Лев Толстой қандай адам болған?
Л.Н. Толстой барлығы жалпы саны 174 әдеби көркем туынды, балаларға арналған 629 шығарма жазды, олардың барлығы бүгінге дейін жеткен, сондай-ақ аяқталмаған шығармалары да қомақты орын алады.
Лев Толстой әдеби туындыларында адам өмірінің ақиқатын көркем бейнелеген ұлы суреткер, адам өмірінің адамгершілік - құдайшылдық қағидаларын айқындаған ұлы ізгілік, адамзат ой санасы мен дүниетанымының дамуына сүбелі үлес қосқан ұлы ойшыл деп айтып жатамыз, ал шындығында біздің түсінігіміздегі «ет пен сүйектен жаралған» Лев Толстой қандай адам болған?
Лев Толстой өзі жазған, өзі талап еткен рухани идеалдарға сай келді ме, әлде сөзі мен ісінде алшақтық болды ма; бала кезінде қандай еді, жасында қандай болды, есейгенде өзін қалай ұстады; үйде және сыртта қандай еді, мінез - құлқы қандай болған; отбасында қандай болған, әйеліне қалай қарады, балаларын қалай тәрбиеледі; әріптестеріне көзқарасы қандай еді, дене бітімі мен денсаулығы қандай болған, жазушы қалай жазды деген және тағы басқа жеке өміріне қатысты деректер кемеңгер жазушының күнделіктерінде, естеліктерде, көркем шығармаларындағы өзінің бейнелік кейіпкерлерінде, Лев Толстойдың өмірі мен шығармашылығына арналған танымдық кітаптарда молынан көрінеді, әрине, мұндай толағай деректер «Мен ешкімнен өзімді жасырмаймын» деген кемеңгер жазушының шынайы тұлғасын көрсеткені болмаса ешкімге зиянын тигізбейтін шығар.
Лев Толстой: «Адалдық – ар ұждан мен ізгілік өзегі»
Үндістанның тәуелсіздік қозғалысының жетекшісі Махатма Ганди «Толстой өз заманының ең адал адамы болатын, ол ешқашанда шындықты жасырмады, діни биліктен де, зайырлы биліктен де қорықпады, өзінің ғибратты ұлағаттарын ізгілік істерімен нығайтты, ақиқат үшін қаншама құрбандыққа барды» деп жазды.
Лев Толстойдың идеяларын жанына жақын тұтқан ұлтымыздың ұлы ақын ойшылы Шәкәрім Құдайбердіұлы «Жанымен сүйді әділет, ардың жолын», – дейді.
Лев Толстой үшін адалдық - абсолютті нәрсе, моралдық- этикалық қағида болған, «Адалдық – ар-ұждан мен ізгілік өзегі» деген кемеңгердің шығармалары ар - ұждан мен ізгілікке негізделген.
Лев Толстойдың өзі «Шындық адамды әдемі қылатын және рухани бай ететін нәрсе, іс- әрекетінің әділдігін анықтайтын жалғыз өлшем, ақиқатты болу - адам жанның ең керемет сұлулығы», - деп анықтайды, ол жасында өзінің қателіктерін жасырған емес, өзіне де, өзгеге де өтірік айтпаған, ақиқатқа адал болған.
Естеліктерде Лев Толстойдың шынайы, қарапайым адам болғанын: «Лев Толстой бірдеңе білгісі келсе не ақыл сұрағысы келгенде қарапайым, адал адамдардан сұрайтын, сенімі мен өміріне күш-қайрат беретін адал жандарға жақындағанды ұнататын, сондай кездерде өзінің күйлі, дәулетті өмірінен қатты қысылатын, отбасылық әл-ауқатынан, байлығынан ұялатын, бұл оның тәубәшілігін, күнәһар тақуалығын көрсететін еді» - деп жазады.
Толстойдың өнегелі, өте әдепті, сыпайы және жұмсақ адам болғанын, ал жазушының ұлы Сергей: «Әкем қызметшілерге ешқашанда дауыс көтермейтін, оларды ешқашанда сөкпейтін еді» деп еске алады.
Толстой адамдармен қарым-қатынаста керемет әдептілік сақтаған, адамшылық қасиеттерді сыйлаған, адамның әлеуметтік статусына қарамаған, өркөкіректік, екіжүзділік пен пайдақұмарлықты ұнатпаған, адамның ішкі жанының мәнін көруге ұмтылған.
«Толстой жас кезінде әңгімелескен адамын таң қалдыруға тырысатын, пікір таластырғанды жақсы көретін, өткір болатын, осы қасиеттерін кәрілігінде де сақтады» - дейді Лев Толстойдың әдеби серіктесі, жақын достарының бірі, жазушы Дмитрий Григорович.
Толстойдың басты қасиеті оның адамгершілігі болған, үнемі әділ, ізгілікке және ақиқатқа ұмтылған адам болған.
Толстойдың балалық және жастық шағы.
Анасы Марина Николаевна
1828 жылғы 28 тамызда Тула губерниясының Крапивен уезіндегі Ясная Поляна иелігінде граф Н.И. Толстой мен М.Н. Толстая отбасында төртінші ұлы Лев дүниеге келді. Келесі күні сәбиді Кочактағы әулие Николай Чудотворец шіркеуінде діни қызметші Василий Можайский шоқындырады. Кіндік өкілдері болып помещик С.И. Языков пен графиня П.Н. Толстая бекітіледі. Әкесі граф Н.И. Толстой 1813-1814 жылдардағы шетелдік жорықтарға қатысқан, отставкадағы подполковник, Тула помещигі, оның атасы П.А. Толстой Петр I-нің үзеңгілес серігі, Толстой әулетінен шыққан тұңғыш граф (1724). Анасы графиня М.Н. Толстая князь Волконский әулетінен шыққан. Жасында үй жағдайында жақсы білім алған, француз, неміс, итальян тілдерін жетік білген, өлеңдер, әңгімелер мен романдар жазған әйел болған. Лев Толстой нағашы атасы Архангельскінің бұрынғы әскери губернаторы, инфантерия генералы Н.С. Волконскийді «Ақылды, тәкаппар және дарынды адам еді» деп еске алады, ол Ясная Полянаның негізін қалаған, бірінші иесі болған. Лев Толстой «Сірә, оның өте нәзік эстетикалық талғамы болса керек, оның салған барлық ғимараттары берік және ыңғайлы ғана емес, сонымен қатар өте нақышты, әдемі болатын», - деп жазады.
Лев Толстойдың анасы Марина Николаевна кіші қызы Марияны туғаннан кейін бірнеше айдан соң 1830 жылғы 4 тамызда сүзек ауруынан қайтыс болады, сол кезде Лева екі жаста болатын, жеті жылдан кейін әкесі инсульттан қайтыс болады.
Толстойдың есінде анасының бейнесі анық сақталмаған, бірақ Толстой үшін анасы «қасиетті идеал» болып қалған. «Анам маған соншалықты таза, рухани биік болмыс ретінде көрінетін, өмірімнің орта кезінде, мені желіктірген азғындықтармен, ішкі арсыздығыммен күрескен кезде, мен оның жанына дұға етіп, маған көмектесуді сұрайтынмын, оқылған дұғалар маған әрқашан көмектесетін. Балалық шағына қатысты шығармаларында Лев Толстой: «Анам туралы менің есімде қалғаны оның рухани келбеті ғана, менің білетінім осы ғана» дейді, «Соғыс және бейбітшілік» романында княжна Марияның прототипіне анасы Марина Николаевна бейнесін алған. Толстой қартайған шағындағы естеліктерінде: «Менің есім кіре бастағанда, анамның өлімі отбасы өміріне өзінің әсерін тигізе бастады» дейді.
Лев Толстойдың бала кезінде ерте жетім қалғаны сезіліп тұрған, ерке болмаған, қолды - аяққа тұрмайтын, дене күші мықты, өзін бір аямайтын, зерек, қабылетті, өте түсінгіш, тіл алғыш бала болған.
Лев Толстой балалық шағын Ясная Полянада өткізеді, осы уақытқа қатысты естеліктерінде мынадай эпизодтар сақталған, ол әкесіне Александр Пушкиннің «Теңізге» және «Наполеон» өлеңдерін жатқа оқиды, әкесі ұлын жатқа оқыған өлеңдері үшін мақтайды, сол сәтте Леваның жүзі жайнап, қуанышқа бөленген, мақтаныш билеген. Ағаларымен бірге бала Лев Толстой «Балалар ойын –сауықтары» атты қолжазба әдеби журнал шығарған, оның ішінде оның «Табиғат тарихы» бөлімінде балаларға арналған: «Бүркіт», «Сұңқар», «Үкі», «Тотықұс», «Павлин», «Колибри», «Әтеш» атты 7 шығармасы жарияланған.
«Балалық шақ» өмірбаяндық әңгімесінде Толстой өзінің ұялшақтығы туралы жазады, ал жазушыны жас кезінде көргендер: «Лев Николаевич жасында көріксіз, тіпті ұсқынсыз болатын: беті созыңқы, кедір- бұдыр, кішкентай шашы бұйраланып, маңдайына түсіп, көздеріне қадалып тұратын, мұрны жалпақ, еріндері қалың шығыңқы, құлақтары қалқиған еді» деп бейнелейді.
Лев Толстой 1837 жылы 9 жасында терезеден шамамен 7 метр биіктіктен құлап, жеңіл мертігеді, қол аяғы сау, еш жері сынбайды. Бұдан кейін 1847 жылы мінген аты омақаласып құлап, жылқының астында қалады, 1877 жылы шаңғы теуіп жүргенде қатты құлаған, осы үш жағдайда дәрігерлік анықтамаларда жазушының миы шайқалғанын көрсеткен.
Толстой жас кезінде аңшылықты құмартқан, көкжал аңшы болған. 1858 жылы 15 желтоқсанда Вышный Волочко қыраты астындағы орманда аю аулау кезінде ауыр жарақат алады. Апаннан атып шыққан аю оған қарсы шабады, Толстой ұрғашы аналық аюды басынан атады, оқ аюдың тістері арасында қыстырылып, дарымайды, аласұрған алып аю Толстойды қарға батырып бетін азулы тістерімен жаралайды, аю тістері сол жақ көзінің үстіндегі бас терісінің жартсын осып өтеді. Көргендер Толстойдың маңдай терісі, сол көзінің бет терісі салбырап, «қан тоқтамай, шелектеп ақты» дейді, әреңдегенде қанын тоқтатады. Жарасы артынан тез жазылады, алайда жазушының сол көзінің үстінде, маңдайында айтарлықтай тыртық қалған, Лев Толстой «Аңшылық тұтқынында» әңгімесінде осы оқиғаны жазған.
Лев Толстойдың денсаулығы туралы
Лев Толстойдың замандастарының, туыстары мен жақындарының естеліктерінде, жазушының күнделіктерінде көп ауырғанын, оның денсаулығының нашарлауына жас кезінде Кавказ және Қырым соғыстарына қатысқаны қатты әсер еткенін жазады.
Артиллерия подпоручигі Лев Толстойдың денсаулығын тіркейтін әскери дәрігерлік анықтамада: «Дене бітімі орташа, жүдеу, арық. Бірнеше рет аяқ-қолдарының ревматизмінен өкпесі қабынған, сондай-ақ, ентігу, құрғақ жөтел, мазасыздық, уайым, естен тану және жүректің қатты соғуы анықталды. Қырым безгегінен кейін бауырының қатаюына байланысты тәбеті әлсіз, асқорыту іштің қатуымен бірге жүреді. Ылғалды ауа райында аяқ-қолдарында ауырсыну пайда болып, қолдары сырқырайды» делінген.
Толстой өмірінің соңына дейін өзінің физикалық денсаулығына аса көңіл бөлген, жас кезінен қартайғанға дейін дене шынықтыру және әртүрлі спорт түрлері: гимнастикамен, суға жүзумен, велосипед тебумен, күреспен, атпен жүрумен, теннис және гир көтерумен айналысқан.
Қырым соғысынан кейін ол төзгісіз тіс ауруымен ауырған. Тіс ауруынан апталап жазуын тоқтатуға мәжбүр болған. Қырық жасында 32 тісінен айырылып, 4- тісі қалған, асты шайнап ішіп жеген, үгітілген аспен тамақтануға көшкен.
Толстойдың ұстамалары жиі болған, басы айналған, іш құрылысының аурулары, ішінің ісінуі қайталанып тұрған, бел, тамақ және бауыр аурулары, ревматизм, асқазанның бұзылуы, шығу тегі түсініксіз бөртпе және қышыма секілді ауруларға қарамастан 70 жасында күн сайын конькимен сырғанаған, бірнеше сағат велосипед тепкен, 80 жасқа дейін гир көтерген және бұл әдетін тастамаған. «Мен үшін денемнің күнделікті қозғалысы ауадай қажет» – деп ештеңеден шегінбей өмір сүрген.
Лев Толстой ұзақ жылдар темекі шеккен, 60 жасында темекіні тастаған, алкогольден бас тартқан, осыған байланысты денсаулығының жақсарғанын күнделігенде атап өтеді: «Басым айналуын қойып, жүрек айнуы кетіп, жұмысым оңайырақ болды» - деп жазады.
«Ауырған кезде ажал аузында жатасың, өлімнен кейінгі өмір туралы ойлайсың, әржолы мұндай кездерде мен сауығып кететініме сендім» деген сөздерінен Толстой үнемі рухани сенімі арқылы ауруға қарсы тұрғанын байқауға болады.
1867 жылдан бері өт қабындағы тас ауырсынуынан холецистит тудырған, өмірінің соңына дейін Лев Толстой өт тастарымен өмір сүрген, минералды су ішіп, диета сақтап күтінген.
1901-1902 жылдардың қысында 73 жасында бірден үш ауыр аурумен аурған: безгек, іш сүзегі және өкпе қабынуын басынан өткізген, өлім аузында болған.
«Ең бастысы, мен ұйқымның жеткілікті болуын қатты қадағаладым», - дейді Толстой, ал жазушының үлкен ұлы Сергейдің айтуы бойынша әкесі түнгі сағат бір шамасында ұйқыға жатып, таңғы тоғызға таман тұрған, яғни, ұйқысы 7-8 сағатқа созылған.
Толстойдың өмірінің соңғы жылдары аяғындағы көктамыр қабынуы өршиді. 1908 жылғы шілде айында сол аяғының жедел тромбофлебитінен төсекте жарты жылдай жатып күтінген, аяғы қызарып, ісіне бергендіктен жүре алмаған. Тромбофлебит әсерінен 1909 жылғы тамызда Толстойдың өкпе қабынуы басталады. Үлкен теріасты көктамыры тромбозынан өкпесінің қабынуы күшейеді. Бұл жүрек-қан тамырлары мен өкпе қабынуының ауыр асқынуларына ұласып, артынан жазушының өліміне әкелген.
Лев Толстой шығармаларын қалай жазған?
Лев Толстой өмір шындығына, кейіпкерлерінің психологиясына басты мән беріп, кең ауқымды романдар, балаларға арналған шағын көркем дүниелер жазған.
Толстой асықпай жазған, түсінікті және қарапайым жазуға тырысқан, аяқталған не түзетіліген мәтіндерін бірнеше рет таза бетке көшіріп, ойын немесе идеясын қайта көшіру арқылы жинақтап отырған, аяқталғаннан кейін ештеңе қоспауға тырысқан, аяқталған қолжазбаларын қайта көшірген, түсінікті және қарапайым жазуға тырысқан, әдемі, бос сөздерден бас тартқан.
Лев Толстой күнделіктерінде қалай жазу керектігін, шығармашылық процесті қалай ұйымдастыру керектігін, шығармашылық тығырықтан қалай шығу керектігін былай түсіндіреді:
«Жазғанда ойыңның орындылығы мен дұрыстығына қарамай нобайлап жаза беру керек. Екінші рет қайта жазғанда, артық барлық нәрселерді алып таста, әрбір ойыңды дұрыста. Үшінші рет қайта жазғанда, жазған сөйлемдерің дұрыстығын түзеп, қайта жаз»;
«Жақсы ма, жаман ба, үнемі жазу керек. Егер сіз жазсаңыз, сонда сіз жазуға үйренесіз. Аш қарынға жақсы жазылады».
Жазушы жауапкершілігіне қатысты: «Сезімтал және ақылды адам үшін жақсы жазу өнері оның ненің жазу керегін білу ғана емес, сонымен бірге нені жазбау керегін де білуі керек»- деп жазады.
Лев Толстой көркемдік стилінде ойының анық болуын мұқият қадағалаған, ұзын, тармақталған құрмалас сөйлемдерге құрып, кішкентай нәрселерге назар аудару арқылы кейіпкердің шынайы бейнесін, ойын беруге тырысқан, адам психикасының ең қиын сәттерін ғана емес, қарапайым сәттерінде көрсете алған.
Толстой адамшылық табиғатында әзілдесуге әуес болмаған, біреуді мысқылдауды, біреумен қалжыңдасуды білмеген, Толстойдың шығармаларында, хаттарында, күнделіктерінде әжуалықты, мысқыл немесе қалжыңды кездестіру қиын, шығармаларында әзіл немесе кейіпкерлерінің әзілдерін көрсетуге тырысқанмен олардың күлкілі еместігін көрсетеді, Толстой шығармаларында мағынасыз арзан әзілдерді жазбаған.
Лев Толстой балаларға арналған қарапайым және мазмұнды, сюжеті қысқа, сөйлемдері қарапайым, артық сөз жоқ әңгімелер, аңыздар, ертегілер мен мысалдар жазған. Жануарлар туралы ертегілер жазғанда оларды сөйлетуге, яғни адамдық тұлға сипатында көрсетпеген, жануарлардың биологиялық және табиғи психикалық мүмкіндіктерін суреттеген.
Толстой көне, ежелгі аңыздардың мәтіндерін негізге ала отырып, көптеген ертегілер жазды, оларды аударып қана қоймаған, оны өзінің идеялық көзқарасына қарай, өзінің мәнеріне өзгертіп жазған, ондағы мақсаты балалардың түсінігіне мүмкіндігінше жақындату болған. Жақсылық пен жамандық, ізгілік пен зұлымдық ақыл айтумен емес, кейіпкерлері мен қаһармандарының әрекеттері арқылы көрсетуге тырысқан. Балалар әңгімелерінде үнемі мақал-мәтелдерді айтып отырған, сол үшін алдын-ала мақал-мәтелдер жинаған.
Л.Н. Толстой барлығы жалпы саны 174 әдеби көркем туынды, балаларға арналған 629 шығарма жазды, олардың барлығы бүгінге дейін жеткен, сондай-ақ аяқталмаған шығармалары да қомақты орын алады.
Лев Николаевич Толстойдың жеке кітапханасында «Ясная Поляна» мұражай-үйінде бүгінде 23 мыңнан астам кітап және мерзімді басылымдар (газеттер мен журналдар) сақталған, оның 5 мыңға жуығы әлемнің 39 тілінде жазылған кітаптар, Толстой кітапты құмартып жинайтын библиофил болмаған, кітаптарын оқуға сұрағандарға не үйіне келген қонақтарға оқуға берген, соның салдарынан шеттерінде қарындашпен жазылған ойларының жазбалары бар, асты сызылған, бетбелгілері бар кітаптардың бір бөлігі жоғалып кеткен. Толстой кітапханасының көп бөлігі философия, дін, тарих, классикалық әдебиет, әлеуметтану және педагогика салаларының кітаптарын құрайды, бұл кітаптар кемеңгер жазушы өмірінің әртүрлі кезеңдеріндегі рухани ізденістерін көрсетеді.
Лев Толстойдың отбасылық өмірі
Лев Толстой 15 жасынан отбасын құруды армандаған. Граф Лев Толстойдың некеге дейін шаруа әйел Аксинья Базыкинамен қатынасынан Тимофей атты некесіз туған ұлы болған, Толстой ұлы туралы білген және ұлына ақшалай көмектесіп тұрған, әкесі екені туралы ресми жарияламаған, өйткені жергілікті тұрғындар да, өзінің отбасы да Тимофейдің шығу тегі туралы жақсы білген, Тимофей есейген шағында Ясная Полянада атқосшы және делбеші болып жұмыс істеген, жазушының заңды балаларын алып жүрген, сыртқы түрі мен сипаты жағынан әкесіне өте ұқсас болған.
Лев Толстой 34 жасында Софья Андреевна Берске үйленеді. Лев Толстой отбасына адал, отбасының дәулетін ойлаған адал жар болған.
Олардың некесінің алғашқы 15 жылы бақытты өтеді, жазушы көп балалы отбасы болғанын қалайды, оның отбасында 13 бала дүниеге келген, 9 ұл (Сергей, Илья, Лев, Петр, Николай, Андрей, Алексей, Иван және Михаил) және 4 қыз (Татьяна, Мария, Варвара және Александра), 5 баласы ерте шағында қайтыс болған (Петр, Николай, Варвара, Алексей және Иван).
Лев Толстойдың жұбайы Софья Андреевна әйелі ғана емес, жазушының музасы, көркем туындыларының әдеби редакторы, хатшысы және отбасылық ошақтың қамқоршысы болған. Софья Андреевна күйеуінің ғажап көркем туындылар жазуына барлық жағдайлар жасаған, барлық романдарын бірнеше рет көшіріп жазған, күйеуінің қазасынан кейін қолжазбалары мен мұраларын болашақ ұрпаққа мұқият сақтап жеткізген.
Он үш бала туып, бірнеше түсік тастаған Софья Андреевна төсек қатынастарынан үзілді-кесілді бас тартқан, Лев Толстой елуден асқан шағында жыныстық қатынастарын тоқтатады, аскеттік өмірге көшеді.
Лев Толстой балаларының тәрбиесіне жауапты қараған, қатаң ұстаған, Софья Андреевна күйеуінің отбасы тәрбиесінде балаларға суықтығына қарсы болған, бірнеше рет қарсы шыққан. Лев Толстой балаларына ешқандай артықшылық бермеген: өздерін басқалардан артық ұстамауға тәрбиелеген, балалары шаруа балаларымен бірге ойнаған, қарапайым киінген, балаларының өркөкіректігі мен өзімшіл мінездерін түзетіп отырған, өнегелі өсуіне басты назар аударған.
Толтойтанушылар Лев Толстой шығармаларында отбасы өмірін, балалық шақты дәріптегенімен әкесімен балаларының қарым- қатынастары қайшылыққа толы болғанын, ал Лев Толстойдың барлық адамдардың игілігі үшін өмір сүру туралы шешімінен кейін әйелі мен балаларының тағдырына ауыр тигенін жазады. Лев Николаевич пен Софья Андреевнаның балалары жоқшылық көрмей, молшылықта өскенімен тағдырлары әртүрлі жолдармен өрбіген.
Лев Толстойдың мінез-құлқы және өзінің тәрбиесі
Зерттеушілер Толстой жас кезінде тәкаппар мінезі (Тургеневтің сипаттамасына жиі сүйеніп) болғанын, ал кейде мораль туралы ойлары жалықтырып жіберетінін мысалға келтіреді және оның осынау мінез -құлқы артынан оның көрегенділік және даналық қасиеттеріне ұласқанын жазады.
Лев Толстой өмірінің соңына дейін өзінің мінез-құлқын және одан туындайтын іс-әрекетін мұқият бақылаған, күнделік жазып, өзіне есеп берген, «жақсы немесе жаман», «әлсіз немесе күшті» жақтарын сипаттап тұрған.
Толстой өмір бойы ішкі рухани күйзелістермен өмір сүрген, ішкі жан дүнесінің торығуымен күрескен, өмірінің мәнін іздеген, өзіне сын көзбен қараған.
Толстой «Адамгершіліксіз адам құрдымға кетеді» деген, сән-салтанат пен байлықты құптамаған, олар адамдарды бүлдіреді әрі адамшылықтан айырады дейді, зорлыққа қарсы болған «Жанжалдарды әділ шешу арқылы зорлық әдістерінен бас тарту керек» деп есептеген.
«Әр адам қоғамда өзінің орнын тауып, өмір сүруі үшін қолдан келгеннің бәрін жасауға міндетті, өмірдің мәні қоғамға қызмет ету, өзінің жеке мүдделерін басқа адамдардың мүдделеріне бағындыруы керек», - деп санаған.
«Адамның өзін-өзі жетілдіру әр адамның басты өмірлік қағидаты, өмірінің ажырамас бөлігі болуы керек, моральдық және рухани қасиеттерін дамыту үшін тұрақты жұмыс жасау керек, нағыз жетілу адамның өз кемшіліктері мен сәтсіздіктерін түсінгеннен кейін өзін түзету мақсатында жұмыс істеуден басталады»- деп жазған.
Лев Толстой өмірдің әртүрлі мәселелеріне, оның ішінде дін, адамгершілік, қоғам, саясат, өнер және білімге қатысты көптеген салиқалы көзқарастар мен пікірлер айтқан ойшыл: «Барлық адамдар еңбек етіп, мейірімі мен махаббатына негізделген адамшылық өмірге ұмтылуы керек» деп санаған.
Владимир Ленин Толстой туралы «Неткен Алып! Әккі адам» деген сөзі жазушы Максим Горькийдің айтуынша, жазушы беделіне құрметін білдіреді. Ленин мен Толстой ешқашанда кездескен емес, таныс болмаған Ленин Толстойды данышпан жазушы, орыс революциясының айнасы, капитализмді сынаушы ретінде жоғары бағалады, алайда Лев Толстойдың зұлымдыққа қарсы идеяларын іске аспайтын қиял деп сынады.
Лев Толстой өзінің идеяларын іс жүзінде жүзеге асыруға тырысқан. Жас кезінде шаруалардың бостандықтары үшін бітімгершілік қызметпен айналысқан, мұқтаж жандарға жатақтар салдырған, шаруа балаларына арналған мектептер ашқан, ашыққандарға азық –түліктер ұйымдастырған, Ясная Полянадағы иелігінде коммуна ұйымдастырып, әділеттік, теңдік және қарапайымдылық идеалдарын насихаттаған.
Толстой адамгершілік идеясына сеніммен қараған: «Адамның бақыты – адалдыққа, сенімге және адамгершілікке құрылып, қарапайым, шынайы қуаныштардан тұрады, болмысынан адам қарапайымдылыққа, табиғатқа жақын болып, өзінің бақытын табуға болады», - деп сенген.
Лев Толстой адам рухының еркіндігін сезінген және оның өмірдегі мүмкіндіктерін шынайы көркем суреттеген ұлы жазушы болған.
(жалғасы бар)
Салауат Кәрім
