Қарлығаш ұя салғанда
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
I
Көктем күні батыс етекке қарай қызарып, үйлердің көлеңкесі бірте-бірте созыла берген. Сабыр атаның ауласында жалғыз қарлығаш ұшып жүр. Анда-санда үйдің ернеуіне қонып, айналасына көз тастайды да, қайтадан қанатын серпіп, көкке ұшып кетеді. Шап-шағын қараторы денесі күннің соңғы сәулесіне шағылысып, бір сәт көзге анық шалынады да, келесі сәтте аспанның қоюлана бастаған көгіне сіңіп ғайып болады.
- Ата, мынау неге тыныш таппай ұша береді? - деді Арман.
- Ол ұясын осы маңға салған болу керек. Әне, ана жерде...
Арман үйдің қабырғасына тақай түсіп, жоғары көз тастады. Ернеудің астында балшықтан тоқылған титтей ұя көрінді. Қарлығаш ұясына беттеп барады. Осы бір көрініс Сабыр атаның есіне баяғы бір жазды түсірді. Ол кезде Мейіржан да бала еді.
Ауыл балалары кеш түсе көшеге жиналатын. Бірі доп қуалайды, бірі асық атып, енді бірі велосипедпен ауыл іргесіндегі шаңды жолды шуға бөлейтін. Мейіржан да солардың ортасында жүретін. Бір күні ойынның берекесі кенеттен бұзылды. Жол жиегінде балалар бір нәрсені ортаға алып, топтанып тұр екен.
- Не болып қалды? - деді Мейіржан жақындай бере.
- Балапан!
- Қайдағы?
- Мына жерде, шөптің арасында!
Мейіржан балалардың арасынан сығалап қарады. Шөп арасында қарлығаштың кішкентай балапаны жатыр. Қанаты әлі пұшпақтана қоймаған, толық қатпаған. Аузын ашып-жауып, әлсіз дыбыс шығарады.
- Өлетін шығар, - деді балалардың бірі.
- Ұядан құлаған ғой.
- Тиіспеңдер, анасы өзі тауып алады.
Мейіржан балапанға үнсіз қадалды. Қарлығаш жоғарыда шыр көбелек айналып жүр. Бір төмендеп өтті, екінші рет шүйілді. Бірақ жерге батып қона алмады.
- Ұясы қайда? - деді Мейіржан.
- Анау жақта шығар.
- Қайда?
Балалар жоғары қарасты. Ескі трансформатор бағанасының басында балшықтан соғылған ұя көрінді. Мейіржанның қабағы түйіле түсті. Балапанды екі алақанының арасына абайлап орнықтырды. Титтей денесі шөп-шаламдай өлеусіз дірілдеп тұр.
- Қойшы, Мейіржан, - деді қасындағы бала. – Түсіп кетесің, өлесің!
Мейіржан жоғары көз тастады. Бағана биік, темір сатылары күнге қызып, өртеніп тұр. Бір сәтке жүрегі су ете түсті. Қорықты. Бірақ алақанындағы кішкентай тіршілік иесі өзінен де бетер үрей құшағында тұрғанын сезді.
- Ана жерде тұра тұрыңдар, - деді ол.
- Не істейсің?
- Ұясына апарамын.
- Түсе алмай қалсаң ше?
Мейіржан жауап бермеді. Балапанды бір қолына қыса ұстап, бағанаға өрмелей жөнелді. Бір саты. Екінші саты. Үшінші... Аяғы тайып кете жаздады.
- Мейіржан! - балалардың дауысы төменде қалды.
Ол төменге қарамады. Тағы да көтеріле берді. Жоғарылаған сайын желдің ызғары біліне бастады. Ауылдың үйлері кішірейіп, балалар алыстағы титтей нүктелерге айналғандай.
Ұяға жеткенде ғана терең дем алды. Қарлығаштың ұясы бос екен. Балапанды ішіне жайлап орнықтырды. Балапан бірден басын көтеріп, бойын тіктеді.
- Болды. Енді құлама.
Мейіржан кері қарай еппен төмен сырғи берді. Бағананың орта тұсына жете бергенде, аяғы тас-темірдің қырына тайып кетіп, сүйеніп тұрған жалаңаш сымға қолы тиіп кетті. Денесін сұрапыл тоқ тоғытып, көзінен от жарқ етті! Ол «аһ» деуге де үлгірмей, бағананың түбіне сұлап түсті. Балалар шулап қоя берді:
- Мейіржан!
- Мейіржан, не болды?!
Мейіржан есін әрең жиып, көзін ашты. Денесі әлі шымырлап, қолы жансызданып ұйып қалыпты. Бірақ ол ләм-мим деместен, сыздаған иығын ұстаған күйі басын көтеріп, аспанға қарады.
Қарлығаш ұяның төңірегінде біраз айналшықтап ұшты да, ұясына барып қонды. Мейіржанның жүзіне байқалмайтын жылы күлкі үйірілді. Сол сәтте артынан әкесінің дауысы естілді:
- Мейіржан!
Бұрылып еді, әкесі Қақпасынның жақындап қалғанын көрді. Балалар жарыса сөйлеп кетті:
- Мейіржан ток соқты!
- Құсты құтқарды!
Қақпасын ұлына бір, бағанаға бір қарады. Сосын оның маңдайындағы сорғалаған терді жеңімен сүртті.
- Қорықтың ба?
- Қорықтым, - деді. Мейіржан біраз іркіліп барып
- Қорыққан да дұрыс, - деді әкесі баласын қолына көтеріп алып.
- Неге?
- Қорықпайтын адам қауіптің не екенін білмейді, соқыр тәуекелге барады. Ал қорыққан адам ойланады, - деді әкесі үйіне қарай баласын көтеріп бара жатып, – Батылдық тек биікке өрмелеу емес.
- Сонда не?
Қақпасын аздап ойланып барып:
- Бір күні түсінесің, - деді.
Ол кезде Мейіржан бұл сөздің салмағын түсінген жоқ. Батылдық деген оның балаң ұғымында биік бағанаға өрмелеу, құлаған құсты құтқару, қиын жерге бірінші болып ұмтылу сияқты көрінетін. Жылдар өте Мейіржан әке сөзінің астарына бойлай бастады. Бірақ бұл ұғымды өмір оған айбынды да ауыр сабақпен ұқтырды.
II
Жылдар сырғып өтті. Мейіржан да ержетіп, ауылдағы балалық қызықтардың біртіндеп орнын үлкен өмірдің жауапкершілігі баса бастады. Бірақ бала күнінде әкесінен естіген сөздер оның жадынан өшкен жоқ. Қақпасынның «Батыл бол, балам» деген сөзі кейде ойына оралып, әсіресе біреуге көмек қажет болған сәттерде өзінен-өзі есіне түсетін.
Мейіржан ауылда өзгелерден ерекше бір бала болып өсті. Біреудің малы жоғалса, іздеуге көмектесетін, кішкентай балалар төбелесіп қалса, ажыратып жіберетін. Ауылдың үлкендері оның осы мінезін байқап: «Осы бала әкесі сияқты құтқарушы болады», - деп отыратын. Ал өзі істегендерінің бірін де ерлік санамайтын. Бірде біреудің: «Сен неге бәріне араласа бересің?» - деген сұрағына: «Көріп тұрып қалай кетіп қаламын?» - деп қысқа ғана жауап бергені бар. Сол мінезі оны бір күні оттың ішіне алып кірді.
Күздің қара суығы енді сезіле бастаған кез. Кешкісін ауыл үстін сұрғылт бұлт басып, күн бұрынғыдан ертерек бататын. Мейіржан ауыл сыртындағы үйлердің бірінің жанынан өтіп бара жатқанда, әуелі түтіннің өткір иісін сезді. Артынша біреудің жанұшыра айқайлаған дауысы естілді.
- Өрт!
Мейіржан жүгіріп жеткенде, қораның шатырының бір шеті отқа оранып жатыр. Жалын құрғақ шөпке тиіп, әп-сәтте күшейіп кеткен. Айналада адамдар абыр-сабыр болып, бірі су тасып, бірі малды сыртқа шығарып әлек.
- Жылқы! Жылқы іште! - деп бір әйел жылап жіберді.
Мейіржан қораға қарады. Іштен аттың үрейлі кісінеген дауысы естілді. Есіктің ар жағында жалғыз жылқы арқанмен байлаулы қалған екен.
- Барма! - деді біреу оның қолынан ұстап. – Шатыры құлауы мүмкін!
Қораның ішінен тағы да аттың кісінегені естілді. Ол балалық шағындағы қарлығаштың балапанын есіне алды. Сол кезде де қорыққан. Бірақ қорыққанына қарамастан, бағанаға өрмелеген. Қазір де жүрегі дүрсілдеп тұрды. Тек бұл жолы оның алдында кішкентай балапан емес, оттың ортасында қамалып қалған тіршілік иесі тұрды.
Мейіржан жеңімен аузын жауып, қораға кірді. Ішін қою түтін басқан. Көз аштырмайды. Ол қабырға бойымен қолын сипалап, жылқының дауысын іздеді. Бірнеше қадамнан кейін аттың үрейленген тынысын естіді. Жануар оны көргенде кейін шегініп, арқанды одан сайын тарта түсті.
- Тыныш... тыныш, - деді Мейіржан оның мойнынан сипап. – Қазір шығамыз.
Арқанның түйіні қатты тартылып қалыпты. Мейіржан оны босатуға тырысты, бірақ түйін ашылмады. Саусақтары күйіп, тынысы тарылғанына қарамастан, ол қайта-қайта тарта берді. Сырттан біреулердің: «Шық! Шатыр құлайын деп тұр!» деген дауыстары естілді.
Мейіржан арқанды тастамады. Бірнеше әрекеттен кейін түйін босады. Ол жылқыны есікке қарай жетеледі. Үрейленген жануар бірден жүре қоймады. Мейіржан оның мойнынан қыса ұстап, сыртқа қарай сүйреді. Екеуі есікке жақындай бергенде, төбеден бір кесек ағаш гүрс етіп құлады.
Сырттағы адамдар баланы аман көргенде бір сәтке демдерін ішіне тартып қалды.
- Аман!
Мейіржан жерге отыра кетті. Қолы мен иығы күйіп қалған. Бірақ өзіне қарамастан, алдымен жылқыға көз салды. Жануардың тынысы ауыр еді, бір аяғын ақсап басып тұр.
- Мал аман ба? - деді Мейіржан.
- Аман, аман, - деді қасындағы адамдардың бірі.
Бірақ Мейіржан үшін жақсы жаңалық ұзаққа бармады. Түн ішінде жылқының жағдайы күрт нашарлап, таңға жетпей тұрмады. Мейіржан оның қасында ұзақ отырды. Жаңа ғана оттың арасынан алып шыққан жануар енді қимылсыз жатыр. Ол жылқының жалынан сипап отырып, ішінен өзін кінәлады.
- Сені ертерек шығаруым керек еді...
Қасында отырған ауыл адамдарының бірі оның иығынан қағып: «Өзіңді құтқарып қалғаныңа шүкір, балам. Жылқы үшін өзіңді кінәлама», - деді. Мейіржан басын көтеріп, біраз үнсіз отырды да: «Мен оны құтқаруым керек еді», - деді.
Өртті сөндіріп болған Қақпасын ұлының қасына келіп отырды. Баласының қолындағы күйікті көріп, үнсіз қалды.
- Ауырып тұр ма?
- Аздап.
- Өзіңді отқа тастай беруге болмайды, - деді Қақпасын.
- Егер іште біреу болса ше?
Бұл жолы әкесі бірден жауап бере алмады. Біраз үнсіз отырған соң:
- Сол үшін саған тек батылдық емес, білім де керек, балам, - деді.
Мейіржан әкесіне қарады.
- Қандай білім?
Қақпасын оның иығынан қақты.
- Адамды құтқарудың жолын білетін білім.
Сол әңгімеден кейін Қақпасын ұлының болашағы туралы көп ойланды. Бір күні Қақпасынның алдына Сабырдың өзі келді. Соңғы өрттен кейін сыр бере бастаған денсаулығы бұрынғыдай жалын ішіне қойып кетуге мүмкіндік бермейтінін, дәрігерлердің де ескертуін жасырмай ашық айтты. Осылайша, ол майдан шебінен шегініп, Павлодардағы оқу орталығына оқытушылық қызметке ауысатынын жеткізді.
Әңгіме соңында Қақпасын аулада жүрген ұлына көз салды. Мейіржан құдықтан су алып, шелегін көтеріп келе жатыр екен. Сабырдың иығынан қағып тұрып:
- Жақсы, Сабыр, тәжірибеңді жастарға үйреткелі жатқаның да дұрыс болған, - деді ойлы пішінде. – Ал мына Мейіржанды көрдің бе? Түбі осы баладан жақсы маман шығады. Сәл ысылсын, сүйегі бекісін. Екі-үш жылдан соң оны да сенің қолыңа, Павлодарға жіберемін.
- Жіберіңіз. Оқысын, көрсін, үйренсін, - деді.
Мейіржан олардың не туралы сөйлесіп отырғанын білген жоқ. Ол сол сәтте аспанда айналып жүрген қарлығашқа қарап тұрған. Құс ауылдың үстінен бір айналып өтті де, ұясына қарай бет алды.
Мейіржан оның соңынан көз алмай қарады. Бала кезінде ол бір қарлығаштың балапанын ұясына қайтарған еді. Енді өмір оны өз ұясынан алыстатып, басқа бір жолға қарай жетелеп бара жатты. Ол жолдың аты – Павлодар.
III
Павлодарға табан тірегенде Мейіржанның алдынан ауылдың мамыражай ырғағына мүлде ұқсамайтын бейтаныс әлем ашылды. Ертістің бойын алай-түлей қылған зауытты, долы қала оған алғашында тым асығыс көрінген. Бейтаныс адамдар, еңселі ғимараттар мен күн сайын жаңа дағдыны талап ететін оқу орны – бәрі де бұрынғы тыныш өмірінен өзгеше еді. Бірақ Мейіржан жаңа ортадан тосырқап, шегінетін ұл емес-ті. -Қақпасынның «батыл бол» деген сөзі бойына біртіндеп мінез болып дарып, сүйегіне сіңіп келе жатқан.
Оқу жылдары да есепсіз өткен жоқ. Мейіржан бірде тулап жатқан Ертістің долы ағысынан суға батқан адамды жағаға сүйреп шығарды. Тағы бірде биік көпірден төмен қарай телмірген, өмірімен қоштаспақ болған қызды бір сәттік ептілікпен ажал аузынан жұлып алды. Тілсіз жау тап берген сәтте де жүрегі шайлықпай, қауіптің ортасына бірінші ұмтылатын. Осы бір өр мінезі бірте-бірте айналасының да назарын аударта бастады. Оқу орнын аяқтар тұста бірнеше ведомствоның Құрмет грамотасын кеудесіне тақты.
Бірақ Мейіржан үшін марапаттың аты – марапат қана еді. Ол арзандау қошеметке мастанған жоқ. Әр жолы қауіптің беті қайтқанда іштей жалғыз тілек тілейтін: «Адам аман қалса екен...»
Сол жылдары оның ішкі әлемін шайқалтпай, керісінше тереңдете түскен бір оқиға болды.
Оқу орнында Берік деген жігіт бар еді. Көп сөйлемейтін, оқшау жүретін. Сабақ бітсе-ақ ізін суытып, жатақханаға тартатын да кететін. Кейде жанарын бір нүктеге қадап, ұзақ уақыт тілсіз қатып отырып алатын.
Мейіржан оның бұл оқшау қалпын басында тек сырттай бақылап жүрді. Қалаға шығуға рұқсат алған күні Берікті өзен жағасындағы орындықта жалғыз қарауытып отырған жерінен көрді. Қасына барып, үнсіз қатарласа отырды.
- Не болды?
Берік үндемеді. Мейіржан қайталап сұрап, мазасын алмады. Екеуі де үнсіздікке бұғып, Ертістің сабырлы ағысына қарап отыра берді.
- Әкем қайтты..., - деді Берік кенет үні дірілдеп. Мейіржан досының мұң торлаған жүзіне қарады.
- Қашан?
- Жақында.
- Ауыр болып тұр ма?
Берік басын төмен салып, ақырын изеді.
- Оқуды тастап кеткім келеді.
- Әкең сенің жарты жолда тоқтағаныңды қалар ма еді?
Берік жанарын төмен төгіп:
- Білмеймін... Қолымнан келер емес.
- Қазір келмесе, ертең келеді. Ертең келмесе, арғы күні келеді. Ал қазір тастап кетсең, кейін өз-өзіңе қайта оралуың екіталай.
Берік үнсіз қалды. Мейіржан оның иығынан басып, достық ықыласпен қақты.
- Сен қазір әкеңді қайтара алмайсың. Бірақ оның сенен күткен үмітін ақтау өз қолыңда.
***
Оқуын бітірген соң Мейіржан өрт сөндіру қызметін таңдады. Сабыр бұл жаңалықты естігенде, баяғы Қақпасынның: «Бұл балаға дұрыс жол көрсету керек», — деген сөзін іштей қайталады. Бірақ өмірдің жолы кейде адам есептегеннен әлдеқайда бұралаң, ұзақ болады екен.
Сабыр жылдар өте Мейіржанның әрбір ерлігін сырттай естіп отырды. Бірде тулаған судан адам алып шыққанын, бірде лаулаған өрттің ішінен тұрғындарды аман алып қалғанын, енді бірде тағы бір жанға сүйеу болғанын біліп, іштей толқыды. Тілеуін тіледі. Бірақ сол қуаныштың астында әлдебір тынымсыз алаң да қатар өріліп жататын.
Өйткені Сабыр Мейіржанның мінезін жақсы білетін. Ол біреуді құтқару керек болса, өзін мүлде уысынан шығарып алатын, өзін ойламайтын. Ал енді Мейіржан жалғызбасты бозбала емес-ті. Оның ошағы бар. Шаңырағы, асыл жары бар. Артында мөлдiреп өсіп келе жатқан балалары бар.
Енді Мейіржанның өміріндегі ең үлкен, ең салмақты жауапкершілік – үйде зарыға күтіп отырған бес баланың әкесі болу еді. Сол күннен бастап оның әрбір кезекшілікке аттанарда артынан жабылатын есіктің ар жағында жалғыз ғана сұрақ ұлып тұратын: «Бүгін үйге аман қайтамын ба?..»
IV
Сабыр ата осы жерге келгенде сөзін кілт үзіп, біразға дейін томаға-тұйық үнсіз отырып қалды. Арман да атасының мына бір ауыр тұңғиығын бұзғысы келмей, демін ішке тартты. Кешкі баяу самал алма ағашының жапырақтарын сыбдырлатып, ауладағы тыныштықты одан сайын тұңғиықтай түскен. Арманның көкейінде тек жалғыз сұрақ тұр еді.
- Ата, кейін Мейіржан ағаны көрдіңіз бе?
Сабыр қария немересіне бұрылып, жанарындағы жасты жасырғандай баяу жымиды.
- Көрдім, балам... Көрдім. Ол кезде өмірдің талай оты мен суына шыңдалған нағыз азамат еді.
Мейіржан Павлодардағы оқуын аяқтаған соң, бүкіл тағдырын өрт сөндіру қызметіне арнады. Жылдар өте офицер болды, капитан, кейін майор шенін тақты. Алайда иығына жұлдыз түскенімен, мінезіне селкеу түскен жоқ. Кабинетте салқын бұйрық беріп қана отыратын шенеунікке айналған жоқ. Жаңадан келген жас өрт сөндірушілер оны ағасындай көріп, ерекше сыйлайтын. Өйткені Мейіржан қауіпті аймаққа келгенде «Ана жерге барыңдар!» деп сырттан әмір жүргізбейтін, «Артымнан еріңдер!» деп өзі алға түсетін.
Оның осы бір парасатты, өр мінезі қарамағындағыларға даусыз сенім ұялататын. Ол қай жерде жүрсе де, алдымен қарапайым адамның жағдайын ойлайтын. Өрттен кейін үйі күлге айналған қарияның қасына үнсіз тізе бүгіп, сөзін тыңдайтын. Баласынан айырылған ананың жанында артық ауыз сөз айтпай, мұңын бөлісетін. Қайғы жұтқан жанға кейде шенді маманнан бұрын бауырмал, жылы жүрек керегін жақсы ұғынатын.
2021 жылдың көктемінде Мейіржан Жамбыл облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі бастығының орынбасары болып тағайындалды. Ескі әріптестері жиналып, игі тілектерін жаудырып жатты. Біреуі ақжарқын әзілге басып:
- Енді кабинеттен шықпайтын үлкен төре болдың ғой, Мейір! - деді.
Мейіржан ақырын күлімсіреп:
- Өрт деген кабинеттің терезесінен көрінбейді, бауырлар, - деп жауап берген екен.
***
Таң әдеттегідей арайланып атқан. Үй ішінде бәрі де дағдылы тіршілік ырғағымен қозғалып жүрген. Бір баласы сабағын қарап отыр, екіншісі асыға киініп жатыр, төрттегі кенжесі ойыншығын шашып әлек. Ас үйден жаңа демделген шайдың хош иісі сүйіргілейді. Мейіржан да кезекті жұмысына жиналған.
Ол етігін киіп, есікке беттей бергенде, кенже қызы алдынан жүгіріп шығып, мойнына асылды.
- Әке, кешке ерте келесіз бе?
Мейіржан қызын құшағына басып, маңдайынан иіскеді де, бір сәт үнсіз қатып қалды.
- Келуге тырысамын, ботам...
Ол «келемін» деп кесіп айта алмады. Қауіппен бетпе-бет жүретін бұл кәсіп оны уәдеге сақ болуға үйреткен-ді. Өрт сөндіруші үйінен шыққанда, қай уақытта оралатынын, оралмасын да білмейді. Тек аман қайтуға тырысады.
Мейіржан есіктен шығып бара жатқанда, қызы босағада тұрып соңынан ұзақ қарады. Ол әкесінің артынан есіктің жабылғанын көрді. Бірақ бұл оның үйінен соңғы рет шығуы екенін ол кезде титтей бала ұғынған жоқ еді...
Түс ауа әскери бөлімдегі оқ-дәрі сақталған қоймадан өрт шықты деген сұмдық хабар жетті. Алғашқы минуттарда қауіптің қаншалықты жойқын екенін ешкім толық бағамдай алмады. Өрт сөндіру көліктері сарнап, оқиға орнына лап қойғанда, қойманың үстін қою қара түтін торлап, жалын аспанға шапшып жатты. Ішінде тонналаған оқ-дәрі бар. Мұндағы бір секундтық кешігу немесе кішкентай қателік жүздеген ажалға жол ашуы мүмкін болатын. Мейіржан көліктен ыршып түсе сала, жағдайды бірден бағамдады.
- Ең алдымен тұрғындарды қауіпсіз аймаққа шығарыңдар! Эвакуацияны тоқтатпаңдар! Бір-біріңді көзден таса қылмаңдар!
Оның дауысында әбігерлік пен айқай болған жоқ. Бірақ әрбір сөзі әскерге бұйрықтай анық жетіп жатты.
Төңіректегі ауылдар жедел көшіріле бастады. Жылаған бала-шаға, абыржыған аналар, дегбірі қашқан қарттар... Бірі құжатын таппай сасса, бірі есігін ашық қалдырғанын енді есіне алып әлек. Сиренаның зарыққан үні, темір-терсектің дүсірі, түтін мен күйген дәрінің өткір ызғары айналаны тозаққа айналдырып жібергендей. Мейіржан қарамағындағыларға қайта бұрылды.
- Бәрің түгелсіңдер ме?
Жас офицер ентігіп жүгіріп келді.
- Командир! Біздің жігіттер іште қалды... Связь үзіліп кетті!
Мейіржанның жүзі өзгерген жоқ. Бірақ ол бір сәтке көзін жұмды. Бар өмірі көз алдынан бала күнгі бейнелер көшкіндей сырғып өтті... Трансформатор басындағы қарлығаштың титтей ұясы. Қорадағы лаулаған өрт. Ажал аузынан жетелеп шыққан торы ат. Әкесінің салмақты дауысы: «Батыл бол, балам... Бірақ үйге қайтар жолыңды жоғалтып алма...»
Мейіржан көзін ашты. Бұл жолы да оның алдында біреудің өмірі мен тағдыры таразыға түсіп тұр. Ол бұл жолдың қайтарымсыз болуы да мүмкін екенін терең ұқты. Өйткені ол енді жалғызбасты бозбала емес. Оны үйде асыл жары мен бес бірдей құлыны сарғая күтіп отыр. Кенже қызының таңертеңгі сыбыры құлағында қайта жаңғырды: «Әке, кешке ерте келесіз бе?..»
Мейіржан дулығасын киіп, айналасына көз тастады. Дауысы бұрынғыдан да сабырлы, бұрынғыдан да ширақ шықты:
- Дайындалыңдар. Ішке кіреміз.
Ол алға адымдады. Ал алыста, үйде, бес бала әкесін күтіп отыр. Олар дал солай, дәл сол сәтте әкелерінің өмірі мен үйге қайтар жолының ортасында қара түтін мен лаулаған оттан өзге ештеңе де тұрмағанын әлі білмейтін...
Мейіржан қою қара түтіннің арасынан екі әріптесін тапты. Бірінің аяғын темір арқалық басып қалыпты, екіншісі иіс тиіп, ес-түссіз жатыр екен. Еңкейіп, жараланған жігіттің тамырын ұстап көрді де, жанындағы өрт сөндірушілерге бұрылды:
- Тірі! Екеуін де тез сыртқа сүйреңдер!
Жігіттер жабылып жүріп екеуін көтеріп алды. Бірін арқалап, екіншісін қолтықтап, сыртқа қарай ұмтылды. Тынысты тарылтқан қою түтін сай-сүйекті сырқыратып, әр адымды ауырлата түседі. Бірақ алдағы сәуле жақындай берді. Бостандық пен амандық жолы бір-ақ қадам.
Сол сәтте жер астынан сұрапыл гүріл тап берді. Алғашқы жарылыс болғанда аспан мен жер ажырап кеткендей көрінді. Жойқын дүмпу төңіректің бәрін жан-жаққа уатып ұшырды. Жер ырғалып, құлақ тас керең болды. Лаулаған оттың қызыл жалыны төбеге шапшып, қойманың төңірегін әп-сәтте тозаққа айналдырды.
Мейіржан біразға дейін есін жинай алмай жатты. Бетін ыстық топырақ жауып қалған. Дулығасы бір жаққа ұшып кеткен, маңдайынан қан сорғалайды. Қасындағы жас өрт сөндіруші оны орнынан сүйемелдеп тұрғызуға ұмтылды:
- Аға! Тұрыңыз! Шығайық!
Мейіржан сыртқа алып шыққан екі әріптесіне көз салды. Екеуі де аман.
- Екеуін алып сыртқа шығыңдар! — деді ол. — Іште тағы біреу қалды.
Жас офицер оған аңтарыла қарады.
- Аға, қайта кірмеңіз! Өрт лаулап барады, қауіпті!
- Іште тағы бір адам бар, — деді ақырын ғана. – Оны тастап кете алмаймыз.
Мейіржан қайтадан лаулаған оттың ішіне беттеді. Жанындағы жігіттер де соңынан ерді. Кенет жарық атаулы бір сәтке өшіп кеткендей болды. Аспан қақ айрылғандай сұрапыл гүрсіл естілді. Екінші жарылыс... Төбедей атылған жалын бірнеше қабат үйдің биіктігіндей көтеріліп, от пен қара түтін айналаны жұтып қойды. Бірнеше секундтан кейін айналаны меңіреу, өлі тыныштық торлады.
Сабыр ата осы жерге келгенде сөзін кілт тоқтатты. Арман атасының жүзіне қарады. Қарияның жанарында алыста қалған сол бір зауалды күннің өрттей табы жылт-жылт етеді.
- Кейін... тапты ма, ата? – деп сұрады Арман үні дірілдеп.
Сабыр баяу басын изеді.
- Иә. Тапты...
- Ол қорыққан жоқ па?
Қария немересіне ұзақ телмірді.
- Батырлар қорықпайды деп кім айтты, балам? Олар да қорқады. Тек өз қорқынышынан бұрын өзге тіршіліктің амандығын биік қояды. Мейіржанның ерлігі де сонда. Ол ажалға қарай ұмтылған жоқ. Ол адамдарды құтқаруға жүгірді.
Мейіржан сол күні үйіне қайтпады... Ал оның артында қалған қара шаңырақта бес бала әкесін күтті. Алғашқы күні олар «әкемнің жұмысы ұзап кеткен шығар» деп өздерін жұбатты. Кейін телефон шырылынан үміт іздеді. Есіктің сыртынан аяқ дыбысы естілсе, балалар жарыса жүгіріп барып, босағаға телміретін. Бірақ есік ашылған сайын үйге әртүрлі бөгде адамдар кірді. Ал әкелері келмеді...
Бес баланың сарғая күткен зары біртіндеп үнсіздікке айналды. Үйдегі ойыншықтар орнында қалды. Әкесінің киімі де бұрынғыша ілулі тұрды. Балалардың бірі байқамай оның жеңін ұстап көріп, қайта қоя салатын.
Ол халықтың жадында, елдің жүрегінде қалды. Әріптестері оның өрлігін аңызға айналдырып айтты. Жамбыл өңірі оны өзінің асыл перзентіндей жоқтады. Ал Мейіржанның бес баласы әкесінің биік есімін мақтанышпен жүректеріне ту етіп өсті.
Арада жылдар өтіп, Мейіржанның артында қалған отбасына тағы бір қуанышты жаңалық келді. Мейіржан немерелі болды. Бірақ ол немересін өз көзімен көріп, бауырына баса алмады...
Арман ұзақ уақыт үнсіз отырды. Сабыр атасы оның иығына қолын қойды.
- Ертең ерте тұр. Ерліктің бағаланатын жеріне барамыз.
Екеуі ауладан үйге қарай бет алды. Ал алма ағашының басында қарлығаш шиырлап ұшып жүріп, балшықтан соғылған жылы ұясына кіріп бара жатты...
V
Ертеңіне таңертең Арман әдеттегіден ерте оянды. Терезеден саулаған көктемнің таңғы сәуле бөлме ішін енді ғана айқындап келе жатты. Ол бірден атасының кешегі салмақты сөзін есіне түсірді: «Ерліктің бағаланатын жеріне барамыз...»
Арман төсегінен ыршып тұрып, терезеге жақындады. Аулада Сабыр атасы әлдеқашан оянып, орындықта үнсіз отыр екен. Қолында кесесі бар. Бірақ шайын ішуге зауқы соқпағандай, жанарын алысқа қадап, терең ойға батқан.
- Ата!
Сабыр қария басын көтерді.
- Ояндың ба, балам?
- Иә. Барамыз ба?
Қарияның жүзі жылып, ақырын басын изеді.
- Барамыз.
Арман тез киінді. Екеуі үйден шыққанда таңғы ауада салқын өңмен ызғар сезілетін. Ауыл үстін жұқа ақ тұман басып, алыстағы үйлердің төбелері гауһардай бұлдырайды. Жол бойындағы талдарда торғайлар шулап жатыр. Ал бір бұтаның арасынан қарлығаштың дауысы шыққандай болды. Арман басын көтерді.
Атасы мен немересі ілгері адымдап, Шөкин көшесіне келіп жетті. Мұнда адам қарасы көп екен. Түрлі мекеме қызметкерлері, өрт сөндірушілер, әскерилер мен жергілікті тұрғындар топ-тобымен жиналып жатыр. Бір шетте шағын сахна құрылып, жанында ак матамен тұмшаланған еңселі қабырға тұр.
Арман сол қабырғаға көз тастады.
- Ата, бұл не?
- Қазір көресің.
Жұрттың арасынан Мейіржанның туған-туыстары да көрінді. Кейбірінің қолында гүл, кейбірі жанарын төмен салып үнсіз тұр. Жұрттың сөзінен оның есімі қайта-қайта естіледі. Арман атасының саусақтарын қаттырақ қыса түсті.
Салтанатты жиын басталды. Мінберге бірінен соң бірі шығып, Мейіржан туралы тебірене естелік айта бастады. Бірі оның қызметтегі қайсарлығын, бірі қарапайым да кішіпейіл болмысын сөз етті. Бір кезде Мейіржанмен бірге от пен су кешкен әріптесі мінберге көтерілді.
- Ол бізге жай ғана бастық болған жоқ, - деді ол үні дірілдеп. – Ол бізге жол көрсететін аға, сүйеніш болды. Қауіпті аймаққа кірерде бізге «сендер барыңдар» деп бұйрық берген емес. «Артымнан еріңдер» дейтін. Өйткені әрқашан алда өзі жүретін.
Арман атасына қарап еді, Сабыр қарияның жанары суланып, төмен қарап тұр екен. Содан соң сөз Мейіржанның туған бауырына берілді. Ол мінберге салмақты қадаммен көтерілді. Үнін қанша жерден нық ұстағысы келгенімен, әрбір сөзінің арасынан өксік есіліп тұрды.
- Ағам өте қарапайым адам еді... Бауырмал, ешкімнің көңілін қалдырмайтын. Сондықтан шығар, бүгін сонау Жамбыл өңірінен ағамның аруағына тағзым етуге қаншама халық жиналып отыр. Артында жары, бес баласы қалды. Жақында немерелі болды...
Ол бір сәт тоқтап, жұтқыншағы бүлкілдеді.
- Өкінішке қарай, сол қуанышты өз көзімен көрмей, бауырына баса алмай кетті...
Алаңды ауыр үнсіздік торлады. Арман атасының қолын жіберген жоқ. Сол сәтте сахна жанындағы жастар ақ матаның бауын шешті. Матаның бір шеті сырғып түсті. Екінші шеті де төмен саулады. Қабырғадағы алып сурет — мурал біртіндеп ашыла бастады... Арман демін ішіне тартты. Муралдың ортасында Мейіржан бейнеленіпті. Қарсы алдында — атасының естеліктерінен көз алдына талай тіріліп келген батырдың дәл өзі тұр еді.
Арманның көзіне жас ыршып шықты. Ол жасын сүрткен де жоқ. Өйткені ол алғаш рет Адам өмірінің шынайы мәнін түсінгендей еді.
Алаңда гүл қою рәсімі басталды. Адамдар бірінен соң бірі келіп, муралдың түбіне гүл шоқтарын қойып жатты. Арман да атасының қолынан ұстап, алға қарай адымдады. Сол сәтте қабырғаның үстінен жалғыз қарлығаш саңқ етіп ұшып өтті. Ол шыр көбелек айналып, муралдың шетіне барып қонды. Арман құсқа қарап тұрып, ақырын жымиды.
- Ата...
- Не болды?
- Қарлығаш та келді.
Сабыр атасы басын көтерді.
- Қайта-қайта келеді, балам. Өйткені ана жерге ұя салуды бастапты.
Қарлығаш қанатын қағып, көкке қайта көтерілді. Арман оның соңынан ұзақ телмірді. Ал қабырғадағы Мейіржан Айманов Қақпасынұлының жүзіне алтын күннің сәулесі түсіп тұр.
Лақап аты: Қала баласы
