Бүгінгі туған күн иесі
Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӘҢГІМЕ
Дәурен Қуат. Нағыз еркек......

26.06.2020 5969

Дәурен Қуат. Нағыз еркек... 18+

Дәурен Қуат. Нағыз еркек... - adebiportal.kz

(әңгіме)

– Қалдыаяқовқа шейін бе? Кел, отыр, інім, жеткізіп салайын. Бірақ, тегін емес, әрине. Бұрын ғой, ауылда көкқасқа «Газиктің» кабинасын қойып, қорабын да адамға толтырып алып тарта беретінбіз. Ол кезде қара жолдың бойында қарайып тұрған пендені көзге ілмей кету ұят еді. Шанда бір шаңдатып өте шықсақ, жолаушы сыртымыздан: «Дөңгелегің шашылып қалғыр», – деп қарғайтын. Ойпырмай, сонда қарғыстан қорқушы едік, қазір қарғысыңды ұрмайды ешкім. Жол үстіндегі мүсәпірді алғысы келсе, алады, алса, ақысына алады. Алмаса, тастап кете барады. Ілгеріде біз «пәленбайдың тақымына көлік бітіп, кісі танымай кетіпті» дейтін сөзден қашатынбыз. Ал, қазір не, күнкөріс... күнкөріс үшін әкеңнен ақы сұрайсың. «Теңге» деген құдіретке бәрімізді құл қылып, телмеңдетіп жіберді мына заман. Заман қиын, бауырым. «Каптиал» дейтін шығармасында Карл Маркс адамның ақшаға табынаты туралы айтқан. Дұрыс айтқан екен, итің. Қызық, ә, ақшаны адам қолдан жасайды, сөйтеді де оған тәуелді болады. Мен осыны түсінбеймін. Ақшаға тәуелдіміз. Несиеге тәуелдіміз. Несие демекші...

Көлік иесі жағын сауған сөзшең жан екен, мені есінен шықпаған ескі танысындай көріп, әңгімені сабап келеді. Сәл кексе тартқанымен өзі былай, кескінді ер, байқаймын: адамның бейнесін қырынан салуды іздеп жүретін суретшілерге таптырмайтын бітімді келбетіне жал мұрыны жарасым тауып қона қалыпты.

«Несие демекші» деп ол әңгімесін айта түседі.

– ...Қызымызды ұзатып той жасадық. Қатын қағынып: «Той жасағаннан кейін тойды той қылып жасау керек», – деп құлағымды қажап болмаған соң, банктен несие алдық. Дүрілдетіп той қылдық. Жасау-жабдығына жиған-тергенім жететін еді, қатын: «Қызымыздың киімін бүтіндеп аттандырайық», – демесі бар ма. Мен байқұс: «Қызымыз қайын-жұртына жалаңаш бара жатқан жоқ қой», – деп тырысып баққам. Оған қарайтын қатын ба, шашын шашып, жер тепкілеп отырып, қыздың қолына бриллиант тағып, үстіне қымбат тон кигізіп аттандырдық. Құдаларды да алтынмен аптап, күміспен күптеп, әбден малындырдық. Соның бәрі әншейін тыраш, жұрттан қалмау, бәсеке, басқа не дейсің. Қыз кетті, біз қалдық, несие қалды... содан міне, жүрісім осы: жұмыстан босай салысымен қаланың бас-аяғына шапқылап, жолаушы тасимын, таксистпін.

Шырайлыма шалқыған көңілмен бара жатыр едім, көлік иесінің гөй-гөйін тыңдағым келмей тартынып:

– Таксишілерге «қылаң ұрған қыз-келіншектер үйір» деп естимін, рас па? – деп тосын сауал тастадым.

– Рас, – деді көлік иесі. – Осыны айтты да ол жаңағы жабығыңқы әңгімесінен тез арылып, жадырап, түлеп сала берді.

– Рас, өткенде бір орыстың сұлу маржасын «Таулы қыраттағы» үйіне апарып салғам. Ымырт үйрілген шақ еді, етегі ақ балтырын қымтауға жетпейтін жұқа шыт көйлек киген бикеш қол көтерді. Машинамды кілт тоқтатып: «Отырыңыз», – дедім. Отырды. Отырғанда тура қасыма кеп отырды. Тәтті, жұмсақ әтір себініпті, жұпар аңқиды. Әдетте тәрбиелі әйелдер жүргізушінің жанындағы орындыққа жоламайды, ләжі болса, кабинаның артқы жағына тізе бүгеді. Ал мынау төңкерілген бөксесін алдымен тастап, кабинаға енді де, тап іргеме тақала жайғасты. Көйлегінің етегі санына түрілді. Мен көзіммен әдейі ішіп жеп қарадым. Ол қымсынбады. Бірден тілге келіп, сөзіміз жараса кетті. Байы бар екен, бірақ іссапарда жүр-міс. Екеуі бірін бірі сүйіп қосылыпты. «Женя жайсаң жігіт, әбден сағындым өзін», – дейді назданып. Мен оның сағынышын бек түсініп үлгердім.

Тауға қарай машинаны күштеп жүргізесің. Газды басып, жылдамдықты ауыстыра берген болып, қолыммен діріл қаққан аппақ санды сыпайы сипап өткем. Елемеген сыңай танытты. Жылдамдықты тағы бір ауыстырғанымда қолым сұлудың санын сығымдаған шолақ етектің үстінде еркін жатты. Қақпады. Ендігісі – еркін, батыл қимылдың еркінде. Еш дірілісіз оң қолымды етекке салдым да, алаңсыз түре бастадым. Сұлуым керіліп, басын оң қапталдағы айнаға бұрып, ыңғайыма көне берді.

Абажадай үлкен үйдің ауласына кіріп, машинамның моторын сөндіргенімде, бетіме тура қарап: «Алдымен ваннаға кіріп шығасың», – деді. Мен саған айтайын, інім, Еуропа нәсілді әйелдер майысып, өтірік сызылуды білмейді. Ұнадың ба, ойындағысын ақтарып салады.

Ваннаға кірдім, ол да кірді. Екеуміз ыстық су мен суық суды араластырып, рахаттана шомылдық та, ақ жаймаға айқаласа құладық. Менің төсек майданында төтенше тәсілім бар. Ынтық зарыма алғаш жолықсам да, асықпаймын: қолымды тар тақымның арасына жүгіртіп жіберіп, ұрғашыны естанды еткенше, жабысамын да жатамын. Ол ыңырсып, алпыс екі тамыры иіп: «Келші, кел», – деп шақырады. Мен «кел» дегенге келе қоймаймын, үйреншікті тәсілімді жалғай түсемін. Ана бейшараның сілесі әбден қатады, жалынады, міне, сол кезде ғана жалындап ұмтылам. Машаға да соны істегем. Мауқымыз басылып, мамыражай хал кешкен сәтімізде бейшара алқымымды тістелеп: «Сендей алапат еркекті бұрын соңды кездестірмеппін, келіп тұршы», – деп құмыға жылап жатты.

– Содан қараңызды батырдыңыз ба?

– Жоқ, ә! Машадай арудан алыстау қайда? Жиі жүздесеміз. Өзі іздейді, күн ара қоңырау шалады. Менің көшеде тентіреп жүретін кезімді дәл біледі. Сол кезде ғана қоңыраулатады. Үйде болсам мазаламайды. Өзі бай әйел. Құмары қанған сайын әмиянымды ақшаға сықап қайтарды. Несиемнің жартысын Машаның мырзалығының арқасында жауып біттім.

Көлік иесі Машамен арадағы махаббат машақатының майын тамыза әңгімелеп келеді. Мен Шырайлымды ойлап кеттім. «Шырайлым десе – Шырайлым-ау... Аппақ. Омырауы қандай! Ытырылып тұрады. Мүсінін жұқалап қана жапқан жібек халатымен алдыңнан еркелей шығып, мойныңа асыла кеткенде, тоқ мықыны солқ-солқ етеді ғой, шіркін, солқ-солқ етеді... Апаш-құпаш алысып, жан алысып жан беріскен кей сәттерімізде құмары басылмай, іле тоят тілейтінін сезетінмін. Мына кісінің тәсілін қолдану керек екен Шырайлыма... жалынсын ол да, жыласын...

– Машадан өзге де маржаларыңыз бар шығар? – дедім мен межелі жеріме жақындап қалғанда.

– Бар, жетеді. Гүзәлдар бар, қырмызылар бар, – деп ақтарылды көлік иесі. – Осы бетімде бір жас келіншекке бара жатырмын. Оның да тілегі – менмін. Солай, інім, ағаң сайранды салып жүр. Жас, әрі әйел затына жұғымды жігіт сияқтысың, сен де сайранды салып бақ, бауырым!

– Сайраныңыз таусылмасын!

Алып ұшқан көңілме орай көл-көсір әңгіме айтқан көлік иесіне сәттілік тілеп, Шырайлымның пәтеріне асыға басып келемін. Міне, көп қабатты, сәнді, зәулім үй. Міне, Шырайлым тұратын пәтердің қоңырауы. Бастым.

– Кім? – деген Шырайлымның сыңғыр үні естілді.

– Мен.

Есік ашылды, жеделсатыға аяқ арттым. 15-қабат. Шырайлым шырайлана қарсы алды. Екі бөлмелі бизнес-пәтер. Күйеуімен тұрғанда төрт бөлмелі пәтерлері болыпты. Ажырасқанда төрт бөлме екіге бөлінген.

– Жаным, сен сәл күте тұршы, мен шашымды кептіріп алайын, – деді Шырайлым. Ол мен келгенде үнемі жуынып-шайынып дайын отырады. Тап-таза. Тал бойында бір мін жоқ.

– Айтпақшы, – деді қолына шаш кептіргішін алып, – сен менің жеке фото-альбомымды көрген жоқсың, иә? Міне, көре бер. Мен қазір...

Альбом Шырайлымның сәби шағындағы суреттерінен басталады екен. Сәби Шырайлым, тұлымшақты Шырайлым, ақ бантикті Шырайлым, бұрымды Шырайлым және... келісті келбетіне жал мұрыны жарасым тауып қона қалған кісіге басын сүйеп шаттық құшқан Шырайлым. Мен суретке қырынан түскен адамның таныс бейнесіне көз алмай қарап қалыппын.

– Менің папам ғой, – деді Шырайлым, – нағыз еркек ол!

Көрнекі сурет: Ю.Е. Балыков "Ер адамның портреті", 1966 ж.


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар