Идеяның мазмұндық өрісін кеңейткен туынды

Роман композициясындағы маңызды заңдылық – кейіпкерлердің бір-бірінің жасырын мүмкіндігін ашуы. Қоспа Бүкірдің бойындағы жүйріктікті таниды. Бүкір Қоспаның ішкі сенімін оятады. Бірінің қоғамдық кеңістікте мойындалуы екіншісінің рухани түлеуіне жол ашады. Осы байланыс шығарманың сюжеттік қозғалысын қамтамасыз етіп, психологиялық дамудың өзегіне айналады.

Идеяның мазмұндық өрісін кеңейткен туынды - adebiportal.kz

Есболат Айдабосын – өз тақырыбын тапқан жазушы. Иә, алғашқы сөйлемнен-ақ осылай ойымды бүкпесіз, күлбілтелемей ашық айтайын. Оның «Бүкір» деген романын байқауға түскен кезінде екі рет оқыдым. Сол жүлделі романды өз алдына дербес кітап қыламын деп баспаға дайындап жүріп және екі қайыра оқыдым. Әр оқығанымда сүйсініп, айызым қанып, ырза болып отырдым. Есболат – кешегі Мұхтар Әуезов қалыптастырған қазақ прозасының дәстүрін ХХІ ғасырдағы жалғастырушысы әрі  ұлттық колориті қанық шығармалар жазатын санаулы ғана жазушымыздың бірегейі. 

Ал оның «Бүкір» романы – қазіргі қазақ прозасындағы ұлттық характерді жаңа көркемдік арнада танытқан сүйекті шығарма. Романның негізгі сюжеттік желісі Бүкір атты жүйрік пен Қоспа есімді жетім баланың тағдырын тоғыстыруға құрылған. Автор осы екі кейіпкер арқылы қоғамнан қағажу көрген тіршілік иелерінің ішкі қуатын, адам қадірінің өлшемін, әлеуметтік ортаның қаталдығын көркем пайымдайды.

Туындының басты ерекшелігі – адам мен жылқы тағдырын қатар өрбіткен психологиялық параллелизм. Бүкір мен Қоспаның болмысында бірнеше ортақ сипат бар. Екеуінің де шыққан тегі айналасына күмән туғызады. Екеуі де сыртқы белгілеріне қарай бағаланады. Екеуіне де кемсіте таңылған ат тағдырлық таңба болып жабысады. Екеуі де ортаның мазағы мен қатыгез үкіміне ұшырайды. Осы ұқсастықтар романдағы екі сюжеттік арнаны бір көркемдік жүйеге біріктіреді.

Бүкір – шығармадағы зооморфтық образ. Бұған дейін қазақ прозасында жылқы бейнесі көбіне еркіндік, тектілік, жүйріктік, дала рухы ұғымдарымен сабақтасып келген-тін. Ал Есболат Айдабосын осы дәстүрлі символиканы сақтай отырып, оған әлеуметтік және психологиялық мазмұн үстейді. Бүкірдің дене бітіміндегі өзгешелік қоғамның оны алдын ала шеттетуіне себеп болады. Асылтұқымды жылқылар қатарынан шығарылған құлынның кейін бәйгелерде топ жаруы шығармадағы негізгі көркемдік қайшылықты қалыптастырады.

Бұл қайшылықты «сыртқы пішін – ішкі қуат» антитезасы арқылы тануға болады. Бүкірдің сыртқы тұрқы мен табиғи қабілеті бір-біріне кереғар сипатта беріледі. Ортасы оның дене құрылымын көреді, автор оның жаратылысындағы қуатты ашады. Көпшілік кемшілік деп таныған белгі тұлпардың шын мүмкіндігін анықтай алмайды. Осы арқылы жазушы адамның да, жануардың да құнын сыртқы қалыпқа қарап белгілеудің қате өлшем екенін аңғартады.

Қоспа бейнесі осы идеяны әлеуметтік кеңістікке алып шығады. Оның есімі – кейіпкердің қоғамдағы орнын білдіретін көркем таңба. Қазақ ұғымында «қоспа» сөзі бір ортаға толық сіңбеген, тегі бөлек, бөтен нәрсені аңғартады. Баланың төл есімінің көмескіленіп, Қоспа атануы – оның жеке тұлғалық болмысының мойындалмауын көрсететін психологиялық деталь. Адамды өз есімінен айыру – оны өткенінен, тегінен, даралығынан ажырату. Сондықтан Қоспаның аты романда антропонимдік қызметпен шектелмей, әлеуметтік таңбаға айналған.

Бүкір атауы да дәл осындай поэтикалық жүк арқалап тұр. Шығарманың атауына шығарылған бұл сөз бір жағынан тұлпардың сыртқы сипатын білдірсе, екінші жағынан қоғам санасындағы қисық өлшемді ишаралайды. Роман атауының семантикалық ауқымы оқиға дамыған сайын кеңейеді. Алғашында оқырман бүкірлікті аттың дене құрылысынан көреді. Кейін бұл ұғымның қоғамдық санаға, адамдар арасындағы қатынасқа, әлсізді шеттететін ортаға қатысты астары ашылады.

Автор екі кейіпкерді көркем кеңістікте кездестіру арқылы тағдырлар синтезін жасайды. Бүкір мен Қоспа өмір шындығында бір-бірінен бөлек ғұмыр кешкен жандардың негізінде сомдалған. Қаламгерлік қиял оларды бір сюжетке біріктіріп, өзара толықтыратын көркем жұпқа айналдырған. Әдебиет теориясында мұндай тәсілді типтендіру мен жинақтаудың нәтижесі ретінде қарастыруға болады. Жазушы нақты деректі сол қалпында баяндаудан гөрі, өмірлік материалды көркем шындық деңгейіне көтереді.

Роман композициясындағы маңызды заңдылық – кейіпкерлердің бір-бірінің жасырын мүмкіндігін ашуы. Қоспа Бүкірдің бойындағы жүйріктікті таниды. Бүкір Қоспаның ішкі сенімін оятады. Бірінің қоғамдық кеңістікте мойындалуы екіншісінің рухани түлеуіне жол ашады. Осы байланыс шығарманың сюжеттік қозғалысын қамтамасыз етіп, психологиялық дамудың өзегіне айналады.

Бүкірдің бәйгеге қосылуы – роман композициясындағы шарықтау шегіне бастайтын негізгі әрекет. Бәйге хронотопы қазақ әдебиетінде сын, бәсеке, тағдыр шешілетін кеңістік ретінде қалыптасқан. Есболат Айдабосын осы дәстүрлі хронотопты әлеуметтік мойындалудың алаңына айналдырады. Бәйге үстінде тұлпардың табиғи болмысы толық ашылады. Бұған дейінгі күмән, мазақ, менсінбеу оның шабысымен теріске шығарылады.

Тұлпардың мәреге жетуі сыртқы жеңістен бұрын ішкі ақиқаттың танылуын білдіреді. Бүкір бәйгеде өзінің табиғи жаратылысын дәлелдейді. Қоспа сол жеңіс арқылы адамдық қадірін қайта табады. Сюжеттік тұрғыдан ат пен баланың мақсаты тұтасып, ортақ жеңіске ұласады. Бұл – романның катарсистік қуатын арттыратын көркемдік шешім.  Шығармадағы тартыс та назар аударуға лайық. Мұнда классикалық үлгідегі бір ғана жағымсыз қаһарманға құрылған қақтығыс жоқ. Негізгі антагонистік күш – қоғамдық көзқарас. Оның нақты бір бет-бейнесі көрінбейді, алайда үкімі әр кейіпкердің тағдырына әсер етеді. Бұл үкім кемсіту, шеттету, менсінбеу, ат тағу әрекеттері арқылы танылады. Осы сипат роман тартысын жеке адамдар қақтығысынан әлеуметтік-психологиялық деңгейге көтереді.

Авторлық баяндаудың тағы бір ерекшелігі – эмоциялық ұстамдылық. Қаламгер кейіпкерлерін аяныш нысанына айналдырмайды. Олардың ауыр халін әсірелеп, оқырманнан дайын сезім талап етпейді. Кейіпкер тағдырын әрекет, орта, қарым-қатынас, психологиялық деталь арқылы ашады. Мұндай баяндау тәсілі шығарманың сентименталдық сарынға ауып кетуіне жол бермей, көркемдік салмағын күшейтеді.

Бүкір бейнесінен тұлпар архетипінің жаңаша түрін көреміз. Дәстүрлі эпикалық шығармаларда жүйрік ат батырдың сенімді серігі, жорықтағы қанаты ретінде суреттеледі. «Бүкірде» жылқы әлеуметтік шеттетудің зардабын көтерген дербес тағдыр иесі дәрежесіне көтеріледі. Ол адамға қызмет ететін қосалқы бейне қалпында қалмай, роман идеясын арқалаған орталық тұлғаға айналады. Осы көркемдік шешім шығарманың жанрлық сипатына да тың мазмұн береді.

Қоспа – психологиялық даму үстінде көрсетілген динамикалық кейіпкер. Оның өзгерісі сыртқы жағдаймен бірге ішкі сенімнің оянуынан көрінеді. Бастапқыдағы қорғансыздық бірте-бірте тәуекел, сенім һәм рухани беріктікке ұласады. Бұл эволюцияны автор декларативті сөзбен баяндаудан гөрі Қоспаның Бүкірге қатынасы арқылы жақсы көрсеткен. Баланың тұлпарды тануы – өзінің де қадірін тануға жасаған алғашқы қадамы.

Романның идеялық-философиялық өзегінде тану категориясы жатыр. Адамның бойындағы қабілетті кім таниды? Қоғам кімге мүмкіндік береді? Сыртқы ерекшелік тұлғаның тағдырын неге анықтауға тиіс? Жазушы осы сауалдарды тікелей қоймай, кейіпкерлердің ғұмыры арқылы алға тартады. Көркем шығармадағы идеяның оқиға мен образдың ішінен табиғи туындауы «Бүкірдің» эстетикалық тұтастығын танытады.

Есболат Айдабосын ұлттық прозадағы жылқы тақырыбын қайталап қана қоймай, оның мазмұндық өрісін кеңейткен. Жылқы образы арқылы қазақ қоғамындағы әлеуметтік иерархия, жетімдік, жатсыну, тұлғалық қадір, рухани төзім мәселелерін қозғайды. Ұлттық дүниетаным мен қазіргі әлеуметтік проблематиканың тоғысуы романның басты көркемдік табысына айналған.

«Бүкірдің» құрылымдық тұтастығын қамтамасыз етіп тұрған үш негізгі арна бар. Біріншісі – Бүкір мен Қоспа тағдырларының психологиялық параллелизмі. Екіншісі – сыртқы пішін мен ішкі қуатқа құрылған антитеза. Үшіншісі – кемсітуден мойындалуға қарай дамитын сюжеттік қозғалыс. Осы үш арна шығарманың композициясын, образдар жүйесін және идеялық бағытын бір нүктеге жинақтайды.

«Бүкір» – қоғам шетке қаққан екі тағдырдың бір-бірін табуы арқылы адамдық қадірдің өлшемін көрсеткен бәсі биік туынды. Романның көркемдік қуаты күрделі оқиғалардың молдығында тұрған жоқ, тиісінше оның салмағы – дәл таңдалған образда, мағыналық параллельдерде, психологиялық деталь және ұлттық символды әлеуметтік идеямен ұштастыруында.  Бүкірдің арқасындағы дөңес – жаратылыстың белгісі болса, қоғамның санасындағы бүкірлік – рухани кесел емес пе! Жазушы осы екі ұғымды көркемдік тұрғыдан бір-біріне қарсы қойып, оқырманын адамды тану мәдениеті турасында  ойлантады. Задында, «тұлпардың жүйріктігін сыртқы тұрқы анықтамайды» демекші, адамның қадірін де ортаның таққан лақап аты белгілей алмайды. Есболат Айдабосынның шығармашылық жеңісі – осы ақиқатты пафостық ұранға айналдырмай, кәнігі тауқыметті тағдырға айналдырып көрсетуінде. Сөз басында батыл тұжырым жасауымның мәні – осы еді... 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan