Янь Лянке – қазіргі Қытай әдебиетінің ең көрнекті жазушылардың бірі. Ол әдебиетке қарапайым ауыл өмірін суреттеу арқылы ғана емес, сол өмірдің астарындағы тарихи, әлеуметтік, саяси және рухани қайшылықтарды терең философиялық деңгейде бейнелеуімен құнды. Оның шығармаларында адамның тағдыры белгілі бір кезеңнің ғана емес, тұтас қоғамның рухани ахуалымен сабақтас қарастырылады.
Янь Лянкенің шығармашылық ерекшелігі - өмір шындығын сол күйінде көшіріп беру емес, оның көзге көрінбейтін ішкі қабаттарын ашу. Сондықтан оның романдарында реализм, мифологиялық ойлау, символизм, гротеск, абсурд және сатира өзара табиғи үйлесім табады. Жазушы өзі ұсынған «神实主义» («тәңір текті реализм» немесе «мифтік реализм») ұғымы арқылы әдебиеттің міндеті тек шындықты бейнелеу емес, шындықтың ар жағындағы ақиқатты тану екенін дәлелдеуге ұмтылады.
Янь Лянкенің кейіпкерлері - негізінен ауыл адамдары, қарапайым еңбек иелері, тасада қалған жандар. Бірақ олар жеке тағдыры емес, тұтас дәуірдің, ұлттық сананың, тарихи жадының көркем бейнесіне сомдайды. Ол кейіпкерлері арқылы қоғамындағы әлеуметтік теңсіздік, билік пен адам, моральдық құндылықтардың өзгеруі, рухани дағдарыс сияқты мәселелер көтеріледі.
Жазушының шығармаларында туған жер ерекше орын алады. Хэнань өлкесі оның шығармашылық әлемінің өзегіне айналған. Бұл тұрғыдан Янь Лянке туған өлкені жай ғана географиялық кеңістік емес, ұлттық мәдениет пен халықтық дүниетанымның қайнар көзі ретінде суреттейді. Оның Хэнаны - Уильям Фолкнердің Йокнапатофасы немесе Габриэль Гарсиа Маркестің Макондосы сияқты көркем кеңістік.
Янь Лянкенің тағы бір ерекшелігі - оның әдеби тілінде. Ол қарапайым халықтық тілді философиялық оймен ұштастырып, астарлы мағынасы мол көркем стиль қалыптастырды. Бір қарағанда жеңіл көрінетін сөйлемдердің астарында терең әлеуметтік және адамзаттық мәселелер жатады. Сол себепті оның шығармалары бірнеше рет қайта оқуды талап етеді.
Жазушының әлемге танылуына 《受活》 («Шоухо»), 《丁庄梦》 («Динчжуан түсі»), 《四书》 («Төрт кітап»), 《年月日》 («Жыл. Ай. Күн.») сияқты шығармалары зор ықпал етті. Бұл туындылар көптеген тілге аударылып, халықаралық әдеби ортада жоғары бағаланды. Әлемдік әдеби сыншылар оның шығармасын қазіргі Қытай қоғамын танудағы маңызды көркем құбылыс ретінде қабылдады.
Янь Лянкенің әдеби көзқарасы бойынша, жазушы қоғамды мадақтаушы емес, ақиқатты іздеуші болуы тиіс. Ол әдебиет ешқашан дайын жауап бермеуі керек, керісінше оқырманды ойландыруы қажет деп есептейді. Сондықтан оның романдары нақты қорытынды жасаудан гөрі, адам санасында көптеген сұрақ туғызады.
Әдебиеттанушылар Янь Лянкені ХХІ ғасырдағы Қытай авангард әдебиетінің жетекші өкілдерінің бірі деп бағалайды. Оның шығармашылығы дәстүрлі реализмнің шеңберінен шығып, ұлттық әдебиетті жаңа көркемдік ізденістерге бастады. Осы тұрғыдан ол тек Қытай әдебиетінің ғана емес, қазіргі әлем әдебиетінің де көрнекті қаламгерлерінің қатарына жатады.
Янь Лянкенің шығармаларын оқу арқылы қазіргі Қытай қоғамының әлеуметтік болмысын ғана емес, адамзатқа ортақ моральдық, рухани және философиялық мәселелерді де тереңірек тануға болады. Сондықтан оның туындылары уақыт өткен сайын өз құндылығын жоғалтпайтын, әлемдік әдеби үдеріске ықпал еткен маңызды көркем мұра болып саналады.
Жазушы өз ойын былай түйіндейді: Прозалық шығармада белгілі бір дәрежеде күрделілік болғаны жөн. Мен өз шығармаларымдағы оқиға, кейіпкер, ойлау жүйесі және баяндау тәсілінің бұрынғы жазғандарыма ұқсап қалмауын үнемі қадағалаймын. Тіпті, олардың қытайлық басқа жазушылардың немесе бұрын жазылған қандай да бір шығарманың ізіне түспеуін қалар едім. Егер мұндай ізденіс пен өзгешелік болмаса, шығарма жазу барысында өз көңіл күйімді де үйлестіре алмаймын. Менің «проза жазу - өмірге қайта келумен бірдей» деп жиі айтатынымның сыры да осында.
Алайда, эссе жазғандағы жағдай мүлде басқаша. Әрбір көлемді прозалық шығармамды аяқтағаннан кейін, міндетті түрде эссе немесе әдеби мақала жазамын. Бұл - мен үшін шығармашылықтың өзгеше бір жолы. Сондықтан кейбір оқырманға менің эсселерім мен прозалық шығармаларымның авторы бір адам емес сияқты көрінуі мүмкін. Өйткені әр шығарманы жазған кездегі шығармашылық ұстанымым да ұқсамайды.
Шынында да, эссе жазу - мен үшін жаңа прозалық шығармаға дайындық іспетті. Оны алдағы шығармама жасалатын рухани және шығармашылық демалыс кезеңі деуге болады. Егер прозалық шығарма жазу жан алып, жан беріскен жарыс алаңына ұқсаса, эссе жазу - сол жарыстан кейінгі кофеханада немесе шайханада тыныстап отырған сәт секілді. Бұл ұзақ қашықтыққа жүгіріп келген адамның баяу жүріп, бойын жазғанымен бірдей шаруа.
Бұдан бөлек, мен эсселерімнің мүмкіндігінше көп оқырманға жетуін, олардың әрқайсысының өзіндік ой-түйін жасауына ықпал етуін қалаймын. Әдетте, прозалық шығармалардың өз оқырманы болады. Ал эссенің оқырманы мүмкіндігінше көп болғаны жөн.
Қытайдағы болсын, әлемдегі болсын, ірі жазушылардың көпшілігі ауылдан шыққан, ауыл өмірін терең білетін адамдар. Бірақ олардың ешқайсысы туған ауылынан ұзамай жүріп ұлы жазушы болған емес. Бірі арман қуып, бірі тағдыр айдап туған жерінен алыстады. Дәл осы алыстау олардың бойында туған жерге деген сағынышты оятты. Ал сағынышсыз туған өлкенің қадірін толық сезіну мүмкін емес. Әр жазушының сол сағынышының салмағы әртүрлі. Ешкім өзі өмір сүріп отырған ортаны сол жерде жүріп толық жаза алмайды; одан алыстаған соң ғана сол өмірдің мәнін тереңірек түсінеді. Кейде дарынды жазушыны шығармашылық еркіндігінен айырып, өзін белгілі бір шеңберге қамап қояды. Мысалы, Лю Циңді алайық. Ол «Кәсіп бастау тарихы» («创业史») романын жазуға он жыл уақыт жұмсады. Меніңше, мұндай шығарманы екі жылдың ішінде де жазып шығуға болар еді. Ал оның ертеректе ауыл өмірі туралы жазған туындылары қандай керемет еді! Егер сол он жылын жоғалтпағанда, бәлкім, Шэнь Цунвэньнің «Шекара қаласы» («边城») тәрізді классикалық шығармаларымен иық теңестіретін тағы бірнеше шығарма жазар ма еді?!
Өзін сергек ұстай білетін нағыз талантты жазушы ғана туған жеріне деген махаббатын жоғалтпайды. Ол туған топырағынан шектен тыс алыстап та кетпейді, сонымен бірге одан ешқашан ажырамайтындай болып байланып та қалмайды.
Енді Чжао Шулиды мысалға алайық. Ол Қытайдағы ең үздік ауыл тақырыбының жазушысы саналады. Соған қарамастан, біз оның шығармаларынан гөрі, көбінесе Шэнь Цунвэньнің туындыларына үңілеміз. Менің ойымша, эстетикалық тұрғыдан алғанда, Шэнь Цунвэнь туған жеріне деген сүйіспеншілігін белгілі бір көркемдік қашықтық арқылы сақтай білді. Соның нәтижесінде оның шығармалары өзгеше эстетикалық биікке көтерілді.
Ал Чжао Шули туған ауылына қайта оралып, сол ортаның ішінде қалып қойды. Соның салдарынан Шэнь Цунвэнь жеткен көркемдік деңгейге көтеріле алмады. Оның ауыл өмірін арқау еткен «Мазасыздық» («闹») шығармасы - туған ортадан қол үзбеудің көркемдік тұрғыдағы шектеуінің бір мысалы.
Қазіргі қоғамдағы күрделі өзгерістер мен адамдар арасындағы қайшылықтар мені өткен өміріме қайта үңілуге жиі итермелейді. Адам жас кезінде болашақты армандайды, ал жасы ұлғайған сайын өткен өміріне жиірек көз жібереді. Мен де дәл осындай кезеңге келгендіктен «Мен және ата-бабам» («我与父辈») және «Тяньху көлінің балалары» («田湖的孩子») атты эсселерімді жаздым деп ойлаймын.
Сонымен қатар, алдағы уақытта жазатын шығармаларымның барған сайын қарапайым болғанын қалаймын. Бірақ бұл жердегі қарапайымдылық жеңіл жазуды білдірмейді. Ол - рухани тазалықтың белгісі. Егер жетпіс жастағы жазушы жеті жасар баланың жан дүниесін табиғи әрі шынайы жеткізе алса, бұл - нағыз талант. Ал он жеті немесе жиырма жеті жастағы жас жігіт өзін жетпістегі қариядай көрсетуге тырысса, бұл дарын емес, еліктеу ғана. Сондықтан мен прозалық шығармаларым уақыт өткен сайын қарапайым әрі табиғи бола түсетініне сенемін.
Мейлі шығарма қаншалықты ауыр тақырыпты немесе төңкеріс кезеңін арқау етсін, мен оны жазар алдында оның сипаты туралы ұзақ бас қатырып көрген емеспін. Мен үшін шығармашылық - ең алдымен ұмытылмас тәжірибе мен үздіксіз ізденіс. Егер өз пікірімді айтсам, жазушының бейнелеу қуатын оның жазу машығы мен өмірден түйген тәжірибесі айқындайды. Алайда бұл жолды қаламгердің өзі еркін таңдай алмайды. Менің белгілі бір тақырыптан ауытқымай, үнемі соған қайта оралып отыруым да - тағдырдың маған жүктеген еншісі.
Реализмнің бейнелейтіні - бізге таныс болмыстың астарындағы ақиқат. Мұндай ақиқат көбіне көзге көрінбейді, бірақ ол өмірдің барлық қабатында өмір сүріп жатады. Сонымен бірге нақты өмірде тағы бір шындық бар. Ол көзге көрінбейді, қолға ұсталмайды, бірақ адам оны іштей сезінеді. Бәлкім, мұндай құбылыс қазіргі Қытай қоғамына ғана тән шығар. Бұл - әлі дүниеге келмеген, бірақ дүниеге келуге дайын тұрған ақиқат.
Кейде бір адаммен сөйлесіп тұрғанда, оның көлеңкесінде тағы бір адам тұрғандай әсер аласың. Бір оқиғаға куә болғанда, оның ар жағында тағы бір жасырын оқиға жатқандай сезінесің. Осындай көпқабатты шындық қазіргі Қытай қоғамының ерекшелігі деп ойлаймын. Оның қатпарлары қалың, мағынасы терең әрі күрделі. Ал дәстүрлі реализм көбіне бізге көрініп тұрған өмірдің сыртқы қабатын ғана бейнелейді. Ал көзге көрінбейтін ақиқатқа тек әдебиет қана жете алады. Менің «Мифтік реализм» деп атайтын шығармашылық тәсілімнің негізінде дәл осы түсінік жатыр.
Меніңше, дәстүрлі реализм - шашылып жатқан топырақты бір жерге үйіп қою ғана. Ал әдебиет сонымен шектелмеуі тиіс. Мен әдебиеттің сол топырақтан жаңа бір төбе тұрғызып, оның үстінен бұрын-соңды болмаған ағаш өсіргенін қалаймын. Ол ағаш өзгеше жеміс беруі керек. Мәселен, солтүстіктің қарағашынан оңтүстіктің бананы өсіп шыққандай тосын құбылыс болуы қажет. Менің түсінігімдегі әдебиет - дәл осындай құбылыс.
Сондықтан прозаның жаңаруы оның сыртқы пішінінде ғана емес, ішкі табиғатында, тіпті генетикалық болмысында жүзеге асуы тиіс. Шынайы жаңалық дегеніміз - бұрынғыны қайталау емес, әдебиеттің жаңа болмысын қалыптастыру.
Кейде белгілі бір жазушының шығармасынан туған жерінің мәдени тынысы сезілмесе, оның көркемдік қуаты әлсіреп қалғандай әсер береді. Мысалы, Ван Аньи шығармаларынан Шанхайдың қалалық мәдениеті сезілмесе, ол толыққанды әсер қалдырмайды. Сол сияқты Цзя Пинва шығармаларынан Шэньси өлкесінің рухы аңқып тұрмаса, бір нәрсе жетіспейтіндей көрінеді. Демек, әрбір ұлы әдебиет ең алдымен туған топырағының рухынан нәр алады.
Әлем әдебиетін де белгілі бір өңірдің немесе елдің өлшемімен бағалауға болмайды. Әр халықтың әдебиеті өз мәдениетінің, өз тарихи тәжірибесінің жемісі. Сондықтан Толстойды қытай мәдениетінің өлшемімен емес, орыс руханиятының аясында түсіну әлдеқайда дұрыс.
Прозада «опасыздық» қасиеті болуы керек.
Мұндағы «опасыздық» дегенім - өзіңнің қалыптасқан жазу машығыңа, үйреншікті баяндау тәсіліңе, дәстүрлі классикалық үлгілерге және сырттан келген әдеби ағымдарға, әсіресе ХХ ғасырдағы Батыс әдебиетінің қалыптасқан жазу мәнеріне сын көзімен қарай білу. Сондай-ақ шығарма жазу барысында дайын ұрандардан, жаттанды тұжырымдардан және қалыптасқан қағидалардан бойды аулақ ұстау қажет. Жазушы желдің ығына қарай жүре бермей, ешкім баспаған соқпаққа түсіп, өз жолын іздеуі тиіс.
Прозада «төңкеріс» сипат болуы керек.
Бұл - дәстүрлі өлшемдерге, қатып-семген көркемдік қағидаларға қарсы шығу деген сөз. Мәселен, шығарманы орынсыз поэтикалық бояумен әрлей беру, әсерлі көріну үшін өмір шындығын бұрмалау, көркем образды әсірелеуге ұрыну, бірсарынды баяндау тәсіліне байланып қалу, өзгермейтін композициялық үлгілерді қайталау немесе барлық шығармада бірдей тілдік өрнек пен ойлау жүйесін қолдану - әдебиетті тоқыратуға әкеледі. Сондықтан жазушы осындай қалыптасқан шектеулерді бұзып, көркемдік ізденіске батыл баруы керек.
Прозада «қопарылыс» рухы болуы тиіс.
Жазушы оқырман санасында қалыптасқан дәстүрлі түсініктерге, қоғамдық пікірдің ыңғайына қарай айтылатын дайын тұжырымдарға, сыншылар орнықтырып қойған теориялық қағидаларға және әдебиет тарихы бекітіп қойған өлшемдерге тәуелді болмауы қажет. Керісінше, соларға жаңаша көзқарас ұсынып, әдебиетті үнемі қозғалысқа түсіріп отырғаны жөн.
Сондықтан әрбір қаламгер өзін орынсыз қинамай, асықпай оқып, терең ойланып барып жазуы керек. Шығарма - табиғи жолмен дүниеге келетін тірі құбылыс. Оның құнын сатылымымен, атақ-даңқымен немесе қаржылық табысымен өлшеудің қажеті жоқ. Сол сияқты өзгелердің берген бағасына да шектен тыс тәуелді болмаған жөн. Жазушы үшін ең маңыздысы - келесі шығармасында нені және қалай жазатыны. Бар күш-жігерін өзінің шығармашылық әлемін қалыптастыруға жұмсауы тиіс. Өйткені әдебиеттегі ең үлкен құндылық - қаламгердің ешкімге ұқсамайтын өз «менін» таба білуі. Егер біз үнемі күн сәулесі төгіліп тұрады десек, онда біз өмірдің шынайы табиғатын жоққа шығарған боламыз. Күннің шығуы бар жерде оның батуы да болады. Жарық бар жерде қараңғылық та қатар жүреді. Сондықтан жазушы қоғамның тек жарқын тұстарын ғана емес, оның көлеңкелі қырларын да шынайы сезініп, көркем бейнелеуге міндетті.
Қазіргі өмірде жарық пен қараңғылық, тұйықтық пен жаңару, жаһандану мен ұлттық ерекшелік, арман мен үміт, билік пен еркіндік қатар өмір сүріп жатыр. Осы қарама-қайшылықтардың барлығы біртұтас өмірдің құрамдас бөліктері. Жазушының міндеті - осы қайшылықтарды дәл танып, көркемдік шындыққа айналдыру.
Сондықтан қаламгердің мақсаты қараңғылықты әшкерелеу немесе тек жарқын өмірді ғана дәріптеу емес. Оның басты мұраты - адам өмірінің күрделі табиғатын, бұрмаланған ақиқаттарын, рухани қайшылықтарын және адамның ішкі болмысын шынайы әрі көркем бейнелеу. Жазушының шығармашылық әлемі де оның өмірлік тәжірибесі, қуанышы мен қайғысы, көркемдік танымы мен рухани ізденісі арқылы қалыптасады.
Қытай тілінен аударған Нұрхалық Абдырақын
