Самрат Құскенов. Анықталмай әйтеуір өз биігің

21

Самрат Құскенов. Анықталмай әйтеуір өз биігің - adebiportal.kz

Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, ақын, журналист, «Іңкәр жүрек», «Жала мен жаза» кітаптарының авторы Самрат Құскенов поэзиясы батыл азаматтық ұстанымымен, авторлық ой-пайымымен, қазіргі қоғам туралы көзқарастарымен ерекшеленеді. Оның поэзиясында бүгінгі өмірдегі қарама-қайшылықтар, түрлі мінез-құлықтар мен заманға сай үдерістер бейнеленген. Автор айналадағы құбылыстардың бәрін жанымен сезіп, өлең арқылы қорытынды шығарып, баға береді. Биыл 30 жасқа келіп, «Қызылжардың қияли еркесімін» атты жыр жинағын баспадан шығарған Самрат Құскеновтың топтама өлеңдерін оқырман назарына ұсынып отырмыз.


ЖАРАЛЫ ЖҮРЕК 

Мұхтар өтті дегенше, рух құлады десеңші,

Ерік-жігер құм болды, ұлт деп қайғы жесеңші.

 

Ғаламтормен жер жүзін хабар шарлап қаралы,

Назын жылап айтып тұр көңілдің кермаралы.

 

Алматыға сыймаған, жан-серік боп шабытқа,

Алып тұлға, өр мінез қалай сыймақ табытқа?

 

Руханияттың тартылды жырға толы Аралы,

Сырын аша алмаған ақын жүрек жаралы.

 

Шыншыл өлді дегенге фәни жалған шаттанар,

Жаратылыс иелері бақилыққа аттанар.

 

Тәнін көкке ұшырды қазақ деген қаһарман,

Жаны – жыр боп тербеліп, бағы артқан ақ арман.

 

Басына күн туған соң елім бүгін азалы,

Тірісінде сыйласа алмаған жұрт жазалы.

 

Қош бол, ақын! Артыңда халқың қалды бақұлдап,

Әр сөзіңді қолпаштап тұрмаса да мақұлдап.

 

Аңыз адам тарих боп өткен шаққа енесің,

Қазалының басында тастағандай кемесін.

 

Желтоқсан боп оралып, беттен сипап желіңмен,

Қаһарыңмен шын сөйлеп, қауышарсың еліңмен.

 

Наурыз болып қайтадан иіскеп тұрып маңдайдан,

Жүрекжарды тәтті өлең төктірерсің таңдайдан.

 

Ел есінде ұлт үшін тоқтамаған күресің,

Әдебиетте таусылмас қосып кеткен үлесің.

 

Өз-өзіңе ескерткіш орнатқансың ақыным,

Мұраң қалып, алыстап барасың ба, жақыным?

 

Рухтас едік, рухыңмен сырласатын боламыз,

Алтын адам – сен болсаң, біз – әншейін қоламыз!

 

Тұрам Құран бағыштап, қабіріңнің басында,

Қадіріңді түсініп, тұрмасам да қасыңда.

ЕСКІ ЖҰРТТА

Өзімізше, бедел қып қалалықты,

Менсінбейтін болғанбыз далалықты.

Бірақ, еске алғанда күрсінеміз,

Ескі жұртта қап қойған балалықты.

 

Ұлттық рухпен асқақтап дара үнім,

Ұйықтатпайды ой қаузап қара түнім.

Он алты көл толқыны тербеткенде

Сағым болып келеді бала күнім.

 

Сағынышпен ауырған сауларымыз,

Шежіреңмен бекінген бауларымыз.

Қазақ жері екенін растайтындар,

Бос жерге көз салғанда жауларымыз.

 

Құт, қасиет тұрған соң ер мойнында,

Не жатқанын білмейсің ел ойында.

Төмпешік деп қарама замандасым,

Естеліктер көмілген жер қойнында.

 

Киең, бағың сақтаулы есесіне,

Сәуле құйсаң көкірек кесесіне.

Ескіліктен арылмай жүрген ұлмын,

Аңсары ауып құрметті шешесіне.

 

Ана десем, жаныма нәр бересің,

Дана сөзден жырыма бал тересің.

Ескі жұртта қазық боп Құскен атам,

Есімімен аталған әр белесім.

 

Заманым-ай, жүрекке жара салған,

Шамаң жетсе, шындыққа қара жалған!

Жеті атамның аруағы жатқан жерден

Хан Тәңірі қашанда аласарған.

ЖАҢА ҚОНЫС

Жақын етіп даңқыммен қашықты да,

Жек көргізіп жіберем ғашықты да.

Анда-мында жүргенде көшіп-қонып,

Мекендедім жайлы деп лашықты да.

 

Пәтер жалдап жүргеннің халы қалай?

Арман-қиял жетелер әрі қарай.

Ауыстыра берген соң тұрағымды,

Өзім үшін үйлердің бәрі сарай.

 

Қажып бітті тар дүние қонышымды,

Жүргізбей-ақ қойды ғой оң ісімді.

Көрінгенге жәутеңдеп күн кешемін,

Қайта-қайта өзгертіп қонысымды.

 

Мұндай өмір, өмір ме? Әй, құрысын!

Салыстырған қоғамның бай, ұрысын.

Шабаданы жинаулы көшпендімін, 

Үй қылмадым қаланың қай бұрышын?

 

Жаңа қоныс аталып әр мекенім,

Танытамын бір Алла жар екенін.

Жарлы көңіл марқайып әлденеге,

Танытады өмірдің бал екенін.

 

Күн сәулесі бұлттардан сүзіледі,

Жапырақ-хат сырларын күз іледі.

Баспанасыз ғұмырым алаңдатар,

Соңғы демім қай үйде үзіледі?

 

Ашуланған адамнан сабыр қалар,

Тұрақсыздың артында табы қалар.

Орнатылып ескерткіш-тақталарың,

Кезікпейді бос қалған қабырғалар.

АҚЫН-ТАҒДЫР

Кімнің ақын болғысы келер дейсің?

Құдай өзі жазған соң елеңдейсің.

Кейде қиял көгінде шарықтайсың,

Кейде ойға көміліп, тереңдейсің.

 

Анықталмай әйтеуір өз биігің,

Қияндарға сап қойдың көз қиығын.

Жақсы өлең жазсаң – ол, қонған бағың,

Жаман өлең жазсаң – ол, өз күйігің.

 

Солай өмір өтеді күйінішпен,

Қараса да айналаң сүйінішпен.

Сыртың күліп, жадырап тұрғанымен,

Тіршілікте жылайсың, кейіп іштен.

 

Жаның ашып тұрады адамдарға,

Жырың нәрсіз көрініп надандарға.

Сыр жасырғың келмейді ешкімнен де,

Көңіл толмай басылған қадамдарға.

 

Сын сағатта қонатын жалаң атқа,

Айналасың ел үшін азаматқа.

Қанша жерден қиянат көрсең-дағы,

Қазағым деп қимайсың жаман атқа.

 

Руханияттан болған соң жинағаның,

Көресің де нарықтың қинағанын.

Соқыр тиын қалтаңда қалмаса да,

Қызық, жырдан өзіңді тыймағаның.

 

Елге азық болады тістегенің,

Жырларыңмен қоғамды түстегенің.

Еркелесең, артыңда ізің сайрап,

Айқын жұртқа сенің не істегенің.

 

Бала құсап өзіңді жиі алдайсың,

Талантыңмен ортаңа сыя алмайсың.

Өлеңдерің тұрған соң биіктетіп,

Армандайсың, ойлайсың, қиялдайсың.

 

Ақын-тағдыр осылай жазылады,

Айлар, күндер бұлақтай ағылады.

Бүгін құнсыз жырларың болашақта

Қазына боп архивтен қазылады.

ИТ ТҮЙСІГІ 

Қызық бір ой: адам тойса, уайым-қайғысы азаяды. Жатқанды, демалғанды ұнатып тұрады. Ал ит ше? Қарны тойса, атадан мирас болып келе жатқан өз міндеті – күзет міндеті есіне түсіп, мазасы кете бастайды. (Сафуан Шаймерденовтің «Ит ашуы» повесінен)

 

Иттік, иттік, сыймай тұр ақылыма,

Құлақ түрсек, қоғамның нақылына.

Адам өзі үрейін қолдан жасап,

Мойынсұнған «заманның ақырына».

 

Адам еркін өзі емес, заман алды,

Ми жоқ, қарым-қабілет тамамдалды.

Адамшылық жақсыға жапсырылып,

Не себепті ит атын жаман алды?

 

Әділдік пе? Дұрыстап ойласаңдар,

Бетсіздік қой, тағдырмен ойнасаңдар.

Зұлымдық та, қастық та адамдардан,

Тура қарап, шындыққа бойласаңдар.

 

Қызыл сөзбен жаныңды жаралайды.

Әр ізіңді ғайбаттап, саралайды.

Жақынының бетіне күле қарап,

Қаппаса да, тілімен қаралайды.

 

Қарын тойса, мән бермес өткеніне,

Күздің жүгін арта сап көктеміне.

Демалады жанына рахат тауып,

Айналдырып жалғанды өктеміне.

 

Ал, біз болсақ, ешкімді даттамадық,

Жұрттың ала жібінен аттамадық.

Алаяқ боп өтірік көлгірситін

Көптің баяндамасын жаттамадық.

 

Құт-береке табамыз киемізден,

Құн төлетпей қой, түйе, биемізден.

Адам құсап қолайлы жағдай тауып,

Қашан теріс айналдық иемізден?

 

Тыңдаңдаршы, өсектеп үретіндер,

Бір-бірінің мініне күлетіндер.

Қастандықты саналы түрде жасап,

Санасыздың күйімен жүретіндер.

 

Әттең, жаза алмаймыз хатымызды,

Мүмкіндік жоқ айтуға датымызды.

Тұрлаусыздық, малғұндық көрген кезде,

Былғамаңдар ит деген атымызды.

 

Өз-өзімді далада жанығанмын,

Қанағат деп үйшікте дамығанмын.

Үш күн тамақ бергенді есте сақтап,

Иістен он жыл өтсе де танығанмын.

 

Адам болса, бергенді ақтамайды,

Алса, мүлдем есінде сақтамайды.

Арамдықтан ісі алға баспаған соң

Бірін-бірі көре алмай, мақтамайды.

 

Қызық – мастық дәурені, тойлайтыны,

Көзге түспес, ақиқат бойлайтыны.

Пенделігін иттікке алмастырып,

Опасыздық, сатқындық – ойлайтыны.

 

Айтыңдаршы, біреуді қорладық па?

Жігітіңдей қызыңды зорладық па?

Зиян емес, тигізген пайдам еді,

Ақылы жоқ үшін біз сорладық па?

 

Сендер құсап, хат танып тумағанбыз,

Іш – лас, сыртты ысқылап жумағанбыз.

Жаласақ та, ол да өз табанымыз,

Не жесек те, боқ дүние қумағанбыз.

 

Үріп-үріп, арсылдап аттанамын,

Екі аяқты хайуаннан сақтанамын.

Болмысынан айнымай келе жатқан

Адалды ит десеңдер, шаттанамын.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan