Әдебиет көгінде жарқыраған бір жұлдыз

Қазақтың көрнекті жазушысы Роллан Сейсенбаевтың сексен жастық мерейтойына орай жазылған мақала оқырман назарына ұсынылып отыр.

52

Әдебиет көгінде жарқыраған бір жұлдыз - adebiportal.kz

 Өмірдерек: Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев 1946 жылы 11 қазанда Семей облысы, Абай ауданы, Қарауыл селосында туған. Жазушы, драматург, аудармашы, баспагер, қоғам қайраткері. Семей технологиялық институтын (1970), Мәскеу әдебиет институтын (1980) бітірген. Қазіргі таңда Алматы қаласының тұрғыны.

Атақты жерлесіміз жайлы ой-толғауымды шығармашылығына шағын шолудан бастамақпын. Қазақ жазушылары тобына талантты дүр қаламгер келіп қосылғаны алғашқы әңгіме, эссе, повесть, романдарынан анық аңдалған болатын. Оған «Аңсау», «Өзімді үздеп жүрмін», «Өмір сүргің келсе» сынды кітаптары айдай анық, күндей жарық дәлелдер еді. Роллан Шәкенұлы 1976-1991 жылдар Мәскеу қаласында Қазақстан Жазушылар одағының өкілі қызметін атқарды. Осынау жемісті шығармашылық кезеңде туылған «Последний снег» (1978), «Всего одна ночь» (1980), «Сағынып жеткен жаз еді» (1981), «Возвращение Казбека» (1984), «Тау басында түйіскен жол» (1986), «Трон сатаны» (1986), «Мертвые бродят в песках» (1991) секілді кітаптары Роллан ағаны бүкіл КСРО көлеміне даңқты етті. Кітаптары ең көп оқылатын автордың бірі болды. Сөйтіп, қазақ әдебиетінің танымал классигіне айналды. Мысалға «Трон сатаны» кітабы көптеген шетел тілдеріне аударылып, Еуропаның әдебиет саласындағы халықаралық жүлделерін жеңіп алды. Бірде сапарлас болғанымда Роллан аға: «Кемел туынды жайшылықтан тумайды. Өмір мектебінен өттім, ол үшін қырық жылдай ел мен жерді шарладым деген еді. Жолдан көлік ұстап (автостоп) Ресейді, Сібірді, Қазақстанды, ал 1985 жылдан бастап, Еуропа мен Американы аралап шыққан екен. Қанша адамдармен таныстым, қаншасымен табыстым, тіпті түрмеде отырған пақыр жандармен де жүздестім деді. Сөз болып отырған мәскеулік кезеңінде жазушы Абайды халықаралық деңгейде танытуға, ұлы мұраны насихаттауға да сүбелі үлесін қосты. Ал жан жары Клара Сейсенбаева жеңгеміз, абайсүйер қауым біледі, Абай қарасөздерін орысша сөйлетті. 

Рекеңнің дара жолы бар. Ол жазушылыққа өзіндік стилімен келді. Тың лепті әкелді, жаңа үлгі-өнегені жайды. Оқырманды кейіпкер тағдырын бөлісуге, өмір сырын бірге танып-білуге тарта жөнелетін қаламымен келді. Сондай-ақ, туған ел мен жерге ерекше сүйіспеншілік менмұндалап тұрады. Бір әңгімесінде: «Жусан аңқыған қазақ даласы үнсіз... Осы медиен даланы еркін, алаңсыз аралап жүре бергің келеді. Қазақтың қалғыған намысы мен алабұртып өрши алмаған рухы осы сайын даланың төсінде. Қазақ бақытының алтын бесігі де, осы ұлан-ғайыр дала төрінде екені даусыз» дейді жазушы. 

 Адам болмысының қатпар-қатпарына үңілу, жан дүниесіне терең бойлау – классикке тән қабілет. Роллан Шәкенұлы – интеллектуалдық проза егесі, оның сыры: ол – Абай мектебінің түлегі деседі әдебиет сыншылары. Бұл – растық. Құрғақ сөз болмауы үшін қаламгердің Семей ядролық полигон қасіреті жайлы 1988 жылы жазылған «Дүние тас-талқан болған күн» атты кітабынан үзінді алайық: «Шыңғыстау маңындағы ел бұл сорға елу үшінші жылдың жазында кезігіп еді. Кенеттен, күтпеген жерден келіп еді бұл сор... Ауыл сыртында қой-ешкіге көз қырын салып жүрген балалар бұл сұмдықты – айқай-шуды, әйелдердің жылағанын, біреулердің байбалам салғанын – кенет естіген. Естіген де жалаң аяқтары жалтылдап, жарыса жүгірген күйі ауылға жеткен. Ауыл астаң-кестең: бір-бірін құшақтап қоштасып, жыласып-сықтасып, дауыс салып, дүрлігісіп, боқтанып-қарғанған жұртта береке қалмапты. Біз, балалар, сүттей ұйып отырған ауылдың тынышын алған қай Құдай екенін ұға алмай, аңырап, абдырап қалдық. Соғыс басталып кеткені ме?». 

Жарты миллион адамды жалмаған алғашқы сутегі бомбасы жарылатын күннің оқиғасы, міне, осылай басталған. Жеті жасар бала куәсі болған сұмдық жарылыс сәті мынау: «Сол сәтте жер теңселіп сала берді. ...Киіз астынан басымды шығарып алған мен алып саңырауқұлақтың аспанды да аударып тастай жаздап тұрғанын, от-жалын ойнаған құбыжықтың адамның миына сыймас сан бояумен құбылғанын көрдім. Отты саңырауқұлақ ауыр қозғалып, баяу көтеріліп барады. ...Жер тағы да қояншық ұстағандай дір қақты, жүрегім жермен қоса тулайды, жаным тасқа айналып кеткендей. Мен Кенжені ұмыттым, мен дүниенің тас-талқан болғанын, өзім соның қиратындысының астында қалғанымды ұқтым, ...есімнен танып бара жатып, Кенженің қолы суи бастағанын сезіп үлгердім». 

 Осы баяндалған жантүршігерлік оқиға, ақыр заман орнағандай болған көрініс куәгерлері қазіргі таңда бәрі дерлік бақилық болды. Сондықтан оны тасқа басып, мәңгілікке қалдырған Роллан ағамызға мың алғыс айтуға тиістіміз. 

Тәуелсіздік таңы атқан 1990-шы жылдары қарымды қаламгер қазақтың қалғыған намысы мен рухын ояту ісіне белсене ат салысты. Ешкімді бей-жай қалдырмайтын, публицистикалық сарыны басым эссе, әңгімелері мерзімді баспасөз бетінде дүркін-дүркін жарияланып жатты. Бір ғана мысал. «Әкем болсаң қайтейін...» деген шағын эссесі өтпелі кезең тамырын дөп басты. Әңгіме өзегі – аға және іні буындар арасындағы қарама-қайшылық қалың жұртшылық сезімін «апыр-ай» дегізіп толғантқаны, терең ой тастағаны әлі есімізде. 

Биыл Семей полигоны жабылғанына 35 жыл. Соның орайында жаңағы «Дүние тас-талқан болған күнге» («День, когда рухнул мир») қайтып оралайық. Семей ядролық сынақ полигоны жайлы бұл туынды көптеген әлем тілдеріне тәржімаланып, жұмыр жер бетін шарлап кетті. Қазіргі жастар білмеуі мүмкін, бейқам жатқан халыққа 1953 жылы сыналған сутегі бомбасы қасіреттің көкесін көрсетті. Абайдың: «Адаспай тура іздеген хакімдер болмаса, дүние ойран болмақ» деген көргендігі айнытпай келді. Өте-мөте улы, сәулесі жан иелерін жоюға бағытталған бомба жасалды. Ресми деректер мен ғылыми болжамдар бойынша сутегі бомбасы салдарынан шетінеген адамдар саны жарты миллионға жеткен екен (сойқанды бомбаның «атасы» – Андрей Сахаров деген академик. Ол өзінің адамзатқа асқан қиянат жасағанын ұғынып, халықаралық антиядролық қозғалысқа мұрындық болып, ақырында, бомбаны ауада жаруға тыйым салуға қол жеткізген болатын). Сутегі бомбасы зардабын паш еткен еңбегі үшін Роллан Шәкенұлы Польша, Венгрия және Куба елдерінің ордендерімен марапатталды. Жалпы жерлесіміз алған атақ, марапаттар көп-ақ. Мысалға 2022 жылы адамзаттың рухани байлығына және экологияны сақтауға қосқан үлесі үшін «Әлемнің алтын жазушысы» атағын алғанын айта отырайық.

Енді Роллан ағаның қайраткерлік қыры жайында. Бұл ретте ол атқарған екінің бірінің жүрегі дауаламайтын екі ауқымды іс-шараны атап өтейік. Біріншісі, 1995 жылы Лондон қаласында Абай үйі ашылуына мұрындық болды. Екіншісі, 2001 жылы дүниеге келген халықаралық Абай клубы мен «Аманат» әдеби журналы. Аталмыш клуб пен журнал аясында әлем әдебиеті классиктері кітаптарының 200 томы жарық көрді. Мұның оңай шаруа емесі айтпасақ та түсінікті. Ол үшін, басқасы тұра тұрсын, мықты баспахана ұйымдастыруың, қыруар қаржы көзін таба білуің қажет. 

 Роллан ағамыздың студент кезінен дес бермеген спортшы болғанын, кейініректе күрестен КСРО спорт шебері атағын алғанын жастар жағы біле бермеуі мүмкін. Осы арада бір оқиғаны айта кетпекпін. 1968 жылы Семейдегі №1 мектеп-интернатта оқып жүрген шағымыз еді. Абай көшесі мен Шәкәрім даңғылы қиылысында орналасқан (қазіргі музыка мектебі) біздің мектепке қарама-қарсы «Офицерлер үйі» немесе «Гарнизонный клуб» делінетін ескі ғимарат тұрды. Сол әскерилер клубында қалалық, бәлкім, облыстық күрес додасы өтіп жатты. Біз, бір топ оқушы финалды тамашалап отырдық. Сахнада жайылған боз кілем үстінде балуандар жолбарыстай атылып, аянбай белдесіп жатты. Кенет зал ду етсін. Жас балуанның бірі «Әуп!» деп қарсыласын кілт көтеріп, иығына салып алып, айналдырып, айналдырып барып, кілемге гүрс еткізді. Қас-қағым сәттегі осы көрініс баршаға дүлей күш иесі Алпамыс тіріліп келгендей әсер еткені хақ. Біздің таң-тамаша қалған жайымызды байқаған қасымыздағы бір ересек кісі: «Бұл – Роллан Сейсенбаев деген балуан, балалар, Технологиялық институттың студенті, осы тәсілді қолданып, өңкей таза жеңіске жетеді» деп түсіндіргені әлі есімде.

Роллан ағаның маған жасаған керемет жақсылығы да еске түседі. 2008 жылдың жазы. Шәкәрім Құдайбердіұлының 150 жылдық торқалы тойына арналған «Шәкәрімнің өмірбаяны» атты зерттеу кітабымды тәмамдаған едім. Кемеңгердің тәуелсіздік жағдайындағы алғашқы өмірбаянын жазып шығу оңайға соқпады маған. Ендігі мәселе баспадан шығаруға тірелді. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған жекеменшік баспалар. Бірақ төлейтін қаржы маған қайдан келсін, өстіп, күдерімді үзердей болып жүргенімде Роллан аға Алматыда Шәкәрімнің толық жинағын баспаға даярлап жатыр дегенді естіп қалдым. Хабарласқанымда, ол: «Электронпоштама жіберіңіз, көрейін» десін. Арада екі-үш күн өтті ме өтпеді ме, Рекең өзі телефон шалды: «Кітабыңды оқыдым, таң атқанша бас алмадым. Тіпті көзіме жас іркілді. Айналайын, Асан бауырым, еңбегің тамаша, оны үшінші томға дереу енгіземін, алаң болма!» десін. Жүрегім жарылардай қуандым, әрине... 

Сөйтіп, күтпеген жерден бақ дарып, жанкештілікті еңбегім Шәкәрімнің жинағының үшінші томында көп ұзамай-ақ жарық көрді. Бұл, әрине, өле-өлгеніңше ұмытылмас жақсылық. Сол жылдың күзінде «Егемен Қазақстан» газетіне берген көлемді сұхбатында Роллан Шәкенұлының: «Семейде Асан Омаров деген талантты жас жігіт бар. Ол Шәкәрім қажының өмірбаянын тыңғылықты ұқыппен, терең талдауға, ой жаңғыртқан жаңалықтарға барып жүр. Қаламы жүйрік, көңілі таза, нағыз зерттеушіге тән қасиеттері көп. Соған сүйсіндім» деген лебізін де реті келген соң келтіре кетейін.

Ғұлама Шәкәрім «Адамдық борышың – халқыңа еңбек қыл» өлеңінде:

Қайтадан қайрылып, қауымға келмейсің,

Барыңды, нәріңді тірлікте бергейсің!

Ғибрат алар артыңа із қалдырса –

Шын бақыт, осыны ұқ, мәңгілік өлмейсің! –

демей ме. Міне, толғауымның кейіпкері – Роллан Шәкенұлы Сейсенбаев осы өсиетке адалдық танытқан, оны іс жүзінде ұстанған жан. Көрнекті жазушы, қоғам қайраткері, қажымас қайрат иесі ағамызды таяп қалған «80 жас» деген мерейлі белесімен құттықтай отырып, қалың оқырмандар атынан өзіне мықты денсаулық, ұзақ ғұмыр, ұрпағына бақ-береке тілейміз! 

Асан Омаров,

абайтанушы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan