Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған...
Ақиық ақын Мұқағалидің жаныңа жігер беретін жыр шумақтарын бүгінгі ерекше әсерлі кездесуде, Мансұр атты бүлдіршін кереметтей мәнермен, ер жігітке тән рухпен оқып берді. 9-10 жас шамасындағы Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының тұрақты оқырманы Мансұр ортаға еш қысылмай шығып, жиналған көпшілік алдында Мұқағалидің бірнеше өлеңімен жырдан шашу шашып, жиналған көрерменді өз өнерімен тәнті етті. Бұл Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының ұйымдастыруымен «Менің қолтаңбам» жобасы аясында балаларға арналған Брайль қарпімен жарық көрген «Айналайын» кітабының тұсаукесерінде болған тамаша сәттің бірі еді.
Дүниенің ағын да, қарасын да,
Мыңқ етпейсің, қабылдап аласың да.
Қарасымен шамаң жоқ таласуға,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Жер мен көктің желпініп арасында,
Желігесің, түсесің қара суға.
Құйын қуған қаңбақтай аласұра,
Ей, өмірім, зымырап барасың ба?
Мен отырмын теңіздің жағасында,
Бересім де жоқ оған, аласым да.
Мені тастап, толқындар, ағасың ба?
Толқынданып, өмірім, барасың ба?
Шаң шығарып ізінен құйындаған,
Барасың ба, өмірім, қиындаған?
Сыйын маған,
Ей, өмір, сыйын маған,
Сыйыңды алам мен сенің бұйырмаған
Ақиық ақын Мұқағалидің осы бір жаныңа жігер беретін жыр шумақтарын бүгінгі ерекше әсерлі кездесуде Мансұр атты бүлдіршін кереметтей мәнермен, ер жігітке тән рухпен оқып берді. 9-10 жас шамасындағы Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының тұрақты оқырманы Мансұр ортаға еш қысылмай шығып, жиналған көпшілік алдында Мұқағалидің бірнеше өлеңімен жырдан шашу шашып, жиналған көрерменді өз өнерімен тәнті етті. Бұл Астана қаласы әкімдігінің «Орталықтандырылған кітапханалар жүйесі» коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханасының ұйымдастыруымен «Менің қолтаңбам» жобасы аясында балаларға арналған Брайль қарпімен жарық көрген «Айналайын» кітабының тұсаукесерінде болған тамаша сәттің бірі еді.

Жиын барысында кітаптың жарық көруіне себепкер болған ақын, аудармашы, журналист, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Жастар театрының директоры, «Bilte» қоғамдық қорының президенті Мақпал Мысамен кездесу өтті.


Кейде біздер қу тіршіліктің соңында жүріп, көз жанарымызбен ақ пен қараны ажыратып, кітап оқып, жарық дүниені көретініміздің қадірін білмейді екенбіз. Мұны бүгін дәл осы мекемеден шыққан әрбір жанның ұғынғаны анық. Өмір жолында оқыстан көру қабілетінен айырылған болмаса туа бітті көзі көрмейтін, нашар көретін балалар мен ересектерге арналған елордамыздағы жалғыз кітапхана қоры бүгін тағы бір керемет туындымен толығып отыр. Қуантарлық жаңалық. Ол – балаларға арналған Брайль қарпінде қазақ тіліндегі ең алғашқы «Айналайын» өлеңдер мен әңгімелер кітабы. Аталмыш еңбекте бүлдіршіндерге арналған шығармалардың 22 авторлық туындылары енгізілген екен. Бұл керемет еңбектің негізгі мақсаты – көру қабілеті бұзылған балалардың ана тіліндегі әдеби шығармаларға қолжетімділігін қамтамасыз етіп, төл әдебиетіміздегі балаларға арналған қазіргі заманауи тың дүниелермен сусындату. Олардың кітап оқуға деген қызығушылығын арттыру, білім көкжиегін қазақ тілінде дамытуға және рухани-танымдық әлеуетін қалыптастыруға барынша мүмкіндік жасау. Осы жолда кітапханамен бірлесіп, бірнеше жыл аянбай еңбек етіп келе жатқан Мақпал Мысаның бір ауыз пікірімен бөлісе кетсек.


«Мен мәжілісте отырған жылдары: «Көзі көрмейтін зағип балалардың ана тілімізде қандай әдебиеттерді оқып жүр», - деген мәселені көтерген едім. Өзімнің айналамда осындай зағип жандар, көзі нашар көретін достарым бар болғандықтан, бұл тақырыпқа ерекше назарым түскені рас. Содан Астана қаласының кітапханаларын аралай бастадым. Сол кезде осы кітапханаға бірнеше мәрте келіп, кітап қорымен танысқан едім. Қарап отырсақ, кітаптардың көбі сонау кеңес дәуірінен қалған, ескірген оқулықтар болды. Әрі кітап қоры орыс тілінде басымырақ та, төл тіліміздегі кітаптар, оның ішінде балаларға арналған Брайль қарпінде еңбектерді тіпті таба алмадық. Елімізде бұл саладағы мамандар мен зерттеуші ғалымдардың тапшылығынан басылып, жарыққа шыққан әдебиет саны да саусақпен санарлық екені қатты қынжылтқаны рас. Айта кету керек, бұл саланы игеру оңай емес. Кейін мәжілістен кеттім, өзім қоғамдық «Bilte» атты қор құрдым. Сол кезден бастап, зағип балаларға арналған қазақ тіліндегі сапалы кітаптар шығару туралы мақсатым тыныш жатқызбады. Содан ақырындап осы дүниені қолға алғаным бар. Бүгін міне, алғашқы жемісті нәтижесін көріп отырмыз. Кітап қазақ тілінде өлеңдер және әңгімелер болып түрлі-түсті әдемі дизайнда екі бөлек кітапша түрінде Түркия елінде басылып, дайындалды. Кітаптың атауы – «Айналайын» деп қойылды. Дәл осы атауды таңдауымыздың себебі де бар. Айналаң айнадай жарық болсын, кітапты оқып отырған әр жанның жанары көрмесе де, көкірек көзі ояу болып, қазақтың әдемі жылулық ескен сөзінің лебін сезіне алсын деген мақсатта қойылған еді», - деп бұл кітаптың бастауы қайдан шыққаны жайлы ойын жеткізді.


Жиын барысында Мақпал Мыса балаларға арналған аталмыш кітаптың тұсауын кесіп, әр балаға сыйлыққа өз қолымен үлестірді. Ол кітап пен әдебиеттің бала тәрбиесіндегі маңызы, зағип балаларға ана тіліндегі кітаптардың құндылығын дәріптеу және жас ұрпақтың білімге деген қызығушылығын арттырудың маңыздылығы жайында пікірімен де бөлісе кетті. Шара соңында, балалар ортаға шығып, алма кезек өз өнерлерін көрсетті.


Аталмыш кітапхана меңгерушісі Әбдісамат Қуантай: «Аcтана қаласындағы Көзі көрмейтін және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапхана 1970 жылы ашылған. Бүгінде 55 жылдан астам тарихы бар бұл кітапхана барлық санаттағы мүгедектігі бар оқырмандар мен олардың отбасыларына терең білім қорымен сусындататын, іздегендерге ізгілік пен қажетті ақпараттарды тегін қамтамасыз ететін оңалту, демалу орталығына айналып отыр. Бүгінгі күні кітапхана тифлокомпьютерлермен жабдықталып, интернет желісіне қосылған, оны оқырмандардың тегін пайдалануына кеңінен мүмкіндік берілуде. Кітапхананың кітап қоры жалпақ қаріппен терілген, Брайль бедерлі-нүктелі, дыбыстандырылған және мерзімді басылымдардан тұрады. Кітапханада 20 мыңнан астам кітап қоры бар және де 2300-дей оқырманымыз тіркелген», - деді өз сөзінде.


Сондай-ақ, ол: «Мүмкіндігі шектеулі жандардың ақпаратқа қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін және олардың мәдени демалысын тиімді пайдалану үшін кітапханамызда түрлі форматтағы шаралар жоспарлы түрде өткізіліп жатыр. Атап айтсақ, кітапханада «Брайльша», «Домбыра-Дастан», «Ертегі – ел ертеңі» атты жобалар жұмыс жасайды. Тағы бір ауыз толтырып айтатын дүние, қазақ радиосының 100 жылдығына орай, 2021 жылы студияда орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің «Kitap kala» радиосы ашылған еді. «Мүмкіндігі шексіз» жандарға арналған арнайы кітапханамыз түрлі халықаралық, республикалық және облыстық байқауларға да қатысып, жүлделі орындарға ие болуда», - деп кітапхана басшысы атқарылып жатқан жұмыстармен бөлісті.
Қым-қуыт тіршіліктің соңында, көзіміз көрген жақсылық пен көңіліміз сезінген қуанышты байқамай қалып жатамыз. Мұндай сәттер барыңды бағалауға, өмірдің сынағынан сүрінбей өтуге үйретеді. Көзі нашар көретін, зағип балаларға арналған тағы бір қазақша кітаптың төл әдебиетіміздің қоржынына қосылғаны қуантты. Брайль қарпіндегі мұндай тамаша еңбектер көбейе берсін!
