Омар Жәлел. Әркімнің өз Абайы болуы керек...
Биыл қазақтың бас ақыны хәкім Абайдың туғанына 181 жыл толып отыр. Небәрі елу тоғыз жыл ғұмыр кешкен ұлы ағартушының шығармалары бүгінде әлемнің алпыс тіліне аударылған екен.
Әр сөзі – терең тұңғиық, әр ойы – шексіз кеңістік болған Абай жайлы Мұхтар Әуезов ең алғашқы мақаласында: «Басқа ақындар аз білімін сөздің ажарымен толтыруға тырысқан. Абай сөздің ажарына, сыпайылығына қарамай, әр нәрсенің бар қалыбын сол қалыбынша дұрыс айтуды сүйген. Абайдың терең пікірлі сөздерін қарапайым жұрттың көбі ұға алмай, ауырсынады. Абайдың өлеңдерін мың қайтара оқып, жаттап алып жүрген адамдардың да Абайдың кейбір өлеңдерінің мағынасын түсініп жетпей жүргендерін байқағаным бар, осының мағынасы не деп сұрағандары да бар», - деп ойшылдың даналыққа құрылған әр шығармасының салмағы батпан, мағынасы терең екенін жеткізген. Осы орайда Абай Құнанбайұлының еңбектерін зерттеп, елге насихаттау арқылы рухани жауапкершілікті мойнына алған, елімізге танымал абайтанушы Омар Жәлелмен ақын шығармашылығы жайында әңгіме өрбітіп едік. Сол сұхбатты оқырманға ұсынып отырмыз.
- Әңгімемізді Абай шығармашылығына деген қызығушылығыңыздың қашан оянғанынан бастасақ. Абай әлемін зерттеп, оны тереңнен тануыңызға не түрткі болды?
- Жалпы Абай атамыздың шығармаларын балалық шағымнан сүйіп оқып, жас кезімнен тереңіне бойладым демей-ақ қояйын. Мектеп қабырғасында оқушы болып, өлеңдерін жаттаған шығармыз. Бірақ ол кездерде тұғыры биік Абайды зерттеу деген ой болмады. Тіпті әскерде жүргенде де Абай шығармасына деген қызығушылығым оянбаған еді. Жиырма жасымда Қарағанды мемлекеттік университетінің тарих факультетіне оқуға түскеннен кейін, ойшылдың еңбектеріне ақырындап ден қоя бастадым. Ақынның «Жігіттер ойын арзан, күлкі қымбат» деген мағынасы терең өлеңін алғаш оқығаннан-ақ ғашық болдым. Бірден жаттап алдым. Сол өлеңі кейіннен өміріме шамшырақ болып, жарығымен жол сілтеді. Осыдан соң «Абай» атты алып әлемге өз екпініммен бойлай бердім. Хәкімнің қай шығармасын алып қарасақ та, даналыққа деген махаббатты көреміз. Бәлкім мені Абайға тартқан дәл осы даналыққа құштарлық болар деп ойлаймын. Себебі менің бойымда да атаның қаныменен, ананың сүтіменен дарыған даналыққа деген ізгі сезім бар. Абай осы сезімімді арттырып, пәлсапаға толы шығармаларымен өзінің тереңіне қарай тарта түсті.
- Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Мұхтар Әуезов сынды Абай әлемін зерттеген ұлы ғалымдардың ізін басқан абайтанушы ретінде қазақтың рухани ұстазы, кемеңгер ақынның данышпандық тұлғасы жайлы не айтасыз?
- Абай – көпті көрген әжесі Зеренің тәрбиесінде болған жан. Шын есімі – Ибраһим болғанымен, әжесі «Абай» деп еркелеткен екен. Абайдың «Абай» деген есімінен-ақ бүкіл данышпандық тұлғасы көрінеді дей аламын. Жалпы «Абай» деген сөз қазақ тілінде «ес, жады» деген мағынаны береді. Өзбекәлі Жәнібековтың кезіндегі «Социалистік Қазақстан» газетінде жарық көрген бір мақаласында: «Біздің елде мынадай бір сөз бар. Бұл сөз біздің елдің абайында жоқ» деген сөзді айтты. Сонда әжесі дәл осы есімді қою арқылы бала Абайдың өміріндегі миссиясын анықтап беріп отыр ғой. Абайша айтсақ «миссия – мақсұт». Хәкімнің өзі де: «Мақсұтым – тіл ұстартып, өнер шашпақ»,- дейді. Халықтың абайы болсын, елінің есі, жады болсын деген мақсатта әжесі атын қойса керек. Қазақ халқының тағдыры Абаймен тікелей байланысты. Қазақтың есін жиып, етегін жинауға көмектескен дәл осы – ұлы ұстаз. Алла Тағала: «Пайғамбарлық аяқталды. Енді әр халыққа өз тілінде Алланың хикметін түсіндіретін ғалымдарды жіберемін. Ол ғалымдардың дәрежесі Бәну Исраильдің, Пайғамбарлардың дәрежесімен тең болады»,- дейді. Абай – тұтас ұлтқа Алланың өзі жіберген данышпан ғалымы дер едім.
- Президент бір сөзінде: «Интеллектуалды ұлт қалыптастыру идеясы Абайдан бастау алды»,- деген еді. Ұлттың рухани ұстазынан бастау алған интеллектуалдылық қазір қалай өрбуде?
Бұл оймен толықтай келісемін. Елдің ғылым-білімге көзін ашып, ұлтымызға интеллектуалдылықтың дәнін еккен – Абай. Жалпы ұлт өзінен өзі интеллектуалды болмайды. Интеллектуалды деген сөз – Абайдың лексикасында ақылды деген сөз ғой. Кез келген қоғамда, кез келген ұлтта көп болмаса да, ақылды адамдар болады. Бұрын оларды халық арасында «жақсылар» деп атаған. Сүттің бетіндегі қаймаққа, сорпаның бетіндегі майға теңеген. Және елді де сол жақсылар басқарған. Интеллектуалды дегеніміздің түбі – сол ел басқарған игі жақсылар. Шын мәнінде Абайдың интеллектуалды тұлғасы өзі айтқан ақылдылықта жатыр. Қазіргі қоғамда біздер сондай ақылды адамдарға мұқтажбыз. Сол себепті өскелең ұрпақ арасынан интеллектуалды адамдар тәрбиелеп шығаруымыз аса маңызды. Ол қалай болады десеңіз? Жауабы Абайда тұр. Ақынның «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» деген өлеңінде:
«...Ақылды қара қылды қырыққа бөлмек,
Әр нәрсеге өзіндей баға бермек.
Таразы да, қазы да өз бойында,
Наданның сүйенгені – көппен дүрмек», - дейді.
Қазіргі кезде сыни ойлай алатын адамдар қоғамға көбірек керек. Тіпті сыни ойлауға үйрететін, оны арнайы оқытатын оқу орындары да бар. Ал Абай оны ерте заманда-ақ, жоғарыдағы өлеңінде айтып өткен. Ақылды адамдардың ішкі таразысы да, қазы да өз бойында болады. Ел не дейді, көп не айтады деп жұрт сөзіне сүйенген надандардың қатарын көбейтпей, қара қылды қырыққа бөлген ақылдылар арқасында интеллектуалды ұлтты қалыптастыра аламыз. Ал интеллект дегеніміз – өте нәзік келетін жүректегі ақыл немесе парасат деп айтады. Санадағы ақыл есепке құрылса, жүректегі ақыл парасат пен сезімге құрылады. Негізінен қазақта бұрыннан әділдіктің қара қылын қақ жарған небір әділетті билер, білгір шешендер болған. Алайда Абай заманның күрделілігі мен ағымына сай, сол заманның түйіндерін дұрыс тарқата алатын, қара қылды қақ жармай-ақ, енді оны ұзынынан қырыққа бөлетін ақылдыларды тәрбиелеуіміз керек деп сол дәуірде айтып өткен. Бұл өсиеті біздің бүгінгі заманға да дөп келеді.
- Абайдың қара сөздері бүгінгі заманауи психологияның баламасы бола ала ма?
- Ойшылдың қара сөздері өз заманынан тыс жазылған деп айта аламын. Егер Абайдың қара сөздері тек өзі өмір сүрген заманының шындығын ғана бейнелейтін болса, онда ол XXI ғасырда актуалдылығын жоғалтар еді. Ал ұлы ақынның шығармашылығы оның ішінде, қара сөздері бүгінгі күнге, дәл біздің заманымызға арнап жазылғандай өз құндылығын еш жоғалтпаған. Себебі ақын қара сөздерінде заманнан тыс адам психологиясын, оның болмысын көтеріп отыр. Абай «заманға күйлемеген» ақын. Хәкім шығармаларында «Заманға күйлеу» деген ұғым бар, ол тіркестің мағынасы – заманның ығына жығылып, сол заманның сойылын соғу. Оны мына шумақтардан көре аламыз.
«Әркімді заман сүйремек,
Заманды қай жан билемек?
Заманға жаман күйлемек,
Замана оны илемек», - дейді ақын.
Яғни Абай заманды күйлемей, оны билеу керек дейді. Ұлы ақынның жырлап өткен психологиясы – ол адамның мәңгі өзгермейтін табиғаты туралы. Күншілдік, көреалмаушылық, сараңдық сияқты нәпсілік қасиеттер қай заманда да өзгермеген. Адамда жан барда, тән барда бойында болатын қасиеттердің терең психологиялық қатпарларын Абай әуелден ашып кеткен. Оны өзінің отыз сегізінші қара сөзіненде былайынша айтады: «Сіздерге адам ұлының мінездері туралы біраз сөз жазып, ядкар (естелік) қалдырайын. Ықыласпен оқып, ұғып алыңдар», – деген. Осылайша адам бойындағы жақсы және жаман қасиеттердің ара-жігін ашып, жіктеп берген.
- Өзіңіз өмірде ұлы ақынның қай қара сөзін жиі қолданасыз? Жалпы қырық бес қара сөзінің ішінде қайсысы болмысыңызға жақын?
- Руханиятымыздың тұғыры болған ұлы ойшылдың қара сөздері – даналықтың қайнар көзі. Қырық бес қара сөзін үнемі оқып отырамын. Бірақ өмірде бәрін пайдалана алмайсың, өйткені оған өрең жетпейді. Әр еңбегін оқыған сайын тағы бір жаңа қырынан ашыла түсетіндей. Осы тұста ақынның философиялық ойға толы мына тармақтары есіме түсіп отыр.
«...Сөз ұрлыққа жүре ме?
Кісі айтпаған сөз бар ма,
Тегіс ұғар қай құлақ?»,- дейді Абай атымыз.
Яғни қайсысын дұрыс ұғасың, өмірде соны пайдаланасың. Ал қара сөздерінің ішінде көбірек зерттеп, айналысқаным – отыз сегізінші қара сөзі. Кейіннен оның жеке шығарма екені мәлім болды. «Кітап тасдиқ» деп айтамыз, яғни «ақиқатты растау» кітабы. Философиялық трактат болған отыз сегізінші қара сөзін өмірде өзім үшін жиі пайдаланам деп айта аламын.
- Хәкім атамыздың жетінші қара сөзінде «тән құмары» мен «жан құмары» турасында айтылған. Осы тепе-теңдікті қазіргі қоғамда қалай дұрыс сақтауға болады?
- Абай шығармаларында «жан құмары» мен «тән құмары» жайлы керемет айтылған. Ақын «тән құмарын іздейсің күні-түнде» деген бір-ақ ауыз сөзімен біздің қазіргі жағдайымызды сипаттап кеткен еді. Шындығында біздер қазір «жан құмарын» ұмытып кеттік. Мысалы, баланы мектепке көрсін, білсін, оқысын деп береді. Бірақ бүгінгі заманда одан гөрі көп ақша тапсын деген түсінік алға шығып кеткен. Балам ғалым болсын, хәкім болсын деп емес, балам бай болсын, көп ақша тапсын деген түсінікпен түрлі элиталық мектептерге беріп жатамыз. Балабақшаны, мектепті, жоғары оқу орнын балаларымызға таңдап беріп, жақсы қызметке тұрасың, жақсы ақша табасың деп қаршадайынан үйретеміз. Ал негізінен «жанның құмарымен» өмір сүретін уақыт әлдеқашан келді. Шын Абай сол кезде басталады. Жанның құмары деген – ғылым-білімге деген ерекше махаббат. Ол туралы ойшыл жетінші қара сөзінде былай дейді: «Жас бала анадан туғанда екі түрлі мінезбен туады: біреуі – ішсем, жесем, ұйқтасам деп тұрады. Бұлар – тәннің құмары, бұлар болмаса, тән жанға қонақ үй бола алмайды. Һәм өзі өспейді, қуат таппайды. Біреуі – білсем екен демектік. Не көрсе соған талпынып, жалтыр-жұлтыр еткен болса, оған қызығып, аузына салып, дәмін татып қарап, тамағына, бетіне басып қарап, сырнай-керней болса, дауысына ұмтылып, онан ержетіңкірегенде ит үрсе де, мал шуласа да, біреу күлсе де, біреу жыласа да тұра жүгіріп, «ол немене?», «бұл немене?» деп, «ол неге үйтеді?» деп, «бұл неге бүйтеді?» деп, көзі көрген, құлағы естігеннің бәрін сұрап, тыныштық көрмейді. Мұның бәрі - жан құмары, білсем екен, көрсем екен, үйренсем екен»,- деген. Бүгінгі қоғамда бәріміз тән құмарлығының жолында жүрміз. Сол жолда жүріп оқып, ғылыммен де өзімізше айналысқан боламыз-ау...
- Кемеңгердің кез-келген еңбегі оқырманды философиялық терең ойға жетелейді. Ақын тұңғиығына бойлау үшін әр шығармасын бірнеше қайтара оқып, өзінше түсінесің. Тұғыры биік Абай шығармаларындағы хакімдік қасиет жайлы не дейсіз?
- Хәкімдік дегеніміз – данышпан, данышпандықтан тұрады. Ұлы ойшылдың хәкімдік жайлы айтқан «Әрбір хәкім – ғалым, ал әрбір ғалым – хәкім бола алмайды» деген керемет сөзі бар. Абай дайын білімдер жүйесін яғни, дәлелдеуді қажет етпейтін ақиқат, аксиоманы – нақлия дейді. Оны отыз сегізінші қара сөзіндегі: «Бұл сөзіме нақлия дәлелім – жоғарыдағы жазылмыш Алла тағаланың есімдері» десе, енді бір тұста: «Дүниеде ғылым заһири бар, олар айтылмыштарды нақлия деп те атайды, бұл нақлияға жүйріктер ғалым атанады»,- деген жолдардан нақлияны тереңінен зерттегендерді ғалым дегенін байқаймыз. Ал енді ақын келесі бір ұғымды ғақлия дейді. Ол қандай ұғым десеңіз, ол – терең ой ойлау, сол арқылы түпкі себепті іздеу, Алланың хикметін, адамның болмысын танып-білу. Тағы сол отыз сегізінші қара сөзінде Абай: «Ғақлия дәлелім – Құдай тағала бұл ғаламды ақыл жетпейтін келісіммен жаратқан»,-дейді. Демек, ғақлия – бақидың сырын зерттеп, соның ақиқатына үңілу. Ал ақын ондай жандарды хәкім деген екен. Хәкімдік – ол Құдайдың қалағанына ғана берілетін тереңдігі. Абайдың бойына хәкімдікті Құдайдың өзі берген. Ол хәкімдікті түсіну үшін сол биіктікте болуымыз керек.
- Абайдың «Толық адам» ұғымын бүгінгі қазақ жастары қалай түсініп жүр?
- Жалпы бұл толық адам ілімін меңгеру үшін адам бойында үш негізгі қасиет болуы шарт. Ғылым, әділет, рақым. Яғни толық адам ілімін меңгерген жан ғылымды, әділетті, рақымды болады. Бірақ меніңше, бүгінгі біздер үшін бұл алыс перспектива. Әуелі ғылымға ғашықтық, ғылымды сүю мәселесін реттеп алуымыз керек. Себебі дәл осы толық адам қасиеті – ғылым-білімге деген құштарлық пен махаббат пайда болғанда ғана оянатын қасиеттер. Қазіргі ішсем-жесем деген дүние алға шығып тұрған қоғамда, адам бойындағы Абай айтқан «толық адамның» қасиеттері деклорация сияқты болып, жазылған қағаз күйінде қала беруі ықтимал. Ақын отыз сегізінші қара сөзінде: «...Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», - деп адамдықты дәл осы ғылым-біліммен байланыстырып айтып кеткен. Адам болудың әуелгі шарты ғылымға деген құштарлық пен ізденісте жатыр. Ал бүгінгі жастарда осы ғылымға деген құштарлық қаншалықты бар? Прагматикалық көзқарас, ішсем-жесем, ақша тапсам, бай болсам деген тән құмары өте үстем болып тұрған уақытта Абайдың толық адам туралы ұғымын айту бізге әлі де болса ертерек деп ойлаймын.
- Ұлы ақынның ұлтқа қалдырған өшпес мұрасын тереңнен зерттеген жан ретінде сіз Абайды бүгінгінің тілімен қалай сипаттап берер едіңіз?
- Абай – қазақ үшін мәңгі өшпес шамшырақ. Ілім-ғылымы – ұрпаққа қалдырған ұлы мұра. Біз ұлт ретіндегі болмысымызды, қазақи қасиетімізді сақтап қалғымыз келсе, әрдайым Абайды зерттеп, барар бағытымызды анықтағымыз келсе, әрдайым Абайды оқуымыз керек. Шыны керек, қазір Абайды халық тек мерейтойларда ғана іздеп, туған күнінде ғана ел еске алады. Ал негізінен біз ұлы ойшылды күнделікті тыныс-тіршілігімізге айналдырып, болмысымызбен біте қайнауы керек еді. Мәселен, елімізде әлі Абайды зерттейтін бірде бір мемлекеттік институт жоқ. Бізде Абайды, оның тереңдігін түсінетін адамдар кемде-кем. Мысалы, қытай, жапон, корей мемлекеттері сияқты шығыстың алпауыт елдері өзінің Конфуцийін асқақтатып, мемлекеттің саяси, экономикалық, психологиялық, стратегиялық, тактикалық шамшырағы ретінде ұстанып отыр. Ал біз Абай ілімін қаншалықты ұстанып отырмыз? Абайды өз дәрежесінде танытып, зерттей алып жатырмыз ба? Ақынның өзі: «Ғылым сатып мал таппақшы емеспіз, мал сатып ғылым таппақшымыз», - дейді. Қазіргі қоғамда қазақ керісінше ғылымды сатып мал тауып жүр. Сонда біздер Абай айтқан биікке қашан көтерілеміз? Әркімнің өзінің Абайы болуы керек деп ойлаймын. Марқұм режиссер Болат Атабаевтың «Менің өзімнің Абайым бар. Әр ақылды адам түбінде Абайға келеді. Келмеуі мүмкін емес», - дегені бар еді. Әр адамның өзінің ішкі әлеміне сапары болады. Иә, Абайды бар қазақ оқитын болар. Бірақ бар қазақ Абайдың тереңдігін түсінеді деп айта алмаймын. Абайды бойлап, жазғанын түсіну үшін жүрек көзі оянған, көкірегі сезімді, тілі орамды оқырман болуымыз тиіс. Оны ақынның өзі:
«Көкірегі сезімді, тілі орамды,
Жаздым үлгі жастарға бермек үшін.
Бұл сөзді тасыр ұқпас, талапты ұғар,
Көңілінің көзі ашық, сергек үшін», - деп айтып кеткен...
- Сұхбатыңызға рахмет!
