Мас адам мен сау сайтанның әңгімесі
Жас қаламгер, аудармашы Еркебұлан Жалғасбай орыс әдебиетінің классигі Антон Павлович Чеховтың «Мас адам мен сау сайтан» әңгімесін қазақ тіліне аударып, “Әдебиет порталына” жолдаған екен. Чеховтың шағын прозасына тән ащы мысқыл, адам мінезіндегі қайшылық пен қоғамның әлсіз тұстарын дәл аңғаратын шеберлік бұл туындыдан да анық көрінеді.
Классикалық әдебиеттің құндылығы да осында. Уақыт өзгергенімен, адам табиғаты, қорқыныш, пендешілік, әлсіздік пен күлкілі қайшылықтар өзгеріп кете қоймайды. Сондықтан классиканы жаңа ұрпақтың ана тілінде қайта сөйлету – тек көркем мәтінді аудару емес, әдебиеттер арасындағы сабақтастықты жалғау, оқырманның әлемдік әдебиетпен байланысын кеңейту.
Чеховтың шағын әрі уытты әңгімесін Еркебұлан Жалғасбайдың тәржімасымен оқырман назарына ұсынамыз.
Әскери жабдықтау басқармасының бұрынғы шенеунігі, зейнеттегі колледж хатшысы Лахматов өз үстеліне отырып, он алтыншы рюмкасын сіміре, бауырластық, теңдік, бостандық жайында ойланды. Кенет оған шамның артынан бір сайтан сығалай көз салды. Бірақ, оқырман, сіз бұдан шошымаңыз, сіз сайтанның кім екенін білесіз бе? Ол етіктей қара жүзді және ойнақы қызыл көзді, сымбатты жас жігіт. Үйленбеген бойдақ болса да, басында мүйізі бар. Шаш үлгісі a la Капуль. Денесін жасыл түк басқан және мүңкіген ит иісті. Белінен төмен құйымшағына жебе ұшты құйрық салбырай біткен. Саусақ орнына сояудай тырнақ, аяқ орнына жылқының тұяғы.
Сайтанды көрген Лахматов сәл абдырап қалды. Бірақ артынан көп ішіп қойғандарға жасыл сайтандардың көрінетін ерсі әдеті барын есіне алып, көп ұзамай сабасына түсті.
– Мен кіммен сөйлесу мәртебесіне иемін? – деп Лахматов шақырылмаған қонағына тіл қатты. Сайтан ыңғайсыздана көзін төмен салды.
– Сіз қымсынудан аулақ болыңыз, – деп Лахматов сөзін жалғады.
– Жақынырақ келіңіз, мен елдің сыртынан тон пішкенге жоқ адаммын, сіз менімен ашық көсіле сөйлессеңіз болады... Сіз ішкі жан дүниеңізде... кімсіз?
Сайтан сенімсіз қадамдарымен Лахматовқа таяу келіп, құйрығын астына қыса, сыпайы түрде иіле ізет көрсетті.
– Мен – сайтанмын, – деп таныстырды ол өзін. – Мен тозақ кеңсесінің
директоры, мәртебелі Ібіліс мырзаның жеке аумағындағы арнайы тапсырмалар жөніндегі лауазымды тұлға қызметін атқарамын.
– Естідім, естідім... Өте қуаныштымын... Отырыңыз! Арақ ішесіз бе? Разы болар ем…Айтпақшы, сіз немен айналысасыз?
Сайтан алдыңғысынан бетер ыңғайсызданды...
– Шынымды айтсам, менің мойнымда аса маңызды шаруа жоқ, – деп ыңғайсыздана жөтеліп мұрнын «Ребусқа» сүрте сайтан жауап берді. – Ілгеріде біздің расымен айтарлықтай ірі шаруаларымыз болды. Біз адамдарды азғырдық, олардың тура жолдан тайып, жақсылықтан безіп, зұлымдықтың жолына түсуіне тікелей себепкер болдық. Бірақ қазір бұл іспен айналысу, – арамызда қалсын, – түкке де тұрмайды. Бүгінде ізгіліктің ізі өшкен, адамды адастыратын түйір амал қалмаған. Оған қоса адамдардың айласы бізден асып түсетін болды. Сіз университетте барлық ғылымды оқып тауысқан, тар жол, тайғақ кешуден өткен адамды алдаймын деп көріңізші. Менің көмегемсіз-ақ мыңдаған ақшаны жымқырып, түйені түгімен жұтып жүрген сендерді бір рубльды ұрлауға мен қалай үйретемін?
– Оның расы – рас қой... Дегенмен бәрібір бірдеңені ермек етіп, бір іспен айналысасыз ғой, солай емес пе?
– Иә... Бұрынғы жағдайымыз туралы енді тек өткеннің еншісімен ғана сөйлей аламыз. Дегенмен әлі де атқарар ісіміз баршылық. Көрікті бикештерді азғырамыз, бозбалаларды өлең жазуға құштар етеміз және мас көпестерді айнаны шағуға мәжбүрлейміз. Саясатқа һәм әдебиет пен ғылымға араласуды біз бұрыннан қойғанбыз. Бәрібір одан түк те түсінбейміз. Жарытып ол жайлы ойлана да алмаймыз. Біздің біршамамыз «Ребус» жасауда адамдармен қызметтесіп жүр. Тіпті тозақты тәрк етіп, адам қатарына қосылып кеткендер де бар. Адамдар қатарына қосылған бұл зейнеттегі бұрынғы сайтандар бай көпес әйелдерге үйленіп алып, қазір шалқып өмір сүріп жүр. Олардың бірнешеуі заңгерлікпен айналысады, енді бірі газет шығарады. Қысқасы олар белді және аса құрметті адамдар!
– Бұл қисынсыз сұрағым үшін айып етпеңіз, бірақ осы қызметіңіз үшін өтеуіне қандай сыйақы аласыз?
– Жағдайымыз бәз-баяғы қалпында қалып отыр , мырза, – деп жауап берді сайтан. – Штатымыз мүлде өзгермеген... Бұрынғысынша пәтері, жарығы мен жылуы қазынаның есебінен. Ал бізге жалақы төленбейді, өйткені бәріміз штаттан тыс қызметкер болып саналамыз. Оған қоса сайтан болу – ол құрметті лауазым ғой.
Негізінен ашып айтар болсам, жұпыны тұрамыз, тіпті көшеге шығып қайыр сұрайтын хәлдеміз. Бізді пара алуға үйреткен адамдарға қайта мың рақмет, әйтпесе әлдеқашан аштан бұратылып өліп қалушы едік. Біз, тіптен, толығымен сол табыспен күнелтеміз. Әуелі күнәһарларды азық-түлікпен қамтамасыз етеміз, содан соң одан аздап жымқырып қаламыз. Ібіліс қартайды. Цуккиға барумен әуре болып жүр, қазір есеп-қисаптың қағазымен жүрер шамасы жоқ.
Лахматов сайтанға тағы бір рюмка арақ құйды. Сайтан ішіп алып, тағы көсіле әңгіме айтты. Ол тозақтың құпиясын түгел айтып берген еді. Солай шерін тарқатып, жан дүниесін тазартқандай болды. Артынан өкіріп жылады. Оның Лахматовқа ұнағаны соншалық, тіпті үйіне бір түн түнеуге рұқсат етті. Сайтан пеште ұйықтап, түнімен сандырақтаумен болды. Ал таң сәріде тіптен болмағандай ғайып болды.
1886
