаныштың жемісі еді. Жұбайы екеуі елуге таяған шағында, Алланың сыйындай болып өмірге келген ұлын Ғазымбек жанындай жақсы көрді. Сағынышы мен үмітін сол бір жалғыз тұяғына арнап еді. Енді міне, күн көзіне қарап телміріп, қоңыр күздің желіндей соққан жалғыздықпен бетпе-бет қалған қарт, баяғыда ұстазы сыйлаған күнделігін ақтарып отыр. Көне парақтардың арасынан ол ұлының дүние есігін қалай ашқанын, алғаш рет «әке» деген сөзді қалай айтқанын, бірге өткізген әр сәтін сағынышпен қайта оқып шықты. Сол бір сәттер бүгінде оған шипа, көкірекке жұбаныш. Жаралы жанның жалғыз серігі өткен күндер мен қағазға түскен сыр.
***
Уақыт деген ырыққа көнбейтін, жүрекке сызат салатын үнсіз құбылыс. Сара мен Ғазымбектің отасқандарына талай жыл өтсе де, перзент сүйе алмауы екеуінің де жан дүниесін аяусыз тілгілеп, көкіректерін сыздатқан тұншыға жылаған үн секілді іштерінде күңіреніп тұратын. Бұл айқайы жоқ азап, жүрекке батып, жанға жұққан үнсіз мұң еді. Кейде Сара жалғыз қалғанда, өзінің ерік-жігермен сүйгені Ғазымбектің етегінен ұстап кете барғанына қайтып оралып, бәлкім ата-анасының разылығынсыз бата алмай кеткені үшін Алланың сынағы шығар деп те ойлайтын. Бірақ ешқашан жүрегімен өкініп, не сүйгенін жазғырып көрмеген. Қайта, осындай кіршіксіз сезім үшін тағдырдың тауқыметін арқалауға дайын еді.
Ғазымбек те сырт көзден іштегі мұңын жасыруға тырысатын. Бірақ айналасындағылардың:
— «Ғазымбек-ау, баласыз өтесің бе? Сенде кінә жоқ болса, бір шаңырақты жаңғырт, басқа әйел ал. Жас емессің, енді…» - дейтін сөздері жүрегін тілімдейтін. Алғашында мұндай сөз айтқандардың жағасынан алып, «менің жеке өміріме араласпа» деп кесіп айтатын. Бірақ уақыт өте келе шаршады. Әр естіген сөз – ішіндегі жараның аузын тырнап, еріксіз үнсіздікке көшті. Олар ешқашан тағдырға ренжіген емес. Қайта, екеуі бір-бірінің барын бағалап, шынайы махаббатқа сүйеніп өмір сүрді. Қос жүрек Алланың бір күні тосын сый жасайтынына шүбәсіз сенді. Тек іштей ғана бір-біріне білдірмей, жетімдер үйінен бала асырап алуды ойлады. Бірақ бұл шешім жайлы ашық айтпады, себебі бірінің ішкі ойына екіншісі жетіп тұратын. Сараның туған үйімен де байланысы үзіліп қалғандай еді. Әкесі Қажымұрат – қатал әрі қатпар тағдырлы кісі. Соңғы рет қызын көргенде суық амандасып, күйеу баласына қарауға да зауқы соқпады. Жан дүниесі жаралы әке:
— «Сен мені жерге қараттың. Анаң бұл күнді көрмей бақиға аттанғаны қандай жақсы болды. Мен барымды салып жеткізген жалғыз қызым едің. Ал сен ше? Бар арманымды таптап, қу жетімнің соңынан еріп, бетіме күйе жақтың. Не болсаң да аман бол», — деп, артынша теріс бұрылып жүріп кеткен.
Сара бұл ауыр сөздердің салмағын сезді. Ол да құрбыларымен кездесуден бой тарта бастады. Өйткені мұндай отырыстарда міндетті түрде «бала» жайлы сөз қозғалады. Ал ол үшін бұл тақырып қансырап тұрған жарамен тең еді. Бір күні университеттен дәрісін аяқтаған Ғазымбек көше бойымен асықпай аяңдап келе жатып, бала күнгі курстасы Айжамалды жолықтырып қалды. Екеуінің де жүздерінен жылы сағыныш лебі байқалды. Айжамал – бір кездері Алматының маңында туған, ашық мінезді, жаны жаралы қыз еді.
— Ғазымбек, естуімше сен баяғы қайсарлығыңмен Сараға үйленіпсің. Қуанып қалдым. Сен шынымен де алған бетінен қайтпайтын жігіт едің. Сараның жағдайы қалай? Бала-шағаларың ер жетіп қалған шығар? — деді ол әзіл-шыны аралас.
Ғазымбектің жүзі бір сәтке тұнжырай қалды. Сәл жымиып:
— Иә, Айжамал, сол алғашқы махаббатым Сараға қол жеткіздім. Қазір мектепте ұстаз. Ал балаға келсек... Алла бұйыртса, ол күн де келер, — деді дауысы бәсең тартып.
Айжамал орынсыз сұрақ қойғанына өкінді. Орынсыз болғанын өзі де бірден сезді.
— Қыздардың бәрі сені ұнататын, ал сен болсаң тек Сараның соңында жүрдің. Жаныңа жарасымды жұп болатынсыңдар, — деп сөзді басқа арнаға бұрғысы келді.
— Ал өзің ше? Тағдыр қалай болды? Сол Ерасылға тұрмысқа шықтың ба? Университетте екеуіңді жұрт аңыз махаббат деп атайтын.
Айжамалдың жүзіне мұң ұялап, жанары терең ойға батты.
— Жоқ, Ғазеке. Тағдыр бізге оң көзімен қарамады. Біз де сол аңыздың құрбаны болдық.
— Қалай сонда? Адам айырды ма, Алла ма?
— Екеуі де емес. Өзім айырдым.
— Қалайша? Ерасыл ондай еріксіз көнетін жігіт емес еді ғой...
Айжамал біраз үнсіз қалды. Содан кейін қинала тұрып, ішкі сырын ақтарды.
— Ерасылға: «Сені сүймеймін, тек достарымның алдында сүйікті көріну үшін қасыңда жүрмін. Тіпті бөтен еркектің қойнында болдым», — дедім. Бұл өтірік еді. Бірақ мен оны өзімнен алыстату үшін, оның өмірі мен тағдыры менікіндей ауыр болмасын деп солай жасадым.
Ғазымбектің жүрегі шым етті.
— Айжамал, сен не істегенсің?! Неге олай өтірік айтуыңа тура келді?
— Сен білесің бе, менің анам мені дүниеге әкелген бойда бақиға аттанған. Әкем мені сол үшін кінәлап өтті. Интернатқа тапсырды. Үйге тек өсек көбейіп кеткен соң амалсыз алды. Ағаларым да жат. Үнемі үйдің кір-қоқысын мен тазалайтынмын. Ерасыл маған алғаш болып қамқор болған жан еді. Бірақ... әкемнің арман еткен ұлдары оңбай қалды. Бірі түрмеге түсті, бірі әйелдерінің жетегінде кетті. Соңында әкем жүрек талмасынан құлап, сал болып қалды. Аузынан сөз шықпай, тілсіз қалды. Сол күннен бастап мен оның күтушісіне айналдым.
Ғазымбек үнсіз тыңдап келе жатты.
— Ерасылмен қоштасуыма осы жағдай себеп болды. Мен оны сүйдім. Бірақ онымен бірге болсам, ол да өмірден теперіш көреді деп қорықтым. Содан көп ұзамай ол көлік апатынан қаза тапты. Содан бері өзімді кешіре алмай келемін. Ал әкем... кейде жылап отырып, кешірім сұрағысы келетіндей көрінеді. Мен оны түсінемін...
Айжамал үнсіз қалды. Екеуі де біразға дейін сөйлемей, жағалау бойымен үнсіз жүрді. Сол сәтте Ғазымбек оның бойынан әлсіздік емес, нағыз мықтылық көрді.
— Айжамал, сен бір басыңда қаншама ауыр тағдыр арқалап жүрсең де бүгінде еңсең биік. Нағыз ер жүрек қазақ қызысың. Қайсарлығыңа тәнтімін. Сара екеуміз бір күні келіп кетерміз. Біз де осында, жақында тұрамыз. Қаланың ішінде жүріп, саған жолықпағаныма өкініп тұрмын.
— Сараға сәлем айт. Сендер бақытты болуға лайық жандарсыңдар. Ал мен үйге кірейін. Әкем мені күтіп жатқан болар...
Ғазымбек ұзап кеткен Айжамалдың артынан біразға дейін қарап тұрып қалды. Іштей «неге мұндай жандарға тағдыр тым қатал болады екен?» деп ойлады.
Алматы көшелерінің тіршілігі түнге бет бұра бастаған. Қаланың бітпейтін күйбеңі мен көлік дабылы үдеген сайын, кештің жабындысы жайыла түскендей. Ғазымбек үйіне қарай асықпай аяңдап келе жатты. Қала көшелеріндегі шамдар бірінен соң бірі жанып, бірін-бірі алмастырып, қараңғылықпен күресіп жатқандай. Үйінің жанындағы шағын дүкенге соғып, нан алды. Айналаның тіршілігі күйбең мен тыныс. Бірақ бүгінгі күн — ол үшін ерекше бір салмақпен өтіп жатқандай көрінді. Әлдебір ескі сағыныш, ескі мұң мен жаңа түсініктер жүрегіне қатар сіңіп жатқандай.
Үшінші қабатқа көтерілгенде үй есігі ашық тұрды. Сара жұмыстан оралыпты. Ас бөлмесінен аңқыған иіс, сары майға қуырылған қой еті мен қартоп — мұрын жарып, тәбетті аша жөнелді. Бұл — Ғазымбектің бала күннен сүйсіне жейтін тағамы болатын. Ауаға сіңген осы иістің өзі-ақ жүректі жылытатын. Үйдің иісі — әйелдің махаббатындай, тілсіз, бірақ бәрін ұқтыратын, жұбатып тұратын бір нәзік жылу еді. Ғазымбек киімін ауыстырып болған соң, екеуі жайылған дастарханға жайғасты. Бірақ бұл жолғы ас дастарханы әдеттегі ас бөлмесінде емес, қонақ бөлмесінің кең үстелінде жайылыпты. Тіпті Сараның өзі де үйреншікті үй киімінде емес, жаңа, ашық түсті көйлек киіп, ерекше күйде отыр. Іштей бір қуаныштың буы үйдің ішін шарлап жүргендей. Сараның жүзінде жылылық, жанарында әлдебір тұншыққан қуаныштың табы бар еді. Күнделікті әңгіме тиегі ағытылды. Ғазымбек күндіз жолыққан Айжамал жайлы, оның ауыр тағдыры мен адам төзгісіз сынақтардан қалай өткенін баяндады. Сара үнсіз тыңдап отырды. Ғазымбектің әңгімесін бөліп, көзін төмен сала сөз бастады:
— Менің де бүгін жаңалығым бар, — деді сыбырлай сөйлеп.
Ғазымбек елең ете қалды. Сара сөзін жалғады:
— Түс ауа жұмыстан шығып, ауруханаға барып, өткен аптада тапсырған анализдердің қорытындысын алдым. Дәрігерлер… жүкті екенімді айтты...
Бір сәтке айнала тыныштыққа көмілді. Сырттағы машиналардың дабылы, қаланың қарбаласы, бәрі бір сәтке тоқтап қалғандай. Ғазымбек құлағына сенбей, Сараға бажайлай қарап қалды.
— Не дейсің?.. Рас па?.. — деп әрең тіл қатты.
— Әуелде өзім де сенбедім. Қайта-қайта сұрай бердім. Ақыры бас дәрігердің өзі қарап шығып, «Құттықтаймыз, сіз жүкті екенсіз» деді. Сол кезде ғана сендім.
Ғазымбек ештеңе дей алмады. Жауап орнына көзінен еріксіз жас төгіліп, үнсіз орнынан тұрып келіп Сараны бар жан-тәнімен құшағына басты. Екеуі де үнсіз жылады. Жанарлары жасқа толған күйі құшағы айрылмады. Ол үнсіздік — жылау емес, шүкіршілік еді. Көкке айтылған алғыс еді. Шексіз үміттің жеңісі, төзімнің, сенімнің қайтарым сәті еді. Жаратушы сан жылдар бойы екеуін сынап келді. Тағдыр екеуін сабырмен, төзіммен қоршады. Бүгінгі күн — сол төзімнің жемісі, шынайы махаббаттың жеңісі еді. Олар жылдар бойы бала жайлы айтуды қойған. Себебі әр сөз, жүрекке қадалатын ине тәрізді еді. Ал енді, айтылмай қалған армандар орындалып, үнсіз тылсымның түбінен жаңа өмірдің үні естілгендей болды. Сараның жүкті екенін естіген Ғазымбек балаша қуанды. Көзінен жас моншақтап, ішінен қайталап жатты:
— «Құдайым, мың шүкір... Ақыры сен біздің дұғамызды қабыл алдың...»
Сол кеш, олар үшін жаңа өмірдің шымылдығы ашылған кеш болды. Бақыт деген, у-шусыз, айқайсыз, жай ғана бір мәңгілік үнсіз құшақтан да тұратынына олар тағы бір мәрте көз жеткізді. Иә, шын төзімнің сыйы — әрқашан жақсылық. Бірақ соған жету — екінің бірінің қолынан келе бермейтін, жүрек пен рухтың шынайы күресі. Олар сол күрестен сүрінбей өтті.
***
Ғазымбек бұл сәттерді өз күнделігіне жазып отырған сәтін мүлде ұмытқан емес. Көзіне не үшін жас үйірілгенін өзі де аңғармай қалды. Бар өміріндегі тағы бір сынып өткерілген арнаға бұрылып, арманға толы жаңа кезеңге аяқ басқан сол бір кеш, ғұмыр бойы жүрегінде тебіреніс ретінде сақталар сәт болды. Сараның құрсағына біткен бала, бұл жұбайлар үшін Тәңір сапарына жол тартқан шынайы сапар еді. Қырық жас – бала көтеру үшін қауіпті де қиын кез. Дегенмен, ғұмыр бойы бала асырап алу жайлы айтусыз ойлаған екеу болса да, қаншама жыл бойы үнсіз ақ тілек қып жүрді. Енді үміттің түндігі ашылып, «әлемге ғұмыр сыйласын» деген тілек орындалып жатқанына шексіз қуанбасқа болмайды. Сол күннен кейін Ғазымбек жұбайына деген қамқорлығын ерекше күшейтті. Кешкісін бір сағат бұрын жұмысын бітіріп, мектептің алдында тұрып қалған. Бұл күн тәртібі жаңа өмірдің бастамасы сияқты болды — жұптың үмітке толы күн тәртібі. Оның жүрегіне жаңадан орнатқан «әкелікке ұмтылу» сезімі де қосылды. Кейде жұмыстан қайтып келе жатқанда «Шіркін, ұл болса екен» деп те іштей сыбырлап қоятын. «О, мейірімі шексіз Алла өзіңе шүкір. Менің де дұғамды қабыл етіп, енді міне перзентті етейін деп тұрсың. Не де болса күпірлік етпеймін. Сараның денсаулығына аздап уайымдағаным болмаса, қуанышымда шек жоқ», деп бірде іштей, бірде сырттай күбірлеп қоятынды шығарды. Негізі бұлардың отбасының алдынан бұл кезде үлкен сынақ күтіп тұрған еді. Сынаққа сынып қалмай өту расында екінің бірінің қолынан келе бермейді.
***
Алматы бүгін ерекше күңіреніп, бірде жаңбырлатып, енді бірде жел соғып дала беймаза күйге түскеніне жергілікті тұрғындар қатарында Ғазымбек те үйренісіп қалған. Бірақ ол бүгін жұмыстан ерекше шаршаңқырап шықты. Сара бүгін анализ тапсыруға ауруханаға барған. Одан шығып, бірден үйге қайтатынын білген Ғазымбек те жедел үйіне қарай аяңдады. Соңғы кездері Сараның денсаулығы болмай, ауырыңқырап жүргенін білген ол жақын маңнан бір құшақ раушан гүлі мен дүкеннен кешкі шәйға тәтті де алып алды. Үйге кірсе бұл күткен кешкі астың иісі тұрмақ, жарық та қосылмаған екен. Іші бір сұмырайды сезген ол тездетіп, аяқ киімін асығыс шешіп Сараны іздей бастады. Қолындағы заттары мен жұмыс сөмкесін ас болмесіне тездетіп қойды да жатын болмеге бет алды. Жастыққа бетін басып, көз жасын төгіп жатқан Сараның сұлбасын көрген оның денесі су құйғандай мұздап кетті. Аузына «Сара» деген сөзден басқасы түспей аяқ асты кекештене бастады.
– Сара, аманшылық па? Денсаулығың дұрыс па? Біреу-міреу ренжіткеннен сау ма?
– Ғаазыымбек, – деп жарының есімін әрең айтып оның иығына еңкілдей асыла кетті. – Неге біз ғана сынақтың астында өмір сүреміз. Бізден басқа да қаншама адамдар бар ғой. Неге біз ғана тілеген тілегімізге толықтай жете алмаймыз. Өмір бойы тілеген перзентіміз..., – деп сөз бастап еді, көкірегіне тығылған өксіктен сөйлей алмай жылай берді. Әңгіме ауанын анық болмаса да жобалай сезген Ғазымбектің де көңіл күйі лезде бұзылды. Бірақ, оны Сараға сездіргісі келмей:
– Ой, жаным-ау, ештемеге уайымдамашы. Бәрі жақсы болар. Бұйырса бала болса болар, болмаса да тіптен бақытсыз емеспіз ғой. Ең бастысы сенің денсаулығың маңызды.
Сараны тыныштандырып, ұйықтады-ау дегенде сыртқа шықты. Балалық шағынан бастап қиын-қыстау ғұмыр кешіп келе жатқан Ғазымбекті тағдыр таңғажайыптары оңайлықпен есеңгіретпейтін. Бірақ, мына оқиға қалай да болмасын оңайға түспеді. Сараның өксікке толы сөздерінен түсінгені құрсаққа біткен шарана өз уақытынан әлдеқайда кеш жетіліп келе жатыр. Ренген анықтамасына қарағанда басы ғана өз уақытымен дамып, қалған дене мүшелері кеш өсіп жатыр екен. Яғни әлемде сирек кездесетін дерттердің бірі. Ғазымбек қуанышының мұнша тез аяқталғанына іштей Жаратушыға деген наласын айтып келе жатты. Деседе шаңырағына келген бұл қиындыққа әсте мойымау керектігін де ол анық білетін. Тағы бірде «медицина деген қазір адасып жатады ғой мүмкін әлгі апараты құрғыр дұрыс емес көрсетіп тұрған болар» деп те өзін жұбатты. Не де болса үйге кіріп еді, Сара ұйықтап кетіпті.
Бүгін Сара ертерек оянып шелпек әзірлепті. Таңғы асты ішіп болған соң Ғазымбек шелпекке құран оқып дұға етті. Жолдасының көңілін басқа арнаға аударайын деген Ғазымбек Сараны Алматының орталық саябағына алып барды. Екеуі қол ұстасып саябақтағы көлдің жанынан өтіп келе жатып Ғазымбектің көзі бірден жасынан кеш жетілген бір адамға түсіп кетті. Байқаса Сараның да назары сол жақта екен. Лезде бағытты өзгертіп Сараны ертіп ала кетті. Адам ең әуелі ой арқылы өзін-өзі тұңғыйыққа батыратыны секілді, бұларда дәрігердің сөзінен кейін әртүрлі ойдың жетегінде жүрген болатын. Сара жолдасына бір жерге отыруды айтты. Екеуі тасалау жердегі орындаққа отырды. Ғазымбек жұбайының сары уайымға салынып жатқанын оның жанарынан байқау қиын емес еді. Ойын басқа жаққа қанша бұрғысы келгенмен Сара өзін жоғалтып бара жатты. Аз үнсіздіктен соң:
– Ғазымбек мен сені түсінемін маған қанша білдірмегеніңмен сеніңде қиналып жүргеніңді сеземін. Ұзақ жылғы сынақтан соң енді перзентті боламыз ба дегенде соңы осылай болып тұр. Мен саған ғұмырымды арнадым, бірақ бір бала туып беріп, әйелдік міндетімді толық атқара алмадым. Сол үшін ұяламын. Қай еркектің де арманы өзінен кейін тізгін ұстар ұлы болуы емес пе? Амал нешік саған барымды, нәрімді бергеніммен... Ғазымбек мен былай шештім. Оборт жасайтын әйелдің мекен жайын таптым. Соған ертең барып алдырып тастасақ қалай қарайсың. Түсінші мені мұндай ойға келуімде оңайға соқпады. Жан-жақты ойлап содан соң ғана барып айтып тұрмын.
– Сүйіктім-ау, әрине мен де бәрін түсінемін. Сендегі уайым менде де жоқ емес. Алланың жазмышынан оза да, қаша да алмаймыз. Сондықтан тағы да бір тексеріліп көрсек қайтеді. Мүмкін бұл жердегі дәрігерлер қателесіп кеткен болар. Мен әлі де болса солай деп үміттенемін.
– Ғазымбек мен әрине баламыз туылғаннан кейін одан намыстанып немесе науқасына қараудан әсте қашпақ емеспін. Бірақ, ертең ол қоғамнан бөлініп, бізге ренжіп өмірі тек өкінішпен өте ме деп қауіптенемін. Дәрігердің айтуынша анализді тек үш айда бір рет қана тапсыруға болады екен. Соған ертең кеш болып қалмай тұрғанда ойланайық деп жатқаным ғой. Шыны керек қазір маған да сағанда оңай сын сағаты келіп тұрған жоқ.
– Әрине жаным-ау қиындық деген уақытша ғой. Әлі-ақ бәрі жақсы болып кетеді. Меніңше біздің бала бізді жәй әншейін қорқытып жатыр. Көрде тұр шекесі торсықтай болып туып біздің көзайымымыз болады. Бұл дәрігерлер дегенің не айтайды дерсің. Соңында бәрін медицинаға жауып, қателесіппіз деп айта салады. Бұйырса біздікі де солай деп білемін. Аз уақыттың ішінде қаншалықты әбіржіп кеттік қой. «Уайым түбі тұңғиық батасың да кетесің» демей ме? Бүгін біз өзімізге мейрам жариялап қыдырайық, кешкісін жақсы бір мейрамханаға барып тамақтанып, көңілімізді көтерейік. Есіңде болсын біздің сезімді Алладан басқа ешнәрсе бөле алмайды.
Ол бұл сөзінен кейін Сараны құшақтап, маңдайынан сүйді. Сара да артық ауыз сөзге келмей онымен бірге қаланы серуендеп кетті. Кешкісін тамақтанып, жоғары көңіл-күймен үйлеріне оралды. Уайыммен келген бұл қуаныштары Ғазымбек пен Сараға расында оңайға соқпады. Ал бүгін сол сар уайым тұңғыйығынан шыққандай болып, екеуі де үйге оралған соң көп жүрмей ұйықтады. Адам қимыл-қозғалыстан шаршағанда тынығып, ұйықтаса демалады. Ой арқылы рухани шаршаудан адам ұйықтап та, елсіз алқапқа кетіп те құтыла алмайды. Ғазымбек дөңбекшіп көзі ілінбей қойды. Сараның ұйықтағанын байқап, жұмыс бөлмесіне шығып кетті.
***
Ғазымбек Ауғаныстанда тұрған кезінде атасы Әбдірахман көптеген діни қисса, дастандарды айтып жүретін. Бала күнінде бірін тыңдаса, бірін аласұрып оңды тыңдамайтын. Атасының адам баласының дұғасының жылдам қабыл болуы үшін не істеу керек деген сауалға атасы мына бір оқиғаны айтып беріп еді. Тап қазір сол оқиға Ғазымбектің ойына түсіп отыр. Ол Мұса пайғамбар мен бедеу әйелдің оқиғасы болатын.
Ислам тарихында Жаратушымен тікелей сөйлескен пайғамбар Мұса (а.с.) бір күні Алла тағаладан әмір алу мақсатында тауға бара жатқан кезінде алдынан бір әйел шығады. Ол ұзақ жылдардан бері перзент көтере алмай, жасы егде тартып қалғанын айтады. Оның сөзін бөлмей, анық тыңтаған соң Мұса пайғамбар «Жарайды, сен үшін Жаратушыдан тілеуіңді тілеп келейін» дейді. Бедеу әйел қуанып, алғысын жаудырады. Тауға келіп Алла тағаладан уахи алған соң «Ей, Мұса сен ештемені ұмытып кеткен жоқсың ба?» деген хабарды естіген кезде есеңгіреп қалған Мұса: «Иә Жаратушы ием, қара басып бір пендеңнің өтінішін жеткізуді ұмытыппын. Ол сенен таңнан кешке дейін, үздіксіз перзент сұрайды екен. Сол тілеуін бере көрші. Өзі шын мұқтаждықпен менен де айтып жіберіп еді» деп сөзін аяқтағанда «Ей Мұса, есіңде болсын мен ол пендемді жаратқанымда перзентсіз болады деп жаратқан едім», деп Алла тағала жауап қатады. Жауапты естіген соң Мұса үйіне қайтып келе жатқан кезінде әлгі әйел алдынан шығып күтіп алады. «Хазірет Мұса, жаратушымыздан менің тілеуімді сұрадың ба?» деген сөзін естіген Мұса амалсыздан Жаратушының жауабын жеткізеді. Өңешіне өксік тығылған ол, «Мұса, мейлі мені перзентсіз болады деп жаратса да, мен ешқашан дұға етуімді тоқтатпаймын. Әр сәтте Жаратушыға жалынып, жалбарынудан шаршамаймын» дейді. Арадан уақыт өтіп тағы да тауға Мұса бара жатқанын көріп әлгі әйел осы жолы да дұға тілеуін өтінеді. Алла тағаладан хабар алып болған соң «Иә Жаратушы Жаббар ием әлгі пендең қоймай тағы да сұрауымды өтінді, мүмкіндігі шексіз өзіңсің ғой, бір перзент бере көрші» деп шын өтінеді. Сол уақытта «Ей Мұса, мен саған тағы да қайталап айтамын, ол құлымды жаратқан кезде бедеу, перзентсіз болады деп жаратқанмын» деп жауап қайырады. Мұса пайғамбар әлгі әйелге келіп, Алланың жазмышына көніп, сабыр етуін айтады. Бұл жолы да «Жарайды Мұса, дегенмен Жаратушының шексіз мейірімінен үміт етемін және дұғамды тоқтатпаймын» деп жауабын береді. Арадан күндер өтіп, Мұса ендігәрі ол жолмен емес басқа жолмен жүруді ләзім табады. Себебі әркез әлгі әйелмен кездескен сайын оның дұғасын жеткізу оңайға түспей және алар жауабы да белгілі болғандықтан көзіне көп түсе бермеуді жөн санайды.
Арадан жылдан аса уақыт өтіп, ендігі жерде перзет сұрап жүрген әйелдің де есінен шығып, тағдырына көнген болар деген оймен үйреншікті баяғы жолымен келе жатса, былтыр ғана зар еңіреп перзент сұрап жүрген әйелдің қолында жас нәрестенің тұрғанын көріп аң-таң болады. Әуелгіде бұл қалай деген ол, кейіннен өзгенің баласын бауырына басқан шығар, онысы да жөн болған екен, деп ойлайды.
– Мұса аманбысың, көрдің бе, Жаратушының мейірім, шапағаты маған да түсіп, бойыма бала бітіп, құшағым толды.
– Бауы берік, ғұмыры ұзақ болсын, – деп Мұса батасын беріп, таңданыспен сапарын жалғастырады. Жаратушыдан уахи алып болған соң «Уа, Жаратушы ием, былтыр ғана перзентсіз етіп жаратқан пендеңнің тілеуін айтқанымда тағдырында солай жазылған деп едің, мұның хикметі қалай» деп сұрағанда «Иә, солай дегенмін, бірақ ол пендем таң демей, кеш демей, менен шын ықыласпен перзент сұрай берді. Бермеске амалым қалмады. Оның тағдырын перзентті болады деп өзгерттім. Шын ықыласпен тілеген дұғасы тағдырының өзгеруіне дейін алып барды». Мұса бұл оқиғаның бүкіл адамзат баласына үлгі болар хикметті оқиғалардың бірі болып қалатынын ойлайды.
Ауған топырағындағы бала күні әлі де көз алдында. Атасы Әбдірахман Ғазымбекке мұндай оқиғаның қаншамасын жалықпай айтып беретін. Жастайынан діни сауатты өскен ол кейіннен өзге ғылым салаларын, әсіресе тарихты меңгеруіне марқұм атасының ықпалы мол болып еді. Сол күннің кешінде Ғазымбек іштей бір шешімге келгендей болды. Егер тағдыр өзгерсе, ол – дұғаның күшімен, жүректің табандылығымен ғана өзгереді. Ендеше, үміттің шырағы сөнбеуі керек.
***
Таң алагеуімде Ғазымбек шошып оянды. Тамағы кұрғап, еріні кезеріп қалыпты. Қатты терлегеннен үсті су болып кетіпті. Жарының мазасызданып жатқанын көріп, Сара оятып жіберген екен.
– Ғазымбек-ау, бәрі дұрыс па? Жаман түс көрдің ау деймін шамасы, қатты қиналып жатыр екенсің...
Сараның ұсынған суын ұртап, ентігін басқан соң – Иә, бір жаман түс көрдім. Уһ. Уақытта болып қалыпты ғой, мен жуынып алайын, – деп не түс көргенін айтқысы келмеген сыңай танытты. Ұйқыдан енді тұрған жарынан одан әрі қазбалап сұрауды жөн көрмеген жұбайы таңғы асты әзірлеуге кірісті.
Ғазымбек жұмыстан шыққан соң түнде көрген түсін ойлап келе жатты. Ол түсінде даун синдромы бар жігіт «Әке менің осындай болып туылатынымды білсеңіздер де дүниеге әкелдіңіздер. Қоғамнан мәңгі бөлініп жүруімді қаладыңыз ба. Неге сол шарана кезімде алдырып тастамадыңыздар. Неге? Неге мені азапқа қалдырдыңыздар. Қарғыс болсын сізге, қарғыс, қарғыс, қарғыс», деп бұған қарай жақындап келе жатқаны ойынан шығар емес. Жайшылықта көрген түсін лезде ұмытып қоятын оның есінен бұл оқиға еш шығар емес. Кеше ғана «тәуекел етіп көрейік, алдырмаймыз» деген ойына қарсы пікір туып жатты. Расында да ертеңгі күнді ойлап, алдырып тастасақ болмай ма екен деген де ойлар оған маза бермей келе жатқанда көлік сигналы оның ойын бөліп жіберді. Сөйтсе бағдаршамның жүруге болмайтын жарығы жанып тұрғанда жолды кесіпті. Тура жанына екпіндеп келген қызыл жигулидің ішінен бір жігіт шығып, бұған қарай айқайлап келе жатқанын көріп есін жиды.
– Ей, көзің көрмей ме, бағдаршамға қарамайсын ба, сәл болмағанда о дүниеге аттандырып жіберер едім, – деп жұдырығын түйіп келе жатқан жүргізуші Ғазымбекті бірден тани кетті. Ғазымбекпен бір факултетте оқыған курстас досы Балғынбек екен. Екеуі бір-бірін осындай жағдайда көріскендеріне аң-таң болды. Көлігін жол жиегіне қойған соң жақын маңдағы шайханаға отырып әңгімелесті.
– Ғазымбек досым-ау, ой тұңғиығына батып кетіпсің ғой. Аманшылық па, өзіңмен көріспегелі де қаншама жыл болды ғой.
– Иә досым, тіршіліктін тұңғиығына батып келе жатып, о дүниеге аттанып кете жаздадым ғой, – деп жымиды.
– Ашуланғанда жәй айтқаным ғой оған ренжіме досым. Менде ойланып келе жатыр едім, аңғармай қалыппын.
– Менікі жәй қалжың ғой. Отбасың бәрі аман-есен бе? Бала-шағаң қалай?
– Шүкір деп жүріп жатырмыз. Оқу бітірген соң дипломды шабаданға салып, туған жер Таразға қайтып кеттім емес пе? Сол жақта үйлендім. Мектепте бірге оқыған сыныптасыммен шаңырақ көтердік. Өзің де қалай үй-іші, бала-шаға дегендей?
– Бізде де бәрі аман-есен. Өзің білетіндей курстасымыз Сараға үйлендім. Ол мектепте мен КазГУ-демін. Екеумізде ұстаздық жолды таңдадық. Бұйырса тұңғышымызды күтіп жүрміз, – деп айтқаны сол еді, қып-қызыл болып ыңғайсызданып қалды. «...тұңғышымызды күтіп жүрміз» деген бір ауыз сөзді қалай айтып жібергенін байқамай да қалды.
Тумысанан ұғымтал Балғынбек те мән-жайды тез түсініп, қазбалауды жөн көрмей әңгімені өзі жалғап кетті.
– Бәрекелді бауырым, аман-есен дүниеге келіп алсын. Біраз жыл сол Таразда қызмет еттік. Алматыға таяуда ғана келіп, жүмыстың ыңғайы келмей жүргендіктен адам тасып нан тауып жатырмыз. Өзің білесін Алматы келген қонағының маңдайынан сыйпай қоймайды ғой.
– Таразда қандай қызмет атқарып едің?
– Біздікі де сол ұстаздық қой Ғазеке.
– Қап, осы аспирантура оқымағандығының салдарынан ғой университетке орналаса алмайтының. Бірақ оған қам жеме, қаланың бір мектебіне орналастыруға көмектесейін. Алматыға да жақсы тарихшы қажет, – деп аз жымиды да, – Бәке бала-шаға жағы өзіңде қалай, қанша ұл, қанша қыз.
– Әуелі қызмет бойынша айтқан жылы пікіріңе мың алғыс. Ал, бала-шаға десең... иә жалғыз ұлымыз болды. «Болды» деп өткен шақта айтуымның да себебі жоқ емес. Ата-анамның қарсылығына қарамай өз руласыма үйлендім. Екеуміздің руымызда әлі жеті атадан аспаған екен. Сонда да тәуекел етіп махаббатымызды жоғары қойып бас қостық. Біраз уақыт перзент көре алмай келдік. Арадан жылдар өтсе де бір-бірімізге деген махаббатымыздың оты сөнген жоқ. Сөйтіп жүріп жұбаймның бойына бала бітіп, ұлды болдық. Әуелгіде дәрігерлер құрсақтағы баланың денсаулығында үлкен кінәрат бар екенін бірнеше рет айтса да біз тәуекел еттік. Дәрігерлердің айтқаны, әйелім екеуміздің қан топтарымыз жақын болғандықтан ол міндетті түрде балаға әсер етеді екен. Сонда да біз соңына дейін баруды жөн көрдік. Негізі жұбайымның ата-анасы мен менің ата-анам бір ауылда тұрғандықтан басында сөз жоқ «біз туысқандармыз, тіптен жеті атадан да аспағансыңдар» деп айтқанына қарамай олардың разылығын толық алмағаннан да болар бәлкім, анығын білмедім. Бірақ, ұлымыз бізге үлкен тағдыр сынағымен дүние есігін ашты. Қысқартып айтқанда баламыз буын ауруымен дүниеге келді. Орнынан өздігінен тұра алмайды. Бірақ өте ақылды. Сөздері де анық. Бастапқыда үйге мектеп мұғалімдері келіп сабақ беріп жүрді. Кейіннен ұлым мектепке барып оқуын қалап, арнайы арбамен мектеп қабырғасына барып оқып жүрді. Енді бала болғандықтан сыныптастарының бірі мазақ қылатын көрінеді. Содан намыстанып жүріп, ақыр соңында мектепке де баруын тоқтатып, қайтадан үйде білім алып жатты. Бірақ ұлым күннен күнге ашуланшақ, сабырсыздыққа ұшырап жатты. Бір күні «Әке, менің осылай туылатынымды білдің ғой. Неліктен мені бұлай қинадың. Шарана күйімде көзімді неге құртпадың. Неге тәуекелге барып, менің тағдырыммен ойнадың. Міне көрдің бе, қоғамнан бөлініп, мүгедек болып сендерге масыл болып отырмын. Сендер о баста болашақ перзенттеріңді ойламай өз сезімдеріңді бәрінен жоғары қойған өзімшілсіңдер. Қарғыс атқан ата-анасыңдар. Енді менің тағдырым не болады, айтшы әке. Неге мені алдырып тастамадыңдар» деп талып қалды.
Дәл осы оқиғаны естіп отырған денесі бірден мұздап, маңдайы моншақ терге батып кетті.
– Содан соң ұлымның тағдыры көпке бармады. Ас бөлмесінде тұрған сірке суының біразын ішіпті. Содан соң ауруханада көз жұмды. Содан бері жұбайымның жағдайы нашарлап, бір-екі айдың ішінде есеңгіреп қалды. Алматыға келуіміздің де себебі осы. Тұп тура он бес жасында опат болған баламызды жер қойнына тапсырған соң үйіміз де, қаламыз да, айналамыз да тозаққа айналды. Қайда қарасақ та ұлымызды көргендей боламыз. Содан өзімді қойшы, жұбайыма обал болар деп, азын-аулақ жүкпен осында келдік. Абай айтқандай «Бір қайғыны ойласам, Мың қайғыны қозғайды». Менің мың қайғым да, өкінішім де сол жалғызым. Енді қайтеміз рас о бастан ақ батасыз бас құрадық, өзімізге де обал жоқ. Тірідей барып, бос қабірге жата алмаймыз ғой енді. Құдай қанша өмір берсе сол өмірді өкінішпен өткеруден өзге жол жоқ.
– Бауырым-ау, бұлай боларын сен қалаған жоқсың ғой. Тағдырдың жазмышы да жай. Қайғыңа ортақпын. Ендігі қайғыға майысып сынба. «Үмітсіз сайтан» деген. Құдайдан үмітіңді үзбе. Алматыға келіп дұрыс жасапсың. Бұдан былай отбасымызбен араласып тұралық. Менде осы маңайдан алыс емес маңда тұрамын. Мынау менің визиткам. Міндетті түрде хабарлас.
– Рахмет Ғазеке, жұбату сөздеріңе ризамын. Біздің де бастан осындай тағдыр өтті. Иә, үмітімізді үзбейміз ғой. Ғайыптан бір қуаныш келетіндей сезіледі маған. Өзімнің драмамды айтып сені де әбден шаршатып алған сияқтымын ғой. Ескі таныстар болған соң ағымнан ақтарылып жатқаным ғой. Рұқсат болса тұрайық, мені де күтіп қалған болар. Бұйырса міндетті түрде хабарласып, шаңырағыңа соғып кетемін.
– Әрине бауырым, міндетті түрде хабарлас. Жұмыс мәселесінде қолдан келгенше қарастыра жүрейін. Келіншегіңе сәлем айт. Айтпақшы есімін де сұраппын...
– Ааа, есімі Нұрғайша.
– Ендеше Нұрғайшаға менен сәлем айт.
Екеуі қол алысып тарқасқан соң Ғазымбек одан әрі ой орманына еніп кетті. Әсіресе Балғынбектің марқұм ұлы айтқан сөздері есінен шықпай, түнде көрген түсімен сәйкес келгеніне ойланып үйіне қарай бара жатты. Соңғы уақытта басына үйірілген қара бұлттар қашан тарқайды екен деген ой да маза бермеді.
***
Ғазымбек пен Сара тағдырдың тосын салмағына шырмалған, бір шешімнің шеңгелінде жан дүниесімен арпалысып жүр. Көп жылғы сағыныш пен сансыз дұғаның жемісі болуға тиіс сәби – енді олар үшін ауыр сұрақтың ортасында тұрған сынаққа айналды. Бала – ананың жүрегінде бүр жарған үміт, әкенің көзінен тасыған қуаныш емес пе еді? Алайда дәрігердің суық сөзі, сәби денсаулығына қатысты күмән – олардың бүкіл сенімін селт еткізіп, жанын жаралаған. Сол күндері Сара да, Ғазымбек те өз-өзінен қашқандай. Бір-біріне сүйеу болуға тырысқанымен, ішкі жан дүниелеріндегі қопарылысты жасыру мүмкін емес еді. Арада үнсіздік орнап, сырттай тыныш көрінгенмен, екеуінің ішінде дауыл соғып тұрған. Сараның жанын жегідей жеген нәрсе – түн ортасында көрген бір түс еді. Сол түс жүрегіне шаншу болып қадалды. Сол түнде ол нұрлы жүзі бал-бұл жанған бір жас қызды көреді. Қыздың жүзінен реніш пен өкініш араласқан мұң сезіледі. Ол Сараға тік қарап тұрып:
– Анашым, менен неге ұялдыңыздар? Неге менің тағдырымнан бездіңіздер? Егер расымен қоғамнан қысылсаңыздар, неге мені тірі күйімде перзентханаға өткізбедіңіздер? Мен ешқандай кемтар емеспін. Мені құшағыңыздан жұлып тастағандарыңыз – қарапайым сынаққа шыдамай жасағандарыңыз. Мен сіздерді ешқашан кешірмеймін, – дейді де, ғайып болып кетеді.
Сара оянып кетті. Тер сіңген жастығы су болып кеткен. Бұл түс жүрегін тасқа айналдырғандай. Қорқыныш пен өкініш, ұят пен аяныш жанын күйдіріп жіберердей. Түстің әсерінен арыла алмай, көзіне ұйқы енбей таң атады. Ғазымбекке бұл жайлы айтуға қорықты. Бірақ дәл сондай күйді Ғазымбектің өзі де бастан өткеріп жатқанынан ол бейхабар еді.
Ертеңгі күні баланы алдыруға белгіленген күн. Дегенмен, дәл осы түстен кейін олар үндемей отырып, бір-біріне қарап ұзақ үнсіз қалды. Сөз керек емес еді – олардың көздері айтқысы келгеннің бәрін айтып тұр. Жан-дүниелеріндегі дауыл тоқтамағанмен, бір сәтке тыныштық орнағандай. Сол сәтте Сара:
– Ғазеке, мүмкін алты айға дейін күтейік... Дәрігер сол кезде нақты айта алады деді. Ал қазір – бәрі белгісіз. Мүмкін бәрі жақсы болып шығар, – деді үміт пен үрей қатар тұрған үнмен. Ғазымбектің үні сәл дірілдеп шықты:
– Басқа жол қалмаған сияқты... Күту керек. Сабыр етейік, Сара. Бұл шешім екеуміз үшін де оңай емес, бірақ біз тағдырдан қашып құтыла алмаймыз. Дәрігер де растады. Алты айдан кейін ғана нақты тексеру мүмкін болатынын, бірақ ол да ана мен балаға белгілі бір дәрежеде қауіп төндіретінін жасырмады. Таңдау – олардың қолында. Бірақ әр таңдау – тағдырмен бетпе-бет келу еді. Бұл күннен бастап әр сәт, әр сағат мәңгілікке тең болды. Уақыт тіпті тоқтап қалғандай, секундтар ғасырларға созылып жатқандай көрінді. Сара да, Ғазымбек те – бір-бірінен үміт іздеп, тіршіліктен жауап күтті. Бұл уақыт – тек қана күту кезеңі емес, ішкі арпалыстың, адамгершілік пен ата-аналық борыштың найзағайлы түндермен ұласқан азапты сынағы еді. Екеуінің де жүрегі сәби үшін тулап, ішкі қасіретті сыртқа шығармай, үнсіз көтеріп жүрді. Көзге көрінбейтін бір періште көлеңкедей қастарына еріп жүргендей әсер беретін... Мүмкін бұл сәби – оларға көктен түскен бір сынақ, бір мезетте рақым мен мейірімнің айнасы шығар. Ал олар болса, сол айнаның алдында өз жүректеріне үңіліп, адамдықтың ең терең тұңғиығына бойлап бара жатты...
***
Уақыт сырғып емес, сызылып өтіп жатты. Әр таңды олар ішкі арпалыспен қарсы алатын болды. Сараның бойында өсіп келе жатқан тіршілік лүпілін сезіну – бір сәт шаттық сыйласа, келесі сәтте жүрегін тіліп өтетін алаңмен жалғасатын. Ол енді бұрынғыдай жай ғана әйел емес еді, енді ол – ана болуға дайындалып жатқан пенде, бірақ толық сеніммен емес, қауіп пен күдікпен қарайтын ана. Ғазымбек болса... Ол үнсіздіктен қамал соққан адамға ұқсап кеткен. Көп сөйлемейтін, бұрынғы әзілдері де жоғалды. Оның жанын жегідей жеген – тек баланың тағдыры емес, өзінің еркектік, әкелік, адамдық таңдауының салмағы еді. Сараның құрсағындағы шаранаға жан бітіп жатқанын сезіп тұрып, оны өмірден айыруға ерік бермек – бұл бір жазылмас күнәдай көрінді. Бірақ екінші жағынан – бұл өмірге мүгедек сәби әкелу, оны өз бақытынан айырғанмен тең емес пе? Сұрақтар, жауып тұрған нөсердей – біріне жауап бермейін десе, келесісі төбеден түсіп кетеді. Ғазымбектің жаны екіге жарылып, күн сайын өзін-өзі тізгіндеп, іштей «менің шешімім дұрыс па?» деген сұрақпен алысып жүрді.
Сара бір күні жылап отырып:
– Құрсағымдағы бала менің дұғам еді. Бірақ неге дұға сынаққа айналды, Ғазеке? – деді.
Ғазымбек жауап таппады. Бұл сұраққа Жаратқанның өзі ғана жауап бере алатындай көрінді. Кеш бата Сара тағы бір түс көрді. Бұл жолы әлгі ақ көйлекті қыз қайта келді. Бірақ енді ол үнсіз тұрмады. Қолында кішкентай қуыршақ ұстап, Сараға жақындап келді де, былай деді:
– Мен бұл өмірге келмесем де, сіздің жаныңызда болам. Бірақ мені қабылдамағаныңыз – менің емес, сіздің жараңыз болып қалады. Сіз жүрекпен емес, қорқынышпен шешім қабылдадыңыз...
Сара таңертең көзі іскен күйде оянды. Ғазымбекке ештеңе айтпады. Бірақ ол да түс көріп еді – бұл жолы қараңғыда қыстығып тұрған сәбиді. Үсті-басы шаң, қолын созып: «Мен кімге керексіз болдым?» – дегені есінде. Екеуі де тылсыммен сөйлесіп жүргендей күй кешіп жүрді. Ғазымбек жұмысқа барса да, жұмыс емес – өзімен күресіп қайтады. Сара үйде отырса да, үйде емес – өз ішінде адасып жүрген әйел. Олар енді бұл сынақты жай ғана медициналық шешім емес екенін білді. Бұл сынақ – адамның, ата-ананың жүрегіне салынған күрделі сауал еді: «Қандай өмір де – өмір емес пе?»
Алты айлық мерзім жақындаған сайын күндер ауырлай түсті. Уақыт та күткендей емес, қорқынышты күнтізбеге айналған. Сара күн санап ішіндегі тіршіліктің еркін қозғалып келе жатқанын сезінді. Ол шын мәнінде өмірге келгісі келіп, арпалысып жатқан бір болмыстың бар екенін сезді. Бұрын «бала» деп атаған – енді «ол» болды. Ол – беймәлім тірі жан, ол – бір тағдыр, ол – үміттің де, үрейдің де иесі. Сара кейде терезенің алдына отырып, жапырақтардың баяу қозғалысын сағаттап бақылайтын. Әр жапырақ – өмір, әр қозғалыс – күрес. Ол өзін сол жапырақтардың біріне теңейтін. Даланың желімен шайқалып тұрған үміт жапырағы. Бірақ қашан үзіліп түсерін білмейді.
Ғазымбек бір кеште терең үнмен: – Сара... Егер бала мүгедек болып туса ше? Егер біз оны толық өмірмен қамтамасыз ете алмасақ ше?.. – деді. Сара ұзақ уақыт үндемеді. Сосын терезеге қарап тұрып: – Ал егер ол сау болса ше? Егер біз қателессек ше?..
Бұл сұрақтар екеуінің жанын алаулап өртеп жіберді. Бірақ бір-біріне дауыс көтермеді. Екеуінің де күресі – өз ішінде. Екеуінің де жауы – қорқыныш пен беймәлімдік. Бірақ үміт – әлсіз болса да, тірі еді. Және ең маңыздысы – құрсақтағы үн де тірі еді...
***
Түн. Бөлме іші тылсым тыныштыққа оранып, терезеден аққан ай жарығы еденге ақ сағымдай төгіліп жатыр. Ғазымбек пен Сара жатса да, екеуінің де көз ілмегеніне біраз болған. Ұйқы – бұл түнде оларға мейірім танытпады. Қорқыныш пен беймәлімдік үйдің ішімен көлеңкедей қыдырып жүр. Дыбыссыз... бірақ бар. Сара кеудесін басып, терең тыныстап жатыр. Іштегі сәбидің әр қимылы жүрегін шымырлатып, санасына бір белгісіз сыр ғып жазылып жатты. Ол үнсіз сыбырлады:
– Сен мені естіп тұрсың ба?.. Егер естісең, кешір...
Осы сәтте ол көзін жұмды да, өң мен түстің шекарасына қарай сырғып кетті. Босаңсу мен үрей, мейірім мен кінә – бәрі араласып, беймәлім күйге енгенде, кенет бір дауысты естіді.
– Анашым...
Сара селт етті. Қараңғы кеңістікте, бейнебір тұман ішінде ақ көйлек киген сәби бейнесі пайда болды. Бұл бала – сол баяғы періште қыз. Бірақ бұл жолы оның даусы тереңнен, жүрек түбінен шығып тұрғандай сезілді.
– Мен сіздің дұғаңызбен келген сәулемін. Бірақ сіздер мені сынақ деп қабылдадыңыздар... Неліктен? – деді сәби періште, бейнебір күлмей жылап тұрған кейіппен. Сара: – Біз қорықтық... Болашағыңнан, тағдырыңнан, сенің мүмкін мүгедек болуыңнан... – деп күбірледі.
– Мүгедектік – тәннің шектеуі ғана. Ал менің жанымда шек жоқ еді. Мен сендердің сүйіспеншіліктеріңмен-ақ өсуге дайын едім. Мен жылағым келмеген, күлгім келген...
Сара көзіне жас алып:
– Біз қателестік пе?
Сәби үндемеді. Тек жүрегінен жарық сәуле тарады. Сөйтті де, ақырын басып Сараның жанына келіп, алақанымен оның ішіне қолын қойды.
– Мені өлтірсең де, мен сенің жүрегіңде қалам. Бірақ жаным жаралы болып қалады. Өйткені мені бұл өмірге сүйіспеншілік емес, қорқыныш жетелейді.
Осы сәтте Ғазымбек те түн ішінде мазасыз күйде оянып кеткен еді. Терезеге қарап, маңдайын сипап, бір сәтке сарайдағылардан кешірім сұрағысы келді.
– Мен еркекпін... Бірақ кейде еркектік – жай ғана шешім емес, жауапкершілік екенін кеш ұғам. Құдайым, егер мені кешірсең, баламды кешір...
Осы сәтте ол да ұйықтап кеткен еді. Түсінде тұман арасынан өзіне қарай жүріп келе жатқан кішкентай бала көрінді. Басында кішкене тақия, қолында домбыра. Келді де, жай ғана:
– Әке... менің даусымды естідің бе? – деді.
– Естідім, балам... – деді Ғазымбек дірілдеп.
– Онда мені енді жоғалтпа.
Осылайша екеуі де түн ішінде рухани бір серпіліске бет бұрғандай болды. Бұл жай ғана түс емес еді. Бұл – ардың, жүректің, ішкі жан дүниенің үнсіз айқайы, шынайы даусына құлақ түрген сәт болатын. Таң ата бергенде, Сара орнынан жайлап тұрып, Ғазымбектің иығына басын қойды. Екеуі бір-біріне үнсіз қарады. Бұл үнсіздік – шешім емес, бірақ жол. Бұл – жан дауысын естігендердің тыныштығы еді.
– Біз баламыздан бас тарта алмаймыз, Ғазеке... – деді Сара. – Өмірі қандай болса да, ол – біздікі. Ол – тағдырымыздың жалғасы.
Ғазымбек көзін жұмып, басын изеді. Сол сәттен бастап олар енді сынақтан емес, сенімнен жауап іздей бастады.
***
Аспан бозамық тартқан таңмен бірге үй ішіне салқын тыныштық енді. Бұрынғыдай үрейлі үнсіздік емес – әлдебір беймәлім сабыр жайлаған. Бірақ бұл – әлсіз үмітке бекінгендерге ғана тән, тереңнен келген ауыр сабыр еді. Сара да, Ғазымбек те дәрігердің: «Алты айлығында баланың жағдайы толық белгілі болады» – деген сөзін қайталап айтып жүрді. Бұл сөйлем – қазір олардың бүкіл рухани тірегі. Алты ай. 180 күн. 180 рет таң атып, кеш батуы керек. Әр күнің салмағы – бір ғасырға тең. Жан ауыртқан күндер емес, жан күтетін күндер басталды. Сара кейде айна алдында ұзақ тұрып қалады. Құрсағы дөңгеленіп келе жатыр. Сырт көзге бұл – ана бақытының көрінісі. Бірақ іштегі шындығы мүлде басқа. Сырттай әйел бақытына ұқсағанымен, іште тағдыр шешіліп жатыр. Кейде ішінен әлсіз ғана қозғалысты сезсе, селт етіп, көзін жұмады. Сол сәтте: «Сен тірісің бе? Сен бізді кешірдің бе?» – деген сұрақтар кеудесін тілгілейді.
Ғазымбек те өзгере бастады. Бұрын мұндай терең ойға жиі бойлай бермейтін. Қазір әр қадамына дейін есептеп, әр сөзіне дейін ойланып айтатын күйге жетті. Ол күн сайын Сараға ерекше қамқорлық танытып жүр. Бірде шай демдеп береді, бірде үндемей қасында отырады. Кейде жай ғана терезеден қарап тұрып, жарының қолын ұстайды – осы үнсіз сәттердің өзі екеуіне рухани дем бола бастаған.
– Ғазеке, – деді бір күні Сара, – білесіз бе, біз осы сынақтың өзімен-ақ өмірдің мәнін қайта түсіне бастадық-ау деймін...
– Иә, – деді Ғазымбек жай ғана, – бұрын біз өмірді тек жоспармен, ақылмен өлшейтінбіз. Қазір жүрекпен өлшей бастадық. Мына өмір ақ пен қара емес, арасындағы көлеңке мен жарықтың күресі екен.
Сол күннен бастап олар ішкі әлемнің тыныштығын іздей бастады. Дәрігерге тексерілу күндері жақындап келе жатқан. Әр барған сайын дәрігердің дауысы мен қабағының ішінен үміт іздейді. Қарапайым бір сөйлем, жылы сөз – олар үшін әлемнің ең үлкен қуанышы. Ал елеусіз бір ескерту – тұтас ғаламның қирауындай.
– Бәрі ретімен кетіп жатыр, – деді дәрігер бір күні, – әзірге ерекше ауытқулар байқалмайды. Бірақ... Осы бір «бірақ» сөзі – жанға кірген ине тәрізді. Бақ пен сордың арасындағы үзіліп тұрған көпір сияқты. Сара мен Ғазымбек үйге қайтқанда үнсіз болды. Бірақ жүректері бір-біріне алақан созып тұрғандай.
– Біз бұған да дайынбыз, – деді Сара, – тек соңына дейін барайық. Ар алдында тазаланып барайық.
Осылайша күн артынан күн сырғып, баланың алты айлық межесі де жақындап қалды. Енді сәл ғана уақыттан кейін тағдыр пердесі біршама ашылады. Бірақ Сара мен Ғазымбек үшін бұл күндер өмір бойғы мектепке айналды. Сабырды, төзімді, шынайы мейірімді үйрену – ешқандай университет бере алмайтын өмір сабағы болды.
Таңертеңгілік күн сәулесі терезеден түсе бергенде Сара ішін ұстап:
– Ол қимылдады... – деді күлімсіреп. – Бүгін басқаша қозғалды... Мейірімді сияқты...
Ғазымбек келіп, жарының маңдайынан сүйді.
– Ол бізді таңдады, – деді ол. – Біз де оны таңдадық.
Күндер созылып бара жатты. Сағаттың әр тықылы – кеудеге қадалған ине. Жай күндері онша елене бермейтін уақыт деген ұғым енді шегіне жеткен ауыр сынаққа айналды. Әр күн – күмән мен үміттің қақ ортасындағы майдан. Таң атса, бір жеңілдік болар ма екен деп үміттенеді. Кеш түссе, бүгін де ештеңе өзгермеді деген іштей мұңға батады. Сара үшін бұл уақыт ерекше күрделі болды. Ішінде тірі жан барын күн өткен сайын тереңірек сезіне бастады. Бірақ дәл сол жанның тағдыры бұлыңғыр. Бір сәт әлдебір шынардай бой көтерген үміт келесі сәтте қараңғы тұманға сіңіп жоғалады. Бұрын жүктілік – махаббаттың ең асыл сыйы деп елестеткен. Ал қазір құрсағында тасып келе жатқан періште – оның өміріндегі ең ауыр сұраққа айналды. Кейде ол көзіне жас алып, Құдаймен үнсіз тілдесетін. «Иә, Жаратқан... бұл шындық па? Бізді не үшін сынадың? Осы бала – бізден кешіккен қуаныш па, әлде тағдырдың тұтқыны ма?» – деп іштей зар илейтін. Бірақ әр сұрақ жауапсыз қалатын. Сол үнсіздік кейде жауаптың өзінен де ауыр еді. Ал Ғазымбек болса, сырттай сабырлы көрінгенімен, ішкі жан әлемінде дауыл тұрған. Ол күн сайын өмірдің мәніне қайта үңіліп, бұрын ұсақ-түйек деп мән бермеген нәрселердің үлкен философия екенін түсіне бастады. Бір кезде бейкүнә сәбидің тіпті туғанына дейін тағдырдың еншісінде осыншалық ауыр таңдау тұрғаны – оны түні бойы ұйқысыз қалдыратын. Ол Сараның жан азабын көріп, іштен тынған мұңына серік болғысы келетін. Бірақ адам кейбір ауыр сәттерде өзі де жалғыз қалады.
Кей түндері екеуі қатар жатса да, әрқайсысы жеке ғаламда адасып жүрді. Сара ішіндегі періште рухпен тілдесіп, одан кешірім сұрап, іштей әлдебір таңдау жасауға тырысса, Ғазымбек көктегі жұлдыздарға қарап, өзінше пайымдап, шешімге келе алмай қиналатын. «Құдайым, егер бұл перзент бізге берілген сынақ болса, біз оған лайықпыз ба? Біз оны көтере аламыз ба? Әлде бұл баланың өз тағдыры бізден биік пе?» – деген сұрақтар маза бермейтін.
Дәрігердің: «Алты айлығында нақты белгілі болады» деген сөзі – ендігі рухани тірек еді. Бірақ дәл сол үміт пен үрей аралас уақыт – олардың ішкі әлемін қопарып, қайта түзуге мәжбүр етті. Бұл кезең олар үшін жұп ретінде, адам ретінде ең үлкен рухани жолдың бастауы болды.
Сара күн сайын сәбидің әр қозғалысын сезініп, соған ерекше мән беретін. Бір күні ішін ұстап:
– Бүгін басқаша қозғалды... тыныш, бірақ анық... дәл мені жұбатқысы келгендей... – деді.
Ғазымбек оның жанына келіп, жай ғана маңдайынан сүйді. Бұл үнсіз әрекет – мың сөзден артық еді. Екеуі бір сәтке болса да тыныштық таба алды. Сол сәтте екеуі де білді – бұл бала жай ғана биологиялық жаратылыс емес. Бұл – олар үшін рухтың, махаббаттың, сенім мен күмәннің көрінісі. Бұл – ішкі әлемдегі иірімдердің бейнесі. Сараның түсіне қайта-қайта сол бір қыз енетін. Әлгі мөлдір көзді сәби, бірде ренішпен, бірде мейіріммен: «Анашым, мен үшін шешім қабылдадыңыздар. Бірақ мен де сіздерді таңдадым ғой...» – деп үн қататын. Кейде ояна сала, жылап отыратын. Ғазымбек түсінбесе де, жанындағы жанның ішкі қасіретін сезетін. Ол да өзін күн сайын рухани тұрғыдан сынақ алаңына шығып жүргендей сезінді.
– Сара, – деді бір кеште, – бұл баланың кім екенін, қандай боларын білмейміз. Бірақ бір нәрсені нақты білемін – ол бізді қайтадан тірілтті. Жүрегіміздің тереңін көрсетті. Адамды адам ететін – шешім емес, сол шешімге барар жолдағы арпалыс...
Сара үнсіз тыңдады. Ішінде әлдебір тыныштық орнап келе жатқандай. Алты айға дейін әлі бірнеше апта бар еді. Бірақ бұл күндер – бұрынғы өмірден әлдеқайда бай, әлдеқайда шынайы, тіпті әлдеқайда қасиетті болып өтті.
***
Арада алты ай өтті. Өз «мендерімен» қаншама мәрте сұхбат құрды. Жанның терең түкпіріне бойлап, таңдау мен тағдырдың ара жігін айыруға тырысты. Олар өз болмысының ар алдында тұрғанын сезінді. Бұл таңдау биологиялық қажеттіліктен әлдеқайда биік еді. Бұл – ардың, сенімнің, махаббаттың биігіндегі шешім еді. Таң сыз бере, ауруханаға бет алды. Жүректерінде үміт бар, бірақ іштей дайындық одан да терең. Енді олар бұдан қайтпақ емес. Қандай нәтиже шықса да, бұл перзент өмір есігін ашады. Себебі олар ұғынды – өмір әрқашан мінсіз келмейді. Өмір – сын. Өмір – сабыр. Ал кейде – тіпті жұмбақ.
Аурухана дәлізі. Ғазымбек арлы-берлі жүр. Құдды уақытпен жарысып жүргендей. Бір сәт тоқтап, бір нүктеге телміріп қалса, ішін әлдебір тыныштық пен үрей қатар қысады. Сара болса, палатада жатыр. Дәрігерлер алдын ала наркоз салып, тексеруге дайындап қойған. Аппараттар үні, ақ халаттылардың үнсіздігі – бәрі де тым салқын. Өмір мен өлімнің арасында ғана емес, үміт пен беймәлімнің арасында жүрген секілді. Наркоз әсер етті. Сара тәтті ұйқыға кетіп бара жатқанда іштей дұға етті: «Иә, Жаратқан, бәрін көріп тұрсың. Мен ештеңеден бас тартпаймын. Тек бір сәуле... тек бір ишара берші...»
Аппарат қосылды. Дәрігер экранға қадалды. Ғазымбек сыртта. Көзін қабырғаға, ойын аспанға қадаған күйі күтіп тұр. Секунды – сағат. Сағаты – ғасырға тең. Уақыт тоқтағандай болды. Дәрігерлер экранды біршама уақыт зерттеп отырды. Алдын ала егілген дәрі өз жұмысын атқарған. Бірақ нәтижесі – екіұшты. Құрсақтағы сәбидің жынысы да, дене мүшелерінің дамуы да толық анық емес. Тек сәл ғана үміт сыйлаған бір ауыз сөз:
– Ұл секілді… бірақ әзірге нақты айту қиын.
Бұл сөздің өзі Ғазымбектің жүрегіне алапат жаңғырықпен жетті. Біртүрлі әсерлі. Бір сәтте беймәлім әлемнің пердесі сәл ғана көтерілгендей. Бірақ сол үмітке ілесе тағы да бір мұң жылжып келді – бала денсаулығы жайлы тұспалды диагноз да анық болмады. «Дене мүшелерінің жетілуі кешеуілдеп жатыр» деген жадағай тұжырым ғана айтылды. Тағы да сол белгісіздік. Сара есін әрең жиды. Әлсіз. Жаны титықтаған. Бірақ Ғазымбектің алақанына тиген сәтте – жүрек тұсында әлдебір жылылық пайда болды. Көлікпен үйлеріне қайтып бара жатқанда, екеуі де үнсіз қалды. Бірақ бұл үнсіздік бұрынғыдай тұйық емес еді. Бұл үнсіздікте қабылдау бар, бұл үнсіздікте сабыр бар. Бұл – тағдырдың тынысы еді.
Үйге жеткен соң Ғазымбек үнсіз киімін шешіп, терезе алдына келіп тұрды. Кешкі аспан бозғылт. Көкжиек тұсында бұлт пен күн күресіп тұрғандай. Ол терең дем алды. Іштей күбірледі:
– Медицина әлсіз бе, әлде мен әлсізбін бе? Неге әркез жауабын таба алмаймын? Неге жүрекке бір тыныштық орнамайды? Бірақ сол «ұл секілді» деген үміт – менің әлеміме жылу сыйлады. Мүмкін бұл сәбидің өзі – жауаптың өзі шығар?
Сара төсекте жатыр. Көзін төбеге тігіп, ойға батқан. Ол ішіндегі тірі періштеге ақырын қолын қойды:
– Сен менің ішімде емес, жүрегімдесің... Сен бізді қайта тудырдың... Енді біз сені қандай күйде болсаң да, күтеміз. Біздің өміріміздің сыры сенің жарығыңда жатыр...
Олар бұрынғыдай күпті болмай, енді Аллаға толықтай тәуекел етті. Бұл жол – оларды күнде алаңдататын күрделі толғаныстардан арылта қоймаса да, соған қарсы тұра алатын жүректегі бір бекемдік сыйлады. Бастапқыдағы үрей, қараңғылық, таңдау салмағы – енді орнын тыныштық пен мойынсұнуға бере бастаған. Бірақ адам жаратылысы сол – ең ауыр сәттен кейін де үмітке қарай бұрылады. Сара мен Ғазымбектің жан әлемінде баяғы уайым әлі де тұңғиықтың түбінде қалқығанымен, бұл жолы ол үстем емес еді. Олар енді тек бір нәрсеге сенді – бұл өмірде кейбір жауаптар кешігіп келсе де, ол ешқашан адастырмайды.
***
Жазғы түн. Терезе сыртында жапырақ сыбдыры ғана сезіледі. Көк аспандағы жұлдыздар да біртүрлі алакөлеңке күйге енген. Қала тыныш. Бірақ Ғазымбек пен Сара үшін бұл түн – мәңгі есте қалмақ. Тек уақыт емес, жүрек те күтіп тұрды. Күткен сайын көкірек шымырлап, үміт пен үрейдің айқасы қайта басталғандай еді. Сараның құрсағындағы сәби мерзімінен біршама бұрын қимылдай бастады. Бұл қозғалыстар жай толқын емес – бір түрлі хабар секілді. Ғазымбек әр сәт сайын алақаны арқылы баланың тебініне құлақ түрді. Әр теуіп өткен сәт – жанын мазалаған күмән мен қорқынышты бір сәтке шегіндіретіндей. Бейнебір сәби әлсіз үнімен:
«Анашым, әкетай, мен мұндамын. Қорықпаңыздар. Мен келемін...» – деп сыбырлап жатқандай.
Ақыры сол күн де туды. Таңы жоқ түндерден кейін, күннің өзі де бүгін ерекше шықты. Ауруханаға асығыс жетті. Сараны босану бөліміне алып кетті. Ғазымбек қолына Сараның иіс сіңген жамылғысын ұстап, есік алдында отыра қалды. Ол не дәрігерге сұрақ қоя алды, не дұға оқи алды – жанын жай таптырмас бір толқу құрсауында еді. Маңдайынан тер сорғалап, екі алақанын бір-біріне жымдастырып, ұзақ отыра берді. Уақыт тоқтап қалғандай…
Палата ішінде жарық шам мен құрал-саймандардың сыңғыры. Дәрігерлердің байыпты да байсалды қимылы. Сара талықсып бара жатса да, ішінде жан баласынан артық бір үмітті аялап келе жатқанын жүрегімен сезіп жатты.
– Күшеніңіз… тағы да бір рет…
Жанның түбінен келген дауыс. Тәннен асып кеткен тылсым күш. Бір сәтке бүкіл әлем үнсіз қалды. Кенет, әлсіз, бірақ тірі, таза дыбыс естілді. Сәби үн қатты. Ана мен бала арасындағы алғашқы көпір – жылау. Бірақ бұл жылау – қорқыныштан емес. Бұл – жарық дүниемен амандасу. Бұл – ғаламның тылсым есігінен өткеннің куәсі.
Ғазымбек селк ете қалды. Дыбысқа ұмтылды. Жүгіріп барып палата есігіне дейін барды. Дәрігер шығып:
– Құттықтаймын. Ұл бала. Шүкір, бәрі дұрыс сияқты. Тексереміз, бірақ әзірге бәрі жақсы.
Бұл сөз – он жылдық үнсіз арманның үні болды. Ғазымбектің көзінен жас ыршып кетті. Бірақ ол жылаған жоқ – тек терең тыныс алып, жан-жүрегімен тынған күйде тұрып қалды. «Ұл!» Сол бір сөздің өзі адам тағдырын қайта жаза алатынын кім білген?! Сара әлсіз жатыр. Бірақ жүзі жарқырап тұр. Құрсағынан жарық шыққандай. Алғаш рет перзентінің жүзіне үңілгенде, жүрегі дір ете қалды. Сәбидің көзі – дүниенің сырын көріп келген кісідей тым терең еді. Сол сәтте ғана Сара түсінде көрген әлгі қызды қайта есіне алды. «Анашым, мені неге алдыңыздар?» – деген ренішті сөздер. Бұл – басқа рух еді. Мүмкін, тағдырдың өзімен болған үнсіз диалог. Бірақ дәл қазір жаңа өмір келді. Бұл жолы өз тағдырын қорғаштап келген рух иесі ұл кейпінде еді. Жас жан. Тірі үміт.
Дәрігерлер лезде толық тексеріс жасады. Құдайға шүкір, дені сау, бәрі жақсы. Алдыңғы диагноз – тек сақтық қана болған. Медицинадағы күмәнді тұжырым – сансыз жүректерді қате үрейге салады екен. Есік ашылып, дәрігер кірді. Ақ халаты сәл қырқылып тұрғандай – әлде көп жылдық тәжірибенің шаршаған іздері ме, әлде жауапкершіліктің салмағы ма, белгісіз. Дәрігер көзілдірігін шешіп, терең тыныс алды да, асықпай, салқынқанды дауыспен:
– Кейде… медицинада да осындай қателіктер болып тұрады, – деді.
Ғазымбек не естіп тұрғанын бір сәт түсінбей қалды. Миды біреу тоқпақпен ұрғандай болды. «Қателік» деді ме?
– Есесіне, – деді дәрігер сөзін жалғап, – Шекесі торсықтай, салмағы төрт келіге жүз грамм ғана жетпейтін, балпанақтай ұлды болдыңыздар. Құтты болсын!
Осы бір ауыз сөз – «Құтты болсын» – қос дүниенің шекарасында, шешімдер мен күмәндердің ортасында, тағдыр мен таңдау арпалысында жүрген Ғазымбектің ішіндегі бар дауылды қопарып жібергендей болды. Жан дүниесі бір сәтке тілсіз қалды. Ашу ма? Кек пе? Қуаныш па? Әлде жай ғана жеңілдік пе? Ғазымбек білмеді. Осы бір ауыз сөз – «медицинада кейде осындай қателіктер болып тұрады» – оның көз алдында өткен тоғыз айлық «тозақты», жылаған түндерді, оқылған дұғаларды, баланың түсіне еніп жылаған рухтарды, тіпті Сараның көзіндегі үміт пен қорқынышты қайта тірілткендей болды. Сонда да осы қателіктің артынан келген «балпанақтай ұл» бәрін жуып-шайып, жеңілдік пен жарық әкеліп тұрды.
Дәрігер әлі де бірдеңе айтып жатты. Бірақ Ғазымбектің құлағы естіп тұрған жоқ. Ол осы сәтте тек бір ғана нәрсені сезінді: өмірдің өзі – сынақ. Кейде адамға түбегейлі шешім қабылдататын себептердің өзі – жалған. Ал сол жалған себепке бола бір шындықты жоқ ету – үлкен қиянат екен.
Сәлден соң перзентхананың есігі ашылды. Медбике ақ көрпеге оралған сәбиді алып шықты. Сәби ештеңеден бейхабар күйде, кішкентай жұдырықтарын түйіп, тыныш ұйықтап жатыр. Сол сәтте ғана Ғазымбек кеудесін жарып жіберердей бір сезіммен: «Мен әке болдым» деп ойлады. Сара төсекте әлсіз күйде жатса да, жүзі нұрға толы. Қасында жатқан нәрестеге қарап, үнсіз жымиып қойды. Оның бұл жымиысы – кешірімнің, тыныштықтың, аналық ризалықтың, ең ақырында өмірді қабылдаудың жымиысы еді. Ғазымбек қолын сәбидің кішкентай маңдайына апарып, аялай сипап:
– Шекесі торсықтай, балам, – деді сыбырмен. Даусы дірілдеп шықты. Бұл діріл – қуаныштың да, өкініштің де, үміттің де дірілі болатын. Сәбидің денесі жұмсақ, алақаны уыстай жылы. Бірақ осы кішкентай дене – үлкен бір шындықтың куәсі еді.
– Аллаға шүкір... – деді ол ішінен. – Бізді ақиқатқа жеткізгені үшін.
Сол түні ол ұзақ ұйықтай алмады. Төсекте жатқан сәби – жаңа өмірдің лебі еді. Бір жапырақ түсіп, бір сәуле атқандай. Ғазымбек таң ата оянып, сәби жылап кетпесін деп ақырын жақындап, бетіне үңілді. Баланың жұпар иісі – топырақ пен аспан арасындағы киелі көпірдей – оны тұла бойынан өткізіп жіберді. Мына дүние енді бұрынғыдай емес. Себебі бұл дүниеде ол үшін бір періште пайда болды. Оның есімі – Тәуекел еді.
***
Ғазымбек баласына ұзақ қарап отырды. Бала жұп-жұмсақ, шуақ секілді. Қолынан ұстап көріп еді – сәбидің саусақтары әкесінің саусағын қыса түсті. Бұл – бір ғана қимыл. Бірақ онда бір мәңгілік бар еді. Сол сәтте Ғазымбек ішінен мынаны сезді: «Мен сенен емес, өзімнен қорқыппын. Мен болашақтан емес, өз әлсіздігімнен үркіппін. Ал сен, ұлым, менің бүкіл үрейімді жеңдің. Мен сені күткен емеспін, сен мені ояттың...» Осылайша, өмірдің ұзақ әрі күрделі лабиринтінде адасып кеткен қос жан – Сара мен Ғазымбек – шын мәнінде өз жүректерінің ортасына қайта оралды. Себебі сәби – жай ғана жаңа адам емес. Ол – өмірдің өзімен келетін үкім. Рухтың жеңісі. Ардың ақталуы. Үміттің бейнесі. Олар енді шынайы ата-ана атанды. Тек биологиялық тұрғыдан емес – рухани, моральдық, адамгершілік тұрғыдан. Себебі олар өмірдің ең ауыр өткелінен – «шешім» атты сынақтан өтіп, жүрекпен жауап берген еді.
***
Бала туғаннан кейін күндер жылдам өтіп жатқандай көрінді. Алайда Ғазымбек пен Сара үшін әрбір күн – мәңгілік шежіредей. Сәбидің әр тынысы, әр қимылы, әр кішкентай жымиысы – бұл жалғанның тұнық мәніне бастар сырлы белгі секілді еді. Күндердің бірінде Сара сәбиін құшағына алып отырып, терезе жаққа көз тікті. Жаздың соңғы күндері еді. Аспанда бұлттар баяу жылжып бара жатты. Бірі-біріне ұқсас емес, бірақ бәрі бір-бірімен үндес. Бала да сол бұлттар секілді – ешкімге ұқсамайтын, бірақ адамзаттың арманынан туған жаратылыс. Ол – жалғыз. Ол – мәңгілік жалғас. Ғазымбек сыртта жүргенімен, іштей бұрынғыдай емес. Бейнебір өмір оған жаңа ділмен тіл қатқан. Жұмысқа барса да, отбасына қарай асығатын. Себебі үйінде қазір тек жар ғана емес – тағдырдың ұлы сұрағына берген шынайы жауабы бар.
– Баланың атын кім деп қоямыз? – деді Сара бір күні сәбиді емізіп отырып.
Ғазымбек үнсіз қалды. Бұл сұрақты ол іштей күнде мың рет қойған. Бірақ жауабы енді ғана жүрек түбінен шығып келе жатқандай.
– Сенің түсіңде көрген қызың бар еді ғой… – деді ол бәсең үнмен. – Сол рух… Сол өкініш… Сол періштенің назын ұмытпадым.
Сара көзін жұмып, бір сәтке ойға шомды. Иә, ол түсті ешқашан ұмытпаған. Қазір дүниеге келген сәби – сол рухтың екінші көрінісі сияқты. Бірақ бұл жолы сәбидің жаны өмірді таңдады. Тағдырды. Өмірмен күресуді.
– Тәуекел қояйық, – деді Ғазымбек кенет. – Ол өмірге тек бала ретінде емес, «тәуекел» болып келді ғой!
Сара үнсіз келісті. Тәуекел... Иә, бұл жай ғана есім емес. Бұл – тағдырмен келісім. Бұл – еркін рухтың атқа мінуі.
Күндер сырғып өте берді. Сәби енді бес айлық. Қолымен анасын іздейді, көзімен әкесін таниды. Көңілімен – осы әлемнің тынысын қабылдап жатқандай. Кейде ол еш себепсіз түн ортасында оянып, ұзақ үнсіз қарап жатады. Сара оны әлдилеп жатса да, баланың жанарында бір түрлі таңғажайып тереңдік бар еді. Ғазымбек кейде бұл көзқарастан шошып кететін. Себебі сәбидің жанары – жай нәрестенің емес, бір ғасырды артта қалдырған рухтың көзіне ұқсайтын.
Сол күндердің бірінде Ғазымбек кішкентай Тәуекелді құшағына алып отырып:
– Сен келген соң біз қайта туылғандай болдық. Бұрынғы біз өлі жан сияқтымыз. Ал сен – жан бердің. Біздің де өмірімізді тірілттің, – деді.
Тәуекел үндемеді. Бірақ оның бар болмысы осы сөзге үнсіз жауап беріп жатқандай еді.
Бір күні Ғазымбек кітап сөресін реттеп отырып, шаң басқан ескі дәптер тауып алды. Бұл дәптер – олардың алғаш бірге өмір сүре бастаған кезіндегі ойлар мен армандарды жазған күнделіктері еді. Бетін ашты. «Бір күні біз ата-ана боламыз. Біздің баламыз ерекше болады. Ол біздің жалғастығымыз емес, бізді жаңғыртушы болады» – деп жазылған екен. Ғазымбек ойланып қалды. Сол бір армандар уақыт дауылына ұшырап, бір кездері тұншығып қалған-ды. Бірақ міне, енді шындыққа айналды. Бірақ бұл шындық – оңай келген жоқ. Түндермен, қорқынышпен, шешімдермен, тіпті азаппен келген. Осы сәтте Ғазымбек көзін жұмып:
– Кешір мені, балам. Кешір, Алла. Мен өзің сыйлаған рухты танымадым. Өз жүрегіме сенбедім. Бірақ енді мен жүрекпен көремін, – деп сыбырлады.
Осы сөзден кейін бөлмеде үнсіздік орнады. Тек Тәуекелдің бәсең тынысы ғана сезіліп тұрды. Бұл – кішкентай адамның үлкен әлеммен тыныстауы еді. Оның тынысы – ертеңге деген үміттің әуені, адамдықтың әлі де тірі екенін білдіретін үнсіз симфония еді. Сол түні Сара тағы бір түс көрді. Түсінде баяғы сұлу қыз қайта оралды. Бірақ бұл жолы ол ренжімеген. Жымиып тұрды.
– Менің міндетім – сендерді сынау еді. Сендер жүректеріңнің сөзін тыңдай алдыңдар. Енді менің де рухым тыныштық тапты, – деді де ғайып болды. Оянғанда Сараның көзінен жас ақты. Бұл жас – ауыртпалықтан емес. Бұл – босаған рухтың, жеңілген үрейдің, оралған үміттің жасы еді. Сол күннен бастап олардың жүрегіндегі күмәннің соңғы сәулесі де өшті. Енді олар сәби ғана емес, өмірдің өзі сыйлаған жаңа мағынамен өмір сүріп жатты.
***
Ғазымбек жалғыздығына үйрене бастағанын байқады. Күндердің күнінде жалғыздық та көндігетін сезім екен. Бөлменің түкпірінде тұрған ескі күнделікті парақтап отырып, өткен өмірдің елестерімен оңаша сырласты. Ол күнделіктің әр жолы бір кезеңнің суретіндей – бір кезде Сара екеуі бірге бастан кешкен қуаныш пен қайғының, үміт пен өкініштің ізі қалған. Осылайша Тәуекелдің дүниеге келуін тағы бір рет көз алдынан өткізіп алды. Сағаттың тықылы мен терезеден түскен күн сәулесі бір мезгілде ішкі тыныштықты бұзғандай болды. Сағат тілі дәрі ішетін уақыттың әлдеқашан өтіп кеткенін көрсетіп тұр. Сара тірі болғанда, әлдеқашан дәрісін дайындап, жылы сөзбен ішкізіп қояр еді. Кейде әйелінің жоқтығы сондай бір шымбайына батады, бірақ жүрек үйрене бастады. Өмір сені итермелесе де, алға жүруден басқа шара жоқ.
Осы ойлармен отырғанда, жүрегі лүпілдеп, есікке көз тастай берді. Бүгін ұлы Тәуекел шет елден оралады. Жәй келмейді – біржола қаламын деп уәде беріп еді. Соңғы сапарында Ғазымбекке: – Әке, келесі жолы Алматыда түбегейлі қалам. Еліме де, сізге де, өзіме де керекпін, – деп ағынан жарылған. Ғазымбектің жүрегі сол бір сөзді қайта-қайта еске алып, мейірімге толып, өзінен-өзі елжіреп кететін. Жанарынан жас шықса да, ол жас мұңнан емес – сағыныш пен қуаныштың, үміт пен ризашылықтың жасы еді.
Сыртқы есік тық еткенде орнынан атып тұрып, кіреберіске қарай аяңдады. Есіктен Тәуекелдің бойы көрінгенде, Ғазымбек еріксіз жылап жіберді. Ұлының құшағына кіріп, ұзақ тұрып алды. Сол сәт – уақыт тоқтап, өткеннің өкініші мен бүгіннің шаттығы бір арнаға тоғысқандай еді. Тәуекел әкесінің бұрынғыдан да көп қартайып қалғанын байқады. Шашы әбден ағарып, иығы сәл еңкіш тарта бастапты. Бірақ көзіндегі мейірім мен жылылық сол қалпы.Дастархан басында Тәуекел ерекше жаңалығын айтты:
– Әке, сізге бір қызды таныстырғым келеді. Екеуміз Америкада бірге оқыдық. Есімі – Нұргүл. Өте зерек, парасатты, жүрегі жұмсақ жан. Оған үйленсем деймін...
Ғазымбек көкірек толған қуанышпен баласын құшақтап тұрып:
– Балам, сенің бақытың – менің бақытым. Анаң тірі болғанда... – деп, үзіп барып, көзін сүртті. Келесі күні Тәуекел Нұргүлді үйге ертіп келді. Нұргүл – ашық жүзді, жымиғаны жылы, жүрісі салиқалы қыз екен. Ғазымбек бір көргеннен-ақ келін болар адам екенін сезді. Қыздың әдептілігі мен текті тәрбиесі оны бірден баурап алды. Арада аз күн өткенде құдалармен де танысып, емен-жарқын әңгіме-дүкен құрылды. Той туралы сөз қозғалып, жоспарлар белгіленді. Үйге шаттық енді. Ғазымбектің жүрегін қуаныш пен мақтаныш қатар баурап алды. Бұрын салқын тартып тұратын үйдің қабырғасы да жылына бастағандай сезілді.
Бірер аптадан соң Тәуекел тағы бір жаңалығымен бөлісті:
– Әке, мен КазГУ-ге жұмысқа орналастым. Өз салам бойынша зертхана ашпақпын. Ғылыммен айналысам. Бұл – сіздің жолыңыз, менің де жолым...
Ғазымбек бұл жаңалықтан соң біразға дейін үнсіз отырып қалды. Ол үшін бұл – өмірінің ең үлкен арманының орындалуы еді. Осы сәтте жүрегінде тек бір-ақ өкініш тырнап өтті. Сараның бұл күндерді көрмегені. Жары болған жанның мейірімді көзі, сүйінішті жүзі елестеп, көңілі босап кетті. Іштей күбірледі:
– Шіркін, Сара осы сәттерді көргенде ғой...
Ғазымбектің көкірегін кернеген шаттық пен сағыныш – бір-біріне тұтасып, өмірдің шынайы бейнесін айшықтап тұрды. Ол бақыттың, шүкірліктің не екенін тағы бір мәрте сезінді. Енді бұл үйде – тыныштық пен үміт, сүйіспеншілік пен жалғасқан ұрпақ бар. Және де әр бұрышында Сараның көзге көрінбес мейірімі бар еді...
Лақап аты: Кітапхан
