Біздің әдебиет пессимизм емес, ұлттық рух бағытында дамуы керек!
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тарихты тану, ұлттық жады және жас ұрпақтың тарихи санасы туралы пікірі көңілімнен шықты. Тарихты «өткен күндердің тізбегі» деп ойлайтындар көп қоғамда өмір сүреміз. Ақиқатында, тарих дегенің – ұлттың өзін-өзі тануы, бүгінгі болмысын бағамдауы және болашағына бағыт-бағдар белгілеуі емес пе еді! Сондықтан тарихқа деген көзқарас өзгермей, қоғамдық сана толық жаңғыра алмайды.
Мемлекет басшысының пікіріне орай
Президент 2026 жылғы 26 тамызда өткен мұғалімдердің республикалық Тамыз конференциясында және араға екі күн салып, 28 тамызда Бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайының алғашқы сессиясында айтқан ойлары осы тұрғыдан ерекше назар аудартады. Мемлекет басшысы екі алқалы жиында да тарих мәселесіне арнайы тоқталып, ұлттық тарихи сананы қалыптастырудың бірнеше маңызды қағидатын айқындап берді. Бұл екі сөзді бір-бірінен бөліп қарауға болмайды. Тамыз конференциясында көтерілген мәселе Құрылтай мінберінде жалғасын тауып, кең ауқымды мемлекеттік-идеологиялық тұжырым екенін көрсетті. Жалпы тарих туралы пікірдің биік мінберден айтылғанына қуандым. Салмағы ауыр, жауапкершілік міндеті зор сөз тек қана биік мінберден айтылуы тиіс.
Иә, Президент сөзінің тікелей жазушы, тарихшы қауымға бағытталғанын ескерген абзал. Тамыз конференциясында Президент ең алдымен мектептегі тарихи білімнің сапасына назар аударды. Үкімет жүргізген сараптама барысында мектеп оқулықтарынан 700-ден астам өрескел қате табылғанын айтып, тексерілмеген тарихи деректерге сүйенген оқу материалдарын қайта қарау қажеттігін көтерді. Әсіресе балаларға жалған «қаһармандар» мен ойдан шығарылған «ерліктерді» тарихи шындық ретінде ұсынудың қауіпті екенін ескертті. Бұл – өте маңызды мәселе. Отаншылдықты қалыптастыру үшін тарихты әсірелеудің, болмаған оқиғаны болды деудің, аңызды ақиқаттың орнына ұсынудың қажеті жоқ. Өйткені жалған дерекке негізделген патриотизмнің ғұмыры қысқа. Бала есейіп, тарихи шындықпен бетпе-бет келген кезде оның оқулыққа ғана емес, ұлттық тарих туралы қалыптасқан түсінігіне де күмән келуі мүмкін. Демек, тарихи білімнің бірінші шарты – деректілік. Екінші шарты – ғылыми адалдық. Үшінші шарты – ұлттық мүдде мен тарихи ақиқатты бір-біріне қарсы қоймау. Президенттің «Жалған, ойдан құрастырылған мәліметтер тарату арқылы балаларды отаншылдыққа тәрбиелеу жақсылыққа апармайды» деген пікірі осы мәселенің түйінін көрсетеді.
Шын мәнінде, қазақ тарихының өзін құрметтеу үшін оған аңыз қосудың қажеті жоқ. Қазақ даласындағы мемлекеттілік дәстүрі, ұлттың азаттық жолындағы күресі, мәдениеті мен ғылымы, ағартушылық қозғалысы, Алаш идеясы, ХХ ғасырдағы ұлт зиялыларының қызметі – бұлардың барлығы тарихи деректердің өзімен-ақ жас ұрпаққа мақтаныш сезімін ұялата алады.
Тамыз конференциясында айтылған ең салмақты ойлардың бірі – ұлт тарихын тек қасірет арқылы танымау мәселесі. Поезидент: «Ұдайы жапа шеккен ұлт кейпінен арылуымыз керек», – деді. Оның пікірінше, жастар өз халқының тарихын дұрыс түсіне отырып, болашаққа үмітпен және сеніммен қарауға тиіс. Жас ұрпақ өзін тарихи тұрғыдан үнемі жеңілген, езілген, қорланған халықтың мұрагері ретінде емес, сын-қатерлерді еңсеріп, мемлекеттілігін сақтап қалған халықтың ұрпағы ретінде сезінуі қажет. Бұл жерде өте нәзік айырмашылық бар.Қасіретті тарихты ұмыту керек деген сөз емес. Қазақ халқының тарихында «Ақтабан шұбырынды», отарлық езгі, ашаршылық, саяси қуғын-сүргін, ұлттық интеллигенцияны жою, Алаш қайраткерлерін атудан бастап Семей полигонына дейінгі ауыр кезеңдер болды. Оларды ұмыту – тарихи жадыдан айырылу. Бірақ сол қасіретті ұлттық болмыстың жалғыз өзегіне айналдыру да дұрыс емес. Өйткені қазақ тарихы тек ашаршылықтан, қуғын-сүргіннен, отарлық езгіден тұрмайды. Оның ар жағында ғасырларға созылған мемлекеттілік тарихы, ұлы дала өркениеті, хандық дәуір, дипломатиялық дәстүр, әскери жеңістер, рухани мұра, ғылым мен ағартушылық, әдебиет пен мәдениет жатыр.
Президент Құрылтайдағы сөзінде осы ойды одан әрі нақтылады: халқымыз бастан кешкен қиын-қыстау кезеңдерді ұмытпауымыз керек, бірақ қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауына айналдыруға болмайды; себебі ұлт тарихында жеңілістермен қатар жарқын жеңістер мен жетістіктер де аз емес. Осы тұрғыдан қарағанда, мәселе тарихи қасіретті жасыруда емес, тарихи пропорцияны қалпына келтіруде жатыр.
Тарих дегенің музейде тұратын көне жәдігер емес. Тарихтың өміршең дәстүрлері қазіргі мемлекеттің болмысынан көрініс табуы керек. Сонда тарихи жады қоғамның дамуына қызмет етеді. Ұлттық тарих – жеңілістер тарихы болмауы керек, ол мінезді даралатайтын, намысыңды тіктейтін, жігеріңді танитын мотивациялық сабақ болуы тиіс. Президенттің екі сөзінен шығатын ең үлкен тұжырым – осы.
Біз тарихымызды ұзақ уақыт бойы түрлі саяси жүйелердің көзқарасымен таныдық. Бір кезеңде қазақтың мемлекеттілік тарихы толық айтылмады. Екінші кезеңде бұрын жабық болған ақтаңдақтарды ашуға бар күш жұмсалды. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қуғын-сүргін, ашаршылық, Алаш қозғалысы, отарлық саясат сияқты тақырыптардың қайта оралуы тарихи әділетті қалпына келтіру үшін аса қажет еді. Ендігі міндет – сол зерттеулерді жоққа шығару емес, ұлттық тарихтың толық картинасын жасау.
Мәңгілік ел әдебиеті қандай болуы керек? Бізге қандай әдебиет қажет? Бізге ұлттың еңсесін түсіретін жоқтау жыр емес, рухын көтеретін қуатты әдебиет қажет! Біздің әдебиет пессимизм бағытында емес, елдікғ өрлік бағытта болуы керек. Бізге торығуды тағдыр, түңілуді тереңдік етіп көрсететін әдебиеттен гөрі, тарихи жадты тірілтіп, ұлттық мінезді қайрап, намысты оятатын сөз қажет. Қалам ұстаған адам қоғамның жарасын ғана тізбелемей, сол жарадан жазылатын жігерді де көрсете білуі тиіс. Ұлт әдебиеті қараңғылықты суреттеумен шектелмей, қараңғылықты жарып шығатын рухты тәрбиелеуі керек. Өйткені рухы әлсіреген әдебиет – оқырманын қажытады, ал рухы мықты әдебиет – ұлтты оятады. Осыны ұмытпайық! Президент сөзінің астарын түсінейік!
Қазақ – әлемдік өркениетпен байланыс орнатқан халық. Қазақ – ХХ ғасырдың алапаттарына қарамастан тәуелсіз мемлекетін қайта құрған халық. Сондықтан тарихи нарративтің өзегіне «бізге не істеді?» деген сауалмен қатар «біз не істей алдық?», «нені сақтап қалдық?», «әлем өркениетіне не қостық?» деген сауалдарға толымды жауап бере алатын әрі әлемдік әдебиетпен бәсекелесе алар туынды қажет! Ендеше, қалам ұстаған қауым, сергек болып, бекер жатпаса керек-ті...
