Махаббаттың да адамның өмірі секілді,
өзінің даму заңдары, өзінің өмір жасы болады.
Оның да құлпырған көктемі, жалынды жазы,
ақырында: қай біреулер үшін шуақты, нұрлы да
жемісті, екінші біреулер үшін сұп-суық,
шірік те жұтаң күзі болады.
(В. Г. Белинский)
Гүлсара Темірбекпен ойламаған жерден танысты. Сол күнгі кездесу қыздың өмірін мүлдем өзгертіп жіберді. Үйдің қоңырауы шылдырағанда есікті ашуға барған. Арғы жақтан сыпайы сәлемдесіп, жүзі жылы екі адам кіріп келе жатты. Туысқан ағасы әлгінде ғана: «Қазір үйге бір жігіт пен қарындасы келеді. Өте жақсы тәрбие көрген отбасының балалары. Бізге де бөтен болмайды» деп ескерткен.
Жұрт мақтаған жігітті қыз жақтаған. Расында да туыстары мақтауын асырған жігіт көрікті, ақылды. Үйдегілермен жылышыраймен амандасып, қарындасы мен өзінің киімдерін іліп, ас үйдің төріне озды. Отты көздерінде бір сүйкімділік бар. Үй иесі таныстырып, жастар еркін отырсын деп ас бөлмеден шығып кетті.
- Гүлсара, сізбен танысқаныма өте қуаныштымын!
- Мен де қуаныштымын! - Қыздың дауысы дірілдеп шықты.
- Сіз де студентсіз бе? – деп жігіт әңгімеге тартты.
- Иә. Филология факультетінде оқимын.
- Болашақ әдебиетші екенсіз ғой.
- Иә, солай.
Дастархан басында отырғанда Темірбек екеуінің көздері шарпысып қалды. Қыз қатты қысылып, жігіт жеңіл жымиды. Сол бір сәт Гүлсараның жүрегінде алып жанартау оянған еді.. «О, Жасаған! Маған не болды? Өне-бойым өртеніп бара жатқаны несі. Өмір бойы зарыға күткен адамымды кездестіргендей аласұрған жанымды түсіне алар емеспін». Өз ойымен өзі арпалысып не болғанын түсіне алмай, жаңа ғана танысқан жігітке қайта-қайта қарай берді.
Темірбектің қарындасына ерекше қамқор болып жүргені бірден байқалады. Студенттік шақтың қиыншылығы көп. Әсіресе ауылдың балалары бауырмал келеді. Бір көргеннен-ақ бір-біріне мейірім, бауырмалдық танытқан ағасы мен қарындасына ризашылық көңілмен сүйсіне қарады.
***
Арада көп күндер өтті.
Гүлсара құрбысымен қаладағы қазақ драма театрындағы жаңа қойылымға барған. Г. Гориннің «Атың шықпаса...» пьесасының тұсаукесері. Қойылым басталар алдында дәлізбен келе жатып Темірбекті көрді. Үстіне әдемі кәстөм-шалбар, ақ көйлек киіп алыпты. Көңіл-күйі де керемет. Гүлсараны көргеніне қуанып, шөп еткізіп бетінен сүйді. Мұндайды күтпеген қыздың екі құлағы дуылдап кетті. Тілі байланып қалды. Жігітке деген ынтықтығы ұлғая берді. Жанындағы құрбысын таныстыруды ұмытты. Соны сезген Темірбек Ақжүніске оң қолын созып, аты-жөнін айтты. Бұл сәтте Гүлсараның жүрегінде табиғат гүл-гүл жайнап, бояулары мың құбылып жатқан еді.
Көрермендер залында Темірбек көп кісімен амандасты. Мәдени ортада сыйлы екені көрініп тұр. Қойылым өте сәтті шығыпты. Адам жанының қатпарларына үңілесің. Автордың жан құпиясын табуға деген құлшынысын көресің. Расында кей адамдар атын шығаруға бар ерік-жігерін жұмсайды. Атақққұмарлық пен ақымақтық айрылмас достар деген түйін жасалады. Шығарма керемет әсер сыйлады. Көрермендер тік тұрып, ұзақ қол соғып, әртістерге құрмет көрсетті. Темірбек театрдың бас суретшісіне гүл шоқтарын табыс етті.
Сол күнгі қаңтардың кеші әдеттегіден әсем еді. Жапалақтап қар жауып тұрған. Жер-дүние аппақ. Темірбек пен Гүлсара көшелерді бойлап ұзақ жүрді. Әңгімелері бірден жарасым тапты. Театрдан алған әсерлерімен бөлісті. Бір-бірінің сөзін мұқият тыңдады. Жігіттің айтқан әдемі әзілдері қыздың жанын одан әрі жадыратты. Гүлсараның еркелегісі келді. Бірақ әдеп сақтады. Арасында өзінің сезімін білдірмек болып, Темірбектің иығына түскен ұлпа қарды қолғабымен түсірді. Қыздың жүрегіндегі сүйіспеншілік жігіттің иығына, үстіне аппақ қар түйіршіктері болып жауып жатқандай көрінді.
***
Гүлсараның мінез-құлығы тез өзгерді. Сабаққа деген ынтасы азайып, үйде де, түзде де жан баласымен тілдеспейтін әдет тапты. Темірбекке деген ынтықтығын қалай жеткізерін білмеді. Өне-бойын ғашықтық дерті жаулап, қалың ойдың құшағында күн кешті. Көптен хабар-ошарсыз кеткен құрбысын іздеп келген Раушан аңтарылып тұрып қалды. Бозарған түрінен бір нәрсенің болғанын сезді. Гүлсараның қос жанарынан жалындаған сезім отын көрді. Көп ойланған жоқ. Мұндайда қарекет қылудан басқа не амал бар. Құрбысының көңілін көтеретін әдетімен көмек беретінін айтып қалды. Оның әпкесі Темірбекпен жиі көрісіп жүретін әріптестер екен.
- Гүлсара, сен мұңаймашы! Әпкем арқылы сенің жүрегіңнің лүпілін толық жеткіземін! Тек, сабырмен күтейікші! – деді жұбатып.
- Мен ол жігітке сезімімді қалай жеткіземін? – деді Гүлсара шарасыздықтан жол таба алмай.
- Ол жағына басыңды ауыртып қайтесің, жаным-ау! Барлығын өзім реттеймін! Темірбекті бір күні үйге қонаққа шақырамыз. Сендердің оңашада сөйлесулеріңе барлық жағдайды жасаймыз. Сөйтіп жүрегіңнің «мәселесін» шешеміз!
Раушан өзінің жоспарының іске асырылатынына сенімділікпен қарап, сықылықтап күлді.
Гүлсара бұл сәтте «Мен саған өлердей ғашықпын! Сенсіз өмір сүргім келмейді! Менің жүрегім сен деп соғады» деген сөздерді ішінен қайталап тұрды.
***
Күндер зулап өте берді.
Көңілі алабұртып, таңды таңға ұрып ғашығын ойлады. Кездесетін күні кіршіксіз сезімін жайып салатын сәтті армандады. «Сабақты ине сәтімен» деген. Құрбысы екеуі Темірбекті қонаққа шақыруға дайындалып жүргенде ауылдағы туыстары хабарласты. Бір сіңлісінің қалаға оқуға келетінін естіді. Оқуға түсетін баланы дайындауды аға-апалары өзіне тапсырды. Үміт оты жылт етті. Темірбектің мұндайға бесаспап екенін, көмектесуге шақырудан бас тартпайтынын біледі. Темірді қызған кезінде соғу керек. Жүрегі құрғыр дүрсілдеп қоя берді.
Көп ұзамай уәделі күні Темірбек келді. Қолында бір қорап шоколады бар. Әп-әдемі киініп алыпты. Көрсетілген құрметке ризалығын білдірді. Гүлсараның сіңлісіне де кішігірім сыйлық әкеліпті.
- Ал, әуелі дастарханға отырайық! – деп Гүлсара жайнатып қойған дастарханына шақырды.
- Онда не қарап тұрмыз? Жайғасайық.
Кішігірім отырыс көңілді басталды. Көбіне Темірбек сөйледі. Мағжан Жұмабайдың өлеңдерін образға еніп, ерекше шабытпен оқыды. Өзінің де ақындығы бар. Гүлсара беріліп тыңдады. Жігіттің ауық-ауық қарағанын елемеген қалып танытты. Дастарханнан кейінгі сабаққа дайындық түннің бір уағына дейін созылды. Сіңлісі ұйқы қысып, есіней берген соң басқа бөлмеге барып жатты. Темірбек Гүлсараның туыстарының үйіндегі альбомды көріп, біраз отырды. Қона салыңыз деген ұсынысқа жақын жердегі бір досының үйіне баратынын айтып, бас тартты.
Қимай тұрғанын көздерімен сездірген қыз жігітпен ілесе шықты. Түнгі аспан мөп-мөлдір екен. Баяу ғана қар ұшқындап тұр. Екеуі тілдеспей біраз жер жүрді. Бір кезде Темірбек қыздың қолынан ұстап алып:
- Гүлсара, тоңып қалған шығарсыз? – деп сұрады.
- Аздап,- деді дірілдегенін жасыра алмай.,
- Онда неге дір-дір етіп тұрсың? – деп сізден сенге көшті. Жігіттің қолының жылуы өне-бойына тарап, демі тарыла бастағанын аңғарды. Темірбек бір оңаша жерге келгенде қатты құшақтап алып, ернінен сүйді. Мұндай «батылдықты» күтпеген қыздың буын-буыны босап, жігіттің құшағына кіріп бара жатты. Өзіне керегі осы еді ғой. Бірдеме деп тіл қатпақ болып еді, үні шықпады. «Сезімімді жеткіземін дегенің қайда? Енді не қарап тұрсың? Әй, бірақ сен байқа! Бұл өнерпаз, ақын жігіт. Сені алдап, біраз ермек қылып, кейін тастап кетеді. Тағы бір қызды тауып алып, өлең оқиды» деген жаман бір ой сумаң етіп, санасын сілкіндіріп жіберді. Сол сәтте Темірбекті кеудесінен итеріп, сытылып қашты. Алды-артына қарамай, үйіне қарай жүгірді. Неге бұлай істегенін өзі де түсінген жоқ.
Бұл оқиғадан кейін Темірбек жиі-жиі телефон шалып жүрді. Кездесуге шақырса сылтауратып: «Уақытым жоқ!» деп қашқақтайтын болды. Соңынан ғашық болған жігітін ойлап: «Шақырғанда неге бармадым екен. Қол ұстасып театрға барып, ана жолғыдай тағы сырласатын едік» деп қалың мұңға батады. Сөйтіп, өзінің аяулы сезіміне қарсы әрекет етіп жүрді. Сол қылығымен Темірбекті өзіне ынтықтырып, өз бағасын арттырғысы келді.
Бір күні аялдамада Мұратбекпен танысты. Қар аралас жауыннан кейін көшелер көкмұздан айнадай жарықырап жатқан. Автобус күтіп тұрған Гүлсара кенет аяғы тайып, мұрттай ұшты. Өзі бір жақта, сөмкесі бір жақты қалды. Көзін ашса, бір еңгезердей жігіт қолынан ұстап, үсті-басын қағып, сөмкесін ұсынып тұр.
- Қарындас байқамайсыз ба, мертігіп қала жаздадыңыз ғой! Бір жеріңіз ауырып тұрған жоқ па? – деді бейтаныс жігіт бәйек болып.
- Жо-жоқ, ешбір жерім ауырып тұрған жоқ, - деді аяғының ауырсынғанын білдірмей. – Рақмет, Сізге!
- Қаласаңыз үйіңізге дейін шығарып салайын,- деп жігіт қыздан көзін алмай.
- Әуре болмай-ақ қойыңыз. Өзім кете беремін.
Бірбеткей жігіт соңынан қалмады. Жолай екеуі жөн сұрасып, танысып үлгерді. Алғашқы әңгімесінен аңғарғаны, мамандығы құтқарушы. Өнер, әдебиеттен алыс адам. Темірбекпен салыстыруға келмейді. Өзі әрі батыл, әрі ұрда-жық. Үйіне дейін шығарып салып, мекен-жайын жазып алды.
***
Наурыз мейрамы жақындап қалған кез. Темірбек Гүлсараны өзі іздеп келіп, мерекелік кешке шақырды. Алдында ғана Мұратбек те достарымен таныстыруға ертіп баратын айтып, уәдесін алған. Енді не істемекші? Темірбекке «Жақсы, барайын. Сәл кешігіңкіреп келемін» деп өтірік айтты. Ал Мұратбек үйіне ертерек келіп, қызды өзімен бірге алып кетті. «Әй, қойшы сол Темірбекті. Мен ерікті адам емеспін бе? Мұратбектің достарын көріп, танысып қайтайын. Жай қыдырып, көңіл көтергенде тұрған не бар дейсің? Ақынжанды Темірбегім қызғануды білмейді. Мені басқа жігіттердің де би кештеріне шақырып, ғашық болып жүргенін көрсін». Гүлсара осылайша Темірбекті қинап, өзінің үстемдігін сездіргісі келген. Бірақ ол өзімшілдігі мен асқақтығының махаббатының түбіне жететінін білген жоқ еді.
Сол күнгі кеш көңілді өтті. Мұратбектің достары көпшіл, ұйымшыл екен. Ән мен би қатар өрілген отырыс жас қыздың уайымдарын ұмыттырып жіберді. Кештің қызығы қаланың орталығындағы саябақта жалғасты. Екі-екіден қол ұстасқан қыз-жігіттер «Армандастар» әнін қосыла шырқап келе жатты.
Бір дәуірдің мөлдіреген аспаны едік,
Бәріміз бір өмір жолын бастап едік...
Гүлсара әрілі-берілі ағылған жұрттың арасынан Темірбекті көрді. Аяғын еппен басып, досымен сөйлесіп келеді. Көңілсіз. Дауыстап жібере жаздады. Әуелі өз тобынан бөлініп, кешірім сұрағысы келген. Ол ойынан тез айныды. Мұратбектің қарулы қолынан сытылып шығу оңай емес. Оның үстіне жігіттер төбелессе, іс насырға шабатынын білді. Амалсыздан үнсіз артына қарайлап өте берді. Өзінің бақытынан осылай алыстап бара жатқанын жүрегі құрғыр сезіп тұрған еді. Ол махаббатын мәңгілікке жоғалтты. Темірбек сол жолғыдан кейін көрінбеді.
Арада бір-екі күн өтті. Бір жамандықты сезген Гүлсара Темірбекті жатақханасына іздеп барды. Вахтер әжей «Мен Темірбектің туысы едім. Бөлмесіне кіріп шығайыншы» дегеніне аң-таң болып қарап: «Ол мұнда тұрмайды. Екі күні бұрын бөлмесін тапсырып, кетіп қалған» деп жауап берді. Төбесінен жай түскендей болды. Үмітін үзбей, кіріп-шыққандардан сұрады. Жан баласы Темірбектің қайда кеткенін білмейтін болып шықты. Қайтар жолда қарсы ұшырасқан ер-азаматтардың бәрі оған Темірбек болып көрінді. Бір сәтте артынан: «Гүлсара!» деп айқайлайтындай елестеді. Темірбек бұл кезде басқа қаладағы жаңа өмірін бастап кеткен.
Төлен Тілеубай, жазушы, журналист.
