Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
Дидар Амантай: ҰЛТ АҚЫНЫ немесе Ғарыш перзенті...

23.05.2016 3982

Дидар Амантай: ҰЛТ АҚЫНЫ немесе Ғарыш перзенті

Дидар Амантай: ҰЛТ АҚЫНЫ немесе Ғарыш перзенті - adebiportal.kz


олжас.jpg

Я есть море, и море во мне

Жак-Ив Кусто


Ұлы физика ғылымы ашқан, тегінде, анық дерек, айқын жайт, қала берді, асыл ақиқат бар.


Баяғы бір бағзы замандарда, піл сауырлы қара Жер, жеті қат көк аспан, жұлдыздар салған Құс жолы, тіпті, тарыдай шашылып жатқан қисапсыз ғаламшар, саны жоқ есепсіз ғарыштар, шексіз нығыздалған қараноқат дақ, ақтық нүкте ішінде өмір сүргенде, кенет бір сәт – тосын құбылыстан – дүние шалт өзгереді: тау қопарған орасан зор жарылыстан ұшан-теңіз әлем түзіледі. Зады, Олжас қазақ, түркі, адамзат кеңістігінде, ұлт, халық, нәсіл руханиятында, жаңа әлемді сомдаған Алапат Жарылыс болды.


Франция ақыл-ойына – Рене Декарт, Блез Паскаль, Шарль-Луи де Монтескье, Виктор Гюго, Марсель Пруст, Андре Бретон, Борис Вион, Жан-Поль Сартр, Алмания ақыл-ойына – Иммануил Кант, Георг Вильгельм Фридрих Гегель, Фридрих Вильгельм Йозеф Шеллинг, Иоганн Готлиб Фихте, Иоганн Вольфганг Гете, Христиан Иоганн Генрих Гейне, Фридрих Вильгельм Ницше, Макс Планк, Мартин Хайдеггер, Британия ақыл-ойына – Уильям Шекспир, Майкл Фарадей, Уильям Батлер Йейтс, Сэмюэл Батлер, Джеймс Клерк Максвелл, Стивен Хокинг ықпалдары тәрізді Олжас түркі-славян ой-санасына да қатты әсер етті. Билеп-төстеді.


Атомды жарған Резерфордтай Олжас таңбаларды жарды. Жарып, сырын оқыды. Дегдар ғалым атом құпиясын ашты, ойшыл ақын таңба жұмбағын шешті. Рас, Олжас қазақ, түркі, адамзат кеңістігінде, ұлт, халық, нәсіл руханиятында, жаңа әлемді сомдаған Алапат Жарылыс болды. Жарылыстан соң, ғаламзат тарихындағы алапат кезеңде, ғарыштардан құралған жаңа әлем жаралды, адамзат шежіресінде, жаңа заманды баяндаған алып дәуір басталды.


Ел-жұртты таңғалдырған таңсық құбылыс ғарыштай шексіз – ұлы дала бесігінде бөленіп өсті. Олжастың масштабы да, тақырыбы да, Отаны да космос болды. Космос қазақ жерінен басталады. Қазақ топырағы – космостың қақпасы. Кіріп-шығатын есігі. Сондықтан, космосты жырлаған, тұңғыш ғарышкерді жырға қосқан ақын, космостық масштабтағы шайыр қазақ елінде туды. Батырына ақыны сай еді. Гагариндей тұңғышқа Олжастай біртуар ақын керек еді. Танымның патшасы тұрлаусыз дүниеде, айнымалы көзқараста, сан алуан пікір нұсқаларында, көшпелі ойда, қысқа күнде қырық құбылған салыстырмалы шындықта тұрақтылық қалыптастырды. Құндылығын танымаған қауіпті заманда елге пана болды, халқына ес жидырды.


Бұл құбылыс бүкіл әлемдік ой-сана дамуына енші, жалпы адамзаттық руханиятқа тиесілі, ғаламдық өркениет жүйелеріне ортақ тосын жайт еді.


Әуелден, жазғаны елдің қамы, ат басындай мұңы еді, таңбаланып қаламынан төгіліптүскенде, алтын-күмістей жарқырады, шоқтай жайнап төңірегіне, самаладай ойнап жан-жағына– молынан жарық шашты, майы тоқ білте шамдай нұрға бөледі, жарық оттан, жанған от білімнен тараған еді. Қараңғылығы – көз, жолсыз бетпақ даласы тізе байлаған қара түнек ғарышты жарып шыққан сәуле, сызат берген таң, Тәңір жаратқандарды елең-алаңда алып оқиғаның куәсіне айналдырды. Шайырдың жүрегін жарып шыққан, қаламынан теніздей тасыған өлеңдер арғымақтардай асау, сұңқардай қанатты, арыстандай айбатты, қасқырдай сұсты(рухты), жолбарыстай қайратты, нөсер жауындай ағыл-тегіледі, інжу-маржандай құйылды, гауһартастай шашылды. Оқығанда, қағазда таңбаланған ой-пайым, ой-сана, ой-толғаныс, ой-ырғақ Хазар теңізіндей тулап жатты. Ойы да, өлеңі де телегей теңіздей ақын, парасаты да, патша көңілі де асып-тасқан абыздай падиша Олжас – табиғаттың сыйы еді. Қазаққа ырыс дарыды, бақ қонды, үйге береке кірді, шаңырақтың абыройы асты, ауылдың беделі артты, ұлттың маңдайы жарқырады.


Ғарыш перзенті – космос жайлы түс көріп, қиялында Құс жолына қол созған арманшыл, жұлдыздарға сапар шегіп, аспанды бағындырған ғарышкер адамзаттың – жорық жырына айналды. Таным көкжиегін кеңейткен Жиырмасыншы ғасырдың туы болды. Ғасыр ақыны ойдың асқақ шыңына шықты, танымның терең қойнауына түсті. Қаныштай білім алды, Марғұландай қызмет етті. Сыздық төре армандаған мұратқа Олжас жетті. Қыпшақтың жиені Игорьдің қарулы жасағы туралы дастанды меншігіндей көрген қалың елдің қалыптасқан ой-пікірін жау шапқандай дүрліктіріп майдан салды, Бір Діңгір тәңіріне табынған, жұртынан адасқан Шумерді бағыт сілтеп еліне қайтарды. Жоңғар батырын аттан түсіріп Абылайлап жауға қарсы жалғыз шапқан Әбілмансұр тәрізді ел басына күн туған қиын сәтте топ жарған Олжас, шынымен – ғарыш өзегін жарып шыққан алапат жарылысты құбылыс еді. Асыл жұртын сүйді, түркі халықтарын әлемге танытты, оғыз-қыпшақ, қала берді, қарлұқ жырын ұшпаққа шығарды. Олжас түркі тілдес ұлыстардың жолсапар, жортуылдардағы ұранына, Тұран жастарының үміт шырағына айналды. Әсілі, Олжастың жазғандарында ат тұяғының ескіден келе жатқан дабысы, тұлпарлардың шабысы, жекпе-жектердегі алып жүректердің дүрсілі, кең жазықтардың дүбірі, жорықтарға толы боз даланың сарыны, кіреукелі тархан батырлардың арыны бар. Сайыпқыран Шыңғысхан заманында туса, Олжас қол бастаған түменбасы болар еді.


Көп жазды. Қаламы тоқтаған жоқ, ойы сарқылған жоқ, сөзі таусылған жоқ. Олжастың қашан жазатыны жұмбақ, сосын, қанша оқығаны жұмбақ. Үнемі ел алдында, жұрт көзінде, халық ортасында. Бірақ, бәрін біледі. Түгел оқыған. Еңгезердей ақын еңселі көне грек пәлсапашылары, ұлы дала абыздары, көрші дао ойшылдары тәрізді алып-тұғын: ойы да, бойы да, сойы да. Жазғаны тегіс санатта, бірақ, оқыған кітабына сан жетпейді – елге беймәлім. Шынында, Олжастыкі – қайратты поэзия. Алғашқы алапат жарылыстан жаралған ғарыш перзенті қазақ жеріндегі соңғы жарылысты тоқтатты. Шайыр жоғалған халықтар туралы қалам тартты. Жоғалып бара жатқан белгілерді ашты. Талай ғасыр үнсіз жатқан түркі таңбалары оғыз-қыпшақ тілінде сөйлей бастады. Құпия белгілердің сырын ашқан данышпан құпия сырдың белгісі еді. Құпияны Олжастан таныдық, сырын Олжастан ұқтық. Олжас шығармаларының оқырмандары да өзіндей ақылды, зерделі, оқыған-тоқыған болғаны шарт. Абай айтқандай, ақыл – білімде. Білімсіз – ақын туындыларына жол, қақпасына кілт таппайсыз. Демек, Олжастың жалғыз түскен соқпағы – Абай жүріп өткен жолдың сілемі. Гуманистік сарындағы Хәкім ғақлияларының жалғасы. Мағжан тұтатқан түркілік рух алауы.


Ол кез келген мәселені тұтас ойлайды. Тұтас пайымдау үшін ғарыштай кеңдікті қамту қажет. Ғарыштай кеңдік білімде, сосын, адамгершілікте. Ел белгілі бір бөліктерді (детальдар) ғана көрсе, алып Олжас ойға салғанда, барлық ірілі-ұсақты бөлшектерді (детальдар) бірін қалдырмай түгел ескереді, ешкімнің несібесін ұмытпау қажет, басқаның ризығына қиянат жасамаған абзал. Олжас үшін бұл өте маңызды, себебі гуманизмнің бастауы – әділет, шырқауы – әділеттен де жоғары – кешірімділік, қайырымдылық және біреудің қайғысын өз басының жеке қайғысындай көру.


Елдің қамын жеу, халық жағдайын ойлау осыдан туды.

Олжас – азамат. Данышпан.

Мемлекет құрылысшысы. Ол мемлекеттердің тарихын жете зерттеді. Сандаған империялардың берік қабырғалары шаң-тозаңға айналып құлағанын, гүлдеп-жайнап тұрған талай өркениеттердің қапылық күйрегенін, көптеген мәдениеттердің – адамның күйген бақытындай – ойрандалғанын, шаңырақтары ортасына түскенін көрді. Бәрі үстем еді, ақырында жермен-жексен болды.

Бір ескілері сақталды, бір жаңалары орнықты. Бірақ, неге тарихта елдің бірі де, бірегейі де із-түссіз жоғалды, екіншісі, еншілестері – қалды? Неліктен? Олжас мәңгіліктің шартын іздеді, жұрттың мәңгі жасауына не кепіл екендігін тапқысы келді. Жаугершілікте, қиын-қыстау күндерде, бабаларымыз Кімге сүйініп, қандай құдыретті Күшті сүйеу көріп жорыққа шықты? Күрес әніне, жорық жырына қосып шырқаған жарқын мұраты туралы не білеміз? Тегінде, Олжастың сұрақтары көп еді. Ницшенің көше кезген мәңгілік сауалдары Жиырмасыншы ғасырда Олжастың есігін қағып тұрды. Бұл арысы Еңкі, Шумер, берісі оғыз-қыпшақ замандарынан келе жатқан, далада қаңғып жүрген сансыз жетім сұрақтар еді. Ата-тегін, шежіре сырын іздеген сұрақ белгілері Олжастан белгілі жауап күтті. Кейін, көне қыпшақ дәуірін терең зерттей отырып, Шумерге жетті, одан ары алғашқы адамзаттың бастау тіліне жету қиын емес-тұғын. Ол, тегі, ойдың бастауын, адамзаттың ана тілін іздеді. Су іздеген тәжірибелі құдықшыдайқай жерден құдық қазу қажеттігін адаспай дәл тапты. Құдықтың суындай таза, мөлдір, анық білім ғана қоғамды алға сүйрейтінін түсінді. Рас,бейнеті асқан елдің тарихы да кезінде бейнет көрді. Кешелері, тар есік, тар босағадан өткен, тар жерден майдан ашқан, ат үстіндегі – ат жалы, түйенің қомындағы, аумалы-төкпелі замандар сырын шерткенқастерлі шежіресі бұрмаланып, мехнап шегіп, азапқа түсті. Рас, ата-бабаларымыз түркі перзенті мәңгілік өмір сүрсін, ұрпағы үзілмесін,деп өсиет айтып, тауға барып, жартастарға терең таңбалар ойып салған екен.


Баяғының халқы жақсы таныған, қазіргінің елі оқи алмайтын мәтіндер тағдыр кешті. Көсемдар тұлға мінбеге шықты. Жұрт аузына қарады. Олжас заманында түркология мен этимология, тіпті, Шыңғысхан жорықтары, оның шыққан тегі сәнді тақырыптарға (модные темы), жұрт қызыққан (модные отрасли науки) ғылыми салаларға айналды. “Аз и Я” кітабының “Шумер-наме” атты екінші бөлімінде Олжас Сүлейменов шумер мәтіндерінен алпыс тюркизм тапқанын жария етеді. Кейін оның шәкірті, әзірбайжандық ғалым Айдын Мамедов тюрко-шумеризмдер санын сегіз жүзге жеткізеді. Бірақ, олар 1915 жылы неміс ассиролог-ғалымы Ф. Хоммель түркі сөздерімен қабысатын екі жүзге тарта шумер сөзі туралы жазғандығын кеш біледі, кешігіп танысады... Америкалық “Коммунизм мәселелері” жорналы 1986 жылы “Аз и Я”-ны Солженицынның “ГУЛАГ Архипелагы” атты еңбегінен кейінгі Қайта құруды дайындаған екінші кітап деп баға берді.


Олжас жаққан шырақ, сөйтіп, қараңғы дәуірде сілемдене бастаған соқпақ жолға жарық түсірген шам болды. “История наша – несколько вспышек в ночной степи”, деп жазды ол. Даналыққа құштар, адамгершілік қасиеттердің қорғаушысы, ұлы ойшылдың ізденістері әділеттен де биік гуманизмге толы, мұрасы – кемінде екі-үш тілді білетін көзіқарақты, сұңғыла, полиглот оқырмандарға арналған терең шығармалар, ақындық тағдыры – қазақтың еншісінде, ол – ғарыш философиясына елтіген, өмір сүрген, қасиетін бойына сіңірген көшпелі жұрт – алаштың төл перзенті. Сан ғасырлық таңбалардың жұмабағын шешіп жүріп Олжас өз ғасырының жұмбақ таңбасына айналды. Енді келер ұрпақтың алдында бұл жұмбақты шешу міндеті тұр. Олжас сол кезде толық түсінікті болады.


Алматы, 8-11сәуір, 2016 жыл


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар