Басты бет
/
Әдеби үдеріс
/
ӨЗ СӨЗІМ
/
Маржан Ершу: «Өнер тілі – өткір тіл...»...

Маржан Ершу: «Өнер тілі – өткір тіл...»

27.04.2026

180

Маржан Ершу: «Өнер тілі – өткір тіл...» - adebiportal.kz

- Маржан Аманқосқызы! Әңгімені бірден сіздің «Жалғыз қол» атты поэма кітабыңыздан бастайық. Мазмұны жағынан оқырманға белгілі деп білеміз. Кітабыңыздың тұсаукесерінде «Әдебиет порталы» басы-қасында болып, ақпараттық қолдау көрсетті. Соңғы жаңалық – поэма түрік тіліне аударылды. Түрік оқырмандары қалай қабылдар екен? Бұлай дейтін себебім келмеске кеткен кеңес дәуірінің тыныс-тіршілігі, сол кезеңде еңбек еткен еңбек ардагерінің өмір жолы түрік оқырмандарын қызықтыра қояр ма екен?

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жариялаған «Жұмысшы мамандықтары жылы – 2025» бастамасы аясында екінші дүниежүзілік соғыс және еңбек ардагері Тұрдығали Мәмбетовтің 100 жылдығына орай  «Фолиант» баспасынан «Жалғыз қол» атты поэмам кітап болып жарық көрді. Қаламгердің ежелден мақсаты өмірді, адам тағдырының сан қырын ашып жазу - жырлау ғой. «Жұмысшы мамандығы жылы» - еңбекті, нағыз  адамын құрметтеу тұрғысында болғасын мен кейіпкер іздедім. Менің кейіпкерім Тұрдығали Мәмбетовтың тағдыры — соғыс даласында бір қолынан айырылып, елге оралып, бар қажырын ауылдың дамуына арнаған ерлік жол. Осылайша ел басшысының ұсынған бастамасын қолдап, еңбек адамының көркем бейнесін жыр тілінде елге таныстырған жалғыз ақын болғанымды да айта кеткенім жөн болар. Жазу деген жауапкершілік деп ойлаймын. Жауапкершіліктің белгісі әдебиетті сәтті жаңалықпен байыту болып табылады. В.Г.Белинский өмір тануда әдебиеттің қозғаушы күші күшті екенін айтты. Сондықтан да әдебиеттің негізгі құралы образ жасау болуы керек деген. Туынды тудыру деген өмір көрінісін тізбектеп, көрінгенді қызықтап жаза беру емес қой. Еңбек адамының образбен сомдалған ерлікке пара-пар ғұмыры қай заманда да талай буынға өнеге болмақ. Бұл кітап оқырман қауымды қызықтырған кітап болды, сондықтан да Түркияның «КAM-US» баспасы түрік тіліне аударып, «Тек қол» деген атпен кітап шығарды. Түрік халқының әдебиетінде ел тарихы, еңбек тәрбиесі, тұлғаның кісілік мәдениеті кеңінен насихатталады. Сондықтан бұл шығарма оларға қызықты болған шығар. Тарихты адам тағдыры арқылы беру, тарихи оқиғаларды нақты кейіпкердің биографиясы арқылы суреттеу – әдебиеттің айқындығын танытып қана қоймай, қаламгердің шеберлігін де көрсететін тұсы екені айтпаса да белгілі емес пе?! 

-Түркі халықтарының әдебиетін өзара жақындастыруда аудармашының рөлі қандай деп есептейсіз?

- Аударма - алтын көпір. Өнер мен әдебиетте шекара жоқ. Аудармашылық өнер де - талант. Ел мен елдің мәдениеті мен әдебиетін жақындастырады. Танытады. Қазіргі заманда аудармашылардың рөлі жоғары деп ойлаймын. Және солай болып қала береді. 

-Тарихи тұлғаларға қатысты жиі қалам тартатыныңызды білеміз. Біраз еңбек атқарғаныңыздан да хабардармыз. Әлі де болса, кімдерді, қандай тақырыпты жазсам, қалың оқырманға насихаттасам деп ойлайсыз?

- Ой да көп, жоспар да көп. Бүгінде ертегітерапия жобасы Батыс елдерінде,  Ресей мектептерінің іс-тәжірибелерінде методикалық әрі шығармашылық  әдіс  ретінде кеңінен қолданылуда. Ертегітерапия – халық ауыз әдебиеті үлгілерімен үндесіп, фантастикамен байытылған психологиялық, педагогикалық бағытта жүргізілетін шығармашылық әдіс. Мен ұлттық бағытта «Кітапхана педагогикасы: Ертегітерапия»  атты әдістемелік оқу құралын жаздым. Батыстың дәрігерлері ертегітерапияның бала денсаулығына пайдалы әсері барын  жазуда. Бұл біздің халық үшін  жаңалық емес. Қазақ баласының дүниетанымы ертегімен жетіледі. Бұл ғасырлар бойы жалғасып келе жатқан халықтық дәстүр.  Әр баланың да ең алғашқы досы – ертегі. «Ертегі айта алмаған ата мен әжеден қорқамын», – деген екен Бауыржан Момышұлы. Ертегінің мағынасын түсінген балаға болашақта сөз қадірін ұғу,  шешен сөйлей білу, көркем ойлау қасиеті даритыны сөзсіз. Бала айналаны ақылымен емес, жүрегімен таниды. Баланың өте сезімтал мүшесі жүрек болғандықтан оқыта отырып тәрбиелеу емес, тәрбиелей отырып білім берудің құндылығын дамыту бүгінде зор міндетке айналып отыр. Тәрбие ақпарат емес, тәрбие –рухани құндылық. Тәрбие білім ақпараттары сияқты ми арқылы берілмейді, ол адамға жүрек, жүйке, ген арқылы келеді. «Жүрек – адам тәрбиесінің темірқазығы. Амалдың тілін алса, яғни арды ойламай, тек пайда  ойласақ, жүрек ұмыт қалады. Адам ақылының аздығынан азбайды, ақылдының сөзін алатын жүрегінде жігер мен қайраттың байлауының жоқтығынан азады»,- деген Абайдың жүрек туралы фәлсафасы  бүгінде жаратылыстану ғылымдарының жаңалықтарымен дәлелденуде. 

    Жиырма бірінші ғасыр өркениеттің жаңа сатысы. Адамзат тіршілігі өзгеріп, технология мен энергетиканың және қарым-қатынастың жаңа түрлері пайда болуда. Бұл ғасыр адам мінезі мен ішкі мәдениетінің өзгеруін, қоршаған ортаға көзқарасының жаңаруын, жаңаша ойлауды талап етеді. «Адам санасы өзі үшін емес, адам санасы коэволюциялық даму үшін» қызмет атқаруы керек болады. Ғылыми-техникалық прогресс нәтижесінде адамзат баласы бұрын-соңды болмаған ғаламат техникалық күш пен материалдық байлыққа  ие болып, ғарыш биігіне қол созардай дәрежеге жетті. Адамдардың материалдық байлыққа өте құштар болуы рухтың әлсіреуіне әкеліп соғуда. Дүниеқұмарлық пен қатыгездік, эгоизм мен іштарлық күшейіп, рухы әлсізді азғындық халге жеткізеді. Өркениеттің  бұл дағдарысынан шығу үшін адамзат қоғамы табиғатқа қамқор боларлық гуманистік ноосфералық ой-сана қалыптастыру керек. Ол үшін әр ұлттың өзіне тән тарихи-мәдени мұралары мен рухани қазынасын жаңғырту керегі айтпаса да түсінікті. Ертегі, соның ішінде өз халқының төл ертегілері баланың бойында рухани иммунитет қалыптастырудың алғашқы сатысы. Бала ойланғанда ми талшықтарындағы сигналдар арқылы ертегіде естіген  оқиғаларды, көріністерді қабылдап, өңдей бастайды. Бұл нерв энергиясының ой деген құбылысы. Бала санасы осылай қалыптасады. Өркениет дамыған сайын адамның табиғи сезімдері сусыз қалған гүлдей қурай береді. Бала тұрмақ, үлкендердің өзі кітаптан алыстайды. Ертегіге қызықпаған бала кітапқа қызықпайды. 

- Бір саланың мәселесін көтерер болсақ өткен тарихқа үңілетін әдетіміз бар. Мүмкін «әдет» деп артық та айтып отырған болармыз. Әдебиет зерттеушілері бәрі бірдей демейік, біразы өткен ғасырдың 60-шы жылдардың биіктігіне жете алмай жүрміз деген пікір айтады. Келісесіз бе? 

-   Өкініштісі, тәуелсіздіктен кейінгі әдебиет қиын-қыстау кезеңге тап келді. Заман өзгерді. Сананы немқұрайлылық күйретті. Интернет жаулады. Әдеби сын тек мақтауға не ақпарат беру құралына айналды. 

     «Таздың да төбесіне қаз қонған ба?

     Бұл күнде азған ақын, азған молда.

     Шаяндар шумақтарын жинақ қылып

     Бақалар банкет жасап мәз болғанда.

     Қайтерсің, уақыттың бар талабы,

     Азбаған Абай жырын арқалады.

    «Өлеңнің киесінен қорық» деуші ед

     Әркім де өз азабын тарта алады», -

деп жырлаппын «XX ғасыр. Қара өлең» атты поэмамда. Бұл туынды  2004 жылы шыққан «Шырақ» деген кітабымда бар. «Әдебиет ардың ісі емес, ақшасы бардың ісіне» айналса, болашақтан не күтесің?  Жазу деген бұл күнде біреуге - ермек, біреуге - еңбек. Нағыз қаламгер өзі үшін жазады. Ежелден халқымыз сөздің көбігін емес, қаймағын ұнатқан. Көп сөйлегенді емес, дөп сөйлегенді бағалаған. Қазір жер-жерде мүшәйралар, конкурстар өтеді. Өту үшін өткелден тамыр-таныстық керек тағы, бұл - классик, гений ғой бәс көтертетін. Жан-жағыңа қарасаң, ойбай-ай деп жан ұшырып жүгіріп қызыл шеке боп жүрген желаяқ ақындарды көресің. Сөйлеп кетсе, бірін - бірі мойындамас кілең ірі, кілең ұлы. Шамасы, ешкім де осал емес. Қазақтың екі қолына күрек бітсе, не қаламға, не нотаға айналдырып жіберетіні ғажап.Толған сазгер, толған ақын. Бәрінен де өнердегі салмақсыздық жақсы емес-ау деймін. Менен бір қазақ «Осы айтыс деген не, поэзия деген не? Айырмашылығы бар ма?» деп сұрады. Мен оған не деп жауап берерімді білмей қалдым. Сосын мына бір өлеңді мысалға келтірдім:

«Өрден ойға балақ түріп,
Өзен неге тасиды екен?
Ойдан өрге қарап тұрып
Адам неге жасиды екен?


Өзендердің таситыны-
Өрлігі ішке сыймайды екен.
Адамдардың жаситыны-
Арман түбі көрінерде
Бірін-бірі қимайды екен.» 

(Меңдекеш Сатыбалдиев) Бұл - өлең. Бұл - поэзия. Бұл - философия. Осы өлеңді айтысқа салсақ, не болар еді?!

«Көктемде өзендер де тасиды ғой,
Адамдар да кей кезде жасиды ғой.
Ақындар да аламаннан шығып қалса 
Амалсыздан желкесін қасиды ғой.
Дәй-дәй.Угай-ай!».

Бұл –айтыс. Бұл - қазіргі айтыс. Қай сөз құндырақ ? Поэзия ма, әлде айтыс па? Абай атамыз: «Бай десін, батыр десін, қу десін, пысық десін, десін, десін деп жүріп, «демесінді» ұмытып кетеді кей қазақ» дейді. Кейде мен «айтыс, айтыс» деп жүріп, кітапты, поэзияны ұмытып кетеміз бе деп қорқам. Айтысқа қаражат бөлу мен қолдау жоғары денгейде. Осыдан кейін бүгінгі әдебиеттің күйін алпысыншы жылдармен салыстырып қажеті не? Әдебиет тоқыраған жоқ. Бар. Жақсы шығарманың насихатшысы жоқ. Әркім өзіне жарнама жасап әуре. Қарапайым оқырман бүгінгі әдебиеттің шынайы өлшеуші күші бола алмайды. Әдебиетшілер мен сыншылар, ғалымдар халыққа «мынау жақсы дүние», «мынау ортаңқол шығарма» , «мынау халтура»  деп сорттап айырып  беруі керек. 

- Әдебиетшілеріміздің шығармалары неге бүгінгі күнмен өмір сүрмейді? Мүлде жоқ деп кесіп айтуға болмас. Дегенмен... Қаламгерлеріміз қазіргі қоғамның рухани сұранысына жауап бере алып отыр ма?

- Есіме бір оқиға түсіп отыр. Осы сіздердің «Әдебиет порталында» «Әдебиеттегі  Ораз би бейнесі» (26.09.2018) атты сын мақала жарияланған еді Жарқын Әлі деген лақап атпен. Осы мақалаға орай мен келіспейтін пікірімді жарияладым. «Сынға сын немесе кімсің сен Жарқын Әлі?» деген. Сол мақала сайтта тұр. Сол мақаламнан үзінді келтіре кетейін:

 «Ал, поэманың көркемдік қуаты жөнінде айтар болсақ, қалыпты, әдепкі өлең формасынан аса алмаған» депті Жарқын Әлі. Бұл не сөз? Ораз биді Марстан түскендей етіп жырлау керек пе, қазақтың қара өлең формасымен жырламай?!  «Десе де ақынның талабы, алдына қойған мақсаты көңіл қуантарлық. Маржанның шеберлігіне, тарихи деректерді игеруіне шүбә келтірмейміз. Бәлкім, болашақта ақын бұл шығармасын қайыра қарап, өңдесе, Ораз бидің саяси қайраткерлік қырын, бітімгерлігі мен көсемдігін көрсетер қайшылы образдар жүйесін аша білсе, шығарманың қуаты күшейер еді», - депті Жарқын Әлі. 

    Поэмамда Ораз бидің би-шешендігі, ағартушылығы, қоғамдағы орны, адамдық қасиеті және сол замандағы ел бейнесі, ел тағдыры жырланады. Тарихта би би, ақын ақын қалпында қалады. Ораз биден саяси қайраткерлік қыр іздеп, оған саяси қызмет жүктеудің қажеті жоқ. Ораз бидің саясаткерлік қыры туралы ешбір дерек табылған да жоқ. Демек, Ораз би шынымен өз қызметіне – билік айту, би болу қызметіне адал адам деген сөз. Поэманың идеясы не, тақырыбы не? Ең бастысы осы. Ораз бидің аузына соңғы тарауда мынадай сөз салдым:

...Жүрегімде арзу тілек, жанады от,

Қазағым ел боп көпке барады деп.

«Тіл түйінін тіл шешер» деген бар ғой

Тілімнің тарам-тарам тарауы көп:

Көңілде – үміт сәуле жанады іште,

Тіл қасиет қадірі –сана күште.

Тіл-тереңдік,

Сала құлаш арқан емес!

Тәуекел қылмай,

Әсте тілдің жарысына түспе!

Болмайды тілсіз күйің, сыйың да аса,

Ата сөзін ұқпасаң күйің қашар.

Сорлылық жер бетінде біле білсең

Тілдің дәмін ұғыну бұйырмаса.

Жүгің бар заманамен төте жалғас,

Қара нардай күш бітсе жолда қалмас.

Бала тілін ұғатын ата болса

Ата тілін ұқпайтын бала болмас...

 Поэманың түйіні де осы. Бірін бірі ұқпайтын ел боп барамыз. Бұрынғы қазақ салтында «ата сөзін түсін» дейтін, қазіргі заманда бала тілін ұқпасаң, ертеңгі күнің қараң. Балаң не оқып жүр, қазақ? Ойланшы бір рет деген ой айтқым келген. Поэма жазу – біреуді дәріптеу емес, мақтай жөнелу немесе хронологиялық кесте жасау емес. Сол тақырыпты жырлай отырып, көркем ой айту, ойландыра білу. Образ жасау. Әдебиеттің басты міндеті де осы емес пе?! Қара сөзбен зерттеу, зерделеу, дерек санамалау, факті теру – тарихшының ісі». Менің поэмамды сынағыш  «Жарқын Әлі» дегенге осындай жауап қайтардым. Ол жақтан әлі күнге дейін ешкім де үн қатпады. Осы шығармам бүгінгі күннің сұранысына жауап бере алмайды деп айта аласыз ба? 

- Әрине, талғамға талас жоқ. Ол шығармаңыз бүгінгі күннің талабына толық жауап береді деп ойлаймыз. Осы тұрғыда шығармашылығыңыз жалғасары сөзсіз, алда қандай тың бағыттар қамтылса дейсіз?

 -  Осы кезге дейін поэзия, проза, аударма, сатира, драма, әдебиеттану саласында біраз дүние жазып тастаппын. Жыл сайын не жыл аралатып, әр жанрда кітаптарым шығып жатты. Мемлекеттік тапсырыспен бір кітабым да шықпады. Кітаптарымды өзім қаражат тауып, кейде баспалардың тапсырысымен шықты. 2004 жылы «Ерік Құрманғалиев» атты кітап-альбомым шықты. Вокал өнеріндегі ерекше құбылыс - Ерік Құрманғалиев айрықша тағдыр кешкен әнші. Оның әншілік тұлғасы күллі әлемнің алдында теңдесі жоқ даралық. Тілі басқа, дәстүрі бөлек алты құрлықтың адамдары оған,  оның әншілік өнеріне табына әрі таңдана қарады. Ерік бір ғана халықтың перзенті болса да, оның әншілік миссиясы отанынан шығып, таулардан асып, мұхиттардан өтіп, бүкіл әлемнің алабын аралап кетті, атағы шартарапқа жайылды. Ерік Құрманғалиевтың ата-бабалары  Ақтөбе облысының Мұғаджар ауданы аймағын қоныс еткен. Әлімнің Шекті деген тарауынан тарайды. Димаштың анасы Света да осы рудан тарайды. «Талант сүйекке бітеді» дейді халық даналығы. Құрманғалиевтар әулетінің қан туыстығы жағынан тіл білімі саласындағы тұңғыш қазақ профессоры, түркітанушы-ғалым  Құдайберген Жұбанов, қазақ жерінде тұңғыш рет оркестр құрып, дирижерлік еткен белгілі композитор, академик, музыка зерттеушісі Ахмет Жұбановтар әулетімен жақын туыстығы бар. Ерік Құрманғалиевтың кәрі нағашы жұрты әйгілі Жұбановтар әулеті болып келеді. 2019 жылы елімізде аты елеусіз қалған әлемге әйгілі әншінің 60 жылдығы қарсаңында  еске алу шаралар  өткізу туралы ұсыныс  білдірдім. ҚР Мәдениет және спорт министрлігінің қолдауымен  «Астана Опера» театрында Е.Құрманғалиевтың  мерейтойына орай  концерт ұйымдастырылып, конференция өтті. Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаевтың қолдауымен әлемге әйгілі әнші жерлесіміз Ерік Құрманғалиевтың 60 жылдық мерейтойы Атырауда аталып өтті.Талайдан бері жазып жүрген ескерткіш тақта туралы ұсынысым да орындалып, Еріктің балалық шағы өткен Атырауда тұрған үйіне ескерткіш тақта қойылды. Жақында Ақтөбе облысының бір топ адамдары «Ерік Құрманғалиев» атты кітабымның қайта басылып шығуына көмек сұрап, Ақтөбе облысының әкімі А.Шахаровқа хат жазған екен. Әкімдік тарапынан қолдау тапса, Ақтөбе жерінде Ерік Құрманғалиевке арналған  шаралар қолға алынбақ. Ерікті іздейтін ел бар екен. Менің шығармашылығым осылай жалғаса береді. 

- Қаламға қандай сәттерде сүйенесіз, мұңды ма, әлде қуанышты сәттерде ме? Сөздің киесіне қалай қарайсыз?

- Өлең - киелі дүние. Қадір тұтпаса, кешірмейді. Дина Нұрпейісова туралы жазамын деп жоспарлаған емеспін. Жиырма бес жасымда Дина шешейді түсімде көрдім.Түсімде телефон шырылдайды, тұтқаны көтерсем, басында биік ақ жаулығы бар Дина шешейдің суретін көрдім. «Мен - Дина Нұрпейісовамы! Маған Маржан Ершуова керек. Менің үйім 8 март көшесінде. Сен  неге мені іздемейсің?» деп бұйрық райлы өктем дауыспен сөйлей бастағанда  шошып оянып кеттім. Дина  шешейді түсімде көргеннен кейін көңілімде мазасыздық орнады. Ештеңеге қызықпай, әйтеуір бір көңілім толмай жүретін. 8 наурызда ел мейрам қылса, оны іштей тез өтіп кетсе екен деп тілейтінмін. Жаным мазасыз боп, мұңға батып, көңілсіз күй кешетінмін іштей. Мүмкін, өнер дерті, өлең киесі деген осы шығар. Кейін Дина әжеміздің күйлеріне деген қызығушылығым пайда болды. 2007 жылы  «Дина» поэмамды  жаздым. «Дина» атты мистикалы-музыкалық драма жаздым. Оған себеп болған мына жай еді. 2006 жылы Сәуле Жанпейісова «Ән-аманат» атты жеке концерт-спектаклін өткізген еді. Сол концерт - спектакльдің режиссері Болат Атабаев болды. Сол кезде Сәуле мені Болат ағаға таныстырмақ болып, ақын деп аты-жөнімді атап еді, режиссер ағамыз тәкаппар, паң қалыппен «естімедім» дегені. Менің бір қырсық мінезім бар. Бұл мінезім  өзіме ұнағанмен, өзгелерге ұнай бермейтінін білетінмін. Сол мінезіме салып, «Шырақ» атты кітабымды ұсындым да, «уақытыңыз болса оқып шығарсыз, мен күшті ақынмын» дедім. Содан бір күні режиссер Атабаев: «Кітабыңды түгел оқып шықтым. Шұбатылған поэма, ертегі-аңыздарды. Композицияны жақсы құрасың. Сюжеттерді ойната білесің. Бұл ақындарда сирек кездесетін қасиет.  Әй, сен поэзияда неғып жүрсің?! Сен драматургияның адамысың ғой. Маған бір драма жазып берші» дегені. «Дина» атты алғашқы драмам осылайша өмірге келді. Былтыр Х.Бөкеева атындағы Батыс Қазақстан облыстық драма театры «Дина» драмамды сахнаға жақсы алып шықты. Қойылымның режиссеры - Алмат Шәріпов. Биыл Дина Нұрпейісованың 165 жылдығына орай бұл драма Атырау жерінде қойылған еді. Атырау облыстық әкімдігі тарапынан өкінішке орай, Күй анасына деген құрмет болмады. «Спектакльге бармаңдар» деп жасырын бұйрық берілген әкімдік тарапынан. Атырау облысының әкімі С.Шәпкеновтің Дина шешейге қандай өкпесі барын түсінбедім.

-Өзіңіздің бір айтқаныңыз бар еді, ерлер поэзиясы, әйелдер поэзиясы деген түсінік қалыптасқан деп. Әйел тақырыбына көп қалам тербедіңіз, «Әйелдер галереясы» деген кітабыңыз да бар. Әйел ақындардың ер ақындардан қандай айырмашылығы бар?  

-Бұл сұраққа мысал келтіре сөйлемесем болмас. 1996 жылы «Атырау» газетінен Фариза Оңғарсынованың өлеңін оқыған едім. Сол кездегі қала әкімінің Жанар атты қызының өмірден өткеніне байланысты қазанама өлең. «Жақсы ақын жазса да, өлең шіркін жаман болып тууға ұялмайды» деп бір ақын жырлағандай, Фариза апайдың жазған өлеңінің денгейі орташа екен. «Неге бұлай болды екен, асығыс жазылған ба?» деп ойланып жүрдім. 2003 жылы ақын һәм батыр бабамыз Махамбет Өтемісұлының Атырауда өткен шараларына мені қатыстырмай шеттеткенінен кейін, қатты ашуланып, намысым көтерілді. Намыстан «Махамбет» атты тұңғыш поэмамды жаздым. Поэмам «Ақ Жайық» газетінде жарық көрді. Шынында Махамбет тақырыбына көп ақын беттей алмайды. Махамбет - өте күрделі тақырып.  Әйелдер поэзиясында Фариза Оңғарсынова ғана «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім» атты поэма жазған. Менің Махамбет туралы таным - түсінігім, суреттеуім Фариза апайдың поэмасынан асып кетті десем артық айтқандық емес. Бұл поэмам туралы ақын, әдебиет сыншысы Гүлзада Ниетқалиева талдау сын мақала жазды. 2003 жылы «Махамбет» поэмам жарыққа шыққаннан кейін менің өлеңдерімді жан жақтан бүлдіру науқаны қызу жүріп кетті. Мен Фариза Оңғарсыновадан «кек» алғым келді ақынша. Ақынша «кек алу» деген сөз, қолыңнан келсе, асырып өлең жазу деген мағынада. Сол кезде мен апайдың баяғы Жанар қыз туралы жазған өлеңін есіме түсірдім. Көп ойлағанымнан ба, әлдеқалай ма білмеймін?! Сол қыз түсіме кірді. Қаламым жорғалап, «Жанар» атты үш бөлімнен тұратын поэма жаздым. Бұл - 2004 жылдың жаз айы еді. Поэмамды әкесі Нұрпейіс Мақашевқа алып бардым. Ол кісі ол кезде -«Ембімұнай» АҚ басшысы болатын. Содан әйелі екеуі менің поэмамды оқып, тебіреніп жылады. Поэмамнан үзінді келтіре кетейін:                                     

«...Асыл тастың сынығындай Жанар қыз!

Өткен күнге сағынышпен қарармыз.

Жүрек мұңы күлге айналар сәті бар

Бақилыққа біз де бір күн барармыз.

Айналайын алау жүзді Жанар қыз!

Көкжиекке көз талдырып қарармыз.

Тәтті ерніңнің ұрлап кеткен шырынын

Езуінен ажалдың-

Сұп-суық боп тамар сыз!

Қыз -дүниенің қонағы едің еркем, Сіз,

Қызғалдақтай көрікті едің көркем қыз!

Аппақ гүлдей үлбіреген үніңді

Жапырақ - мұң жүректерде шертерміз!

Самал желде - күміс күлкің сол қалды,

Табаныңның ізі ойнайды –жолдарда.

Раушан гүлде - саусағыңның дірілі

Қара шашың - алыстағы тоңған мұң.

Ақ қағазда – ашылмаған тынысың,

Асау өмір толқынында - демің де.

Ажалдың да қаталдау- ау мұнысы

Сені ұрлады өмірден.

Қай арада, қайсы тұста сөнерін,

Пенде шіркін білген бе?!

Алдамшы күн қасіретін көремін

Мәңгі жастық бейнеңнен.

Күндіз-күйбің. Тіршіліктік сан түйткіл,

Иығымнан төмен қарай құлаған.

Қызыл, жасыл сәулелерде бар кейпі

Күйбің-күйбің жүр адам.

Түнде. Жалғыз. Балауыз шам жарығы,

Түпсіз терең мұхитқа алып кетердей.

Қабақтар да тұнжырайды қамығып

Ауырлайды шекем де!

Түсіме енген аппақ таңдай алау қыз!

Медет қылам жүрегімнің жарқылын.

Ақ қағазға сары мұң боп тамармыз

Сенің ерке шапағатың арқылы.

Мылқау муза тыншытпайды жанымды,

Әкетеді ой- аралға бір тұсқа.

О, Жанар қыз! Үнің неткен ауыр-ды

Ал өмірің қып-қысқа.

Аяқталмай әнің қалды көшінен,

Сұп-суық көр тілі жалар тәніңді.

Жұлдыз ақты түнгі аспанның төсінен

Көкке ұшырып жаныңды.

Әсем үнің қалып қойды құлақта,

Көкіректе, көзде қалды жаны ізгі.

Қасиетті босағадан жырақтап

Тіршіліктен қара үзді...»

«Мен жақында ҚР Парламенті депутаттығына түсейін деп жатырмын. Қызымның аруағы мені қолдап жүргені де түсіңе кірсе. Ол Атырау университетінің студенті болды. Маған дауыс  беретін сол округтың адамдары. Сондықтан поэмаңа университетті қос, мені қос» деді Нұрпейіс аға:. Мен университет, студент өмірін қосайын бірақ сізді депутатқа кандидат деп қоса алмаймын. Өлеңімнің көркемдік күші кетіп қалады дедім. Сонымен поэма кішкене толықты. «Енді - деді ол кісі «Атырау» газетінің екі бетін сатып алып жариялаймын сайлау ақысынан. «Атырау» газетінің айқара екі бетіне поэмам шықты. Газеттің тиражы да сайлау ақысының арқасында үш есеге өсіп, газет елге тегін таратылды. Кейін маған Нұрпейіс ағайдың: «Фариза апай газетті жерге лақтырып жіберді. Мынау ақын ба? Мынау өлең бе? Халтура деп айтты» дегені бар. Осындай бір оқиға болды. Бұдан соң мен поэзияда жаңа форма ойлап таптым. «Уақыт диалогы» деген жыр-айтыс. Фариза Оңғарсынованың «Алмас қылыш немесе мен Махамбетпен қалай кездестім»  деген поэмасы мен өзімнің өлеңдерімді шендестіре отырып, бір ғажап жаңалық аштым. Бұл туындыларым  2004 жылы «Айек» деген псевдониммен  шыққан «Шырақ» атты кітабыма енген. Поэзияда Фариза Оңғарсынованың экспериментінен аман-есен өтіп, қайрағына қайралдым десем де болады. «Өнер тілі - өткір тіл» деген осы да. Біздің қазақ бабаларымыз дана халық болған ғой. Шаршы топта жеңілгендер шапанын шешіп берген. Бұл мінез көп адамда кездесе бермейді. Танымал тұлғалардың көбінде «менің кейіпкерім», «менің рөлім», «менің биігім»  деген көкірек - түсінік болады. «Қыз Жібек» операсындағы Жібектің партиясын Күләш Байсейітовадан кейін қазақ операсының патшайымы атанған, тұңғыш кәсіби опера әншісі Роза Жаманова  орындаған. Кейін жылдар өте келе, «Қыз Жібек» операсының премьерасы өтеді. Жас әнші Бибігүл Төлегенова  Жібектің партиясын орындап сахнаға шығады. Сол кезде КСРО Халық артисі Роза Жаманованың түрі боп-боз боп кеткен екен. Біраздан соң «Бибка! Сабама түстім. Мен «Қыз Жібегімді» сенімді қолға тапсырдым. Сенің уақытың келді енді» депті. Өнер эстафета арқылы жалғасады. Егер күй атасы Құрманғазы «Менен асқан күйші жоқ» деп желпініп отырса, тарих сахнасына Дина шығар ма еді?! 

-Бойыңыздағы ғалымдық пен ақындық қасиет бір-біріне кедергі келтірмей ме? Қайсысы бірінші кезекте тұрады?

Оқу мен ізденудің, білім мен ғылымның ақындыққа пайдасы болмаса зияны жоқ. Былтыр белгілі түркітанушы, тегі - қыпшақ мажар ғалымы Қоңыр Иштван Мондокидің өмірі туралы «Қыпшақ Қоңыр» деген деректі проза жанрындағы кітабым шықты. Қоңыр Мандоки алғаш рет Қазақcтанға 1976 жылы  келіп, екі елдің  ортасына алтын көпір орнатты. Ол өзінің зерттеу жұмыстарына түркі-мадияр байланыстарын негізгі нысана етіп алып, Шығыс Еуропадағы Балқаннан бастап Орта, Кіші, Кіндік Азия, Қазақстан, Қырым, Орал, Алтай, Памир, Орхон бойын тегіс шарлап, түркі халықтарының  әдеби - мәдени мұраларын  түгендеуге ат салысып, ғылыми айналымға түсірді. Тарихи деректерден білеріміз, екі мың тіпті, үш мың жылдан бері, сақтардан бастап, сарматтар, ғұндар, яғни көшпенділер Батысқа қарай жорық жасағаны белгілі. Аттила (Еділ) деген құдыретті бабамыздың  ол жақта үлкен мемлекет құрғаны да тарихтан белгілі жай. Ғұндардан кейін аварлар, оғыздар одан кейін қыпшақтар да мекендеген мекен бұл. Б.з. IҮ ғасырында Еуропаға қоныстанған Едiл (Аттила) бастаған ғұндар қазiргi Мажарстан аумағынан қоныс тапқан. Ғұндар да сақтар сияқты Көк тәңіріне, Күнге табынған. Мағжан Жұмабаевтың:   

«Ерте күнде отты Күннен Ғұн туған,

Отты Ғұннан от боп ойнап мен туғам.

Жүзімді де, қысық қара көзімді

Туа салып жалынменен мен жуғам.

Күншығыстан таң келеді - мен келем,

Көк күңіренед : мен де көктей күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем»  - деген жыр жолдары  тарихтың қойнауына сүңгіген  ғажап сырларды ақтарғандай емес пе?!

   ХІІІ ғ. екінші жартысында түркі жəне моңғол жұрттарының шығу тегінің аңыз, шежіресі туралы жазған парсының əйгілі жылнамашысы Рашид ад -Дин өз шежіресінде осы тарихи оқиғаға байланысты былай деп жазды: «Моңғолдар алан өлкесіне келген кезде, ол жердің халқы қисапсыз көп еді, аландар қыпшақтармен қоян-қолтық бірігіп, моңғол әскерлерімен шайқасты. Екі жақ та жеңіске жете алмады. Сонда моңғолдар қыпшақтарға: «Біздер мен сіздер бір тайпадан тараймыз. Бір халықпыз. Алаңдар болса бізге жат, біз сіздермен келісімге келіп, өзара тиіспеу туралы шарт жасайық, қалауларыңызша алтын мен киім-кешек береміз»,– деп көп дүние жіберді. Қыпшақтар майдан даласын тастап, өз мекендеріне қайтқан соң, монғолдар аландарды тізе бүктірді. Қырды, жойды. Моңғолдар енді күтпеген жерден бейбіт шартқа сеніп тып-тыныш өз өлкелеріне қайта оралған қыпшақтарға жойқын шабуыл жасады. Қолға түскендердің бәрін өлтірді. Өздері бергеннен екі есе дүние, мал-мүлікті жинап алды. Тірі қалған кейбір қыпшақ ауылдары орыс еліне ел ауа көшті». Рашид ад-Диннің шежіре кітабында жазылғандай «ел ауа көшкендердің» ішінде ХІІІ  ғасырда монғол шапқыншылығынан күйрей жеңіліп, Еділ, Ертіс бойынан қырық мыңдай қолымен  қашып келіп, Карпат тауының қойнауында орналасқан Дунай жағалауындағы Мадияр корольдігінің  сол кездегі IV королі Бэладан қоныстатын жер сұраған қыпшақ ханы Қотан бар еді. Бату хан Мадияр короліне хат жолдап, қыпшақтарды қоныстандырғаның өзіңе қолайлы бола қоймас деп сес көрсетіп хат жолдаған. Хатында былай деп жазған екен: «Құлдарым кумандарды (куман деп отырғаны – қыпшақтар) қанатыңның астына алып қорғаштағаныңды да білдім, егер мені өзіңе қарсы қойғың келмесе, келешекте оларды маңыңа жуытпауды бұйырамын. Өйткені тұрағы жоқ көшіп-қонбалы кумандарға қашып кету оп-оңай, ал сен болсаң баспанаң, жерің мен қалаң бар, қалай менен құтылмақсың?» (С. А. Аннинский, Известия венгерских миссионеров XІІІ–XVІ в.в. о татарах Восточной Европе, 1940, том ІІІ, 88–89 стр.)

      Сол кездегі мажар тарихшыларының жазуы бойынша, Түркі Арпад әулетінен шыққан  IV король Бэла Қотан хан бастап келген қыпшақтарды жылы шыраймен  қабылдап, «ой, бауырымдап» қарсы алып жер береді. Осы тарихи оқиғаға байланысты Мажарстанның Карцаг (Қарсақ)  қаласында ескерткіш орнатылған. Қыпшақтар жауынгер халық еді, сондықтан Венгрия корольдігінің төрт-бес ғасыр бойы әскери қорғаны болды. Осылайша «ел ауа көшкен» қалың қыпшақ жұрты  Еуропадағы Карпат тауларының қойнауындағы мажар даласына қоныстанып, сол жақта мәңгі бақи тұрақтап қалады. Бір таңғаларлығы, бұл тайпа сол заманнан бастап өзінің қыпшақ деген атауын сақтап қалған. Мажарстан жерінде Үлкен қыпшақ, Кіші қыпшақ  деген жер атаулары әлі күнге дейін бар. ХІІІ ғасырда  тарихи себептермен Мажарстанға, Тиса мен Дунай арасындағы өлкеге қоныстану арқылы аман қалған Қоңыр Мандокидың ата-бабаларының тегі қыпшақтар болатын. Қоңыр Иштван Мандоки түркі халықтарына туыс бола тұрып, өзі зерделей-зерттей келе ата жұртының кіндік тамыры – қазақ  жері деген тұжырымға келген. Егер де менің ғылыми ізденіс - сауатым жеткіліксіз болса, Қоңыр Иштван Мандокидей масштабты тұлға өмірін кітап етіп жаза алмас едім ғой.

 -Сатираға да жаныңыз жақын. Бүгінде бұл жанрда жазатын қаламгерлер жоқтың қасы. Қалай дамытамыз? 

- Сатираны қалай дамытуды мен емес, Жазушылар одағы ойланса болар. Түріктің әйгілі сатиригі Әзиз Несиннің бір әңгімесін аударған едім. «Сынықтан басқаның бәрі жұғады» дегендей, содан кейін өзім сатиралық әңгімелер жазып кеттім. Сатира - қызық  әрі қиын жанр. Күлдіреді,  ойландырады. Күлкінің атасы Гораций: «Ештеңеден қорықпайтын адамның өзі күлкіден қорқады» деген. 2009 -2010 жылдары «Айқын» газетінде сатиралық туындыларым жарияланып тұрды. Менің сатирамның тақырыбы – өнер мен әдебиет айналасындағы келеңсіздіктер туралы болатын. Газетте жарияланған дүниелерім көпке ұнағаны соншалық, тағы не жазасың деп күтіп жүретіндер болды сол кезде. Бір күні маған «Президент әкімшілігінен» деп бір адамдар хабарласып, «Барлық жағдайың жасалады. Өзіңе сатиралық газет ашып береміз. Факт, деректі дайын қыламыз.Тек Президенттен басқаның бәрін сатира садағына алуың керек» дегенде, мен «Саясатты білмеймін, саяси сатира жаза алмаймын. Менің жазғаным –әдеби әлем. Үміттеріңізді ақтай алмаспын. Кешіріңіздер» дедім. Бұл оқиғаны Әбіш Кекілбаевқа айтып бергенімде, Әбіш ағам басын ұстап, отырып қалды да: «Сатира жазба. Саясатқа жолама» деді. «Қазір жазатын екі тақырып бар. Тарихи тұлғаларыңды жаза бер. Олар көп, қазсаң, шыға береді. Екінші тақырып - махаббат. Бірақ махаббаттың да жырланатын шегі болады ғой. «Фархад - Шырын» сияқты заманауи эпикалық дастан ойлап таппасаң?» деген еді. Содан сатира жазбай кеттім. 2023 жылы Жазушылар одағының Құрылтайы қарсаңында  үш-төрт фельетон жазған болдым, бұл өзімнің қарым-қабілетімді сынау-байқау мақсатында болды. Ал махаббат тақырыбым - Орхан Памуктың «Сезім музейі» романынан аудармам болды. Сөзімнің соңында  2009 жылы  «Айқын» газетінде жарияланған «Эмоция» атты сатиралық әңгімеммен аяқтасам. 

                                                              ЭМОЦИЯ 

     Мүшәйра өтіп жатыр. «Бір өлең» деген. Сахнаға жүргізуші Жүрсін Ерман шықты да былай деді. «Құрметті жолдастар! Бүгінгі мүшәйра өзгеше. Менің қалтамда алқа бар. Ол қандай алқа? Күміспен күптелген бе, алтынмен апталған ба? Жоқ, әлде бриллиант па? Маржан ба? Жәй темір ме? Әйтеуір алқа. Осы алқаны ақындар шабытпен жырлауы тиіс». Бірінші болып сахнаға Мұхтар Шаханов көтерілді. Шашын қолымен бір сілкіп тастады да жырын оқыды:

Қоғам шаршады қуыршақ әкім мен

қуыршақ министр деген қарындардан,

ЖО. Жазушылар одағы шаршады

693 ергежейлі дарындардан.

Өз ұлтын сүймейтін космополит деген тұр күліп.

Жанарына сыр бүгіп.

Мат. Байлықты (материалдық) бас қылған,

Қарын – мүдде асқынған

Бұл заманда алқа жайлы жыр жазу

Барып тұрған жындылық!

Бұдан соң Тұманбай Молдағалиев  өлеңін оқыды:

Көктем исі. Құстар да ұшады пырылдап,

Үмітім – ақ, арманым – ақ, жырым да – ақ.

Жалғыз алқа не болады ақынға

Сезімді де қойдыңдар-ау жырымдап.

Нарық заңы. Нартәуекел. Жыр-жарыс,

Құс болсаң да, жүрегіңмен жырлап ұш.

Қазақ елін шарласаң да таппайсың

Тұмағаңдай ақын бар ма жырлағыш?!

Қадыр Мырза Әли келді микрофонға. «Тұманбай бар ғой, менің алдыма үнемі шығып кетеді. Осы мүшәйраға Тұмаш қатысады дегенді естіп, қатысайын деп келдім » деп залды бір күлдірді де, былай деп жырын оқыды:

Бозбала өледі,

Бәйгеде жеңем деп.

Бойжеткен өледі,

Алқаны көрем деп.

Алқада – қасиет,

Ұғарсың, түсінсең.

Үнемі үлкеймей

Бір мезгіл кішір сен.

Фариза ақын шықты. Ол кісі әуелі өзінің «Тұмар» деген журнал шығарғанын, бұл журналды көру үшін әуелі сатып алып немесе жазылу керек екенін нығарлап айтты да жырын оқыды:

Лақтырыңдар, қорлаңдар, шыдаймын күресіндерге,

Мысқылдап күлесіңдер ме?

Мақтап жүресіңдер ме?

Алқаларыңды алмаймын

Төбеме төгіп кетсеңдер де –

«Тұмарға» ғана мұқтажбын білесіңдер ме?!

Кезек Ақұштап Бақтыгерееваға келіп, ол:

Бұл алқа дүкендерде жолыға ма?

Қымбат болса жуыма маңына да.

Алқа берген жігітті жек көрмеңдер,

Жаным деген жігітті жек көрмеңдер

Өзі сүю қыздардың соры ғана, – деп жыр оқыды. Сахнаға Темірхан Медетбек кетіп бара жатыр еді, оны Иран Ғайып тоқтатты.

«Тоқташы, осы сенің сөзіңнен менің сөзім салмақтылау сияқты» деп жырын оқуға кірісті:

Құдай!

Құдай!

Мен – жерде.

Сен – аспанда.

Неге бұлай?

Неге олай?

«Алқа» деп

Алқынып,

Жұлқынып

Жыр жаздық.

Осылай!

Құдай!

Темірхан Медетбек жұдырығын түйіп сахнаға шықты да, гүрілдеп жырын оқыды:

Ей, Алтынкөпірліктер!

Ей, Алтынкөпірліктер!

       Алқа деп долданам,

Алқа деп толғанам

Өлеңімнің астына

«Т.М» деп қара қаламмен

Шиырып қол қоям!

Күләш Ахметова «енді мен шығайыншы» дегендей, айналасындағы ақындарға бір қарады да, микрофонға келді. Алқаны былайша жырлады:

О, Алқа!

Көзіме көрінбегенің дұрыс болды.

Мұңайсын, әлде құласын деген шығарсың.

Пұлы не шамасы жетпесе, жыласын

деген шығарсың.

Жыламаймын мен. Құламаймын мен.

Сен – суық темірсің!

Мен кешкен бақыт пен мұңды

Сен сезінбейтін шығарсың.

Сахнаға сызылып Салықбаева Гүлнар шықты:

Бұл алқа-

Менің сценарий жазар

«Сағыныш» ән кешіндегі

Әндер сияқты.

Шашылып түскен дәндер сияқты.

Тегештегі мөлдір су сияқты.

Көкке ұшар бу сияқты.

Ту сияқты.

Ар сияқты.

Алақанымда бар сияқты.

Бұдан соң әділқазылар «Осы да жетер. Мүшәйраны қорытындылайық енді» деп абыр-дабыр болды да қалды. Әсіресе Жүрсін Ерманның дауысы тым аянышты. «Мүшәйраға тіккеніміз 3 машина. Бұл ақындар шетінен «с характером».  Енді қайттік? Бір шатақ болып кетпесе жарар еді» деп шыр-шыр етіп жүр. Әділқазылар алқасы ақылдаса келе, алқа төрағасы Әбіш Кекілбаевқа түйінді сөзді айтуды жүктеді. Сахнаға Әбіш аға шықты да ағытылып сөйлеп кетті : «Бүгінгі мүшәйра ғажап жыр-жарыс десе дегендей. Алқа дегенде, менің есіме күй атасы Құрманғазының анасы Алқа түседі. Анасы Алқа, күй құдіретін танытқан Құрманғазы, киелі домбыра. Алқаның тарихына бойласақ, тереңге кете береміз. Бірақ мұншама мол, мөлдір дүниені бір мезетте өлеңнің төрт тармағына сыйдыру мүмкін бе? Прозадан поэзияның қиындығы да осында. Жазушылықтан кейде ақын болудың оңайлығы да осында десек те, баяғы ақын-жырау бабаларымызға мына тақырыпты жырла дегенде, аруақ қысқандай домбырасын күмбірлетіп отырып табан астында жеті қабат жер астынан жеті қат көкке көтіріліп, ой бір айызыңды қандырып жырлаған ғой. Қандай биік эмоция! Менің әйгілі Қашаған бабам айтқан: «Пілдің тірі бәсі де мың ділдә. Өлсе, тері бәсі де мың ділдә». Осы тұрған ақынның бәріне махаббат елінен бір-бір піл әкеліп сыйлауға біздің қаржымыз жете ме, жетсе де пілді сендер баға алмайсыңдар. Өйткені пілдің тілін білмейсіңдер. Сондықтан бар ақынға қасқыр ішік тіктіріп кигізсек қалай болар екен деп те ойладық. Асығып жүргенде, мысалы мына Қадекеңнің тоны Тұмағаңа ауысып кетсе не болады? Тұмағаң өкпелейді ғой, «мына тонды бір иығыма жамылам ба?» деп. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» дегендей, тон тігуге де шеберлік керек. Шыдамдылық керек. Киімде размер болады, ойда размер болмайды. Бойы қысқа адам биікпін деп ойламайды. Ойы қысқа адам тереңге бойламайды. «Гүл тон болмайды, жол болады» деген жаңарған мақалды айта отырып, сіздерге мына шоқ-шоқ гүлдерді ұсынамыз. Гүл – өсімдік. Гүлдің анасы – Ағаш. Ағаштың атасы – Тамыр. Гүлді нәзік сезіммен жырлайтын сіздер – ақындар! Халық мақалы айтады ғой: «Гүл өссе – жердің көркі!» – деп Әбіш аға сөзін аяқтады. Ұзақ қол шапалағы естіліп жатты.

Оянсам, бұл көрген түсім екен...

P. S. Бұл сатирам «Айқын» газетінде жарияланғаннан кейін қызық болды. Қадыр Мырза Әли ағам: «Өзі болған қыз ағаларын танымайды» деп күлімсіреді. Фариза апам: «Осындайларды саған Нұртөре Жүсіп (сол кездегі «Айқынның» бас редакторы) ақша беріп жаздырта ма?» деп кейіді. Әбіш ағам піл туралы сөзге бір күліп алды да: «Маржан, сен өкпелеме. Қатарластарым атақ алуда, мақталуда деп. Бүгін мақталғандар ертең ұмытылады. Әдебиет деген үлкен даңғыл жол. Сен сол жолға түскен екенсің. Әркім өз аялдамасында қала береді. Сен қай аялдамаға дейін барасың және қандай багажбен барасың. Сен соны ойла. Жалпы бағытың дұрыс. Жақсы келе жатырсың» деген еді. 

 

-Әңгімеңізге рахмет. Шығармашылық табыстар тілейміз!

Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. Байланыс: adebiportal@gmail.com 8(7172) 64 95 58 (ішкі – 1008, 1160)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.

Бөлісу:

Көп оқылғандар

Taza Qazaqstan