От жаққан жер
Ұлытау облысы Сәтбаев қаласы әкімдігінің ұйымдастыруымен рухты публицист, жазушы М.Иманжанов пен Б.Бұлқышевтің 110 жылдығына арналған «Заман біздікі» республикалық проза байқауы жарияланғаны белгілі. «Әдебиет порталы» аталған байқауға платформа ретінде ақпараттық қолдау көрсетуде. Байқауға келіп түскен шығармалар бүркеншік атпен жарияланып отыр. Оқырмандар порталымыздың әлеуметтік желілердегі парақтарында шығарма авторына емес, жазған шығармасына пікір білдіріп отырса деген өтініш бар.
(новелла)
Облыс орталығынан жалдап шыққан таксисінің қабағы ашылмады. Бағасы жақсы деп келіскен жері тап осындай көзің тоқтамайтын құладүз, алыс бір қыстақ деп ойламаса керек. Таң атар-атпастан жолға шығып кеткеннен бері жүріп келеді. Қыстың таңы нұрсыз емес, бірақ, шашыратқаны бәрібір сұйқылтым сәуле ғана. Қар қылаулап тұрғанымен, трасса ашық. Жүріп отырып, жақындап та қалған. Үлкен жолдан бұрылып бұлардың ауылына апарар жолға түскенде алыстан әредік көзге шалынатын қарайғанның мал ұстап отырғандардың қыстағы екенін шамалады.
- Сонда бұл жер сіздің ауылыңыз ба?
- Ия, туып-өскен жерім ғой.
- Телефон байланыс ұстамай келеді, халық бар ма өзі бұ жақта?
- Неге болмасын, бар шығар...
- Сонда, өзіңіз де білмейсіз бе?
- Білмегенде... көптен келе жатқаным осы..
- Е-е, төркіндеп келеді екенсіз ғой.
- Солай десе де болады.
Жігіт бұдан кейін үнсіз қалды.
Енді шамалы жүрсе бұның іздеп келе жатқан ауылы алдынан шығады. Әлия соңғы кездері айғыз терезеден қарағандай нашарлай бастаған көзін сығырайтып еміне түседі. Сағым шалып, көз ұшынан арбап тұрар, мың сан шамы самаладай жарқырайтын қала болмағасын жетіп келгенше анық байқалмайтын туған ауылын алыстан көздеп, көзбен көргенше асық.
- Ары қарай бара алмаймын, апай. Көріп тұрсыз ба, жол жоқ. Қар да қоймай жауа бастады..
- Осы жерге түсіріп кетсең жетеді, балам.
- Мына жақта ел бар ма өзі? Мына үйлерде адам тұра ма екен?
- Тұрады ғой. Бірлі-жарым қалды деп естігем.
- Білмейм ал, апай, бейіттен басқа ештеңе көріп тұрғаным жоқ.
- Ал, шырағым... манағы келісім ғой. Жолды көрдің, еңбегіңді жемеймін, осы бергенімнен екі есе берем деп едім. Қаласаң қазір төлейін жартысын.
- Телефон... ой, байланыс ұстамайды екен ғой. Қызық, не ауыл бұл? Қай ғасырда қалған өзі? Қазір тіпті алыс точкаларда да байланыс бар.
- Бәлкім ұстайтын жері бар шығар?
- Ертең қай шамада соғайын?
- Түсте келемін осы жерге. Байланыс болса хабарласамыз ғой. Ал, қарағым, міне, мынау... қалғанын беремін ғой.
- Мақұл, апай. Келемін.
Жасы алпысқа келгенде сонау жақтан асығып жеткенде туған ауылдың орнында әр жерде бір аласа тамның тұрғанына да көңілі көншіген. Бұның қырықтар шамасында да аядай ауылдың құлпырып тұрғаны шамалы еді. Әке-шешесінің басына барып, құран оқыса, парызын орындап болғасын бірдеңе қылып облыс орталығына жетіп алса... Жаңағы бала келем деді ғой.
Аяғы тайғанап келеді. Ойға қар тегіс түсіпті. Ақырын жауып жатқан қар даланы тұтас көмкеріп, түгел дүниеге аппақ шілтер тұтқандай көрінеді. Ауыл жым-жырт, бір сәт демін ішіне тартып тынып қалғандай. Қыста мынау, жазда да мына қара жердің бетінде сарышұнақтың інінен басқа тіршілік те қалмаған шығар ау...
Е-е, қайран... Қоңырайып көрінер ауылы бар еді. Енді қараса ауыл дегені жартысы құлаған, бары шөгіп кеткен үйінділер ғана. Жүрегі шаншып-шаншып кеткесін, жүрісін кілт тоқтатып тұрып қалды. Шаршы дүниенің төртбұрышын араламаса да, мұхит асып келген көңілі ауылдың орнына әлі суымаған екен, тіпті ылжырай түсе ме немене...
***
Жасыңның мөлшері шашыңдағы аппақ талдардың санымен шамаласқанда туған жерді қиып, алысқа жол алу оңай емес. Жаңа жерге көшу қашанда жасқа үміт болғанымен, кәріге уайым. Кәрі болмаса да, Әлияның да басында үйренген жерді қалай қиып кетем, жаңа жерге қалай үйренем деп қиналғаны рас. Бірақ, адам не нәрсеге де үйренеді екен, өзіне үйреншікті тіршілік, баяғы дәуренін жоқтап жүріп, Әмерикенің әлі ештеңесін түсініп болмаған бейтаныс өміріне де үйренген. Үйрендім десе де осынау өзі толық танып үлгермеген, бауыр баспаған алып ел, атышулы қаланы жатырқай беретін. Қанша тырысса да, осы бес жылда келген жағына құмға сіңген судай сіңіп кете алмады. Бір қараса бәрі бар, бәрі дұрыс, бүкіл үмітін, қолындағы барын жолына тосқан ұлы зерек болып, шетел асып, өз қолы өз аузына жеткенде шешесін бірге алып кетіп, үлкен компанияда жұмыс істеп жатыр. Жалғыз шешесін айдалаға тастамай өзімен ала кеткені де түсінгенге бір мерей.
«Мама, қарашы, бұл жерге қалай ғашық болмайсың, керемет әдемі жерлері қаншама!», - деп ұлы оны анда-мұнда саяхатқа апарды, бұл да ұлының көңіліне қарап тартынбады, көргеніне қуанды, жаңаға тамсанды, кемеге мінді, мұхит кешті. Күннен күнге тәтті қылығы көбейген немересі қасында. Бұдан артық не керек!
Әлия да өзіне кейде «Не керек, ал осы саған?» деп сұрақ қояды да... бірақ, бәрібір жанына бірдеңе жетпейтін сияқты болады да тұрады.
Ия, ел армандаған жерге барды, штаттарын аралап көрді, бірақ, еш жерде өзін жайлы сезінбепті. Ойлап қараса еш жер жанын жарылқамасын түсінетін кез әлдеқашан болған екен. Ол кез мүмкін, өткен шақта болды ма, әлде әлі сәті келген жоқ па... көгілдір сағым ар жағында немесе сыңсыған тоғайдың арасына батып көрінбей тұр ма, мүмкін, әлі болмаған шығар ол шақ... Бәлкім, Уақыт-Құдай адам-байғұстың өзі діттеген жаққа ақыры жете алмай, көңілі қалағанын түптің түбінде орындай алмай, қимасын қасында қалдыра алмай, түбінде пұшайман боларын осылай ұқтыратын шығар... Көңіл де кейде даңғыра күй шалады.
Бес жылдан кейін елге барам деген оймен күн кешетін, ақыры бес жыл деген мерзім келгенде байыз таппады, қалайда еліне барғысы келіп ұлының «қыс ішінде қайда барасыз» дегенін тыңдамай, қылығы бал немересін де қалдырып, ақыры жолға шыққаны еді.
***
Бағдар айырып алайын деп әрі-бері тұрды. Құдай ау, бұл ауылдың шабалаңдап үріп алдыңнан шауып шығатын, шыр айналып жүріп үретін иті қайда кеткен? Малды ауылдың иісі болатын еді, бала кезден өзіне алабөтен ыстық сезілетін қидың иісі қайда? Жүре түсті де, тағы тоқтап ойланып тұрып қалды.
«Мынау әлгі Мәмен ағайдың үйі емес пе еді, бала-шағасы көп, ақар-шақар болып жатудшы еді, үйдің аңғал-саңғал түрінен ешкім тұрмайтыны анық көрініп тұр. Осы қара жолда төскейдің қоңыр самалын көкірегі сезініп талай рет жүгіріп қозы-лақ қайырған еді ау...
Ееее, бәрі де өтті, кетті, осыгүні бір кезде бала болғанына, одан өсіп жас болғанына бұның өзі де сенбейтін сияқты. Осыны ойлағанда кеудесін кернеген желкілдек көңілін мұң шалды. Қартаяйын деген ау... Арқасындағы рюкзагі ауыр екені енді білініп келеді. Қазір барып түсетін үйдегі жеңешесіне сәлем-сауқаты бар, әке-шешесінің аруағына иіс шығарып, құран бағыштасам деп ала шыққан дәмі бар, рюкзактің салмағы біраз еді.
Көкірегін шалған саумал ауаны армансыз жұтып ақырын басып нағашысының үйін көздеп келеді. Айналасындағы үйлер жым-жылас болғасын, қапелімде оны да тап басып тани алмай келе жатқанын қарашы. Ана тұста өзен болушы еді, ол да жып-жылмағай қатып жатқан шығар. Көктемде көтеріліп, жан-жағына жайылып кететіні болмаса, лепіре, лекіп аққанын көрген емес, әшейінде арық өзен көктемге салым көлем алып ауыл ортасында теңкиіп жататын да артынша сай-салаға із салып ағып, лағып барып, жол-жөнекей із-түзсіз жоғалатын. Кезінде дәулеті шалқыған совхоз тоқсаныншы жылдары сығанның мақыра-мүкәммалы құсап жұлым-жұлым болып, ақыр аяғында ойрандалған орданың күйін кешкен де, жұрты жел айдаған қаңбақтай қаңғалақтап кеткен.
Қыбыр тіршілік атаулы біржола тынып қалған мына жым-жырттан бойы сескенейін деді. Іздеп келе жатқан нағашысының үйі де ұзап кеткен бе... Илеуін сел алған құмырсқадай болып жан-жаққа шұбап, бытырап кеткен елдің соңынан ілеспей қалған нағашысы да бір елден ерек қыңыр адам еді ау. Нағашысының өзі бұл күнде жоқ, кемпірі бар. Кеудесінде санаулы күндік демі бар дейтін емес, әлі күнге тың, баяғыдай ширақ деп естіген. Нағашысының кемпірі бұлардың жеңгесі, өзі бір дүнияда шыбын жасқамайтын аяулы адам. Ой бір құдай бере салған жан, ондай адамдар өзгермейді ғой. Елуге келген жалғыз ұлымен тұрады деп естіген.
Анадайдан көріп келеді, сол баяғы көк қақпа. Қайран нағашысы, осы қақпасын көктемде құда келетіндей жыл сайын сырлап тұрушы еді. Үйдің сылағы да құда күтетіндей болмаса да, айналадағы басқа тозған тамдардың алдына шығардай екен.
Е-е, міне, келді ау, арғы терезесінен жарығы жанып тұр ма немене, талтүсте жарық жағып...
Есік іштен бекітілген екен, Әлия тықылдатып көрді де, бір кезде дүңкілдетіп қаға бастады. Арғы жақтан кәрі кісінің аяғын тарпылдатып басқан дыбысы шықты.
- Бұ қайсың ай?
Қайтадан қақты. Жүрегі де тыпыршып кеткен.
- Қайсар, сенбісің? Қазір, қазір... Келе жатырмын.
Оның даусын естігенде жүзіне күлкі үйірілді. Қайран жеңешесі! Шүңкиген арық кемпір мақпал көйлегінің сыртынан қоңыр қамзолын іліп, жаулығын жүре түзетіп бұрылғанда бұған қараған көзі өзгеше жарқ еткендей болды.
«Апыр ай, соңғы 7-8 жылда көріп тұрғаны еді, қайран жеңешесі шүйкедей-ақ кемпірге айналыпты ау...»
- Жеңеше, мен ғой, Әлиямын.
Кемпір біртүрлі тосырқап қалған сияқты. Бұған әлі қарап тұр. Көзі шыны тәрізді. Оған қарап жатқан бұл жоқ, оның арықша денесін қаусыра құшақтап жатыр.
- Амансың ба, жеңеше. Мен ғой! Әлия! Жиеніңді танымай қалғанбысың? Ауылды сағынып жеткен бетім осы. Америкадан Түркияға, одан Астанаға, Астанадан осы жаққа... әке-шешемнің басына соғайын деп... елді де сағындым... Осыны айтқанда Әлияның көзі жасқа толып кетті. Кемпір бұған аңтарыла қарайды, тосырқайтындай ма...
Үй жылы екен. Баяғыдай ашқылтым көженің, сүзбенің иісі шығып тұрды. Осы иістен Әлияның бойы шымырлап кеткендей болды. Көзінің алды мұнартып жүре бергеннен бе, алдындағы кемпір бұрынғысынан да кішірейіп көрінді. Жеңешесі әлі жыға танымағандай қадала қарайды.
- Әлиямын ғой, жеңеше, танымадың ба?
Жеңгесінің қартайып қалғанын көріп тұр, құлағы да баяғыдай емес шығар деп даусын көтеріп, жалғыз өзі самбырлай сөйлейді.
– Алыстан келген бетім осы. Баяғы өзің баққан Әлиім Америкада ғой қазір, соның қасына кетіп едім ғой, есіңде ме?
Жеңешесі үндемей әлі қарап тұр. Бұл не істерін білмеді. Сосын жалма-жан сөмкесіне жармасты.
- Қарашы, жеңеше, саған не әкелдім, кемпірлермен қонаққа барғанда киесің деп мынадай көйлек пен сыртынан киетін қамзол алдым. Тек аздап кеңдеу болып қалмаса, қайдан білейін, баяғы өлшеммен таңдап едім, өзің фигура сақтайын дегенбісің (өзінен-өзі күлді ме ау) ... әйтпесе, әдемі-ақ, фирманікі.
- Ештеңеңнің керегі жоқ, айналайын! - деді жеңешесі жұлып алғандай қылып. – Ештеңенің! - деді тағы қолымен қақпайлағандай.
Ол үстіндегі қамзолының қаусырмасы түсіп қалғанын да байқамайтын секілді. Осы тұрысында бала секілді, «ересек бала болады, кейде ересек бала да болады», деп ойлады Әлия оған қарап тұрып.
- Бара ғой, айналайын, маған ештеңеңнің керегі жоқ.
Бұндайды күтпеген Әлия сасқалақтап өзінше күлген болды, бірақ, арқа-басы мұздап кетті.
- Бар дедім ғой.
- ...
- Неғып тұрсың, бар дедім ғой!
Кемпірдің даусы ап-анық шықты.
- Не болды, жеңеше? Маған өкпелегеніңіз бе?
- Көйлек дейді ғой. Қамзол дей ме... оны қай жырғағанымнан киейін.
- Оныңыз да дұрыс енді... Өкпелейтін жөніңіз бар ғой. Неше жыл болды, соқпағаныма. Елге жетіп отырғаным осы. Осының өзіне...
- Мына әкелгендеріңді жина да үйден шық, айналайын!
Жеңешесінің даусы әлі де қуатын жоғалтпаған, ап-анық еді. Ақыл-есі де орнында секілді.
- Бір жағдай болды ма, айтсаңшы, жеңеше? Нағашым қайтқанда сол бойда келмесем де, артынан келіп бата жасадым, білесің. Әлде... Бұл жыларман болды.
- Ештеңе болған жоқ. Бәрі баяғыдай.
- Айтпақшы, жеңеше, Қайсар қайда? Әлі үйленбеді ме? Көрінбейді ғой?
- Өзім де білмейм. Қараң қалған тіршілік қой, әйтеуір.
Жеңешесі ернін сылп еткізді. Әлияға оның жанары сарғыш лай болып көрінді. Бұның қайран жеңешесі бұлай айтуға тиіс емес еді. Әй, не болса да бірдеңеге қатты өкпелеген ау. Әлде біреу бірдеңе деді ме екен. Бірақ, бұл ауылда бұны есіне сақтап жүрген кім бар дейсің.
- Айтпақшы... ия, естіген екенмін ғой. Арада қаншама жыл өтті, қаншама жағдай болды ғой, жалғыз ініңіз қайтты деп естідім. Келін де кетіп қалды деді ме...
- Қайтесің. Өмір ғой. Дүние осы, өмірі қартаймайтындай көресің өзіңді... бүгінде бірі де жоқ баяғының... бәлду-бәлду, бәрі өтірік екен, бақсам. Беу, жалған, өтеді екен шыр айналып...
Кемпір пәлсапалап кетті.
- Нағашым да жүре тұрса болатын еді. 75 деген не қазір, елдің ондай шалдары әлі шұнаңдап жүр.
- Е-ее, қайтесің, өзекті жанға бір өлім дейді.
- Бізде сол, жеңеше, айналаға қарайтын мұрша да, уақыт та жоқ. Әуелі бала оқыды, одан жұмысқа тұрды. Бітіргесін, «мама, қашанғы жалғыз боласыз» деп қасына шақырды. Астанада жүрген жағымнан жиналдым. Тіпті елге келіп-кететін уақыт болмады ғой. Оның үстіне немерем бар...
- Ал менде уақыт көөөп. Тіпті шексіз. Ешқайда асығудың да керегі жоқ. Ал енді болсаң бара ғой, қарағым.
- Жеңеше ау, сен неге қуа бересің мені? Қанша өкпелесе де келген қонақты үйінен қуған қазақ болатын ба еді? Не болған саған?
- Барсаңшы енді, байғұс ау.
- Барсам, барам, не болыпты? Нағашымның үйі деп келгенімде... алды-артыма қаратпай қуғаны несі соншама? Бірақ, мына заттарды тастап кетейін. Шай ішерсің деп алып едім. Шетелдің кәмпиттері, тәттілері, тісіңе жұмсақ ірімшік сірнесі де бар. Әке-шешеме Құран оқытам деп бірдеңелер ала шыққан едім...
- Құдай ай, не деген адамсың? Неге тықпалай бересің оныңды, керек емес дедім ғой. Алып кетші көзіме көрсетпей!
Кемпір шарт кетті.
- ...
- Неғып түсінбейсің өзі, мен жоқпын ғой! Әне, бейітім жатыр! Өлген адамға тамақ неге керек?
- Туһ, құдайым ай, не айттып кеттің өзі?
Жеңешесіне анықтап қараған Әлияға қақ төбесіне жылан өрмелеп түскендей болды. Жеңешем алжыған екен деді. Өзін сабырға шақырмақ болып айналасына қарап еді, нағашысының шағын үйінің бөлмесі ұядай жып-жылы болғанымен, баяғы салтанаты көрінбейді, ұстаған затына мұқият жеңгесінің төсегі де асты-үстіне шығып ақтарылып жатыр. Денсаулығы да баяғыдай емес, ыңқыл-сыңқыл да көбейген шығар. Оның үстіне мынау үйде бір өзі өнемейін жалғыз өзі болса. Құдай ау, үйдің ішінде ғана емес, бүкіл ауылда жалғыз қалсаң, алжымай көр? Ағыл-тегіл адамның ішінде жүріп жабығып жүрген бұның өзі мына ауылда, иесіз қыстақта үш күн қалып қойса жынданып кететін шығар.
Әлия пеш жағылмағанын байқады, сонда үйдің іші қалай жып-жылы болып тұр деп таңғалған. Осы сәтте назары кемпірдің соңынан еріп жүргенімен тым самарқау көрінетін семіз мысыққа түсті. Самарқаулығы сондай, аяғын әрең алады, көзін жұмып жүре ме, өзі неге сонша семіз? Мына мысық ауру мысық па, әлде семіздіктен осылай баяулап қалған ба? Ойы қыдырған күйі терезеге қарады, бәрі баяғыдай. Есік алдынан сәкі көрінеді. «Еее, сөйдеші, қайран жеңгесі алжығап қалған екен ғой. Е-еххх, қандай адам еді күнінде! Бұл өмір кімді аяған?»
- Мен саған қазақша айтып тұрмын ғой. Мен қайтыс болып кеттім деп. Неғылған ұқпайтын адамсың өзің?
- Қашан сонда? (бұл сөз аузынан оқыс шыққаны сол, өз сөзінен өзі шошып кетті).
- Оншақты күн болып қалды ау...
- Сұмдық ай, не дейді? Әлия аузын басты.
- Ал... Қайсар қайда?
- Білмедім, мені қоятын күні көрінбеді, бәтшағар тағы ішіп жүрген шығар бір жерде. Мені осы қыстақта мал бағатын жігіт көмді ғой. Айбар деген. Білуші ме едің? Баяғы піскен бас құсап ыржалаңдап күле беретін Сайман деген бар емес пе еді, соның ұлы. Әнебір байдың малын бағушы еді ғой. Мына беттен ана Қарақырқаға дейінгі жайылым соныкы. Сол көмді мені. Рахмет жауғыр! Өлгенде жалғыз болдым. Құлап қалдым да... қайта жеңіл болды. Ешкімге қарата көрме, ешкімге бейнет қылма деуші едім...
Әлия манағы жыланның сұп-суық бауыры желкесіне қадалғанын анық сезді.
Жеңешесі енді жайбарақат сөйледі.
- Мен жай... сорықайнаған ұлымды көріп кетейін деп келгенім ғой. От жаққан жеріңді қимайды екенсің...
- Жеңеше, не деп кеттің? - деуге тілі әрең келді Әлияның.
- Уақытша келдім. Кетем қайтадан.
- ...
- Қырық күнге дейін бола тұрам ғой. От жаққан жерім емес пе?.
«Алжыған адамның сөзіне мән бермеу керек» деді ішінен. Бұрын-соңды жүйкеден кеткен адам көрмегесін, не істесем екен деп ойлады.
«Қайран, алтын жеңешесі ай». Әлия көз шанағына үйірілген жасты сілкіп тастады. «Жападан-жалғыз қалғасын... жалғыз баласының жайы анау, нағашымның да қырсықтығы өзінің тапал бойынан асып тұратын еді ау, енді қарашы... жападан-жалғыздық та қажытады адамды. Шамасы жеңешемнің жүйкесі шатқаяқтап кеткен ау».
- Жатып ұйықтап алсаңшы, - деді не айтарға білмей. (Үлкен кісілердің ұйқысы қашады деуші еді). - Мен Қайсарды іздеп келейін. Айналадан. Мына жақта біреулер тұрушы ма еді?
- Ойбай, не дейді? - Кемпірдің даусы оқыс шығып, көзі ақшаңдап, шошына тіл қатты. - Немене, ол сорлы жоғалып кетті ме? Қашан? Алда, сорқайнаған ай! Анау бандыға жолама дедім. Ол албасты арақты ішкізіп-ішкізіп жұмысын істетеді, ақыры қатын да алмады, сорықайнаған!
- Жаңа өзің емес пе... Қайсар келмей жүр деген...
- Құдааая тоба... мен неғып естімедім оны?
Әлия қарап тұрып іші-басы қалтырап кетті.
- Төу, жеңеше, мен ғой шатысқан, кешірші...
- Құдайдың алды кең ғой, кешірсе өзі білер. Менің ешкімге өкпем жоқ, шүберектеріңді жинап ал да, жөнел енді.
Кемпір қайтадан қатайды. Енді шыдамады Әлия. Манадан бері қысып тұрған екен көз жасы да, ебіл-дебілі шығып боздай жылады. Бәрі себеп - әке-шешесінің табанының ізі қалған осы ауылдың жетім халі де, жеңешесінің мынау күйі де, өзінің шаршағаны да...
- Сағынып жеткенімде... оның не, жеңеше ау? Баяғы кездерді ұмытты деймісің? Ештеңені де ұмытқам жоқ. Осы үйге ойнап келіп-кетіп, жаңа піскен таба наныңды сары май жағып жегенімді... айраның керім еді ғой сенің жеңеше ау... Өзің жаулығы әппақ болып жүретін келіншек емес пе едің... енді не болғансың? Алжиын дегенбісің, қайран ауууу, жеңгем аууу...
Армансыз аңырасын. Жылап отыр, сөйлеп отыр. Сөйлеп отырып, жылап отыр. Қыс ішінде елге келем деп жылы орнында жата алмаған өзіне де обал жоқ. Әлия біртүрлі ішінен өкінгендей еді. Шыққалы бері неше күн, немересін де сағынайын деді ме ау...
- Сендей қызымыз болғанда ғой деуші едің, енді алыстан келіп жеткенімде мені қасыңнан қуады деп кім ойлаған? Тіпті шай іш деп те айтпадың ғой.
Жеңешесі кірпік қақпай әлі тесіле қарап тұр еді.
«Е-е, Құдай алжытпасын де...»
Әлия бір кезде өзі жұбанып, қолымен көзінің жасын сүртті.
- Жеңеше, қаладан таңда шығып едік, шай қойып ішейікші. Сосын кетем. Өзім аңсап жеткенімде, бір шай беретін шығарсың?...
- Не дейді тағы? Болмайды деп айттым ғой. Маған болмайды! Әкелгендеріңді түгел салып ал. Жолда жерсің. Енді бара ғой.
- Қайда барам? Мына боранда? Ертең көлік келеді, бірақ, мына боранда жолға шыға ма, шықпай ма, бір құдай біледі. Мен өзің деп келдім ғой, жеңешем ау, сенің мынадай болып қалғаныңды қайдан білейін?
Жеңешесі не кірпігін қақпастан, не көзіне бір тамшы үйірілместен бұған әлі мелшие қарап тұрды.
- Газ бар ма еді, жеңеше, шәйнек қойсаңшы, кенезем кеуіп барады.
- Су қайда оған?
Әлия орнынан тұрып ас-табақ тұратын жерді қарай бастады. Біртүрлі мұрнына шіріген ескі ағаштың ба, сыздың ба иісі келетін сияқты. Жеңешесі көптен қазан көтермеген бе, аяқ-табақ жылан жалағандай. Майонезден босаған ыдыста кеуіп қалған шыжық, тағы сондай бір ыдыста сабынның алқындысы, тағы бір ыдыста көгерген тамақ, басқасы бар, араласып жатыр, осы ыбырсыған дүниенің арасынан ауқат табылсашы, байғұс жеңешесі ас ішуді де қойған ба? Қалай күнелтіп отыр өзі?
Әлия сенектегі беті шүберекпен жабылған, нағашысы жасаған атамзаманғы сөреден шелек тауып алып сыртқа беттеді.
- Құдық аулада ма, жеңеше?
Жеңешесі осы кезде дәл жанына келді. Әлия қолын мұрнына апарды. Енді байқады, жеңешесінің үстінен дымқыл, сыз топырақтың иісі шығатын сияқты, әлде көптен жуынбаған адамның иісі сондай бола ма...
- Құдықты білмейм, менің сенен бір өтінішім бар. Әлгі сорлыны тауып алшы. Қайсарды айтам. Соны уайымдап жата алмаймын. Оған бірдеңе болды ма деймін, егер өлген болса ол да осында келер еді. Демек тірі болғаны, шамасы бір жерде ішіп жатыр ау... Мені көрімде жайыма жатқызыңдаршы деп айтайын деп едім.
Әлияға екі бөлменің қақ ортасында сөйлеп тұрған жеңешесі басын төмен салып, екі қолын салбыратқан осы тұрысында шын дағдарған адам секілді көрінді.
Сыртқа шығып су ала қояйын деп біресе ана үйге барды, қарға малтығып біресе мына үйге барды. Миы істемей қалған ба, иесі жоқ үйлерде су қайдан болсын, әлде ауласында құдық болып қала ма деп далбасалағаны ма... Тіпті алқыны қатты жүрген бе, қолтығынан, самайынан тер кетті. Біреуінде де жан тұрмайды. Ешқайсысынан су таппады. Келе жатып байқады, манағыдай емес, қар одан сайын басып тастапты. Өзеннің де бағытын болжап болмады. Ақыры шелегіне қар салып алды да кері қайтты. Қайтып келгенде жеңешесінің есікті іштен іліп алғанын көрді. Тарсылдатып қаға бастады.
-Е-еу, жеңеше! Кілттеп алғанбысың? Ашсаңшы! Қап, қырсық ай!
Үйді айналып терезеге барып еді, манағы жарық жоқ. Қырау басқан терезе үнсіз мелшиеді. Есік жаққа қайта келем дегенде тамға сүйеулі тік күректі көрді. Жүзіндегі жас топырақ қатып үлгермепті.
«Бұны мана қалай байқамаған, әлде біреу әкелген бе?».
Боран күшейе берді. Әлия дірдектеп тоңып тұрып, айнала қарағанда бұның жаңа ғана жүріп өткен аяқ ізін әп-сәтте қар сипап кеткенін көрді.
- Жеңеше-еууу, мен ғой!
- Ашсаңшы!
Іштен мысықтың мияулағаны ғана естілді.
Лақап аты: Агата Кристи
