Туған күн иелері және порталдың кітап қоры

«Әдебиет порталының» негізгі бетінде күн сайын туған күн иелерінің суреті көрініс тауып жатады. Бұл авторлардың көбінің кітаптары мен оларға қатысты жазбаларды біздің порталымыздан табуға болады.

Туған күн иелері және порталдың кітап қоры - adebiportal.kz

«Әдебиет порталының» негізгі бетінде отандық және шетелдік қаламгерлердің туған күн датасына орай суреті көрініс тауып отыратын тұрақты дәстүріміз бар. Порталдың АВТОРЛАР бөлімінде ақын-жазушылардың, әдебиетшілер мен сыншылардың  кітаптарын, оларға қатысты мақалаларды  онлайн ашып оқуға болады. Мысал ретінде бүгінгі туған күн иелерінің порталымыздағы туындылары туралы қысқаша аңдатпа таныстырылым жасап өтпекпіз.

10 шілде – жазушы, журналист Заман Төлеуовтің туған күні. 

«Әдебиет порталының» онлайн кітапханасында жазушы Заман Төлеуовтің «Тыныс» және «Тірілген тастың күбірі» атты кітаптары порталдың кітапханасына жүктелген.

Қаламгерлердің өздері өмірден өтсе де, олардың рухани мұрасы халқымыздың игілігіне қызмет ете бермек.

Бүгінгі туған күн иесінің порталымыздағы кітабынан  үзіндіні назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Заман Төлеуов. Әдебиет туралы

Шебердің ісі – оймақтай ойды тарының қауызына сыйдырып, оған шексіз әлем дарыту...

***

Мәселені Ақын шешпес:

Ақын – айтар,

жеткізіп Арызыңды... 

Ақын – кетсең салғырт,

еске салар Парызыңды... 

Ақын – ара ағайын боп, 

қайтарысар Қарызыңды...

Ақын – бірге жоқтар таяқ ұстап, 

Қазақ деген 

шер маңдай Жалғызыңды...

***

Шеберліктің ең шырқауы - не жасасаң да әркімнің қолынан келетін сияқты оп-оңайлығы... Ал, оны неге шеберлік дер болсақ – оны әркімнің жасай алмауы...

***

Терезесі теңнің Сыны – теңдесі жоқ Сыбаға, терезесіз Түннің «сыны» – апарар өзін Жыраға…

***

СӨЗ туралы қанша сөз айтылды десеңізші. Десек те сол СӨЗДІҢ байыбына әлі күнге жете алмай келеміз... СӨЗДІ құрал деп есептеудің кесірінен оның бойындағы ЖАНДЫ сезбей жататын сияқтымыз. 

Бізше: күрек пен аша не, СӨЗ не - бір тектес болып кетті ме...

СӨЗ жеке тұрғандағы өзінің өңі мен ішкі мағынасын екінші бір Сөзбен жанасқанда қалай өзгертетін сиқырды меңгеру – шын шебердің ісі деп білемін. Сөзден заңдылықтарын сақтап, сөйлем құрай алу білімдінің шаруасы. Ал СӨЗДЕН ОЙ түзу ол, ол...

***

Көркем дүние: сурет пе өлең бе, ол қолдан ұрықтандырғандай жасанды әдіспен жаратылмас сірә, ол – соноу бір тылсымнан туған асыл сынды емес пе... Ондай дүниенің мүшелейтін қаңқасы да болмас, өйткені ол жұмыр тастай бітік жаратылар, егер жаратылса...

***

Өз ісінің шебері қателік жібермеуі тиіс. Шеберді сынаған кінәлі емес, сынға ұшыраған шебер кінәлі.

***

Исі Қазақ сөз зергерін АҚЫН деп ардақтады емес пе?! Осы қасиетін әркім әрқалай ұғатын асыл атаудың ОТАУЫ – күллі жазу дарыған Азаматтарға ортақ деп санаймын...

***

Сүрген өміріңді айта алған да бір өнер, адам айта алмайтын өмірді өткерген де бір өнер...

***

Ақын болар бала – о бастан сотақар келер, оның күндігіне шығаратын он айқасына «сау» адам төзе бермес, сондықтан оларды өз бетімен жіберген жөн. 

Себебі: олар сеңді бұзған «Крейсердей» жамандықты тарқатып, жақсылықтың жолын төсейтін Жанкештілер іспетті...

***

Бір «ақылсыз» қыздың газетке жазған хатында: «Я хочу прожить жизнь, как Сергей Есенин...» деген тілек бар еді. Шынайы ақынның шығармасы болмаса – өмірі адам қызығарлықтай бола бермес. 

Сондықтан оның өзін түсінуге ұмытылғанша – өлеңін оқып танысай...

***

Бір талантты да танымал ақынға жазылған алғысөзді оқып ойға қалдым. Анаған ана жері ұқсайды, мына жерінен мынауды шырамытамын деген сияқты теңеулерден аяқ алып жүре алмадым. Баласы – не нағашысына, не өз жұртына ұқсамаса көршісінен көретін қазақтың харакеті сияқтанды маған, бұл... Ал көршісіне де ұқсамаса бұны Тәңірдің өзі берген деп ерекше есіркер...

Сол сияқты ешкімді елестетпейтін көркем дүниені ҚҰБЫЛЫС деп атау орынды болар... ҚҰБЫЛЫС дегенімізді – тыңнан жаралған тылсымдық оралым десек, ол жұққан ақынның шығармасы қатардағы талдауға жатпас...

***

Аударма дегеніміз – бір нәрсені теріс қаратпа деген ұғым сияқты...

***

Аударма жасау дегеніміз – сірә, өсіп тұрған терек пе, қайың ба соны түбірімен қазып алып, өз бақшаңа қондырумен тең сияқты ма... әлде оны иіп, бұрап өзің қалаған ағаштың ұсқынын жасауға далбаса ма... тегі, байқағаным: кей шығарма аударылды дегеннің өзінде ішкі діңі туыстықпен майыспай, екі жаққа да жат тілмен сөйлейді...

***

Қазақта «қоспа» деген сөз – мал қосқанды айтады: біреуге мал қоссаң, одан кейде өз малыңды қайта ала алмайтын жағдай да болады... Сол сияқты «аударма» дегенді қалай десек екен... сынын бұзбай аудара жатсаң АУДАРДЫМ деп марқаясың... ал кейде кейбір аудармаларды оқып отырып, түсіну үшін оның түпнұсқасын іздеуге тура келеді. Сондықтан: АУДАРА алсаң Аудар, аудара алмасаң АУДАРМА дейміз бе...

***

Шығарманың құндылығы мен оқырманның алғырлығы қабаттасып жатса -таң шапағымен ояна сала сүйіктісіне күнде ғашық болатындай ғажап күйді кешер ме едің. Әр бетін қайта аударған сайын, жаңа сыр мен нұрды танып, мағынадан мағына тудыра берер ме едің... Ой мен Сұлулықтың шексіздігіне қайран қалар ма едің...

Баршаңызға тілерім – осы ләззатты түйсіну...

***

Біреудің сөз саптауы мен ой түзу сарыны ескіліктің нышанындай тереңнен қозғалып, кешені, бүгінді тіпті ертеңді де қамти алар... Ал енді біреу - бүгіннен алабөтен тартып, өзінің оқырманын келешектен көрер... Сосынғы бірдің тағдыры бүгінмен ғана астасып, иі қанбаған, жайдақ баянның ауылынан аспас...

Осы үшеуін де зерделеп, жігін ажырата түсінуге ұмтылған оқырман ғана Заманына сай келер... Себебі, жікке бөлінгенмен бәрі бір тұтас Руханият...

***

Көзінің тірісінде өз өнерінің қызығын көріп, дүниеге белшесінен батқан Эмиль Золяның дәулетіне тамсана тұрып, оның әрекідік киім-кешегін кепілдікке өткізіп, үстіне ақ кебін сияқты дәке жамылып, прован майын жаққан қара нан мен қара суды қорек етіп, өзінің атақты шығармаларын шатырдың қуысында отырып жазғанын еске ала бермейміз... Сосын өзіміз бірдеңе жаза қалсақ, алдымен атақты арман етіп, оның бейнетін өзгенің маңдайынан оқығанды тәуір көреміз...

***

«Классик» (танымал, белгілі, көрнекті т.т.) болу деген – жаңғырық қабылдамайтын жартасқа айналып қатып қалу емес шығар, әсте. Шынайы ғаламат шығарма әр оқыған, тыңдаған не көрген сайын жаңа қырдан танылып, ашылары хақ... Сондықтан жорта қолпашпен жасанды классик атанғандар жаңашылдықтан жұрдай келеді де өзгелердің ізденістерін түсіне бермейді... Баяғыдағы бетон бағыт соцреализм әлі бардай көретін сияқты ма, қалай?..

***

Қандайда шығармашылықтың түрімен айналысатын адамға «Жақсы кісі яки жақсы адам» деп баға беруге асықпаңыз... Өйткені, рухани болмысы басынан сипатпайтын ОЛ Сенің кесіп-пішіп сайлаған қалыбыңның дал-дұлын шығаруы мүмкін... Сондықтан айтуға тым ынтызар болсаң ОЛ қайтқан кезде ғана «Жақсы кісі» дер ме екенсің…

Шығарылымға әзірлеген Асылбек Байтанұлы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan