Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ӨЗ СӨЗІМ
Елеусіздің еңбегін елеген емеуріндер...

07.09.2023 1854

Елеусіздің еңбегін елеген емеуріндер 14+

Елеусіздің еңбегін елеген емеуріндер - adebiportal.kz

Жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлының туғанына 85 жыл

Биыл туғанына 85 жыл толып отырған жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы 1938 жылы Моңғолияның Бай-Өлке аймағының Баяннұр деген жерінде дүниеге келген. Моңғолия Мемлекеттік университетін бітіріп, журналист мамандығын алып, «Жаңа тұрмыс» газетінде еңбек жолын бастаған. Қара сөзден маржан терген қарымды қаламгер өз шығармашылық жолында артына мол рухани мұра қалдырды. Жазушының «Қобданың қойнауында»  романы 1977 жылы жарық көрген. Бұл Моңғолия қазақтары әдебиетінің тарихындағы тұңғыш роман. Бұл романда – Қобда бетіндегі қазақтардың ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасыр басындағы тарихи кезеңі көркем суреттеледі. 1982-1986 жылдар аралығында «Жоғалған қыз» атты дилогиясы жарық көреді. Бұл Елеусіз Мұқамәдиұлының ең сүйекті туындыларының бірі. «Жоғалған қыз» романы туралы академик Рымғали Нұрғали «Қазақтың 100 романы» еңбегінде арнайы тоқталған болатын. Сонымен қатар, «Махаббат тағдыры», «Жердегі жұлдыз», «Өрікті көл», «Сұлулық сыры» сынды сүбелі шығармалары оқырман сүйіп оқыған кітаптарының қатарынан табылады. Жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы аталған еңбектерінің арқасында Моңғолия аймақтық еңбек сіңірген жазушы атағымен, Еңбек Құрмет медалімен, Журналистер Одағының Құрмет медалімен марапатталған. Мұқамадиұлының қоғам қайраткерлігі, кісілік келбеті, адами қасиеті өз алдына бөлек әңгіме. Сөз зергері Елеусіз Мұқамәдиұлы 1993 жылы ел-жұртын бастап Атажұртқа оралады. Елге келгесінде қаламын қолынан тастамай, құлашын кең ашып «Қашқын», «Жасыл жағалау», «Сары бел» сынды үш бірдей роман жазады. Сүйегіне сөз біткен суреткер 2003 жылы Қарағанды облысы Ақтау кентінде өмірден озады. Жарықтық ортамызда болғанда ел-жұртымен, қаламдас аға-бауырларымен, туыс-туғанымен 85 жылдық мерейтойын бірге қарсы алар ма еді. Әйтсе, жақсының хаты да, аты да өлмек емес. Қалмагердің артында қалған ардақты туындылары дәтке қуат, көңілге жұбаныш, ұлттық әдебиетімізге қосылған сәлихалы олжа. Сонымен, заманында Елеусіз Мұқамәдиұлының көзін көрген, сырын бөліскен қаламгер аға-бауырларының, жақын жұрағатының ақ пейілін алдарыңызға жайып отырмыз.  

Айналсам да үлкен көлді жағалап,

Қалмаушы едің менен Екей ағалап.

Көл бетінде көкжал толқын буырқанса,

Қолтығыма тығылушы ең паналап, - деп өзі айтқандай, ұядан жаңа өрген қаздың балапанындай қаздаңдап қайда барса да қасынан қалмаушы едім. Біздің ауылымыз атақты «Ақ тәңірі», «Цамбагариг» тауымен иықтасып көсіле көлбеп, биік жоталары ұзыннан ұзақ созылып, мекен жердің ұлы қорғанындай сезілетін «Көхнұрғын» тауының етегін жайлайтын. Осы таудың теріскей жақ алқабында орналасқан түпсіз терең тұңғиық, алып, суы ащы «Байнұр» көлі бар-тын. Сол көлдің теріскей жақ жағасына көбінде көктемде, күзде ақ шаңқан киіз үйлерді қатарластырып тігіп отыра қалатынбыз. Аумақты үлкен көлдің шығыс жағында орналасқан екі кішкене көл бар еді. Бұл көлдердің орналасу тұрпаты: үлкен көл, үлкен үй, екі кішкене көл үлкен үйге ірге тиістіріп қонған отаулары іспетті әсер ететін. Біз ауыл балалары көлге жүзген шүрегейдей шүпірлеп, көлдің таяз жерінде таңертеңнен кешке дейін шомылып, көлден шықпайтынбыз. Арасында көлдің жағалауындағы жалпақ жасаңға қатарласа біткен томпақтарға үймелей қалып, томпақтан томпаққа секіріп, сілеміз қатқанша ойнаушы едік. Біз ойнап жүргенде басқа балалардың анасынан гөрі біздің анамыз үйден қайта қайта шығып, бізді қарап, кешіксек іздеп шыр-пыр болып жүретін. Мұның да терең сыры бар екен. Кейін түсіндік.

Әкеміз жайдары мінезді, әңгімешіл, ойлы көзді, балаларына мейірімді жан болатын. Өмір бойы жылқы баққан, шаруашыл, қарапайым қағылез еді. Анамыз он екі құрсақ көтеріпті. Өкінішке орай тұңғышы Әбділнұрдан кейінгілері бірінен соң бірі шетіней беріпті. Ата-анамыз шері шегінен шығып, шерменде болып жүргенде, Елеусіз ағамыз дүниеге келіпті. Ел болып тілеген шарананы ауыл ақсақалдары, ақжаулықты аналары шілдеханаға жиналып, араларынан аузы дуалы абыз ақсақал тұрып: «Алла бергенін алса да, берерін алмасын», – деген қарақтарым, – «Ақ түйенің қарыны жарылып», ел тілеген, ақжарма тілекпен дүниеге тағы да ұл бала келді. Бауы берік, жолы ұзақ болсын! Бұл баланы Алла да, адам да елемесін, атын «Елеусіз» қояйық, – деген екен. «Көп тілеуі көл» деген рас-ау. Елеусіз ағамның соңынан мен, Егеухан – қыз, Шаһизанда – ұл, Шәкерхан – қыз, үшеуіміз ердік. Арамыз екі жасардан. Елеусіз екеуміз тете өстік. Бір жас үлкен ағаға ат қоятын аулымыздың салты бойынша, «Екей аға» деп атадық. Ол жасынан еті тірі, пысық, біреу жұмсаса, шамасы келетін шаруаға елп ете түсетін, елпек бала болып өсті.

Жылқы малын ерекше ардақтайтын әкем Екей ағам төрт жасқа толғанда, кенже тайды үйретіп, тепкішек салынған ашамайды ерттеп мінгізді. Мені де ілдерге іліне тайға мінгізіп, баулыды. Ол кезде дүние тапшы. Біреуден көрген, ойлаған нәрсе қолға түсе бермейтін шақ. Бір салиқалы адам баласына шахмат әкеліп беріпті. Екей ағамыз өзі құралпас баламен достасып алады.

Әкесі баласына шахмат үйреткенде, қасында жүріп, әр бейнені бағамдап ұғып алғаннан кейін, екеуі бірігіп ағаштан шахматтың фигураларын жонады. Сол шахматты ойнауды да маған үйреткен сол Екей ағамыз еді. Өзі сабаққа барып, әріп танып сауатын ашқаннан-ақ оқуға зерек ұғымтал болды. Ыбырай Алтынсариннің «Кел, балалар, оқылық!» өлеңін маған мектепке бармай-ақ жаттатыпты. Менің қағаз қаламға жуық болуым да осы Екей ағамның арқасы деп топшылаймын. Екей ағамның жазушы, драматург, аудармашы, МЖЖО-ның, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі болуы бәрі-бәрі зерделі зерек, әкемнің, айтыскер ақын анамның арқасы әрі Алланың берген сыйы деп ойлаймын.

Есімі Елеусіз – Екей ағамыздың өмір жолын, жазған шығармашылығының, қыр-сырын қалт жібермей қадағалап, әр шығармасына баға беріп, еңбегін елеген, өзін демеген әріптестерінің емеуріндері арқылы айқындауды жөн санадым.

С.Шанас

Аймақтық идеология

 бөлімініц меңгсрушісі.

Өрікті көл
(повесті)

Оқырман қауымға бұнан бұрын «Махаббат тағдыры» атты әңгімелер жинағын ұсынған жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлының бұл кітабына «Өрікті көл» повесімен бір топ әңгімелері сыйысты.

«Өрікті көл» – Моңғолия тарихында кездескен «Жалама айдаған» деп аталатын қанқұйлы оқиғаға құрылған тарихи повесть.

Автор бұл шығармасында бұдан жарты ғасырдан астам бұрын бейуаз елге салған тонаушы (Дамбий Жанцан Далай лама-Жалама) лаңын тартымды суреттейді. Повестің тілі көркем, оқиғасы шытырман, шынайы қиын да, қасіретті оқиғаларға толы. Мұның барлығын ретін тауып, бірімен-бірі қабыстырып, үйлестіріп, нанымды, шебер бейнелеген. Оқырман ойынан шығары даусыз.

1974 жыл

Сұраған Рахметұлы

Ақын, жазушы, аудармашы, 

филология ғылымдарының кандидаты.

«Өрікті көл» оқиғасы туралы көптеген деректер жазылды. Мұнда Елеусіз Мұқамәдиұлының «Өрікті көл» повесі идеологиялық шеңберде жазылғанымен, оқиғаға байланысты бөлімдері аса құнды деп есептеледі.

Арғынбай Жұмажанұлы

Ақын, драматург, МЖО-ның мүшесі.

 «Еңбек», «Қызыл ту», «Алтын жұлдыз»

 орденінің иегері.

Сұлулық сыры

Елеусіз Мұқамәдиұның «Сұлулық сыры» повесінде адамгершілік қасиетін аға дәрігер Мамыр образы арқылы сәтті бейнелеген. Мамырдың бойындағы мұқалмайтын асқақ сезім, жан сұлулығы, кездескен кедергілерді жеңіп шығады. Жазушы адам жанының арашашысы, дәрігер образын осылайша көркемдікпен көрсету арқылы бүгінгі жұмысшы әулетінің жасампаздық тұлғасын танимыз.

1981 жыл

Қабидаш Қалиасқарұлы

Филология ғылымдарының докторы, 

профессор.

Проза жүгі

Аймағымыздың әдебиеті қанаты қатайып бүгіндері оқырмандарымыздың талғам-талап жүгін көтере аларлық дәрежеге жетті. Олай дейтініміз, өзге жанрлардан оза дамып келе жатқан поэзиямыз толыса түсіп, кенжелеп келе жатқан прозамыз соңғы оншақты жыл ішінде көктей өсіп, тұлғалы жанр-роман повестермен толығуда. Әсіресе роман жанры үшін бұл жылдар жемісті болды. Тарихи роман Моңғолиядағы қазақтардың басынан кешкен кейбір нәубәт, қанқұйлы кезеңдер мен олардың Моңғолияға жету тарихын суреттеуге арналады. Бұл романдардың алдыңғы қатарына баянөлгейлік қаламгерлерден тұңғыш жазылған Елеусіз Мұқамәдиұлының «Қобда қойнында» романын айтамыз. Әуелде біраз пікірталас тудырған «Қобда қойнында» романы осы жанрдың көшбасшысы болды. Халық революциясының алды-артындағы дәуірдің көркем бейнесін МХР-ның құрылып, жариялануы, социалистік даму жолы, қазақ-урианхай халқының сол оқиғаларға етене араласу процесін қамтыды. Осы ұзақ процестер романда өзіндік көрініс тауып басты тақырып, үзілмес мазмұны болған. Тарихи жэне көркемдік тұрғыдан авторымыздан көп білім, шынайы шеберлікті талап ететін бүл дәуірдің келбетін бейнелеген М.Елеусіз бұл шығармасында сәтті қадам жасаған. Романның құндылығы – сол дәуір шындығы. Заманға қажетті, қасиетті дерек бар. Алғашқылығына орай ауыр жүк көтеріп тұр.

1986 жыл

Имашхан Байбатырұлы

Ақын, Монголия, Қазақстан 

Жазушылар одағыныц мүшесі.

 «Алтыи жұлдыз» орденімен марапатталган.

Елеусіз Мұқамәдиұлына

(Әзіл)

Бостан босқа осы жұрт сабылады,

«Қыз жоғалды» оны іздеп неғылады.

Аман болса Елекең «Жоғалған қыз»,

Келіншек боп ертең-ақ табылады.

Өткіземіз оңаша тойын қалай?!

Оқырман-ау, айтсаңшы ойың қалай?!

Яки Ілиясулы

Ақын, аудармашы, сыншы, МЖЖО-ның мүшесі.

Елгезек жазушы

Елеусіз елуде. Ия, уақыт тұлпар, ұшқыр шабыспен межелі жерге ілезде жетеді екен-ау. Елу жас адам өміріндегі бір белес тәрізді. Елеусіз де осы белеске шығып, алды артына байсалдылықпен көз салатын кезге жетіпті, оның орта мектепті бітіріп, газет редакциясында тілшілік қызмет атқарғаны да, мемлекеттік университетке түсіп журналист мамандығын алып келгені кеше ғана секілді еді. Сол кешегі серілік құрған сары жігіттің самайын қырау шалыпты. Албырттықтың ауылынан алыс қонып, аты аймағымызға танымал жазушы, журналист атаныпты. Моңғолия Журналистер, Жазушылар одақтарының мүшесі. Е.Мұқамәдиұлы әдебиет босағасын өлеңмен аттады. Орта мектепте оқып жүргенде алғашқы өлеңі 1957 жылы аймақтық газетте жарық көрді. 1960 жылы бір топ өлеңі «Жастар тартуы» деген жинаққа енді. Осы жинақтағы «Мен едім ғой сүйгенің» атты өлеңіне композитор С.Файзолла жазған әнді сол кездегі жастардың көбі жаттап әндетуші еді. Мен де осы әнді әлі ұмыта қоймаппын.

Бұлақ аққан сылдырап самал төсте,

Нұрға батқан алқызыл жазғы кеште.

Жанды ерітіп назданған күлкің тұнық,

Сүйген жарым, құрбыжан, сен емес пе?!

 

Ұмытпаймын сүйгенім,

Әттең алыс жүргенім.

Ақ жүрегің ардақтап,

Мен едім ғой сүйгенің.

Бұл аймағымызда дүниеге келген алғашқы лирикалық ән өлеңі еді. Жас жігіттің сүйген жарға деген сағынышын шынайы да, тартымды бейнелеген. Бұл ән баршаның сүйіп айтатын әніне айналып кетті. Бұдан кейін «Жыр қарлығаштары» атты біріккен жинаққа да бірқатар өлеңі басылды. Елеусіз өлеңдерінің басты тақырыбы жалынды жастық шақтың өр қайраты, жастардың мораль тәрбиесі, социалистік өмір салты. Бұл тұрғыда да «Әлектің әлегі» , «Шылым шеккен құрбыма», «Айтпай-ақ қой жарай ма?», «Достық», «Сен соған айт» өлеңдерін тілге тиек етеміз. Е.Мұқамәдиұлы алпысыншы жылдардан бастап бірыңғай прозамен шұғылданды. Бұл жанрдағы алғашқы қадамын шағын әңгіме, новеллалармен бастаған жазушы ұлттық әдебиетіміздегі тұңғыш романды туғызды. «Махаббат тағдыры», «Өрікті көл», «Қобда қойнында», «Сұлулық сыры», «Жоғалған қыз» прозалық кітаптары арқылы оқырмандар құрметіне бөленді. М.Елеусіз алғашқы әңгіме новеллаларында бүгінгі жастарымыздың жарқын махаббатын, жастық жігерін, достық пен адамгершілікті арқау етті. Жастардың махаббаты жалаң баяндалмай, көбінесе еңбек қимыл әрекет үстінде суреттеледі. «Сығылған сең», «Өзекті пенде болған соң», «Достық пен махаббат» әңгімелеріндегі Гэрэл, Күлзира, Баян бейнелері көз алдымыздан кетпейді. Бұл көркем образ жасаудағы ізденістің жемісі. Елеусіздің жазушылық стиліндегі бір ерекшелігі әңгімені неғұрлым қысқа жазатындығы. Сюжеті ширақ, сөйлем құрылысы ықшам, шұбалаңқылық көп кездесе бермейтіндіктен оқушысын зеріктірмейді. Өткен жылы ауыл шаруашылығы тақырыбына жарияланған байқауда орын иеленген. «Көзгіл тоқты» әңгімесіндегі Дәулет қарттың образынан қоғам малына деген жанашырлық сезімді, еңбек десе, бел шешпейтін жанның жарқын тұлғасын көреміз. М.Елеусіздің күрделі тақырыпқа да қарымы жететіндігі «Өрікті көл», «Сұлулық сыры», «Жердегі жұлдыздар» повестері мен «Қобда қойнында», «Жоғалған қыз» романдарынан айқын аңғарылады. «Өрікті көл» повесіне өзек болған тақырып «Жалама айдаған» деп аталатын тарихи қанқұйлы оқиға. Жазушы бейуаз елдің берекесін кетірген жауыз «Дамбий Жанцанның» халыққа жасаған лаңын тарихи шындыққа сай нақты бейнелеген. Қазақтар қатігез жауға намысын жібермей, кегін қайтарады. Повесть оқиғасы шиеленісті, идеясы айқын. М.Елеусіз аймағымызда алғаш рет тарихи роман жанрына қалам тартты. Бір жағынан батылдық еді. Тарихи шындықты шеңберінен шығып кетпей көркемдікпен көрсету оңайға түспейтіндігі әркімге аян. Өйткені ел аузындағы әңгімелерді бір арнаға түсіріп сұрыптап, көркем образдар жасау жазушыдан шеберлікті талап етеді. Алайда автордың роман жазудағы тәжірибесінің жетіспеуінен кеткен кемшіліктерді кезінде батыл сынаған едік. Ол сынды қабыл алды да, келесі кесек туындысы «Жоғалған қыз» романында ол кемшіліктерді қайталамады. «Жоғалған қыз» жазушы шеберлігінің шыңдала түскендігін дәлелдейтін туынды. Елеусіз «Жоғалған қыздың» екінші кітабын да тәмамдады. Қазір оны өңдеп толықтыру үстінде. Әңгіме, новеллалар жинағы «Мөңгөн товч», («Күміс түйме») кітабы (моңғол тілінде) Ұланбатыр қаласынан басылып шықты. Елеусіз драмалық шығармамен де шұғылданып, бірер пьеса, бірнеше көрініс жазып, бұл жанрға да икемділігін танытты. Жазушы еңбегінің ендігі бір сүбелі саласы - аудармалары. Ол Дамбадаржаның «Тұлба көл» повесін, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты С.Удвалдың «Ұлы тағдыр» романын, Ц.Гайтавтың «Жиырмасыншы ғасыр» поэмасын, басқа да бірқатар жазушылардың туындыларын қазақшаға аударды. Елеусіз Мұқамәдиұлының журналистік еңбегі де арнаулы сөз етуге тұрарлықтай. Ол көптеген очерк жазды. Ең шоқтықтысы МХР еңбек ері Ж.Серікбай туралы жазған «Биікте» очеркі. Бұл туынды публицистакалық сипаттама мен ситуацияны дұрыс үйлестіріп, поэтикалық  детальдарды таңдап алуымен ерекшеленеді. Серікбайдың еңбек жолын, табыстарын сыдыртып баяндап өтпей, белгілі сюжетке құрып көркемдікпен бейнелеген. Очерк жазумен шұғылданушыларға Елеусіздің бұл очеркі үлгі бола алар еді.

Елеусіздің шығармалары оқырман тарапынан да, қаламдастары білдірген пікірлер арқылы да әділ бағасын алып келеді. Оның бірнеше туындысы байқауларда орын иеленіп сыйлық та алды. Өткен жылдардағы еңбегі бағаланып, биылғы жылы жазушыларымыз ортасынан тұңғыш рет «Аймақтық озат қаламгер» атағына ие болуы оның шығармашылығына берілген лайықты баға. Әдебиетімізге өзіндік өрнегін салып, өрнегін тоқыған Елеусізді жазушылық ізденісі тұрғысынан «Елгезек жазушы» деп атауға болатындай. Ол елгезек болғанымен, асығып аптықпайтын байсалды, сабырлы, ұстамды, бірқалыпты шабыспен келелі. «Елу ердің жасы» дейді ғой. Өйтсе елудің белесіне ентікпей жеткен одан оқырмандары әлі де тамаша туындылар күтетіні күмәнсіз. Елеусіздің мүшел тойында мықты денсаулық, зор табыс тілейміз».

Замандасы Яки Ілиясұлының бұл ілтипаты мен тілегі қабыл болып, Екей ағам азды көпті еңбектеніп «Қашқын» «Жасыл жағалау», «Сары бел» романдарын жазды. Өкінішке орай денсаулығына байланысты көзінің тірісінде жарыққа шығара алмады. Тірі болса биыл сексенге сері келер еді-ау. Аяулы Екей ағамыз, Елеусіз Мұқамәдиұлы тарихи отанымыз - Қазақстан Тәуелсіздік алған соң, Моңғолиядан 1993 жылы Атамекенге біржола қоныс аударды. Сол жылы Қазақстан Жазушылар одағына мүшелікке ілескен. 2003 жылы Қарағанды облысы Ақтау кентінде мәңгілік сапарға аттанды. Аяулы ағамыздың қазасына қайғырып, ұзақ жоқтау жазған едім, үзінді келтірейін.

Жан бөлек Екей, жан бөлек

(үзінді)

Таң мезгілі таянды,

 Егеухан деді тілге кеп. 

He айтасыз Екейағалап, 

Жуықтай түстім ентелеп.

 

Аз кем мөлшер күш жиып,

Қош бол деді жалғыз сөз. 

Қол аяғы қарысып,

Бұзылып бара жатты көз.

 

Көз алдымда дүние-ай,

Қолымнан сусын татырып.

Тосып жатқан екен ғой 

Көз жұмды таңды атырып.

 

Өртеніп кетті өзегім, 

Құлады аспан дөңгелеп. 

Қидым деп айттым қайтейін, 

Айырылып қалдым жан бөлек.

 

Алпыс бес жаста бақиға,

Аттандың атақ-даңқыңмен.

«Елеусіз» еді есімің,

Елеулі өттің өмірден.

 

Ойсырап орман теңселіп,

Жапырақ жайып иілді.

Тұмандап аспан түнеріп, 

Күн күреңдеп күйінді.

 

Қиналушы едім ауырсаң, 

Өлімге де қидым ау.

Ақтық демің біткенде, 

Жан бөлек көріп тұрдым ау.

 

Бүтін жүрек бөлініп,

Жаралы қалды жартысы.

Жан бөлек, Екей, жан бөлек

Қуаттың өзің бар күші.

 

Жан бөлек, Екей, жан бөлек, 

Жер қойнына тапсырдым.

«Сары бел» соңғы кітабың, 

Түйіні екен көп сырдың.

 

Ұмытылмайсың мәңгілік, 

Өміршең жазған шығармаң. 

Ұрпағың ұлтың еске алып,

Жаңғырар ісің ұлы арман.

Егеухан Мұқамәдиқызы

Моңғолия, Қазақстан Жазушылар 

одағының мүшесі. ҚР мәдениет қайраткері, 

Алтын алқалы ана.

Текті ұрпақ, тәккапар жазушы

Моңғол елінде «Моңғолияның қазақ әдебиеті» деген ресми атау, ұғым қалыптастарған, арғысы он ғасырлық оман дария қазақ әдебиетінің теріскей Алтайдағы бір гаусар бұлағы өз жүлгесімен аққалы небәрі бір ғасыр ғана өткен екен. Осы жылдар ішінде ат төбеліндей аз қазақ айпара әдебиет жасап үлгірді. Моңғолия қазақтарының жазба әдебиеті де әу баста бабадан қалған байырғы үрдіс поэзияға ден қойды. Бүгінгі таңда өзгеге дес бермейтін өр ақындарымыз жетерлік. Ал әдебиет әлеміне кенжелеп келіп, 1950 жылдардан бастап тамыр тартып, жапырық жайған Моңғолия қазақ әдебиетінің проза саласы жайлы сөз болғанда тақырыбының әр алуандығымен оқырман көптің көңілін елең еткізген жазушы Елеусіз Мұқамәдиұлы ағамыздың артына қалдырған еңбегі еріксіз ойға оралады.  Тақырыбының әр алуандығы деуіміздің де өзіндік мәні бар. Моңғолия қазақ жазушыларының ауқымды еңбектері байырғы үрдіспен тарихи тақырыптан басталса, Елеш ағамыз  әдебиет айдынына адамзат баласының мәңгілік тақырыбы махаббат тақырыбында қалам тербеуден бастап, сонау 1972 жылы «Махаббат тағдыры» кітабын жарыққа шығарған еді. Ал 1980 жылдардың басында оқырман қолына тиген «Жоғалған қыз» роман-диологиясы сол заман оқырмандарының қолынан түспейтін сүйікті кітабына айналды. Әр сұмынның әдебиет сүйер қауымы Елешті ат-түйедей қалап ауылдарына шақыпып, кездесу ұйымдастыратын. Өз ортамызда жарық көрген прозалық шығармалар жайлы сөз болса, Елештің «Жоғалған қызының» тамсана әңгімелеп, жалғасын асыға күтетін.

Иә, басынан небір нәубеттер өткізіп ұлы қазақ даласының шетінде, жаудың өтінде ғұмыр кешкен керерейлердің тарихи қилы тағдырын арқау еткен жазушы ағаларымыз С.Мағауия, Н.Шерияздан, Қ.Слам, Т.Султан, А.Ақын сияқты қаламгерлердің қатарында Елекштің де тарихи тақырыпты өндіріп жазғанын білеміз. «Қобда қойнында», «Өрікті көл» сияқты роман, повестері осының айғағы.  Қай-қайсысы да оқырмандардан оң баға алды.

Елеш қара сөздің қайығы жазушы ғана емес, Моңғолияның мемлекеттік университетін жураналист мамандығы бойынша бітірген аймағымыздан шыққан саусақпен санарлықтай кәсіби журналистердің аға буыны болды. Сондықтан ол кісінің публистикалық шеберлігі, журналистика саласының қыр-сырын жақсы білетін қарым қабілеті екі сөздің басын құрау арқылы осы салаға келіп аймақтық «Жаңа өмір» газеті мен радио хабар редакциясында қызмет істеп жүрген біз сияқты жастарға үлгі болды. Білмегенімізді осы кісілерден сұрадық. Әсіресе орталықтан тететайп арқылы күн сайын келіп жататын моңғол тіліндегі ақпараттар мен ОПК-нің пленум материалдарын, үкімет орынының қаулы қарарланын, «Үнэн» газетінің бас мақалаларын аудару аудармашылық білім талап ететін шаруа. Газет пен радио тілші, редакторлары саяси материалдар тұрғысында үнемі бірігіп жұмыс істейтін. Мұндай ауқымды күрделі материалдарды аудару  Радионың бас редакторы М.Қизат, цензура қызметкері Т.Насыр, «Жаңа өмір» газеттің редактор, аудармашылары І.Яки, М.Елеусіз, Р.Шынай, Ж.Қуанған сынды маманды журналистерге тапсырылатын. Осындай кездерде Елеш ағамыздан көп нәрсе ұқтық, аударманың қыр-сырына қанықтық. Моңғолдың көл-көсір тілінің көркемдігін жеттік меңгеріп, Ц.Гайтав, С.Удвал сынды ақын жазушылардың шығармаларын қазақ оқырмандарына жеткізген Елештің публистикадағы аудармалары да оқуға жеңіл, әр сөз өз орынында судырап төгіліп тұратын.

Қою, ұзын шашын артқа қайырып, желкілдете тарайтын кербез ағамыздың отырған орынынан жер жылыса, жылмай қаламын нығарлай ұстап, шұқшиып отыратын кейпі күні бүгін көз алдымда. Басқаларша қаламын жеңіл ұстап, адам танымайтын шимай, сүйкек жазумен асығыс-үсігіс жорғалата жөнелмейтін. Елеш ағамызға «аға, мына мимырт жазумен қаншама роман, повесті қалай жазып бітіресіз» деп бір жағы таң қалып, біржағы әзілдеп сұраймыз. Ондай кезде Елеш өзінің әдетімен бір кеңк етіп күліп алады да: «Машинист қыз, келіншектердің қарғысына қалмай, сауабын алайын деп асықпай, маржандай етіп жазып жатқаным ғой», -  дейтін. Шынында ағамыз сондай еңбекқор ерінбейтін жан болды. Қашан көрсеңізде қаламға соншалықты салмақ салып, жазып жататын, жазып жататын. Елеш ағамыз жалпы, ерекше кірпияз басқаларымыздай дәңгірт әңгімеге араласа бермейтін, тәкаппар жан еді. Тәкаппар дегенді бүгінгі тілімізде қалыптасқан жағымсыз мағынасында айтып отырған жоқпын. Бұл қазақтың өр мінезді, өндір азаматтарына берілетін баға екенін бүгіндері көбіміз біле де бемеспіз. Ұлы жазушы Мұқтар Әуезов салауатты да сері ақын Сәкен Сейфуллинге баға берген бір сөзінде.  «Сәкеннің... өзгеде жоқ  екі түрлі ерекше, ірі қасиеті басымдап, айқындала шығады. Мұның біріншісі – жалтағы жоқ шыншылдығы, екіншісі – ақындық тәкаппарлығы. Ең әуелі тәкаппарлық дегенге тоқталсақ, ...өзінің нәрлі, жақсы мағынасынан айырылған сөз еді. Адамның шын адам мүсінін көрсететін, өз басын өзгеден «кем емеспін», «теңмін» деген сенім, санаға жеткізетін қадірлі сипат тәкәппарлық аналар тұсында (Кеңестік үкіметті айтып отыр) сөнген, солған еді. Сәкеннің тәкаппарлықты жақсы мағынасынан танытып, әдебиетте де, ой-санаға сіңіріп келе жатқан еңбегі айқын», - дейді.

Мен ардақты Елеш  ағамыз жайлы өз лебізімді білдіру үшін қолыма қалам алғанда, ойыма ұлы ғұламаның осы ұлағаты түсті. Елеш ағамыз дәл осындай дара тұлға, дарынды қаламгер, жүйрік журналист, текті атаның ұрпағы, Моңғолиядағы демократиялық төңкерістен соң Баян-Өлгийде құрылған «Қазақ қоғамына» ат салысқан, ұлтын сүйген текті жандардың бірі еді. Алғашқы лекте бәрімізден бұрын Атажұртқа қоныс аудырды. Қазақ даласынан топырақ бұйырған аяулы ағамыздың жаны жәннатта болғай!

Бодаухан Тоқанұлы

Ақын

 


Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар