Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі келе жатыр

ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» тақырыбына роман бәйгесін жариялады.

118

Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі келе жатыр - adebiportal.kz

Жақында ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі «Қала хикаялары» тақырыбын өзек еткен роман бәйгесін  жариялады. Байқау – қазіргі Қазақстан қалаларының тыныс-тіршілігін көркем шығармалар арқылы бейнелеуді, соның ішінде  қала мәдениеті, адам тағдыры, қоғамдағы өзгерістер, сондай-ақ ұлттық болмыс пен заманауи құндылықтардың сабақтастығы тақырыптарын көркем туындылар арқылы жеткізуді ұсынды. Жүлде қоры да қомақты. Алды (бас бәйге) – 100 мың АҚШ доллары. Соңғы мәренің өзі 30 мың АҚШ доллары. Қазақстан Республикасы тәуелсіздік алғаннан бергі қаламгер қауымына арналған ең жоғарғы көрсеткіш. Қаламақымен қабырғасын жаба алмай жүрген қаламгердің бәрі аң-таң, көзін жеңімен сүртіп, көзілдірігін бір алып, бір салып қайта-қайта оқып тамсанды, қуанды, желпінді. «Осынша қысқа уақытта қайдағы роман?» немесе «ақшаға бола жазған роман роман бола ма?» деген фәлсафашылар пікірі де төбе көрсетті. 

Өз басым қуандым. Жүлдені кім алса, ол алсын. Ең бастысы, алаш ұранды қара қазақтың қалам ұстаушыларына арналған үлкен үндеу, додалы бәйге. Дабырасы «Сағынайдың асы болады» деп бір жыл бұрын айтылған сауыннан кем емес. Ақаны да, Құлагері де, Батырашы да тақымын қысып, өз қарауылын, мәресін көздеуде. 

Онсызда жақынғы жылдары жауқазындай көктеп келе жатқан қазақ романшылары үшін алғанда бұл доданың сойы да, сойқаны да өзгеше. Жер кіндігін қуыратын тұяқты тұлпарға жол ашық. Қаламгер үшін: «жаз, жаз, және де жаз!» деген ұран. Алдыда, көмбеде – үйірімен үш тоғыз!

Қош, сөйтіп, осы ой бізді де бір қозғап өтті. Қазақ әдебиеті үшін – алтын қоңыраулы керуеннің сыңғыры жүректі оятты, тербетті. Қара қаламды сығымдап, ақ қағазға жосылдық. Содан осы мақала туды. 

Әр халықтың рухани тарихында оның әдебиетінің орны ерекше. Әдебиет – ұлттың жадын сақтайтын, оның арманын, мұңын, қуанышын және тарихи тағдырын жеткізетін үлкен күш. Қазақ әдебиеті де ғасырлар бойы қалыптасқан бай мұрасымен талай дәуірді бастан өткерді. Енді бүгінгі өзгермелі заманда қазақ әдебиетінің жаңа бір алтын дәуірі басталатын кезеңге дөп келіп отырмыз деуге негіз бар.

Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі тек өткен ғасырлармен шектелмейді. Рас, жыраулар кезеңі өз міндетін адалдықпен ада етті. Абай да өз қарызын артығымен өтеді. Келмеске кеткір дейтін Кеңес дәуірінің де әдебиетке бергені аз емес. Әр заманның өз үні, өз кейіпкері, өз шындығы бар. Бұрынғы әдебиет елдік, жерлік, тарихи тақырыптарды терең жырласа, қазіргі әдебиет адамның ішкі әлемін, қала өмірін, жаһандану дәуіріндегі ұлттық болмысты, жаңа әлеуметтік құбылыстарды зерттеуге бет бұрды.

Әдебиеттің көшіндегі М.Әуезов, Ғ.Мүсірепов, С.Мұқанов, Ә.Нұрпейісов, І.Есенберлин, М.Мағауин, Ә.Кекілбаев, Қ.Жұмәділов, Қ.Ысқақ, Ш.Мұртаза, Д.Исабеков, Ә.Тарази, К.Сегізбаев, С.Сматай, С.Елубай, т.б. бізге том-том роман арқалатты.

Одан кейін де қазақ прозасы қара жаяу болған жоқ. О.Бөкей, Т.Әбдік, Н.Қапалбек, Қ.Түменбай, А.Сүлейменов, Ж.Шаштай, Т.Әсемқұлов, Р.Отарбаев, Ә.Асқар, Т.Сәукетай, Қ.Түменбай, А.Алтай, Қ.Жиенбай, С.Досжан, З.Әбдеш, М.Әйімбетов,  Ж.Әлмашұлы,  Н.Ораз, Ж.Қорғасбек, Т.Әбдірайым, Т.Зәкенұлы, З.Жұманова, Д.Қуат,  Ә.Салықбай, С.Сыбанбай,...т.б. прозада алтын сақаларын әлінше үйіріп бақ сынады, айшықты сөз кестесін жасады.

Ал бүгінгі бәйгенің де, заман тынысының да, тақырып тақиясының да жөні бөлек.  Қазіргі қазақ қоғамы үлкен өзгерістер кезеңін бастан өткеруде. Қала мәдениеті қалыптасып келеді, жаңа буын өсіп келеді, адамның өмір салты мен дүниетанымы өзгеруде. Осындай кезеңдерде әдебиетке жаңа тақырыптарды арқалап жаңа буын келеді. Бұл да уақыт талабы, дәуір көрсеткіші, замана үкімі. Оні ешкім де тоса алмайды. Ешкім де одан бас тарта алмайды.

Алтын дәуірдің басты белгісі – жаңа есімдердің көптеп шығуы. Әдебиетке талантты жастар келіп жатыр. Олар жаңа жанрларды меңгеріп, әлемдік әдеби үрдістермен байланыс орнатуда. Заманауи роман, психологиялық проза, тарихи шығарма, фантастика, қалалық хикаялар сияқты бағыттар қазақ әдебиетінің мүмкіндігі де, тынысы да кең екендігін көрсетті.

Жай дүрмек емес, әдебиеттің алдында нар көтере алмас ауыр жүк тұр. Ұлттық құндылықтарды сақтай отырып, әлемдік деңгейге шығу, адамның күрделі тағдырын терең бейнелеу, уақыттың шындығын көркем тілмен кестелеу – қазіргі қаламгерлердің басты мақсаты болуы керек. Ұлы әдебиет тек өткенді қайталаудан емес, жаңа сұрақтарға жауап іздеуден туады.

Қазақ әдебиетінің болашақ алтын дәуірі, әрине, технологиямен, жаңа медиамен, әлемдік мәдени байланыстармен, озық өнегелермен де үндес, тыныстас. Аудитория да кең, кітап қана емес, аудиокітап, электронды басылым, кино мен театр, т.б. бағыт көп, мазмұн бай. Өсуге де, ғаламдық өреге көшуге де жол ашық. Тіпті біреуге біреу өкпелейтін заман емес.

Әрине, алтын дәуір өздігінен келмейді. Ол үшін жазушының талантымен бірге оқырманның сұранысы, қоғамның әдебиетке деген құрметі, қаламгерлерді барынша қолдау да маңызды. Әдеби орта неғұрлым дамыса, рухани кеңістік қаншалықты кең болса, соғұрлым соны шығармалар дүниеге келеді. Осы тұрғыдан алғанда сөзіміздің басындағы бәйге үшін желпінуіміздің өз мәні бар.

Жаңа дәуір иесі – жас буын болса, оның әдебиеттегі ақ толқыны – жаңа буын қаламгерлер. Көбі әлем әдебиетін оқып, жаңа көркемдік тәсілдерді меңгергендер. Мұнда ең негізгісі еліктеу емес, үлгі-өнеге қабылдай отырып, ұлттық болмысты сақтап, жалпыадамзаттық мәселелерді көтеру, өз қолтаңбасын таныту – хас шеберге тән белгі.

Қазақ өміріндегі қазіргі қала – қайнаған өмір бесігі. Тақырып табыла ма деп тақаршылық, кедейлік, өгейлік көрмейсің. Көрпеңді еркін көсілерлік, құлашыңды кеңге жаярлық «бит базардың» ішінде жүрсің. Миллиондаған адамның тағдыры тоғысқан мегаполистер, жаңа кәсіптер, өзгерген қарым-қатынас, жастардың арманы мен күдігі – бәрі де әдебиеттің тақырыбына айналуы қажет. Тарихи сананы жаңғыртатын, жаңартатын заманауи романдар, психологиялық шығармалар – қазақ прозасының жаңа бағдар шамы болуы тиіс.

Алтын дәуір демекші, соңғы жылдардағы проза тебіні тентек. Кейінгі жылдары жарық көрген жаңа романдардың өзін оқып үлгермейсің.

Жаңаша ізденіс бағытындағы – Роза Мұқанованың адам тағдыры мен рухани әлеміне үңілген әдеби шығармалары, көркемдік ізденістегі өзгеше қолтаңбасы бар Айгүл Кемелбаева туындылары, философиялық, интеллектуалдық проза бағытындағы Дидар Амантай еңбектері де жаңа заман әдебиетіне өзгеше бояу беруімен ерекшеленеді.

  Жүсіпбек Қорғасбек – «Жансебіл», «Сұр шеңбердегі адам», «Кельндегі көкжал»; Думан Рамазан – «Сынақ», «Жошы хан»; Жәди Шәкенұлы – «Қаралы көш», «Бозмұнар», «Қан кешкен ханзадалар», Әділбек Ыбырайымұлы – «Ақылға атой», «Арзу»; Шархан Қазығұл «Күлпет»; Нұржан Қуантайұлы – «Опасыз ойын»; Асқар Алтай – «Каскад»; Мұрат Алмасбек – «Екі жағалау»; Қуат Бораш – «Тәубе»; Айым Ақылтай – «Қарыз»; Әлішер Рахат – «Махаббатым – constant», «Иесіз көлеңке»; Ырысбек Дәбей – «Қоңыз»; Ұларбек Дәлейұлы – «Жошы хан»; Мақсат Мәлік – «Абыл мен Қабыл»; Қанат Әбілқайыр – «Ағыраптағы аты жоқ адам»; Әлібек Байбол – «Мұтылған»; Әлихан Жақсылық – «Нотр-Дамда құлшылық жасау керек пе?», «Сені іздедім», Мәдениет Феруза – «Аққалқам», Есбол Нұрахмет «Ол жақта Құдай жоқ», Арман Әлменбет – «Тергеуші». Және де Серік Нұғыман, Мәдина Омарова, Ұларбек Нұрғалым, Мирас Мұқаш, Нұрлан Қабдай, Нұрбек Нұржан, Өміржан Әбдіхалық, Қанат Тілеухан, Елдос Тоқтарбай, Есболат Айдабосын, Нұрлан Құмар, Бақытбек Қадыр, Жандос Байділдә, Аягүл Мантаева, Дархан Бейсенбек, Бейбіт Сарыбайдың прозалық еңбектері, т.б.

Міне, Қазақ әдебиеті тағы бір тарих мінберінде көз сүрінтер көп кітабын жәрмеңке базарындай жайып тұр. Осылардың көбі-ақ, роман. Жай ғана роман емес, дені бүгінгі күннің суретін жасағысы келген, замана тынысын көрсеткісі келген, әлем әдебиеті көкжиегіне ұмтылған құнды дүниелер.

Әдебиеттің алтын дәуірі белгілі бір уақытпен өлшенбейді, шектелмейді. Кеше де туды, өсті. Бүгін де тайлы-таяғымен қосылып жатқан қаламгер аз емес. Ертең де туады. Ал сан мен сапа мәселесіне келгенде, санның ішінде сапа бар. Тоқсан сөзден тобықтай түйін шығаратын қазақ прозасы да тоқсан томын бәйгеге қосып, біреуін мәреден күтіп алса да үлкен жетістік.

Өмір үшін де, әдебиет үшін де «ең үлкен белеске шықтық», «алтын дәуірімізге аяқ бастық» деп мақтанған, мақтанатын уақыттар көрсеткіші аз емес. Ал шын мәнінде әдебиеттің ең үлкен кезеңі мен жетістігі әлі алда болуы мүмкін.

 Дәуір, заманаға сай, уақыт қажетіне қарай адам өзгереді, өмір тынысы жаңаланады. Оны әр дәуірдің өз жыршысы, қаламгері өз мәнерінде жырлайды.   Өйткені әр дәуір өз сөзін күтеді. Әр заманның оқырманы өз кейіпкерін іздейді. Әр тоғайдың өз бұлбұлы бар. Бүгінгі заманның айтылар сөзі, жазылар жыры әлі ақтарылып болған жоқ. Айтылмаған, жазылмаған талай тақырыпты қолтықтап, жұрт таңдайында қаларлық жақсы дүние толғағында жүрген қанша қаламгер бар? Оның жауабын да уақыт айтады.

Қазақ әдебиетінің жаңа алтын дәуірі – болашақтың үміті ғана емес, бүгінгі ұрпақтың мұраты мен жауапкершілікпен атқаратын міндеті. Ел мен жерге деген қарызының өтеуі.

Бізді жарқын болашақ күтіп тұрғанын сезінуіміз керек, сенуіміз керек. Қазақ әдебиетінің алтын дәуірі келе жатыр!

Жәди Шәкенұлы, жазушы-тарихшы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі, 

Еуразия Жазушылар одағының мүшесі. Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері.

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan