Жазушы, журналист, аудармашы Абай Мауқараұлы мерейлі жетпіс жасқа толды. Қаламгермен сұхбатты оқырман назарына ұсынып отырмыз.
- Абай аға, желіп шыққан жетпіс деген жасыңыз құтты болсын! Шерағаң, Шерхан Мұртазаның: «Жетпіс деген – жет, піс деген сөз. Жетпіс – шығармашылық тұрғыда жетіліп пісетін жас» деген сөзі бар ғой. Осы тұрғыда, өз мысалыңызда не айтқан болар едіңіз?
- Рахмет! Ініден ізет болса, ағадан құрмет деген. Қазақтың соңғы даналарының бірегейі Шерағаң сөзін мысалға алғаның өткен шықты еске салды. Журналист болып танылуыма тікелей әсер еткен – осы Шерағаң еді. Тоқсан екінші жылы Жоғарғы Кеңестегі талқылауларда «қазақ тілімен қатар, орыс тіл де мемлекеттік тіл болады» деп текетірес болып жатқанда «Тілін қорғай алмаса, тәуелсіздіктен не пайда!?» деген мақала жазып, «Егемен Қазақстанға» апарғанымда, жариялауға қорқақтаған орынбасарына Шерағаң өзі тікелей бұйрық беріп, бірінші бетке жариялатқан-ды. Содан ол мақалам көптеген газеттерде жарияланып, радиодан да оқылған еді. Ол кезде Шерағаңның өзі Жоғарғы Кеңесте депутат болатын. Сонда, тілге қырын қараған бүкіл депутаттардың ауызын жауып: «Енді, жылан болайын дедіңдер ме! Жыланда ғана айыр тіл болады!» - деген атақты сөзін айтып, қазақ тілін дара мемлекеттік тіл болуына ықпал еткен-ді. Содан бергі өткен отыз төрт жылда, осы намысын қорғаған өз ана тілім, мені де «жеткізді әрі пісірді» ғой, деймін. Мен де дәрігерлік маманнан кәсіби қаламгерге айналдым. Ол кезде «орда бұзар» дейтін отыз алты жаста едім.
- «Дәрігерлік маманнан кәсіби қаламгерге» демекші, мамандық тұрғыда орыстың Чеховы, қазақтың Шашкиніне біршама ұқсастығыңыз барын білеміз. Осы жөнінде әңгімелеп берсеңіз?
- Иә, ол жағы рас. Әлемдік прозадағы биік орны бар, орыстың Антон Чеховын әдебиеттегі ұстазым деуіме болады. Ол жазушының бүкіл шығармаларын жастайымнан моңғолша аудармасынан оқыдым. Ал, Зейін Шашкиннің «Доктор Дарханов» романын өте ертеде, оқушы кезімде оқысам да, әлі есімде. Сондай шынайы жазылған ғой, қазір ойласам прототипі жазушының өзі болғандықтан, кітаптағы оқиғаның бәрі де нанымды болған екен деймін.

Ал, өз басым, шығармашылыққа журналистикадан келгендіктен, деректі жанрды басты мақсат еттім. Дерек, дәйек, нақтылы оқиғаны көркемдікпен жеткізудің ұтымды жолы эссе жанрын ұстанамын. Өз шығармашылығымнан бір мысал келтірейін, «Отамен туған нәресте» (бұл – отандық abai.kz және моңғолша sonin.mn порталдарында жарияланды) деген естелік эссемде перзентханаға жету мүмкіндігі жоқ ауыр халдегі малшы әйелге далалық жағдайда қалай ота жасап, әйел мен нәрестені аман алып қалғаным бүге-шігесіне дейін өте нәзік суреттеледі. Оқырмандар бұл жайлы: «Ота жағдайын көзбен көріп тұрғандай болдық», - деген пікірлерін айтты. Мұндай шығарманы дәрігери мамандығы жоқ қандай қаламгер болса да жаза алмас еді. Сондықтан жоғары дәрігери білімімнің болуы осындай тақырыптарда оң жамбасыма жақсы келеді.
- Шетелде туып өскендіктен де болар, шетелдегі қазақ диаспорасы, отанға оралған қандастар және тіл, діл мәселесі бойынша көптен бері қалам толғап жүрсіз. Бұл бағыттағы түйткілді мәселелер шешілді деп білесіз бе?
- Иә, менің қаламгерлікке тәуекел етуімнің өзі де осы оралман мәселесіне тіке байланысты десем де болады. Алғаш тоқсан бірінші жылы, еңбек шартымен Талдықорғанның Сарқан ауданына көшіп келіп, мамандығым бойынша дәрігерлік қызметке орналастым ғой. Сонда, жергілікті қазақтардың кейбірі: «Қазақшаны қайдан үйреніп алғансыздар?» - деген қызық сұрақ қойғаны бар. «Өзім қазақпын ғой», - десем: «Сіздерді моңғол деп жүр ғой?» - дейді. Сөйтсем, бұл жақтың көп елі шетелде қазақ барынан хабарсыз екен. Осы ойға келіп, алғаш «Шетел қазағы деген кімдер?» деген мақала жаздым. Бұл мақалам Талдықорған облыстық «Жетісу» газетіне жарияланды. Осыдан кейін, еларалық «Шалқар» газетінен ұсыныс түсті. Сөйтіп Монғолия қазағы туралы «Жүз жылғы көші-қон» деген тарихи эссе жазып шықтым.
Республикалық «Ана тілі» апталығына қызметке шақырылғаннан кейін, көшіп келіп жатқан оралмандардың тұрақтамай, бір облыстан бір облысқа, қайта Моңғолияға кері көшіп жатқан жағдайын түсіндірген «Жылқы мінез қазақтың жерсінбеген жері көп» атты мақалам жарияланды.
Содан кейін, жаңа ашылған «Қазақ Елі» апталығына қызметке ауысқан кезімде, мемлекеттік Көші-қон департаменті қысқарып, оралман көшіне бөгет жасалу ықтималы байқалды. Осыған байланысты «Қазақ көшіне топырақ шашқан кімдер!» деген мақала жаздым, ол мақаланың жариялануы бүкіл оралман қауымға қатты ынта тудырып, мақаланы қолдаған хаттар редакцияға толассыз келіп, газетіміздің де беделі көтерілді.

Дәл осы кезеңде министрліктен «Көші-қон туралы» заңының жобасы әзірленіп жатқан-ды. Ол заң да шетелден көшіп келуші қазақтарға тікелей пайдасы тимейтін, халықаралық стандарт ауқымындағы заң болатын. Міне, осы сәтті сол кездегі ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Әкім Ысқақ мырза жіті назарға алды. Біздің біраз оралман зиялылар Алмас Ахметбек, Қайрат Бодаухан, т.б. бастап Дүниежүзі қазақтары қауымдастығындағы Ботагөз Уатханның кеңсесіне жиналып, балама заң жасау жөніндегі бастамамызды қолдады. Сөйтіп, оралманның жоғын жоқтаған, қазақ тілінде тұңғыш жазылған «Көші-қон туралы» заңы қабылданып, жеңіске жетті.
Бұдан кейінгі кезеңде оралмандардың қат-қабат құжаттардан шаршауы, азаматтық ала алмауы, сатып алған баспанасын өз атына түсіре алмауы секілді көптеген мәселені үкіметке шешкізу үшін өзіміз «Көш» деген газет аштық. Осы апталық газетте «Азаматтығымды бер, алдияр үкімет!», «Адам қымбат па, құжат қымбат па?» деген проблемалық мақалалар жаздым. Осы жазбамызды, өзгелердің де айқайын ескерген болар, үкімет тарапынан көп мәселелер оңтайлы шешіліп, шетелден оралған бауырларға Алматы маңында қоныстануға ауқымды жер телімін бөлдіру қолға келді (Алматыдағы Бай-Бесік, Алғабас, Астанадағы Қоянды т.б. аудандар сол қызметіміздің жемісі еді).
Міне, қаламгерлігімнің көп жылы осы бағытта болып, кейін «Заман-Қазақстанға» жауапты хатшылыққа келгенде, шетелдегі қазақ диаспорасы, қазақтың салт-дәстүрі, діни ұстанымы туралы эсселер жазуыма ұласты.
Қазір шетелдегі қандастардың келуіне заң бойынша бөгет болмаса да, Қазақстандағы қазақ тілінің беделінің төмен болуы, ондағы қазақтардың елге келу деген ыстық көңіліне жайсыз әсер ететіні, қазіргі бұқаралық ақпарат құралдарында көптеп айтылып та жатыр. Бұл бүкіл қазақ үшін ойланатын жағдай.
- Қазақ әдебиетінің уызына ес білгеннен жарып өскен елдің ұрпағысыз. Өзіңіз де осы салада қалам тербеп жүрсіз. Жалпы қазақ әдебиетінің қазіргі даму тенденциясын қалай бағалаған болар едіңіз?
- «Шыр етіп жерге түскен минутымнан, Құлағыма сіңірген таныс үнім», - деп Сұлтанмахмұт Торайғыров айтқанындай, қазақ әдебиеті – қанмен сіңген өз болмысым ғой. Кез келген әдебиеттің дамуына әрине, ықпал ететін дәуірлік факторлар бар. Советтік соцреалистік әдебиеттің цензуралық тұсауынан құтылған қазақ сөз өнері қазіргі күні ерекше қарқынмен дамуда деген болар едім. Әсіресе, көсемсөз жанры қоғамға ықпал ететін рухани күшке ие болды. Оның оқылуы қазіргі күні дәстүрлі газет пен журналдан гөрі ғаламторлық нұсқаларда, атап айтқанда электронды порталдарда жүз мыңдаған көрілімге жетуі – соның айғағы. Ал, әдебиеттің деректі жанрының да өрісі керемет кеңіп, бұрын-соңды айтылмай қалған тарихи шындықтар жан-жақты жазылып, өз оқырманын табуда. Бұл көңіл қуантады.
- Әрине, кешегі пролетарлық әдебиеттің нұсқау-бағыты, социалистік реализмнің тар шеңбері қазіргі күні жоқ. Таланты мен білімін еңбекпен ұштастырып, кім не жазамын десе де, мархабат дәуір. Ағымдар мен бағыттар игеріліп жатыр. Нәтиже де бар екенін жоққа шығармаймыз. Модернизм, постомдернизм, т.б. ағымдар мен бағыттарды игеру заман талабы десек те, осы тұрғыда кейде артық-кем түсіп жатқан жоқпыз ба? Қазіргі жас қаламгерлеріміздің аяқ алысы жөнінде не айтасыз?
- Әдебиеттегі модерн, постмодерн және басқа ағымдар қоғамның дамуына сәйкес туындайтын табиғи жағдай. Абай хакім мен Алаш арыстары он тоғызыншы ғасырдың соңынан бастап қазақ сөз өнеріне мазмұн мен түрге қатар өзгеріс әкелді ғой. Яғни, Еуропа мен орыс әдебиетінің жетістігін төл әдебиетімізге мінсіз кіріктірді. Міне, сондай өзгеріс дәл қазір де қазақ сөз өнерінде қарқынды жүрілуде. Бүкіл қаламгерлер өз шығармасында оқырманды жалт қарататын «модерн» жасауға тырысуда. Бірақ, көбі мазмұннан гөрі сыртқы түрге қатты ден қойғандықтан, кей жағдайда өлең дегені не өлең емес, не қара сөз емес, бір күлкілі метис яғни будан түрге де ұшырап жатқанын көзі қарақты оқырман байқап отыр. Прозада да қым-қиғаш сөйлем құру мен шолақ сөйлеуді эксперимент етушілер аз емес. Экспериментке бару жақсы ғой. Бірақ, ең соңында терең мазмұн мен қызықты оқиғаны төл сөйлеу мәнерімен ықшам етіп жеткізу шеберлігі озатыны сөзсіз. Аяқ алысы жақсы жастар баршылық.
- Әдебиеттегі шоғыры мол аға буынның өкілісіз. Жалпыға бірдей баға беру дұрыс емес десек те, осы буын жастарға лайықты жол сілтеп жүр деп ойлайсыз ба? Әдеби туындыға баға беруде кейде аға буын қаламгерлеріміз жалпақшешейлікке салынып кететін тұстары жоқ емес пе?
- Иә, әдебиеттегі көп жылдық жинаған білім мен тәжірибені кейінгі жастарға дәріс секілді айтып ұқтырып, олардың әр туындысына әділ баға беріп ұштап отыру өз басымда бар, ондай талапкер шәкірттерім де баршылық. Ал, өзің айтқандай жалпақшешейлікке салыну – ара-тұра ол да кезігеді. Оны жоққа шығаруға болмас. Дегенмен, ағалық бата беру мезіретінде, артық мақтауымыз қолдау ретінде айтылып жатса, оны жас қаламгер өзі дұрыс түсінер дейміз де.
- Сыни эссе жанрында біршама қалам тартып жүрсіз. Бұл жанрдың өзіндік қиындығы мен жылылық иірімі туралы не айтқан болар едіңіз?
- Соңғы жылдары осы салаға арнайы көңіл бөлдім. Марқұм Асқар Сүлейменнің шығармашылығына арналған «Сөзбен сомдалған симфония яки Асқардың «Адасқағы», марқұм Қуандық Шамақайдың жаңа тұрпатты әңгімелеріне орай жазған «Қуандықтың суреткерлігі», «Виктор Гюго және Таласбек Әсемқұл», «Дулат Исабек және социализм», романист Мұнайдар Балмолданың «Қырық жылғы қырғын» атты жаңа романы жайлы «Мұхтар және Мұнайдар» қатарлы сыни эсселерім «Жұлдыз» журналына және сіздердің «Әдебиет порталына» жарияланып, ауқымды оқылымға ие болды. Сыни эссенің жылылық иірімі десек, көлемді шығарманың ең нәрлі уызын оқырманға жеткізудің рухани рақаты болатынын байқаймын. Ал, қиындығы десек, таңдаған туындыны қайта-қайта сүзіп оқу оңай емес, әйтсе де оның оқырманға ұнарлық нәрін алуым сол қиындықты ақтап та кетеді.
- Аудармамен көптен бері шұғылданып келе жатқаныңыздан хабардармыз. Осы саладағы еңбектеріңізге тоқталсаңыз?
- Қаламгерлік алғашқы қадамымды да аудармамен бастаған едім. Баян-Өлгийде дәрігерлік қызметте жүргенде белгілі жазушы Д. Мягмардың «Үер» (Сел) деген повесін аударып, ол Өлгий баспасынан шыққан-ды. Содан кейін, Цэндийн Доржготовтың «Көлеңке» деген сықақ әңгімесін аудардым, ол «Қазақ әдебиеті» газетіне жарияланған-ды. (Кейін Алматыға келіп Жазушылар Одағына мүше болған кезімде, марқұм Дидахмет Әшімхан ағама атымды айтып танысқанымда, дереу сол аударманы есіне түсіріп еді). Моңғолдың атақты көсемсөзшісі Баавардың «Ұмытпа! Ұмытсаң құрисың!» деген саяси эссесін аударуым маған көп сабақ болды. Атажұртқа қоныс аударған соң, моңғол халқының ілкі рухани туындылары «Алтын шежіре», «Сувашид», жазушы Ц.Доржготовтың «Ламалардың қанды қырғыны» романдарын аудардым. Бұл аудармам биыл «Мереке» баспасынан көп данамен басылып шықты.
- Қасқыр – Ұлы Даланың киелі төтемдік жаратылысы ғой. Аудармаларыңызда қасқыр тақырыбы айқын көрініс тапқан. Осының мәнісі неде?
- Мұрнағы жылы аударма саласында «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығына ие болған «Қасқырлар құпиясы» атты көлемді романды түрколог ғалым Қаржаубай Сартқожа ағамның ұсынысы бойынша аударып едім. Ол кісі: «Романның тақырыбы негізінде Бөрі Киесі ғой, ол мағынаны неге алмадың?» - деді. «Романның негізгі ұстынында бөрі киесі көп аталғанымен, бүкіл мазмұн бұрын-соңды жазылмаған қасқырдың құпиялары мен соған қатысты көшпенділердің жылқы мен қасқырмен бірге кешкен үйлесімді ғажап тіршілігін баяндайды екен, сол үшін жалпы мазмұнды алға шығаратын тақырыпты таңдадым», - дедім. Иә, көшпенділердің рухани дүниетанымында бөрінің орыны ерекше, ол ұстаным отаршылдық заманда әдейі ұмыттырылды. Осы романның авторы ол сенімді қайта жарқыратып шығарды, сол тұрғыда бұл роман дүние жүзінде өте мол оқырманға ие болды. Әсіресе, Монғолияда қайта-қайта басылды.
- Монғол әдебиетімен етене таныссыз. Түбі бір, тарихы тамырлас осы халықтың әдебиетінде қазақ әдебиетімен қандай үндестік, жүлгелестік бар?
- Иә, өз басым моңғол әдебиетінен көп нәрсе үйрендім дей аламын. Бұл халықтың жазба әдебиеті өте бай. Әдеби тілі сөйлеспелі төл тілімен үндес, оқуға жеңіл, өлеңі қазақтікі сияқты қатаң ұйқасқа құрылмаған сөз басынының үндестігін ұстанатын ақ өлең түрінде болады. Ал, монғолдар да қазаққа ұқсас киіз үйде өмір кешкен көшпенді халық болғандықтан, мінезінде, ділінде бізге жақындық өте көп.

Бұрынғы кезде олардың көк тәңірлік, бақсылық, шамандық сенімде болуынан көкті, тау-тасты, ағашты, өзен-суды кие тұтуы әлі де үзілмеген. Ал, осы көшпенді, жаужүрек халықты жуасыту үшін буддизм дінін соңғы жүздеген жылда әдейі кіргізудің монғол жұртына тигізген пайда-зияны бірдей болды. Үйленбей лама болу – халқының өсімін тежеді, ал буддизмдегі мейірімділік ұстаным – монғолдарды табиғатқа еш зиян тигізбейтін, айналаны аялағыш қауымға айналдырды.
- Қазіргі әдеби үдерістің ортасында жүріп, рецензия жазумен шұғылданып жүрсіз. Жақында «Қазақ әдебиетінде» жарық көрген «Деректі проза – болашақ тарихты» бажайласақ, осы мақаланы жазу үшін қаншама автордың туындысын көзден кешіргеніңізді аңдаймыз. Бұл – соншама көп уақыт пен төзімді қажет ететін шаруа ғой. Қажытып жібермей ме?
- Баяғыда Ұланбатырда оқып жүрген студент кезімде Орталық поштадан «Жұлдыз» журналын сатып алып оқитын едім. Сонда көбінде «Сын және библиография» деген тарауды үнемі, астын сызып отырып оқыппын. Осы журналдарды тігінділеп сақтап, көшкенде тастамай, бес-алты қорап қылып Қазақстанға қайта әкелгенім де қызық. Осы туралы «Жұлдыздың жүрген жолы» деген эссе жазып «Жұлдыз» журналына ұсынып едім, жариялады ма, жоқ па, білмедім. Былайша, айтқанда сын жанры – менің «дертім» сияқты. Анау жылдары Ғылым академиясындағы Әдебиет институтына, ғалым Айгүл Ісмақова қарындасымның қол астына барып «Сынның сыны» деген тақырыпта ғылыми атақ қорғамақшы болған күлкілі мақсатым тағы бар. Бірақ, онда отырған, соцреализм ілімі етінен өтіп, сүйегіне жеткен ақсақалдардан жүрегім шайлығып, өз жайыма кеттім. Содан бері, өзің айтқандай сыни дүнилер жазу мені қажытпайды, қайта қайрай түсетін ең сүйікті ісім.
- Қаламгерлікке келуге Шерағаңның шарапаты тигендігі туралы айттыңыз. Иә, кешегі аға буынның жыл еткен жаңалық көрсе, кішіге қамқорлық жасауға дайын тұратын ұлық-кішіктігі бүгінгі дәуір үшін аңыз ғой. Өзіңіз қазіргі замандас, тұстас жазушылардан кімдермен әріптестік, шығармашылық байланыстасыз?
- Қазақтың танымал қаламгерлері марқұм Шерхан Мұртаза, Сайын Мұратбек, Қалихан Ысқақ, Қадыр Мырза Әлі, Дидахмет Әшімхан, Жақсылық Сәмитұлы, Жәркен Бөдеш ағаларым мен замандасым Таласбек Әсемқұлды ұстаз тұтып рухани жақын қатынаста болғанымды айтпай кетсем кінәлы боламын. Ал, атақты журналистер, марқұм Марат Қабанбай, қазіргі қадірлі ақсақал болған Жарылқасын Бейсенбай, Марат Тоқашбай, Бақыт Сарбала, Ертай Айғали – бәрі де мені қаламгерлікке баулыған тұлғалар.
Ал, бір-бірімізге ұстаз әрі шәкірт бола білген исламтанушы ғалымдар Мұхитдин Исаұлы, Қайрат Жолдыбай, Құдайберген Бағашарлармен қазір де шығармашылық байланыстамын. Бұл қатарда тележурналист болған Алғадай Әбілғазы, ақындар Құл-Керім Елемес пен Дәулетбек Байтұрсын да бар. Ал, үнемі шығарма талқылауда, пікірлесуде әдебиетші Ұлан Еркінбай, романист Жәди Шәкен, оралдық романист жазушы Мұнайдар Балмолда мен талантты жас Көкбөрі Қизатұлының мен үшін орны бөлек.
- Исламтанушы ғалымдармен шығармашылық байланыстамын дедіңіз. Жалпы дін – шығармашылық адамы ретінде сіздің өміріңізде қандай маңызға ие?
- Тәуелсіздіктің отыздан астам жылында Қазақ қоғамында ислам діні үлкен жетістікке жетті. Осы аз уақытта «Құранның» ондаған тәпсірі тікелей араб тілінен қазақшаға аударылды. Өз басым Құранның ғылыми тәпсірі болып саналатын «Рисале Нұр» атты көп томдықты оспан түрікшесінен қазақшаға аударуға қатыстым. Сөйтіп, «Құранның» іліми мәнін түсінуге қол жеткіздім. Қазір қоғамдық өмірге өз жеке көзқарасыммен емес, «Құранның» көзімен қарауға үйрендім. Сонда, айналадағы адамдардың имандылық деңгейі көрінеді. Ең жоғарғы иманға жеткендер – пайғамбарлар мен олардың адал достары, келесіде солардың әкелген хақ дінін жеткізуші, исламның жанкешті ғалымдары, одан кейін осы хақ дінді бұлжытпай ұстанатын тақуа мұсылмандар тұр. Бұл деңгейден кейін бес парызын орындаушы қарапайым мұсылмандарды атауға болады. Келесі кезекте жұма намазға барып, құрбан шалып қана жүретін қауым да аз емес, одан кейін өзін «мұсылманмын болды» дейтін жәй адамдардың саны ең көп. Осы қатардағылар әртүрлі ағымға да тез ереді. Міне, бұл діни сенім деңгейі дүние елдерінде қандай болса бізде де дәл сондай. Және, елімізде ислам дініне тіке қарсылар да аз емес. Осыдан болып қоғамда алуан көзқарас туындайды. Егер, заң жүзінде осыған әділ қарай білсе бұл қалыпты жағдай. Ал, ушықтырса қоғамға қатер төнуі де өте оңай.
- Иә, дін мәселесі – нәзік тақырыптардың бірі болып отыр ғой. Жаһандану дәуірі ұлттың өзіндік ерекшелігін сақтап қалуда ерекше салмақ салып отырғаны – бүгінгі күннің ақиқаты. Осыған қорғаныс ретінде ең әуелі не істеу керек деп білесіз?
- Ең мықты қару – тіл. Тіл қорғалса, бәрі қорғалады. Өйткені тілде бәрі бар. Халқымыздың терең тарихы, салт-дәстүрі, мың жылдық жыр-дастаны, төл мінезі. Оған жарқын мысал, жүз жыл астам бұрын Монғолияға қоныс аударған он мыңдай ғана қазақ қауымы қазір ұлттық аймақ мәртебесіне ие болып, өзінің төл мәдениеті мен ұлттық шаруашылығын еркін дамытуда. Бұл – Қазақ Еліне үлгі боларлық жағдай екенін солай барған журналистердің көбі дәлелдеп айтып, жазуда.
Ал, біздің елдің ұлтаралық татулық үшін деп, Қазақстандағы бүкіл тілді дамытып, орыс тілін ортақ алып жүреміз деуі – совет заманынан қалған коммунистік рудимент психология!
Қазақ Елі қазақ тілін қорғау арқылы ғана рухани жетістікке жете алады. Әрі әлем елдері арасында үлкен беделге ие болуға лайықты, тамыры терең ұлт екенімізді көрсететін шақ та туды. Осылайша жаһандану үдерісі тұсында басқа елдер де біздің халқымыздан жақсы нәрселерді үйренеді, алады деген сөз. Бұл – өзімізді жаһандану ассимиляциясынан құтқаратын қарсы әрекет бола алады.
- «Жаһандану дәуірінде уақыт тым тапшы болып кетті, Көлемді туындылар оқылмайды» дегенмен пікірлер жиі айтылып жатады. Бұл пікірмен келісесіз бе?
- Жоқ. Көлемді туынды оқылмайды деген – жәй қаңқу сөз. Оқиға желісі жанды да тартымды, артық сөзі жоқ, сценаристік стильде жазылған көлемді романдар жақсы оқылуда. Бір мысал, Мұнайдардың жеті жүз беттік «Қырық жылғы қырғын» дилогиясын жеті күнде оқып бітіп, соған жиырма екі беттік эссе жаздым. Әлеуметтік желідегі оқырмандар да осы қаламгердің сондай көлемді романдарын іздеп отырып оқиды екен. Сондықтан, туындының көлемі емес, оның оқырманды тарта алатын шынайы көркемдігі негізгі шарт екеніне көзім жетті.
- Бос уақыт дегенді қалай түсінесіз? Бос уақыт деген уақыт болса, немен шұғылданар едіңіз?
- Өз басымда «бос уақыт» деген түсінік болмапты. Содан да болар, той-томалақ, бос сөзі көп жиын-бірігулерден кешірім сұрап, бас тартамын. Ал, жазудан қол босаса, иен таулардың арасын кезіп, ондаған шақырым жаяу жүруді рақат көремін. Бәрімізде де «ұялы телефон» деген «ауру» болғандықтан, ұйықтар алдындағы аз уақытта боевик фильм көретін жайсыз әдетімді де жасырмайын.
- Жетпіске келіп, шығармашылық қарым жағынан жетіп піскен шақта, амандық болса, алда қалам тартсам дейтін тақырыбыңыз бар ма?
- Көп қаламгер бара бермейтін «Құранның» тылсым ақиқатын ашатын көркем шығарма жазуды ойластырудамын. Осы тақырыпта «Көсемдік дерт», «Құран және Виктор Гюго» деген шағын пәлсапалық эсселер жазып, сайттарға ұсынып жариялатып едім, оқырман жылы қабылдағанын байқадым.
- Туған өлкеңіз, сонау Алтайдың күн бетіндегі бұла Бұлғынның құнарлы әдеби көш-керуені туралы не айтқан болар едіңіз?
- Монғолиядағы ақын-жазушы, өнер адамдарының үлкен бір шоғыры Бұлғын өлкесінен шыққан ғой. Мұзбай Кәкейұлы, Мағауия Сұлтанияұлы, Қауия Арысбайұлы, Зұқай Шәрбақынұлы, Жәкен Шәнейұлы, Кәкей Жаңжұңұлы және актер Ләтіп Төлегенұлы, Жанатхан Сағиданұлы, қаламгер ғалымдар Ислам Қабышұлы, Қаржаубай Сартқожаұлы, т.б. деп молынан атай беруге болады.

Жуықта ақын Мұхит Жақсылықұлының құрастыруында «Бұлғыным – бақыт мекенім» атты жинақ шықты. Мұнда бұрынғыдан қазірге дейінгі жүз отыздай кісінің өмірбаяны мен қоса өлең-жыр, естелігі қамтылды. Осы кітаптан Бұлғын өлкесінің рухани құнары айқын көрінеді дер едім.
- Бұла Бұлғыннан туып шыққан шығармашылық иесінің бірі өзіңізсіз ғой. Ғұмырдерегіңізді қысқаша баяндап өтсеңіз.
- Әкеміз Мауқара мен анамыз Бұлғынжан марқұмдардан жеті ұл, жеті қыз тараған үлкен әулетпіз. Бүгіндері түгелі Алматы маңында, ақар-шақарлы ауыл болып отыр.

Өз басым, әке-шешемді «аға, жеңге» деп атап, марқұм апам Нұрғайшаның баласы болып өстім. атам Хамза Бұлғындағы саяси репрессияда атылып кеткен екен. Өз әулетім десем, төрт-бес ұл қызымызды жұбайым Бисарамен бірге аман-есен өсіріп, ұлды ұяға, қызды қияға қондырдық, Құдайға шүкір. Қазір немере бағуға да қол ұшын беріп, солардың да қызығын көрудеміз.
- Халқыңызға берер рухани қазынаңыз молынан болсын! Әрқашан амандықта болыңыз, аға!
