Сахнаға адалдық – өнерге адалдық

Актерлік өнер – жүрекпен сезініп, жанмен қабылдап, сахна арқылы көрерменге жеткізуді қажет ететін ерекше әлем. 

71

Сахнаға адалдық – өнерге адалдық - adebiportal.kz
Фото: Бахтияр Тұрсынның жеке мұрағатынан

Әр кейіпкердің тағдырын өз жүрегінен өткізіп, оның мінезі мен болмысын көрерменге нанымды жеткізу – нағыз актердің шеберлігін танытады. Осындай ізденіс үстіндегі жас таланттардың бірі – Астана қаласы әкімдігінің Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік комедия және драма театрының актері Ермахан Жұмабек. Театр сахнасының пердесі ашылған сәтте актер үшін уақыт та, кеңістік те өзгереді. Күнделікті өмірдегі адам бір сәтте басқа тағдырдың иесіне айналады. Ол енді өз атынан емес, кейіпкерінің атынан сөйлейді. Оның қуанышы – кейіпкердің қуанышы, мұңы – кейіпкердің мұңы, ішкі трагедиясы. Сондықтан,  актерлік өнерді сырттай бақылап түсіну қиын. Оның табиғатын сахнада жүрген адам ғана терең сезінеді. Кейіпкердің сөзін жаттау бір бөлек те, сол сөздің астарындағы сезімді көрерменге жеткізу – бір бөлек. Ол үшін актер талмай ізденеді, көрермен алдында барын салады. Ермахан Жұмабек үшін де әрбір рөл – осындай шығармашылық ізденістің жаңа баспалдағы. Ол театр сахнасында әртүрлі жанрдағы қойылымдарға қатысып, сан алуан мінездегі бейнелерді  нұсқалап  келеді. Жас актердің көзіме оттай басылып, назарымды аудартқан  «Қош махаббат» драмасындағы Асан мен «Келіндер көтерілісі» комедиясындағы тілші бейнелері.  Екі рөл, екі тағдыр, екі өмір.  Бір қарағанда, бұл кейіпкерлердің арасында байланыс жоқ секілді. Бірі – драманың салмағын арқалаған бейне болса, екіншісі – комедиялық қойылымның шырайын кіргізетін кейіпкер. Алайда екеуін біріктіретін бір дүние бар. Ол – актердің әр образға өз болмысын емес, кейіпкердің табиғатын тануға ұмтылысы.

  «Қош махаббат» драмасындағы Асан – Ермахан- тереңірек үңілуді қажет ететін кейіпкер. Драмалық сахнада актер үшін сыртқы әрекеттен гөрі ішкі сезімнің маңызы зор. Кейде бір ауыз сөзден гөрі үнсіздік көп нәрсені аңғартады. Бір қарас, бір қимыл, бір сәттік кідіріс кейіпкердің тұтас жан дүниесін ашуы мүмкін. Асан бейнесі де актерден осындай ішкі жинақылықты талап етеді. Кейіпкердің сезімін көрерменге жеткізу үшін актер алдымен оның жан әлемін түсінуі керек. Оның неге қуанатынын, неге қиналатынын, қандай шешімге не себепті келетінін сезіну – образ жасаудың негізгі тетіктерінің бірі. Асан-ол «Қош махаббат» драмасындағы байланыстарды, тартыстарды ұстап тұратын бейне.  Ермахан Жұмабектің Асанды сомдауы осы тұрғыдан актердің драмалық бағыттағы ізденісін байқатады. Ол кейіпкердің әрекетін жай ғана орындаушы ретінде емес, оның ішкі болмысын сезінуге тырысатын актер ретінде жеткізуге ұмтылады.

Сахнада Асан-Ермахан  өмір сүрген сайын көрермен оның тағдырына жақындай түседі.  Ол Бануға қол жеткізіп, отбасын құрғанымен, Бағдаттың өнеріне, шығармашылығына бас иеді. Ермахан-Асан-сахна алаңында осы арқылы ақтауға тырысады. 

Ал «Келіндер көтерілісі» комедиясындағы Тілші бейнесі – мүлде басқа әлем. 

Тілші рөлінде Ермахан Жұмабек комедиялық жанрдың ерекшелігін ашуға мүмкіндік алады. Бұл жерде актердің дауыс ырғағы, мимикасы, пластикасы, сахналық серіктестерімен қарым-қатынасы ерекше рөл атқарады. Тілші бейнесі арқылы Ермахан Жұмабек өзінің актерлік мүмкіндігінің тағы бір қырын көрсетеді. Көрерменге көңіл-күй сыйлай отырып, қойылымның оқиғасына өзіндік бояу қосады. Комедиядағы Тілші-Фармон бибінің отбасындағы тартысты оқиғаларға көрік береді. 

  Актер үшін ең қызығы да, ең қиыны да – бір кейіпкерге байланып қалмау.Өйткені әр рөл актерден жаңа мінез, жаңа дауыс, жаңа жүріс, жаңа психологиялық күй талап етеді. Бүгін сахнада Асан болып мұңайған актер ертең Тілші болып көрерменді күлдіреді. Бұл – актерлік өнердің ерекшелігі. Ол өз өмірін емес, ондаған адамның өмірін сахнада сүріп өтеді. Бір рөл – махаббат туралы ойландырса, екіншісі – отбасылық қарым-қатынастың қыр-сырын әзілмен көрсетеді. Бірінде көрерменнің жүрегіне жол табылса, екіншісінде жүзінен күлкі көрінеді. Бірақ екі жағдайда да актердің мақсаты бір – көрерменге әсер ету, ой салу, сезім сыйлау. Ермахан Жұмабектің шығармашылық жолындағы бұл рөлдер де оның сахна өнеріне деген қызығушылығын, ізденісін аңғартады.

Сахнада жасандылықты көрермен бірден сезеді. Сондықтан актердің кәсіби шеберлігі оның техникалық мүмкіндігімен ғана емес, кейіпкердің өміріне қаншалықты сендіре алғанымен өлшенеді. Ермахан Жұмабектің актерлік ізденісінің бір қыры осында жатыр. Асан мен Тілші бейнелері арқылы ол драмалық және комедиялық бағыттың айырмашылығын сезініп, әр жанрдың сахналық табиғатына бейімделіп келеді.

Әзірбайжан Мәмбетов атындағы мемлекеттік комедия және драма театрының сахнасы – актер үшін үлкен шығармашылық мектеп. Мұнда әр спектакль көрерменмен тікелей байланыс орнатудың мүмкіндігі болса, әр рөл – актердің кәсіби шеберлігін шыңдайтын тәжірибе. Сахнада бірнеше сағат өнер көрсету үшін актердің артында күндер мен айларға созылған дайындық тұрады. Ал көрермен сол еңбектің нәтижесін бір ғана спектакль барысында қабылдайды.

 Сондықтан сахна – актерден адалдықты талап етеді. Өнерге, кейіпкерге, көрерменге адалдық. Ермахан Жұмабек те өзіне берілген рөлдер арқылы осы жауапкершілікті сезініп келеді. Асанның жан толғанысын жеткізу мен Тілшінің комедиялық болмысын ашу – бір-біріне ұқсамайтын екі міндет. Бірақ актер үшін екеуінің де ортақ тұсы бар: кейіпкерді шынайы өмір сүргізу.

Актердің шығармашылық жолы бір ғана рөлмен өлшенбейді. Бүгінгі Асан мен Тілші – Ермахан Жұмабектің сахнадағы ізденісінің бір бөлігі ғана. Ал алда талай кейіпкер, талай спектакль, талай шығармашылық белес бар.

Әр жаңа рөл актердің мүмкіндігін кеңейтеді. Әр жаңа спектакль оның тәжірибесіне тәжірибе қосады. Ал көрерменнің ықыласы оған қанат бітіреді. Ермахан Жұмабектің де өнер жолындағы ізденісі осындай қасиеттермен өрілсе, оның сахнада сомдайтын жаңа бейнелері көрерменге талай сыр айтып, талай ой салары сөзсіз. Себебі театрдың өмірі – шымылдық жабылғанда аяқталмайды. Керісінше, көрермен залдан шыққаннан кейін де сахнадағы кейіпкерлердің сөзі мен тағдыры адам жүрегінде жалғаса береді. Сахнаға адалдық – өнерге адалдық. Ермахан Жұмабектің шығармашылық сапары да осы адалдықпен жалғасын тапқай! 

Бахтияр Тұрсын,

театртанушы

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan