Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ПОЭЗИЯ
Думан Рамазан. Көш...

07.02.2024 3092

Думан Рамазан. Көш 14+

Думан Рамазан. Көш - adebiportal.kz

      Ақиқатты тану – өте қиын, ал оны айта білу – одан да қиын

                                                                               Қасиетті Хадистен.

Қуарған қу даланың шаңын шығарып, үздік-создық шұбатылған көш келеді. Ат мінген, түйеге жүк артқан, жаяу-жалпылаған бір қауым ел. 

Алдыңғы жақтағы сегіз ат парлай жегілген алтын күймеде осы көштің көшбасшысы Малбұқа көсем қалғып-мүлгіп отыр. Қасындағы айдай сұлу жас тоқалы ауыздығымен алысқан ақ арғымақ мінген сымбатты уәзірге сүзіле қарап, терезе жаққа телміре түседі. Сезіп қоймасын дегендей сақтық ойлап, күйеуіне көз қиығын салып қояды. Алдарында қасқалдақтың қаны құйылған құмыра мен алтын табаққа салынған құлжаның басы тұр. 

Одан кейінгі алты ат парлап жегілген күміс күймеде көсемнің қалған үш әйелі бір-біріне қырын қарап, қыңырайып отыр. Ал төрт ат парлай жегілген қола күймеге жайғасқан балалары бір-бірімен айтысып-тартысып, ұлардай улап-шулап барады. Оларды жақсы ат мініп, оқалы киім киінген атқамінерлер жағалай қоршап, қоғадай жапырыла қолпаштап, шашпауларын көтеріп келеді. 

Бұл топтың сән-салтанаты да, түр-тұрпаттары да, киім киістері де кейінгілерден мүлде бөлек. Өздерінше мәз-мейрам, қағанақтары қарық, сағанақтары сарық. Жымпима мысықтай жымиыстарынан сымсыма зымияндықтың, қорқау қасқырлардай алақ-жұлақ еткен көздерінен аярлық пен арсыздықтың ұшқыны менмұндалайды. Жан-жақтарында сауыт киіп, қару-жарақ асынған қарауылдар қалбақ қағып, шапқылап жүр.

Езулері құлақтарына жетіп, даурыға қауқылдасқан алдыңғы топтың соңын ала қара нөпір қалың бұқара келеді. Қабақтары салыңқы тартып, кірпіктерін кіреуке жапқан. Көздерінен мұң, жүздерінен уайым, кескін-келбеттерінен шаршап-шалдыққандары анық аңғарылады. Жүдеп-жадап, арып-ашыған жандардың алға басқан аяқтары кері кеткендей, жүрістері еш мандыр емес. 

Көштің оң жағын дәу самұрық, сол жағын алты басты айдаһар торуылдап жүр. Қос мақұлық бір уақ көзден ғайып болып, зым-зия жоғалады да, енді бірде ойламаған жерден қылаң беріп, қара көрсетеді. Арт жақта сілекейі шұбырған қара құзғын көшкен жұрттың басқан ізін баспалай аңдып жүр. 

Бірде самұрық, бірде айдаһар көшке түре тиіп, керектерін бүріп әкетіп, елдің зәре-құтын қашырып, үрейін ұшырып келеді. Қарсыласқандарына да қарамай, жас-кәрі демей, жазықсыз жандарды жемтік қылуда. Бала ата-анасынан, ата-ана балаларынан айырылып, қайғы құшып, зар еңірейді. Ал құзғын бойларынан әл-қуат кетіп көшке ілесе алмай қалғандардың көздерін шұқып, қарнын тойдырып келеді. Үшеуінің де ниет-пиғылы жаман болғанымен, іштері майлы, жемсаулары толық, есептері түгел.

Көштің бел ортасында құла бие мінген дана қарт пен күрең тайға қонжиған он үш жасар бала келеді. Баланың таңдайы тақылдап, ауызы жабылар емес. Ақбасты ақсақалға жаутаңдай қарап: 

– Ата, ана пәлелер қыр соңымыздан неге қалмайды?  – дейді сұраулы жүзбен. 

–  Еее, Арманжан, әлдінің әлсізге тырнақ батыруы, талап-жеуі жаратылыс заңы. – дейді дана қарт сөзін салмақтап. – Қадам заманнан бері солай! Жаратушы жаппар иеміздің өзі біреуді әлді, біреуді әлсіз қылып жаратқан. Кім мықты болса, соның айтқанына көніп, айдауына жүресің.

– Сонда бізді де біреу айдап келе ме?

– Құдайдың құдіреті күшті. Маңдайыңа не жазады, соны көресің. Одан ешқайда қашып құтыла алмайсың!

– Бұл әділетсіздік қой!

– Әділетті жарық жалғаннан іздеп әуре болмай-ақ қой, қарғам! Бәрібір таба алмайсың! Одан да жазғанның жазмышына мойынсұнып, тәубамен өмір сүруді үйрен. Әгараки, мықты болсаң, әділет сен жағыңда, әлсіз болсаң, жалт беріп қарасын да көрсетпей кетеді. Ал оны қолыңнан сусытпай ұстап тұру үшін де құдіретті күш керек.

Арман атасына ойлы жанарын тіктеп: 

– Ата, біз осы қайдан шықтық, өзі? – деді жаутаң қағып.

– Бағзыдан...

– Қазір қай жерде келеміз?

– Жетер жеріміздің желке тұсында келеміз.

– Біз осы қайда бара жатырмыз?

– Оны өзіміз де анық білмейміз.

Немересі қартқа үрпие қарады. Түкке түсінбегені состиған сұрынан-ақ көрініп тұр. Кенет, есіне әлдене түскендей, езуіне күлкі үйірілді. 

– Ата, сіз түк білмейді екенсіз ғой! Жұмақ-Жайға бара жатқан жоқпыз ба?! Оны басқа емес, көсемнің өзі айтқан жоқ па?! 

– Ол өтірікті қиыннан қиыстырып, ертегіні жақсы айтады.

– Сіз не сонда, көсемге де сенбейсіз бе?

– Ешкімге сенбеймін. Керек десең, өзге түгіл, өзіме де сенбеймін.

Бала миығынан мырс етті.

– Қалайша, өзіңізге сенбейсіз, ата?

– Себебі, туа біткен болмыс-бітімімді өзгерттім. Жалындаған жас күнімде мүлде басқа едім. Туғаныма да турасын айтатынмын. Ал қазір шындықты өз қолыммен тұншықтырып, өтірікпен ауызжаластым.

 Неге? 

– Шындықтың жолы қашанда ауыр. Өтірікпен айлаңды асыруың мүмкін, ал шындықты айтып ешқашан абырой таппайсың! Анаған қарашы! – деді ақсақал қотыр құнанын тепеңдеп бара жатқан киімі жұпыны, түрі жүдеу жігіт ағасын қолымен нұсқай, – Қандай ақылды адам. Білмейтіні жоқ. Құдай талант берген. Өнерлі-ақ. Өзіне, өнеріне нық сенімді. Содан да ешкімге жалтақтап-жалбақтамайды. Керек десең, ханға да сәлем бермейді. Айтқанынан қайтпайды. Шырқыратып шындықты ғана айтады. Сондықтан да теперіш көріп, тепкінің астында жүр. Ал анабіреуді қарашы! – деді қарт алдыңғы жақта ауыздығымен алысқан сәйгүлік мініп, зерлі шапан жамылып, құндыз бөрік киген месқарын сарыны көрсетіп, – Басында шымшымдай ми жоқ. Ұятсыздығымен ұрты майланған жексұрын. Өтірікті суша сапырады. Жағымпаздығымен аты шығып, суайттығымен есімі елге жайылған сарай ақыны. Көсем мен оның маңайындағылар осындай ақымақтарды жақсы көреді. Үнемі қолдап, қолпаштап отырады. Үлде мен бүлдеге бөлеп, атақ-даңқты бір бастарына жетерліктей үйіп-төгіп, кеуделерін темір-терсекке толтырып қояды. Сөйтіп, олар ішкен-жегендеріне мәз. Арғы жағына бойлай да, ойлай да алмайды. Елдік мүддеден гөрі, қарақан бастарының қамын көбірек күйттейді. Соның арқасында қарындары тоқ, көйлектері көк, уайымдары жоқ.

Бала сықылықтай сылқ-сылқ күлді.

– Ата, бұл өзі бір ақылды адам болды ғой! Ақымағың анау ғой! – деді қотыр құнан мінген ақынға көзінің астымен мүсіркей қарап, – Шындықты айтудың өзіне жақсылық әкелмейтінін біле тұра, көсемсіп несі бар, байқұстың?! Нақұрысың сол ма деймін!

Дана қартың не айтарын білмей, абдырап-ақ қалды. Өзінен-өзі қыстыға булығып, өңі қарасұрланып кетті. Әлі де оң-солын толық тани қоймаған немересін жазғыруды артық санады. «Әй, айналайын-ау, адамның ар-ұятынан, намысынан, абыройынан, иманынан артық ештеңе жоқ!» деп ақыл айтып, жер-жебіріне жетіп жекігісі келсе де, бір сәт өзін-өзі сабырға шақырып: «Іштен оқып туған бәлелерсіңдер ғой!» дегеннен әріге бара қоймады. Басқаша тіс жарып, жақ ашпады. Терең дем алып, ауыр күрсінді.

Бала оған қына қойған жоқ. Ой теңізіне сүңгіп кеткен. Анда-санда көз қиығымен қотыр құнан мініп келе жатқан Нағыз ақынға мүсіркей, ауыздығымен алысқан сәйгүлікте шіреніп отырған Дәлдүріш жыршыға қызыға қарап қояды: «Өскенде мен де сарай ақыны боламын. Жақсы ат мініп, зерлі шапан жамылып, құндыз бөрік киемін! – дейді іштей күбірлеп, – Қотыр құнан мініп жүру ұят қой! Беті аулақ!»

Ойын жиып үлгермей, бес-алты сарбаз аттарын ойқастатып жанына жетіп келді. Ортадағы еңгезердей қызыл бет сардар сұқ көзін сұқситып:

– Әй, боқмұрын, тайға мінген неңді алған, түс те, жаяу жүр! Тізгінді әкел бері! – деді сұңқұлдап.

– Неге? – деді бала жаутаңдап.

– Хан қазынасы ортайып қалды, соған салық жинап жүрміз.

– Жалғыз тайымды көріп қалдыңдар ма?

– Тіліңді кесіп алмай тұрғанда сөзді қысқарт!  – деді қызыл бет қабағын түйіп. – Керек болса, кеудеңдегі жаныңды да суырып аламыз.

Көпті көрген ақсақал немересін ат үстінен құшақтай көтеріп алдына мінгізіп алды да:

– Айналайын, Арманжан, бұлармен айтысып опа тапқан ешкім жоқ. Бер тізгінді! – деді дауысы жарықшақтанып. Кеудесін кере ауыр күрсініп қойды. 

Атасының сөзін екі етпейтін немересі қайыра тіл қатпастан тайының тізгінін қызыл бетке қарай сілки салды. Сақшы лып еткізіп қағып алды да, тайды жетектей жөнелді. Бала қыстығып жылап жіберді. Бір ауыз араша сөз айта алмаған атасына да өкпелі. 

– Жарығым, – деді дана қарт немересінің шашынан иіскеп, – бастан құлақ садақа. Аман болсаң, әлі талай ат мінесің. Таңдап мінесің. Өмірің де, көрер қызығың да әлі алда.

Осы кезде күймесінен есіней шыққан Малбұқа көсем ақи көзін ақшита текедей бақырып қоя берді. Дауысы жер жарады.

– Бізді алда жарқын болашақ күтіп тұр! Ана бір жақпар-жақпар жартасты биік тауларды көрдіңдер ме? – деді түкірігі шашырап, – Содан асып түссек, ар жағы жәннәт бағы. Жайқалған мәуелі ағаш, самсаған жеміс-жидек... Тойынып, бойларыңа шыр бітеді. Саумал бұлағы – зәмзәм суы сияқты, ішкенде көздерің шырадай жанып, беттеріңе қан жүгіреді. Ұшқан құс, жүгірген аңның неше түрі бар. Несін айтасыздар, байлыққа белшеден батамыз, бақыттың бал дәмін татамыз. Ар жағында Жұмақ-Жай да тиіп тұр. Көп кешікпей оған да жетеміз. 

Өмірден түңіліп, тіршіліктен баз кеше бастаған қара халық көсемнің жалынды сөзіне құлақтарын түріп, елең ете қалысты. Көздерінде ұшқын, кеуделерінде үміт оты жылт етті. Бірақ көпшілігінің көңілдері алаң, жүректері күпті. Болашаққа деген сенімнен гөрі, күдік-күмән басым.

– Ата, айттым ғой, Бағзы жаққа қайтып бара жатқан жоқпыз, Жұмақ-Жайға беттеп келеміз. – деді бала атасына менменси қарап. Мен де бірдеңе білемін дегендей, басындағы таз кепешін қисайта киіп, қоқиланып қояды.

– Жұмақ-Жайдың ауылы алыс, балам! Күнаһарлар бастап келе жатқан көш ешуақытта Жұмақ-Жайға жете алмайды. Алдап-сулаумен айлаларын асырып, қылмыстарын жасырып, өтірікті судай ағызып, жол бойы жалғандықтың ұрығын сеуіп келеді. Сөйте тұра қасиетті мекенге баруды армандайды. Ол мүмкін емес. Біз айдың-күннің аманында жолдан адастық, балам! – деді дана қарт кейіген кейіп танытып.

– Адасқанымызға анық көзіңіз жетсе көсемге неге айтпайсыз?

 Дәл қазір көсемнің сөз тыңдауға құлқы жоқ. Айналасындағылардың өтірік мақтауынан көзін шел басып, құлағы тас бітеліп қалған. Ештеңе көре де, ести де алмайды, көргісі де, естігісі де келмейді. 

– Уәзірлері ше?

– Әй, баламысың деген, олар ондай сөзді көсемге жеткізбейді, дәлірек айтсақ, жеткізе алмайды. Қайта желкемді үзеді. Себебі, шындықты айту ғана емес, есту де қашанда ауыр. Ал көсем мен оның маңайындағыларға жалған сөйлеп, өтірік мақтасаң ғана жағасың. Бірақ, өтіріктің құйрығы бір-ақ тұтам ғой, ұзаққа бара алмайсың. Уақытша жолың болуы мүмкін, мәңгілік көсегең көгере қоймайды. Осыны есіңде ұста, айналайын! 

– Ой, ата, сіз ақыл айтқаннан басқа не білесіз?! Біз Жұмақ-Жайға бара жатырмыз. Көсемнің өзі уәде берді емес пе, өз құлағыммен естідім ғой! – деді бала бетпақтанып.

– Сенің сол көсеміңе сенбеймін. Көзіңді бақырайтып қойып, беті бүлк етпей өтірік айтады. Сөзін тыңдасаң елжірей қаласың, ал ісіне қарасаң лағнет айтасың! – деді қарт қабағы түйіліп. – Оның үстіне әбден қартайды. Аузына не келсе, соны айтып, ойына не келсе, соны істейтін болды. Өзіне Құдайындай табынып, хан көтерген халқының басына әңгір таяқ ойнатуын қояр емес.

 Енді неге хан сайладыңыздар?

 Еее, қалың бұқараның қолында не тұр дейсің, жарығым?! Біздің елде ханды ешуақытта халық өзі сайламайды. Көзіңді бақырайтып қойып, алдап-арбап, хан болудың жолын табады ғой, бәтшағарлар! Сонан кейін халықты қайтсін?! Әйтеуір сорымызды қайнатып, қан қасап қырғынға ұшыратпаса жарар еді. Көшбасшыларымыз бен жол бастаушыларымыз күнәһар болса, Жұмақ-Жайға қалай барамыз?! Қайтіп бармақпыз?! – деді қарт қабақ-басы салбырап. 

– Ата, көсемге барып, тайымды тартып алып кеткенін айтайыншы! – деді немересі аузы бұртиып, – Мүмкін қайтарып берер.

– Жарығым-ау, жандайшаптарын жіберген соның өзі емес пе?! Тайыңды сұраймын деп, жаныңнан айырылып қалып жүрерсің! Бұл көсем өте шамшыл, кекшіл, қатігез адам. Ешкімді аямайды. Басыңның аман қалғанын олжа тұт. 

Бала да болса, атасының айтқанын түсініп, үнсіз қалды. Көштің алды керілген арқандай ұзыннан-ұзақ созылып жатқан жақпар-жақпар жартасты биік тауларға таяп келеді. Жақындаған сайын атқамінерлерден сабыр қашып, маза кетті. Дызылдап, дызақ атып, ат үстінде қопаң-қопаң етіп, әрлі-берлі шапқылай бастады.

 Кәне, жол беріңдер, кәне, былай тұрыңдар! – деп қояды шекпенділер дікеңдеп, – Алдымен көсем өтсін! Бәріміз жабылып, күн көсемді арғы жаққа аман-есен өткізіп алайық. Кәне... кәне...

Шенділердің бұйрығы бойынша көсем отырған алтын күймені жаяу жасақ аяғын жерге тигізбей тік көтеріп әкетті. Құлап кетпесін дегендей, жан-жағынан қаумалай қоршаған атқамінерлер жұптарын жазбастан жарқанатша жарбаңдап, өлермендікпен ентелей түседі. Олардың түпкі ойы – осындайда көсемнің көзіне түсіп, төбе көрсетіп қалу. Сөйтіп, биліктің басқышына қол артып, қазанның бір тұтқасын ұстау. 

Жанкештілердің жан алып, жан берісуінің арқасында көсемнің күймесі қара таудың ұшар басына шыққанда артта келе жатқан қара халықтың алды етегіне енді ілікті. Сол сәт көк аспанды қарақошқыл бұлттар торлап, терістіктен салқын самал есе бастады. 

Әне-міне дегенше, көсемнің күймесі таудың ар жағына өтіп, көзден ғайып болды. Қара халық жақпар-жақпар жартастарды жағалап, қалқа-қалқаны сағалап, бір басып, екі басып жоғары қарай өрмелеп келеді. Жүрістері шабан, қимыл-қозғалыстары баяу. Өкпелері өшкен, ентіктері күйшейген, жүргендерінен тұрғандары көп.

Бір кезде тау-тастың шаңын шығарып, қатты дауыл тұрды. Төңірек түнеріп, күңгірт тартты. Табиғат – Ана дүлей мінез танытып, түкірігін шаша ысқырып-пысқырып ала жөнелді. Әупірімдеп әрең келе жатқан қара халық жан-жақтарына қарауға мұршалары келмей, көздерін де аша алмай, шаң-тозаңға көміліп қала берді. 

Дауыл барған сайын күшейіп, таудағы тастарды домалатып, адамдарды ұшыра бастады. Талайлар ат-матымен, түйе-мүйесімен биік жартастан құлап, мертігіп, мерт болып жатты. Кейбірінің басы жарылып, милары шашылды, аяқ-қолдары сынып, бет-ауыздары жырылды. 

Ат үстінде аман қалмасын сезген дана қарт жалма-жан қарғып түсіп, немересін көтеріп алып, пана болар жер іздеп келеді. Басы бос қалған бие жолындағыларды қаға-маға төмен қарай құлдилай жөнелді. Бойын үрей билеген бала атасының мойнынан қос қолдай тас қып құшақтап алған. Бір алып жартастың қуысына кіріп, демдерін басты. Құдай сәтін салғанда аюдың апанындай ыңғайлы орын екен. 

Маңайдан айғайлаған, ыңырсыған, аттандаған, ойбайлаған ащы дауыстар жамырай шығады. Біреуді біреу танып-білер емес. Жан-жақтарына мойын бұруға мұршасы жоқ. Әркім өз бастарымен қайғы боп, жан сақтаудың амалымен жанталасқа түскен. 

Баланың тісі-тісіне тимей сақылдап, қалш-қалш етеді. Қарттың бойын суық ала бастаса да, шекпенін шешіп, немересіне жапты. Үсті-басын қымталап, бауырына қыса түседі.

– О, Жаратушы Жаппар ием, мен асарымды асадым, жасарымды жасадым, бүгін өлсем де арманым жоқ. Мына бір жетім қалған жетімегімді аман сақтай гөр! – деп қайта-қайта Жаратқанға жалбарынады. 

Қанша отырғандары белгісіз, бір кезде дауыл да саябырсыды. Халық та біртіндеп көздерін ашып, бастарын көтере бастады. Адамдардың сұқыттарынан кісі шошырлық. Бет-ауыздары айғыз-айғыз, кір-қожалақ. Көздері ғана болымсыз жылтырайды. Кескін-келбеттерінен қажығандық байқалады. Орындарынан бұралаңдап әрең тұрып, үсті-бастарын қағып-сілке бастады. Жан-жақтарына қарасып қояды. Әр-әр жерде шашылған дүние-мүлік, бастары жарылып, аяқ-қолдары сынып, домалап жатқан жаралылар. Талай адамды тас басып қалған. Анадай жерде жүк-мүгімен аударылып түскен кәрі атан ыңырана ыңырсып, әлсіз ғана тыпыршиды. Оның жанында быт-шыты шыққан ағаш бесік жатыр. Сәл әріректе қара қазан төңкеріліп түскен. 

– Ой, астапыралла! – деді оны көрген данышпан қарт көңіліне кіді алып, – Ел-жұрт аман болса екен!

Тірі қалғандар ең алдымен жартастан құлап мерт болған, тас басып қалған өлім-жітімдер мен өздіктерінен жүруге жарамайтын жаралыларды жинай бастады. Қаза болғандардың мәйіттерін таныған туған-туыстары жоқтау айтып, төңірек азан-қазан, уда-шу болды да кетті.

– Уа, халайық, – деді дана қарт дауысын созып, – Қазір, жылап-сықтайтын шақ емес. Ес жиыңдар, уақыт оздырмай арғы жаққа өтіп алудың қамын жасайық. Шейіт болғандарды да өзімізбен бірге ала жүрейік. Аман-есен өткен соң, бәрін де Жер-Ананың қойнына тапсырып, арулап жерлерміз.

Көпшілік қарттың сөзіне құлақ асып, жылап-сықтауларын қойып, буынып-түйініп, ырғала-жырғала орындарынан қозғалды. Қажып-қалжыраған қалың бұқара бойларындағы бар күштерін жиып, ілбіп-сілбіп, жоғары қарай өңкеңдей жөнелді. 

Атасы мен немересі де көштен қалмай, көппен бірге жартастарды жағалап келеді. Баланың екі-үш мәрте аяғы тайып, құлап түсе жаздады. Кәрілік кеп қалса да қайраты қайта қоймаған қарулы атасы ұстап қалды. Шаршап-шалдығып, үсті-бастарынан қан аралас ащы тер суша ақты. «Көппен көрген – ұлы той» демекші, көпшілік бір-бірінен онша алшақтамай, ілгерінді-кейінді тасбақаша тырбаңдап келеді.

Өліп-талып, әрең-пәрең таудан асып, арғы бетке де аяқтары ілінді-ау. Бастары ауырып, балтырлары сыздап, әупірімдеп әзер жетсе, шен-шекпенділер той жасап жатыр. Шетінен қызара бөртіп, қызып алған. Ұзыннан ұзақ дастархан жайылған. Үсті алуан түрлі тағамдарға толып, арақ-шарапқа сықасып тұр. Табақ-табақ ет, қазы-қарта, жал-жая. Қара халықтың қиналып, асудан зорға өткені миларына кіріп-шығар емес. Оны ойлауға мұршалары да жоқ. Құтырған итше қызылкөзденіп, ауыздарынан ақ көбік ата жінігіп алған. Әншілерге ән салдырып, күйшілерге күй тарттырып қойған. Жандарында жартылай жалаңаш биші қыздар сылаң қағып, мың бұрала билеп жүр. Мән-жайды түсіндіріп, дастарханнан дәм татпаққа алға ұмсынған халықты қарулы қарауылдар өңмендерінен итеріп, маңайлатар емес. 

– Біз халықты асу бермес асудан аман алып өттік. Сол үшін де той тойлап жатырмыз. Көсеміміздің көрегендігінің арқасында дұрыс жолмен жүріп келеміз. Оған ешкімнің күдік-күмәні болмасын! Енді жолымыз оңалып, жағдайымыз жақсара бастайды. – деді бас уәзір бақаша бақылдап.

– Құрбандықтар бар ғой!.. – деді біреу мұрынынан міңгірлеп.

Бас уәзір оған ала көзімен атып жіберердей кекжие қарап:

– Құрбандықсыз ештеңе болмайды. Онсыз алға жылжу жоқ. Ең бастысы, алтын басты көсеміміздің дені сау, басы аман. Құдайдан бәрімізді Жұмақ-Жайға бастап апара жатқан басшымыздың амандығын тілеңдер. – деді шімірікпей.

Қақ төрде көсем қаннен-қаперсіз бас мүжіп отыр. Қолында жалт-жұлт еткен алтын пышақ. Екі езуін кезек ыржитып, сойған түлкідей ыржақтай береді. Ойнақшыған ойсыз жанары жан-жағын тінтіне шолып, маңайдағының бәрін қалт жібермей бақылап отыр. Іші бәрін біліп, көзі бәрін көріп отырса да, ештеңе сезбегендей, түк болмағандай, жайбарақат кейіпте жайлана түскен. «Күл болмасаңдар, пүл болыңдар, қарным тойса болды» дейтіндей, жылы-жұмсақты аузына қомағайлана тыққылайды. Тым марғау. Арып-ашып, азып-тозып келе жатқан халықпен мүлде шаруасы жоқтай, басын төмен салып, оларға қарағысы да келмейді. Дәл қасында оң тізесін баса жайғасқан Дәлдүріш жыршы сырлы тостағандағы салқын қымыздан ұрттап қойып, арнау жыр айтып отыр. Анда-санда домбырасын қағып-қағып жіберіп, шабыт шақырғандай қиқуға басып, қышқырып қояды.

                   Жақын қалды арамыз, 

                   Жұмақ-Жайға барамыз,

                   Ол да сіздің арқаңыз!

 

                   Асу бермес құз-шыңнан,

                   Алып өттің елді аман,

                   Ол да сіздің арқаңыз!

 

                   Жер басып тірі жүргеніміз, 

                   Адам боп өмір сүргеніміз,

                   Ол да сіздің арқаңыз! – 

деп өтірікті шындай, ақсақты тыңдай ғып, сандуғаштай сайрап отыр. Қысылып-қымсынатын түрі жоқ, айтқан сайын арқаланып, жынын шақырған бақсыдай шайқалақтап құтырына түскен. 

Мастана масаттанған көсемнің жүзі бал-бұл жайнап, көзі күлім қағады. Мақтаған сайын қопаңдап, қозғалақтай береді. Маңғаздана кеудесін керіп, шалқая түседі.

Бала жан-жағына жалтаңдай қарайды. Құлазыған қу медиен, құла дүз. Шаң басып, тозаң қонған сайын дала ажар-көркінен айырылып, жүдеп-жадай түскен. Маңайдың бәрі қураған қара тақыр, қылтиған көк жоқ. Ұшқан құс, жүгірген аң да көрінер емес. 

– Ата, – деді немересі етегінен тартып, – Мына асудан асып түссек, ырысқа кенелеміз, байлыққа белшеден батамыз дегені қайда, көсемнің?!. 

– Е, құлыным-ау, айтпап па едім. Дәл осылай боларын да білгем. 

Кенет, желке тұстарынан бас уәзірдің аюдай ақырған ащы айғайы естілді:

– Мына жап-жасыл жазыққа қараңдаршы! – деді ол қу тақырға сұқ саусағын бағыттап.

– Иә, қандай жап-жасыл!.. – деп қостап қоя берді көпшілік.

Түкке түсінбеген бала атасына қарай мойнын бұрып:

– Қайдағы жап-жасыл жазықты айтып тұр? – деді аңтарыла.

– Бұл, атаңа нәлет, көзіңді бақырайтып қойып, жалған сөйлеп тұр. Оның өтірік екенін өзі де, мына қостап тұрған халық та жақсы біледі. Бірақ, амал не, бұлай өтірік сөйлеу біздің елде дәстүрге айналғалы қашан. Енді ол дәстүрді бұзу қиын-ау, сірә! Бұған таң қалудың қажеті жоқ. Әлі-ақ, сенің де етің өліп, бойың үйреніп кетеді. Біз бәріміз де өтірік күліп, жалған сөйлеуге әбден дағдыланғанбыз. Онсыз күнің қараң.

– Ана сыңсыған ну-орманды көріп тұрсыңдар ма? – деді тағы бас уәзір таздың шашындай әр-әр жерде қарауытып көрінген бірлі-жарым тал-теректі көрсетіп, – Сонда ұшқан құс пен жүгірген аңның неше түрі бар!

– Иә, көріп тұрмыз, басеке. Не деген қалың орман! Құстар мен аңдарын айтсаңшы! – деді бәрі қосанжарласып, – Қандай ғажап!

– Анау сарқырап ағып жатқан сарқыраманы көріп тұрсыңдар ма?

– Қайсы, қайсы?.. – деп шуласып қоя берді таңдайлары кеуіп, еріндері кезеріп, шөліркеп тұрған жұртшылық шыдамсыздана қозғалақтап.

 – Әне, ана...ау жақта! – деді бас уәзір көңіл жетсе де, көз көрмес алысты қолымен нұсқай.

– Иә, көрдік! – деді көпшілік қаздай шуласып. – Көріп тұрмыз!

Кенет, ортаға бойы бір-ақ қарыс жылмаң қаққан бір жылтыр қара суырылып шығып:

– Суының дәмі қандай керемет, бал татиды ғой! – деп еді, бас уәзір оған күлімсірей қарап:

– Сен өзі болайын деп тұрған бала екенсің, тобырдың арасында неғып жүрсің?! Дастарханға кел! – деді мырза кейіп танытып, – Сенің орның мына жақта. Бұдан былай сен бізбен бірге жүресің.   

Жылтыр қараның соңынан аяғын адымдай басып Нағыз ақын да өңмендей ортаға шықты. Жүзі қабарып, қарадай түтігіп кеткен. Шоқтай жанған отты жанары жай оғындай ұшқын атады.

– Әй, қызталақтар, не көкіп тұрсыңдар! Қайдағы жасыл жазық, қайдағы ну орман, қайдағы аң-құс, қайдағы сарқыраманы көріп тұрсыңдар?! Көздеріңді ашып қарасаңдаршы! Қуарған қу тақырдан басқа түк жоқ қой, неге өтірік айтасыңдар! – деді де, бас уәзірге қадалып, – Қаңсыған қу тақырға алып келгендеріңмен қоймай, ұшпаққа шығарғандай өрекписіңдер! Көрер көзге өтірік айтып тұрғандарың қалай?!

Бас уәзірдің қабағы түйіліп кетті. Аяқ-қолы дір-дір етіп, жын соққандай қалшылдай бастады. Басы қалтылдап, еріндері жыбырлап, көзі шытынап:

– Ақымақ! – деді айғай салып, – Сөзді доғар! Әйтпесе, жаныңды жаһаннамға жіберемін!

– Әй, бейшара, – деді көпшілік үрпиісіп, – Бір пәлеге ұшырамаса жарар еді! Қу тақыр екенін біз де көріп тұрмыз ғой! Оны айтып несі бар-ей?!

Ашу қысқан өр тұлғалы Нағыз ақын тілін тартар емес. Қолын сілтеп қойып, екілене сөйлеп тұр. 

– Ел қайғы құшып, қан жұтып жатса, сендердің той тойлап жатқандарың қалай? Қара халықтың қамын кім ойлайды? Аш-жалаңаш, арып-ашып келеді. Бәрін де көріп-біліп отырсыңдар ғой! – деді бас уәзірге көзінің сұғын қадай. – Әй, бірақ халық қандай болса, ханы да соған лайық болады ғой! Бәріне біз өзіміз кінәліміз! Тым көнбіспіз! Алқымымызға пышақ тіресе де, тұяқ серпуді білмейміз-ау! Құдай салды, біз көндік деп жата береміз.

– Өй, әкеңді, саған жал бітейін деген екен, ә! Елдің жағдайы жаман емес. Сенбесең, өздерінен сұрайықшы. – деді де, көпшілікке бұрылып, – О, халайық, хал-жағдайларың қалай, шынымен арып-ашып келе жатырсыңдар ма?

– Жоқ, басеке, о не дегеніңіз, жағдайымыз өте жақсы. Сіз сұрағаннан кейін тіпті жақсарып қалды. – деді бір қутыңбай.

– Жегеніміз алдымызда, жемегеніміз артымызда! – деді тағы бір қыртынбай. – Шекеміз майға шылқып тұр!

– Тойып секіріп тұрмыз! – деді енді бір жыртыңбай.

– Міне, көрдің бе, – деді бас уәзір Нағыз ақынға сұстия қарап, – Сен неге өтірік өзеурейсің! Бар шындықты мыналар айтып тұр ғой.

– Шындықтан садақа кеткірлер, олар Құдай атқан су жұқпас суайттар ғой! Бәрін де өз көзіммен көріп келе жатырмын!.. Шылғи өтірік. Сендердің Жұмақ-Жайға бастап апара жатқандарың да жалған.

– Білсең айтшы, енді қайда бара жатырмыз?

– Сендер халықты тамұққа апара жатырсыңдар!

– Не деп тұрсың, иттің баласы!.. – Бас уәзір қолындағы дырау қамшымен Нағыз ақынның басынан тартып-тартып жіберді. 

Бет-аузын қан жуып кеткен Нағыз ақын теңселіп барып, кеудесін әрең тіктеді.

– Кәне, енді есіңе түскен шығар, біз халықты қайда бастап бара жатырмыз? – деді бас уәзір қатқыл дауыспен.

– Тамұққа... – Ақын әзер тіл қатты.

– Жұмақ-Жайға, иттің баласы...– Бас уәзір ақынды тағы да бір-екі рет қамшымен құлақ шекеден ала тартып-тартып жіберді де, шыдамсыздана айғайлап қоя берді, – Жұмақ-Жайға, иттің баласы!.. Жұмақ-Жайға...

 Нағыз ақын тәлтіректеп барып, тізерлеп отыра қалды. Сонда да тілін тартар емес. 

– Жұмақ-Жайда сендерге орын жоқ! – Қиралаңдап орнынан көтерілді, – Өйткені, шетіңнен өтірік айтып, жалған сөйлейсіңдер. Бәрің де күнәһарсыңдар! Оңбай адастыңдар! Жұмақ-Жайға емес, тамұққа барар жолға түсіп кеттіңдер.

– Әй, мынау әбден құтырайын деген екен, ә! Мен сенің... қазір... үніңді өшірейін!.. – Ызаға булыққан бас уәзір беліндегі қанжарын суырып алды да, ақынның жүрек тұсына бойлата сұғып жіберді. – Жаныңды жаһаннамнан іздерсің, бәлем!

Нағыз ақын тізерлей беріп, басымен жер сүзе етпетінен құлап түсті. Қанжардың қызыл қанға боялған ұшы арқасынан бірақ шықты. Сонда да қыңқ етіп, үн шығарған жоқ. Тек ақырын «Мен ғана Жұмақ...» деуге шамасы әзер келді. 

– Шындық өлді! – деді атасы немересінің басынан сипап. – Шындық барда, өтірік байқап жүруші еді, енді шайқап жүретін болды. Өтіріктің таңы атып, жалғанды жалпағынан басатын күні туды. 

– Енді не істейміз? – деді бала жаутаңдап.

– Енді жанымыз қаласа да, қаламаса да, өтірікпен ауызжаласып өмір сүреміз. Өйткені жан тәтті, ешкімнің де Нағыз ақынның кебін кигісі келмейді! – деді қарт кеудесі қарс айырылардай ауыр дем алып. 

– Ал, өтірік айтқым келмесе ше?

– Өтірік айтқың келмесе, үндеме. Үндемеудің өзі де жетеліктің белгісі.

– Үндемей, қалай өмір сүреміз!

 – Өмір сүргің келсе, үндемек түгіл, өтірік сөйлеуге де үйренесің, балам! Өмір саған емес, сен өмірге бейімделесің! Бұл өзгермес өмір заңы. Бейімделгің келмесе, көрдің ғой, не боларын!

Бала қарқылдап күліп жіберді. Бас уәзір қамшысын үйіріп, әкіреңдеп жетіп келді.

– Әй, боқмұрын, кімді мазақ қып, ыржаңдап тұрсың? – деді қарақұстай төне түсіп.

Баланың зәресі зәр түбіне жетіп, құты қашып кетті. Сасқанынан:

– Тойынғаннан мәз боп тұрмын. – деді қарны шұрылдап тұрғанына қарамай. Алғаш рет өтірік айтты.

– А, солай ма?! – Жымысқылана жымиған бас уәзір кері бұрылды.

Ал қалың көпшілік дыбыстарын шығармай іштерінен езіліп-егіліп тұрды. Халықтың көз жасынан қара топырақ ми батпаққа айналып бара жатты...

Қайдан шыққаны, қай жақтан келгені белгісіз, бір алып қара құс көшті маңайлай жарық жартасқа барып қонды. Көздері ойнақшып, жан-жағына тінтіне қарайды. Ешқандай қауіп-қатердің жоқтығын сезінген сияқты. Ұяластарын шақырғандай, бір-екі мәрте шаңқылдап дауыс шығарып еді, құзғындар қара құртша қаптап кетті. Жемтікке үймелегендей, топ-тобымен топырлап ұшып келіп, төңіректі торуылдай бастады. Тап бір той тойлауға жиналғандай, мойын-бастары қылтылдап, шегір көздері жылтылдап, бүйірлері бұлтылдап, бөтегелері бүлкілдеп, секең қағып, секіріп жүр. 

Көшті көптен бері айналсоқтап жүрген самұрық пен алты басты айдаһар да олжадан құр қалатындай қос бүйірден ентіге жетіп, жеңсік асқа құмартқандай сілекейлері шұбырып, ашкөздене тілдерін жаланып отыр. 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар