ҚАСЫМ ЖАЙЛЫ
...Тумастан айналып дастанға,
Жөргекте шерлі өлең тербеген.
Шалқалап Ай жүзген аспанда,
Еңбектеп өмірге енді Өлең!
Шалқалап жүзеді Ай неден,
Жауынсыз, дауылсыз ғасыр ма ед?!
Қауырсын қанатын жайды Өлең,
Балапан Қасым боп!
Қасым боп өмірге келді Жыр,
Келді жыр – шыр-пырлы шер ғұмыр.
Жетімге жақын ба көр-күбір,
Күтті оны алапат зор дүбір.
Молада әке боп сөнді нұр,
Санада өмір боп өнді гүл!
Жүдеген...
Молаға түнеген,
Алқымнан жоқшылық кездігін тіреген.
Жетімнің жүрегін жандырған,
Мен сені сүйемін, ұлы Өлең!
Демімен, шерімен зілбатпан,
Жырлатқан, жасын боп үн қатқан Күн жақтан.
Мен қалай сүймеймін Өлеңді –
Қасыммен окопта бір жатқан?!
Арқаның өзендеріндей,
Кезеңдеріндей,
Асуларындай,
Ғашық жарындай –
Еңірей табысып даламен,
Баламен, анамен, ағамен,
Оқ тескен шинелін сүйретіп,
Майданнан оралды Қараөлең.
Қасым боп оралды ол,
Жасын боп оралды!
Лашын боп шүйгендей күйкентай қоғамды.
Қарқ етіп үш жүз жыл жүрмеді,
Жарқ етіп жанды да... жоғалды.
Өлең де оқ тескен шинелдей,
Шалғайы сан отқа күйгендей.
Елтірі қаракөл заманнан ертеңге –
Шинелмен өтті ақын именбей.
Әтірдің иісі бұрқырап,
Жасанды жырынан
Мың ақын келеді жыр құрап.
Бір Қасым басым ғой мыңынан!
Соғыстың алауы...
Шинелдің иісі...
Ескі ауыл... тас қора... қи ысы...
Дос-бауыр... баспана... үй-іші...
Сезім мен төзімнің сүйісі...
Қасымның ғаламы – жасынның тұрағы,
Ғасырдың шырағы, ұраны –
Өзі де, жыры да тірі әлі,
Біздерге үлескен мұраны.
Жақсы өлең оқылған кештерде,
Қасым кеп қасқайып тұрады!..
* * *
Мен жолдамын, өмір бойы жолдамын,
Тораптанған тоқсан тарау толғамым.
Қалың сайтан ұшырғысы келеді,
Періштенің иығыма қонғанын.
Мен жолдамын – қайда барам адасып,
Шаң күдіктен шел оранған қарашық.
Қарсы алдымнан кезіккен сан дәруіштен,
Мылқау болдым жол сұрамай жақ ашып.
Мылқау болдым, айтпай оған жөнімді,
Сақ-сақ күлгем сайтан кессе жолымды.
Гүлге көмгем Тәңір озар төрімді,
Пірге бермен қолымды...
Мен тордамын, өмір бойы тордамын,
Торға айналған тоқсан түрлі толғамым.
Өмір күйік болған сайын тіл ащы,
Өнер биік болған сайын сор қалың!..
ЖЕЛТАУ
"Желтаудың қай жағынан көшеміз?!"
Көшкіндер.
...Жан-жағынан Желтаудың ел көшеді,
Аты Желтау болған соң, жел де еседі.
Сірі тасқа өкшесін қадай қажап,
Адасты ғой тау кезіп талай қазақ.
Желтау жатар жұмбағын жайып тастап,
Бұйра-бұйра бұйратын жел аймалап.
Ұзынбұлақ, жылжыған Жіңішке өзен,
Талдыбейіт, қоңыр тау, құныс кезең...
Жыланбауыр жақпары Күн аймалап –
Құранды ердей қапталын күмістеген.
Көше алмаса керуені тауды айналып,
Баба-таудың басын мүлт баурайды анық.
Зәу биікте бұлтиған бұлтқа ұмтылар,
Бар ма мына жалғанда таудай ғаріп?!
...Қайран, Желтау!
Затың мен атың жұмбақ,
Батыр құндап қорғаған, ақын жырлап.
Таңбалы тас-тәніңді тәрк қылып,
Жалған уақыт басыңнан жатыр зырлап.
Уақыт өтер, тағдыр мен таңба қалар,
Саған қазақ бас иіп, сан бағалар!
Желдей жүйрік заманды тауға байлап,
Желмаядай шөктірген нар бабалар.
Қалай сенің көтерем тұғырыңды,
Менің де ізім Арқада шұбырынды?!
Қай жағыңнан көшсе де жебей жатшы,
Айдарынан жел ескен бір ұлыңды!
ӨЛЕҢ
...Мен едім көркем жанның көңілдісі –
Келетін көктем көрсе төгілгісі.
Ғұмырын ғасыр шайған шәйірлердің
Жырының – жүрегімде шөгіндісі.
Сайтанның жолықса да соғындысы,
Кеудеме сыз жолатпас тобылғы ысы.
Жүректің жылы қанын шүпілдеткен,
Тәнім ғой – құмыраның қоңыр қышы.
Тұлғамды баса да алмас тобыр мысы –
Зердемде бабалардың зор үлгісі.
Байқатпай бес күн жалған өтсе-дағы
Өлтірмес өлең шіркін, өмір күші.
Тіршілік – шимай басқан ала қағаз,
Шимайлап бала да мәз, аға да мәз.
Әр адам өз жазуын жол қылады,
Қаламмен қағазға емес, санаңа жаз.
Пендеше мұңайсам да миы ашыған,
Қарадым қараөлеңнің қиясынан.
Адам боп өмірге еніп, қадам басып,
Қалам боп кеткен екем: сиясы – қан.
Жазуды өмірім деп ұғынғасын,
Сезімге алмастырар ғұмыр бәсін.
Жүресің ел көшіне жанай көшіп,
Білесің құбыланың құбылмасын.
Терменен темір болып тебінгісі,
Тербеліп түзде жортпас тегін кісі.
Ақынның арманымен өмірі егіз –
Ал, өлең – көкке ұшқан Көңіл құсы...
ҚАРА ҚОС
Қара қосты сайға тігіп көрмегем,
Арыстандай Айға атылып... өлмегем.
Өмір маған ұсынады əрдайым,
Тағдырымды бəйгі аты ғып – көлденең!
Жауыр жапқан көңіл – жүдеу көкдөнен,
Мен шөлдесем – мейірімге шөлдегем.
Арын жоқтап, қанын іштім пасықтың,
Сағынышты кеше түнде жерлегем...
Бір биікке тіккен туым желбіреп,
Көкірегім көктем сүйсе, сең күреп -
Көңіл дөнен орына əкеп құлатқан,
Өмір деген – добын атқан зеңбірек.
Қара түнге шам жаққанмын – жүрек қып,
Ақ көңілге талай түнек түнеттік.
Айқасынан көктемдердің жалығып,
Сай тасыған күздей...
кенет дүр еттік.
Қыр басына қос тіккенмін жап-жалғыз,
Босағадан сығалады лаққан күз.
Ер-тоқымды жастанып кім құлайды, ей,
Қажып-қаусап түскен күні аттан біз?..
Пандемия тұсында
Көкіректі күмбірлі күй босатпай,
Жастық өтті...
жассыз өтті жанары...
Қыздың ерні – тамыздағы тосаптай,
Қарақаттан қоп-қоңыр қан тамады.
Күй толастап, жанарыңды шел басты.
Қарақаттай жарақат бар жүректе.
Аңыз соңы – адамжегіш албасты,
Тамыз соңы... жұтыласың түнекке.
Жаз өлгендей,
жас өлгендей төтеннен,
Күзгі қала – тозақ оты лаулаған.
Жансорғыштың жұмағындай мекеннен,
Күнгей бетке бірде қоныс аударам.
Талайлардың тағдырына жазықты
Қала тоңды.
Дала толды ақ қарға.
Жапыраққа өлмес өлең жазыпты,
Күздің желі күнді күреп жатқанда.
Көкіректі күмбірлі күй босатпай,
Тас көшеде сындырған соң тағаны.
Таңға қарай шоғы семер ошақтай,
Мына жалған суық тартып барады...
* * *
Нілдіге жылда келем, Ніл боп ағып,
Қараймын жанарымды Күнге қарып.
Бұл жерде ұлы ұстазым – Сәкен туған,
Қазір де оның рухы жүргені анық!
Нілдіге кім келмеген, кім кетпеген,
(Өспен деп бөтен жұрт па құрметтеген?)
Өлеңге өле ғашық болған елді,
Осында келуге әркез міндеттер ем.
Жап-жасыл көңіл шіркін нілтасындай –
Көгермес өміріңнің құлпы ашылмай.
Бұйығы ғұмыр кешіп жатқан елдің,
Басынан өткен өмір бұрқасындай.
Желіндей басылмайтын Сүйірбайдың,
Тұсыңнан өте шығар құйындай күн.
Ала шаң алқындырған атырапқа,
Мен неге Ніл өзен боп құйылмаймын?!
Қара орман – Сәкен туған Қарашілік,
Тағы бір ақын туса бағы ашылып!
Адасқан Алашымды аласұрып,
Арманға жеткізсе екен дара шығып!
Шөлімді басқам талай бұлағыңнан,
Төріңді шолғам талай құба қырдан.
Қажыған қазақ елін серпілтетін,
Бір Сәкен шығу керек бұл ауылдан!!!
Нілдіге кімдер келіп, кім кетпеген...
Уа, дариға...
Жас дәуреннің көктемі-ай дүркіреген,
Көкірегің – көк аспан күркіреген!
Сыңғыр-сыңғыр сырғасы жүректі өртеп,
Қырға шығып барады сылқым өзен.
Ойда қалған осылып мың қызығы,
Түн қызуы – жымыңдар жұлдыз үні.
Көк шалғынға түскен де сіңіп кеткен,
Гауһардан оқа салған бір жүзігі.
Көрген түстей бұлыңғыр – өткен қызық,
Өзенде өмір барады еппен жүзіп.
Шоқтай қарып, тесе ме жүрегіңді,
Бүлдіргенге айналып кеткен жүзік?
Бүлдіргенді кім терді, кім термеді?!
Сылқым сұлу өзенді қыр тербеді.
Аққан жидек – көрген түс, қайран жастық,
Күмбірлі күйсандықтай сыр пернелі.
Сыңғыр-сыңғыр сырғалы сұлу өзен,
Бұлдыр-бұлдыр жас дәурен – ұлы кезең.
Бүлдіргендей жүректе тынып өлең,
Арпалысып шығамын түніменен...
Бұрындық хан
«Тас тұнжырдай тілін жұтқан,
Тас балбалдай ғұмырды ұққан».
Қара жартас сынығындай,
Бура мінген Бұрындық хан.
Бура мінген Бұрындық хан,
Күн көргенде ел туырлықтан,
Қайратымен қамал бұзып,
Қас дұшпанның туын жыққан.
Қара нарға қонған алып,
Қыл арқанын толғап алып,
Жер теңселтіп шапқанында,
Жай атқандай зор қара бұлт.
Құлағында көр күбірі,
Қалың елдің сорлы күні.
Қазақ үшін қайысқан ең,
Қара еменнің шорлы діңі.
Сертін сүйген қара қылдың,
Адырнасы садағымның.
Сені қақтан кім арылтар,
Қанға бөккен қара күрзім?!
Босатқанша тәнді құлдық
Сан тізерлеп, сан жығылдық!
Бір заманда оралады-ау,
Бура мінген хан Бұрындық!
* * *
Өмірді сүйдің, әлде, сүймедің не –
Тіршілік илеп алар илеуінде...
Кемені арба салар суға әкеліп,
Кемедей тербелгені күйменің де –
Сүйдің бе, бұл өмірді сүймедің бе?..
Жалған ба, ақиқат па махаббатың –
Жалғыз жол арманға сол тақалатын.
Пенделер неге Өмір деп атайды,
Өлімге апаратын сапар атын?!
Жалғанда Ақиқатты табасың ба –
Жыласаң жарисың ба жанашырға?
Қаңғисың жалғыздықтың қаласында,
Қалғисың жалбыз, мүктің панасында,
Өтірік шындығыңа нанасың да.
Шынымен, өтірік пе сүйгеніміз?
Түнеген қыр астына күймелі күз.
Бұл сапар шегінерге мүмкіндік жоқ,
Жалғанға жалғануды үйреніңіз.
Жалғаннан шындық іздеп адасқан жан –
Шынайы махаббаттан аласталған.
Сол үшін жолға түстік қол ұстасып,
Не шығар болашаққа бал ашқаннан?
Жалғанда Ақиқатты таба алмасам –
Білмеймін – саған қашан хабарласам?!
Түсімде аймаласар арманыммен,
Өңімде салқын ғана амандасам...
Бір пенде
Алдағы өмір артта қалған секілді,
Бала басы қарт боп алған секілді.
Өткен күні болашақтай күтетін,
Шаруасы басталмастан бітетін...
О дүниеден қайтып келген бір ғаріп,
Жастық шаққа бара жатыр сұрланып.
Өлген күні тіршілігі басталған –
Туған күні топырақты жастанған.
Кері айналып бара жатыр Күн, Əлем,
Дұғамен... жоқ... емделетін күнəмен –
Адам көрдім, заман көрдім жаңылған,
Пешенесі өлгеннен соң жазылған.
Кесенесін тірісінде тұрғызып,
Бар тапқанын көр-лақатқа кіргізіп,
Сол бір адам келе жатыр жасарып,
Һас тұлғасы қара тасқа қашалып...
Жас жігіттей желпінеді жал бітіп,
Қартайған көп қатарласын қаңғытып.
Бала болып кетеді ертең... нанасың,
Тек... таба алмай сорлайды ғой анасын.
Солай өмір өте шықты оқыстан,
Ал сəбиді тауып алды ел қоқыстан..!
***
Жаңғыртқан жан-жүрегі жер-жанатты,
Арқада бір сері бар Сержан атты.
Кездесіп жас күнімде жанымды өртеп,
Үнімен бар арманым шер боп ақты.
Арқада бір сері бар Сержан атты,
Түн кешіп тебінгісі терге қатты,
Сағынтып салған әні сел боп ақты...
Ол өзі әулие боп туған жоқ-тын –
Оны да осы жатқан ел жаратты.
Арқада бір сері бар Сержан атты...
Көшерміз жалған десіп енді арманды,
Кешерміз кешегідей шер-жалғанды.
Қолқадан суырғандай тынысымды
Арқадан Сейіл кетті.
Сержан қалды...
Басқа ешкімім қалмады!
«Жұртжылаған»
(Әлеужелідегі псевдопатриоттарға)
...Естен танған еркектей аза құшқан,
Еңкілдеп бір жылап тұр Қазақстан.
Тостағаны шайылған дастарқан деп,
«Дос-жараны» дәм алар таза ыдыстан.
Көңілін де шаяды көз жасымен,
Өмірін де шаяды көз жасымен.
«Жыламайтын адамдар – тасжүрек» деп,
Және қайғы болады өз басымен.
Жылауықтың баласы – сен де, мен де,
Қайтер бізді қайғы-үрей жеңбегенде?!
Кесесіне кемерлеп құйып берсең,
Көз жасы да сусын ғой шөлдегенге!
Өксігіңді баса алмай солқылдап мың,
Жаспен талай кеудеңнің өртін жаптың.
Аққу-қазды көктегі қаңқылдаттың,
Тостақанды төңкеріп тоңқылдаттың.
Көз жасымен аспанға бұлт құраған,
Арыла ма үрейшіл ұлт күнәдан?!
Ылғи тартып жүретін той жасаса,
Бір күй керек қазаққа – «Жұртжылаған».
Жылай алмай, есінеп, еркін лағып,
Өзегімді сөнбеген өртім қарып.
Жаназаның үстінде күліп қойған
Адам құсап отырмын селкіл қағып.
Ұят-ай!..
«ШӨЛШИ» ӨЗЕНІ
Аспаннан Ай емініп шилі өзенге,
Көңілді көкке қиял сүйрегенде.
Бұлдырап Бегазының жоталары,
Ұқсайды көш түзеген күймелі елге.
Ай нұрын сіміргенде Шөлши өзен,
Бұлықсып суға басын бел сүйеген.
Сүйеді ол сылдырлаған су қылығын,
Сүй десе, өмірді өстіп мен сүйер ем!
Шөлшидің құм құшқанда құлын тәнін,
Кім білген өмір өңін құбылтарын?!
Шоқ шидің арасынан арна таппай,
Кісінер асау көңіл-бурыл тайым.
Бегазы – белден асқан көне көшім,
Өмірдің өңгерді ме өнегесін?!
Мүлгиді Тоқырауын түнде сыңсып,
Жоғалтып Шөлши атты немересін.
Табаны құмайт қырдың гүрілдеген,
Мен-дағы құмды кештім бурылменен.
Жұртымның жасын жұтқан шөл-сағыныш,
Сезімді дәметтің бе бүгін менен?!
Айлы түн.
Тұнық өзен боздасын жәй,
Басынан барады өмір сөзді асырмай.
Құмығып құмға сіңді қанша өзенім,
Мелшиген менің сараң көз жасымдай...
АСҚАР ТӨЛЕУХАНОВҚА ХАТ
Хал қалай, ақын болмай қалған жігіт,
Әлі өлең жазасың ба арман қуып –
Әлі де келесің бе кезек күтіп,
Балқаштың баспаларын таңғалдырып?!
Хал қалай, жазбай кеткен жас қаламгер,
Кеудеңде күркірей ме асқақ әндер?!
Ешкімнің жайлауына айналған жоқ,
Екеуіміз қатар жүріп аспаған бел.
Екеуіміз қатар жортар құба түз көп,
Екеуіміз қатар шертер жыр-аңыз көп!
Жапанда жалғызсырап жабыққанда,
Өзіңді көкжиектен тұрам іздеп.
Сен жоқсың!
Жүрегімді жасқады мұң,
(Соңымда қалды менің басқа кімім?)
Базардың шарбағына байлап кеткен,
Сен де бір – кісінеген қасқа құлын.
Шоғындай жамыраған аспанының –
Жолында жазылмаған дастаны мың,
Сені ойлап түн ұйқымды төртке бөлем,
Өлеңді өле сүйген Асқар інім?!
Өлеңді өле сүйген Асқар бала,
Өнерің өрілді ғой басқа арнада.
Өмірді біле тұрып жазбай кеткен,
Бар ма екен енді сенен асқан дана!
Күн кешсең Күн астында күле шалқып,
Үздіккен үмітіңнің үлесі артып.
Өмірді түсінем деп күшенгеннен,
Өлеңді жазбай кету – мың есе артық!
1995 жылғы күз. Экспромт
Қаншама жылдар көші озды арада...
Сағынып кеп қаламыз Жезқалаға.
Айналып кетем кенет тоқсанбестің
Күзінде күреңіткен бозбалаға.
Дәл сол күз, сол көшелер, сол Жезқала,
43-те – қарап тұрған сол бозбала.
...Сезімдей сетінеген сабыр жеңіп,
Жағадан шегініпті көл де аз ғана.
Күзі еді тоқсанбестің күрең өңді,
Бір өлең кеп толқытқан бір өлеңді.
Сол кезгідей өлең де жазу ауыр,
Сол кезгідей соқпайды жүрек енді.
Сол кезге ойым кенеттен жетеледі,
(Күзетуші ем ғылыми мекемені).
Сол кездегі жастығым қарсы ап тұрса,
Сол кездегі бастығым «Секе» - деді.
Қайран жастық, осылай бізден де өттің,
Қылымсыған қылықты қызбен кеттің...
Бозбаланың ізіндей шұбырынды –
Жезқаланың күзіндей күз көрмеппін.
Ойым – анық, көңіл – ақ, түрім – ізгі,
Өмір ғана өңдеген үнімізді.
Бастығым да көрмеген шығар, бәлкім,
Тоқсанбестің күзіндей жылы күзді...
* * *
Тіршіліктің сабылысқан дүрмегін,
Керегі не сенсіз кешіп жүргенім?!
Жел жұлқиды сағыныштың гүлдерін,
Өмір екен сені құшқан күндерім...
Жел тербейді жүрегімнің желегін,
Ол іздейді қорегі мен керегін.
Саған ұшқан сапарымда адаспай,
Сағыныштан соқпақ салып келемін.
Қайтар жолым жоғалатын соқпақ бұл,
Сағым белге сіңе жаздап тоқтап тұр.
Сағыныштың бір есімі – тағдыр-ау,
Сынақ салса, одан асқан жоқ тапқыр.
Жел шашады Сағыныштың гүлдерін,
Бел тосады сағым ұшқан дүрмегін,
Өлім екен сабыр, ұстам – күрмеуім,
Өмір екен сені құшқан күндерім...
Одан басқа еш бақытты білмедім!
САЯБАҚТА
Маусым туып жасанды жер,
Қара тасқа қашалды зер.
Таңды құшып толқып жатыр,
Саябақта жасанды көл.
Гүл қонды көл жанарына,
Тасқа түсті қара қына,
Қара қыздың атын жазды ұл,
Көлдің бетон қабағына.
Нұр деп сүйсін таңды жаға,
Гүл деп құшсын жарды бала
Жасанды көл – соған куә,
Ол – жазылмас мәңгі жара
Күрсінеді кәрі қала,
Күнә қысып, қамыға ма?
Маусым өтті, айналада
Бәрі ескі – бәрі жаңа.
Жүректе өшті асау жігер,
Қара түнге қашалды зер.
Ескі қала, ескі – жаңа,
Ескі жара – жасанды көл...
ЫСТАМБҰЛ. «ТҮРКІСТАН» РЕСТОРАНЫ
(Сервет Қабақлыға)
Ыстамбұлда...
Тынған шақ жаз дүбірі,
Күрең күздің ырғалған назды жыры.
Қаздың үнін әкелген құлағыма,
Есет шайқы сыңсытқан саздың үні.
Шектерінен шетін бір шер төгіліп,
Арман-әнін Айға айтқан ертегі ғып.
Көмкеріліп кеудеме көркем үміт,
Күздің кеші барады төңкеріліп.
Сазға елітіп сыңсыған Сервет сері,
Оны да енді шайқының жеңбек шері.
Шербет сөлін жүрекке шер ғып құйған,
Өлең неткен өзімшіл өрмекші еді!
Өрмегінде шырқырап шыбын-ғұмыр,
Жырмен дұға оқимын күбір-күбір.
Ғұмырлы жыр жазам деп, мұңға батып,
Ізсіз-түзсіз ілескен іңірге іңір.
(«Түркістанда»
Ырғалған Ыстамбұлда,
Есет қардаш жырынан ұшқан нұрға
Шомылады жанымның жазирасы,
Мекен болмас ол енді мыстан мұңға!)
Ермек дей ме, өмірді өрмек дей ме –
Өрге қарай ұмтылып пенде өтпей ме!
Саздың үнін сағынған сәттерімде,
Қаздан сәлем жолдармын Сервет-бейге...
Мың екінші түн
Қап-қара түнді жапты бүркеніп ел,
Аппақ Айдан көмескі мұң төгілер.
Жетім ұшқын жамырап су бетіне,
Айналды кеп аспанның суретіне.
Шатыршаға Тәңір шал қонды-дағы,
Шертіп қалды сиқырлы домбыраны.
Сол-ақ екен жұлдыздар жымың қағып,
Бағандарға жайғасты нұрын жағып.
“Құс жолы” боп тартылып Тоқырауын,
Балықшы қарт мәз болды тоқып ауын.
Түн көрпесін жапқанда бүркеніп ел,
Ұшып келді қаптаған жын-перілер.
Тоғай ішін шулатып тінтеді жел.
Тал-қайыңды тентек жел жұлмалайды,
Шу-дүрмекке таңырқап түн қарайды.
Шаң қоршаса жұлдызды, нұрлы арайды,
Жөргектегі сәби жын іңгәләйді.
Түн тербейді бесікті жаны ашып бір,
Пері сұлу мас болып адасып жүр.
Сай-саланы басқанда қараңғы анық,
Жосалының баурына алау жағып,
жарқыратып, құрмақ боп сәнді арай бақ,
Мас сайтандар қаптады қалбағайлап.
Дию бұлттар аспаннан андағайлап,
ақ семсерін майысқақ талға байлап,
билеп кетті олар да жынға аралас.
Сауық-сайран түнінен құр қала алмас.
Тау баурайын жағалап байғыз күліп,
Жарқанат қыз ұшып жүр тыр-жалаңаш...
Кемеріне жеткенде дүбір-дүрмек,
Көкжиекті қан қылды қызыл нұр кеп.
Су бетіне шуағын бүркіп арай
шашқанында,
барша жын тым-тырағай
қаша кетті,
бос қалып жынды жұмақ.
Тек Жосалы тау ғана тұрды жылап.
Ол да қызып қалған-ау шарап ішіп,
Ал батыста түн менен таң алысып,
Арқасына Ай-қызды мінгізіп ап,
Дию-бұлттар аспанға барады ұшып...
Сексеуіл
(микропоэма)
...Күнәға кешірім жоқ ешқашанда,
Тірлікті қайта бастан бастасаң да.
Кемді күн қызық дәурен өте шығар,
Кешігіп кешу айтып қоштасарға.
Сол күнді қапияда жетсе білмей,
Өксікке айналады көксеуің кей.
Кеулейді көкіректі күйінішің,
Ішіңе біткен бір түп сексеуілдей.
Түбірі сексеуілдің кіндігіңде,
Тамыры – қылған күнә тірлігіңде.
Тынарсың ел көшіне қосыла алмай,
Қуарып, құр елітіп мың дүбірге.
Сексеуіл - шағылда өскен жан бауырым,
Жасынан жанып келген қандауырын.
О-дағы көшкен елмен бірге жөнеп,
Бастаған әр шаһарда зар дәуірін.
Қалада – тас көшелі, шағылсыз жар,
Табаның тасқа тиіп, жаның сыздар.
Қаңбақша қалың қазақ жөңкіледі,
Көндірген тәртібіне тамырсыздар.
Тас қала, тасты жарған қарағай жоқ,
Тау да жоқ, тау көтерер Толағай жоқ.
Ақсақал ақыл айтар, баладай боп,
Бала да бассыз өсер шалағай боп.
Құм да жоқ, топырақ жоқ тамыр басар,
Тас жолдан сая таппай сағым қашар.
Қазаққа жаны жақын сексеуіл де,
Бауырға бауыр басып қауымдасар.
Қайтеді ол құм таппаса байланарға,
(Тағдыры тура бізбен сай болар ма?!)
Қазақтың кеудесіне түсіп кетер,
Бір күні тойдан шаршап жайрағанда.
Сексеуіл сүйіп өскен күнді, жерді.
Тағдырдай тасқа жазған тірлігі енді.
Найқалып нән қалада көшіп жүріп,
Табады талай ұлды құм жігерлі.
Табады талай жанды мұңы есілген,
Көшеден, кинозалдан... күресіннен.
Ішіне бітеу бітіп жанын қинар,
Тірлігін тәмәм қылып күле сүрген.
Зар бұта тамыр жаяр жас тәніңде,
Енерсің елден кетіп, басқа өмірге.
Елітпей еш сезімге, жасқа, гүлге,
Азыққа аттанарсың аш қабірге.
Сыр да жоқ, сымбат та жоқ, тілек те жоқ,
Телміріп санаңдағы түнекке көп.
Сексеуіл кепкен бұта сықырлайды,
Одан тек құтқарады жүректегі от.
Одан тек құтқарады жүрек қана,
Жүректе лапылдайтын бір от дара.
Өртеніп өзегіңе жалын бітсе,
Болады санаңдағы түнек те ада.
Шоғындай сексеуілдің қайран жастық,
Маздамай, әз басыңа байланбас құт.
Біз неге қалаға кеп қаңтарылдық,
Біз неге қырдан қаштық, сайдан қаштық?!
Біз неге ұмытамыз ел аңызын?
Бұтағы сексеуілдің салады ызың.
Біз неге бас тартамыз бар тарихтан,
Біз неге тыңдамаймыз ар арызын?
Біз неге жат боламыз құм-шағылға,
Тұтқын боп түнектегі тұмса мұңға?
Бұтағы сексеуілдің – екі қолым,
Аңырап аза жатыр құрсағымда.
Аңырап дала жатыр, қала жатыр.
Жақындап қалғаны ма заманақыр?
Теседі жүрегіңді сор сексеуіл,
От болып өртенесің қара да тұр.
...Қазақтың ескен жыры, көшкен құмы,
Таппаса тірлігіңнен еш белгіні.
Басталар бұл далада алапат өрт,
Сексеуіл жүрегіңді тескен күні!
Ақтоғай
Тағдыр ләмі тізілетін тақтадай
Жадыма әкеп жазып берген Һақ-талай.
Жүректегі жырларымның ұйқасын,
Сенен табам, сенен алам, Ақтоғай!
Көк пүлішке салған уыс мақтадай,
Көктен саған арбалады аппақ Ай,
Жерде жүріп сенен алыс кеткенмен,
Аңсарымды жүрегімде сақтағай!
О, Ақтоғай!
Арай-нұрлы Ақтоғай!
Уақыт деген зулайды екен тоқтамай,
Сол баяғы сәл мұңдылау қалпымда,
Саған келіп тұрмын бүгін, Ақтоғай.
Аппақ нұрың – тірліктегі жарығым,
Ардың өзін Ақтоғай деп таныдым.
Ақ қайың боп жапырағым жайқалып,
Тоқырауын боп тоқыраған тамырым!
Бегазыдай жұмбақ едім бұл елге,
Ақсораңдай сұңғақ едім дүр елге.
Жыр-жасын мен қара өлеңмін біреуге,
Құмға сіңген кәрі өзенмін біреуге.
Ару қызға алғаш айтқан сөзім де –
Арлы жүрек арқалаған төзімде,
Ақ өмірге аяқ басқан кезім де –
Сенен жұққан жұпары құт сезімде,
Көне күндер керуені көзімде...
Мені қосқан тірлік деген бәйгеңнің,
Сөресі де, мәресі де өзіңде!
О, туған жер!!!
СҰЛУ ӨЗЕНІ
Қырды асып Сұлу өзен сылаң қаққан,
Тұмшалап сай-саланы тұман жапқан.
Жалында қарагердің дəурен өтті,
Бойында қаражолдың шұбалды ақпан.
Ақпанның кешіндей-ақ келте дəурен –
Адасқан ақтүтекте селтең-əурең.
Өзеннің мұзын құшып əн созған кім
"Айнада дəнекерсің, еркем-аумен?!"
Мұз болып сылқым Сұлу қатып қалған,
Тұсында дамылдап тұр уақыт-жалған.
Өлсе де өңін бермес өзендер-ай,
Құм емес, өзегіне жақұт толған.
Көктегі Ай ынтық қылған бозбаладай,
Көктем боп мұзды сүйген боз далам-ай.
Сұлудың сүмбіл шашын созған арай,
Іштегі талай шерді қозғағаны-ай.
Қарагер қара жолдан шығып кеткен,
Ақпанда, ақтүтекте ығып кеткен.
Тұлпардың оқыранған үнін аңсар,
Сұлуға сырға салар жігіт-көктем.
Ақпанның кеші келте, күн де суық,
Қарагер қырдан асар бір көсіліп.
Өмірді өзіңменен бірге сүріп,
Қара жол шұбалады түнге сіңіп.
Қара жол шұбалады түнге сіңіп...
Ауыл. Түн. Шибөрілер...
(Әсет бауырыма)
Шибөрінің даусындай шаңқылдаған -
Түн жұлқиды санамды салқындаған.
Алқымдаған аптаптан қашып шығып,
Керек бүгін сыраны тарту маған...
Шибөрінің тобындай тақай алмай,
Дос қашақтап, алысқа жат аялдай -
Өмір өте шықты осы елуге кеп,
Баяғының шалынан бата да алмай.
Шибөрінің тобыры бата алмады -
Сүйген ұлы елінен бата алмады.
Жапандағы моладай түршігемін,
Күрсінемін күніме қатардағы...
Біздің туыс қасқыр ғой, қорқау емес,
Жапан түзде жабықсаң - жортар елес.
Сорпаға өңеш жібітпес түздің аңы,
Жығып салар жеміт те ортақ емес...
Шаңқылдаған дауысын-ай шибөрінің -
Қаңқылдаған қаз қонбай күй-көңілім!
Бес күн жалған - жемтігі қу тірліктің,
Бес-ақ шумақ шимайға сыйды өмірім...
Шаңқылдаған дауысын-ай шибөрінің...
