Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Максималар мен қоғамдық ойлар......

Максималар мен қоғамдық ойлар...

267

Максималар мен қоғамдық ойлар... - adebiportal.kz

Өзіңнен биік адамға еліктеудің еш сөкеті жоқ қой. Мұны жазуға төмендегі ойшылдардың  алуан түсініктері әсер етті десем, еш артық айтқандығым емес. Жалпы, жазба әдeбиeттe афoристиканы жeкe жанр рeтіндe дамытқан Жан де Лабрюйeр мен Блез Паскальді, сондай-ақ Франсуа де Ларoшфукoны айрықша айтуға болады. Ларoшфукoның  әйгілі максималары – әлемдік oйдың алтын қазынасы. Философиядағы апoфтeгма мен максималар, гнoма мен сeнтeнция сынды түрлі тәсілдерге  жазылған еңбектер есті оқырманды ойландырмай қоймайды. Осы бір   қысқаша ғана жанрға қалам тербеген мықтылардың қай-қайсының болсын қалам қуаты  бізді де шын ынтықтырған еді. Ендеше әр жылдарда (дұрысы, осы он жылдың мұғдарында)  қоғамдық көңіл күй ауанына байланысты жазылған әдебиет пен өнерге, әлеуметтану мен теологияға, саясаттану мен философияға қатысты  ойларымның осы бөлігін өздеріңізге  ұсынып отырмын. Ілгеріде жарық көрген біршама бөлімін порталымыздың алдыңғы сандарынан тауып алып оқуларыңызға болады.

 

***

Жак Дерида: «Әдебиетсіз демократия, демократиясыз әдебиет болмайды», – дейді. Қандай керемет пайым! Демократияның ең негізгі тағаны еркін ой десек, осы құндылыққа үлес қосқан кез келген қаламгерді демократ деуге әбден болады. 

Мұны айтып отырғаным, кейде салт-дәстүр мен менталитеттің өзі «секта» секілді. Санамызға орнығып алған осы «секта» секілді сансыз стереотиптер уақыт өте келе «сакральді» сипатқа ұласып, енді оның құрсауынан жеке тұлғаны қойып, бір қауымның құтылуының өзі қиынға соғады. 

Ұлт пен ру, дін мен ділден түрегелген бұл түсінікті «дөңгелек шындық», ал әлемдік масштаб аясында түзілген мәдени кеңістікті «космостық шындық» деп түзетіп айтуға тура келеді. 

 

***

Әлемдік әдебиетте «мынау түгенше деген адамның прототипі» деп жатамыз ғой. Ал автордың төл прототипі – ол жазған мәтіннің өзі ғана.

 

***

Адам үміт пен сенімді мемлекеттен, сондай-ақ оның әділетті Конститутциясынан ғана алады ғой. Ал осы жылу мен сенім орнамаған жердің бәрі иллюзияға айналады. Иллюзия – діннің негізгі торы. Мемлекет өз халқын жоқшылыққа матап, әлеуметтік мәселесін реттеуден қашқан сайын дін де астыртын ағыста күшейе береді.

 

 

***

Кімде-кім адалдық деген сөзді аса абайлап, оны нендей қисында қолданып отырғанын етене түсінсе деймін. Адам өз ішкі үрейі мен енжарлығына, керек десеңіз, ақымақтығына да  бір мызғымастан адал болып қала алады...

 

***

 

Неміс ойшылы Мартин Хайдеггердің тіл туралы танымы мүлде бөлек. Ол тілді лингвистикалық я коммуникациялық құрал тұрғысынан емес, онтологиялық статусқа ие болмыс мағынасында қарастырады.

Хайдеггер «Тіл – болмыстың үйі. Болмыс тек тіл арқылы ғана көрініс береді. Сондықтан адам тілде сөйлемейді, тілдің тек өзі сөйлейді» дейді. 

Болмыстың анықтамасын бұдан артық қалайша тәптіштеп түсіндіріп беруге болады?!

 

***

 

Шешен халқының көрнекті қоғам қайраткері Джохар Дудаев: «Егер бүгінгі әкелердің қорқақтығын сақтық деп атайтын болсақ, онда міндетті түрде жас ұрпақтың құл болуын адалдық  деп атайтын боламыз», – депті. 

Осыны оқығанда, неге екенін білмеймін, есіме  «Ертөстік» ертегісінің төмендегі жолдары түседі.

Сорбұлақтың басына,

Сорға бола қонды әкем.

Жанынан қорқып жалғызын,

Жалмауызға берді әкем...

Бүкіл бір оқиға  бір қателіктен ғана басталған жоқ па еді осы...

 

 

***

Еркіндік жолында көрген құқайың да, жеген таяғың да тәтті...

 

***

 

Шындықтың рецептісі де, дайын жауабы да болған емес…

 

***

 

Қан жүрегіңе қайғы салатын, алдыңа бөрене қойып, аяғыңнан шалатын адамдарға Мейірхан Ақдәулетұлының мына бір шумақ өлеңімен ғана үн қатқым келеді.

«Ілінерде күннің қызыл кірпігі

дертім менің меңдеді –

Өмір өзі-ақ өлтіреді бір күні,

өлтіріспе Сен мені!...».

 

***

 

Жетінші мамыр – «Отан қорғаушылар» күні. Осы күні біз ер-азаматтарды құттықтаймыз, сондай-ақ кешегі қан майданда қаза тапқан соғыс ардагерлерін еске алып, олардың ескерткіш тақталарына гүл шоғын қойып, құрмет жасаймыз. Бәрі дұрыс…

Бірақ мені ішімнен мынадай ойлар мазалайды.

Бұрнағы жаугершілік заман, сондай-ақ кешегі советтік идеология сіңірген сана өлшемінде БАТЫР дегеніміз – жау жапырған алапат күш иесі. 

Бұл енді түсінікті... Сондықтан оны тәптіштеп талқылаудың қажеті шамалы деп ойлаймын.

Ал бүгін батыр образы қандай трансформацияға түсті?  

Енді оның адам өлтіру логикасымен қатысы бар ма?

Бізде өмірдің өзгерісі мен қозғалысына дер кезінде баға беріп, оны жаңа уақыт тезінде зерделеп отыру әрекетінің болмауынан, батыр түсінігі бастапқы образымен сол күйінде қалып отыр. 

Бұл тұрғыдан келсек, енді біздің мектеп оқулықтарындағы батырлар жырын оқыту мен түсіндірудің өзіне жаңа тәпсір мен өзге методология керек болады.  

Себебі қазір «қара күш» культі барынша сетінеп, ер-азаматтың ішкі мәдениеті мен биік интеллектісі, оның азаматтық қоғам құру жолында шыққан ащы дауысы мен күрескерлігі ендігі батырдың жаңа образына  ұласып барады. 

Қысқасы, қазіргі уақыт қозғалысы, кешегі «қара күш» культіне қайыра реконструкция жасау арқылы өзге парадигмалар ұсынып отыр. 

Сосын, тағы бір айтпағым мынау еді…

Екінші дүниежүзілік соғыс туралы жазу дегеніміз, белгілі бір солдаттың (немесе қаһарман батырдың) қанша адамды атып, я асып өлтіргені жайында емес, ең әуелі, ол – Сталиннің сырқат санасы мен Гитлердің шизофрениялық түсініктері туралы жазу.

Сонда ғана біз кешегі «Отан үшін отқа түс» секілді желбуаз ұрандардың, сондай-ақ адам атқандарға шен үлестірудің қып-қызыл манипуляция табиғаты  екендігін, соғыс, бар болғаны, алпауыт  қаржылық топтар мен ел басқарған базбір жандардың  гегемониялық мейманасы екендігін шын түсінген болар едік. 

Қайталап айтайын, нені шын түсінген болар едік?

Ғылым – өтіріктерді әшкерелеумен ғана ғылым. Карл Поппер: «Ғылымның өзіне тән ғылымдық қасиеті – оның қателігін дәлелдей алатын әдістің болуында», – дейді. Ендеше, ғылымның негізгі мақсаты – диссертация қорғау, немесе қорғану емес, ойлаудың алдыңғы шебіне шығып, адам алданған ар мен ұятқа анықтама беріп, өтіріктерге үздіксіз шабуыл жасау арқылы санада орныққан стереотиптерді бұзу.

 

***

 

Ұлтқа және оның төл мәдениеті мен тіліне деген айрықша құрмет болмаса, енді бірер жылдардан соң  Жүсіпбек Аймауытовтың өзін Жүсіп Баласағұн секілді сөздікке қарап оқитын жағдайға жетеміз.

 

***

 

Күл болмаса, бүл болсын... Әділет пен шындық саған ғана қарап тұрған жоқ... Тыныш жүр... Ештеңе де айтушы болма... Қалайда қара басыңның қамын күйттеп, бала-шағаңа бас бол... 

Дәл қазір, (бұл) бес сөйлемнің пәрмені Құранның алғаш түскен «Ғалақ» сүресінің бес аятымен пар.

 

***

 

«Қайрат деген қыран бар

Қайғыға тізгін бермейтін, 

Қайғы деген жылан бар 

Өзекті шағып өрлейтін». 

Байдалы биге телініп жүрген жоғарыдағы сөздерді қам көңілге сауға ретінде әдейі  келтіріп отырмын. 

Қай жанның қара басын қайғы өрті шалмас дерсің. 

Сол кезде таяққа сүйенген қариядай, өксіктің өзі де нарқы асыл, сүйекті сөзге сүйенеді емес пе?

 

***

 

Домбыраны әсіре дыздақтатып тарту күйдің булығып жөтелгені тәрізді. Көзінен жас парлаған кәдімгі «көкжөтел» күй.

 

***

 

Тобыр мен халықтың нарқы жер мен көктей. 

Цицерон: «Халық – белгілі бір шарттармен біріккен  кез келген адамдардың тобы емес, өзара ортақ істер мен мүдделер жолында саналы түрде топтасқан адамдар қауымдастығы», – дейді.

Ендеше, біз кімбіз? Рудан ұлтқа, тобырдан халыққа айнала алдық па? 

Осы екі өлшемнің қазір қай қабатында тұрмыз?

 

***

 

Әлеуметтік желі бетінде Сегіз серіге қатысты дау тағы да пайда болды. Айқайға сүрең қоспайсың ба деген жәмиғатқа мына қысқаша ғана көзқарасымды білдіре кеткім келеді. Сегіз серіге, қалаберді Қожаберген жырауға қатысты дау төмендегі таным төрге озғанда ғана сап тыйылады деген ойдамын.

Басын бірден ашып алайық. Бұл  мәдениет пен тарихтың ғылыми полемикасы емес, бұл, бар болғаны, рудың дауы. 

«Бізге берілген кесімді уақыт – біреудің ғұмырын талқылайтындай тым ұзақ емес» депті Эмиль Шарон. Дұрыс айтады.

Сондықтан өнбес дауға араласып, уақытты рәсуә етудің ешқандай да қажеті жоқ деген пікірдемін. 

Мәселе, Сегіз серінің есім-сойы туралы емес,  оған телінген ән мәтіндері мен әуезі жайында дискурс болуы керек қой. Ең бастысы, біздің қолымызда ән әуезі мен оның мәтіні бар. Енді бұл дауға ең негізгі кесім болатын осы екеуінен өзге (саз бен сөзді айтып отырмыз) қандай ғылыми дәйек керек. 

Бұл жағынан келгенде әндердің  әр ғасырға тән өзіндік музыкалық құрылымын тектемегенде, мәтінің уақыты мен лексиконы, сондай-ақ сөзжасамы  әлгі «Сегіз сері әндері» деп жүрген кезеңге еш сәйкес келмейді. 

Өнбес даудың нүктесін қоюдың ең дұрыс, әрі  мәдениетті жолы да осы ғылымдағы мәтінтану мәселесі... 

 

***

 

Архив құжаттарын – өлген аруақтардың бізге жалына қараған жанары десек те болады.

 

 

***

 

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры – түркі топырағына ислам діні келгеннен әлдеқашан бұрын пайда болған тым ілкідегі жыр. 

Біздің ойымызша, оның тамыры кем дегенде бірнеше мың жылдықтардың қойнауында жатыр. Біз тәңірлік танымның арқасында ғана осы бір баға жетпес қазынамызды ислам цензурасының қайшысынан аман-сау сақтап қалдық. 

Осы жерде «ислам цензурасы» дегеннен шығады ғой. 

Расымен де, «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жыры әлдеқашан кешігіп қағазға түсіп, ол аяқ астынан діндар жандардың қолымен жүзеге асқанда  оқиға соңы ешқашан трагедиямен аяқталмас еді.

 

***

 

1989-1991 жылдары  Қазақ КСР Сыртқы істер министрі, сондай-ақ 1992-1999 жылдар аралығында  БҰҰ жанындағы Қазақстан Республикасының тұрақты өкілі  Ақмарал Арыстанбекованың «Объедененные Нации и Казахстан» атты еңбегін оқып отырып мынадай деректі ұшыраттым.

«...1992 жылы 23 қаңтар күні БҰҰ-ның Бас хатшысы Б.Бутроса-Гали мемлекет басшысы Н.Ә.Назарбаевқа Қазақстан Республикасын ұйымға мүше болып қабылдануын айтып, құттықтау хат жіберді.

БҰҰ-ның 46 Бас Ассамблеясы бұл өтініштің барлығы Қауіпсіздік кеңесте қаралып біткенше ассамблея өз қызметін бастамайтынын айтады.
Сөйтіп,  Бас Ассамблеяның  толық отырысы екінші наурызға белгіленді.
БҰЛ ЖЕРДЕГІ ЕҢ БАСТЫ ШАРТ  ҰЙЫМҒА КІРЕТІН ӘР   МЕМЛЕКЕТ ӨЗ ЖАЛАУЫ МЕН ЕЛТАҢБАСЫН ӨТКІЗУ КЕРЕК БОЛАТЫН.  
Бұл мәселе осы күнге  күнге дейін созылып,  әлі шешіліп бітпегендіктен, бұрынғы Қазақ ССР-нің қызыл жалауы Қазақстан Республикасының туы болып,  БҰҰ-ның штаб пәтерінің алдында көтерілген еді» дейді. 

Сонда біздің тәуелсіздікті  ерекше аңсап, зарыққанымыз қайда? 

Әлгі биік мінбелерден «азаттығым-ай» деп етегіміз жасқа толып еңіреп сөйлегеніміздің көбі көзалдау болғаны ма? 

Бір ай емес, жылға жуық мерзім ішінде бір туды дайындап бере алмаған биліктің саяси енжарлығын қандай қисынмен түсіндіруге болады?

 

***


 
Адамның асылы, кемеңгерлік категориясы жайында сөз айтылу керек болса, ең алдымен ауызыма Амангелді Айталы есімі оралады.

 

***

 

Адам мәдениеті мен білімінің академиялық аумағы магистратура мен докторантура емес, әлемдік классикалық туындылардың эстетикалық мазмұнымен ғана анықталады.

 

 

***

 

Рудименттер мен  фрагменттер сынығы жайлы өзге біреулер жар салып айтатын шығар.

Бір білетінім, енді бізден кейінгі дәуірде артефактіге алып ғимарат қалдықтары емес, адамның ар мен ұжданы ғана айғаққа тартылатын болады.

 

***

 

Ақсақал, қазыналы қария деген сөздерді дереу доғарып, бүгінгі шалдарды «қартайған коммунист» деп өз атымен атасақ қайтеді ?!

 

***

Жазған дүниең де жасаған «қылмысың» секілді. Оған да бейне бір жауапкершілік алуың керек.

 

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan