Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Азамат Нұрмұханов: Тарам-тарам жолы бар тағдыр ғой...

18.08.2016 5123

Азамат Нұрмұханов: Тарам-тарам жолы бар тағдыр ғой бұл

Азамат Нұрмұханов: Тарам-тарам жолы бар тағдыр ғой бұл - adebiportal.kz

                         



 Тәуелсіздігім

14034740_949501205161316_1715286054111053730_n.jpg

Тәуелсіздігім арайлы таңым,

бағыма ауаңды балай жұтамын.

Тамыры терең биік бәйтерек,

сындырады енді қалай бұтағын?!


Тәуелсіз мынау еркін еліме,

осындай бақты ел тіледі ме?

Ниеті түзу халқыма алланың,

жауады нұры серпіле міне!


Тәуелсіз менің дінім мен тілім,

шаттығым айға ілінген бүгін.

Терең күрсініп жумайды енді,

ашық маңдайлы кірін кемпірің.


Тәуелсіздігім жеткен сыбанып,

Арманда алаш өткен жұбанып.

Құран бағыштап боздақтарыма,

Ұрпақпын шүкір еткен қуанып!


Тәуелсіздігім асқақ Астанам,

жыр жазбай ақын тастамас қалам.

Байрағың тұрса мәңгі желбіреп,

жылап жастығын жастамас балаң!



Тамсану


Өне-бойым өртеніп төзім қалмай,

Мен сүйсініп қарадым көзімді алмай.

Әсем күлкің сыңғырлы сырға толы,

Әп-әдемі жан едің өзің қандай?!


Шіркін, кімнің бұйырған қалауысың?

Жалауысың бәлкім өрт алауысың?

Саған емес сендегі сұлулыққа,

Алла маған көз берген қарау үшін.


Жаулайсың-ау жүрегін күліп көптің,

Жымидың да көлікке мініп кеттің.

Ал, мен болсам сен жайлы ойға батып,

Қиялымның ішіне сіңіп кеттім.


Қарай бердім, қарадым қарап қалдым,

Сұлулықты бақытқа балатқан кім?

Таусылмайтын тәубасы пендесімін,

Жаралмаған жанарсыз жаратқанның...


Ағаға сыр

(Жангелді Немеребай Темешұлына)


Алатаудан барады асып ұлы көш,

Ұлы көште бірі бауыр бірі дос.

Бәрі де артқан қуанышты,қайғыны,

Ақындықтың болмайды аға,жүгі бос..


Қарашы аға! Бәрінің бір тілеуі,

Ақынға тән жүдеп қайта түлеуі.

Мың ғасырға татыса деп жазғаны,

Шың басында отыр әне біреуі.


Бәрі мықты.Болса болсын өр мейлі,

Жанымды сол көштің мұңы тербейді.

Өрлесе ақын көкте күнге өрлейді,

Өлмесе ақын көппен бірге өлмейді.


Тыңдашы аға! Ақындыққа бет бұрдым,

Батылдыққа білегімді бек түрдім.

Жыр қылышым.Қалам.Қағаз сауытым,

Шындық үшін құрбандыққа кеп тұрмын.


Ұлытаудан кетсе де асып ұлы көш,

Ұлы ақынның шығар кейде үні кеш.

Ақындықтың тарта алмасаң азабын,

Батылдықтың білем,аға жүгі бос...!


Ақын қарындасқа


Сенің көргім келмейді жүзіңнен мұң,

Налыдың ба татқанда тұзын көлдің?

Тарам-тарам жолы бар тағдыр ғой бұл,

Адамға адам жолығар ізінде елдің.


Сенің көргім келмейді көзіңнен мұң,

Асып туған білмеймін өзіңнен кім?

Сатқындық бар,зұлымдық азғындық бар,

Өзің көрдің я,құдай төзім бергін...


Сенің көргім келеді күлгеніңді,

Күнде күнді шуақтап жүргеніңді.

Мен,қалаймын сын сағат аша алмастай,

Мәңгі есікті ішінен ілгеніңді!!!


Анаға сағыныш


Сағындым ана,өзіңді қатты сағындым,

Қалада мынау қадірі қашты сабырдың.

Арманым мені жаныңнан алыстатқанда,

Сезілді бірден суығы жауын дауылдың.


Қаланың таңы жетпей жүр ауыл таңына,

(Отбасымды алып жетемін қашан жаныңа?)

Ақылымнан тек адаспай жүрсем болғаны,

Маңдайым ыстық тигенше алақаныңа.


Асыл анашым,аяулы анашым жан ана,

Ақылыңды айтып жүруші ең ақын балаңа.

Ержеткеніммен тұрса да еркелегім кеп,

Еркелетпейді адамдар қатал қалада.


Құлшынып ұлың құшағын кеңге жаяды,

Мәнді болса да мен тапқан бақтың баяны.

Жаутаң қағады тамшы мұң толып жанарым,

Сендегі ыстық таба алмай іздеп саяны.


Ардақты анам қадірлі анам анашым,

Сағынышым ғой тауысқан төзім шарасын.

Ақылыңды мен кетуші ем кейде тыңдамай,

Алыстық екен арттырар адам бағасын.


Қайтейін көңіл сағынышымен шектелсе,

Ақылға көнем ақынға өлең еп берсе.

Асығып жүрмін мән кетіп ұйқы-күлкіден,

Жаныңа сенің отбасымды алып жеткенше.



Астана


Астана-тамсанттың талайды,

Арудай шашқа өрген шашбауын.

Ай-жұлдыз,күн тілеп қарайды,

Аспаннан берекең қашпауын.


Самалы тербесін даланың,

Санамда сол,арман баяғы.

Сәнінен жаныма қаланың,

Саяны табамын аялы.


Тіл-көзі тасқа деп,-қоямын,

Таңдайын қақса егер жат біреу.

Тәңірге алақан жаямын,

Тәтті етіп бар ойым бақ тілеу.


Алланың назары үнемі,

Аумасын көрікті қаладан.

Астана-арудай күледі,

Аумайды жыласа баладан.


Ниеті тап-таза,тұп-тұнық,

Нәп-нәзік сұлудай қалаға.

Нұр жауса Есілге құт кіріп,

Нығметің артады о,дала!


Ағымнан жарылғам мен сенде,

Аймаңдай сәулеме жасқана.

Айналған жарыма сен..,сенбе,

Аяулым жанымда-Астана..!


Ашуыма


Жалған өмір соқтығыс пен қақтығыс,

Кімдер,қалай айқай-шумен тапты ырыс?

Алай-дүлей боранға ұқсап тулаған,

Ей, ашуым, сен ішімде жат тыныш.


Тисе,тисін ессіз жандар шамыңа,

Сабырымды серік етем жаныма.

Сен, ашуым, мазалама бекерге,

Тыныштықтың шырқын бұзып тағы да.


Күлсе күлсін мейлі дос пен дұшпаным,

Бұзылмайды менің осы ішкі әнім.

Ей, ашуым, саған білем жақпайды,

Үнсіз ылғи тіл тістеген тұстарым.


Сынға сірә пенде бар ма төзбеген?

Ашу, саған жол бермеймін,сөз берем.

Сен менімен жаулассаңда бәрібір,

Жете алмайсың мақсатыңа көздеген.


Сабырымның қалдырмастан шарасын,

Іштен ұшып шықсаң қайда қонасың?

Ашу, текке аласұрма еріксіз,

Өзегімде өртке оранып қаласың.


Сен менімен опа таппай алысып,

Тіліме сөз болғың келіп жабысып.

Сыртқа аузымнан шыққың келсе өзімді,

Қарғамаймын, жағым қалсын қарысып...!


Бұйра бұлттар

(Достарға сәлем)


Салқан самал еседі,

Бағы батпан бес елі.

Жетісудан бұйра бұлт,

Сарыарқаға көшеді.


Жалыным бар отым бар,

Он қарап бір шоқыңдар.

Мен жіберген сәлемді,

Бұйра бұлттан оқыңдар.


Жаңылысым сол бұлтта,

Жарылысым сол бұлтта.

Сарыуайымға салдырған,

Сағынышым сол бұлтта.


Көз жасымда сол бұлтта,

Өз басым да сол бұлтта.

“Достарға”-деп жазылған,

Сөз басында сол бұлтта.


Сырды жазып жібердім,

Жырды жазып жібердім.

Жалғыздықпен алысқан,

Мұңды жазып жібердім.


Жалыным бар отым бар,

Он қарап бір шоқыңдар.

Бұйра-бұйра бұлттардан,

Жан айқайды оқыңдар...Ей,достарым!



***


Д ауылды күнде ық болар,

О йымды бірден ұқты олар.

С уық пен ыстық қаймығып,

Т өзімдеріне құт қонар.

А дал тым достық арына,

Р азымын достар барына.

Ы мыңды бірден түсініп,

М ұң батырмайтын жаныңа.

А рмандарына нұр тұнған,

М ақтайда білген сыртыңнан.

А надан бәрі айнымай,

Н амыстарымен бір туған.

Ж иыла қалса кеште егер,

Ү лкен керуен көшке енер.

Р ахаттана алмай дұшпаны,

С ұлбасы түсіп сескенер.

І лескен көшке дүбірлі,

Н ар тәуекелімен мығымды.

Ш ідерін үзген шеменнің,

І здеушілерім бүгінгі...


P.S. Достарым аман жүрсінші..!



Әкеме

(Балалық шақтан бір үзік сыр)


Әке,менің есімде балалығым,

Теріп өстім жайлауда дала гүлін.

Желбаудағы байланған тұрушы еді,

Қара құлын кісінеп ала құлын.


Тамашалап желектің бүр атқанын,

Әке сенен өстім мен сұрап бәрін.

Тауға қарай ентігіп шыға алмаушы ем,

Тойдырғанда құздағы бұлақ қарын.


Есімде әке жаңбырлы жылы таңы,

Балаң қалай жайлауды ұмытады?

Анам мені толғатқан Жамантаста,

Естілмейді-ау сәбидің үні тағы!


Көктегенін көрмесем Көктөбенің,

Кімге,не деп артамын өкпені елім?

Менің кіндік қанымды сіңірген жер,

Сағыныштан сарыуайым жеп келемін.


Жайлауда өткен жан әке балалығын,

Шалалығын есіне алады ұлың.

Арман қуып мен келген Астанада,

Жұлдырмайды рұқсатсыз дала гүлін. Ех,шіркін!!!


Жұбату


Жабырқама жан-жарым жаныңдамын,

Жалындағын жайнатар бағыңды әнім.

Жігеріңді құм қылып күдер үзбе,

Жаратқанның сыны деп қабылдағын.


Балдырғандай аңқиды оң уысым,

Білем құдай береді мол ырысын.

Бұлт шалса да көгімді былқ етпеймін,

Біз екеуміз бақытты болу үшін.


Өзің барда торламас жанарды мұң,

Өзектегі танады жарамды кім?

Өкінішін құлының ұмыттырып,

Өтінішім аллаға амандығың.


Қурай сынбас құдайдың қалауынсыз,

Қаласа алла жаңбыр да жауар үнсіз.

Қайғы кеулеп кеткенде кеудемді бұл,

Қалай ғана жатады дала мұңсыз?


Алла ісі десем де алқынамын,

Аяқталмас арманға талпынамын.

Айға ұшып кеткенше кеудемдегі,

Аялаймын алланың жан тұмарын...Амал қанша!!!



***


Иә,менің,

Өлең ішім, егістік миялы егін.

Шырмауығы гүлденіп тербеледі,

Кеңістіктің көркейтіп қия,белін...


Егістігім,

Самалына тербелген жер үстінің.

Жанарыма қаяу мұң түсе қалса,

Күнгейіне күйдірер терістігін.


Миялысы,

Кермек татқан көк шалғын қиял іші.

Жалбыз болып жанымды жазбаса да,

Мен үшін ол,желектің зиялысы...


Егін өлең,

Ақиқаттың жете алмай шегіне мен.

Шырқырадым не таптым шындықты іздеп?

Сылқ-сылқ күліп жалған тұр жерімеген.


Ішімде мұң,

Баспай алға қойғанда ісім менің.

Миялы өлең жанымды жегідей жеп,

Маза бермей жатады түсінгенім...!



Контрабас аспабы


Үні қоңыр тыңдасаң жалықпай бір,

жұмбақ үнді қаншама жан ұқпай жүр.

Кең құшаққа сыйғызып ойнағанда,

әуеніне тербеліп қалықтай біл.


Тыңдай түссең кетердей талып етің,

дыбысы бар ұққанға жан үгетін.

Бұл аспапты ойнауға керек сірә,

ести білу әуенді қабілетің.


Саусағыңды тұрасың ырғап бөлек,

әуезіне пендені ымдап бөлеп.

Бұл аспапты ойнауға жүрекпенен,

сезінетін ерекше ырғақ керек.


Әсерімен тұрғанда бал үн демеп,

тұла бойды шарпиды жалын бөлек.

Бұл аспапты ойнауға ең әуелі,

құштарлық пен табиғи дарын керек.


Сезінгенге аспапта жылу бөлек,

Оның қоңыр дыбысын ұғу бөлек.

Әуеніңді тыңдаған жан болса егер,

жүрегіне жеткізе білу керек!


Ұмытайын


Бағым болып қонға айым,

Сезім гүлі солғаны ма?

Мен,алдансам алданайын,

Сен,алданба арманыңа.


Ай нұрынан арылайын,

Керек сезім гүлдегені.

Мен өзіңді сағынайын,

Сен,сағынба мүлде мені.


Ұшсам қайтіп қона алмайын,

Тербегенде даламды бақ.

Мен өзіңе алаңдайын,

Алаңдама маған бірақ.


Жайнай алсам жайнайыншы,

Таппасам да айлаңа емді.

Күнде өзіңді ойлайыншы,

Мен жайында ойлама енді.


Жүрегіңді жылыта алсам,

Жүрегіммен жылытайын.

Ұмыт мені ұмыта алсаң,

Ұмыта алсам ұмытайын.



Шер


Қашанғы төземін,

Өртенді өзегім.

Жүрегім жаным бар,

Бойымда тулаған қаным бар,

Өлең-жыр айтылар әнім бар,

Сезім мен махаббат жалын бар,

Сенім мен наным бар.

Осының бәріне түкірсең,

Тапсырдым жанымды алыңдар!

Бұлақты,өзенді,көлімді,

Қыратты,асуды белімді.

Үзілмес үміт пен сенімді,

Сатуға жан керек болса егер,

Өзім-ақ қазайын көрімді.

...Жалға да бермеңдер жерімді.

Иә,мен кедеймін,

Бірақ жоқ демеймін.

Далиған даламды,

Ар-иман санамды,

Қасірет кеулесе мен қалай,

Шаттыққа бөлеймін?

Күн асты Қытайлар жерді алса,

Қызды алса,елді алса,

Ашу мен шерді,

Шекпен мен шенді алса,

Болашақ ұрпаққа не деймін?

Ей,билік құлақ түр,

Жүрегім жылап тұр.

“Жақсы сөз-жарым ырыс” қой,

Жылатпай жұбат бір.

Көзіңе шел болған байлықты,

Қайтесің лақтыр.

Елімді алдама,

Еріңді арбама.

Басыңды соққандай боласың,

Тасқа да тауға да.

Жасанды пейілің,

Қалмады мейірім!

Әй,қашан келесің тәубаңа?

Бабамның мирасы бұл мекен,

Түспесін саудаға...

Бермеңдер жерімді жалға да!

Атқанда таң күліп,

Жататын шаң қылып.

Ұрпақтың келері заңдылық.

Кие бар тасы мен құмында,

Рух бар Алатау шыңында.

Қасиет қонған жер,

Қасірет болған жер,

Тарихым санамда жаңғырып,

Тұр әлі...

Шуласын биліктің құлағы.

Бабамнан аманат Жер-ана,

Жазылған маңдайға мәңгілік...

Сатылмасын жалға да берілмесін!



Шүкірлік


Жігерін қайрап қамсыздың,

Күдерін үзбей әлсіздің.

Мейіріміне бөлеген,

Аллаға шүкір сансыз мың!


Тәуба деп атты әр таңым,

Тағдырын тарпып тарпаңым.

Адамнан емес қорықсам,

Алладан ғана қорқамын.


Жетпесін досқа күш мейлі,

Бітпесін қанша іс мейлі.

Бұлдыр да бұлдыр бұл күнде,

Аузымнан алла түспейді.


Қатқанда өмір қатал үн,

Мұңның да дәмін татамын.

Алақан жайып алладан,

Сабырлық тілеп жатамын.


Арманым биік тау қарлы,

Елес қып белес бауларды.

Ұйқымнан аман оянсам,

Аллаға айтам тәубәмді.


Жігерін қайрап қамсыздың,

Күдерін үзбей әлсіздің.

Болмашы жоқтан бар қылған,

Аллаға шүкір сансыз мың!

Аллаға тәубә сансыз мың!


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар