Мен де бір тұлпарыңмын, тағдыры бар

Небәрі 36 жыл ғана ғұмыр кешкен ақын Тұрсын Жұмаш 1959 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында дүниеге келген. Жүрегіне ұялаған поэзия гүлі енді бүршік жарып, жауқазындай жайнай бастаған шағында бақилық болды.

Мен де бір тұлпарыңмын, тағдыры бар - adebiportal.kz

Қырандар ғана ұшатын биік бар,

Қарғалар ұшады төменде.

Таңдайымда - шөл, кеудемде - күйік бар,

Әйтпесе нем бар өлеңде.

Тауға да тасқа соқтым басымды,

Өмірден таппай тиянақ.

Құдайым өрге домалат тасымды, 

Жасатпа маған қиянат. 

Асылын ойлап Алаштың өткен,

Ойымды жылдар қашты алып.

Сен маған бұрылып қарашы көктем,

Көзімнен кетті жас тамып.

Бұл небәрі 36 жыл ғана ғұмыр кешкен ақын Тұрсын Жұмаштың көз жасы. 

Тұрсын Жұмаш 1959 жылы Қарағанды облысының Егіндібұлақ ауданында дүниеге келген. Жүрегіне ұялаған поэзия гүлі енді бүршік жарып, жауқазындай жайнай бастаған шағында бақилық болды. Артында аяулы жары мен қос перзенті, жүрегінен тулап шыққан жыры қалды.

Ақынның алғашқы жинағы өзі дүниеден өткеннен кейін екі жылдан соң «Періште» деген атпен жарық көріп, оқырман қолына тиді. Көзінің тірісінде көпшілікке аты кеңінен таныла қоймағанмен оның жырларын Жұмекен Нәжімеденов, Есенғали Раушанов, Серік Ақсұңқарұлы секілді ақындар дер кезінде танып, поэзиясын жоғары бағалаған еді. 

Ақын Есенғали Раушанов ауылда жүрген Тұрсынға жазған хатында ақынның топтамасын оқып риза болғанын және оған алғысөз жазып, «Жас қазаққа» апарып бергенін айтады. 

«Тұлпар-ақ екен» деп тамсанған Есенғали алғысөзді былай жазыпты. 

Бұл жігіттің екі «айыбы» бар. Бірі – астанадан шалғай ауданда тұратындығы. Екіншісі мынадай заманда өлең жазып жүргендігі. Әйтпесе айдарынан жел есіп тұрған мына өлеңдердің әлдеқашан-ақ айы оңынан туатын жөні бар емес пе? Амал қаншажырсүйер қауым Тұрсын Жұмашев деген ақынды әлі білмейдіМен де білмейтін едім.

Бірде Қарағанды облыстық «Орталық Қазақстан» газеті қолыма түсе қалдыОл газет маған қалай келдінегежадымда жоқжадымда қалғанытөртінші бетіндегі бір топ өлеңдерБұл топтаманың авторыҚарағандының Егіндібұлақ ауданында тұратын Тұрсын Жұмашев екен.

Риза боп, хат жазып жібердім. Ойым — жас ақынның жырларын Алматының газет-журналдарына жариялату. Жұмашев мырзаның жауабын ұзақ күтуге тура келді. «Жұматайға ұқсай ма, қалай өзі?» дедім де қойдым. Жұматай демекші, баяғыда мен ауылда жүргенде Жұматай дәл осылай хат жазған.

«Барлық ақын - баласы бір ананың» (Мұқағали).

Тұрсын айтады:

Мен де бір тұлпарыңмын, тағдыры бар,

Даланың кеңдігінен байқалмаған.

Мен сенгім келеді. 

Есенғали Раушанов,

Қазақстан Жастар Одағы сыйлығының лауреаты, 

«Зерде» журналының бас редакторы.

«Жас қазақ», 11-қараша, 1992 жыл.

Бұл сөз өткен ғасырдың 90 ыншы жылары емес, дәл бүгін айтылған сөз секілді. Себебі біз бүгін де Тұрсын Жұмашев деген ақынды әлі білмейміз, тіпті ұмытып бара жатқандаймыз.

Ойларымды кезінде айта алмаған,

Қатал уақыт сен енді қайтар маған.

Мен де бір тұлпарыңмын тағдыры бар,

Даланың кеңдігінен байқалмаған, - дейді ақын. 

Тұрсын Жұмаштың оқырман назарынан тыс қалып бара жатқан поэзиясын “Әдебиет порталынан” оқи жүріңіздер! Себебі Тұрсын Жұмаштай тұнық ақындарды ұмытуға болмайды.

БІР КҮНІ ЕСКЕ ТҮСІРІП

Мына мені

бір күні еске түсіріп,

Жылайсыңдар,

Тағдырымды түсініп.

Бұл фәииден Шындық іздеп жүргенде,

Алып кетті қанатына Құс іліп!

 

Алып ұшып

кетті Ол мені биікке,

Ақ Періштем қалай қисын күйікке!

Құдайменен

бірге жүрген жақсы ғой,

Жаным Сені үлгермедім сүйіп те...

 

ҚАЙҒЫРМА

Қасіретім

жеп тына мені іштен

Шарапты да Сол ішеді мен ішкен.

Дос-дұшпанға таба қылмай

Қорғап жүр,

Қорғап жүрші, аппақ қанат Періштем.

 

Құдай білсін, жатарымды қай қырда,

О, Жаратқан ақ жолыңнан тайдырма.

Мен бір түні өлең жазып отырып

Таң алдында –

ғайып болсам ... қайғырма.

 

Мені іздеме,

көздеріңе жас алып,

Біз осындай бір келісім жасалық.

Тәнім қайтып

келмегенмен аяулым,

рухым қайтып

оралады жасарып.

 

ҚАЗЫБЕК БИ АУЫЛЫНДА БІР АҚЫН БАР

Бұлақтарға қызығып тасып аққан

Табанына таулардың тасы батқан,

Қазыбек би ауылында бір ақын бар,

Сені ойлаумен күні-түн басы қатқан.

 

Қалып қоймай ауылда, от басында

Ол да бір күн жетеді, тоқтасын ба?

Бір-ақ шумақ өлеңі қалады оның

Балқантаудың ойылып көк тасыңда.

 

Ол туралы еш пенде ойланбайды,

Сырты бүтін, ал іші - толған қайғы...

Сол ақынды аяулым, сен білесің,

Түсінесің сен ғана сор маңдайды.

 

ПЕНДЕЛЕР-АЙ

Табиғаттың бұзбайықшы салтын біз – 

Жапырақта, тамшыларда, қыздарда...

Сен жақсысың, сен жылысың, салқын күз,

Абай, Пушкин, Мұқағали, біз барда.

 

Адамдар-ай, айналайын адамдар, 

Мен сөйлейін, тыңдаңдаршы ал, тұрып:

Жалғыз апам, жалғыз ағам, анам бар,

Қайда кетем мен оларды қалдырып?

 

Он төртімде өлең өріп өзімше,

Балалықтан даналыққа ауыстым.

Кешір, Алла, шайқап ішіп көзіңше,

Шарапты да іштім, болдым, тауыстым.

 

Мен сенбеймін, Алла сенен басқаға, 

Саған аян менің адал екенім.

Ақмола емес, аспанда ғой астана – 

Сонда менің мекенім.

 

Кетіп қалмай соңында сол бір қыздың,

Кеттім жырдың орманына ендім де,

Күндіз – ақын, түнде – жарық жұлдызбын.

Періштемін көрінбейтін мен күнде.

 

Пенделер-ай, айтқанымды түсініп

Бұл заманды демеңдерші ақырғы.

Мен сендерге көктен жарық түсіріп,

Иранбаққа айналдырам тақырды.

 

Талай таңды кірпік ілмей атырдым,

Ойға толғы ауыр тартып тұр басым.

Аспан жаққа ұшып бара жатырмын,

Түсінбейді замандасым, құрдасым...

 

СЕН ТҰРА ТҰР

Ойларымды кезінде айта алмаған

Қатал уақыт, сен енді қайтар маған!

Менде бір тұлпарыңмын тағдыры бар,

Даланың кеңдігінен байқалмаған.

 

Шылбыр үзіп... шарқ ұрып кісінеген,

Қайран менің тұлпарым – кісі денем!

Сен тұра тұр! Қайталанбас қалпымда осы

Көрерге көзі жоқтың... түсіне енем!
 

АҚЫН РУХЫН ІЗДЕМЕҢДЕР... МОЛАДАН

Мен бір күні Балқантаудан асқанда,

рухым ұшып кетер сіңіп аспанға,

Бүтін денем бөлектеніп өзінен

Ғайып болсам Адамдардың көзінен,

Құтылармын деп ойлаймын сөзінен...

Құтылармын деп ойлаймын, алайда,

Жалғыз өзім адасамын қалайда.

Құстар болса мен солармен үндесем,

Жұлдыздардан көзіңді алмай түнде Сен

Жалғыз өзің күіп-жанып төсекте

Төтеп бере аласың ба өсекке?!

Кездескенше жанымды ұғар туысым

Мен армансыз кезем аспан қуысын.

Біреу ұғып, біреу мейлі ұқпасын,

Ақындардың рухы осында мықты-асыл!

Аспан болса Ақындардың мекені

Белгілі ғой кімдер құдай екені!..

Көретін де шығармын-ау, талайын

Олар мені қабыл алса қалайын!..

Аяулы ақын Мұқағали осында,

Осында ғой Шәкәрім мен Абайым!

Пушкин тірі... Лермонтов қасында,

тірі бүгін Сәкен, Мағжан, Қасым да!

Саңқылдайды Айбергенов Төлеген...

Ақындардың рухы өлмейді расында!

Мүсін болып құйылса да қоладан,

Ақын рухын іздемеңдер моладан: 

Ақындардың мықтылығы – Құдай-Ол,

Ақындардың осалдығы... ол – Адам!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan