Әдеби клубтағы дәрістердің бірінде қатысушыларға белгілі жазушы Роза Мұқанованың «Бағира – Шер» әңгімесін оқуға бердім («Қазақ әдебиеті» газетінің 24.01.2025 жылғы №3 санында жарық көрген). Дәріс тыңдаушылардың бірі осы мәтінді ұнатпағанын айтты.
Аталмыш әңгіме көпшілікке таныс болар. Шер мен оның әйелі (шығармада Қатын делінеді) – бала сүймеген ерлі-зайыпты. Әйелі алып келген ұрғашы бала мысыққа қос мұңлық Бағира деп ат қойып, екеуінің ата-аналық қамқорлығы, мейірімі, тіпті, сүйіспеншілігі табиғи түрде сол тіршілік иесіне ауады. Аздан соң Бағира Граф атты «дос» тауып, екеуі адамдардан (ересектерден) тәуелсіз өз өмірін, динамикалы «махаббат» хикаясын кешеді. Басқаша айтқанда, кеудесінде жаны бар тіршілік иесі ретіндегі ол екеуінің де ересектердің «ойыншығы» я қамқорлық нысаны болған тірлігінен ерекшеленетін ішкі өмірі, өзіндік реакция, заңдылықтарымен дамитын кішігірім әлемі бары айқындалады.
Бірақ, Қатын «Бір туғанда бес-алты марғауды бір-ақ туып тастайды бұлар» деп, ақылға жеңдірген (рационалды) жауаптылықтан Бағираны стерильдеуге шешім қабылдайды. Тек Қатынның күткеніндей емес, операциядан кейін Бағира кәдімгідей өмірден баз кешіп, ойнақы, қағілез қалпын, өмірге құштарлығы мен жанды ширақтығын жоғалтады. Айналасындағылармен қарым-қатынасы өзгеріп, Графтан да алшақтап кетеді. Үйді бұрынғыдан бетер көңіл құлазытқан өлі тыныштық жайлайды. Ақыры Бағира көпқабатты үйдің шатырынан құлап өледі.
Әңгіменің ұзын-ырғасы осындай. Әлбетте, мен келте қайырып отырмын. Ол екі арада арман мен үміт емексіткен еркектің, тағдырына налып, тал қармаған қасіретті әйелдің мінез, қылығы, тар темір кеңістіктегі бұла, байтақ табиғаттың бұлқынысы байыппен, яки, рет-қисынымен көрсетіледі.
Сөйтіп, сырттай қарағанда стерилизациямен мәселе шешілгендей болғанымен, іштей жануар да, адам да әлденесінен айырылғандай әсер қалады.
Міне, дәріс тыңдаушылардың бірі осы мәтінді ұнатпағанын айтты. Тіпті, оны «жақсы емес», «оқырманға кері әсер етеді» деп бағалады. Себебін сұрағанымда, «әңгіме адамдарды жауапсыздыққа итермелейді, бұны оқыған жұрт мысықтарға жаны ашып, стерилизацияламай қояды. Бұл – қауіпті ұстаным, өйткені, қаңғыбас жануарлар, олардың ешкімге керексіз төлі, тіпті, қолдағысын тарату, орналастырудың қиындығы сияқты нақты проблема бар» дегенді айтты.
Қазіргі тілмен айтқанда, мен оны естідім. Бұл мәселе, шынымен, бар. Шешімді талап ететін және табылған шешімі әжептәуір баланс орнатып отырған ауыр әлеуметтік мәселе.
Дегенмен, сол сәтте мен мынаны түсіндім: оқырман мен автор арасында диалог жүрмеген және жүруі екіталай еді. Неге?
***
Диалог ұғымы көпқырлы, оны түрлі контексте қарастыруға болады. Бізді қызықтыратын автор мен оқырман арасындағы диалог – ғылым тілімен айтқанда, «субъект-субъект» сипатты қатынас. Бұл, әрине, автор мен оқырман тең деген сөз емес.
Оның қисыны әдебиеттен тыс салаларда жақсы көрінеді. Мысалы, шынайы педагогикада ұстаз – оқушыны бағалаушы емес, өсіруші. Білімі мен тәжірибесі мол ұстаз шәкіртті құр ықпал ету, бағалау нысаны деп білсе, оқыту дайын ақпаратты беруге саяды. Шәкірт шынайы ізденіп, жауап беріп, келісіп я күмәнданып, үдеріске қосылса, ал, ұстаз оқушысы ұмтылған биікке тартып, оны бағыттаса ғана екеуара диалог жүріп, нәтиже болады.
Адамның Құдаймен қарым-қатынасы да осыған үйлес түзіледі. Құдай адамға жетілудің жолы мен биігін нұсқаумен қоса, таңдау еркін берген. Құдай мәжбүрлемейді, сондықтан, адам шын ниетімен өзі қадам жасамай, нәтиже шықпайды.
Белгілі философ, әдебиеттанушы Михаил Бахтиннің әйгілі теориясында диалог – дербес екі сананың тоғысуы. «Мен» «Басқаның» бейнесін қалыптастырады және сол үшін де жауапты. Әрқайсымыз субъект болғандықтан, күнбе-күн көзімізбен, сөзімізбен, ісімізбен өзгелердің кім, қандай болатынына, сөйтіп, олардың өміріне ықпал ететін суреткерміз. Бәріміз. Кез келген адам, дейді ғалым.
Міне, әдебиеттегі, жалпы, өнердегі диалог сипаты да осындай. Автор оқырман-көрермен-тыңдарманның талғамына бейімделмей, қайта, оны өсіруі керек дегенді «сөз түзелді, тыңдаушым, сен де түзел» деп Абай бастап, Толстой қостап, Умберто Эко, Олжас Сүлейменов сияқты көптеген қаламгерлер айтқан. Айтқанға оңай болғанмен, мысалы, әйгілі иран режиссері Джафар Панахидің пікірінше, көрерменнің соңынан еретін режиссерлер 95%, көрерменді ілестіретіндер небәрі 5% екен. Бұл жерде сөз танымалдық жайында емес, әлбетте. Аудиторияға еретін түсінікті, жайлы авторлар, әдетте, жаңаша пікір-пайымның әсерімен ойды, иланымды өзгертуді талап етпейді. Ал, екінші топ мәселені басқаша қояды. «Мен дүниені осылай көремін, сендердің де осыны ұғынып, қабылдағандарыңды қалаймын. Өсіңдер. Өнер сонысымен киелі» дейді олар. Міне, бұның қиындығы да, қарамы аз бұл топты өрелі ететін де – осы ұстаным.
Кез келген көркем туынды, ең әуелі, әсер, сезім арқылы эстетикалық тұрғыдан қабылданады. Біз ұнайды я ұнамайды, көңілден шығады я шықпайды деп, пікір білдіреміз. Бірақ, оқырман осымен шектелсе (дәлірек айтқанда, автордың жазғаны ойландыратын деңгейге жетпей жатса), әңгіме эмоцияның айналасында тұйықталады.
Эстетикалық бағалау өз мәнінде құбылмалы. Өйткені, оқырманның (көрерменнің, тыңдарманның, т.б.) күткеніне, қалыптасып қойған әдет, ұғым, нанымына тәуелді. Сондықтан да эстетикаға ғана бағдарланған өнер бірден түсінікті, оң реакция тудыруға ұмтылып, аудиторияға бейімделе бастайды.
Құр әншейін баға беріліп, үкім айтылатын қатынас эстетикалық, яғни, эмоция, сезім тұрғысынан ыңғайлы болғанымен, этикалық, яғни, саналы, адамгершілікті-құндылықты тұрғыдан қауіпті. Өйткені, біреуге анық, әділ, тіпті, әдемі анықтама я баға болып көрінген екінші біреудің еркін жоққа шығарады. Бұл қадағалаушыға, тексерушіге, бағалаушыға ыңғайлы болғанымен, қадағаланушы, тексерілуші, бағаланушыға әділетсіз.
Туынды оқырманға әсер етумен шектелмей, өзіндік еркі мен жауапкершілігі бар адамды ойландырып, диалогқа шақырған тұстан этикалық қағида күшіне енеді. Ондай туынды сезім тудырып қана қоймай, оны өмір, қарым-қатынас, құндылықтар, оның ішінде, Бахтинше айтсақ, басқаның құндылығы, адамның шынайы жауапкершілігі сияқты ұғымдарды қалыптастыратын әлдеқайда терең негіздермен байланыстыруға шақырады. Міне, дәл осы тұста біржақты эстетикалық бағалау, эстетикалық әсер этикалық пайымға, диалогқа ұласады. Өйткені, этика – басқаның, яғни, екінші тараптың да пікірі, жауап беруге еркі бары мойындалатын және ол еркі жүзеге асатын бірден-бір өріс. Сол себепті де, өзіне ілестіре алатын авторлар оқырманның сезіміне ғана емес, сезім астарындағы ойды талдау, талқылау қабілетіне мен қақысына жүгінеді. Әрине, олардың мәтіндері келіспеушілік, наразылық, қарсылық тудыруы мүмкін, бірақ, бастысы оқырманды диалогқа қатыстырады.
***
Әлеуметтану саласында «Овертон терезесі» деген тұжырымдама бар. Ол тұжырымдама қоғамның жаңа идеяларды қалай қабылдайтынын сипаттайды. Қарапайымдап айтқанда, мәнісі былай: кез келген түбегейлі, өткір, батыл өзгерістерге жұрт, әдетте, ада-гүде қарсылық танытады. Ал, егер олар біртіндеп, жайлап енгізілсе, бұрын «өрескел, ерсі, қалыптан тыс» көрінген идея әуелі бейтарап, одан соң қалыпты, сосын жалпыға ортақ сипатқа ие болады да, «ұғымдар алмасуының» тұзағына түскен адамдар «жаңа нормаға» қалай келгенін өздері де байқамай қалады.
Бұндайда жалған шындыққа, шындық жалғанға айналып, адамдарды шатастырып, оның арты адасушылыққа апарып соғады.
Міне, «Бағира – Шер» әңгімесі тірі табиғат, жанды дүниеге қатысты норма терезесінің қаншалықты жылжығанын аңдатады. Бір кездері трагедия саналған нәрсе бүгінде бейтарап ветеринарлық процедура, тіптен, игілік ретінде қабылданады.
Әңгіме стерилизация, тіпті, мысық туралы емес. Ондағы басты қақтығыс ақылы асқан... емес, білімі артқан адамның бәрін бақылауға, басқаруға ұмтылысы мен басқарудан гөрі қабылдауды қажет ететін тірі табиғат ағымы екі айырылған тұста туындайды (тіршілікте бұл екеуінің қабысатын тұсы да бар ғой). «Өмірді реттеу» деген рационалды шешім жандық атаулының тынысын тарылтып, тіршілігін шектейді, тіпті, өзін, өзіндігін жоғалтуына апарады (жатыры жоқ әйел заты жарымжан емей, немене), ал, әлгіндей формалды дұрыстықпен оның орнын толтыра алмайсың.
Өйткені, әлеуметтік тұрғыдан ақтап, қандай «ізгі» ниетпен түсіндірсек те, практикалық процедура ретіндегі стерилизация өз мәнінде бәрібір табиғатқа төтеннен араласу, әрі-беріден соң, сол табиғаттан айыру актісі болып қалады.
«Мысықтарға солай жақсы екен», «ветеринарлар «олар ештеңе сезбейді», «қайта стерилизациядан кейін денсаулығы жақсара түседі» дейді» деген сөз – ұғымдарды алмастырып алған адамның ойлау қабілетіндегі логикалық қате, теріс пікір-пайымның айқын көрінісі.
Менің тыңдаушым «Әңгімені оқығанда сондай әсер қалыптасқанына мен кінәлі емеспін» деді ақталғандай боп (ар жағы бірдеңе сезеді ғой). Әрине, кінәлі емес.
Біріншіден, бәріміз де мәтінді өз тәжірибеміздің салмағын сала отырып оқимыз. Күрделі мәтінге алғашқы (эмоциялық) реакция көбіне шығарманың сапасын емес, біздің қабылдау сипатымыз бен деңгейімізді көрсетеді. Екіншіден, әуелі «игілік» деп жарияланып, одан, уақыт өте, солай деп қабылданған не нәрсе де наразылық (жағымсыз эмоция) тудырмасы белгілі.
Бірақ, эмоция мен моральдық-этикалық бағдар бір емес. Өйткені, моральды айқындайтын эмоция, сезім, яки, эстетика емес, тұрақты құндылықтар жүйесі, яки, адамгерлікке негізделетін этика. Иә, эмоция, сезім әлдененің құндылық емес екенін (дәлірек айтқанда, өзіміздің құндылық деп танығанымызға сәйкеспейтінін) білдіруі мүмкін, бірақ, өздігінен құндылық қалыптастыра алмайды, құндылық өлшемі де бола алмайды. Өйткені, өзгермелі, өтпелі, өшпелі. Қан мен ақтарылған ішек-қарынды күнде көре берсең, етің (сезімің) өліп, жүрегің де шырқырауды қояды ғой. Бірақ, науқасқа жасалған операция контекстіндегі қан-жын қалыпты, жөн де, қылмыс контексінде – қалыпқа сыймайтын жөнсіздік екенін айқындайтын – құндылық.
Өмірдің, шындықтың, адам мен оның еркінің қастерленуі, зорлық-зомбылыққа тыйым сияқты принциптер – түрлі мәдениеттердің басым көпшілігінде мойындалған қағидалар. Олар адам тарапынан бұзылуы мүмкін, бірақ, норма ретінде бұлжымайды. Құндылық – маған, біреуге, біреулерге, адамдарға (ғана), тіптен, көпшілікке де емес, баршасына, Құдайдың бүткіл жаратындысына маңызды, ыңғайлы, қастерлі дегеннің қамтуы. Құндылықтар жүйесінсіз қоғам ақыр соңында азып тынады. Ешқандай да игілік, құндылық емес, бірақ, солай аталып кететін «жаңалықтар» оны, тіптен, тездетеді...
Сондықтан, «Бағира – Шер» әңгімесіне қатысты мәселе әлгіндей араласу «керек пе, керек емес пе» дегенде емес, біздің соны «қалыпты» деп түсінуімізде. Осыдан келіп, қарастырып отырған әңгіме мәтіні құндылық тұрғысынан әлдеқайда ыңғайсыз, әлдеқайта терең сауалдарды алға тартады:
Неге біз осындай шараларға мәжбүр болатын жағдайға жеттік?
Неге Құдай жаратқан тіршілік иелері «артық» болып қалды?
Неге туу проблемаға айналды?
Неге махаббат пен өмір жалғастығы реттеуді қажет етеді?
Бұл ендігі жерде әлеуметтік тұрғыдан тиімді ветеринарияға барып тірелетін тұрмыстық әңгіме емес. Бұл өркениет мәселесі әм өркениеттілерге қойылған сауал.
Біз табиғатымызда бала сүйгіміз келеді. Ана мен әке болғымыз келеді. Жақындыққа, жылылыққа, қамқорлыққа, өсіп-өнуге зәруміз. Қоғамның рұқсаты я шешімімен емес, адам да, аң-құс, өсімдік те солай жаратылғандықтан. Солай «бағдарланғандықтан» да балалы болуды қаламайтын әйел заты болмайды (әңгімедегі Қатынның үйге бала мысық әкелетіні де сол түйсіктен). Қаламаса – білместіктен, мәжбүрліктен, т.б. сол баяғы қалыптан тыс қоғами себептен болуы мүмкін, бірақ, түп негізінде, табиғатында әр әйел бала сүйіп, ана атануға ұмтылады (лайым, солай болсын да).
Әрине, «мақұлық өзін емдеп жатқанын, өзіне жақсылық жасалып жатқанын түсінбейді» деп қарсы уәж айтуға болар (наразы оқырман «бұл ертегі» деді). Рас, солай көрінер. Бірақ, біздің табиғатымыз құр биологиялық дерек, ұрғашы-еркек жынысымыз төлқұжаттағы тіркеу ғана емес қой. Ол барша жандықтың сезім, түйсік, пайымынан тұратын тұтас құрылымының бір бөлшегі. Оны түсінбесе де, түйсінбеу мүмкін емес.
Ал, бүгін «жауаптылық» желеуімен соны басып-жаншуға мәжбүрлейтіннің бәрі – адам тірлігінің, қайта, жауапкершілікті ұмытудың нәтижесі. Біз тіріні алдымен жойып, артынан соған «гуманистік» сылтау іздеуді қалыпты санайтын әлемде өмір сүріп жатырмыз.
***
Әлбетте, бұны білгеннен мәселе шешілмейді, біз әлі де стерильдей береміз (нені болса да). Сірә, одан енді ешқашан бас тарта алмаспыз. Автор да ол қажеттілікті терістемейді. Өйткені... оқырман стерилизация туралы шындықты айтты. Өйткені, ол да, сендей, жаралыстың басқа бір нүктесінде тұр. Ол да өз биігінен бірдеңе көріп тұр. Тек онікі жөн болғанымен, ақиқатты ашуға жеткіліксіз. Онікі... автор шындығының құрамында. Оның шындығы автордың қазанында қайнап, ақиқатқа ұласты.
Иә, «Бағира Шер» әңгімесінің авторы күреспейді, тартысқа түспейді, ешкімді де, ештеңені де сөкпейді, кінәламайды, терістемейді. Ол оқырман айтып отырған мәселені одан әлдеқайда биік деңгейде ашып көрсетеді. Және онысын оқырманға таңбайды. Сол үшін де драманы жасанды күшейтпейді. Ол тек көзқарас аясын кеңейтуді ұсынады. Бұл өзекті тақырыптар өрісіне бейімделмейтін, қайта, дағдылы деңгейден әлдеқайда терең қабатты ашып көрсетіп, «соңынан ертетін» субъект позициясы. Оны қабылдау я өз шеңберінде қалу оқырманның өз еркі. Әрине, ойы мен бойы қалыптасып, небір иланымға ұйып, қатып-семіп қалған адамның бір мысқал өсуінің өзі мұң. Бірақ, азат басын құл ғып, қолдан келмес іске ұмтылған нағыз еркін жан.
Көркем шығарма, жалпы, кітап оқуға кіріскен оқырман да, дүниеге, өмірге өз көзқарасын ұсынған автор сынды, конструктивті диалогқа апарар сұхбатқа, тіпті, пікірталасқа әзір ғана емес, ықыласты да болса, бірінші кезекте, қоғам үшін игі.
«Бағира Шер» әңгімесі күн тәртібіндегі өзекті әлеуметтік мәселе тұрғысынан оқып, пікірлер қақтығысы, күресі ретінде, «қолдаймын» я «қарсымын», «(стерилизация) керек» я «керек емес» дегенге құрылатын тартыс ретінде қабылдайтын мәтін емес.
Автор трагедиялық желіні оқырманға әсер етіп, жанашырлығын тудыру үшін емес, әлдеқайда тереңдегі, шығарма (оқиға) шегінен тыс шындықтың өлшемі ретінде сақтайды. Тартыстың моральдық (құндылықты) емес, эмоциялық тұрғыдан мақұлдау шеңберіне жұтылып кетуіне жол бермейді, дайын тезиске бағындырмайды. Қайта, қоғамдық сезім баяғыда ақ шешім шығарып, нүктесін қойған мәселені әрі қарай қаузап, ширығыс тудырады. Өркениетті, гуманистік шешімді бұзып, кері кетіргендей болады. Гәп осында. Осы ширығыс, қарсылықты автор ғана емес, оқырман да еңсерсе, ар жағынан ол қоғамдық таңдаудың құны ашылады. Оқырман осылай өседі. Автор жеткен өре, оқырманға белгілеген, дәлірек айтқанда, оқырман жетуі тиіс «планка» ыңғайсыз, тіпті, қайшылықты. Сол күрделі, қайшылығымен де мәтін өте жанды.
Қазақ мал сойғанда (бауыздағанда) өз әрекетінің мұқтаждықтан екенін түсініп, мойындап, «Сенде (немесе малда) жазық, менде азық жоқ» дейді. Моральдық философияда бұны «жад этикасы» дейді. Оның мәні мұқтаждық, зәруліктен жасалған іс-әрекет те басқаның еркіне қол сұғу, өміріне араласу болып қалады дегенге саяда. Міне, «Бағира-шер» әңгімесінің авторының айтпағы да сол. Ақыл иесі бола тұра, табиғи жөн-жосыққа оспадарсыз қол сұғып, араласқанымызды, енді соның салдарын реттеуге мәжбүр екенімізді түсіну, есте сақтау.
Суреткер сергек болғанда, әдебиет ақты қаралау, қараны ақтауға, терең, көпқатпарлы, көпқырлыны қарабайырландыруға қарсылық кеңістігіне айналады. Қалыпқа сыймайтынды бейтараптандыру, одан қалыптыға айналдыру арқылы шешім қабылданып қойғанда да адамды жауапкершілік тұғырынан тырп еткізбейді. Осы сергектік сақталғанда, рұқсат етілетін норма терезесі тым кеңімейді, тым айқара ашылмайды.
Өнерде аяқталғандық – көркемдік қажеттілік. Ал, тірі адам, жалпы, тіршілік иесіне қатысты зорлық десе болады. Сондықтан, эстетикалық тұрғыдан мәтін аяқталғанмен, этикалық тұрғыдан аяқталған жоқ. Сөз тәмам болғанмен, процесс аяқталмайды. Солай болуы керек те.
Айнагүл Садықова, әдебиеттанушы,
халықаралық «Алаш» сыйлығының иегері,
Жазушылар одағының мүшесі
