Бекбосынова Арайлым. Әңгімелер
Арайлым Бекбосынова «Ләйлімді сағындым» және «Ажыраспаса екен..» атты әңгімесі.
Арайлым Бекбосынова жазушылықты бала күнінен жанына серік еткен. «Ерке қыз», «Абай ғибраты» кітаптарының авторы. Негізгі мамандығы мұғалім болғандықтан Арайлымның әңгімелері балалық шақтың балауса кездерін еске түсіреді. Бала тәрбиесіндегі ұлттық дүниетаным, ұлттық құндылық мәселелері «Барби», «Құрақ көрпе», «Бауыр басу», «Қара қазанның қақпағы», «Ақ бантик» әңгімелерінде нәзік көрініс табады. Бұл жолы да қос бірдей әңгімесін жариялап отырмыз.
Ләйлімді сағындым
«Түсіпбайдың сүткенжесі Түркістаннан келін әкеліпті» деген қуанышты хабарды естігенде бүкіл ауыл елең ете түстік.
- Әке-шешеден ерте қалған тұл жетім екен, аға-жеңгесі жеткізіпті. Бойжеткен соң рұқсатын беріп қоя беріпті, - деп неше күннен бері қазан ошақтың қожайыны болып жүрген қара қатпа кесек әйел соғып отыр. Бауырсағын ары-бері сапырып, арасында жүз грамын ұрттап жалап алған көршіміз Алтын апай:
- Жоға, балалар үйінде өскен десе-ді, артынан іздеп келер ешкімі жоқ екен. Қалада үйсіз-күйсіз жүрген жерінен мына біздің қайны ауылға алып келіпті, - деп бір шықты.
- Әй, өзі тым ажарлы екен, үріп ауызға салғандай.
- Аққудың көгілдіріндей сұлуды қолына қондырған біздің бала бақытты,- деп ошақ басындағылар тамсанған сайын, ақ келіннің ажарлы келбетін көргіміз келіп ынтығып барамыз.
- Палаткада өтетін той төріне шығу - бізге арман. Беташарды тиіп-қашып сығалап көргеніміз болмаса, ешкім бізді арнайы шақырып той төріне отырғызбаған. Қай үйде той болса, көрші-қолаңның бүкіл баласы сол үйдің ауласынан табыламыз. Сылтауымыз – шешеміз. Таңнан кешке дейін білекті сыбанып шешелеріміз келін түсірген үйде жүреді. Олардың күні бойы сонда болғаны бізге жақсы. Малды қораға кіргізіп жайлап болған соң, әлденені сылтауратып сол үйге қарай тартамыз. Аш болмасақ та, тойлы үйдің қазанын бір жалағымыз кеп тұрады. Палатканы жағалай аңдысатын балалар қолына түскенімен бірі бөліссе, екіншісі ала қашады. Сондағы жейтініміз - алма, өрік, вафли, қант. Кәмпит пен торттың тапшы кезі. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдардың той дастарханы аста төк бола қоймады. Көл-көсір той жасауға қалта көтермейді. Әркім көрпесіне қарай көсіліп, шама-шарқына қарайтын заман. Тойдың қазынасы сонда ма кім білсін. Әйтеуір біз үшін сол тойдың қызығы керемет еді, дәмі де таңдайыңнан кетпейтін. Дәу қара құлыптың кілті қолына түскен әйелдерден асқан қатал адам жоқ. Ол – қант-кәмпит, арақ-шарап сақтайтын қойманың кілті. Ол кілтке ие болудың өзі үлкен мәртебе. Мінезі шатақ, оңайшылыққа көне қоймайтын, шаш ал десе, бас алатын адуын келіндерге қойма кілтін ұстау бақыты бұйырған сәтте-ақ өзгеріп сала береді. Қора сыртындағы қонақтарды күтіп жүрген шабарман жігіттер қоймашы жеңгейлердің тілін қалай тауып, бір-екі бөтелкені қойындарына сүңгітіп жіберсем екен деп айлаға басады.
- Қазан-ошақ басында бауырсақ тоқашпен бірге алып-қашпа сөзді ары-бері есіп жүрген әйелдердің қаңқу сөзі шындыққа жақын болып шықты. Таңертең өріске мал айдап бара жатып, Түсіпбайдың үйіне көзімді салып өттім, үйдің артындағы арықта кеше түскен келіні ыдыс жуып отыр екен. Беташарда алакөлеңкеден байқамаппыз, шынымен де өңі аппақ, көзі қарақаттай, шие ерін, нағыз келбетті арудың дәл өзі екен. Күнге жарылып күйіп кеткен қарақошқыл жүзімнен ыңғайсызданып, жақындауға ұялып, алыстан амандастым.
- Ләйлім жан-жағына еркелей қарайтын, үні сыңғырлап тұратын, еліктің лағындай ерке келін болып шыға келді. Гитарамен ән айтатыны бәрімізге таңсық. Кешкілікте шаңқаққыштың үстіне жігіті екеуі отырып алып ән шырқағанда бәріміз гүлге қонған арадай үйіріліп аламыз. «Қатындар айтса, қалт айтпайды» деген рас екен, Ләйлімді іздеп келер төркіні болмады. Артынан іздеп келер бір туысының жоқтығына мойымайтын сынды. Қай қашан барсаң, езуінен күлкі үйіріліп, адамның іші бауырына кіріп тұрады. Қолынан бал тамған аспаз.
- Түсіпбайдың олақ қатынына, Құдай берді келінді. Үйі жылан жалағандай, тәтті-дәмдіні қолмен пісіріп, дастарханды толтырып қойыпты,- деп анам Түсіпбайдың үйіне бестің шайын ішуге барғанда мақтап келеді. Ләйлімнің қолынан шыққан тәттілердің дәмін біз де талай таттық. Ләйлімнің тоқымашылық өнері бар екен. Қыс түскенде шешем ангор жүнді қоңыр түске бояп, Ләйлімге кеудеше тоқып бер деп апарып бергені мұң екен екі-ақ күннің ішіне оймақтай қылып кеудеше тоқып берді. Ақ жейдемнің сыртынан киіп барып, сыныптастарыма бір мақтанғаным бар.
- Көктем шығып, жер аяғы кеңіген сәуірдің ортасында Ләйліммен күйеуі екеуі Семейге жұмыс жасаймыз деп кетіп қалды. Ләйлім кеткенде ауылдың жарығы сөніп қалғандай болып жүрдік. Қыс бойы үйіне барып, гитара тартуды үйреніп алғаным бақ болыпты, Ләйлімнің әндерін аулада енді өзім салып жүрмін. Оңтүстік өңірден болғандықтан Ләйлімнің сөз саптауы мен мәнерін қызық көретінбіз. Біз бұрын соңды естімеген сөздерді қолданатын, оның мағынасын сұрап біз есін шығарамыз. Біздің «стәйке», «клет» «шөміш» «сіріңке» «сарымсақ» «қауын» деген сөздеріміздің мағынасын түсінбей қалғанда торға түскен қояндай екі көзі жаутаң-жаутаң ете қалатыны тым тартымды еді. Осы ауылда таң бозынан тұрып, аула сыпырып, ата-енесіне сәлем салатын жалғыз келін – Ләйлім. Кеш батса Түсіпбайдың ауласына барғымыз келіп әлдене тартып тұрады. Бұл ауылдың бар қызығы Түсіпбайдың ауласында сияқты болып көрінеді. Ол үйде жарық сәуле бар еді. Қаланың сүп-сүйкімді аруын қолына қондырған Түсіпбайдың сүткенжесінің бақытына қызыға қараймыз. Ән айтамыз. «Бауыржан шоу» «Тамаша» театрынан көрген әзілдерге пародия жасаймыз. Аздап пародиялық өнерім бар. Мен пародия жасаған сайын Ләйлім жас балаша ішін басып сықылықтай күлгені өзіне тым жарасымды.
- Ләйлім бізге қазақы келін болудың үлгісін көрсетті. Келін болып түскен күннен-ақ ата-енесіне сәлем салды. Біздің ауылға келіннің салған сәлемі - жаңалық. Үйдегі қайын аға, қайын сіңлілерінің бәріне ат қойып алды. Түсіпбайдың әулетіне үш қайнасам да сорпам қосылмайтын маған «әртіс бала» дейді.
- Ләйлімді бес жыл өткен соң қалаға келгенде көрдім. Алғаш келін болып түскен жылдардағы ажары мен жанып тұратын жанарының ешбір таңбасы қалмапты. Жан-жағына еркелей тілдесетін жұмсақ үніне қатаңдық еніпті. Аққұба жүзіне қара теңбіл дақтар жол салыпты. Сыңғырлай күле жөнелгенде маржандай аппақ тістеріне қызыға қарайтынмын, екі тістің орны үңірейіп тұр. Ләйлім қатты өзгерген. Менің балалық шағымдағы сұлулық пен нәзіктіктің бейнесін тұрмыс билеп кетіпті. Жанарына мұңның ұя салғанына аз уақыт болмағанын сынық жүзі жасыра алмады. Тұрмыстың тапшылығы жап-жас келінді қажытып жібергені айдан анық.
Түсіпбайдың сүткенжесі қалаға келгелі бері ащы суға үйірсек болып алыпты. Ауылдан қалаға мал табамыз деп кеткен екі жастың арманы пәтерден пәтерге көшумен ғана шектеліпті. Пәтерлетіп жүрген кезеңде Ләйлім балпанақтай екі ұлды өмірге әкеліп үлгерген.
- Ауылға қайтайық, балаларымыз кішкентай уақытына мал өсіріп, қор жинап алайық,- деп жалынып жалбарынса, күйеуінің қайтқысы жоқ екен.
Қаланың қатігез тіршілігі кімді аясын. Әр пәтерді жалдап, күнелткен қазақтың күні қараң. Ішсе асқа, кисе киімге жарымаған әйелдің қабағы қайдан жадырасын.
Ағамның ұлының сүндет тойына арналған дастархан басында Ләйлімнің гитарамен ән салғанын елеңдеп күттім. Ләйлім ән салмады. Бұрынғыдай әзілдесіп, ауылдың қызығын еске алып тілдесерміз деп едім. Ләйлім мен сияқты көрші қайнысының болғанын ұмытып кеткен сияқты. Араққа сылқия тойып алған күйеуін сүйрелеп, екі баласын жетектеп үйіне қайтты.
Жас кезіндегі ерке аңғал Ләйлімді сағындым. Бала мұртым тебінеп келе жатқан бозбала шағымдағы ақ келін Ләйлімнің аңғал бейнесін тұрмыстың тапшылығы жұтып алыпты.
Ләйлімді сағындым...
Ажыраспаса екен..
«Бірде көл, бірде шөл» деген мінез сипаты дәл менің осы жеңгеме арналған. Көркем жеңгем көңілденсе үйге шуақ тарап, көктем гүліндей құлпыра жөнеледі. Әсіресе, сабақтан қарының шұрылдап келгенде, ас үйде ыңылдап, иісі мұрынды жаратын дәмді тағамды балбыратып алдыңа әкеп төсегенде қос бетінен шөп-шөп етіп сүйіп алғың келеді. «Қайын ененің топрағынан» тура анам сияқты тамаққа бапты. Жеңгемнің әншілігі жайлы көп туыстар біле бермейді. Көңілденген күні небір әндерді шырқыратып салғанын көрсеңіз ғой, құлағыңыздың құрышы қанады. Той-томалақта, қонақта дастарханның сәнін келтіріп әуелетіп ән салғанын көрген емеспін.
- Ой, жеңге, сізге әнші болу керек қой, - дейтінмін сыңғырлаған үніне қызығып.
- Ойбу, бізге әншілік қайда? Уақытымыз өтіп кетті ғой - деп күрсінетін.
Жеңгемнің мен жақсы көретін бір қасиеті - өте талғампаз. Базарға барған күні ол кісіден асқан кең пейіл жанды таба алмайсың. Балаша қуанып әкелген заттарын жайып, бірінен соң бірін маған көрсетеді. Алған киімдерін кезек-кезек киіп, айна алдында тамсанып біразға дейін жүреді. Үнемшілдігі сонша, киімнің бәрін жеңілдікпен іздеп жүріп тауып алатын. Сонысын ағама:
- Көрдің бе, пәленбай мыңның киімін 50% жеңілдікпен алдым, - деп мақтанып тұрып жеткізетін.
Жеңгемнің үй ішінде қалыптасытырып алған өз қағидалары бар. Бұл үйде кешке жақын қоқыс шығаруға болмайды. Түнге қарай пакеттерді буып-түйіп жеңгем босағаға дайындап қояды. Таңертең іле кетуің керек. Қара басып тарс есіңнен шығып кетсең, оңбай таяқ жейсің:
- Табан астындағы қоқысты ала кетсеңдер, қолдарың сынып қала ма? Әлде соқырсыңдар ма? - деп жеңгем бәрімізді сыбап алады.
Таңертең ағам маған сеніп, мен ініме сілтеп қоқысты алмай кеткен күні, күніміз қараң. Күні бойы босағада телміріп тұрған қоқыс көзіне күйік болған сайын жеңгем бізді қуырады. Тап қазір жүгіріп барып апарып төгейін десең, қас қарайып кетті жаман ырым деп оған рұқсат етпейді. Кешке жақын қоқыс төгуге болмайды деген заңдылықты бұзғызбайды. Одан кейін тағы бір ереже суды отырып ішу керек. Үйдегілерге тікесінен тік тұрып су ішуге рұқсат жоқ. Оны маған да үйретіп қойды. Кейіннен білдім отырып су ішу сүннет екен ғой. Оның денсаулыққа пайдасы ұшан теңіз. Бұл үйдің балалары кетіп бара жатсаң міндетті түрде «жолың болсын, сәттілік» деп шығарып салады. «Жақсы сөз - жан жылуы» деген расымен көңілің жібіп, қуанып шығасың үйден.
Анда-санда жеңгемнің құшнаштық қасиеті оянып кете ме, үйді аршалап алатыны бар. Үйдегі кішкентайлар тұмауратып қалса да суға сүрелер оқып, дем салып емдеп алады. Жұма күні моншаға баруға үзілді-кесілді қарсы. Осындай бір қатып қалған қағидаларының шеңберінен өзі де отбасы да шықпайды. Алғашқыда бұл үйдің заңдылығы мен тәртібіне бірден бой үйретіп кетуге біраз уақыт керек болды. Бірақ жеңгемнің қатты қонақжайлығы басым десем қателескенім. Есігі айқара ашық, кіресілі-шығасылы кісі аяғы үзілмейтін әйелдердің қатарынан емес. Дүниеқұмарлығы жоқ. Басқа жеңгелерім сияқты жихаз ауыстырып, перде мен кілемді жаңалап жүргенінен бейхабармын.
Жеңгемнің ашуы шай орамалы кепкенше кете қоймайтынын сан рет байқадым. Тыныш жатқан жыланның құйрығын абайсызда басып алмайық деп ағам сақ жүреді. Не үшін тұлан түтіп, ашуға долданатынын талайға дейін түсінбейтінмін. Даудың басы Дайрабайдың көк сиырынан емес, даудың басы кредиттен басталатынын екенін бүгін ұқтым. Сіркесі су көтермей жүрген жеңгемнің қас қабағын күні бойы бақтым. Қабағы түнеріп шай құйып отырған жеңгемнің жүзіне ұрлана қарап қоямын. Кешкі ас үн-түнсіз ішілді. Шуақты күннің райы жайдарлы жүзіне рең беріп тұратын жаз жайлауының орнын күңгірт күз басқандай жеңгемннің қаһарлы бейнесінен сақтанып, ағам мысықша басып бөлмесіне кіріп кетті.
Күбір-күбір сөздерінің соңы ащы айғайға ұласты.
Күні бойы банктің коллекторлары әбден мазамды алды.
Мен білмейтін бұл қандай қарыз?
Жеңгем көкке бір ыршып, жерге бір түсіп ашуға басты. Мен екі баламен үнсіз теледидар көріп отырмын. Көзім теледидарда болғанымен бар зейінім арғы бөлмеде.
Алаңдамашы, мен өзім бәрін шешемін.
Ағамның бұл жауабына сене қалатын менің жеңгем емес.
Қалай, қашан шешесің? Әуелі сен маған айтшы, бұл қайдан келген қарыз?
Уайымдамашы деймін. Өзім бәрін жабамын. Уәде беремін саған.
Ренжіме, мен саған сенбеймін. Өтірік уәдеңнен шаршадым мен. Ертең келіп, мына үйді тартып алса, далада қаламыз.
Жеңгемнің өксіп жылағанын естіп, аяп кеттім. Туған ағамды іштей сөге бастадым. Не үшін кім үшін алғанын ашық айтпай ма? Адамды қарадай күйдіре бермей.
- Айналайын-ау, он жыл болды ғой біздің қарыздан бас ала алмай келе жатқанымызға. Үйіміздің сұқыты мынау: он екі жерде бір нұсқасы жоқ. Не малынып жайқалып киініп те жүрген жоқпын. Ел-жұрт сияқты шетелге барып көрмедік. Тапқан таянғанымыз осы үйдің тамағы мен қарызынан аспайды.
- Қойш-ей сен! Сенде қанағат жоқ. Тойымсыз қатын екенсің өзің. Бұйырғанын әкеп жатырмын ғой. Енді маған не қыл дейсің?
- Сен маған тапқаныңды бұлдама! Тапсаң мен үшін емес ана екі балаң мен інің үшін табасың, білдің бе?!
- Табамын!
- Тап еркексің ғой. Күреп тап, киіндір ішкіз жегіз. Ал мен бала-шағамның аузынан бөліп жарып сенің қарызыңды қайтармаймын, ұқтың ба?
- Ей, сен миғұласың ба? Кіріспе дедім ғой саған өзім шешем бұл проблеманы. Сенен ешкім ақша сұрап тұрғам жоқ.
- Кірісем, еще как кірісем! Білемін ғой қалай шешетініңді? Айт маған кімге әпердің кредит?
- Онда сенің не шатағың бар?
Жатын бөлмеден ағам атып шықты. Түрі өрт сөндіргендей. Шошынған үш жасар інім шар ете түсті. Сыртқы есік гүрс етті. Жалма-жан жүгіріп балконға шығып, мойнымды созамын машинасына отырмаса екен деп алаңмын. Ағам ашулы күйімен рөлге отырды да тұра жөнелді.
«Я, Алла өзің, сақтай гөр!» деп сыйына бастадым. Жанашырым жан туысым, ағатайым ғой. Аман болса екен? деп түні бойы күбірлеп шықтым. Екі кішкентай сол күйі менің қойныма жатты. Жеңгем қыбыр етіп, бөлмесінен шықпады. Таразының екі басы да ыстық. Бір жағында ақ көңіл, аңқылдақ жеңгем, бір жағында туған ағатайым. Екеуін де жамандыққа қимаймын. Қысқа жіп күрмеуге келмейтін қу дүние ай десеңші. Жеңгемнің де сөзінің жаны бар. Ақшаны бейпіл қалай болса шашатын, артық тиын шығармайтыны енді шындық. Оны мойындаймын. Қателік ағамнан. Бір жақсы қасиеті - ағам ішімдік атаулыдан ада. Қызып алып отбасының шырқын бұзып, жұдырық ала жөнеліп мұрнын бұзған жат қылығын көрмедім. Ол - маған үлгі. Таңға жуық әйтеуір ағамның кілтпен есікті тықырлатып жатқанын естіп, «Я, Құдай шүкір» деп жатып, ұйықтап кетіппін.
Ауылға қайтатыным есіме түсіп, бір екі сағаттық шала ұйқымен жолға дайындалдым. Үйдің іші жойқын соғыстан кейін күйреп қалған дала сияқты құлазып тұр. Бәріміз тілімізді жұтып қойған сияқтымыз. Ләм деп тіл қатса, дүние бүлініп кетердей ағам мен жеңгем де үнсіз. Таңғы асын ішпестен ағам жұмысына кетті. Жеңгемнің ашуы тарқамағаны ісінген қабағымен көнектей бетінен айқын білініп тұр. Екі бала біреуден таяқ жегендей үрпиісіп үнсіз ойнап отыр. Мамаларына жаутаңдап қояды. Осындай да ана болады екен-ау баласына бір еміренбейді. Қатулы қабағымен жеңгем қоңыр шабаданына өзінің балаларының заттарын жинай бастады. Ауылға аттанғалы тұрған менімен бірге қоржын-қолаңын жинап жеңгем де шықты. Такси келіп тұр екен.
Жеңгей, қайда барасыз? - деуге дәтім бармайды.
Әдетте ауылға деп бір сөмке сарқыт салып, қоржынымды толтырушы еді. Сарқыты құрысыншы жеңгемнің кеткені жаман батты.
Әке шешеме барамын деген қуанышым сары уайым көңілінің көлеңкесіне сіңіп, аппақ қырауға мүлгіген ағаштарды көзіммен санай ұзақ жолға тарттым. Ұзақ жолда қалың ойға қамалдым. Ағам неге соншама қарызға батты екен? Екеуі шынымен де ажырасып кете ме? Құлыншақтай томпаңдап құлдыраңдап жүрген екі інім керемет тәтті. Мені «көке» дейді, әбден бауыр басып қалдым. Қимаймын, сағынамын ғой. Жоқтан бар жасап жүрген жеңгемнің не айыбы бар? Кешегі сөздерінің жаны бар. Бас екеу болмай, мал екеу болмастың үлгісі деп менің пысық жеңгемді көрсетуге болады. Студент жағдайыммен қарызын жауып берсем бе екен, қалай? «Бір сөмке ақша тауып алсам ғой» ағамның қарызын жауып, екеуіне бір пайдамды тигізер едім. Ех, шіркін, ой жүйріктің шегі бар ма? Екеуі ажырап кетпей тұрғанда ауылға жеткен соң, әкеме оңашада жағдайды жеткізейін деп шештім.
Дәл сол сәтте ағам:
Біздің проблеманы үйдегілерге айтушы болма! - деп хабарлама жазып жіберіпті.
Жай...
Көп пе қарызың?
Шаруаң болмасын...
Қалай жабасың қарызды?
Өз мәселем өзім шешем.
Әкеме айтайын, малдарды сатайық.
Айтушы болма, өсек тасыма, ұқтың ба?
Аға, не үшін қарыз алдың?
Өзімді екі оттың ортасында қалғандай сезіндім. Ағам мен үшін жігттің төресі. Ақ көңіл кез-келген ортада өзін емін-еркін ұстай алатын сымбатты салмақты білімді жігіт бар ма десе, мен ойланбастан менің ағам дер едім. Еңбекқорлығы да өз алдына бір төбе. Үйде екі ұлмыз. Кішкене күнімізден бізді әкем қара жұмыспен шынықтырып өсірді. Сол еңбекққор ағамды қай түлен келіп түртіп, қарызға батқанын кім білсін? Қу қарыздың кесірінен шаңырағы шайқалайын деп тұрғанда мен қалай қол қусырып отыра аламын? Бала болып байқамадым ба, әке шешем бізге біліртпеді ме, үйдегі бір айқай шумен ұрсыстың шетін естімеппін. Жеті сағаттық жолда түрлі жорамалар мен ойлардың жетегінде келе жатып, ауылға қалай жеткенімді сезбей қалдым.
Үйіме келіп, әке-шешемді, достарымды көріп мауқымды басып қуанып шаттансам да көңілім қала жақта, аракідік жүрегім сыздап кетеді.
Не боп жатыр екен әлгілер? Жеңгем үйге қайтты ма? Бауырларым мені сағынып жүрген шығар?
Мамам:
Аға-жеңгеңнің қалы қалай?- десе ай жарықта ұрлық жасаған адамдай міңгірлеймін де қаламын.
Ләм демедім, ертең әңгіменің шеті шықса мен өсекші атанғалы тұрмын. Бір шетінен әкеме айтып ағамның сыбағасын бергізгім де келеді.
Өзімді осыншалықты уайымшыл болармын деп есептемеппін. Миымның бір бөлігіне тікенектей қадалып тұрып алғандай. Үйленгеннен кейінгі өзімнің болашағымды елестеттім. Мен қандай күйеу болады екенмін. Ағамның қателігін жасамауым керек. Ол үшін көп ақша табуым керек. Ақша көп болса, үйдегі мәселе мен ыдыс аяқ сылдыры азаяды. Жеңгемнің ашуы қайтты ма екен, үйге келді ме екен, екі бауырым не істеп жүр екен? «Үйлену оңай, үй болу қиын» деген осы екен ғой деп топшылаймын.
Екі апталық қысқы демалысым екі күндей зыр етіп өте шықты. Анам екі сөмке мен екі жәшікті тыңқитып толтырып, қалаға аттандырды. Жаттанды ақылын тізбектей бастады:
«Ағаңның ақылын тыңда, жеңгеңді ренжітіп алма. Көзің соқыр, тілің мылқау болсын, ол үйдегі көргенің мен естігеніңді ешкімге тіс жарып айтушы болма» деген кезекті ақылдарын мен ежелден жаттап алғанмын. Сонда да анама көңіл бөліп:
Иә, мам, алаңдамаңыз, - деп белгі беремін. Біздің ауылда байланыс нашар ұстайтындықтан қаладағылармен сирек хабарласады.
Жүрексініп, алаң көңілмен баспалдақпен көтеріліп келемін. Жеңгем қайтты ма екен? Үйде кім бар екен? Мен кеткендегі астан-кестен үйдің іші өзгерді ме? Құлазыған үйдің ішіне арай кірді ме екен?
Есіктің қоңырауын басқаным сол еді, ар жағынан «Қазір, қазір» деген жеңгемнің жарқылаған даусы естілді.
«Шүкір, Аллаға, оралыпты ғой» дедім.
Босағадан аттаған мені, жеңгемнің жылы қабағы мен ас үйден бұрқыраған сүрі жылқының иісі қарсы алды.
Құнжыңдап ауылдан әкелген сарқытымды кіргізіп жатқанымда ағам да шықты арғы бөлмеден.
Өй, бауырым, ауылды көшіріп әкелгеннен саумысың, өзі,- деген әзілімен қарсы алды.
Сол сәтте екеуін бас салып құшақтай алдым да, еркек басыммен ұялмай көз жасыма ерік бердім, екі апта бойы қыстығып ішімдегі сары уайымның шығуына ерік бердім.
Енді екеуің ешқашан ажырамаңдаршы дедім....
Арайлым Бекбосынова, жазушы, педагог.
