Әдебиеттi ешкiм мақтаныш үшiн жазбайды, ол мiнезден туады, ұлтының қажетiн өтейдi сөйтiп...
Ахмет Байтұрсынұлы
Басты бет
Әдеби үдеріс
ЖАҢАЛЫҚТАР
"ГАИШНИКТЕН" пара алған жалғыз адам немесе Атырауд...

05.12.2016 3322

"ГАИШНИКТЕН" пара алған жалғыз адам немесе Атыраудағы театр тойы

"ГАИШНИКТЕН" пара алған жалғыз адам немесе Атыраудағы театр тойы - adebiportal.kz


 - Қадірлі бауырлар! Қош келдіңіздер, Атырауға! Ақ жайыққа! Елге! – деді саңқылдаған ерекше дауыспен, толқынды шаштарын артқа сол қолымен қайырып жіберген күйде. Бұл Рахымжан Отарбаев еді. Алпысқа толған! Қолтаңбасы басқадан ерек, болмысы бөлек қаламгер, дарыны дара драматургтің 60 жылдық мерейтойына арналған екінші Халықаралық театр фестивалі осылай басталған. 
бекежан.jpg



Қазақ театр, кино өнерінің мэтрі, абыз ақсақал Асанәлі Әшімов бастаған өнер қайраткерлері, алыс-жақын елдер - Германия, Ресей, Қырғызстан, Татарстан, Моңғолиядан келген дос-жарандар мен мерекенің ең жас қонағы бізге дейін аяқты жерге тигізбей күткен той тағылымға, естен кетпес қызыққа толы болғанын басқалар әбден растар. Жеріне жеткізіп жазар куә болғандар. Біз тек сондағы сахнада, дастархан басында, той төрінде айтылған ұтқыр сөздер мен хикаяттарды теріп жүріп едік. Соны назарларыңызға ұсынғым келді. 


 Фестивалдің жоғары деңгейде өткенінің бір себебі – облыс әкімі Нұрлан Ноғаевтың ұйытқы болып, өзінің бастан аяқ қатысып, атсалысып жүруінде еді. Соған риза болған белгілі режиссер, ҚР халық әртісі Есмұхан Обаев «тост» көтергенде «Театр киім ілгіштен басталады деп жүрміз ғой, бүгінгі театр әкімнен басталады,» деп өнерге жанашыр бола білген елдің басшысына әдемі бағасын берді. 

Осыны аңғарған біз де Асанәлі Әшімовпен сұхбаттасып отырып, «Барлық басшы Ноғаевтай емес қой, бүгінгі әкімдер халыққа қаншалықты жақын?» деп сұрағанымызда: «Жақыны да бар, алысы да бар. Әкімдер әр түрлі, облыс әр түрлі. Өнерге, поэзияға жақын әкімдер бар. «Ақынжанды» дейді ондайды. Табиғат солай берген. Табиғат деген өзі бай нәрсе ғой. Әр түрлі адамның мінезі болады. Соған байланысты бәрі» деп жауап тұжырым жасаған. Фестивальдің екінші күні Махамбет атындағы Атырау облыстық драма театры Рахымжан ағаның «Двойник» комедиясын қойды. Сондағы кейіпкердің бірі – бес рет күйеуге тиіп, барлығында да шетелдіктердің етегінен ұстаған қызына анасының айтқан мына сөзі санамызда жатталып қалды: «Жаттың тақымын, жақынның ақылын тоздырып біттің!» 


Отарбаев шығармашылығында цитатаға бергісіз мұндай тіркестер көп. Қонақтардың біразы жайғасқан «Қазақстан» қонақүйінде таңғы ас ішіп отырғанбыз. Есмұхан Обаев дастархан басындағыларға бір сұрақ қойды: «Бәрі «ГАИ» -ге пара береді ғой, ал сол жол полициясының өзінен пара алған жалғыз адам бар. Білесіңдер ме кім?» Бәріміз қызыға соның аузына қарап қалыппыз. Сөйтті де өзі әңгіме бастады: «Бір күні Асекең екеуміз жолға шықтық, менің мәшинеммен. Ол алдында отырған. Шымкентке 10 км-дей жетпейтін жерде болса керек, «гаишник» тоқтатты. Шопыр жігіт құжаттарын алып түскелі жатыр еді, Асекең "Түспе, өзі келсін!" деп шығармай қойды. Содан ана «гаишник» келді, зіңгіттей дәу біреу екен, даусы гүрілдеп енді «Пәленшеев» деп «честь» беріп жатқанда Асекең: 

-Әй, не болды, әкең өлді ма?- жекіп тастады. (Асанәлі ағайдың даусы да зор ғой - А.С)    

Ана дәу шошып кетті. Асанәлі Әшімовты бір жерден көргенін біледі. Таныс жүз. Тек нақты есіне түсіре алмай есеңгіреп тұрды да қалды. Енді «Аға» дей беріп еді, Асекең:  

-Әй, не болды, әкең өлді ма? - жекіп тастады. (Асанәлі ағайдың даусы да зор ғой - А.С)                    

- Ағаны қой, «по должности»! Бүгін қанша ақша таптыңдар? Көріп келе жатырмын, менің алдымда үш мәшине тоқаттың. Ақтала алмай сасқан «гаишнигім»: -

 Міне, бары 1500 теңге ғана. Басқа жоқ аға. 


 - Әкел бері, - деп Асекең алып қойды да, - Анау артта оқушылар мінген автобусты тоқтатпа, ішінде менің немерелерім бар. Қайта «Сопровождениемен» апарып тастаңдар! - Құп болады, аға! Сөйтіп жүріп кеттік. Асекең маған күліп қарап: 


- Көрдің ба, барлығың «ГАИ» - ге пара бересіңдер, ал «ГАИ» -ден пара алған жалғыз адам Ашимов!» деп жазып қой, - деді. » Есмұзан ағаның әдемі естелігіне бәріміз ду күлдік. Асанәлі ағайдың кезекті бір тілегіндегі мына бір сөзі көпшіліктің көңілінен шықты: «Біздер қазір біраз жасқа келіп күн санап жүрген адамдармыз. Ал орта жастағылар ай санайды. Жастар жыл санап жүргендер. Солар аман болсын!» Соның артынша режиссер Талғат Теменов тұрды да «Мәңгілік ел барда мәңгілік ер бар. Сол ер – Асанәлі Әшімов» деп көтеріп тастады. Содан не дейсіз, күніне үш жайылған дастарханда үш қайтара тостар айтылып, қорытынды күннің тойына да жеттік. Бәрін үндемей сабырмен бағып отырған «Айқын» газетінің басшысы Нұртөре Жүсіп ағамыз сөзге шыққанда маған жаймен: «Тойда тілекті қысқа айтып үйренетін кез жетті ғой. Мен кейде екі сөйлеммен бітіремін» деді. Сөйтті де өзі үш төрт сөзбен келте қайырды. Онысы ұтымды шықты. Біз де аз айтып бақтық. Ал той иесі – Рахымжан аға баяғы зор үнімен кербез керіле «Анооу заман алдап кеткен кезде біз де қаламға жармасып өмір сүріп едік қой. Содан қалған мінез болар, туған жердің топырағынан дарыған мінез болар, Құрманғазы атамның «Сарыарқа» күйіндей кейдее желпілдеп кететініміз бар. 

Алыс жақыннан ағайындар жалғыз мен үшін келген жоқ, Атырау деген ел үшін келді. Ақ жайық үшін келді. Бұл жалғыз менің тойым емес, елдің тойы, театрдың тойы, киелі сахнаның тойы, сіздердің тойларыңыз!» деп бар жұрттың көңілін көтеріп жіберді. Ақ жүректі, даладай кең көңілді қаламгер ғана халқымен әр кез бірге екенін білдіріп, солар үшін қайталанбас шығармалар тудыра алса керек. Сол қаламгер, сол тұлға – Рахымжан Отарбаев! 


 Абай СЕЙФУЛЛАҰЛЫ 
«Тұлғатану» қоғамдық жобасының жетекшісі 
АСТАНА-АТЫРАУ-АСТАНА

Біздің Telegram-парақшамызға жазылыңыздар! Бізбен бірге болыңыз!


Материалды көшіріп жариялау үшін редакцияның немесе автордың жазбаша, ауызша рұқсаты қажет және Adebiportal.kz порталына гиперсілтеме берілуі тиіс. Авторлық құқық сақталмаған жағдайда ҚР Авторлық құқық және сабақтас құқықтар туралы заңымен қорғалады. adebiportal@gmail.com 8(7172) 57 60 14 (ішкі - 1060)

Мақала авторының көзқарасы редакцияның көзқарасын білдірмейді.


Көп оқылғандар