Жанат Әскербекқызы: Керемет дүние жазайын деп жатырмын дейді, керемет екенін өзі біліп қояды
«Әдебиет порталының» «Автормен сұхбатына» белгілі ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты Жанат Әскербекқызы келді. Жанат Әскербекқызы «Ғарыш билер ғүмырымды» (1999), «Қаракөз бұлақ» (2001), «Қаңтардағы қызыл гүл» (2001), «Көктүріктер әуені» (2002), «Қаз қанатындағы ғұмыр» (2007) жыр жинақтарының, «Миф дүниесі және көркемдік әлем» (2004), «Көркемдік өріс» (2008), «Мифтің поэтикадағы қызметі» (20010) т.б. ғылыми-зерттеу кітаптарының авторы. Сұхбат барысында ақын көне дүниенің жады, сабақтастық, поэтикалық кеңістік жайында ойларын айтты. Ақ өлең жайлы пікірін де сұрадық.
Аудармаға қатысты да сұрақтар болды. Оған себеп Жанат Әскербекқызы акмеизм бағытындағы модернист ақын Н. Гумилевтің, (М. Лермонтовтан да бар) жапон ақыны Сайгенің, Мацуо Басенің, тәжік ақыны Фарзонаның өлеңдерін аударған. Басқа ұлттың поэзиясындағы ырғақтың тынысын, образдық жүйесін, дүниетанымын қазақ тілінде қайта жасаған кезде бұл оның өз өлеңдеріне қалай әсер еткені жайды сұраққа жауап бере отырып, жапон өлеңінің құрылымын барынша сақтай отырып қалай аударғанын айтты. Ол үшін жапон ұлтының танымына қатысты қаншама дүние оқуға тура келген екен. Ұстазы Рымғали Нұрғали, алдыңғы толқын ағалар, өмірінің аяулы сәттері, замандас туралы да айтылды.
